Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Барокко болмыс

14.08.2021 2279

Барокко болмыс

Әйел затын сұлулыққа теңеп жатамыз ғой. Бірақ одан да өткен сұлу бір дүние бар. Бұл білімге суарылған инабат дер едім. Енді аты аталған әлгі екеуі әйелдің хас көркіне келіп қосылса не болар еді!?

Мен Салтанаттың әлі жарыққа шықпаған кітабын оқып отырып осындай ойға бекідім.

Біз білетін Барокко сөзінің екі түрлі мағынасы бар. Бірі – архитектуралық үлгі болса, екіншісі – өзгеше пішінді маржандар. Осы екі анықтама да ақынның өз болмысы десек еш қателеспейміз. Осы орайда мына бір дүниені де қосарлай айта кетейін. Мен уақыттың мәні, сосын өлім туралы көбірек ойладым. Неге дейсіз ғой? Себебі өлімнің алдында өнердің әйел мен еркек, жақсы мен жаман атты еш жіктелімі жоқ. Өзіңіз ойлаңызшы, өлген соң шайырлардың шын бәсекелесі Шекспир мен Абай, Гете мен Пушкин болады. Бұл дегеніңіз, бір жағынан, үлкен жауапкершілік пен сұмдық бәсеке ғой. Түсінесіз бе, кәсіби өнерде «орташа» немесе «нашар» ұғымдары деген атымен болмайды (Я бар, я жоқ боласың деген секілді ғой).

Қазақтың көңіл қимастықпен айтатын «Ат тұяғын тай басар» қағидасы өмірдің өз дамысына (эволюциясына) келгенмен, өнердің төл қағидасына еш келмейді. Осыны Салтанат айтады:

Расында...

Қағазға түспеген не түрлі өлең бар,

Менің бұл басымда.

Еліктемедім мен,

Мұқағалиға, Қасымға.

Өзімнің хақымда:

Ұқсағым келмеуі –

Қазан-ошақтан аспайтын ақынға.

Ойларда, қырларда билемей,

Салмақты ойымды

жеңілтек тірлікпен сүйремей,

Думанда, тойларда бірталай

Тәп-тәуір әнімді шырқамай жүргенім – менің бір білгенім:

Тән емес,

Ой билеп тұрғасын

Қарайсың, қазақта бір Абай,

бір Қасым.

Бір ұлы кәрілік бар шығар ағзамда?

Қартаймас күш бар ма,

Мұқаңда, Мағжанда?

Поэзия береді көңілдің сұлбасын!

Жан іздеп, ойлары ойына шақ келер

Сөз болып, жыр тастар.

Жақсылар бір-бірін «Ағалап», «Әпкелер».

Жақсы ақындар – құрдастар!

Мінекей, біздің манадан бері түсіндіре алмай отырған ойымыздың негізгі тағаны да «...Жақсы ақындар – құрдастар» байламында жатыр. Ал енді дәтің жетіп, жүрегің дауаласа жоғарыдағы данышпандармен құсни-құрдас, шын дәуірлес болып көр.

Бір қызығы, біз манағы сөз басында ұшығын шығарған өлім ұғымына Салтанат жалғыздық сипатында қарайды екен.

«...Жалғыздығыңнан безбегін,

Көріңе түсер өзіңмен өзге кім?

Өмірдің алданба қошына,

Өлім –

сен танитын әлде танымайтын жалғыздық.

Сен одан шошыма.

Жалғыздығыңа өлгенге дейін кел...».

Рас, біздің ең жек көретін, ең қашатын дүниеміз де осы жалғыздық ғой. Жалғыздықтың жауы не десек, ол коллективтік сана дер едік. Келіс, келіспеңіз, қызық та, қызыл танау қырғын да осы ұжымдық (дұрысы тобырлық) сана ішінде емес пе?

Енді еңіреп туған ер болсаңыз, бұл ойыннан ат тоныңызды ала қашып, күллі коллективтік пәлсапаға бір өзіңіз ғана қасқайып қарсы шығып көріңіз тегі.

«...Жалғыздығыңды еркелетпе, бірақ асыра.

Сүйсең, біреудің жалғыздығына тиіспей,

Өзіңнің жалғыздығыңды қой қасына.

Сезімнің шашылған жапырақтарын

Бір жерге үйіп көр.

Сосын, өзіңнің жалғыздығыңды

белінен ұстап сүйіп көр...».

Ал керек болса, «...жалғыздығыңды белінен ұстап сүйіп көр...» құдайым-ау, қандай тамаша, қандай қамырық пайым еді.

«...Жүру үшін елеп досы,

Болмысынан бөліну.

Жалпы адамға керек пе осы?

Бақытты боп көріну».

Біздің бақыт деп жүргеніміз немене осы? Бұл мың данышпанның маңдайын уқалатқан тым ауыр сұрақ. Жалпы «Бақытты болып көрінудің» артында адамның шен мен шекпенге, биік лауазымға деген ішкі ынтызарлығы жатқан жоқ па екен?.. Осыдан болып адам бақытты болып кете ала ма?

Мінекей, Салтанат бізге осылай гамлеттік сұрақ қояды.

«...Жаңадан даңғаза жасаушылардың емес, жаңа құндылықтарды тудырушылардың айналасында әлем дыбыссыз айналады», – дейді Фридрих Ницше.

Ницшенің осы «дыбыссыздығының» антиподы күшеншектік пен мораль екендігі еш шүбәсіз ғой. Ең бастысы, Салтанатта мұның бірі де жоқ.

Кітаптың соңғы парағын жапқанда саумал жел ескен тынық көл жағасында тұрғандай бір әдемі сезімде боласың. Ницшенің «дыбыссыздық» феномені дәу де болса осы екен ғой дейсің іштей жаның кіріп...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар