Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бесеудің ойы: Драматургия

11.07.2017 10858

Бесеудің ойы: Драматургия

Драматургияға екінің бірі қалам тарта бермейді. Әдебиеттегі қаламның кемелділігін қалайтын жанрдың бүгінгі көрінісі қандай? Театр репертуарының жұтаңдығын инсценировка арқылы шешуге бола ма? Бұл туралы театртанушылар қандай пікірде?Драматургияны «қазақ әдебиеті үшін жас жанр» деген ойлар да бар. Дегенмен ұлттық драматургияның бастауы мен дамуы өткен ғасырдан басталатынын айтсақ, одан бергі уақытты есептеп берудің қажеті де шамалы. Бірақ бүгінгі таңда драматугияда буын алмасу үрдісі болып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан бүгінгі бұл тақырыпта аға буынмен қатар жастарды да сөйлетуге тырыстық.

I. Қазір драматург пен театрдың инициативасы көрермендердің көңілінен шығып жатыр ма?

Дулат ИСАБЕКОВ: Көңілдерінен шығып жатқандықтан шығар, театрларда көрермендер бар. Біздегі көрермендердің бәрі біркелкі көрермендер ғой. Әйтеуір бір жаққа барып, шығу үшін ғана көретін көрермендер. Ал театр дамыған елдерде үш нәрсеге барады: авторға, режиссерге және актерге. Ал бізде ондай жоқ. Айтыс болса, айтысқа, театр болса театрға бара салады. Бірде Лермонтов атындағы орыс театрына барып отырсам, «Фуршет после премерье» деген пьеса бар, соған қазақтың кемпірлері барып отыр. Олар тұрмақ, біздің өзіміздің түсінбейтін шамадамыз. Жаңалығында жазылған, «экспериментальная драматургия» және сахна кастюмі туралы айтпай-ақ қояиын. Сол жерде егде кісілер қол шапалақтап отыр, қазаққа бәрі бір екен ғой деп ойладым.

Қоғамдық пікірлермен санасатын театрлар қалмай бара жатыр. Кеңес Үкіметінің кезінде «Социалистік Қазақстанға» немесе «Қазақ әдебиетіне», «Лениншіл жасқа» театрдың спектаклі жайлы пікір, сын айтылса, міндетті түрде оған реакция жасайтын. Газетке жауап беріңіздер деп басшылықтары шақыратын. Не өзін қорғап жауап беретін, әйтеуір жауап беретін. Қазір сынап жатырсың ба, жоқ қылып жатырсың ба, онымен шаруасы болмайды. Көрерменнің көңілінен шықпайтын біраз спектакльдер бар. Драматургия жанрынан өте әлсіз, енді атын атай алмайсың. Өткен жолы бір-екеуінің атын айтып едім, олар маған шабуыл жасады. Кассаны да көтермейді.. Баяғыда Ғабеңдер тоқтатып қойып, білегінен ұстап тұрып ұрсатын, мақаласына кіргізіп жіберетін. Солардың айтқаны бізге заң болатын. Қазір «ит үреді, керуен көшеді» деген нәрсені тауып алды.

«Үміт үзгім келмейді» деген спектакль бар. Сол әлі жүріп жатыр. Оның алғашқы премьерасының өзінен-ақ іш пысып, өліп кете жаздағанбыз. Гастрольге барғанда, жұрттарды қамап, шығармай көрсетіпті. Солар енді спектаклін алып, Астанаға ЭКСПО-ға бара жатыр. Одан да басқа біреулерді алып бармай ма деймін... Тарихи немесе эпос па, рухына сәйкес.

Содан кейін қазіргі көптеген режиссерлер өздері жазып, өзі қоятынды шығарды. Театрдың директорлары, Талғат Теменов дегендер... Тіпті, Мұхтар Әуезовтің «Қаракөзін» өзгертіп, «Айқаракөз» деп өзінің тегін қоя салды. Біздің қазақта ғана осындай болады. Өз тегін Әуезовтің орнына қоя салады. Егер Пушкиннің орнына Ефремов өзінің тегін қойып, спектакль қойып көрсінші, оны Калымаға айдап жібереді. Пушкиннің ертегісін өзі жасады да, оның да орнына өзінің тегін қойып жіберді. Соған жұрт барып жатыр, ешкім ешнәрсе демейді. Жалпы, орыста мақал бар ғой, «Какой народ, такой царь» деген. Талғампаз көрерменге арналған спектаклдер де бар, бірақ ешқандай алары да, берері де жоқ, татымсыз қойылымдар да жүріп жатыр және солар, неге екенін білмеймін, өміршең. Бір-екі сыннан кейін алып тастайтын еді...

Сая ҚАСЫМБЕК: Ой - өршіл, бүгінгі күннің жарасын дөп басатын болса, қай кезде болмасын көрерменнің ойынан шығатынына сенімім мол. Драматург пен театр көрерменге ой салатын дүниені дөп басып, таба білуі қажет.

Мерей ҚОСЫН: Меніңше, «көрерменнің көңілінен шығу» концепсиясы қазіргі біздің өнер саласында мейлі ол кино не театр болсын басты орынға шыққаны рас. Ал, «бірақ сол көрерменнің көңілінен шыққан спектакльдің өзінің қазақ драматугиясына, қазақ театр өнеріне әкелген жетістігі неде?» деген сұрақтар қойылып жатады, бірақ одан бұрын біздің көңілімізді «ең бастысы тақырыбы қазіргі замандікі және сахнадағы шудың дауысы таныс.» Сосын келіп, көпірме мақтау басталады. Ал сол спектакльді сахнаға алып шығуға тырысқан режиссер мен драматург бастаған бір топ кісілеріңіз «біз сахнаға шындықты алып шығуға күш жұмсадық» деп жар салады. Ал «Шындық» деген сөздің өзі шындығында салыстырмалы дүние ғана. Бірақ осы көрерменнің көңілінен шыққан спектакльдердің көбі дерлік қазіргі заманауи әлемдік театр процессіндегі көркемдік эстетикалық ізденістер мен идеялық төңкерістерден бастап техникалық жаңалыққа, көрерменмен байланысқа түсудің жаңа түрлеріне дейінгі бүтіндей театр өнеріндегі өзгерістер мен өркендеулерге ешқандай қатысы жоқ томаға тұйық, қайнап жатқан қара қазан ішіндегі баяғы сол қара сорпа болып шығып жатады. Сондықтан да көрерменнің көңілінен шыққан дүниелердің барлығын керемет деуге келмейді. Бірақ осы орайда мен өзіндік ізденістері бар «Жас сахна» мен «Артишок» ерекше атап өткім келеді. Сондай- ақ Электротеатрдың ішінде өзіндік көзқарасын қалыптастырып келген жас режиссер Рустем Бегеновтың «Медея. Материал» сияқты эксперименттік жұмыстар туралы айтқанда ғана жаңағы «театрдағы инициатива не театрлық инициатива» тіркесін ұялмай қолдануға болады. Әрі Дина Жумабаева, Елік Нұсұлтан, Фархат Молдағалиев сынды жас режиссерлердің қазақ сахнасында жасап жатқан айтарлықтай дүниелері бар.

Мұрат ҚОЛҒАНАТ: Жалпы алғанда қазір театрға көрермендер қарасы көптеп келіп жатыр деп айтсам мүмкін қателеспеспін. Халық қайтадан театрмен байланысқа түсіп жатқаны көңілді қуантады. Көрерменің де саны мен сапасы әртүрлі. Қол соққан көрерменен бүгінгі өзімнің сүріп отырған қоғамымды көремін. Бір жақты шешім шығару қиын.

Сәуле ӘБЕДИНОВА: Көрермендердің атынан сөйлеуге қақым жоқ шығар... Қандай инициатива туралы айтып отырғаныңызды да түсінбедім. Егер классиканы модернизациялау туралы айтып отырған болсаңыз, мен бұл инициативаны белгілі бір дәрежеде ғана қолдауға болады деп ойлаймын. Тек жаңалық, жаңаша қою деген осы екен деп, шектен шығып кетпесе болғаны. Иә, әлемдік кино, әлемдік театр үдерістерінде классиканы жаңаша, заманауи кейіпкерлердің тілімен «сөйлету» тенденциясы пайда болды. Өзіңіз білесіз, «Ромео – Джульеттаның» бірнеше заманауи нұсқасы бар, басқа да шығармалардың заманауи кейпін көрдік. Бірақ соның бір де бірі түпнұсқаға жеткен жоқ. Неге? Себебі, біріншіден, түпнұсқаның аты тұпнұсқа. Екіншіден, автор және кезең деген дүние бар. Автор ойын, кезең тынысын, дәуір атмосферасын модернизациялау көп жағдайда мүмкін емес. Жарайды делік, кейбір қоғамдық-әлеуметтік мәселелер, адам мінезіндегі ұқсастықтар өзгермейтін шығар, бүгінгі заманмен үндесетін шығар. Дегенмен, ол кезеңді бұл кезеңге «әкелу», 16 ғасырға күштеп 21 ғасырдың киімін кигізіп, бүгінгі жаргондарды айтқызу қисынға сыя бермейді. Ал қисынсыздық дегеннің бір мағынасы – өтірік.

Әлемдік классиканы «қазақыландыру» деген үрдіс те пайда болды. Раневскаяға камзол кигізу, шығарма кейіпкерлерінің атын қазақшалау қаншалықты дұрыс? Ізденіс, эксперимент ретінде қабылдауға болғанымен, бұл да адасушылық деп ойлаймын. Кейбір штрихтары болмаса, өзге жұрттың шығармасын түгел қазақыландыруға болмайды, онда ол фарс болып шығады. «Түпнұсқа» - «оригинал» деген сұрыпты бәріміз ұнатамыз. Яғни, кез-келген дүниенің түпнұсқасы құнды.

Әрине, екінші жағынан көрермен талғамы деген бар. Біреулер үшін бүгінгі заман тынысы қызықтырақ, енді біреулер үшін шығармада сөз болып отырған кезең қызық. Мысалы, маған 21 ғасырдағы джинсы киген Абай қызық емес. Күнделікті өмірде ондай Абайлардың жүзін көріп жүрмін. Бүгінгі күн тынысын күнделікті өмірде көріп жүргендіктен, маған бүгінгі Абай емес, өзім білмейтін, көрмеген 19 ғасырдағы Абай қызықтырақ. Ғұлама өмір сүрген кезең, сол кезеңнің тынысы, болмысы қызық... Тарих қызық... Театр – синтездік өнер деп жиі айтамыз. Сонымен қатар, театр – синтездік сала. Театрда әдебиет те бар, мәдениет те бар, бейнелеу өнері де, саясат та бар, тарих та бар, археология да бар, керек десеңіз, физика мен математика, ғылым да бар... «Шапан мен үкілі тақиядан жерідік» дейтіндер көбейді. Абылайханға еуропаша костюм кигізгеннен немесе Король Лирдің қыздарына қара форма, ақ фартук кигізгеннен не ұттық? Еуропаша костюмді, қара форма, ақ фартукты сіз бен біз кидік, олар киген жоқ. Қисынсыздық теориясы деген осыдан басталады. Өтірік осыдан басталады... Тарихқа балта шабу да осы шығар... Шапан мен үкілі тақиядан жеріген екенсің, басқаша шешімін тап... Мысалы, маған сол кезеңнің адамдары қалай киінді, қалай сөйледі, өздерін қалай ұстады, қалай сүйініп, қалай күйінді, олар үшін не құнды болды – сол қызық. Бұл сұрақтарға жауап табу үшін режиссер мырзаларға көп ізденуге, көп оқуға тура келеді, сондықтан қиналып, қиындатқысы келмейтін шығар, уақыт шығындап, күш шығындап қайтеді, бүгінгі қалыпқа сала салған оңай емес пе?..

Әр театрдың өз бағыты бар. Тіпті, мемлекет мөр басып бекітіп берген статусы бар. «Мемлекеттік академиялық» деген статусы бар театрлар ұлт алдындағы, мемлекет алдындағы жауапкершіліктері өте жоғары екенін ұмытпауы тиіс. Жеңіл-желпі шоуларды халық теледидардан, күнделікті концерт залдарынан, алаңдардан тойғанынша көріп жүр. Академиялық театрларымыз да жеңіл-желпі шоу орталықтарына айналып кетпесе болғаны. Заманауи шығармалар қою, замандас бейнесін көрсету деген сөз – классиканы жалаңаштандыру деген сөз емес шығар, қалай ойлайсыз?

Осы орайда заманауи қазақ театры – жаңа қазақ театры қандай болу керек деген сауал туындайды. Сөз жоқ, қазақ театры – дәстүрлі театр кезеңін абыроймен өткізді. Тоқпанов, Мәмбетовтер бастап, Байсеркенов, Обаев, Атабаев, Рахимов, Ұзақов, Жұманиязов, Жаманқұловтар туын жықпай бүгінгі күнге жеткізген дәстүрлі театр кезеңі қазақ театр өнерін биік белеске көтергені анық. Ал театрдың ендігі бағыты қандай болмақ керек? Дәстүрді, тарихты талақ етіп, өзімізден бастаймыз ба, өзімізді жырлап, өзімізді суреттейміз бе, әлде өткенге де үңіліп, болашаққа да көз жүгіртіп отырған дұрыс па? Бұл сауалдар әңгіме ауанын ұзаққа әкетеді, сондықтан бүгіннің сөзін бүгінгі кейіпкер айтсын, өткеннің сөзін өз заманының кейіпкері айтсын деп қысқа қайырайын. Түсінемін, режиссерлер заманауи драматургтердің шығармаларынан өздеріне керегін таппағандықтан классикаға көбірек жүгініп, оларды заманауи тілде сөйлеткісі келеді. Алайда бүгінгі күн тынысын бүгінгі кейіпкерлерден артық кім жеткізе алады? Яғни, драматургия саласын көтеру керек деген тағы бір мәселе туындайды. Жалпы, театр саласында қордаланып қалған мәселелер шаш етектен. Ендігі ол мәселелердің шешілуі де екіталай...

II. Қазіргі драматургияның жаңалығы мен кемшілігі неде?

Дулат ИСАБЕКОВ: Қазір драматургиядан жаңалық табудың өзі қиын шығар. Ажыратып беретін ғылыми трактаттар емес. Олар біз өзімізше қойдық дейді. Кеше «Егемен Қазақстанды» оқып отырсам, Шекспирдің «Ромео-Джульеттасын» қойған. Бәрі бүгінгідей. Ромео ғашығына смс жібереді. Міне, осылай етеді де, «бұл біздің жаңалық» дейді.

Сая ҚАСЫМБЕК: Қай кезде болмасын, драматургия мен уақыттың арасында қайшылық болған. Кей драматургке бүгінгі "шыңғырып" тұрған тақырып қызық емес. Өткен кезеңнен кеткісі келмей, тарихи дүниені жаны қалайды. Кейі, бүгінгі қоғамдағы "жан шырылын" жеткізуге жанұшырады. Соңғы кездері, драматургия әлемі тура - "жұлдыздар аллеясына" айналды десем, жаңылмаймын. Көлденеңінен кіріп кетіп, театр репертуарында, афишада аты тұруына жан салып, жарнамаға айналғаны қынжылтады. Өзім театрда әдебиет бөлімін басқаратын болғандықтан, атынан ат үркетін ағаларымның; "Бір пьеса жазып едім. Өздерің сақал-мұртын басып, сахнаға шығарып жіберіңдерші?!"деп, өтініп жататындары жеткілікті. Пьеса - қоғам кілтіне айналуы керек. Соңғы кездері жас драматургтер белсенділік танытып жатқаны қуантады. Шұбылаңқы сахналардың санына емес - оқиғаның шымырлығына мән бере бастағаны қуанарлық жайт. Тек, әдеби тілге мән беру, көше сөзін қолданбау жағы кемшін түсуде.

Мерей ҚОСЫН: Жоғарыда атап өткенімдей көрерменнің көңілінен шыққан дүниелердің барлығы бірдей сахнаға жаңалық әкелу деген игілікті мақсатты орындап шығуы мүмкін емес. Кейде біздегілер жаңалық ретінде қабылдаған пьесалардың өзінің шындығында «басқаларда бұрыннан бар құбылыс» болып шығатыны рас. Сондықтан да мен қазіргі қазақ драматугиясында атап айтарлықтай жаңалықтар бар деп айта алмас едім. Мен көре алатын бір ғана кемшілігі бар ол - қазіргі қазақ дрматургиясының әлемдік драматургиялық процесстерден әлдеқайда алыс жатқандығы.

Мұрат ҚОЛҒАНАТ: Драматургия ұзақ процес. Санада сұрақ көп. Қазіргі драматургияның жаңалығы деп мен, жаңа ойды алып келіп жатқан жастардың көптеп, қалам тартып жүргендерін айтар едім. Буын алмасу қазақ драматургиясында жүріп жатыр. Бұл өте қуанышты. Қазақстандағы алпыстан аса театрдың жартысының жартысы жыл сайын жас дрматургті өздері өсіріп сахналаса қандай керемет болар еді. Әлсіз дегенің өзіне қосымша кәсіби авторларды қосып алып жазып шығу керек. Осы кезде барып қаулаған драматургтердің ортасында қалар едік. Мүмкін осы драматургия мәселесін министрлік арқылы талап ету керек шығар. Қазақстанда талантты жастарды қолдау үшін жыл сайын көптеген байқаулардың өтіп жүргенін білеміз. Кейбіреуіне өзімде қатысып жүрмін. Соның бірден бір жемісі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акедемиялық драма театрының екі жыл бұрын ұйымдастырған байқауында жеңімпаз болып, соның арқасында «Бақыт кілті» спектаклі жарыққа шықты. Яғни театр бір драматургті қазақ өнерінің бәйгесіне қосты деген сөз. Міне байқаудың қортындысы. Яғни ұйымдастырған байқауларын аяғына дейін жеткізе алды. Осыдан артық жастарға қандай мүмкіндік керек. Өкінішке орай бұл мен білетін жалғыз театр. Жас сахнагерлерге арналған «Жас талант» тәжірибелік лабараториясы ұйымдастырылса деймін. Қазақстаның түкпір түкпірінен дарынды жастарды жинап алып жұмыс істесе қандай керемет болар еді. Қаншама идеаларға бағынар едік. Қазіргі театр репертуарларына қарап отырсақ тек көрермендер үшін жұмыс жасайтын спектаклдер көбейіп кеткен. Өнерге де мүмкіндік қалдыру керек қой.

Сәуле ӘБЕДИНОВА: Біз үшін жаңалық болып көрінетін «жаңалықтар» Еуропа театрлары үшін, тіпті, батысты былай қойып, мына тұрған Ресей театрлары үшін жаңалық емес, бізге енді ғана келіп жатқан театрлық үдерістерден олар баяғыда өтіп кеткен. «Аңқау елге арамза молда» демекші, шет елдердің театрларынан хабарсыз қазақ көрермендерін кей режиссерлер жаңалық ашқандай алдап жүр. Шет елдік театрларда қойылған қойылымдарды сценографиясына дейін айна-қатесіз көшіріп әкеп қазақ сахнасына қойып, жаңалық ашқандай асқақтап жүрген режиссерлеріміз бар...

Жалпы, қазіргі драматургия деген өте ауқымды мәселе. Бір-екі сөзге сыйдыру мүмкін емес. Бүгінгі таңда қай театрдың болмасын репертуарында лирикалық драма, драма-диалог, тарихи драма, трагедия, метафизикалық трагедия, фарс трагедия, мистикалық драма, мелодрама, әфсана, фантасмагория жанрындағы қойылымдар басым. Алайда трагедия, драмаға қарағанда комедия жанрының үлесі аз. Бұл осы жанрда жазатын драматургтердің аздығынан немесе жоқтығынан болар. Т.Нұрмағанбетов пен С.Балғабаевтан кейін Е.Жуасбектің комедиялары сахналанды. Е.Жуасбек – комедия жанрында заманауи пьесалардың аздығынан қалам тербеп жүр деп ойлаймын.

Комедия – күлкі екені белгілі. Біз көбінесе күлкінің беткі, көрініп тұрған жеңіл қабатын аламыз да оның астарындағы әжуа, мысқыл, сарказм, иронияға көп бойлай бермейміз. Қазіргі драматургияның, спектакльдің міндеті – бүгінгі күннің өзекті мәселесін ашып көрсету болса, ендеше біздің бүгінгі өмір сүріп отырған кезең және «өмір» атты театрдың кейіпкерлері – комедияның таптырмас қаһармандары. Өкінішке қарай, күлдіріп отырып, көңілінен жас сорғалататын шығармалар жоқтың қасы.

Тәуелсіз әдебиетімізде қазіргі заман кейіпкерлері аз емес. Алайда, соны көре білетін сезімтал режиссерлер болмай тұр. Біз күні бүгінге дейін аударма пьесалардан шыға алмай келеміз. Режиссерлер төл әдебиетімізде болып жатқан жаңалықтарға селқос қарайды. Мысалы, белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Шатыр астындағы Мен», «Мысықтар патшалығы» атты драмалары жаңаша леппен жазылған туындылар қатарында. Осы шығармаларды неге қоймасқа?! Бұлардың екеуі де сахнаға сұранып тұрған дүниелер. Режиссерін тапса, бұл пьесалар кез-келген театрдың репертуарын байытарына сенімім мол. Немесе талантты жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Әпке» драмасын алыңыз. Бұл пьеса да әлі күнге дейін өз режиссерін тапқан жоқ. Бізде мықты пьесалардың ортаңқол деңгейде қойылатыны жиі кездеседі. Бұл деген сөз – қоюшы режиссерлеріміздің шығарма тұңғиығына бойлау жағы кемшін дегенді білдірсе керек.

Бүгінгі күн тақырыбын көтерген пьесалар аз деп айтсақ күпірлік болар. Дегенмен, тың тақырыптар да аз емес. Мысалы, Желтоқсан көтерілісі жайлы сыр шерткен Ә.Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» пьесасынан басқа дүние көрмедік. Былтыр Желтоқсанға 30 жыл, әйгілі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл болыпты, алайда, қазақ драматургиясы да, қазақ театры да бұл туралы өз деңгейінде, өз мінберінде ештеңе демеді...

Иә, қазіргі ұлттық театрымызда заманауи тақырыпты, замандас бейнесін, бүгінгі күннің қаһармандарын, бүгінгі әлеуметтік мәселелерді сахнаға шығару жағы кемшін. Заманауи тақырыптағы пьесалар жазылып жатыр дедік, алайда бүгінгі күннің тақырыбын көтеру бір басқа, ал оны драматургияның шарттарына лайықтап жазу мүлде басқа дүние. Ол шығарманы режиссердің сахналауы деген тағы бір мәселе бар. Көкейкесті мәселелерді көтеретін драматургиялық шығармалар жазылғанымен, нәтижесінде көркемдік деңгейі төмен спектакльдер қойылады. Сахнаға шыққанымен, бір-екі маусымнан кейін-ақ репертуардан түсіп қалған қойылымдар аз емес.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары театр сахнасына жаңа тарихи формациямен бірге келген өзекті мәселелер спектакльдердің негізгі тақырыбына айналды. Әрине, бұл қойылымдардың көркемдік дәрежесі, идеялық мазмұны әр қилы. Драматург пен режиссерлер көз алдарында өтіп жатқан өмір болмысын өздерінше көрсетуге тырысады. Осындай шығармалардың басты кейіпкерлері негізінен ауылдан қалаға оқуға түсуді армандап келген қыз, ақша мен билікті аңсаған маңсапқор бастықтар, «жақсы», не болмаса «жаман» өмірден бұзылып кеткен жастар, нашақорлыққа салынып кеткен бір үйдің жалғыздары, т.б. Соңғы кездері діни мәселе, жат ағымға түсіп, Сирияға кеткен жастар мәселесі де драматургия тақырыбына айналып келеді. Ұзын сақал, қысқа балақтыларды сахнаға шығаруды біреулер дұрыс санайды, енді біреулер бұрыс санайды. Театр – өмір дейміз, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның мәңгілік тартысы дейміз. Театр – тәрбие орны дейміз. Ендеше қоғамда белең алған бұл құбылыстың театр сахнасына шығуы да заңды құбылыс. Одан шошудың керегі жоқ деп ойлаймын. Керісінше, көркемдік деңгейі жоғары болса, өнер деңгейіне көтерілген туынды болса, ондай шығарманы неге сахнаға шығармасқа? Одан пайда болмаса, зиян бола қоймас. Жастар мәселесіне, жастар тәрбиесіне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

Сондай-ақ, еліміздің театрлары коммерциялық пьесаларға көп баратын болды, арзан күлкі шақыратын, жеңіл-желпі қойылымдарға әуестеніп алды. Жеңіл-желпі ойын-сауықтық қойылымдар академиялық театрлардың төрінен орын алып қана қоймай, сонымен қатар жетекші орындарды иемденіп отыр.

Жалпы, бүгінгі күн тақырыбын анықтау, оны қисынды оқиғалар жүйесінде көркем суреттеу тек біздің елімізде ғана емес, көршілес елдерде де мәселеге айналған. Бұл өнер мен мәдениеттің қайнаған ортасы Ресейдің де зиялы қауым өкілдерін ойлантып отыр. Дегенмен, Ресей Федерациясының Театр Қайраткерлері одағы түрлі жобалар негізінде жан-жақтағы театрлармен, өнер адамдарымен (драматургтер, режиссерлер, актерлер, суретшілер, т.б.) шығармашылық қарым-қатынас орнатудың әдісін, жолын тапқан. Бұл әрине Ресей театрларының дамуына оң ықпалын тигізіп отыр.

Әрбір өскелең ұрпақтың ой-өрісінің, сана-сезімінің дамуына қарай тақырыптық, идеялық өзектілік тұрғысында өзгеріп отыратын драматургия түр, сапа, жанр жағынан да күрделене түсетіні белгілі. Сол тұрғыдан алғанда тәуелсіздікке қол жеткеннен бергі жиырма жылдан аса уақыт ішінде ұлттық драматургияның белгілі бір мәнді де мазмұнды арнасын байқаған жоқпыз. Сахналық солғын дүниелердің актерлік өнердің дамуына мүмкіндік бермейтіні белгілі. Индивидуалды ізденістің бәсеңдігі де, сюжеттік-ситуациялық негізде өрістейтін кейіпкерлер мінездеріне берілген трактовканың шектеулігі де осыған байланысты.

Біздің режиссерлеріміз заманауи қойылымдарды сахналауға қанша тырысқанымен, бәрінің жұмысы біркелкі, сол баяғы таптаурын, ескі дүние болып шығады. Ал шынайы өмірде дәуір тынысы мүлде бөлек. Бүгінгі өмірдің ырғағы да, жүйке-жүйесі де, жүрек соғысы да бұрынғыдан мүлде басқа. Бүгінгі өмір әлдеқайда қатал. Ал біздің бүгінгі режиссерлеріміздің жұмысының 1980-ші жылдардағы қойылымдардан еш айырмашылығы жоқ. Актерлердің сахнадағы ойыны да сол кезеңде қалып қойған. Осындай әртүрлі себептерге байланысты болар, мен көрген қазақ театр сахналарында жарқ еткен заманауи кейіпкер жоқ, бүгінгі күннің қаһарманы жоқ...

Бүгінде заманауи тақырыпқа жазып жүрген драматургтеріміз баршылық, дегенмен, көркемдік деңгейі жоғары пьеса тапшылығы деген мәселе әлі күн тәртібінен түскен жоқ.

Егер театр тарихына зер салсақ, онда театр өнері қай кезде де заманауи шындықты бейнелегенін көреміз. Бүгін біз үшін классикаға айналған шығармалар, мысалы, антикалық дәуірдегі Еврипидті, Аристофанды алыңыз, қайта өрлеу дәуіріндегі Лопе де Вега, Шекспир немесе классицизм дәуіріндегі, ағарту кезеңдеріндегі талантты драматургтердің шығармаларын алыңыз – бұлардың бәрі де өз уақытында сол кезеңнің өзекті мәселелерін сөз еткен драматургия еді. XIX-XX ғасырдағы немесе бүгінгі заманауи драматургтер де өз уақытының өзекті мәселелерін шығармаларына арқау етеді. Дегенмен, бүгінгі қазақ театрының көкейкесті мәселелерінің бірі – театрдың шынайы өмірден бөлініп, өзінше өмір сүруі. Бүгінде қазақ театрларының репертуарында тарихи тақырыптар, сентиментальды драмалар, коммерциялық комедиялар басым. Алайда театр актуальды болуы тиіс, бүгінгі өмірді көбірек көрсетуі шарт, көрерменге ой салу үшін өз уақытының өзекті мәселесін көрсете білуі керек. Бүгінгі театр сахналарынан көріп жүрген қойылымдарға қарап, біздің театрлар заманауи кейіпкерлерден гөрі, тарихи кейіпкерлердің өмірін жақсы білетін болғаны ғой деген ойға қаласыз. Бірақ жаңа компьютерлік технологияларды меңгерген, күнде, тіпті, сәт сайын виртуалды әлемге сапар шегетін бүгінгі көрермен үшін ондай театр қызықты емес.

Басты мәселе – бүгінгі уақыттың өзекті мәселесін көтеретін, заман тынысын шынайы суреттейтін, көркемдік деңгейі жоғары пьеса жоқ. Ал «бүгінгі заманауи кейіпкер қандай болуы керек?» деген мәселеге келер болсақ, ол тек «жағымды» немесе «жағымсыз» болмауы тиіс. Бүгінгі кейіпкер – өмірдің дәл өзіндей әрі күрделі, әрі қиын, сан қырлы болуы шарт. Ең бастысы, ол қарама-қайшылықтарға толы, тірі кейіпкер болуы керек. Өкінішке қарай, замандас драматургтер кескіндеген бүгінгі күннің қаһармандарына шынайылық пен жүрек соғуы жетіспейді.

III.Чеховты, Шекспирді әлем театрлары қойып жатыр. Біздегі драматургтардан кімдер әлемдік деңгейге шыға алады деп ойлайсыз?

Дулат ИСАБЕКОВ: Төлен Әбдіковтің «Біз үшеу едік» пьесасы шығуы мүмкін. Жалпы адамзаттық тақырып, ішінде ұлттық мәселе, қысқасы – адам жаны. Адам жаны барлығына бірдей ғой, ағылшында да, бәрінде. Қалтай менен Айтматовтың «Көктебедегі кездесуі», Оралханның «Құлыным менің». Қазіргілерден, өкінішке орай, көбісі сахналық проза, баяндау басым. Ал біздің батырлар туралы қойылымдардың оларға қажеті жоқ.

Қазақ қойылымдары шетелде қойыла ма деген сауалға біздің режиссерлер гастрольге барған спектакльдерді айтады. Иранға барды, Түркияға барды деп. Ол гастроль.

Төленге көңіл бөлінбей жатқан сияқты. бірақ оның көрермендері интеллект көрермендер болу керек. парасатқа құрылған шығарма ғой. Әуезов театрында жүріп жатқан «Ұлы мен ұры» деген пьесасы бар. Бұл да Төленнің философиялық тұрғыда жазылған пьесаларының бірі. Бірақ монологтары тым ұзақ. Қазіргі сахна оны көтермейді.

Сая ҚАСЫМБЕК: Бар мәселе - аудармаға тіреледі. Чехов пен Шекспирдің пьесалары әлем тілдеріне аударылу арқылы тез тарады. Өзге тілге аударма жасатып, оны сайттарға тіркеуге қазақ драматургтерінің мүмкіндігі жете бермейтініне көзім жетті. Бір ғана мысал; "Лифт" деген пьесамды орысшаға аудартып едім, өзбекстан театры сахналауды қолға алып жатыр. Егер, ағылшыншаға аударта алсам, еуропаға тарар ма еді? Содан түсінгенім; қазақ драматургтері өзге тілге аудартуға асықпаймыз. Әйтпесе, Роза Мұқанова, жас буын Қолғанат Мұрат т.б. драматургтердің пьесалары әлемге тез таралар еді деп ойлаймын. Әлем - қазақ драматургтерінен қашпайды. Тек, аудармасын таппайды.

Мерей ҚОСЫН: Қазіргі жаңадан қалыптасып келе жатқан жас драматургтер қатары Ықылас Шалғынбай, Әннас Бағдат, Қолғанат Мұрат, Айдана Аламан, Манарбек Қыдырбай, Шынғыс Маман, Айтуар Әлішер сияқты жастардың қай –қайссында да болашақта әлемдік деңгейдегі драматург атануларына жетерлік ішкі потенциалы бар. Әсіресе, Ы. Шалғынбайдың «Бекет» пьесасында уақытпен орнатқан терең диалог байқалады.

Мұрат ҚОЛҒАНАТ: Әлемдік өнер бизнесіне кімдер кіргісі келмейді дейсіз. Біздің дарынды қазақ жазушылары, драматургтер, режиссерлер, актерлерлар, суртешілер неге әлемдік сахнаға шықпай жатыр деген сұрақты да көтеретін уақыт баяғыда келді. Зерттеу инситтуттары керек. Мен қазақтың әдебиеті мен театр өнерін елестеткенде, лаулаған оттың ортасында, қайнап жатқан қазаның ішінде күйіп отырған шығармашлық адамдарды көремін. Бізге әдебиет пен театрға кәсіби менеджер мен продюсерлер керек. Осы адамдар арқылы ғана әлем сахнасына шығуға болады.Бізде Қазақстанда кино режиссерлар ғана шетелдегі кинофистивалдерге көп барып қатысады. Туындылары әлемдік кино өнерімен терезесі тең болғандықтан жүлделі орындар алып келіп жатады. Ал, драматургия мен әдеиетте ше. Үнсіз тыныштық. Отта қайнаған қазан. Осы жағын ойлану керек сияқты. Менің білетінім драматургияда Дулат Исабеков пен Рақымжан Отарбаев ағалармыздың еңбектері ара тұра шетел театрларында сахналанады. Бұлда болса көңілге демеу. Еуропа жұртына қазақ деген елдің мәдениетін өмірлік философиясын таныстырып жатыр бұлда жақсы. Ақшаның күшімен кітаптарына аударма жасатып алып мені шетелде оқып жатыр деген шығармашылық адамдардыда көріп жүрміз. Шыныменде оқып жүр ме?! Әлемдік продюсерлердің нарығына өтуге талпының еңбек етіп жатқан жазушы ағаларымды білемін және құптаймын. Қазақтан шыққан жазушының кітапі жүз мыңдаған тиражбен шетелде сатылып жатса керемет емес пе. Қазанда бізбен бірге күйіп өртеніп отырғанша. Бізде терең шығармалар бар және әлемдік нарыққа шығатынына сенемін.

Сәуле ӘБЕДИНОВА: Жазушы Тұрсынжан Шапайдың «Әлемдік алма» деген әңгімесі есіме түсіп отыр: «Біз – өзіміз үшін емес, сырттағы біреудің ықыласы мен назары үшін күн кешіп жүргендейміз...» дейді.

«Әлемге танылу» деген тіркесті мен де ұнатпаймын. «Әлемдік деңгей» деген – шартты түсінік, жалпылама ұғым. «Әлемдік деңгей» деген абстракцияны меже деп бекітуге болмайды. Әлемдік деңгей деген не? Жалпы адамзатқа түсінікті болу. Түсінікті болып қана қоймай, таңғалдыру, тамсандыру, танылу. 25 жыл бойы «әлемге танылуымыз керек...», «әлемге танытатын жоба болады...», «әлемге танылдық...» деген бір комплекс пайда болды. Сөйтіп, «ғаламдық жобалар» ұйымдастырып, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей «жыртылып» жүргенімізде жалғыз Димаш шықты да, бүкіл Қытайды, одан қалды, Ресейді, Еуропаны, Американы дүр еткізді. «Димаш» деген «жобаға» миллиондаған шығын кеткен жоқ. Димаш өзі де танылу үшін, Қазақстан деген ел барын таныту үшін орыс немесе ағылшын тілінде сөйлеп, «жыртылған» жоқ. Қаршадай бала өзімен-өзі болды: өз тілінде сөйледі, өз бойындағы бар өнерін көрсетті... Мұны не үшін айтып отырмын? Өзіңмен өзің бол: өз тамырыңнан ажырама, өз табиғатыңнан айырылма. Сонда сен әлемге қызықсың. Тағы да сол Тұрсынжан Шапайдың бір сөзі есіме түсіп отыр: «Мен анық білем – барша қазақ тегіс қазақ тілінде сөйлеген күні әлем бізге өзі келіп сәлем береді. Сіздің аңсаған, зарыққан, шөлдеп өлген «деңгейіңіз» – тойымсыз мақтанқұмарлығыңыздың көмейін өзі келіп тығындайды. Абайды сізден сұрамайды – Абайды өзі тауып алады да, көкейіңізді жегі құртша тескен әлемдік биікке өзі алып кетеді. Бірақ, алдымен, өзіңді өзің құрметтемей, ондай құрмет сізге жоқ...» дейді.

«Тургенев пен Толстойды, Достоевский мен Чеховты шет тілге орыстар аударған жоқ. Бізді мақташы деп, ешбір орыс ағылшын мен французға, немесе неміске жалынған жоқ. Жапондар да ешкімге ештеңесін зорлап тықпаламады – әдебиетін, басқасын былай қояйық, қазір әлем олардың икебана, шай рәсімі сияқты «ұсақ-түйектеріне» дейін қызықтайды. Неге? Себебі – орыс күшті, жапон – мықты. Өзіндігі мықты. Ең алдымен, өзін жақсы көреді. Алдымен – Өзі, сосын – Әлем. Олардың өзіндігі, ең алдымен, олардың жаппай өз тілінде сөйлеуінен көрінеді» дейді.

Ал біз ше? Әлемдік деңгейге көтерілеміз деп ағылшынша, қытайша сөйлеуді мәжбүрлеп жатыр. Тіпті, «шаш ал десе бас алатын» мінезімізден бе, театрларымыз ағылшын тілінде, түоік тілінде спектакльдер қоятын болды.

Сіз айтып отырған Чеховты қазақ орыстардан асырып, Шекспирді ағылшындардан асырып қоя алмайды. Ал, жарайды, асырып қоятын бір гений режиссер туды делік. Бәрібір Чеховпен орыстарды таңғалдыра алмайсың, өйткені олар Чеховты жатқа біледі, «Ваня ағайдың» немесе «Әпкелі-сіңлілі үшеудің» мыңын көрген... Сол сияқты, ағылшынша «сақауланып сөйлеп», Шекспирді қойып, ағылшындарды таңғалдыра алмайсың. М.Әуезов театры Белорусь жерінде «Бейбарыс сұлтанды» ағылшынша, Қ.Қуанышбаев театры «Абылайханның арманын» Түркияға барып түрік тілінде қойды. Осы қаншалықты дұрыс болды? Түріктердің өздері Д.Рамазанды түрікше сахналап жатса, гәп басқа. Немесе ағылшын театры Д.Рамазанды ағылшынша сөйлетсе, шапкамызды аспанға атар едік-ау... Өмірде өзге тілдерді меңгереміз деп «шатымыз айырылып» жүргені аздай, енді өз актерлеріміздің мәтінді ағылшынша не түрікше жаттап, спектакль қойғандарын ақылға сыйдыра алмадым. Олар сахнада образды ойлай ма, мизансценаны ойлай ма, мәтінді ойлай ма, ағылшын тілінде дұрыс сөйлеуді ойлай ма? Олардың өзге тілде акцентпен, қате, сауатсыз сөйлейтіні – айтпаса да түсінікті. Сол тілдерімен кімді таңғалдырады? Ағылшынды ма, әлде түрікті ме? Одан да сапалы аударма жасауға ден қой, ақшаны аяма. Спектакльді жақсылап қой. «Сдачаға» білгір мамандарды шақыр, сынды көтере біл, ескертпелермен жұмыс жаса. Қырып-жонып, тазала... Кез-келген театрда аударма тыңдайтын «құлақсым» береді, спектакльді, өзге тілге аударылған мәтінді жатқа білетін өз «дикторыңа» оқытқыз. Содан кейін «қазақ тілінде» қойылған «Бейбарыс сұлтанды» немесе «Абылайханды» түсінбесе, маған кел. Драматургия мықты болса, аударма мықты болса, спектакль мықты болса, өз сахналарында қоюға өзгелер де қызығушылық танытады. Екіжақты келісім негізінде ұсыныстар айтып, жұмыстар жүргізу де – театр басшысының іскерлігіне байланысты.

Бірді айтып, бірге кеттім, білем. «Әлемдік деңгейге шығу» деген сұрағыңыздан туындаған ойлар ғой... Чехов пен Шекспирді әлем театрлары қойса, ол осы елдердің мықтылығынан. Осы драматургтардың мықтылығынан. Қазақ драматургиясын, театрын олармен салыстыруға мүлде болмайды. Орыс театрының тарихы 350 жылды қамтыса, ағылшын театрына 5-6 ғасыр... 26-27 ғасырлық тарихы бар ежелгі Грек, ежелгі Рим театрлары, Софокл, Эсхил, Эврипидтер туралы айтпай-ақ қояйық... Ал қазақ театрына неше жыл? Былтыр 90 жылдығын тойладық. 1 ғасырға да жетпейді!.. Жазба әдебиетіміздің тарихына орай, драматургиямыз кешегі өткен Әуезов пен Мүсіреповтерден басталады. Яғни, әлемдік меже тұрғысынан қарайтын болсақ, қазақ театры, қазақ драматургиясы – әлі бала... Неге ағылшын драматургиясы немесе орыс драматургиясы әлемге, әсіресе бізге – қазақтарға әйгілі? «Әсіресе, қазақтарға әйгілі» дегенім – иә, Шекспирге гәп жоқ, әлем сахналарында Шекспирді қоймаған ел жоқ шығар. Оның себебі бар: біріншіден, олардың жазба тарихы, драматургия, театр тарихы әріге кетеді. Екіншіден, батыс елі қай жағынан да дамыған, үстем ел. Ағылшын тілі әлемге өтімді. Сол сияқты, Ресей империясы да – тарих сахнасында үстемдік құрған ел, орыс тіліне әлі де тәуелдіміз... Шекспирдің өзін орыс тілінен аудардық... Қазақ әдебиетшілері, Абайдан бастап, бүгінгі жас әдебиетшілерге дейін – орыс әдебиеті бар, шығыс әдебиеті бар, батыс әдебиеті бар – бәріне қызықты, оқыды, жаттады, аударды. Өзін білімді ақынмын, жазушымын, драматургпын деп есептейтін қазақ әдебиетшілерінің кез-келгенінен, ұйықтап жатқан жерінен Аристотельді, Софоклды, Шекспирді немесе Чеховты, Островскийді, немесе Кобо Абэні, Акутагаваны, Муракамиді сұраңызшы, өмірбаянымен қоса, кемінде үш шығармасын, бес цитатасын жатқа айтып береді. Яғни, өз әдебиетін, өз мәдениетін, өз тілін дәріптеген елді өзгелер де іздеді, қастерледі.

Қазақ әдебиетін кім керек етіп жатыр? Қай ел оқып, қай жұрт «Қазақтың 100 шығармасы» деп мемлекеттік бағдарламамен аударып жатыр? Өзгені былай қойып, өз еліміз өз әдебиетімізді өзге тілге аударуға қаншалықты мүдделі? Ал аудармалардың сапасы – басқа әңгіме... Өзге түгілі, өз еліміз ақын-жазушылардың шығармаларын қаншалықты керек етіп жатыр? Мектептерде, жоғары оқу орындарында қалай оқытылып жатыр? Қазақ әдебиетін оқыту былай тұрсын, оқу бағдарламасында қалу-қалмауы екіталай күн туды...

Бір ғана мысал, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында біз оқыған жылдары «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Әлем әдебиетінің тарихы» деген пәндер оқытылатын. Бүгінде ол пәндер қысқарған. Ал әдебиетті терең оқып-білмей жатып, қалай театртанушы немесе жазушы-драматург болмақ?

Рас, Бейбарыс сұлтанмен, Абылайханмен, Абаймен, Шоқанмен әлемдік деңгейге шығуға мүмкіндігіміз бар. Сахналық образын көркемдеп жасай алсақ, қазақ драматургиясын сіз айтып отырған «әлемдік деңгейге» шығарып беретін қазақ әйелдерінің бейнелері де аз емес. «Қыз бен жігіт жеті атаға жетпей қосылса – өлім» жазасына кесілген жазылмаған заңының өзі – қазақты әлемге танытатын тақырып. Немесе, «Қодар – Қамқа» оқиғасын алыңыз... Осы тақырыпты көтерген, мысалы, «Еңлік Кебек», «Қарагөз» пьесалары немесе «Абай» – көркемдігі, драматургиялық құрылымы, сюжеті, образдарының жасалуы жағынан Шекспирден де, Чеховтан да кем емес. Бірақ біз «көтерілсек» деген «әлемдік сахна» оларды керек етпейді, өйткені мемлекет ретінде, ұлт ретінде біз ешкімге қызық емеспіз. Дамушы елміз. Ұлт ретінде ұлттық ерекшеліктеріміз арқылы қызықтыруға мүмкіндігіміз мол, бірақ сол ерекшеліктерді көрсететін көркем туындылар өзге тілге қалай аударылған?..

Тағы бір жайтқа тоқталмай кетпесек, болмас.

Шекспирден басталған ағылшын драматургиясын Әуезовтен басталған қазақ драматургиясымен салыстыруға болмайтынын айттым. Ал драматургтерді оқыту бізде қашан басталды? Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1994-шы жылы басталды. Небәрі 5-7 орын беріледі. Олардың бәрі драматург болып кетпейді. Неге? Себебі, драматургия жанрының өзіндік ерекшелігі бар. Қиын жанр, күрделі жанр. Драматургтың жолы да ауыр. Пьеса жазу үшін қанша ой, қанша уақыт, қанша күш жұмсайды. Жазған дүниесін театр қабылдай ма, қабылдамай ма – ол да мәселе. Қабылдап алып, сахнаға шығара ма, шығармай ма – ол да белгісіз. Бүгінгі көкейкесті тақырыпты жазып, оны театрға ұсынып, театр ол шығарманы сахналаймын дегенше арада бәленбай жыл өтіп кетеді – өзекті деген тақырыбыңыз ескіріп кетуі де ғажап емес... Сахнаға дер кезінде қойылған күннің өзінде драматургтың алатын қаламақысы қандай? Қазақта «битін сығып, қанын жалап жүр» деген сөз бар. Сөйтіп жүріп, қалай 40-50-ге келгенін байқамай қалады. Сондықтан драматург боламын деп келген жастар, осындай мәселелер, кедергілер алдынан шыққан соң, табысы да жақсы, тез танылуға да қолайлы телевизия, радио, кино жағына кетеді. Сондықтан Дулат Исабеков, Сұлтанәлі Балғабай, Смағұл Елубай сынды драматургтеріміздің бар білетінін алып қалуымыз керек, солардың ізін жалғастыратын жастарды көбірек оқытып, оларға барынша мүмкіндік жасауға тиіспіз. Әйтпесе, қазақ драматургиясы саласында ұрпақ сабақтастығы, дәстүр жалғастығы үзілейін деп тұр...

Бір сөзбен айтқанда, қазақ драматургиясының дамуы да, әлемдік аренаға шығуы да – ішкі-сыртқы факторларға байланысты. Сан бар жерде – сапа болады. Халқымыздың саны аздығы – барлық салада артта қалуымыздың, бүкіл мәселеміздің басты себебі. Азбыз, сол себепті нарық жоқ, бәсекелестік жоқ, даму жоқ.

IV.Бүгінге дейін қазақ драматургиясына қалам тартып жүргендер авангардтық шығармалар жаза алды ма?

Дулат ИСАБЕКОВ: Бізде оның шекарасы бөлінген жоқ. Бәрі аралас. Жастар енді-енді шығып келе жатқан сияқты. Алдында менің бір шәкіртімнің шығармасы қойылды. «Бақыт кілті» деген. Соларда бір жаңа ой, жаңа тұрпаттағы пьесалар бар сияқты. Жастар бір-екі пьеса жазады да, жоғалып кетеді. Себеп не? Чеховтан көп нәрсе үйрену керек, оны ұстазым деп есептеймін. Дәлдікте, қысқалықта, нұсқалықта, астарлы сөйлеуде алда. Тікелей сөйлегенді ұнатпайды. Мысалы, апалы-сіңлілер туралы пьесасында дуэлге кетіп бара жатқан апаларына «мен де сендермен бірге барғанда ғой» дейді. Сонда «әттең, сен дайындаған кофені іше алмай кетіп барамын» деп жауап береді. Осы сөзден оның өлетінін білесің. Біздің жастарымыз да осылай жазса деп ойлайсың. Бізде әлі де маңдай ұрғандай, төтелеу болып келеді. Ситуация әбден шегіне жеткен кезде, сұрақ көп, жауап жоқ. бірақ түсінікті. Сол кезде кейіпкердің айтатын сөзі: «Дәл қазір Африкада қапырық шығар, ә...» Тіпті, басқа нәрсе.

Сая ҚАСЫМБЕК: Бүгінгі көрермен – талғампаз. Көңілінен шықпаған дүниені баспа беттері мен интернет желісі арқылы тез таратады. Сізге әдеби һәм театр сыншысының керегі шамалы. Олардың орнын - көрермен сыны басып кеткен. Интернет желіден туынды жайлы кері пікір жазылса, ол дүние сәтсіздікке ұшырады дей беріңіз. Авангардты пьесаларды жеке театрлар көп қоюда. Неге?! Демек, авангардты пьесаларды қойғаннан ұтылмайды. Шығынын ақтайды. Театрлардың арасында бәсеке туындауы керек. Қай пьесаға көрермен көп келеді? Соған мән беріп, сол автормен тығыз байланыста болып, жаңа бағытта жазатын авторларды іздеуі керек. "Мені құртқан көкшолақ" демекші, театрларды сорлататын "жоспарлы айтулы күндер". Белгілі мерекеге, не, пәлен жылдығы аталып өткелі жатқан тұлға айналасында тапсырыс арқылы жазылатын пьесалар легінен көз аша алмайсың. Қарсы емеспін. Бірақ, жүректен жарып шықпаған дүние, тапсырыспен мәйекті бола алар ма екен? Уақыт талабы - авангардты туындыны талап ететіні жасырын емес. Ол дұрыс. Бірақ, кешегіміз бен бүгінгімізді қатар шапқызамыз деп жүріп, ұлттық руханиятымыздан айырылып қалмайық. Әр драматург – қоғам алдындағы жауапкершілікті жүрегімен қабылдау арқылы шындық туындырған кезде, еш формаға жалтақтамайтын пьеса туындайтынына сенемін.

Мерей ҚОСЫН: Әрине, Менің ойымша осы «Бекет» пьесасы мен Әннас Бағдаттың "Бақтан өткенде” шығармаларында әрі Қолғанат Мұрат пен Айдана Аламанның да пьесаларында авангардтық бағыттың ықпалы бар.

Мұрат ҚОЛҒАНАТ: Драматругияға классикалық үлгіден өзгеше авангардттық стильмен келіп жатқан драматургтер баршылық. Көбі әлемдік мәдениет пен әдеиттен хабары бар көзі ашық жастар. Олардың да шығармасынан бүгінгі сіз бен біздің өмірімізді көруге болады. Ал сапасын уақыттың өзі іріктер. Күтіңіздер қазақ әдебиетін үлкен тасқын келе жатыр. Біраз адам жұтылып кетуі мүмкін...

Сәуле ӘБЕДИНОВА: Бүгінге дейінгі драматургтер, мысалы, Әуезов, Мүсіреповтер жазды, әрине. Ал бүгінгі дарамтургтер жаза алды ма десеңіз, оған күмәнім бар. Нано-технология ғасырының екпіні, заман ырғағы өзге салаларда етек жайғанымен, театр босағасынан әлі сығалап үлгере қойған жоқ. Публицистикалық сарын, интеллектуализм бүгінгі драматургияның негізгі белгілеріне айналған сыңайлы. Бір жағынан театр демократиялана түскендей көрінгенімен, цензура үстемдігі де байқалады. Соның нәтижесінде жекелеген адамдарға ода айту, мадақ арнау да өнердің өзге салалары сияқты, театр сахнасында да тамыр жайып үлгерді. Алайда бүгінгі қазақ драматургтерінің шығармаларынан авангардистік тәжірибелерді көп аңғара қоймаймыз. Көбінесе жалаң декларацияға құрылған, құрғақ пафосқа айналған публицизм басым. Интеллектуализм бүгінгі драматургияның бір белгісі десек те, шынайы тереңдік, парасаттылық, ойшылдық әрбір шығармада аңғарылады десек, өтірік айтқан болар едік. Бүгінгі интеллектуализм – жаттанды хрестоматиялық ұғымдарды толғаумен, драматургтың стереотипті философиясымен шектеледі. Қазіргі қазақ драматургиясында ішкі тартысты, сыртқы конфликтіні, психологиялық терең иірімдерді беру тәсілдері, негізінен, декларативті сипатта болып отыр.

Бұл да уақыт сыны деп бағамдайық. Драматургтер дәуір тынысын өрнектейтін өткір тілдің кілтін табады деп сенейік.

V.Қазақ әдебиеті үшін драматургия жанры жас жанрлардың бірі болып саналады. Осы олқылықтың орнын тым болмаса, инсценировкамен толтыруға бола ма?

Дулат ИСАБЕКОВ: Болады, бірақ ол драматургияға жатпай қалады. «Когда театр голодает, обращяется к прозе». Орыстар Распутинді, Трифоновты алады, Тендряковты алады, сөйтіп пьесаны қоя береді. Біздегі режиссерлер «драматургия жоқ» деп айқайлай береді. Біздің бір Мұхтар Әуезовтың шығармалары бірнеше онжылдықтарға азық бола алады. Сондай нәрселерді алып қоя беру керек. Қазақ әңгімелері өте керемет. Біздегілер дайынды күтіп тұрады. Неге біздің драматургия әлемдік деңгейге көтерілмей жатыр? бұл өте үлкен сұрақ! Себеп не? Білім жетпей ме, қабілетіміз жетпей ме? Бәрі бар сияқты. «Драматургия және режиссура» деген тақырыпта дәрісім бар. Режиссер мықты болмай, драматургия мықты болмайды. Театртану мықты болмай, драматургия мықты болмайды. Бізде Әшірбектерден кейін театртану жоқ десе де болады. қазіргілер рецензенттер. Бүгін театрды, ертең ауылшаруашылығын жазып кете салатын қыздар мен жігіттер. Ал Мәскеуде ондай емес. Маманданған журналистер. Кино бөлек, драматургияның журналисі, саясат, экономиканың журналистері бөлек. Арнай дайындалады. Чехов пен Гоголь керемет үлгі болады. Гогольдің кезіндегі режиссура қандай, Чеховтың кезіндегі режиссура және қазіргі кездегі режиссура қандай? Режиссура өзінің негізгі кредосынан, мақсатынан айнып қалған сияқты, талап төмендеп қалды. Гогольдің «Ревизоры» шыққан кезде, шу болды. Орыс критикасы жамандап жатып, жынды қылып жіберді ғой ақырында. Сонда Гоголь патшаның, жұрттың сынына қарай «Ревизорын» сәл жұмсартқан. Сол нұсқаны шетелде жүріп, театрға жіберген. Мочалин Гогольге хат жазды. Сіз мына шығарманы неге құрттыңыз? Маған сол Городничий керек. сіздің жаңадан жазған Городничийіңіздің маған түкке де керегі жоқ. не істесеңіз ол істеңіз, мен сол бірінші варианттағы Городничийді ойнаймын. Сіз оған араласпаңыз деген. Художник актерлер бар. Бізде бар ма? Жоқ. Чеховтың «Чайкасы» құлады. Любимов деген ең бір жақын досы, ақын, актер спектакль құлап, көңіл күйі болмай, жұрттар шығып кетіп, газеттер шуылдап жамандап жазып жатқанда, Чеховке келіп: Мен саған бір ақыл айтайын ба? Сен енді пьеса жазбай-ақ қой. Сенің қолыңнан пьеса жазу келмейді. Сен жақсы жазушысың, бірақ драматург емессің деген. Сонда Чехов: Жазушы да, драматург те емеспін, мен дәрігермін деген екен. Тағы бір талқылау кезінде Чехов: «Медицина – моя профессия, литература – любовница» деген ғой. Бізде сондай режиссура бар ма? Толстойдың «Живой труп» (Тірі өлік) жазылады дегенді естігенде, режиссерлардың барлығы соңына түсті. Толстойды кім бірінші қояды? Олар шығарманы оқыған да жоқ. сөйтіп малый театр бір жағына кетті, МХТ бір жағына тартып, ақыры сахнаға шығарды. Толстой өзіне таласып жатқанын білмейді. Ол көрді де, онша ұнатпады. Толстой Шекспирдің шығармасын тіпті жек көрген адам. «Әлем театрлары Шекспир шығармаларынан құтылған күні драматургия жөнге түседі» деп жазған адам ғой. Чехов екеуі сөйлесіп отырғанда: Сіз сондай қатты сын айттыңыз. Ал менің шығармаларым қандай дегенде, Сенің шығармаларың да оңып тұрған жоқ деген ғой. Сонда Ольга Книпперге(көңілдесі, кейіннен әйелі болған) айтатыны: тыңда, Толстой «Воскресенье» деген тағы да бір роман жазып бітірді. Сен неге әлі кішкентай әңгімелер жазасың? «Шенеуніктің өлімі», тағы да ұсақ-түйек. Неге Толстой сияқты үлкен роман жазбайсың? Чеховтың айтқаны: сөйтсе? Толстой үлкен төбет, ал мен кішкентай төбетпін. Үлкен төбеттердің үргенінен кішкентай төбеттер үндемей қалады дейсің бе? Мен де өздігімше үремін. Сол секілді біздің шығармашылықтың адамдары да ішкі потенциалдарына үңілулері керек. Неге қабілеті бар? Бізде әншілер де сол. Ішкі қабілетпен есептеспейді. Дауыс ырғағы қандай, халық әнін айтуға келе ме, Гауһартасты айтуға келе ме? Сол сияқты әдебиетте де, драматургияда да сондай. Өзінің шамасы келетін тақырыбы болуы керек, жазушының өзінің табиғатына сәйкес немесе тақырыпты өз ішкі жан дүниесіне сәйкестендіріп алу керек. Шығармада автор көрінбеу керек. бізде шығарма бір бөлек, автор бір бөлек болып кететіні содан. Потенциал мен талғам үйлеспейді. Тұтасып кетуі керек. Тәж Махалды салған ұлы сәулетші туралы аңыз бар емес пе? Түсінде сол сәулетті көреді, салайын десе ақшасы жоқ, сонымен жер аралап кетеді. Сол кезде Бабырға жолығады. 17-18 жасар ғашық жары қайтыс болған. Сонда патша ұнамаса, басыңды аламын, ұнаса да басыңды аламын дейді ғой. Салып бітірген соң патша келіп қараса, бір жерінен су тамшылап тұр дейді. Патша мені мазақ қылғаның ба, басыңды аламын дегенде, күн райы бұзылып жаңбыр жауып тұр, бұл жерден басқа кезде су ақпайды. Тек күн жаңбыр болғанда ғана ағады. Ол сіз бен ғашығыңыздың көз жасы деген екен. сонда патша шынында да ұлы сәулетші екенсің дейді. Бірақ басын алады. Өнер үшін осындай құрбандыққа баратын адамдар бар ма? Жапон әдебиетінің классигі Акутагава, әкесіз өскен, шешесі жынданып кеткен. Нағашысының қолында тәрбиеленіп, соның тегін алған. 35-ақ жас жасаған сол жазушы өмірдің мәнін іздеумен өтті ғой. Таба алмады, өмірдің құпиясын аша алмады. «Тозақ оты» деген әңгімесі бар. Сюжетінде бір суретші болады. Сурет өзінің кәсібі, әрі өзі де жақсы көреді. Жалғыз қызы болады, шешесі жоқ, өзі ғана тәрбиелеп өсірген. Бір күні император бұны шақырып алады да, тозақ деген не өзі, сен соның суретін салып бере аласың ба дейді. Тырысайын дейді. Ананы салады, мынаны салады, отты салады, жалынды салады, бірақ оның бәрі де үйреншікті көріністер. Адам жаны қалай шырқырайды, императордың керек қылып отырғаны сол. Басқа бір әйелдердің суретін салады, болмайды. Сонымен император өзіңнің қызыңды отқа сал дейді. Сонда қайғырып, амал жоқ, искусство үшін салып қарайды. Император керемет деп мақтайды. Бірақ суретші артынша асылып өледі. Міне, өнер үшін адам қандай құрбандықтарға барады! Өнердің құдіреті сол. Шын өнер иесі болатын болса, осылай. Ал олай болмаса, Президент жайлы мақала жазады, поэма жазады. Енді отқа түсетін заман XIX ғасырда өтіп кетті ғой. Біз қазір тәжірибені итке, мысыққа жасаймыз. Ал олар өздеріне жасаған. Пастер, мысалы, өз баласына еккен. Өліп қалуы мүмкін. бірақ содан кейін қызылша сияқты аурулар жоғалды ғой. Тургеневтің романдарындағы Базаров. Адамдарды обадан құтқару үшін дәріні өзіне егеді ғой. Көп дәрігердің тағдыры солай болды ғой. Қазір ондай бар ма? Өнердің алтын ғасыры өтіп кетті дейтініміз осы. Баяғыда Асқар Сүлейменов айтушы еді, егерде Әбдіжәміл, Тахауи, Әнуар Әлімжанов үшеуі кездесіп қалса, біреуі «міне, мына жерде үлкен құз. Әдебиет үшін құздан кімде-кім құлайтын болса, соның әдебиеті өркендейді, өзі де аман қалады, халқы да аман қалады. Кім құлайды?» дегенде, Нұрпейісов дәрігерден анықтама алып келіп, құлауға шамам жоқ, мен ауырып жатырмын дейтін еді. Тахауи: ертең мен Бакуге барып баяндама жасауым керек еді, оған бара алмаймын дейді. Қалбалақтап Әнуар Әлімжанов баратын еді деуші еді...

Сая ҚАСЫМБЕК: Бұл сұраққа түбегейлі қарсымын. Бізде, драматургтер жеткілікті. Тек, театр табалдырығынан аттай алмай сорлауда. Театрлар, жаңа авторға, жаңа туындыға қаламақы төлегілері келмейді. Белгілі драматургтердің қаламақысын төлеуден қашады. Сонда қалай?! Шаштаразға барсаңыз, шашыңызды қиғаны үшін ақша алады. Ал, драматург, жүрегін жарып шығарған дүниесін театрға тегін беруі керек пе?! Бұл мәселені Роза Мұқанова әрдайым көтеріп жүр. Мен қолдаймын. Автордың дүниесіне құрметпен қарап, лайықты ақшасын төлеген кезде, драматургтерде қызығушылық пайда болып, драматургия арасында бәсеке ұлғаяды. Бұл жағынан келгенде, драматургтің еңбегін жерге соғу арқылы - драматургияны сорлатып жатыр. Әрине, баспадан шығып қойған прозаны өңдеп қою, театрға тиімді. Ақша төлемейді. Одан қала берді, белгілі жазушылардың атының өзі неге тұрады?! Қалай алғанда да, инсценировкада нақтылы драматургиялық заңдылықтан ауытқып, оқиғаны қаракетпен (би, ән, сайыстар т.б.) арқылы дамытып ұсынады. Кей кезде, театр мен драматруг - бір-бірімен кездеспейтін ай мен күнге ұқсап кетеді. Пьесасын лайықты өткізе алмай жүрген драматургтерге мойын бұрса, инсценировканың қажеті болмас еді.

Мерей ҚОСЫН: Инсценировка ретінде жазылған пьеса мен төлтума пьесаның дүниеге келу жолы екі басқа. Бірақ дегенімен де өте жақсы дайындалған инсценировканың да сахнаға жаңа қозғалыс әкелуіне мүмкіндігі бар деп ойлаймын.

Мұрат ҚОЛҒАНАТ: Әрине, режиссер мол фантазияның иесі болса романды қойып миф пен аңызданда керемет спектакль қойып шыға алады. Театрға кірген қай шығармада режиссерге тәуелді. Драматург жоқ деп зарлай бергенді қойып Болат Атабаев айтпақшы көзәйнектің үстінен көзәйнек киіп алып іздену керек. Осы кезде барып көшпелі түркі халқының мол қазынасы ашылады. Идея бар жерде жазатын адамда табылады қашанда.

Сәуле ӘБЕДИНОВА:

Әрине, болады. Ал енді жаңа инсценировкалар бар ма деген сауалға келсек, күмілжіп қалатынымыз рас...

Құрылымы өзгертілген шығарманың, яғни, проза немесе поэзия жанрында жазылған туындының драма жанрына орайластырып өзгертілуі, ол шығармалардың театр сахналарында табысты жүруі инсценировканың да қойылым ретінде жүруге қақысы бар екендігін дәлелдеді. Проза немесе поэзия заңдылықтарына құрылған шығарманы театр заңдылықтарына сәйкестендіре отырып өзгерту оңай емес. Прозадан пьеса жасау – білім мен шеберлікті, көп еңбекті талап ететін машақатты жұмыс. Пьесаның прозадан айырмашылығы – әрине, мәтіннің құрылымында: пьеса, негізінен, кейіпкерлердің диалогына құрылса, проза баяндау, әңгімелеу тәсіліне тәуелді.

Мысалы, орыс прозасы ХІХ ғасырдың басында сахнаға шықты. 1803 жылы Н.М.Карамзиннің «Бедная Лиза» повесін В.М.Федоров «Лиза, или следствие гордости и обольщения» деген атпен сахналады. Пушкиннің көзі тірісінде оның поэмалары, өлеңдері және повестері қойылды. «Ревизор» жазылмай тұрып Каратыгин өз бенефисінде «Вечера на хуторе близ Диканькиді» қойды. Пушкиннің повестеріне, Гогольдің, Тургеневтің, Гончаровтың, Толстойдың, Достоевскийдің романдарына көптеген театрлар жүгінді. Орыс театр сахнасында революцияға дейін қойылған көптеген спектакльдер кеңестік кезеңде де сахнадан түскен жоқ. Мысалы, Вахтангов Толстойдың («Сказка об Иване-дураке»), Чеховтың («Злоумышленник», «Егерь», «Длинный язык», «Верочка») шығармаларына жүгінді. Мемлекеттік академиялық драма театрында 1920 жылдары Ф.Достоевскийдің («Идиот», «Преступление и наказание»), И.А.Гончаровтың («Обрыв») романдары сахналанды. М.С.Нароков Кіші театрда Т.Успенскийдің екі шығармасының («Вастеряева улица», «Разоренье») желісімен «Вастеряева улица» инсценировкасын жасады. МХАТ-та Достоевскийдің «Дядюшкин сон», Л.Толстойдың «Воскресение», «Анна Каренина», Гогольдің «Мертвые души» прозалық шығармалары сахналанды. Сонымен қатар, шетел классиктерінің шығармалары да әлем театрларының сахналарында табысты жүрді – «Париж» (Э.Золя), «Овод» (Э. Лилиан Войнич), «Дон Кихот» (Сервантес) орыс театрының да, шетел театрларының да репертуарынан берік орын алған туындылар болды.

Бұдан байқайтынымыз – драматургияның өзге де жанрлары сияқты (драма, комедия, трагедия, фарс т.б.), инсценировканың да театр сахнасынан мызғымас орын алғанына екі ғасырға жуық уақыт болыпты. Солай бола тұра, кейбір театр қайраткерлері, әдебиетшілер прозалық шығармаларды сахналаудың дұрыстығына күмән келтіреді. «Бұл қаншалықты заңды? Нәтижесі қандай болмақ?..» деген сауалдың төңірегінде пікірлер екіге жарылады. Жалпы, инсценировка төңірегіндегі дау-дамай кеше немесе бүгін пайда болған мәселе емес. Театр сахнасында прозалық шығармалар қойыла бастаған кезден бастап қоғамда әртүрлі қарама-қайшы пікірлер қатар өрбіген.

Орыс театрының тарихында инсценировкалық қойылымдарға сараптама жасауға, театр жұмысына пайдалы кеңес беруге талпынғандар аз болмаған. Солардың бірі М.Волошиннің пікірінше, бүкіл орыс өмірінің трагедиялық ахуалы тек романда жақсы суреттеледі. Бір қызығы, дәл сол жылдары Немирович-Данченко да «нағыз трагедия драмада емес, романда бейнеленген» деген ой айтқан. Ал Станиславский: «Достоевскийсіз болмайды. Қалай екенін білмеймін, бірақ біз Достоевскийді сахналауымыз керек» дейді. Ю.Соболев оның бұл ойын: «Достоевский нағыз трагедияны көрсетеді, ал театр трагедияға сусап отыр...» деп түсіндіреді.

Қазақ театрының тарихында инсценировка мәселесі тиісті дәрежеде зерттелмеген тың тақырыптардың бірі. Драматургияның өзге жанрларына қарағанда, инсценировка көп жағдайда қарама-қайшы пікірталастардың тууына себеп болып жүр. Бірінші топ автордың (немесе оның заңды мұрагерлерінің) келісімінсіз шығармаға қол тигізуге болмайды деп есептейді. Екінші топ автордың идеясын, туындының мақсатын, көркемдік-идеялық мазмұнын бұзбай, сахнаға лайықтап шығаруға әбден болады деген пікір айтады.

Қазақ театрында алғаш рет прозалық шығарманың сахналанғанына 68 жыл болыпты. Төл сахнамызда алғашқы инсценировка «Абайдан» басталады. «Абай» – М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы негізінде жасалған сахналық қойылым, қазақ театрының тарихында прозалық шығарма негізінде сахналанған тұңғыш спектакль. 1949 жылы 28 желтоқсанда Қазақ драма театрында қойылды. Инсценировкасын жасағандар – Ш.Айманов пен Я.Штейн. Бұл екі автор романның сахналық нұсқасын жасағанда МХАТ тәсілін қолданған. «Абайдан» кейін қазақ театры проза жанрына жиі жүгінді. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Ш.Айтматовтың «Боранды бекет», «Ана – Жер Ана», «Жәмила», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Ақ кеме» роман-повестері, М.Шахановтың «Танакөз», «Желтоқсан рухы», «Жазагер жады космоформуласы» поэмалары, М.Әуезовтың «Көксерек» әңгімесі, Т.Ахтановтың «Жоғалған дос» әңгімесі, Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы Ш.Мұртазаның «Алжир азасы», «Текебұрқақ» повесі, С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романы мен Шота Уәлихановтың Шоқан туралы шығармасының негізінде «Шоқан» спектаклі қойылды. Осы қойылымдардың қай-қайсысы да табысты жүрді.

Бұл нені білдіреді? Қалай болғанда да, театрды прозадан бөлу мүмкін емес. Кез-келген театрдың репертуарын иснценировкасыз елестете алмаймыз. Қандай да бір мықты туынды өмірге келсе, театр да сол шығармаға мойын бұрады. Бұдан театр ұтпаса, ұтылмайды. Тек инсценировка шебер жазылып, қойылым сәтті өтсін деңіз. Олай болмаған жағдайда, керемет мықты шығарманың өзі сахналық нұсқасында түкке алғысыз болып қалады. Керісінше болуы да ғажап емес: ортаңқол прозалық шығарманың сахналық нұсқасы түпнұсқадан әлдеқайда мықты шығуы мүмкін. Мұның бәрі, әрине, инсценировкасын жасаушы және қоюшы режиссердің шеберлігіне байланысты. Көп жағдайда шығарманың инсценировкасын қоюшы режиссердің өзі жасайды. Өйткені, не қойғысы келетінін, қалай қойғысы келетінін режиссердің өзінен артық ешкім білмейді. Режиссер инсценировканың құрылымын өзі қойғысы келетін, көкейінде сайрап тұрған дүниеге, қойылымның құрылымына бағындырады. Ал шығарманың инсценировкасын жасаушы түпнұсқадағы кейіпкерлердің образын, орнын, характерін, олардың сөздерін, автордың ойы мен идеясын, шығарманың мазмұнын, көркемдік ерекшелігін бұзбай сақтау-сақтамауы – екінші мәселе. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қазақ театрында автордың (не оның заңды мұрагерлерінің) келісімін алу былай тұрсын, шығарманың мазмұны мен идеясына да пысқырмайтын режиссерлер пайда болды. Оларға классик жазушылардың классикалық шығармаларын қалағанынша кесіп-пішіп, қидалау түк емес. Тіпті, «инсценировкасын жасаған» деген ат тақиясына тар келгендей, шығарманың авторымен аты-жөнін қатар қойып, соавтор ретінде көрініп жүр, тіпті, автордың аты-жөнін сызып тастап, өз атын жазып қоятындар бар. Мұны қалай түсінуге болады?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: ұлттық, жанр, драматургия, әдебиет
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар