Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бауыржан Жақып. Әдебиеттің алтын ордасы

09.12.2019 692

Бауыржан Жақып. Әдебиеттің алтын ордасы

Қазақ руханиятының қара шаңырағы ­– Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына биыл 85 жыл. Әдебиетіміздің алтын арқауы болған шығармашылық бірлестікті атаулы мерекесімен құттықтай отырып, одақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен өткен-кеткені туралы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақыппен аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

- Бауыржан аға, Сіздің шығармашылық жолыңыз, бұл күнде өзіңіз қызымет етіп жатқан Қазақстан Жазушылар одағымен тығыз байланысты. 85 жылдық тарихына көз жүгірте отырып, одақтың ел руханиятындағы орыны туралы айта отырсаңыз?

- Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толып отыр! Бұл тек қаламгерлердің ғана емес, бүкіл әдебиет сүйер қауымның, тіпті барша қазақ халқының тойы! Сонау 1934 жылы 12-18 маусымда Жазушылар одағының алғашқы құрылтайы өтіп, сонда ресми түрде Одақ құрылып, оның төрағасы болып, біртуар ақын Ілияс Жансүгіров сайланды. Сол кезден бастап жазушылар одағы елдің рухани орталығына айналды. Қазақ елі небір аумалы төкпелі заманды бастан кешірді. 1937 жылы Алаш қайраткерлеріне жалған жала жабылып, не бір марқасқаларымыз тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Нәубет әсіресе көзі ашық, көкірегі ояу елдің рухани көсемдерін, көшбасшы тұлғаларын жайпап кетті. Ұлтын сүйгені үшін, Қазақ елін өркениетті елдің қатарына іліктіргісі келгені үшін Әлихан мен Ахмет, Міржақып пен Мағжан, Жүсіпбек пен Мұхтар, Сәкен мен Ілияс, Бейімбет, Халел мен Жаһанша, Қошке мен Санжар атылды, асылды, түрмеге жабылды. Аяусыз жәбірленді, жапа шекті. Бүкіл елдің қаймағын қалқып алған репрессиядан енді ес жия бергенде соғыс басталды. Қан майданның алғы шебінде болған жазушылар бұл қиын кезеңде қаламмен де, қарумен де жауға қарсы күресе білді. Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Ә.Сәрсенбаев, Қ.Аманжолов, А.Жұмағалиев, Қ.Исабаев, Ә.Нұршайқов сынды аға қаламгерлер майданда жүріп қаламын тастамады. Жазықсыз атылған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің шығармашылығы тек 1958 жылы ресми ақталды. Ал осы уақытта халық рухани шөлін немен басты? Әрине ұлтымыздың ұлан-асыр бай ауыз әдебиеті сарқылмас қазынаға айналды. Оны жинақтап кеткен ел зиялыларына мың тағызым! Сосын қазақ әдебиетінің көші маңдайымызға біткен Арыстардың еңбек жолымен жалғасты. Олар: Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин болатын. Мұхтардың «Қорғансыздың күні», «Көксерек», «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Абай жолы». Сәбиттің «Сұлушаш», «Ботагөз», «Аққан жұлдыз». Ғабиттің «Ұлпан», «Қазақ солдаты». Ғабиденнің «Миллионер», «Қарағанды» сынды классикалық шығармалары елге зор рухани азық болды. Содан бері қазақ үшін бірі ай, бірі күн, бірі жұлдыз болған данышпандар аз болмады. Олардың бәрі одақты өз үйіндей көрді. Одаққа арқа сүйеді, одақтан түлеп ұшты. Қаншама қиын кезеңдер де одақтан алыстамады. Одақты сақтап қалуға тырысты. Өз ретінде одақта саяси-рухани, әлеуметтік мәселелер де өз жолынан жаңылмай ел ісіне белсене араласып отырды.

- Қазақстан Жазушылар одағы 85 жылдық тарихында алғашқы қадамынан бастап, бүгінгі кемел шағына дейін әртүрлі бұралаң жолдардан өтті, өз миссиясынан айнымағанымен құлдырау кезеңдері де болған шығар?

- Қазақстан Жазушылар одағы ел руханияты үшін үлкен күш. Әдебиеттің алтын ордасы. Рухани бірліктің ұйтқысы. Қазақ қашанда сөзге тоқтаған халық. Оның ішінде зиялы қауымның сөзіне. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында одақ пен қоғам арасындағы байланысты кішкене үзіңкіреп алғанымыз рас. Шығармашылық қауым өз күнін өзі көріп, жан бағысын күйттей жүріп өз кітаптарын өзі шығарып жатты. Ол оқырман қауымға бірде жетіп, бірде жетпей жатты. Елдің еңсесі ол тұста еңкіш, тұрмысы жұтаң тұғын. Солай болсада ел руханияты мүлде тоқырап қалды деуге келмейді. Желтоқсан қозғалысы тұсында дүр етіп көтерілген ел рухы Тәуелсіздік алған соңда отын өшіріп, жалауын жыққан жоқ. Жазушылар одағы қашанда өз елімен, өз жерімен бірге болды деп айта аламын. Ел өссе бірге өсті, ел қуанса бірге қуанды.

Бауыржан Жақып

ақын, Қазақстан жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары

- Жаңа басшылық келгелі одақтың тыныс-тіршілігіне қан жүгіріп, мәдени өмірімізде жағымды жаңалықтар болып жатқанынан хабарымыз бар. Бұл үрдіс алдағы уақытта да өз жалғасын таба алама?

- Әрине, жалғасын таба береді. Одақтың алға қойған үлкен жоспарлары бар. Олар өз ретімен орындалып келеді. Біз қазір Алматы әкімдігімен тығыз жұмыс істеп отырмыз. Қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев қаламгерлермен арнайы жүздесті. Биылғы бес айда әр 150 ақын-жазушыға қала әкімінің гранты тағайындалды, әрқайсына 500 мың теңгеден. Олардың алғашқы 90-ы сол грантты салтанатты түрде қолдарына алды. Кітап шығару жұмысы да жүйелі түрде іске асатын болады. Қала әкімдігі сонау 55-жылдан мемлекет қарауына алынып, ешқандай күрделі жөндеу көрмеген ғимаратымызға жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі автокөлік сыйлады. Билік тарапынан осындай бетбұрыс бар. Ал біз өз кезегімізде қарқынды түрде жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр Қазақстан Жазушылар одағы Халықаралық деңгейдегі ірі екі іс-шара өткізді. Оның алғашқысы 26-30 тамыз күндері астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ақ ордалы Астанам» атты Халықаралық поэзия кеші. Бұл кешке әлемнің түкпір-түкпірінен белгілі ақындар келді. Бес күнге созылған поэзия кеші дүркіреп өтті. «Рухани жаңғыру» айдарымен «Әлем ақындары Қазақстанды жырлайды» атты шығармалар жинағы да жарыққа шықты. Екінші ауқымды шара – 20-21 қыркүйек күндері өткен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумы. Бұл форумға Еуразия құрлығының 30 мемлекетінен 40-қа жуық қаламгер қатысып, Қазақстанның барлық аймағынан 100-ге жуық делегат келді. Нұр-Сұлтанда тұратын 150-ге тарта қаламгердің барлығы да Еуразиялык әдеби форумның төрінен табылды. Жас дарындарды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Жастар кеңесі құрылды. Бұл кеңеске ең мықты деген жас қаламгерлер мүшелікке алынды. Мамыр айында Талдықорған қаласында Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен жас әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» форумы өтті. Былтыр «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасын қолға алды. Әр облысқа Қазақстан Жазушылар одағынан үш қаламгерден жіберіліп, сол облыстың рухани қазынасымен танысып, бір жылда 60-қа жуық шығарма жазылды. Бұл әдебиетіміз үшін, шын мәнісінде үлкен олжа болды.

Осы аз уақыттың ішінде Қазақстан Жазушылар одағы өзге елдердің әдеби ұйымдарымен халықаралық келісімдерге қол жеткізді. Өзбекстан, Ресей, Түркия, Иран, Қытай сынды іргелі елдердің әдеби қауымдастықтарымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы меморандумдардың негізінде аталған елдерде қазақ қаламгерлерінің кітаптарын басып шығару, антологиялар құрастыру, қазақ ақын-жазушыларымен кездесулер өткізу сынды бір қатар шаруа қолға алынды.

Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен, «Nur Otan» халықтық демократиялық партиясымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. «Нұр Отан» партиясымен жасасқан меморандум негізінде 4 ірі жоба қолға алынды. ҚР Кәсіподақтар федерациясымен жасасқан меморандум негізінде зейнеткер жасындағы қаламгерлердің 50 пайыздық жеңілдікпен санаторийлерде ем қабылдауына мүмкіндік туды. Қытай Жазушылар одағы қазақ қаламгерлерін қытай тіліне, қытай қаламгерлерін қазақ тіліне аударып, екі елде де кездесулер ұйымдастыруға ұсыныс білдірді. Ал Иран мемлекетімен арадағы жасалған меморандумға байланысты 70-ке жуық қазақ қаламгерінің шығармалары парсы тіліне аударылатын болды. Сондай-ақ, Түркияның ғылыми, әдеби шығармалардың авторлар қоғамы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы меморандумда жыл сайын поэзиялық фестиваль ұйымдастырылу жөнінде уәде етіліп, екі елдің қаламгерлерінің туындыларын аудару мен кітаптарының шығарылуы жоспарға енгізілді.

Республика бойынша Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірқатар филиалына жаңа басшы тағайындалып, жұмысы жандандырылды. Сонымен қатар, елге танымал ақын-жазушы ретінде қалыптасып үлгерген 30-ға жуық қаламгер Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды.

Биылғы 4 – 6 қыркүйек аралығында Қазақстан Жазушылар одағы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі қатысқан «Азия елдері қаламгерлерінің форумын» ұйымдастырды. Дәл осындай Азияның әлемге танылған қаламгерлерінің басын қосқан ауқымды әдеби форум Тәуелсіздік жылдарында Қазақ жерінде тұңғыш рет өткізілді. Бұл форумға жалпы саны 300-ден астам ақын-жазушы қатысты. Оның ішінде Азия құрлығын мекен еткен 38 мемлекеттен Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және АЗЕАЫ әдеби жүлдесінің жеңімпаздары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының төрағаларынан құралған белгілі қаламгерлер бар.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдебиетімізді халықаралық дәрежеде насихаттауды мақсат тұтқан «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына орай БҰҰ-ның 6 тіліне аударылатын шығармаларды топтастырып, әзірлеу жұмыстарына Қазақстан Жазушылар одағының үлкен септігі тиді. Осының арқасында қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың шығармалары поэзия және проза жанрлары бойынша БҰҰ-нын 6 тіліне аударылып, әлемге сапар шекті.

- Тәуелсіздік алған жылдардан бері ел өмірінде жақсылығымен бірге қиын кезеңдер, азамат сыналар асулы тұстар көп болды. Сондай сындарлы кезеңде қаламгерін қадыр қазақы қоғам одақ жаққа қарайлумен болатыны рас. Ал Одақтың жанары төмен қараған тұстары болды ма?

- 1986 жылы алаңға шығып, Кеңестік билікке заңды талабын қойған, «Қазақты қазақ басқару" керек деп ұрандаған ұл-қыздардың рухын шыңдаған сол уақытқа дейін жарық көрген мыңжылдық дала әдебиеті мен ақын жазушылардың ұлттық рухқа толы шығармалары деп есептеймін. Ұлттық әдебиеттің міндеті - ұлтты тәрбиелеу. Ол айғай емес, ұран емес. Ел өмірінде, әдеби ағында, қоғамдық ортада тоқтаусыз жүріп жататын процесс. Ел мен жер мәселесінде одақтың және оның қаламгерлерінің үнсіз қалған тұстары жоқ. Және бұл жеке жазушылардың өз белсенділігіне де қатысты сұрақ. Ел мүдесі жолында одақтың күмілжіген тұстары жоқ деп ойлаймын.

- Қоғамның даму заңы өз талабын істейтіні анық тұтатын. Қазір шығармашылық одаққа, иә бір ұжымға, басқа да атрибуттарға бағынбауы, тәуелді болмауы керек деп есептейтін жас ұрпақ өсіп келеді. Осы үрдісті ескере отырып, Қазақстан Жазушылар одағының 100 жылдық келбетін қалай елестетесіз?

- Қазір технология заманы. Әлеуметтік желі үстемдік құрып тұрған уақыт. Жастардың бұл ойымен келісуге болады. Уақыт өз дегенін істемей қоймайды. Электронды кітап деген де шықты. Ақпараттық-технологиясы қарыштап дамыған Жапония, АҚШ-тың өзі қағазға басылып шыққан кітапқа ден қояды. Әрине әр заманның өзінің құрқылтайы мен сұрқылтайы бар дегендей. Барлығына уақыт төреші. Одақ ұжымдық орта болғанымен, шығармашылық ұжымдық жұмыс емес. Әр қаламгердің өз «мені», өз дауысы бар. Өркениетті елдегідей әдеби агент ұстап жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік болса біздің жазушылар да ешкімнен кем емес құнды дүниелер ұсынар еді, ұсынып та келеді. Қағаз кітаптың тарихи сақынадан ешуақытта түспейтіні сияқты, шығармашылық ұйым мен шығармашылық одақтарда өз құнын жоя қоймас. Заман ырғағына сай өз сүре жолымен дамып, жетіле беретіні сөзсіз. Жазушылар одағының ғасырлық келбеті өз уақытының барлық мүмкіндіктерін пайдаланған, барлық сұраныстарына жауап берген парасаттың биік тұғырында болады деп ойлаймын. Үйткені ол кезде одақтың тұтқасын өзің айтқан жас ұрпақ, жаңа буын ұстайтын болады.

- Қазақстан Жазушылар одағының тарихы – ұлт руханиятының тарихы. 85 жылдық мерей тойы – қазақ елінің ортақ тойы. Ортақ қуанышы. Осы орайда оқырман қауым мен әріптестеріңізге айтар ақ тілегіңіз?

- Ел мен жерге, ұлт пен ұлысқа не тілесем одаққа да соны тілеймін! Қазақтың Құтханасынан кие кетпесін. Қара ормандай оқырмандары аман болсын! Қаламгерлерге шығармашылық табыс тілеймін!

Cұхбаттасқан: Ұмтыл Зарыққан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар