Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бауыржан Қарағызұлы. Жер – Ұшпақ дәнегі

17.10.2020 1297

Бауыржан Қарағызұлы. Жер – Ұшпақ дәнегі

Карантин. бесінші күн.

Таңғы эфирден құлаған дауыстар,
үйдегі кілемнің үстіне шашылды,
көңілім
су сепкендей басылды.
Балама қараймын, естіген жоқ.

Далаға шықпаңыз, қымбаттым.

"Кілемге су сепші, сыпыртқы қайда?"
Балалық шағымнан апамның дауысы талықсып естілді.
Уақыт бір сәтте ауысты,
мөлт еткен мұңыммен қауышты.

Түсіне салыңыз, қымбаттым.

Біз қанша гүлдердің обалын көтердік?
Тек қана қиянат жоспары өтелді.
Қиянат тозаңы әлемді шарлап жүр,
интернет түнімен жөтелді.

Бетперде тағыңыз, қымбаттым.

Қайырлы таң!

Бүгін дөңбекшіп шықты
ұйықтай алмады түнім.
Әне,
шығыстан ерініп,
әрең дегенде Күн шықты.
Менің мемлекеттік тілім
тап-таза ауада тұншықты.
Өзіне де сол керек!

Good morning!

Әке

Сенің өміріңдегі,

Сенің осы түкке тұрмайтын өміріңдегі,
ең шынайы Адам.
Құдай оған сені берді.

Алыстан жүрегіңе үнсіз қарап отыр.
Сезбейсің.

Сезбегенсің.
Кейін, өзгересің.

Оның қадірі жоқ.
Қадірін кеш білесің, сезінемін.
Өйткені, Ол – өзің едің.

Ана

Әлі дүниеге келмеген Сөз.
Жаралмаған Ой.
Шөлдеген сағыныштың тілі.
Үні махаббаттың. Өлімнің гүлі.
Менің жүрегіме сотталған қарыз.
Мәңгілікке сотталған.
Сенің, де...

Омырауынан тараған нұр -
ақиқатқа айналған аңыз
шексіз ақпарат керуенінде билейді.
Мейірім – шексіз қатал.
Қаталдық – шексіз жылауық.


Қып-қызыл тамұққа күймейді.
Лайықсыз аппақ Ұшпақ.

Біздің арамыз
сондай жақын болса да алыс,
алыс болса да сондай жақын.
Сүттің дәмі жұлынымда шексіз ұшады,
Иісі шексіз құшады өмірімді.
Мен де – шексіз!

Балкондағы біреу

Түн қандай тып-тыныш,
жаның бір рахат күй кешкен.
Үйлескен бәрі өзінше.
"Адам өзін ғана өзі түсінген",
деп, күрсініп алып:
"Эмоция деген не?" деймін, ішімнен.
Мүмкін, ойың ба, ойыңды бүлдірген?
Кім сені жылатқан? Кім мені күлдірген?
Күн сайын таңертең оянсам,
өзім емес сияқтымын...
Онда, өзім болмасам,
Кіммін мен?!

Кешірім

Таң. Таңды жақсы көремін,
ақ пен қараның арасын,
көңілдің құтысына маласың,
сәбидің күлкісін искегендей боласың.

Искеші,
"таңқаламын." Осы сөзге жылынам,
таңда қалғысы келетін шығар, тірі жан.

Бүгін өзімді кешірейінші,
Құдай қаласа,
әлі талай қателіктеріме ұрынам,
кешере салайыншы, өзімді...
Бір-ақ рет...

Үнсіздік

Әлеуметтік желіден айқай салдым,
мәу демепті. Өзімнен ұялдым.


Үнсіздіктің төрінен айқай салдым,
жөнсіздікті көрдім. Өзімнен ұялдым.


Айнаның ішінен айқай салдым,
байламым шешіліп кетті.
Өзімнен ұялдым.


Түнгі көшеден айқай салдым,
көсегеме Сөз жасым тамып кетті,
өзімнен ұялдым.

Шал

Уақыт. Уақыт өзі өсірген, жетім тау,
жалғыз қалдың ба?
Көндің бе?
Айға қарап кетілген,

ұлып-ұлып,
түн іші,
жел жалай ма бетіңнен?


Жалғыз қалдың ба, жетім тау?
Бақ құсың ұшты басыңнан,
үгіліп неге кетпейсің?
Жапырақтары шашылған,
кәрі қайыңды көрдің бе?


Көргің келмей ме, немене?
Жапырақтарды таптаған,
анау бір, тойшыл төбеге,
менің де,
сай-сүйгім жасиды,
түсінесің бе, жетім тау?
Көзімнен аққан жұлдызға,
кеңсірігім ашиды,
маған да оңай дейсің бе, а?

Былтыр

Жаңа жыл деген – цифрлардың аруағы,
Цифрлардың аруағы кезіп жүр миды.
Ми бөлмелерін кезіп жүр.
Сондықтан Жаңа жыл іште.

Ішіме түскен жылдардың күрсінісі
жан-жүйкемді тістеп, маза бермейді...
"Жаңа жыл" жақындағанда,
жақынның алыстайтынын білмеппін.
Білмеппін,
асқазанымда алапат жарылыс барын.

Сол жарылыстан түсіндім.
Өзгенің бәрі – дос маған. Сен.
Сен, сен, сен де доссың! Дос болам.
Ал сөздерімнің бәрі - дұшпан,
маған.

Менің сөздерім біреуді жақтағанда,
даттағанда, тіпті мақтағанда
оның ыстық лебіне
маңдайдағы
тағдырдың өзі еріп кетеді.

Көп сөйлегім келмейді. Жетеді!
Сөзге шорқақпын.
Себебі – қорқақпын.
Сөзден қорқамын.
Қорықпаймын өлімнен,
көзге көрінген.

Автопортрет

Бұл Жерде, мен болғанмын...

P. S.

Бұл Жерде, сен де болғансың.

Ол да, болады бұл Жерде.

Бұл Жер, бізден қалады...

Жоқ, қалмайды,

әуеннің исімен сөйлесіп, Адамы,

Замана соңында Жер бүршік жарады.

Жер – Ұшпақ дәнегі.

Тамұқ ол – адасқан ойлардың әлегі!

...Бұл жерде, мен де болғанмын!

Сенің дауысың

Сенің дауысың
өне-бойымды өртеп барады,
дүниенің тұп-тұнық – Жанары!


Ең ұлы өлең – сенің дауысың,
сенің дауысың – шексіздікпен қауышу.

Сенің дауысың – мүмкін періштелер уілі,
ал, періште деген кім өзі?
Нұрға жуыну – сенің дауысың,
Сенің дауысың – қасиет:
Құран – сенің дауысың;
Інжіл, Тәурат, Забур – сенің дауысың!


Ал шынымен,
Періште деген – адам қиялы,
қиял – жай ғана ұғым,
адам қиялы – ғылым!

Ғылымсың – сен,
мен ашқан ғылымсың;
мен зарығып тосқан жүрек ішінде гүлдеген сөзсің.

Сөз деген – ұмсыну,
Сөздің өзі садаға кетсің сенен.

Қанымда тоқтамай
шыр айналған дауыс;
құсни ғалам;
күллі дұғаны
мейіріммен айналған дауыс;
жаратылыс пешенесін әлдилеген дауыс;
жіпсіз шексіздікке байланған дауыс;
анасың, пайғамбарсың, әмбиесің, әулиесің,
ғашықпын саған!

Кәрі қыздың монологы

Сен таңқалған болдың,
өтірік алданған болдың маған.
Бәріне, мені сүйетініңді,
ұмыта алмайтындығыңды,
жалғыз қалмайтындығыңды
айттың,
айттың да, үйге келіп,
өкіріп, өкініп,
өз ішіңде тірідей өліп,
жастықты құшақтап,
лақтырып жастықты
айқайлап, қарқылдап күлдің!


Күлдің, дәл мен сияқты.
Күлкі – неткен қасірет!
Жүрдім мен де, сен сияқты – ,
бұл айтқандарымның бәрі – Арман!
Арман емес – жалған!

Адам осылай алданбай ма?!
Алданбай ма адам болған соң!
Қалған соң жалғыз!
Бәрі – мен сияқты!
Сен сияқты – бәрі!
Дүние – кәрі!

Тағы да қар туралы

Мезгіл мыжыған бетімнен сүйесің,

ниетімнен шошимын, қар.

Мезгілдің мыжыған ізімен домалап,

мойнымнан қойныма енесің, қар,

буланып жатамын мен. Балқып.

Аппақ қар – қап-қара.

Мақталған мен бе?

Тапталған сен бе?

Сенбе маған, бізсіз де таң атар,

Күн батар бізсіз де.

Көкті тіреп тұрған жоқ ешкім.

Елеспін, өте шығамын жаныңнан.

Тыр жалаңаш дірдектеп

өте шығады осы түн.

Сен секілді талай қар

еріп кетті емес пе?

Мен секілді талай қор,

еріп кеткен безіне.

Ия,

Аспаннан сен де келдің,

келдім мен де, көрдің, көрдім.

Көргенім осы ма?

Көргенің осы ма?

Қар. Қап-қара қар.

Көшеде өзінен адасқан

біз ғана емеспіз.

Көшеде ойына тайып жығылған да

біз ғана емеспіз, қар.

Жүздесу

Сәлем, ояу ғалам!

Сәлем, аяулы адам!

Көңіл неткен аңғал

көлден Ай аулаған.

Атқан таңдай азат,

татқан балдай — ләззат.

Көзім, аяулы адам,

өмір қандай ғажап!

Маған адалсың ба?

Жазмыш, обалсынба.

Жаның ауыра ма?

Ажал,

амансың ба?

Балконға келген күз

Жапырақтың көзінен,

жап-жарық түн тамып тұр.

Ақылдының сөзінен,

сенің жүйкең жалықты.

Дұшпандарың неше еді?

достарың да көп еді...

Жалаңаяқ көшені

кезіп кеткің келеді.

Өз-өзіңе кектендің,

Жүрек мұңын илейді.

Балконыңда өткен күн,

жылап тұрып, билейді.

Жұбатқандай ұмсынып,

күз искейді басыңнан.

Телміресің күрсініп,

жапыраққа шашылған.

Шалқа

Адам жолға шықты,

шықты барлық тиымнан.

Уақыт демін жұтты,

күтті шығар демін.

Адам жолдан келді,

келді. Әсем түрме.

Енді ерік өлді,

рұқсат сұра, күлме!

Адам жолға шықты,

жатып шықты жолға,

үнсіз бәрін ұқты...

Уақыт кімге жүкті?

Адам жолға шықты...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар