Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бауыржан Игілік: Жайнамаздай қастерледім қағазды

06.04.2019 1733

Бауыржан Игілік: Жайнамаздай қастерледім қағазды

Жақсы өлең жаныңа жылылық сыйлайды. Жылдар өткен сайын жүрегіңде жаңғырып, санаңда жатталып қалады. Ешбір бояусыз қарапайым өмірдің өзіндей. Сезіндіреді, ойландырады. Асылы осындай өлең тағдырлы таланттан ғана туса керек. Көркем жырымен көптің жүрегін жаулаған талантты ақынның бірі – Бауыржан Игілік! Өлеңдерінде өмір бар, өзі бар. Күйінішін де, сүйінішін де өлеңінен табасың. Бауыржан өлеңдерінің өзегіне үңілсең бірде Сағидай мөлдір, бірде Мұқағалидай сыршыл, бірде Жұмекендей жұмбақ, бірде Абайдай ойшыл. Өзінің өткір мінезіндей өлеңдерінде өзгеше еркіндік бар. Ұйқас қуып, жалған ойшылдыққа бармайды. Оның өзі ақынның үлкен талант екендігінен хабар берсе керек. Өлеңдеріндегі өзіндік тұжырымдары ойландырмай қоймасы анық.

Көңіліне көнді де көзсіз сүйді,
Көзсіздіктен басталды бар қасірет...

Немесе,

Опасыз өткеніңді біле тұрып,
Жаңа өмір бастаймын деу - кіл өтірік!

Ит жөніндегі балладасында:

Бізден басқа жәндікте сезім жоқтай
Тым тәкаппар сүреміз фәниді біз!

Былайша түйіндейді:

Құдіретіне Құдайдың қайраным бар
Бәрі бауыр адамың, айуаның да…
Өмір бірақ ит емес о, адамдар!
Өмір бірақ ит емес, ойланыңдар…

Иттің күшіктеріне деген «аналық» мейірімін сезінгенде адамдардың олардан төмен күйін көріп ашынбасқа шараң жоқ, тіптен.

Мынау соқыр қоғамда сурет сатып
Отырам ба басымда болса миым?!

Бұл есіл өнері босағада қор болып ашынған суретшінің жанайқайы! Осындай ішкі дауыстарды, адам жанындағы ауыр хәлді тек шынайы қаламгер ғана бере алса керек.

Ал, табиғатты суреттегенде қаламын шыққа малғандай.

Қысқа ғана өмірдің дәмін алып,
Әрбір гүлге көбелек тәу етеді.

Тағы бірде:

Алуан гүлдер тағынып алқа шықтан,
Араларға ақкөңіл бал тасытқан.
Маусым еді – мәйегі ақтарылып,
Тасынан да шымырлап сорпа шыққан...

Көкжиекте сәби-таң айдарланса
Бір жүруші ек, тағына Ай қонғанша.
Әлі ғашық болармыз талай-талай,
Бірақ, бала болмаспыз қайран қанша...

Міне, ақын жырының ғажап сұлулығының өзі осында жатқандай. Көңілге көктем ұялатады. Кеудеңе бір жылылық еседі. Жүрегіңде бір сағыныш оянады.

Ақын - ұлы махаббаттың иесі. Аллаға, адамға деген, күллі жер бетіндегі жақсылық атаулыға деген шексіз махаббат егесі. Осынау мәңгілік тақырыпты Бауыржан да өзінше жырлай білген.

Кірпігіңе кеп қонған қар ұшқынын,
Тамшы қылып ерітті жан ыстығың...

Немесе:

Саған қарап өткіздім уақытты бар.
Еріп жатты ерініңде бақытты қар.

«Жан ыстығына еріген қарды», «ерінінде еріген бақытты қарды» ақын көзі ғана көріп, ақын жаны ғана сезіне алса керек.

Ал, «Үр қызы» өлеңінде.

Өлең көрдім көзіңнен,
Саған қарай
Көшпелі алтын секілді көшті бақыт...

Немесе,

Сен ұсынған кеседен шай емес-ау
Ішкендей боп отырдым неке суын...

Былайша түйіндейді:

...Ауылың сенің сайда еді тау қамаған
Келмейтұғын қайтқысы барған адам.
Байқаусызда адасып жерде жүрген
Үр қызындай көріндің сонда маған...

Табиғатты жанындай жақсы көріп, тұтасып кеткен ақын жаны көктемді былайша қарсы алады. Осы шумақтар біздің де сөз түйініміз болсын.

Көктем келді, жаз - таяу...Шыда жүрек!
Көптен бері екеуіміз құлазып ек.
Біз алданар бақыттың біразы алда,
Бізге жақын адамның біразы жоқ...

Кел, жүрегім қарсы алып бұл көктемді,
Алданайық уақытша дүрмекке енді.
Өлілерді білеміз сағынуды,
Үйренейік тіріні құрметтеуді...


Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: ақын, бауыржан игілік
(0)

Пікірлер

Айбек Жеңісқазин

28.03.2019 13:00
Бауыржан нағыз ақын!

Отан Парасат

28.03.2019 16:38
Бауыржан сегіз қырлы жігіттің төресіғой!

Марияш Нургалиевна

28.03.2019 19:23
Адал, өткір, кішіпейіл жгіт. Анасының ақылды баласы.

Марияш Нургалиевна

28.03.2019 20:07
Адам жанын түсіне білетін, адWамгершілігі мол, өткір жігіт.

Ерасыл Сәрсенбаев

28.03.2019 22:00
Әп,бәрекелді .Бауыржан Игілік ағамыздың өлеңдері керемет,кез келген атақпен сыйға татиды.Міне нағыз ақын

Нұрдәулет Кәкіштегі

29.03.2019 00:03
Баукең дара ғой
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар