Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Джон Рональд Роэл Толкин. САҚИНАЛАР ӘМІРШІСІ

29.04.2019 623

Джон Рональд Роэл Толкин. САҚИНАЛАР ӘМІРШІСІ

Бірінші жазба

Сақина бауырластығы

Аспан астын жайлаған,

Жебелері жай оғындай ойнаған

Эльфтердің бектеріне – үш жүзік;

Тас сарайлар салдырған,

Айбалтасын жау қанына малдырған

Гномдардың хандарына – тағы жеті сақина;

Туа салып – өлетін, тағдырына - көнетін

Ғұмыры бар – қамшысының сабындай

Адамдарға – болсын тоғыз сақина!

Және біреу – Әлемнің әміршісіне!

Оның тағы – қара тастан екен де,

Ал тұрағы – Мордор атты қара түнек мекенде!

Жалғыз жүзік – барлығына әмірін жүргізетін,

Жалғыз жүзік – барлығының үмітін үзгізетін,

Жалғыз жүзік – барлығын іздеп тауып,

Шырылдатып шынжырға тізгізетін,

Мордор атты қара түнек мекенде!

ПРОЛОГ

1. Хоббиттар туралы

Бұл кітаптың хоббиттарға арналған беттері аз емес. Сондықтан мұнда олардың өздері туралы да, шыққан тегі туралы да кеңінен таратылады.

Бұл халық жөнінде осыдан бұрынырақ «Хоббит» деген атаумен басылып шыққан Жаңа Марчияның Қызыл Кітабының таңдамалы тарауларында да айтылған. Қызыл Кітапты Хоббитширдан ұзап шығып, жалпақ әлемге әйгілі болған ең тұңғыш хоббит – Бильбоның нақ өзі жазып бастаған. Ол өз жазбаларын «Барсакелмеске барып қайту» деп атапты, өйткені ол Шығысқа сапар шегіп, үйіне қайтып оралғаны туралы жазған екен. Ал дәл осы саяхаттан соң барлық хоббиттар Дәуірдің ұлы оқиғаларына араласқыш болып алыпты. Бұл кітап сол туралы болмақ.

Бәлкім, патшакөңіл оқырман осы бір таң-тамаша халық туралы әу бастан көбірек білгісі келетін болар: мүмкін көбінде алдыңғы кітап жоқ та шығар. Сондай оқырмандар үшін мұнда хоббиттардың ең маңызды оқиғаларынан үзінділер келтіріліп, Бильбо деген хоббит туралы ескі әңгіме қысқаша баяндалады.

Хоббиттар — өте ежелгі және ешкімге зияны жоқ халық. Ықылым замандарда олар өте көп еді, қазір едәуір азайған, бірақ әлі де тып-тыныш өмір сүруді қалайды. Өздері құнарлы жерді жанындай жақсы көреді, сондықтан ауыл шаруашылығына қолайлы жер тапса, сол жерге тұрақтап қалады. Ұстаның көрігі, су диірмені мен соқадан қиынырақ жасалатын механизмдерді суқандары сүймейді. Дегенмен араларында ұсақ-түйек құрал-саймандардың құлағында ойнайтын шеберлері де жоқ емес.

Олар адамдарды Алыптар деп атап, кездейсоқ кезігіп қалудан ат-тондарын ала қашады. Ерте кезде де бізден іргелерін алшақ салып жүруші еді, қазір тіптен, адам көрсе, үрейлене қашып-пысып, ғайып боп кетеді. Олар өте сақ, көздері өткір және домаланып семіруге бейім, асығуға құлықсыз болса да, керек кезінде шарт қимылдап, шапшаң қозғалуға өте икемді.

Ебедейсіз «алыптар» пайда бола қалған кезде көзді ашып-жұмғанша ізім-ғайып жоқ болып кету өнерін олар атам заманнан бері шебер меңгергені соншалық, тіпті бұл қылықтары бізге сиқырлық сияқты көрінуі мүмкін. Алайда хоббиттарда ешқандай сиқырлық жоқ, көзге түспеу өнері оларға қанмен беріледі және үнемі жаттығу арқылы шеберліктің шыңына жеткізіледі.

Хоббиттардың бойы гномдардан кішкентай: аракідік бойшаңдары да кезігеді, бірақ олар гномдардай мығым әрі иықты емес. Бойлары біздің өлшем бойынша екіден төрт фут аралығында. Қазіргілер тіптен ұсақталып кеткен, үш футтың өзіне жететіндер тым сирек. Қызыл Кітаптағы деректер бойынша, Исенгрим ІІ-нің ұлы - Бандобрас Туктың (лақабы – Бұқакөз) бойы төрт жарым фут болған, ол тіпті атқа да міне алған екен! Хоббиттар Шежіресінде осы Бұқакөзден бойшаң тағы екі батыр болғандығы туралы айтылады. Айтпақшы, бұл қызық деректер жайлы біздің кітаптан алда әлі оқисыздар.

Ал енді біз әңгімеге арқау етіп отырған Хоббитширдағы хоббиттарға келер болсақ, олар бейбіт заманда өте көңілді өмір сүреді. Өздері ашық-жарқын өңді киімдер киеді, әсіресе сары мен жасыл түске қызығады; аяқ киім дегенді мүлдем кимейді, өйткені табан терілері өте қалың, оның үстіне аяқтарына тура шаштары сияқты қызыл жирен қою жүн өсетін. Сондықтан бұл халықта етік тігу ісінің онша дамымағаны айтпаса да түсінікті. Дегенмен олар жіп-жіңішке ұзын саусақтарымен басқа да неше түрлі пайдалы әрі әдемі бұйымдар жасай алатын. Оларды керемет сұлу деп те айта алмайсың: жүздері жалпақ, көздері шегір, беттері қызыл және екі езулері екі құлағына жеткенше күлуге, қарқылдауға, одан қалса ішіп-жеуге арналғандай ауыздары үлкендеу болады. Өздері кез келген уақытта қарқылдап күліп, жалпылдап жеп, салпылдап іше береді (тамақ бар болса күніне алты мезгіл ас ішеді). Әдемі әзілдерді, құдайы қонақтарды өлшеусіз ұнатады. Ал біреуге сыйлық беруді өздері алғаннан артық көрмесе, кем көрмейді!

Қазір хоббиттар адамдардан іргесін аулақ салғанымен, олардың бізге эльфтер мен гномдардан әлдеқайда жақын тайпа екені айтпаса да түсінікті. Баяғы бір кездерде олар адамдардың тілінде сөйлеген, әрине аздап өздеріне ыңғайлап бұрмалаған тұстары да болды; дегенмен біз нені ұнатсақ, олар да соны ұнатты, біз нені жек көрсек, олар да соны жек көрді. Бірақ тегіміздің қай тұстан қосылатынын анықтау қазір мүмкін емес. Хоббиттар әлдеқашан ұмыт болған ескі дәуірлерден бері жарық әлемде өмір сүріп келе жатыр. Кейбір эльфтер сол бір есте жоқ ескі замандар туралы жазбаларды сақтап қалған көрінеді, алайда ол жазбаларда тек өздерінің тарихы ғана бар, адамдар туралы мардымды ештеңе сақталмаған, ал хоббиттар туралы екібастан сөз болмайды. Бұдан шығатын қорытынды: хоббиттар Жерортада сан ғасырлар бойы тып-тыныш тіршілік жасап келеді, сондықтан да олардың бар екенін көп ешкім біле бермеген. Бірақ Бильбо мен оның мұрагері Фродоның заманында олар ғайыптан тайып, өздері қаламаса да, аяқ астынан беделді әрі танымал халыққа айналып, әлемнің Даналары мен Ұлылары кеңесін әбігерге түсірді.

Жерортаның Үшінші Дәуірінің сол бір күндері баяғыда тарихқа сіңіп кетті, одан бері әлем де көп өзгерді; алайда хоббиттар әлі де сол кездегі мекендерінде – Көне Әлемнің солтүстік-батысында, Моряның шығыс жағындағы өңірде тұрып жатқан көрінеді. Ал негізгі түп атажұрттары туралы олар Бильбоның заманында да ешбір дерек білмейтін еді.

Олар ілім-білімге (шежіреге деген сыйластығын айтпағанда) ешқашан аса қызыққан емес. Кейбір көне әулеттерден шыққан хоббиттар өздерінің шыққан тегі туралы қолжазбаларды зерттеп, тіпті кейде ескі замандар мен алыс елдер туралы мәліметтерді эльфтерден, гномдар мен адамдардан да сұрастырып, жинастырып жүретін. Олардың өз жазбалары негізінен Хоббитширге тұрақтай бастаған кездерінен басталады. Жер шалған Күндерге дейінгі оқиғалар ең көне деген жазбалардың өзінде там-тұмдап қана айтылады. Алайда солардың өзінен және ел аузында қалған сөздерден хоббиттардың, басқа да көптеген халықтар сияқты, өте ерте замандарда шығыс жақтан келгендерін түсінуге болады.

Ең көне жазбалар бұрынғы бір дәуірлерде хоббиттардың бабалары Ұлы Андуин Өзенінің жоғарғы ағысында, Ұлы Жасылорман мен Тұманды Таулардың ортасында өмір сүрген деп топшылауға негіз бола алады. Эриодар тауындағы асулардан өткен қиын әрі қауіпті сапардың себептері белгісіз. Хоббит жылнамашыларының жазуынша, сол кездерде аталған өңірде адамдар көбейіп кеткен, ал енді бір деректерде Орманды торлап алған зұлым Күш туралы айтылады. Содан бері орман да Зұлыморман аталып кеткен екен.

Таудан асып өтпей тұрып бұл ергежейлілер бір-бірінен сәл айырмашылығы бар үш тайпаға бөлінген; олар – түктіаяқтылар, үлкенқолдылар және ормандықтар.

Түктіаяқтылардың бойы аласа, иықтары қушиыңқы, көсе, жалаң аяқ жүретін тайпа. Олардың алақандары мен табандары басқаларынікіндей үлкен емес, саусақтары икемді, көбінесе тау мен қыраттарда өмір сүретін.

Үлкенқолдылардың денесі ірі, тез толуға бейім, аяқ-қолдары балғадай болады. Олар жазықтар мен өзен жағаларында тұруды жақсы көретін.

Ормандықтар басқалардан гөрі ашаң жүзді, бойшаң, сымбатты болып келеді және орманда өмір сүргенді ұнатады.

Түктіаяқтылар тау етегіндегі гномдармен іргелес біраз тұрып, сосын басқа тайпалардан бұрын батысқа көшіп, күллі Эриадорды жайлап, Заверть тауына дейін жеткен кезде, қалғандары әлі де Тасдүлей жақты мекендеп жатқан-ды. Бұлар хоббиттардың ең көп тараған түрі және көбісі хоббит десе ең бірінші осыларды ойлайды. Ең алғаш отырықшылыққа бет бұрған да осылар, сондықтан олардың қазіргі ұрпақтары бұрынғы әдеттерінен арылмай, терең ін мен жерасты жолдарын қазуды жақсы көреді.

Үлкенқолдылар Ұлы Андуин өзенінің жағасында басқалардан көбірек тұрақтады. Адамдардан да көп қаша бермейтін. Кейіннен олар да түктіаяқтылардың артынан батысқа көшіп, жақсы жерлердің барлығы бос емес екенін көрген соң, Шуылдақ өзенін бойлай оңтүстікке жылжи қонған еді. Онда бұлардың көбі Тарбад, Дубаин және Дунланд тауларының арасындағы жазыққа орнықты. Қалғаны солтүстіктегі Берендуин өзенінің жағасына қоныстанып, кейіннен сол өзенді Брендидуим атандырып жіберді.

Саны аз ормандықтар әуел бастан солтүстікке қарай өмір сүрген. Басқа хоббиттерге қарағанда олар эльфтермен жақсы қарым-қатынаста болып, олардан музыканы, басқа тілдерді үйренген, қолөнермен көп айналыспайды, ал жер өңдеуден гөрі аңшылықты қалайды. Олар тауды Рейвенделдің солтүстік жағынан асып, Ашулы өзінінің жағасына қоныстанған. Эриадорда басқа тайпалардың хоббиттарымен тез араласып, олардан гөрі батылырық әрі еті тірі болғандықтан, кейбірі суырылып алға шығып, түктіаяқтылар мен үлкенқолдылардың көсемдері де болды. Тіпті Бильбоның заманында да Туктар мен кәрі Брендибактардың әулетінің ықпалын анық сезінуге болатын.

Элиадордың батыс бөлігінде, Тұманды Таулардан Көк Жоталарға бара жатқан жолда хоббиттар эльфтерге де, адамдарға да жолыққан болатын. Ол кезде бұл өңірде Шеткі Батыстан келген теңіз кезбелерінің ақсүйек ұрпақтары – соңғы дунадандар* өмір сүретін еді. Алайда олардың өздері күн санап азайып, Солтүстік патшалықтары біртіндеп қирандылар мен иен далаға айналып бара жатқан-ды. Жер жеткілікті болғандықтан олар хоббиттарға қарсылық білдіре қоймады, сөйтіп бұлар біртіндеп отырықтана бастады (сол кездегі ең алғашқы тұрақтар Бильбоның заманында әлдеқашан уақытқа мүжіліп, жермен жексен болған еді, тек Тауетегі деп аталатын Кәрі Орманның арғы жағындағы, Хоббитширдің шекарасынан шамамен қырық шақырымда орналасқан бір қоныс қана сақталған болатын. Бұрын ол едәуір көлемді болып, орманға дейін созылып жататын).

Бәлкім, сол кездерде ме екен, Хоббитшир енді ғана қалыптасып келе жатқанда, хоббиттар дунадандардан үйренген әріптік жазбаны толықтай қолданысқа енгізді. Ал дунадандар өз кезінде бұл әліпбиді эльфтерден қабылдаған болатын. Жазуды үйренген соң хоббиттар біртіндеп өз тілдерін ұмытып, Арнордан Гондорға дейінгі, Алтын кемерден Ұлы Андуин өзені мен Руна теңізіне дейінгі аралықта кеңінен тараған Вестрон тілінде, яғни Ортақ тілде сөйлей бастады. Дегенмен хоббиттар ай аттары, күн аттары, өздеріне тән есімдер сияқты кейбір көне сөздерін сақтап қалды.

Шамаман сол дәуірде уақыт өлшемі деген ұғым да пайда болған еді. Ауызша аңыздар жазбаша тарихқа айнала бастады. Осылайша Хоббитширдің тарихы Үшінші Дәуірдің 1601 жылы екі ормандық хоббит – ағайынды Марчо мен Бланко елді бастап Тауетегінен түскен кезден басталған болатын.

Екеуі Форностағы Ұлы патшаның** рұқсатын алып, хоббиттар жасағын бастап, асау Берендуин өзенінен Солтүстік Патшалықтың дүркіреп тұрған кезінде салынған Тас Аркалар Көпірі арқылы өтіп, өзен мен алыс қыраттар арасындағы кең жазираны жайлаған еді. Сол өңірге тұрақтанған соң олар Бас көпір және басқа да көпірлер мен жолдардың сапасын қадағалап, патша жаушыларына керекті көмек көрсетіп, Ұлы патшаға адал қызмет етуге міндеттелген еді.

Брендидуим Көпірі (хоббитардың қойған аты) мен Берендуин өзенінен өткен жыл Хоббит Күнтізбесіндегі Бірінші Жыл болып бекітіліп, одан кейінгі оқиғалар сол датадан бастау алатын болды***. Батыс жерлерге қоныстана салысымен, хоббиттар жаңа мекеніне бірден бауыр басып, өздерінің бұйығы өмірін қайта тапты; осылайша балдай батып, судай сіңген олар адамдар мен эльфтердің жадынан біртіндеп ұмытыла бастады.

Солтүстік Патшалық билік құрып тұрған кезде хоббиттар Ұлы Патшаның құзырында болды, алайда оларға өз іштерінен билеуші сайлауға рұқсат берілді. Осылайша олар сыртқы әлемнен алшақтай берді, өйткені олар өз иеліктерінен тысқары өтіп жатқан оқиғаларға араласуды онша қаламайтын еді.

Солтүстік Патшасы мен Ангмар Қожайыны – Қара сиқыршының Форност түбіндегі соңғы шайқасына хоббиттар патшаға көмек ретінде бір топ садақшыларды жіберді деген сөз бар. Алайда адамдардың шежіре жазбаларында ол туралы ештеңе айтылмайды. Сол шайқаста Солтүстік Патшалық құлады. Хоббиттардың тұрып жатқан жерлері толығымен өз биліктеріне өтті. Сөйтіп олар өз араларындағы ең мықтыларының ішінен патша рөлін атқаратын Тан таңдап алды.

Содан кейін хоббиттар кемінде мың жыл бойы тоқшылықта өмір сүрді. Ұлы Жұттан кейін (Хоббит Күнтізбесі бойынша 37 жыл) қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туып, Хоббитширдің халқы едәуір көбейді. Сосын Ұзақ Қыс келіп, артынша аштық жайлады. Мыңдаған хоббит қырылып, дала қаңырап бос қалды. Бірақ шежіреде бұл нәубеттің анық-қанығы жазылмаған, тек жан түршіктірерлік Аштық Жылдары деген атауы ғана 1158-1160 жылдарға тұспа-тұс келіп тұр. Бұл оқиғалар біз жазайын деп отырған кезден көп уақыт бұрын болған, сондықтан хоббиттар қайта түлеп, бейбіт өмірге қайта бой үйретіп алған. Жер құнарлы, ауа райы жаймашуақ кейпіне енген, сондықтан олар еңбекке екі есе құлшыныспен қайта кіріскен, егіс алқаптарын қалпына келтіріп, фермаларды қолға алған (Кезінде Солтүстік Патшалық та бұл өңірде егін егіп, жүзім өсіріп, омарта ұстаған екен).

Хоббиттардың мекені Батыс Түлкітауынан Брендидуим Көпіріне дейін қырық шақырымға, ал солтүстік қыраттардан оңтүстік батпақтарға дейін елу шақырымға созылып жатыр. Олар бұл өңірді Хоббитшир деп атап, ешкіммен қақ-соғы жоқ, өз Тандарына бағынып, сыртта пайда болып жатқан небір қара күштерге назар аудармай өмір сүре берді. Олардың ойынша бейбітшілік пен тоқшылық – Жерортаның өз заңы, сондықтан онда өмір сүруге әрбір саналы тіршілік иесінің құқығы бар. Хоббиттар өздерін желеп-жебеп жүрген Қорғаушы-Ізшілер мен басқа да Хоббитширдің тыныштығын сақтап тұрғандар туралы там-тұм білетіндерін не шынымен ұмытқан, немесе әдейі естеріне алмайды деуге болады.

Хоббиттар – өте бейбіт халық, олардың түрлі тайпалары бір-бірімен ешқашан жауласпаған. Ертеректе, әрине, тірі қалу үшін күрескен, кейде тіпті көршілерімен де тірескен кездері болды. Бірақ Бильбоның заманында соғыс деген олар үшін жай ғана тарих болып қалған. Хоббитширда өткен ең соңғы әрі жалғыз соғыс тарихи жазбалардан ғана белгілі. Бұл Хоббит Күнтізбесі бойынша 1147 жылы болған Жасыл Алқаптағы Шайқас еді, онда Бұқакөз Хоббитширге басып кірген орктарды тас-талқан етіп, қуып шыққан болатын. Содан бері ауа райы да жылынып, қарлы борандарда солтүстіктен келетін қасқырлар туралы тек ертегілер ғана айтылатын.

Хоббитширде ерте замандардан қалған аздаған қару-жарақ бар еді, бірақ оларды ешкім қолданбайды, олар көбіне қабырғаға ілінеді немесе Мичел Делвинге деп аталатын бас қаладағы музейге табысталады. Музейлері Тапсыру Үйі деп аталады, өйткені хоббиттар өздеріне керек емес, бірақ тастауға қимайтын барлық заттарын сол музейге тапсыратын. Сондай-ақ, хоббиттардың үйлерінде де музей-тошалалар болатын, онда бірінен-біріне өтетін туған күндерге арналған сыйлықтар және басқа да қоқыр-соқыр сақталады.

Орысшадан аударған Әбу-Асқар Мекешұлы

Суреттер интернеттен алынды

Жалғасы бар...


* Дунадандар деп эльфтер өз тілдерінде сөйлейтін адамдардың жалғыз тайпасын атаған. Дунадандар, яғни Нуменор немесе Шеткі Батыс тұрғындары басқа адамдардан едәуір бойшаң боп келеді және олардан үш есе ұзақ өмір сүреді. Олар мықты теңіз кезбелері және теңдессіз ел билеушілер ретінде атақты болды.

** Гондор Жазбаларына сәйкес, ол кездегі Ұлы Патша Аргелеб II болған, ол Солтүстік әулеттен шыққан жиырмасыншы Патша еді. Әулет одан кейін 300 жылдан соң Арвид Патшаның тұсында құлады.

*** Бұл эльфтер мен дунадандардың жылнамасын білу үшін хоббиттер шежіресінде көрсетілген датаға 1600 жылды қосу керек деген сөз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)

Пікірлер

Әсет

29.04.2019 01:33
Керемет!
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар