Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бес нұсқалы «Бұлғын-сусар»

27.05.2022 1062

Бес нұсқалы «Бұлғын-сусар»

Егер қазақ күй өнерінен хабарыңыз болса немесе анда-санда радиоңызды қосып қалғаныңыз да, бірде болмаса бірде «Бұлғын-сусар» атты күйді құлағыңыз шалып қалған шығар. Және олардың орындалу мәнері, күй ырғағы үнемі өзгеріп тұрғандай әсер берді ме? Біле-білсеңіз елімізде ертеден жалғасып келе жатқан «Бұлғын-сусар» деген атпен шертілетін күйлердің нұсқасы біршама. Тіпті бұны «Бұлғын-сусар» атты күйлердің шоғыры деуге де болады. Бұл күйлердің аттары бірыңғай «Бұлғын-сусар» болғанымен, олардың шығу тарихы да, ел арасындағы шертілу үлгісі де бір-біріне ұқсай бермейді. Бұл өзі тым ежелгі күй. Ескі күй. Осы аттас күйлерде тек екі түрлі ғана ұқсастық бар. Ең бірінші ұқсастығы бәрінің аты – «Бұлғын-сусар». Екінші ұқсастығы – барлығы дерліктей теріс бұрауда шертіледі.

Домбырада оң бұрау, сол бұрау, тең бұрау деген үш түрлі күй бұрауы болады. Бұлар негізінен орындалатын күйдің табиғатына сай теңшеледі. Біз сөз етіп отырған «Бұлғын-сусар» біріңғай сол бұрауда тартылады. Күйшілеріміздің, музыкатанушылардың пікірінші, бізге дейін бұл күйдің бес түрі жеткен. Ең қызығы осы күйлердің аңызы да, шертілуі де ұқсамайды. Оның әртүрлі себептері болуы мүмкін. Ең басты себебі күйдің фольклорлық қасиетінде болса керек. Ауыздан ауызға таралып, әртүрлі варианттарға ұшырайтын ежелгі аңыз-әңгімелер тектес, байырғы күйлерде уақыт өте келе, бір күйшінің саусағынан, екінші күйшінің қолына өтіп жүріп, өзінің жаңа үлгілерін, жаңғырған жаңа нұсқаларын тудырып отыратын секілді. Немесе белгілі бір күйші өзінің шеберлігін көрсету үшін арнайы өз мәнерімен, өз мақамымен тартып, әрлеп жеткізетінге ұқсайды. Қалай айтсақ та, бір күйдің бірнеше нұсқасының пайда болуы, халықтың сол күйге деген ықылас-ниетінің айрықша екенін көрсетеді. Белгілі күйші, күйтанушы Нұрымбай Сүлейменұлының пайымдауынша «Бұлғын-сусар» атты осы бір халық күйінің бізге дейін бес нұсқасы жеткен екен. Енді осы күйлерге жеке-жеке тоқталып өтсек.

Бірінші түрдегі «Бұлғын-Сусар» күйінің бізге жеткен аңызы былай өріледі. Есте жоқ ескі заманда қора-қора қойы бар, үйір-үйір жылқысы бар, малы мыңғырған елден асқан бір бай болыпты. Оның айдай толған, күндей күлген, бар жұрттың назарын аударған аса сұлу Бұлғын атты қызы бар екен. «Бай байға, сай сайға құяды» дегендей, байдың қызына көзі түскен Суырбай деген дәулетті адам, баласы Бектасқа Бұлғын сұлуды алып бермек болып құда түседі. Қалыңына малды да аямай алпыс қысырақ бермекші болады. Қыз әкесі малға қызығып, мақұл болып, Суырбайға уәдесін береді. Бектас ауыз-мұрнына құрт түскен, мәңкілдеп сөйлейтін, танауы таңырайған, әйел заты көрген жерден қашатын, ес-ақылы кем, қыздан мүшел жас үлкен адам екен. Байдың қызы Бектасқа бармақ түгіл, түрінен шошып құсаланыпты. Дүниеге қызыққан әкесі ауылдағы әйелдерді араға салып, «қызымды Бектасқа баруға көндіріңдер!»- деп айналасына қысым көрсете бастайды. Байдың қызы бүйтіп бір жаманға қор болғанша өліп алғаным жақсы деп іштей бір бекімге келеді. Бір күні таң бозынан қолына шалма жіп алып, ауыл іргесіндегі қалың орман арасындағы бір емен ағашының түбіне келеді де: «Ей, жаратқан! Менің маңдайыма жазғаны Бектас болса, тәнімді қарға-құзғын, құрт-құмырысқа жегені артық»,- деп ащы дауысымен жылап, ағашқа жіп салып, асылып өле бергенде «тарт қолыңды!» деген зор дауыстан шошып, есінен танып жерге құлап түседі. Әлгі жігіт қызды қолына алып отырады да, көп уақыттан кейін есін жиғанда жөнін сұрайды. Қыз басынан өткен уақиғаны баяндап береді де: «Бүйтіп қор болғанша асылып өліп қалайын деп едім. Бағым ба, сорым ба, өзің тап болып мені құтқарып алдың, кім боласың?»,- деп жөн сұрайды. Жігіт: «Мен осы орманды мекен ететін Сусар деген аңшымын. Бала кезден бергі кәсібім осы. Аң аулап, орман кезбесем көңілім көншімейді, ішкен асым бойыма қонбайды. Сол әдетіммен бүгін де аң қарауға ертемен шығып едім, үстіңнен түсіп, осы уақиғаға кез болдым»,- дейді. Қыз Сусардың келісті келбетіне көзі түсіп, көңілі құлап: «Мені бұл пәледен құтқара гөр»,- деп жалынады. Жігіт те қыздың ажарлы жүзіне ынтығып Бұлғынды жар етіп алуға бекінеді. Екеуі осылайша серттеседі. Сусар Бұлғынды қашса құтылып, қуса жететін қара тұлпарына мінгестіріп алып қашады. Бұлғынның қашқанынан хабар алған бай артынан қуғыншы жібереді. Еті қызған қара тұлпар жапан түзді бетке алып қарасын көрсетпей ғайып болады. Кейінгі жұрт осы уақиғаға арнап, Бұлғын мен Сусардың басынан кешкен махаббат зауығын күй қылып тартады. Осы күй мұра болып «Бұлғын-Сусар» деген атпен бізге жетеді. Бұл аңыз да, күй нұсқасы да ел ішіне ең кең тараған нұсқасы. Әсіресе Алтай қазақтары арасында ең кең таралған үлгі осы. Мүмкін «Бұлғын-Сусардың» түпнұсқасына жақыны да осы болуы мүмкін. Болмаса байырғы «Бұлғын-Сусар» күйі кейін келе халық махаббатынан осылай ғашықтық дастанға айналуы мүмкін. Дастан демекші Алтай қазақтарының арасында осы аңыздың жыр үлгісі де бар. Әрине авторы белгісіз. Ел ішінде қисса ретінде көп орындалып, кең тараған. Алғаш осы дастанды белгілі айтыскер ақын Құрманбек Зейтінғазы хатқа түсіреді. Құрманбек ақын Алтай аймағы Шіңгіл ауданында тұратын Қабыл Шәмілұлы деген кісіден жазып алғанға ұқсайды. Дастан соншалықты көлемді де емес. Ежелгі қара өлең жыр үлгісімен жазылған. Көркемдігі кемелді, тілі шұрайлы. Алтай қазақтары ортасында күйшілер осы «Бұлғын-сусарды» шертудің алдында, жыршы, қисашыларға алдымен осы жыр нұсқасын айтқызып, сосын барып домбыраға кезек береді екен.

Жұрт шерткен «Бұлғын-Сусар»
күйдің аты,
Осы күй қандай істен шықты заты.
Бұлғын – қыз, Сусар – жігіт баяндалып,
Кешір, дос, болса жері шала-шарпы.

Міне, оған неше ғасыр болса-дағы,
Біз үшін күйдің сыры сонша мәнді.
Өнердің өз иесін жаздым былай,
Талпынған талаптының сол сабағы.

Дастан осылай басталады да, ары қарай уақиғаны баян етеді. Сюжеті бәрі де жоғарыда біз баян еткен махаббат хикаясы. Соңғы екі шумақтары былай деп түйінделеді.

Құшады қуанышпен бірін-бірі,
Ақ алма, бал-бұл жанып сұлу нұры.
Сусардың күй шығарғыш осы өнері,
Ол алғаш таңғажайып сырын білді.

Екеуі екі күнде кетті алысқа,
Жолшыбай күй тартылды көп танысқа.
Осыдан «Бұлғын – Сусар» күйі тарап,
Біреуден-біреу алып кетті алысқа.

Алыстан алысқа тарап, бағзыдан бізге жеткен күйдің бір парасын күйші-композитор Нұрымбай Сүлейменұлының орындауында тыңдасаңыздар болады. Нұрымбай Сүлейменұлы – 1956 жылы ақпан айында Іленің Текес ауданына қарасты Қарадала ауылында дүниеге келген. Әкесі Сүлеймен діни медресседе білім алған, сауатты, көзі ашық адам болған. Сондай-ақ, қаршадайынан қара қурай сыбызғысын жанынан тастамай, ықылымның үнін аулаған күйші де болыпты. Ал шешесі Жамалқан анамыз өлеңшіл, әнші, сөзге ділмар адам екен. Осындай ортада өскен Нұрымбай бала кезінен-ақ, әкесінің күйлерін тыңдап, көңіліне тоқып өседі. Сол кішкентай кезінде-ақ, қара домбыраның құлағына жармасып, әкесінің сыбызғыдағы күйлерін домбыраға көшіруге әуестене бастайды. Осылай басталған қызығушылық Нұрымбайды үлкен күйшілік жолға жетелейді. Сол дәуірдегі айналасына танымал Мұқаметжан, Жабықай, Шамғұын сынды айтулы күйшілердің алдын көріп, батасын алады. Бала күйші Нұрымбай сол кездің өзінде «Аңшының зары», «Салкүрең», «Қара жорға», «Сары өзен» сынды толып жатқан халықтың күйлерді өз нақышында тартып ел ықыласына бөленіп жүреді. Осындай қастерлі өнерге қанаттанып жүргенде әкесі Сүлеймен 1972 жылы «Мәдениет зор төңкерісінің» салдарынан дүниеден озады. Осы бір жас өлім көңілі нәзік, қиялы ұшқыр бала Нұрымбайға аса ауыр соққы болып тиеді. Кейін бала жүрегінде ұзақ сақталған осы қасірет – мұңлы, шерлі, зарлы «Қайран әке» күйі болы өмірге келеді. Бұл күй – сол дәуірде жазықсыз жапа шегіп, қаза тапқан барлық әкелерге деген сағыныш және солардың асыл рухына қойылған ескерткіш еді. Осы күйімен қалың қауымға танылған Нұрымбай Сүлейменұлы одан кейінде ел мейірін қандырған көптеген күйлер шығарды. Айталық, «Қарт толғауы», «Дала сыры», «Ыстық ұя», «Атамекен», «Қос ағама», «Таңжарыққа арнау», «Шалқыма», «Әлди бөпем», «Сырласу», «Ғасыр аунаған», «Шашау», «Текес толқыны», «Бейжіңгер» сынды қырықтан астам күйі ел-іші сыртында кеңінен орындалып жүр. Сонымен қатар «Қаражоным», «Гүл үздім саған арнап», «Ілем менің» қатарлы жиырмаға жуық ән жазады. Композитор, музыкант Құрманжан Зікірияұлы: «Нұрымбай Сүлейменұлы негізінен шертпе күй дәстүрін ұстанған күйші. Оның шығармашылығында музыкалық образдың ауқымы өте кең, формасы жағынан бір жүйеге түскен кесек туындылар... ол домбыраның аспаптық музыкадағы орнын жоғарылату, домбыраның әуендік саздарын құбылта түсуде өзіндік дәстүр қалыптастырып, көптеген құнды күйлер жаратты. Күйлері атына заты сай қуатты. Қоғамдық өмір мен табиғат дүниесіндегі құбылыстарды домбыраның қос ішегі арқылы образды бейнелейді. Нұрымбай күйлерінің мазмұны бай, толғамы терең, әуен-сазы мұңлы болып келеді»,- деп баға береді. Нұрымбай Сүлейменұлы 2006 жылы Шынжай Халық үкіметі тарабынан «Халық композиторы» деген құрметті атқа ие болады. 2004 жылы орталық «Ұлттар» баспасынан «Қайран әке» атты ән-күй жинағы күй табағымен бірге баспадан шығады.

«Бұлғын-Сусардың» екінші күй аңызын Елемес Таласбайұлы жеткізеді. Елемес Таласбайұлының бұл күйді орындау мәнері де басқаша. Аңыз былай дейді. Ерте заманда қолында малы бар байлар мен бектер өзінің сән-салтанатын асыру үшін сусар бөрік, бұлғын ішік киіп, елден ерекшеленіп байлығын көрсеткен. Сондықтан да бай-бағыландар аңшыларға қақпан құрғызып бұлғын-сусар аулатады екен. Содан бір күні бір аңшы бұлғын мен сусарға құрған қақпанын көруге келсе, бір бұлғын қақпанға түсіп, ширшық атып, арпалысып жатыр екен. Қақпанға түскен бұлғынның жанына басқа бұлғындар жиналып, қақпан қапқан серігін аяп, жандары ауырып, жанашырлық білдіріп шуылдап жатыпты. Хайуан да болса қамығып, бірін-бірі өлімге қимай жатқан бұлғындардың махаббаты кейін бізге «Бұлғын-сусар» деген атпен күй болып жетіпті. Күйдің бұл нұсқасын Елемес Таласбайұлының орындауында тыңдасаңыздар болады.

Елемес Таласбайұлы – 1926 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Кеген ауылында туған. Белгілі дәулескер күйші, домбырашы. Атасы Еспембет те, әкесі Таласбай да өз аймағына белгілі күйшілер болған. Сүйегінен саз үзілмеген әулет. Әкесі Таласбайдың «Жорық», «Қайран шешем» сынды күйлері бізге осы күйші Елемес арқылы жеткен. Елемес домбыраны әкесінен бала кезінен естіп үйреніп, құлағына сіңіріп өседі. Оның тұңғыш шығарған күйі – «Арман-ай». Өткен ғасырдың басындағы Сталиндік қуғын-сүргін кезінде Елемес ата-анасымен бірге қазіргі Қытай жеріне қоныс аударады. Коммунистік жүйенің қудалауынан құтылмаған әулет, ол жақта да Маудың жасаған саяси зобалаңдарынан көп зардап шегеді. Елемес Таласбайұлы 1966-1977 жылдары Қытайда жүргізілген «Мәдениет революциясының» кесірінен он жыл айдауда болады. Осы азапты жылдардың куәсындай болып «Шер тарқатар» атты күй ұрпаққа қалады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Егеменді отанына ат басын тірегеннен кейін де қара домбырасын қолынан тастамаған Елемес ақсақалдың «Атамекен», «Кеңес», «Күй шақыртқы» сынды біршама күйлер шығарып, соңғы ұрпаққа қалдырып кетті. 1998 жылы Қазақ радиосының «Алтын қорына» отызға жуық күй жазып қалдырды. Сондай-ақ Қазақстан Ұлттық арнасының күй өнерін нәсихаттайтын бағдарламаларында жарқын бейнесі сақталған. Көптеген күй жинақтарына күйлері енген. 1984 жылы Шыңжаң радиосының «Алтын қорына» он жеті күйі жазып алынған. Жетісу өңірінің айтулы күйшілерінің бірі Елемес Таласбайұлы 2000 жылы 9 маусымда Алматыда қайтыс болады. Оның күйлері мұңлы, шерлі, жүрек қылын дәл басар сетерлігімен, төкпе күйлерге тән жігерлі, өр, қанатты қатайтар қуаттылығымен ерекшеленіп тұрады.

Енді үшінші түрдегі «Бұлғын-сусар» күйінің аңызын баян етелік. Бұлғын, сусар деген орманды, сулы, жайлы мекенді ететін, екеуі екі түрлі хайуанат. Олар негізінен құрлықта да, суда да жасай береді. Өз дәуірінің бай-манаптары сусар бөрік, бұлғын ішік киіп, сән-салтанатын асырып жүретін болған. Бұлғын да, сусар да негізінен топтасып тіршілік етуге бейім жаралған. Олар бір-бірімен бала сияқты асыр салып ойнайтын, суда емін-еркін жүзетін, құрлықта қунаң қағатын сүйкімді жануаларлар. Бұлғын мен сусардың тәтті қылығына, көркіне сүйінген ел олардың осы әрекеттерін күйге көшіріп, әдемі саз қылып тартатын болған. Атадан балаға жалғасып келе жатқан осы қуатты сарын, Қайрақбай Шәлекенұлының саусағынан өзгеше өріліп түседі. Ел ішінде оны Қайрақбайдың «Бұлғын-сусары» деп орындайды. «Бұлғын-сусар» күйінің бұл нұсқасын белгілі дәулескер күйші Айтыкен Бейісбайұлы орындап жүр. Бұл күйдің орындалу мәнері жоғарыда біз баян еткен «Бұлғын-сусардың» басқа нұсқаларына ұқсай бермейді. Өзіне тән ерекшелігі, өзіне тән ішкі бояуы бар күй.

Айтыкен Бейісбайұлы – 1942 жылы Тарбағатай аймағы Толы ауданы Майлы жерінде дүниеге келген. «Самғау», «Ана әлдиі», «Перне сыры», «Аймаңдай», «Нарғалам» атты жиырмаға тарта күйлер мен отызға тарта ән-термелерді жазып қалдырған. Көптеген халық күйлері мен халық күйші композиторларының күйлерін Шыңжаң халық радиосының Алтын қорына жаздырған. 1986 жылы «Ана әлдиі» атты күйі Шынжаң радиосы жағынан бірінші дәрежелі жүлдені жеңіп алған. Ол Шыңжаң және Іле музыканттар қоғамының мүшесі. Айтыкен Бейісбайұлы қазақ шертпе күй мектебінің үздік өкілдерінің бірі. Ол – Шығыс шертпе күй мектебінің атасы саналатын дәулескер күйші Қайрақбай Шәлекенұлынан тікелей тарайтын күйші. Қайрақбайдың екі ұлы Ақымжан мен Сайлыбайдан тараған ұрпақ бұл күнде Тарбағатай күй мектебінің үздік өкілдері ғана емес, сол күй мектебінің әрі жалғастырушылары әрі жеткізушілері.

«Бұлғын-сусар» атты күйлердің көркемдік қуаты аса жоғары, мазмұны алуан түрлі, өз алдына шертілу мәнері мен ерекшелігі бар. Тыңдаған құлаққа жағымды, мұңлы, зарлы естіледі. Кез келген тыңдарманның жүрек қылын шертіп, елең еткізбей қоймайды. Мәнерлі, мақамды, бөгенайы бөлек, қазақ халқының өмір шындығынан туған, өзінше жұмбақ, өзінше сырлы күй. Күйдің келесі үш нұсқасының аңыздары да жоғарыда баяндаған аңыздармен желілес. Бізге жеткен Қайрақбайдың «Бұлғын-сусар» атты күйін қазір күйші Ертай Барлықов орындап жүр. Ол бұл нұсқаны әкесі Ғабдылхақ Барлықовтан үйренсе керек-ті. Ол күйдің аңызы бойынша құрлықта жүрген сусар мен суда жүрген бұлғын жағада кезігіп, асыр салып ойнайды. Бірде ағаш басына шығып секіреді. Бірде жерге түсіп құлдыраңдап жүгіреді. Бірде екеуі қатар суға түсіп жүзіп жарысады. Екеуі қосылып түрлі-түрлі қылық шығарады. Осыны сырттай бақылап тұрған күйші, екі аңның адамша ойнаған бейнесіне таң қалып күй шығарады.

Ертай Барлықов – Шығыс Қазақстан өңіріндегі шертпе күй мектебінің күйшісі. Тәттімбет атындағы Республикалық конкурстың бас жүлдегері. Ертай Барлықов Алтай-Арқа өңірінің күйлерін тел еміп, қатар тартатын айтулы домбырашы. Ертайдың әкесі Ғабдылхақ Барлықов Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінде, Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» оркестірінде қызымет атқарған. Дәулескер домбырашы. Алаштың аймаңдай күйшілерінің бірі. Арғы атасы Барлық ақсақал да күйді сұлу, сазды тартатын қариялардың бірі болған. Осы текті сарын Ертайдың кеудесіне ерте ұялап бес жасынан қолына домбыра алып, күй өнеріне ерте аңсары ауған. Әке тәлімі мен қанға біткен қасиетінің қуатымен бұл күнде қазақ шертпе күйін алға сүйреп келе жатқан дүлдүл күйші.

Бұл күнде Қайрақбайдың «Бұлғын-сусар» атты күйін, күйші Гүлмира Асылбек қарындасымыз жетіген аспабына қондырып, тамаша орындап жүр. Өзі ырғақты, ойнақы, желдірмелете жөнелетін сазды күй, жетіген аспабына түскенде тіпті де құлпырып, түлеп шыға келеді екен. Гүлмира Асылбек – Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжынің, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Бұл күнде астанамыздағы №2 өнер мектебінде жетігіен аспабынан сабақ береді.

«Бұлғын-сусардың» тағы бір нұсқасы Бағаналы Саятүлековтың орындауымен жеткен. Ол күйді күйші Қуат Аманжолұлының орындауында тыңдасаңыздар құба-құп. Бұл күйдің аңызы да жоғарыдағы біз баян еткен сюжеттермен ұқсас келеді. Күй барынша сазды, нәрлі, ойнақы. Мұң мен қуаныш, бұлғын мен сусардың бейғамдығы мен секемшілдігі, ерке, тентек қылықтары қос ішекте қатар өріліп отырады. Қуат Аманжолұлы орындаған «Бұлғын-сусардың» бұл нұсқасы Шығыс Қазақстан өңірінде көп таралған, кеңінен жайылған. Күйші Таласбек Әсемқұлов және оның шәкірттері де осы үлгіні басты ұстаным етіп орындайды.

Қуат Аманжолұлы – 1987 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген. 2006 жылы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжді, 2010 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық музыка факультетін бітірген. 2017 жылдан бастап Қазақ Ұлттық өнер университетінің оқытушысы. Республикалық конкурстардың лауреаты, ғылыми-әдістемелік мақалалардың авторы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар