Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дүкен Мәсімханұлы: Құдай деген – туған жер...

20.04.2017 2392

Дүкен Мәсімханұлы: Құдай деген – туған жер...

ІЛЕ ӨЗЕНІ

Мен осында түлегем,

Қарыздармын ендеше.

Көп жырланды бұл өзен,

Менің жырым өзгеше.

Арнасынан тасып көп,

Ағып жатыр паңданып.

Өмір бойы ғашық боп,

Өткен кеше Таңжарық.

«Суы сорпа» болғанда,

Топырағын «жас ет» де.

Ғафариға қонғанда,

Жырлап еді-ау Әсет те!

Көп өзенді қосып ап,

Кетіп жатыр артына.

Бір көргенге тосын-ақ,

Табиғаттың салты да.

Көре қалған өзіңді,

Көңіл сендей тулайды.

Қандай адам төзімді,

Ақтарылмай тұрмайды.

Дала ашып өзегін,

Жол беріпті тау-тас та.

Туған жердің өзені,

Құйып жатыр Балқашқа,

Сыйып жатыр Балқашқа!

АҚШИІМ – МЕНІҢ БАҚ, СЫЙЫМ

Қайран да Ақши – ауылым,

Артымда қалған сауығым.

Аппақ шилері ормандай,

Тал-теректері қорғандай,

Жаһанда жаннат жер едің,

Қыдыр да қалап қонғандай.

Думан мен тойдың кені едің,

Жәрменке күнде болғандай.

Ұлдары кілең мұзбалақ,

Шар болаттан жонғандай.

Арулары ақ тамақ –

Ай он бесте толғандай.

Уа, қайран да менің Ақшиім,

Мединем, Меккем, бақ сиым.

Өмірде сенде келген ем,

Анамнан ақ сүт емген ем.

Тайымды ерттеп сал күрең,

Тарлан ұлдарға ерген ем.

Қол бұлғап сонда Тәңіртау,

Қанатым бекем сермегем.

Ай мүсін қыздар жүрегін,

Балаң жырыммен тербегем.

Жарысса да жырменен,

Салысса да тілменен,

Ешкімге есе бермеп ем.

Шаңтастың мініп атына,

Бала диқан боп терлеп ем.

Өгіз шанамен бау тасып,

Түйетас, Ашылы... керлеп ем.

Сол кезде көңіл – қоймама

Сарқылмас байлық теңдеп ем.

Бабаларымдай толғанып,

Бала қырандай қомданып,

Арман – тауларға өрлеп ем.

Жалғанда – жердің бетінде,

Өзіңдей мекен кем де кем.

Сырқаттың бәрі мендегі –

Сағыныш дерті сен деген...

Еһ, қайран да Ақши – ауылым,

Сайран да думан, сауығым.

Ары жақта қалған базарым,

Зар жақ та қылған ғазалым.

Арқалап мұнда мен жүрмін,

Сағыныш – күйік азабын.

Тексіздер егін екті дейд,

Ауылдың бұзып мазарын.

Тайқы маңдай тағдыр-ай,

Бітпей де қойды-ау мазағың...

Е-е-е, қайтейін Ақшиім,

Басымнан ұшқан бақ,сиым.

Мен Отанда жүргенмен,

Күлгенге еріп күлгенмен,

Аңқ-аңқ етіп баратын,

Ауылы жоқ пақырмын.

Сабым алтын болғанмен,

Бауыры тесік бақырмын.

Жүректің түгі болғанмен,

Бес қарусыз батырмын.

Тамыры жоқ, діңі жоқ,

Тілі бар да, үні жоқ,

Аспаннан түскен ақынмын.

Мың бұлағы суалып,

Гүл-құрағы қуарып,

Аңқасы кепкен тақырмын.

Мен ауылы жоқ пақырмын.

ХАН ТӘҢІРІ МОНОЛОГІ

Аңғал дала, ақымақ қыр, ойсыз ойпат, ез дөңдер,

Тасырлардың табаны мен табасына төзгендер.

Шың жоқ болса бір сәрі еді, көкті тіреп мен тұрдым,

Күллі әлемді көзіммен де, көкеймен де безбендер.

Мен асқарда тәтті арманды ащы мұңмен сапырдым,

Мен аспанда далам үшін, таулар үшін «аһ» ұрдым.

Мен құдайдың сүйген құлы, мінген тағы шығармын,

Өйткені мен Көктәңірге өзгелерден жақынмын.

Қамсыз дала, ақымақ қыр басар түнде қорылға,

Сезбейді олар (сезген емес), бақытын да, сорын да.

Мәнгі ұйқыға кетпесін деп, оянсын деп өлкемді,

Құба таңды шақырып ап, әлдилеймін жонымда.

Біздегі қыр – қымызды да, жалпақ дала – гүлстан,

Көз түнады асты менен үстіндегі ырыстан.

Қызыл көздер іші күйіп, салмасын деп шеңгелін,

Қалқан бол деп қара түнді қалқалаймын шығыстан.

Жаралғалы жантаймадым, көз ілмедім, тынбадым,

Ғаламшардың ғазалы мен азалы үнін тыңдадым.

Сай-сала мен ой-санаға өтпей қойды бір сөзім,

Айтарымды ашылып та, түнеріп те ымдадым...

Сайын дала, сайларын-ақ назарымды аударды,

Қасыреттен мен сау қалсам, биіктікпен сау қалдым,

Мен қаншама мұз бүркеніп, жасын кешіп өртендім,

Төбелерді тау етем деп, шың етем деп тауларды.

Мені құдай жаратқасын күзетші ғып Тұранға,

Көк тірегін ақ басымды исем идім «Құранға».

Ірілік пен ұлылықты сақтайын деп өмірде,

Қарға, шымшық, көкек емес, пана болдым қыранға.

Мен кеудеме қардан аппақ нар бұлттарды шөктірдім,

Шөктірдім де, ар-намыстың найзасы боп көк тілдім.

Жалғыз өзім кеуде төсеп талай тасыр дауылға,

Етектегі орманымды күн көзіне өптірдім.

Кім болмайды, не жүрмейді арасында нулардың,

Шашылмадым, тасымадым тіліне еріп қулардың.

Көк табалап, жасын ұрып жасытқанға жанымды,

Қара термен, қызыл қанмен тұл даланы суғардым.

Мүмкін менің сәби шығар, саяз шығар санам бек,

Мен масайсам, масайрадым тауларым деп, далам деп,

Содан болар далаға емес, төбеге емес, тауға емес,

Ең алдымен тіс батырды долы дауыл маған кеп.

Солай, солай...ең алдымен дауыл мені табатын,

Аш бөрідей шулап келіп, қамалап бір қабатын.

Сондай сәтте мен алақтап тау-далама қарасам,

Маң дала мен төбешіктер жымың-жымың қағатын.

... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

Сонда менің жүрегімнен қап-қара қан ағатын!

ТАРТАДЫ ЖАНЫМ АЛТАЙҒА

Шежіресі мол біз ұғар,

Жазып ал, жаным, сызып ал.

Ерлердің егей ізі бар,

Ақиық өскен құзы бар,

Бірліктің дәм мен тұзы бар.

Ақ марал-ару қызы бар.

Көктемі шекер, күзі бал,

Алтайға жаным қызығар.

Жазып ал жүрек, (сызып ал!!!)

Шайқалма қиял, шайқалма,

Қартайма көңіл, қартайма,

Аңысын естіп марқайған,

Тартады жаным Алтайға!

Қарт таулар шомып қарт ойға,

Алтайда тұр-ау, Алтайда!

Тартсаңдар сендер тарт айға,

Айрылмас жаным Алтайдан.

Тартатын болсаң Алтайға,

Қартайма жаным, қартайма.

Тартады жаным Алтайға!!!

КӨККЕМЕР ЖАЙЛАУЫ

- Әдекке

Сарыкүйік, жусан, көдесі,

Жамырай өскен қыр гүлі.

Көккемер жайлау төресі,

Көк кемер жердің кіндігі.

Төменде Текес гүрілдеп,

Қырында арқар шұбырған.

Сайында сағым дірілдеп,

Масаты дөңдер құбылған.

Біресе аспан күркіреп,

Найзағай бірде гүрс етсін.

Өткінші кейде сіркіреп,

Далаға мөлдір нұр сепсін.

Жаңбырдан соңғы даланы-ай,

Жуып бір жәйіп қойғандай!

Бағландары танадай,

Шалғында жүзген қой қандай!

Таңдап бір мініп құр атты,

Әдекті ертсең қасыңа.

Әндетіп ассаң қыратты,

Көтеріп тауды басыңа.

Шыбынды қалып төменде,

Құтырған бойын бойласақ.

Жүрмесе аттар елеңдеп,

Борбайлап біз де қоймасақ.

Қиқуға толып тау іші,

Қағылса тақа қорамсақ.

Олжамызбенен қауышып,

Қанжыға қандап оралсақ...

Қуырдақ, қымыз, әңгіме,

Аспанда жұлдыз жанса бір.

Әңгімені де, әнді де

Мүлгіп бір тыңдап, қанса қыр.

Көк кемер – жұмақ теңі еді,

Бір күнің тұтас бір ғұмыр.

Тартып бір кеткің келеді,

Қажытса қала – жын-жыбыр...

Даламның биік төбесі,

Заманнын бөлек тірлігі –

Көккемер жайлау төресі,

Көк кемер жердің кіндігі.

ТАУЛАРЫМ - МЕНІҢ ТӘҢІРІМ!

Белдеу-белдеу тауым-ай, белесі көп,

Өткен күннің белгісі, елесі жоқ.

Өздеріңдей қайсарлық, өрлікпенен,

Биігіңде киіктей орғып келем.

Қырқа-қырқа қырат тау, қырқасын-ай,

Тау дегенде тұра ма жыр тасымай.

Шалқып келем төсіңде, шауып келем,

Сенде жүрсем, қашады қауіп менен.

Жылға-жылға жылға тау, жырасы гүл,

Тау елінің байлығы, мұрасы жыр.

«Шабыт» атты шәмкөстеу құр атпенен,

Жырым-жырым жыраға құлап келем.

Қысаң-қысаң, қысаң тау, қысаң қорық,

Қысаңдардан қысылмай ұшам қонып,

Қаратауым аманда қайғыра алман,

Әлдилейді әмәнда айдын-арман.

Шодыр-шодыр шошақ тау шоқылары,

Шоқыларға шошайған шоқынамын.

Шоқысызда тауларым әсем де емес,

Шоқым барда арманым бәсеңдемес!

Асқақ-асқақ аспан тау асқарлары-ай,

Аймалаған шекесін аспандағы ай.

Аспан көңіл кең халық ұрпағымын,

Асқар шыңда ақырған бір тағымын.

Көп-көгілдір, көгіш тау, көке белдер,

Кеуделерін төсеген төте желге.

Сан дауылға қайыспай тік тұрғаным,

Сенің арқаң!

(Тау, сенен жұқтырғамын).

Тұма-тұма тауым-ай, бұлақ-бұлақ,

Бұлақ жатыр сайларда құлап-сұлап.

Тау суындай кіршіксіз таза көңіл,

Тау суындай жап-жапдақ қазақ едім.

Балбал-сынтас, үңгір тау, үңгірі жыр,

Үңгірінде бабамның күңгірі жүр.

Шежіре айтсаң кешеді жаным қайғы,

Сол қайғымен сорым да қалыңдайды.

Қара, Сары, Алатау, Шұбар тауым,

Сендер менің сарқылмас жыр арқауым.

Мұңын тауға шағады тау баласы,

Бабасының жатқан соң тауда басы.

Тау туралы болғасын таудай таным,

Асқарды айтам, таусылып тауды айтамын.

Менің әнім – тау әні – Абай әні,

Қайталанар бұл әнім талай әлі.

Мен табынсам тауларға табынамын,

Мен шағынсам тауларға шағынамын.

Менің де «ылғи түсіме тау кіреді»,

Әлмисақтан біз деген таудың елі,

Мұң-жырымды, тілімді тау біледі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Дүкен, жер, туған, Алтай, хантаңірі, Мәсімханұлы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар