Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Екеумізге тағдырдың аз ба сыйы?...

07.03.2020 1323

Екеумізге тағдырдың аз ба сыйы?...

Бал сезім байлады көңілді

Жүректі жайлады жұпар мұң.

Сабырдың себеті сөгілді

Өзіңді ойлаумен жұқардым.

Аспаннан төгіліп аппақ нұр,

Махаббат түсірді қақпан ап...

Не деген сәттер-ау, тәтті-ақ бұл,

Бір күндік – мың жылға нақпа-нақ...

Төзімге тоғытты қашықтық,

Сезімдер, сол ұтты – ұлылық

Шаттықты кеудеден тасыттық,

Сағыныш алдады ұры ғып....

Аралық – аспанды қақ бөлед

Тулатып тамырда от ұдай,

Жүректер іздеген сәтте кеп...

Құшақтар қауышса, О, Құдай!!!

***

Бір бақытты алдың ба көшірме етіп?

Бір шаттыққа бардың ба, есің кетіп?

Бес-ақ минут осылай алданасың

Арбала шын, жылайсың, есірме түк!

Бір бетперде киесің арзанырақ

Бір сәттермен ойнайсың жанжал ұнап,

Сосын-сосын тергейді жүрген ізің

Көрген істің кешегі әр заңы нақ!

Бір сезімнің серісі сенделтеді

Бір рахаттар түсірер төрге ертегі,

Ал одан соң жүректі мұң жұқартып

Бір-ақ сәтте қаптайды шеңгел тері.

Бір рет көріп өмірдің түзін «көркем»

Бір күлкімен жаппассың жүзіңді ертең,

Сол бір шақта жанашыр табылар ма?

Қатпарланған жүректің мұзын ертер...

Мың арман боп ар-сәби ақ тымағы,

Мың алдан кеп қайғы итке тап қылады.

Мың құлшыныс болғанмен бойымызда

Бір күрсініс құзға кеп лақтырады....

***

Сағыныш сындырдың, күң еткір

Сезімге, байладың, тірі-құт

Жазадан жалыққан жүрек бұл

Кеудеде қалды ма тығылып?

Кеуденің көрі ме, төрі ме?

Бақыттың басы ма? Тасы ма?

...Әйтеуір, қаламыз шегіне

Билейді, мұң-мысқыл ашына....

Қол ұстау-жол ұстау, әттеген

Басқамен бет түзеу, Ескерту!

Барлығы айтатын, Бақ деген

Көмескі, бізге жат көшке ерту...

...Арпалыс, қиналыс, күйзеліс

Тағдырдың ойыны - от-ұру

Есепсіз есті- алу, ми-жегіш

Бақытқа бақытсыз шоқыну

Күрсініс- жүректің дүрсілі

Қайтеміз? Не етеміз? Мың сұрақ

Кеудеге жабысқан мұң сірі

Күніге осылай сыңсымақ...

Иә, жаным білеміз, бұл-сынақ!

***

Кешегі түн

Жүректі сілкілетіп,

тағы жүз ой қалдырды,

Өмірдің сұрқы кетіп

Сыйлады сойқан мұңды,

Кешегі түн,

Сырымды айға аштырып,

Есірді, ерікті алды,

зар мен шер ойнас құрып,

шын бақыт өліп қалды.

Кешегі түн

Сабады санамды әбден,

Жанымды жұлқылап кеп,

бұндайда шарам бар ма ең?!

...Көңіл- бөз жыртылад тек

Кешегі түн,

Қапты да мұң-абадан,

Тастады бөліктеп мың,

....сынаққа шыдамаған,

денемді көміп кеттім...

***

Жүрсің маған жарамсыз текке өкпе іліп,

Көкейіңде тұр ма әлі кек кептеліп?

Каштым, кеттім, бәрінен бездім, білсең

Менсіздікке қалдың ба, ептеп көніп?

Қопарып кеп, көңілден өш қалдығын,

Түзіп жүрсің сеземін жоспарды мың...

Қорықпаймын, қайтадан, қаруланба

Тағдырымның көрермін тосқан күнін...

Тіпті темір таусылар жүре шыдам,

Мейлі, қайғы басыма тіле, сұран..

Жағама да жоқ жерден жармаса бер,

Енді менің жалауым, Күрес – ұран!

Босқа мені жазғырып, тым жүдеттің...

Соңғы күші құрыды тіл, жүректің.

Кеудеңе кеп жайғасты арыстан-кек

Ал менде ше? Қалды ғой күлдіреп мұң....

Мазаламашы мені...

***

Жылатамыз жүректі, жығып ұрып,

Буындырар қызғаныш жібі құрып.

Ертең-ақ біл, өкініш айта отырар

Махаббаттың бітпеген жыры қылып....

Махаббаттың бітпеген одасы деп..

Қоштасуға біз қашан жол ашып ек?

Мың күдікке тұншыққан жүректердің,

Тұрғызылған себепсіз моласы көп

Қызғанышқа қамалып құлдық ұрып,

Ақ сезімге салмалық мұңды құлып.

Екеумізге тағдырдың аз ба сыйы?...

Ішімізде көп сұрақ тұр бұғылып...

Белгісіздік – ұрыстың түзіп сыртын,

Тәтті күннің жіберді-ау бұзып шырқын...

Жарығым-ау, көп қой көп алдымызда

Біз көрмеген шаттық пен қызық шіркін....

Жаз жанымыз кетердей кермектеліп,

Өкінішке кетпейік ермекке еріп.

Жаным, тағы өтінем жүректерді,

Отырмалық өкіріп, жерлеп келіп...

***

Ең үлкен сағыныш санамды ап,

Ғайыптан от сезім көшірдім.

Қалада ызғарлы самал қап

Басады сенсіздік кешін мұң.

Ең ғажап шаттыққа шомылып,

Ең тәтті сімірдім шырынды ап.

Содан соң сағыныш шоғы үріп

Жүректер жол жүрді шырылдап.

Ең үлкен қимастық жалындап

Ең ауыр сезімді сезіндік.

Көңіл-Ай мұң бұлтын жамылды ақ

Жұлдыздар қап-қара бөз ілді, үф...

Ең қиын қоштасу соңы бар,

Соңы бар ерекше күй ішер.

Жүректер жақыннан соғылар

Ертең-ақ жанарлар түйісер...

***

Қолды біреу байлағандай, жүк-кісен,

Ауыр дерт жайлағандай бүк түсем,

«Өлең жазшы» дегеніңде, күрсініп,

«Түсінбейсің» деп шарқ ұрам, «түкті сен!»

Түсінбейсің? Өзімді ме? (Көмек бер...)

«Жыр жазуға кедергілер не?» деп көр,

Шыға берер жауабы жоқ, жауаптар...

Сосын тағы... себебі жоқ себептер...

«Бас ауырды», «көзім талды» Күнбе күн,

Мың сылтаумен жыр түндігін түрмедім,

Өлең өлді, шабыт кетті өкіріп...

Ең, ең, білсең ауыр күнәм бұл менің....

«Жолды біреу тұсағандай», Қой, жоғә,

Түсініксіз бердім неге ой «жона»?

Күдік-күмән келемеждеп көңілді

Жыр туралы жар ниетті жойды о да...

«Өлең?» десең, мендік жауап «жоқ!» қана,

Ақталулар келе қалар топтана,

Бірақ, жаным жігерлендір, шабыт бер

«Өлең шығар», «жыр жаз» деуден тоқтама!

Мөлдір Дарханбаева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар