Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Боздаланың бозторғайы

29.09.2019 1041

Боздаланың бозторғайы

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жастар жылы» аясында 100-ден астам әндері, өлең-жырлары мен дастан - толғаулары ұлт қазынасына қосылған талант иесі – Кенен Әзірбаевтың мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімдіктерінің қолдауымен ақынның шығармашылығын жан-жақты насихаттау мақсатында бұған дейін еліміздің 9 қаласында 13 іс-шара өткен. Ізгі іс – шара Нұр-Сұлтан қаласында да өз жалғасын тапты. Білім басқармасының қолдауымен «Астана дарыны» орталығы кезекті танымдық кешті халық ақыны, қазақтың әншілік-жыршылық өнерінің көрнекті өкілі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың 135 жылдық мерейтойына арнады. «Боздаланың бозторғайы» деген атпен елорда төрінде дүркіреді.

Кеште ақынның өмірі мен шығармаларын өскелең ұрпаққа кеңінен танытып, еліміздің танымал тұлғалары ақынның өнегелі өмірі мен ерен еңбегін жастарға үлгі етуге шақырды.

Кеш барысында ғасырға жуық ғұмыр кешкен, халқымыздың қасіретке толы нәубет-зұлматтардың бел ортасында болған, етене араласқан, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырған Кенен атамыздың негізгі өзегі тұтас халықтың өміріне арналған тыңдаушысының құлақ құрышын қандырар әндері, жыр-дастан, толғаулары орындалды.

Шығармашылық кешке ақынның ұрпақтары мен ҚР мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым саласының өкілдері, өнер саласының майталмандары, шығармашыл зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

Тағылымды кешті Ұлттық Өнер университетінің оқытушысы, еліміздегі танымал дәстүрлі әнші, Жетісудың әншілік-жыршылық мектебінің жарқын өкілі, өнер қайраткері Ерболат Шалдыбеков жүргізді.

LED экран мен сахна ерекше үйлесім тапты. К. Әзірбаев туралы деректі фильмнен үзінді көрсетіліп, көрнекті қаламгерлер мен замандастарының пікірлері айтылды. Ақынның жарқын бейнесімен сағынған халқы қайта жүздескендей болды.

Алғашқы сөзді «Астана дарыны» орталығының директоры Құрманбаева Майра Жаноразқызы сөйледі. Бүгінгі кештің ұрпақ үшін мән-маңызына тоқталып, атаның ұрпақтарына ақ жол тіледі.

Қазақтың ұлан-ғайыр кең даласын әнмен тербеткен, боздаланың бозторғайы атанған дүлдүл ақын, бұлбұл әнші Кенен Әзірбаевтың өмір жолы сан қырлы, сан қилы. Ақынның дүние есігін ашып, есімінің қойылуы да ерекше. Осы бір ерекшелікке тоқталып, ата өмірінің әр кезеңін 73 мектеп-лицейінің дарынды оқушылары «Бала Кенен», «Әке Кенен» атты театрландырылған қойылыммен өрнектеді. Қойылым жетекшісі, "Шабыт" оқушылар театрының жетекшісі Айжан Қадіржанқызы, Оқушыларға қолдау жасаған мектептің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Жанна Есенгелдіқызы екен.

Кенен ақынның сүйікті қызы, әке мұрасын насихаттаушы, ҚР Мәдениет қайраткері, халық ағарту ісінің үздігі, Алматы облысы Іле ауданының құрметті азаматы Төрткен Кененқызы сөз алып, атаның сан қилы тағдыры мен өмір жолына тоқталды. Жас жеткіншектерге батасын беріп, өнерді ұлықтаған халыққа басын иді. Әкей жөніндегі жылы естеліктерімен бөлісті.

Дана халқымыз: «Жақсының жаратылысы бөлек, тектінің тегеуріні мықты» демекші, басына түскен әрбір қайғыны қасқая қарсы алып, бар жұбанышын өнерден тапқан текті әкенің артында қалған мол мұрасын кеңінен насихаттап, әке алдындағы перзенттік борышын адал атқарып жүрген ұлы Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облысы Қордай ауданының құрметті азаматы, сазгер, қаламгер Бақытжан Кененұлы кеште сөз алды. Ақынның биылғы 135 жылдығының жай-жапсарына тоқталып, әке жөніндегі естелік кітабын қатысушыларға арнайы табыс етті. Әке өлеңдерін жатқа оқып көрермендерді тәнті етті.

Өнер қайраткері Ерболат Шалдыбеков атаның «Келінжан» әнін, Жетісу әншілік мектебі бойынша Халықаралық конкурстардың лауреаты Шолпан Даржанова «Гигигай» әнін, Қазақ өнер университетінің 3-курс студенті Елбол Қуанбек «Көкшолақ» әнін орындап көпшіліктің ықыласына бөленді.

Атаның «Бұлбұл мен көкек» мысалын №70 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Елдос Пармешов оқыды.

Артына ғажап әндерін, тағлымға толы өлең-дастандарын қалдырған Кенен ақынның даңқы ғасырдан ғасырға көшіп мәңгі жасайтын, асқақтай түсетін ерекше рух!!!

Кешті атаның «Мен сүйемін халқымды» әнімен әлемге танымал қазақстандық опера әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Астана Опера театрының жетекші әншісі Сүндет Байғожин түйіндеді.

Жалпы кештің бастан-аяқ сценарийі мен идея авторы болған «Астана дарыны» орталығының әдіскерлеріне көпшілік алғысын жаудырды.

Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар