Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бекзат Думанұлы. Сенгім келіп тұрады ғажайыпқа

11.05.2019 2053

Бекзат Думанұлы. Сенгім келіп тұрады ғажайыпқа

Жас ақын Бекзат Думанұлының өлеңдерінен жастықтың лебі, тылсымнан келген таңсық ой, жаңашыл ізденіс сезіледі. Қалам ұстап ақын болуға талпынған жас өреннің шығармашылығы оқырманның үдесінен шығады деген сенім мол. Ендеше, поэзия әлеміне басқан қадамы құтты болсын дей отырып, ақынның бір топ өлеңдерін ұсынамыз.

Елітіп әуенге мұңлырақ:

Тұнжырап ай қалды,

Түн жылап.

Қылығың өлеңнен аласа,

өмірден біршама құндырақ.

Бәрі де ғажайып,

тамаша

Бір мекен күтеді таң аса.

Түн кешіп өтер ек, бөгелмей...

Шынымен жүрегің қаласа.

Ұшырар қанатты аққулы ән,

Асыға күтетін шақ құрбан.

Жарыққа айналып кетеміз

Жанымыз жарылып ақ нұрдан.

Жұлдызын аспанға кеш іліп,

Түн келді.

Жалғанның жайдағын кешіп ұқ:

Ызғар бар келетін тым ерте

Көктем бар келетін кешігіп.

Бәрі де күтетін асыға,

Ұйып бақ,

Өзендер тасыған.

Бітпеген сол әнді жалғайық

Немесе басталық басынан.

Жас еніп ырқына күлкінің

Дүние-ай іші тас.

Сырты мұң

Біз айға тамсанып қараймыз

Ол әлек жасырып тыртығын.

Әуезде әсерсіз, бір үнді.

жалықтым.

жырда жоқ жұғымды.

Мұң-зарын білмедім жалғанның

Сенің де ұқпадым сырыңды.

ЖЫЛБЫСҚЫ СЕЗІМ

Шулы қала... Тарам көше..

Қалбалақтап түсті жерге ақша қар.

Түссе түссін, маған десе

Күнаһардай көрінеді пәк шаһар!

Шыр айналып, шар айнаны шарлаған

бақылаймын жаратқанның ісін кей.

Адамдардың жүргеніне таңғалам

Ақша қардың адалдығын түсінбей.

Көңіліне кір жұққанын қаламас,

Қалауына адамдардың кім ие?

Жанарымда ақ пен қара аралас,

Қаламымда абыр-сабыр дүние!

Демі біткен, діңкес өмір деміккен,

Бір қалтарыс, бірде түзу соқпақтар.

Әділдігің болса егер неліктен,

Суға айналып кетіп жатыр әппақ қар?!

О, Жасаған! Балғын бала шақтардай

орын тепкен жүрегімнен қалай мұң?

Ойламаймын адамдарды.

Ақ қардай -

Еріп кеткен сезімдерді аяймын!

ТЫЛСЫМ

Сендік әлем – ғажайып...

Таза. Мұңсыз,

аспаныңда боялар ақ үлпелі.

Жанарыңнан тосын мұң ауып кетіп

Өлең болып тамады, әр күлтенің

маңдайына.

Кейінірек, кейіген ғәріп таулар

керіледі, құрысқан тәнін құшып.

маңдайымнан жел сусып кете барды,

Жанарыма жалғанның мәлім тұсы.

Тартынады бойжеткен – жарық сәуле,

бір сүюге бетімнен ұялшақтап.

Мен біреуге жетуге асығамын,

Мені біреу шақырып қиял жақтан.

Көк теңізге жамырап қозы бұлттар,

тойынады көк майса жел өтіне.

Дүйім жұрттың адасқан пікіріндей

құйын кетіп барады өз бетімен.

Көсіліп, шыр айнала көз ұшында

Көк пен жердің арасын дәнекерлер –

көкжиектей, қол созып арман қалды.

Тапқаным жоқ ештеңе тәуекелден...

Жел үп етіп жалмарын біле тұра,

жылытар деп артамыз отқа сенім

Арман деген – елемеу қолдағыны,

қадіріне жете алмау көп нәрсенің.

Енді оянған маужырап ырғалып тал,

Алтын патша тағында тұр есінеп.

Таң атқанша санамда ойран салған

Түндегі ойдың түспейді бірі есіме.

Сосын келіп қараймын,

аңтарылып:

дүниенің дүрбелең, әбігерін.

Жанарыма сиғанмен бұл дүние,

Ұғымыма симайды әлі менің!

Тек, білерім

Дүниені жыр қылып сарқып іштік.

Одан бірақ қайғымыз азайып па?!

Соңғы жұлдыз сөнгенше көк жүзінде,

Сенгім келіп тұрады ғажайыпқа.

Үзіліп кетерінде үміт-талшық,

Өніп шығып қиялдың дәнегінен:

Қалың мұңды жамылып, қалғыр сәтте

Шақырады әлдекім әлеміне.

АҢСАУ

Көкжиекке ұйысқан сең-сең бөрік,

Ақша бұлттар жылайтын тершеңденіп.

Сылдырмағын жоғалтқан диуанадай,

Кең даланы кезетін жел сенделіп.

Көктем ару гүлменен сырмақ басып,

Қызып сала беретін құрғап тасы.

Бүр ашатын шеңгелі, өңі кіріп,

Тербелетін сары ши бұлғап басын.

Кәрі жартас жөтеліп аспанды ала,

Елең қағып ерке елік қашқан дала.

Қыс етегін жиғанда, үрке қарап,

Үрме қары жататын тұстарда ана...

Содан кейін, шаруаның өңі кіріп

Күйбең тірлік басталып, қолы жүріп.

Тау етегін жайлаған есіл xалық,

Тонын шешіп жататын тоңы жібіп.

Көкжиекке жете алмай, қусам қашып

Жүретін ем қара жер бусанғасын.

Көкке ұмтылып шығар еді мен мұндалап,

Топырақтан қылтитып жусан басын.

Қаспағынан дүние тазаланып,

Әнші құспен кіретін ажары анық..

Бойжеткеннің бұрымы секілденіп,

Қыр арқада жататын Базар ағып.

Туған жер-ай: бабалар жыр қостаған,

Өшпес тариx, соңына мөр тастаған.

Құшақ ашып жататын Тарбағатай,

Қолын созып тұратын Бөртостаған.

Думан қосып ағайын сауығына,

Ащы терді ағызып бауырынан,

Күрең жолды айғыздап шабатын ек

Кілең жүйрік жаратып сауырынан.

Шығыс бетке қимылсыз қарап тұрып,

Мізбақпаймын.Тұрғандай сағат тынып...

Ақтарылып жүргенде дүниеге ,

Сағынышқа қалыпты-ау шанақ тұнып.

Аңсайтұғын бұл күні сана бөртіп,

Көкіректе зарығып жанады өрті.

Білмеймін, зәлім-зәулім үйлерді әсем,

Мен сүйетін осы еді- ау дала көркі.

Ерік бермей дауылға,күш- ағынға,

Тағдыр неге теледі тұсамына?!

О,туған жер! Дүниенің бәрін тастап,

Еніп кеткім келеді құшағыңа.

ЖЕЛТОҚСАН – ЖЕСІР АНА

Армысың, шешей,

Келдің бе тағы ?! Жылауық төңіректе,

Ызғарлы білінеді лебің еппен...

Көкірекке толтырып уытты мұң

Сені де кеше қайғы еңіреткен.

«Еңіреткен күн» сіңіп сан жылдарға

Әйтеуір, өмір өткен...

Содан бері, қуаныш сордан шеше.

Орман десе сенбес ем болған көсе!

Жалаң тері жалынды аймаладың

Қос қолыңмен үсік шалып қалған кеше.

Құйындарға қарсылық бұйырған ба?!

Құзғын мәйіт тінтеді қиыр маңда..

Өзегіңді у ішіп өртегенсің

Жас тағдырлар қыршыннан қиылғанда.

Тиылған ба сорасы сорлы жұрттың?!

Сөзін қырттың қайтерсің саралауын,

Сен де кеше едің ғой жаралы ару.

Тыныстың бітелгендей көне көркі

Көзде сөніп барады бар алауың.

Шамаладым, xәліңді..

Мұң. Зарыңды

Түсінгенім, түнекпен бір сарынды

Ұл дарынды, бүлдірген қызың кетіп

Кімге жайып отырсың құндағыңды?!

Жесір қатын атандың...

Құлдығың-зар,

Әр қимылың қиындық, тірлігің бар.

Ұл мен қызды келмеске аттандырып

Байыңа да жетпедің...

шындығында ал,қолыңды үздің бәрінен...

Байлыққа да жетпедің не сұраған,

Бар иеленген атағың жесір ғана.

Бәрі де тек алдамшы есім ғана.

Есіме алам бір-ақ күн...Кешір ана.

Қоя ғойшы...

Жабықпа! Не етерсің?'

Жұртың мынау, жұпыны, келбеті ерсі.

Қызығыңды тірілтіп алатындай

Бос бесікті еңкілдеп тербетесің,

көнбейсің тағдырдың салғанына...

Жоқ, құрисың! – деді ме ғасыр әлде?

Шылғи ішің,

көңге айналып кеткендей шіріп бітіп,

Дүниеде қалмасын құр исің

атың ғана аталып арасында..

Аты ғана аталып арасында,

Шешей қалды уақыттың тасасында.

Қызыл шапан шал шығып қарсы алады

Бір құдірет бар шығар асасында.

(Теңсіздік пен теңдеудің бәрі осында!)

Шешей отыр «ерліктің» моласында,

Қасірет, қайғы толып құлашына.

Бар зарын жел ұрлардай жасырады

Шөкім-шөкім бұлттардың арасына.

Қарашы, түз даладай қаңырауын...

Қамығарын білемін, сағынарын.

Қайғының қоңырауын соғады ана

Қан сыздап біткен соң омырауын...

(жолығарын кім білсін қуаныштың)

Оны да кеше тағдыр еңіреткен,

Жұбатар жақыны жоқ төңіректе.

«Еңіреткен күн» сіңіп сан жылдарға

Әйтеуір, өмір өткен...

___________________________

Тек, тұр әуен кептеліп көкіректе:

«...Желтоқсан желі, тоңдырды мені,

Тоңдырды сені ызғарлы...»

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(1)

Пікірлер

Жұмабек Сайлауұлы

11.05.2019 23:10
Бауырым өлеңдерің жақсы екен. Өлеңдеріңде терең ой өзіндік бояу бар екен. Туындыларыңды жиі жиі жариялап тұруыңды өтінем. Поэзия әлеміне жаңа леп қосылды деп қуанып отырмын!

жадыра долдакызы.

12.05.2019 04:12
Жараисын Бекзат жазарын коп болсын.

Гултай Дугаликызы

12.05.2019 11:33
Жарайсын балам каламын ушталып, шабытын шалки берсин.

Архат Сағдатұлы

12.05.2019 12:05
Қаламың ұшата берсін, бауырым!

Ардақ Сайлаукызы

13.05.2019 07:45
13.05.2019 Мектебіміздің түлегі, "Алтын белгі" иегеріі Бекзат Думанулы сенімен мактанамыз, шығармашылық талабыңа акжол тілеймін!

Алишер Мукенов

16.05.2019 09:02
Жарайсың бауырым!!! Қаламыңның сиясы кеппесін!!

Жансая Байболова

16.05.2019 23:10
Бекзатым бауырым, биздин мактанышымыз! Каламын ушталып, онерин оркендесин! Алар асуларын, багындырар белестерин коп болсын!!! Тил-козден сактасын!!!

Меңдіғали Мейірманов

24.05.2019 04:10
Жазарың таусылмасын!
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар