Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дәулетбек Байтұрсынұлы. Жиған кітап кімге құнсыз? Кімге қат?

21.08.2021 1137

Дәулетбек Байтұрсынұлы. Жиған кітап кімге құнсыз? Кімге қат?

Осы кезге дейін кітап оқыдық, сұрап алдық, сатып алдық, қадірлеп басқалар сыйлады... Үйімізге әйтеуір бір камаз болмаса да, бір жеңіл көлікке жүк боларлық қағаз жиналыпты. Шынында көбін оқыдық. Соның нәтижесі болар, жазып жүрміз, сөйлеп жүрміз. Естігенің бір бөлек, көргенің бір бөлек. Соның ішінде оқығаның озық. Осы кітапқұмарлықтың ауруы өзіңменен бірге кетсе, сол өкініш болатын секілді. Балаларыңның арасынан кітап оқитын, қағаз кеміріп, сөреге қарайтын адам болмаса, шынында өкінішті болмақ!... Сенің жолыңды жалғап ең кемі бір балаң кітапты сүймесе, қазынаң қараусыз, байлығың жинаусыз қалғанмен бірдей деген сөз.

Мұны айтып отырған себебім, осыдан бірнеше күн бұрын маған бір апам хабарласты. Ол апам жақсы көретін жазушы ағамның Құдай қосқан жары еді. Жазушы аға осыдан он жыл бұрын өмірден өтіп, артында жазған шығармалары, сөреде жинаулы кітаптары қалды. Апам он жыл бойы қарады, күзетті, шаңын сүртті, тазалап ұстады. Енді міне, өзі де қартайды. Немерелер өсті, үйдің тарлығы сезілді. Сөренің белін қайыстырып тұрған көп кітапты он жыл бойы бір бала келіп бетін ашпапты. Қолда телефон тұрғанда кітапты қайтсін! Фотоаппарат, сағат, видеокамера, газет, интернет, кино... Бәрі сонда, кітап кімге керек?!.. Тек телефонға тесілген халық. Міне, мен де шұқшиып жазып отырмын. Жалпы жағдай осы, кітап ығысып, қазына қожырап барады.

Сонымен ардақты апам шақырған соң бардым. Ағаның еңбектерін бірыңғай бөліп өзіне жинап қойыпты. Архивке өткіземін деп бір бөлігін, кітапханаға деп бір шоғырын, мектепке деп бір бұрышқа, маған деп тағы бір үймегін жинап қойыпты. Үйдің бұрыш-бұрышының бәрі аузы-мұрны толып тұрған қағаз жәшіктер.

Апам: «Он жыл сақтадым, қызыққан бала жоқ. Жуықта қатты ауырдым, басыма не түрлі ой келді. Мен өлсем, мынау кітаптар көрінген жерде қалады. Қоқысқа апарылатын шығар. Онан да көзімнің тірісінде баратын жерлеріне өз қолыммен жіберейін деп реттедім, сорттадым. Сені ағаң жақсы көретін еді, өз үлесіңді ал!» - дейді.

Мұншалық көп кітапқа қолым жеткеніне әрине қуандым. Бірақ, қатты қамығып уайымдадым. «Өгізге туған күн бұзауға да тумай ма?»... Осы ақын-жазушылардың шаңырағында кітап оқитын, әкесінің қол табы қалған, көз майы төгілген кітаптарын оқитын ұрпақ бар ма? Әй, кім біледі?.. Артында мұрагері болып «Артық білімді кітаптан іздейтін» перзент табылар ма?..

Қаламгердің бәрі Қадыр Мырзалиев емес, іздеушінің бәрі Оралдықтардай қайдан бола алсын. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі (Донеділ Қажымов ағаның түрткі болуымен) Алматыдағы Қадыр ақынның үйіндегі бар кітапты бір парақ қағазына дейін шашау шығармай Орал қаласына көшіріп апарып, Қадырдың мұражайына орналастырып экспонат ретінде тіркеп, жинатып қойды. Міне, Ел, міне, жанашыр!..

Ал, мен болсам, мынау «жетісулық» жазушының жарты машина кітабын төртінші қабаттан тасып көлікке тиеп жатырмын. Ұлы да шығарысып жүр.

Кітабым көбейді, десе де, оның бәрін сүзіп шығуға уақытым жетер ме екен!.. Ертеңгі сондай бір күндері... осы кітаптарға жанашырлық танытатын біреу болса ғой!.. Машина жүргізіп келе жатқан балам, «Кітаптар ауыр екен, машинамның арты жатып қалды», - деді. Менің санама түскен салмақ онан да ауыр. Көңілім көтерілудің орнына, жер бауырлап жатып барады.

Ей, менің жанымның нұры, жүрегімнің бөлшегі болған перзентім, болашақта сен әсте, мынандай кітаптарды керексіз зат ретінде елге үлестіруші болма!

Дәулетбек Байтұрсынұлы

21 тамыз 2021 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар