Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Берік Бай-ел. Сұлу таңға сұқтандым

28.08.2021 974

Берік Бай-ел. Сұлу таңға сұқтандым

Елім аман болса екен...

Суыт хабар жетуде сан саладан,

Ет- жүректі езгілеп паршалаған,

Тәж-тажалдың ілініп тырнағына,

Сұм ажалдан көз жұмды қаншама адам?!

Кетіп жатыр келмеске таныстарым,

Өмір-өзен тоқтатып ағыстарын,

Жаға-жеңсіз көйлекті киіп кетті-ау,

Алашыма белгілі арыстарым.

Аты жаман екен ғой бұл індеттің,

Бүкіл әлем алдында дірілдеп тұр,

Жердің беті жабырқау күй кешуде,

Көкжиектен шықса да күлімдеп күн!

Жұқпалы дерт жайпауда жолдағысын,

Адамзаттың басына ол да- бір сын.

Ат төбелі сияқты аз ғана елді,

Жаратушы жарылқап, қолдап жүрсін!

ТАСҚА ТҰНҒАН ТАМШЫЛАР

Өз -өзімді жүремін қамшылай көп,

Шаршатқанда қу тірлік шаншылай кеп,

Сорғалайды жүректен өлеңдерім,

Тасқа тұнған мөп-мөлдір тамшыдай боп.

Құпиясын көресің жан-сырымның,

Тұнығына үңілсең тамшы -жырдың,

Айдың аппақ бетінен аунап түскен,

Шомылыңдар нұрына таң шығының.

Тербетілген емеспін теңіз бен көл,

Жан-дүнием өлеңмен егіз келген,

Тасты тесіп шығатын тамып тұрып,

Тамшылардың ішінен мені іздеңдер!

ЖОЛАУШЫ

Әрі- бері жортқанда жолда көрем,

Байлар кетіп барады "жорғаменен",

Үміт деген атыма үкі тағып,

Мен де кетіп барамын толғап өлең.

Әрі-бері жортқанда жолда көрем,

Кемтар кетіп барады арбаменен,

Азуы бар батырған сұм тағдырдың

Жазуы бар жанарда қолда деген.

Әрі-бері жортқанда жолда көрем,

Бір- бірімен қағысып сорлаған ел,

Темір үшін жыртысқан жағаларын,

Мейірімсіз жандарға таңғалам мен.

Әрі-бері жортқанда жолда көрем,

Кептелісі қаланың, зорға келем,

Асфальт емес, жарысып жүйрік желмен,

Жүйткігенге не жетсін, кең даламен!

Әрі-бері жортқанда жолда көрем,

Қайшылыққа қашанда толған әлем,

Жолаушымыз бәріміз сапардағы,

О ,Жаратқан, жолды өзің оңғара көр!

АҚЫН ӨЛЕҢ ОҚЫП ТҰР...

Қаумалаған оқырман ортаға алып,

Ақын өлең оқып тұр арқаланып,

Идіріп алпыс екі тамырыңды,

Тұңғиық тереңдерге тартады анық.

Жүрдек аттай жегіліп жыр - арбаға,

Ақын өлең оқып тұр құмарлана,

Сиқырлы сөз сезімді қыттықтайды,

Таудан аққан бұлақтай сылаң қаға.

Тоқтамады, тасқындап төкпеледі,

Өзекті өртеп барады отты өлеңі,

Ақын өлең оқып тұр шабыттана,

Көкке шапшып көңілдің көк дөнені.

Алабұртып ажары күреңдене,

Ақын өлең оқып тұр жігерлене,

Қалықтайды қыран- жыр қияларға,

Томағасын сыпырып жібергенде.

Ой-желкенді шабыттың желі керіп,

Өзге әлемнің кеткендей еліне еніп,

Тыңдау керек тек қана жүрекпенен,

Ақын өлең оқып тұр тебіреніп !

ТАҢ КЕЛЕДІ

Құстар үні ұйытып жан - денені,

Құлағыма құйқылжып ән келеді,

Мақпал түннің түндігін серпіп ашып,

Көкжиектен ғажайып таң келеді.

Жер-ананың жүзіне тарай жарық,

Таң келеді ағарып, арайланып,

Сұлу таңның сұқтанып келбетіне,

Бүкіл әлем тұрғандай қарай қалып.

Таңғы самал жұпарын аңқытады,

Тербетеді тал-терек, әр бұтаны,

Өмірімнің тағы бір атып таңы,

Көңілімнің айдынын шалқытады.

ӨМІР ӨТІП БАРАДЫ....

Шыққаныңша өмірдің өріне тік,

Азы қалар күшіңнің көбі кетіп,

Жастық деген алыстап жағалаудан,

Кәріліктің батасың көліне күп.

Біреулерді қуантып, емірентіп,

Біреулерді жылатып, еңіретіп,

Уақыт деген айналып тұрғанымен,

Өмір өтіп барады, өмір өтіп...

Көңіліңе түсіріп қаяу, нала,

Өмір көші жылжиды баяу ғана,

Жұмыр басты пендені күтіп алар,

Ажал деген- ең соңғы аялдама.

Ол-ақиқат, бір күні аттан деген,

Бағынасың бұйрыққа Хақтан келген,

Тіршіліктің теңізін жүзіп жүріп ,

Қайраңға кеп тіреліп, тоқтар кемең.

Таразыла сондықтан тағдырыңды,

Әр сәтіңді бағала, әр күніңді,

Жүріп өткен жолыңды жалғастырар,

Ұрпағыңа ұлағат, қалдыр үлгі.

Қабікеннің қамшысы

Айтылмаған бала шақтың бар сыры,

Ұмытпаймын көзден аққан тамшыны,

Өткен күндер оралады есіме,

Көрген кезде тобылғы сап қамшыны.

Малын айдап, жолда қонып неше күн,

Әкем менің жаз жайлауға көшетін,

Қолқанат боп қалған біз де бала едік,

Атқа мініп, қасына оның ілесетін.

Шопандар бар қоныстанған әр маңға,

Жайлау төрін толтыратын малдарға,

Қабікенмен көрші болдық сол жазда,

"Былпылдаққа" біз де көшіп барғанда.

Шарбақ құрып, шаруасына қамданып,

Жаңа жұртта жатыр әкем жанданып,

Үй-ішіміз орналасып алсын деп,

Інімменен кеткен едік мал бағып.

Ақтылы қой алып жатты алқапты,

Шұрайлы жер қайда екенін мал тапты,

Күрең қасқа атқа мінген сол кезде,

Құба белден шыға келді салт атты.

Бұзылғанын көрдік бірден түсінің,

Біздің көрші-ұзынтұра кісі бұл,

Сәлемді алмай айғай салды ақырып:

"-Өрісіме неге малды түсірдің?"

Қабағы оның қара аспандай түнерді,

Омыраулатып бізге қарай күреңді,

Қолындағы тобылғы сап қамшымен,

Тура бастан тартып-тартып жіберді.

Ата-анамның еркесі едім мен деген,

Ешбір жаннан таяқты жеп көрмеген,

Сол соққыдан көзімнен жас тамшылап,

Ат үстінен аунап түстім жерге мен.

Бала-жүрек ағыл-тегіл жылады,

Жапырылып көңілімнің құрағы,

Жас жаныма жара салған сол қамшы,

Әлі күнге көзден кетпей тұрады.

Алай-дүлей болып кетті ішім бір,

Өзімді-өзім сабаға әрең түсірдім,

Қабікеннің қамшысынан сол күні,

Қатігездік бар екенін түсіндім...

Берік Шәріпұлы Баилов - Қапшағайлық ақын. Кәсіптік колледж директоры. 1967 жылы, 1 қарашада ШҚО, Абай ауданы, Медеу ауылында дүниеге келген. Біршама ән мәтіндердің авторы. Ақынның 2017 жылы "Жалғыз жарық" атты жыр жинағы жарық көрген.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар