Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Балалықтың лебі ескен баллада

26.11.2019 508

Балалықтың лебі ескен баллада

Кейде еркіндік дегеннің де қадірін білмей жатамыз. Оны балалық пен шалалыққа сілтеп өзімізді ақтап алғымыз келіп тұрады. Бәлкім, бұл да пенделік инстинкт болар. Сондай еркінсіп кеткен сәтіңде бір-ақ ауыз сөзімін тоқтататын қадірлі адамдарың болады ғой. Олардың алдында өзіңнің қателігіңді мойындап именіп тұрасың. Адам деген ардақты атыңды сақтап қалу үшін де пенделігіңмен күресуге тура келеді. Кемеңгер қазақтың «Әй»-дер ажа, «қой»-дер қожа іздейтіні осыдан болса керек. Бұл ақын Олжас Қасымның «Глобус туралы балладасын» оқығаннан кейінгі туған ой. Олжас оқиғалы өлеңнің шебері. Ұлттық әдебиеттегі оқиғалы өлеңді, баллада жанрын одан әрі кемелдендіріп келеді. Бала күніндегі кішкентай ғана оқиғаны ғаламдық деңгейдегі мәселемен байланыстыра білген. Еріксіз тәнті боласың. Оқиғалы өлең дегенде соны көз алдыңа қаз-қалпында келтіріп, құрғақ баяндаумен ғана шектелмейді. Үлкен идеялармен ұштастырады. Ақынның құдіреті де осында болса керек. Ауыл балаларының доп таппай мектептен глобусты ұрлап шығып тепкілеп ойнап жатқан қызу сәтін ақын былайша өрнектейді:

Ашылғандай болды сонда жолымыз,

Табылғандай болды сонда жоғымыз.

Көптен күткен осы ғой деп «добымыз»,

Оңды-солды тепкілейміз оны біз.

Қарамайтын дауылға да, жаңбырға,

Өңшең тентек өндірдей ұл бар мұнда.

Қапталымда тербеледі төрт мұхит,

Алты құрлық домалайды алдымда.

Ендіктер мен бойлықтары әдемі,

Әуелейді төрткүл дүние әлемі.

Түсіп алып дулы ойынның соңына,

Қызығына батып кеткен шақ еді...

Сол сәтте мұғалімі байқап қалады:

Ал біз тұрмыз еңсе түсіп, бүгіліп,

Үнсіз ғана кінәмізді ұғынып.

«Тебуге де бола ма екен жер шарын»,

Деп мұғалім жүре берді бұрылып...

Балалықтың лебі ескен балладаға автор түйінді ерекше қояды:

Содан бері үйір-үйір жыл өтті,

Өкіндірді, шаттандырды, жүдетті.

Глобусты тепкен күнім оралып,

Тепкілейді мынау нәзік жүректі.

Осы нәзік жүрегіме толса мұң,

Көз алдымда көлбеңдейді сол шағым.

Менің бала кезімдегі ойындай,

Қазір әлем теуіп жатыр жер шарын.

Үрейленіп бұл қара жер жылаған,

Шыдау керек, шыдай берер, шыдаған.

«Қойыңдар», кеп қалатын секілді,

Менің әлгі ұстазымдай бір адам.

Олжастың сөз өнеріне, әдебиетке ерекше ықыласы, зор сүйіспеншілігі ерте басталған. Ақын асыл әке арманының жемісіндей. Кітапқа толы үйден, мол қазынаның ортасынан шықты. Нағыз полигонның нүктесі, адамзатқа жасалған қиянат Дегелең дертін бала күннен көзімен көріп өсті. Ол жөнінде «Жарылыс» деген поэма да жазды. Шындығында да нағыз жарылыс осы қасіретті басынан кешкен адамдардың жүрегінде болды ғой. Ақын осыны тамыршыдай тап бас білген.

Абыралы топырағы, Таңат ауылында кіндік қаны тамған бала іркіліссіз ізденісімен, қарымды қабілетімен, табиғи талантымен зиялы қауымның назарын өзіне бірден аударды. Қазақ поэзиясына құбылыс боп келіп жасындай жарқ етіп өте шыққан Төлеужан бұлағының дәмін татқан Олжастың «Бозбеткей» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Ойлы оқырмандарынан, ақын ағаларынан өз бағасын алды. Жырау Жәркен ағамыздың өзі ағынан жарылып, былай деп бағалаған екен:

«Зымырап өтіп жатқан уақыт та, зымырап өтіп жатқан жылдар да артына бұрылмайтын ағыны күшті, адуынды өзен! Ақынның ақ тілегі бойынша әр екеуі де (уақыт, өзен) оның тілегін қабыл етпесі хақ. Әйтсе де, албырт жүрек аңқаулықпен өткізіп алған балалығын қалай да өлең өрнегі арқылы, өлең құдіреті арқылы қайтарып алғысы келеді. Ағынды өзен де түптің түбінде ортаюы, керек десеңіз сарқылып қалуы мүмкін. Ал, өлең сайын өрнегін айшықтап келе жатқан таланттың қайраты қайтып қайрандамауы әбден мүмкін. Жас ақынның тұңғыш кітабына енген кез-келген өлең-жырлары осының айғағындай. Онда терең ой да, сезім де, толғаныс та, әуен де, оқыс бұрылыс та бәрі-бәрі бар. Жас ақынның қазақтың өзінен бұрынғы ақындарын зерделеп, зерттеп, талғап оқитыны қуантады. Олжастың қазіргі қадамынан мен болашаққа деген үлкен ұмтылысты аңғарамын. Жас ақынның жырларын аркідік баспасөз беттерінен де ұшыратып жүрмін. Туындыларында жүрек тебірентер лирикадан гөрі салмақты ой басым. Қолына қасиетті қаламды алған ініме өлең сапарында тек жолы болсын деймін».

Осындай ойлы жырлар жазып жүрген Олжасқа тек шығармашылық табыстар тілейміз. Шыққан тауыңнан, шығар тауың биік болғай!

Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар