Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бақыткамал Қанарбаева. Мағжанның соңына шам алып түскен үш адам бар

19.12.2018 2387

Бақыткамал Қанарбаева. Мағжанның соңына шам алып түскен үш адам бар

Алғаш ұстатқан кім еді?

– Бақыткамал апай, сіз кеңестік жүйеде білім алған адамсыз. Мағжан ақынның есімін алғаш қашан естідіңіздер?

– Менің негізгі мамандығым – журналист. О заманда Мағжанды құбыжық қып айтатын. Кейін білдік олай емес екенін.

1986 жылы көтеріліс болғанын білесіз. А. Байтұрсынов атындағы тіл институты мен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты толған репрессия тұтқындары еді. М.Қаратаев 10 жыл, Б.Ысқақов бес жыл абақтыда отырған. Солардан көрді, сендер кек алдыңдар деп. Мәскеуден келген КГБ өкілдері оларды түгел жұмыстан алып, институтты аластап шықты. Қайтадан кадр жинау керек еді. Диқан Қамзабек, Гүлзия Пірәлиева, Құлбек Ергөбек сияқты бірнеше талантты жасты Әуезов институтына алды. Мен де солардың қатарында фольклор бөліміне кірдім.

1988 жылы Мағжан ақталды. Арыстар жарыққа шығып, зерттей бастадық. Жетекшілеріміз тақырып береді. Бірақ ешбірі Мағжанға жоламай қойды. Жай ғана мақтағанда түбін түсіреді. Бірақ жеме-жемге келгенде, ешқайсысы зерттеуге алмайды. Осы ойымды Серік Қирабаевқа айттым. «Не істейсің сен?» деп өзіме сұрақ қойды. «Бақыткамал-ау, қалқам-ау, жігіттер қорқып жатқан дүниеге екі кішкене балаңыз бола тұрып сіз қалай барасыз», – деді. «Көрейін» деп қоймадым. Мағжанға осылай келдім. Өмірімде 10 кітап жазыппын. Соның төртеуі Мағжанға арналды.

– Аты ақталған Мағжаннан неге бәрі қашады сонда?

Мағжан 1960 жылы ақталу керек болған. Кім кедергі болғанын біліп отырсыз…

– Білмейді екенбіз…

Қалай білмейсіз? Әбділдә Тәжібаев қой. Сол бас болып, сегіз адам қол қойып, Мағжанды КГБ-ға берген ғой. КГБ-ның «Ақтауға бола ма?» деген сауалына: «Жоқ, ақтауға болмайды. Мұның өлеңдері тұнып тұрған бәле саясат. Өзі эротиканы күшті жазады. Оның үстіне «Әлдиле өлім, әлдиле» деп өлімді насихаттайды» деген желеулермен қайта жаптырып тастаған. Осы кезде Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов бастаған Мәскеудегі «Жас тұлпар» ұйымының мүшелері Алматыға келіп, Мағжанның әйелі Зылихадан ақын шығармаларын алады. Машинкамен 20 экземплярын басып, жасырын таратады. Мұқағалилар сонда барып Мағжанмен танысады. Соның әсерінен Мұқаң «Оятайық ақынды» деген өлең жазады. «Ағалар, Мағжанды ақтауға көмектесіңдер» деген сөз ғой. Ағалар қайдан тыңдасын? Егер Мағжанды оятса, портреттердің орны ауысады ғой. Өздерінің орнына Мағжандар келеді. Әбділдә Тәжібаевтың «Портреттер» деген шығармасы бар. «Ол портреттер келгенде, біз ығысамыз» деген ой бар әлгі шығармасында. Расында, солай болды.

– Жүсіпбек Аймауытов Мағжанды мықты ақын болғанымен, өз бағытын таппаған деп бағалаған екен. Алашордаға да аса бір еңбегі сіңіп кетпеген деген пікірлер айтылып жүр. Осы қаншалықты дұрыс пікір. Қалай ойлайсыз?

– Шынын айту керек, Мағжанды бәлендей Алашорданың рухында кетті деп айта алмаймын. Мүмкіндік болса, Мағжан таза ғалым, таза педагог болып қалғысы келген. Сондай бір арманы болған екен. Сосын, бұлардың арасында идеологиялық тартыс болды. Сол ғой бірін-бірі ұстап берген.

– Бүгін ғана әлеуметтік желіге НКВД-ға қызмет еткен қазақ зиялыларының тізімі шықты. Мағжанды ұстап берген кім?

– Мағжанның айналасында көрсетушілер көп болды. Ең бірінші түрмеге салған кісі – Тарбағатайдың тумасы. Бұрынғы Қарой, қазіргі Қарасу ауылында туған Көлбай Төгісов. Сол кісі ақынды 1918 жылы түрмеге салып, алты ай ұстаған. «Әне атам, міне атам» деп отырған. «Солшыл эсерлер» деген партия болған. К.Төгісов соның мүшесі екен. Мағжанды жанындағы екі адаммен ұстап отырғанда, Ресейден қашқан адмирал Колчак Омбыға келеді. Сол кезде Колчакқа Әлихан Бөкейханов телеграмма салады. «Андағы жерден қазақтың ақыны Мағжан Жұмабаевты шығарып алыңыз. Ал Көлбай Төгісовті орнында атып тастаңыз», – дейді. Көлбай қашады. Артынан қуып жүріп атады.

– Әлихан неге ондай тапсырма берді?

– Көлбай Төгісов Ә.Бөкейхановтың басына 10 мың рубль, Ахметтің басына үш мың рубль тіккен. Көлбайдың көзін қазір құртпаса, кейін өздерін өлтіретін еді.

Аштықты жазғаны үшін атылған

– Егер Алашордаға соншалық еңбегі сіңіп кетпесе, Мағжан ақын большевиктер үшін несімен қауіпті болды?

– Мағжан Жұмабаев 1923 жылдың аяғында Мәскеуге барады. Ол кезде социалистік реализмнің негізі салынып жатқан болатын. Мағжан соны талқандауға барып отыр. Орысша өте сауатты адам болған.

«Осыған дейін өз бетінше дамып келген қазақ әдебиеті социалистік реализмге мұқтаж емес. Әркім өз әдебиетінің табиғи болмысын сақтау керек» деген пікір айтады. Сонда «Кіндік» баспасының директоры Нәзір Төреқұлов жанындағы бір топ адаммен жерлестердің ұйымында Мағжанды талқандап сынайды. «Мағжан заманынан азып кеткен ақын. Мағжанның оқулықтарының бәрі зиянды. Бүгіннен бастап алынсын» дейді. 1925 жылдың қаңтарынан бастап Мағжанның бүкіл кітаптары тұтқындала бастайды. Бұл оның тағдырына әсер еткен екінші адам.

– Сонда социалистік реализмге қарсы шыққаны үшін қудалау басталды дейсіз ғой?

– Қазақ әдебиетінде 1925 жылға дейін жазылған шығарманың бәрі модернизм. Сол замандағы батыстың әдебиетінен ешбір кем емес еді. 1925 жылдан бастап Сталин мен Горький қол қойып, социалистік реализм ағымын бекітті. 1924 жылы Мағжан «Алқа» арқылы соған қарсы шықты. Сол үшін 1929 жылы тұтқындалып, 10 жылға кетті. Жеті жыл отырды да, үш жылын кешіріп, қайтып келді. 1936 жылы маусымда келді. 1937 жылы 30 желтоқсанда қайта қамалды. 1938 жылы ақпанда атылды. Сол үзілген із 1960 жылы бірақ жалғанды. Осы кезде постмодернизм бағытындағы Зейін Шашкиннің «Доктор Дарханы» шықты. Постмодернизмді Оралхан Бөкей дамытып сентиментализмге, Төлен Әбдік сюрреализмге бастады. Сонда 35 жыл бойы қазақ әдебиеті батпақтап тұрған. Мағжан соның алдын алғысы келген. Мағжанның білімі телегей-теңіз болған екен. Жауларын қорқытқан осы. Ондай білім ешбірінде жоқ еді. 1960 жылы Әбділдә Тәжібаев айтады «Мағжанның басын құртқан ең бәлекет дүние – телегей-теңіз білімі» деп. Сонда білімнің көп болуы да кейде сор екен.

– Атылуына да осы әрекеті себепкер болды дейсіз бе?

– Жоқ. Бұларды сатқын, шпион деп айыптағандарын білесіз. 1921-22 жылдары қазақ даласында 2,5 млн. қазақ аштықтан қырылып, 1,5 млн. қазақ босып кеткен. Оның дерегі менің қолыма Мәскеуден одақ құламай тұрған кезде түскен. Ал сол тұста бұл баспасөз үшін жабық тақырып еді. Айтқызбады, жазғызбады. Егер Қазақстанда не болып жатқанын білсе, дамыған елдер большевиктермен қарым-қатынасын үзеді деп қорыққан. Сол жабық тақырыпты Бейімбет Майлин «Айт күндері» мен «Күлпәште», Жүсіпбек Аймауытов «Жаңабайдың жантағы» дейтін трагедиясында, Сәкен Сейфуллин «Аруақтар елесінде» жазды. Осы дүниелер шыққаннан кейін барып Мағжанның «Жан сөзі» шықты. Барлығы аштықты сойып тұрып сынаған туындылар еді. Большевиктер Қазақстандағы жағдайды әлем біліп қойды деп, шабына шоқ түсті. Ондай «сатқындық» жасағандар аман қалмауы керек еді. Сонда бұл төртеуінің атылуының түпкі себебі біреу ғана. Ол – аштық тақырыбы.

Қазақстанға қайтқысы келмеген

– Жаулары деп отырғаныңыз кімдер? Сол баяғы Н.Төреқұловтар ма?

– Мағжан ақынның соңына шам алып түскен үшінші адам Әбдірахман Байдилдин. Өзінің жерлесі, Петропавлдікі. Мағжанның қыр соңынан қалмай, еріп жүреді екен. Сонда кейбіреулер мазақ қылады екен. Ұят болса да айтайын, «Бүгін Мағжан қандай жел шығарды» деп сұрайтын көрінеді. Әбдірахман Байдилдин ол тұста Мәскеудеге орталық баспаның қазақ секциясының қызметкері болатын. Бұл да тағдырында үлкен рөл атқарды.

Ең сұмдығы Сәбит Мұқанов болды. Сәбит неге соңына түсті? 1919 жылғы соғыс кезінде жетім бала Сәбитті Мағжан атасы Жұмабай қажыға жібереді. Жұмабай қажының жылқысында Көкдауыл деген сетер аты болады. Бірде Сәбит шанаға сол Көкдауылды жегіп, байдың балаларын қыдыртып жүреді. Сонда Көкдауылдың аяғы інге кіріп, мертігеді. Атпаз Жұмабай Сәбитті бишікпен сабап-сабап, уәде еткен киімін де бермей, қуып жіберген ғой. «Өмір мектебінде»: «Бекен деген оңбаған, уәде берген киімін бермеді» деп айтады. Ал себебін қозғамайды. Сол күннен бастап Сәбит Жұмабаев әулетіне өшіккен, соңына түскен. Мағжанның ұсталуына Сәбит Мұқановтың рөлі үлкен.

1936 жылы Мағжан кешірім алды дедік қой. Сол кезде ақынның Қазақстанға қайтқысы келмеген.

- Неге?

-Түрмеде Иван Фетисов деген Парижден оқып келген профессормен бірге отырады. Сол Фетисовтан медицина ілімін үйреніп, фельдшер деген мамандық алып шығады. Сол кісі Мағжанға қайтпа деген ақыл айтады. «Қазір Қазақстанда қанқасап жүріп жатыр, сен қал» деп, өзінің Ленинградтағы Таися атты қарындасының телефон нөмірін береді. Профессордың ақылын алып, әйелі Зылихамен Ленинградта қалмақшы болған. Әйелі Мағжан сотты болған жылдары 14 рет іздеп барған ғой. Сөйтіп тұрғанда Сәбит Мұқановтан хат келеді.

«Біз сізді кешірдік. Коммунистік партия бәрін кешіре де біледі. Келіңіз, сізді Жазушылар одағына мүше қыламыз» деп хат жазады. Сәбит Мұқанов КГБ қызметкері болған екен. Өзі ШОН-ның мүшесі болғанын еңбектерінде ашық айтады. Оны «Қарабөрік» деп атаған. Қазақстанда болған 360 көтерілістің Көкшетаудағы біреуін осы Сәбит қанмен басқан. Қолына қару алып, жерлестерін өз қолымен атқан. Бұл да тарихта бар. Мағжан хатқа алданып, Қазақстанға оралған. Осылайша алдап әкеліп, Қазақстанда атқызып отыр ғой.

Мағжанның тағдырына әсер еткен тағы бір адам Ғаббас Тоғжанов еді. Оның ұрпақтары қазір билікте жүр. Одан кейінгілердің бірі – Әбділдә Тәжібаев. «Көрсетем Мағжандарға төрдің көрін» деп жүрген сол. Кейін Мағжан ақталғанда, «Мағжанның аруағы, кешір мені» деп мақала жазды «Мәдениет» газетіне. Ол кезде «Мәдениет» газет болған. Мақаланың қиығы менде әлі бар. Сол мақаласында ол «Мені айдап салған Ғаббас Тоғжанов еді. Мен ол кезде 18 жастағы журналистпін. Анау – редактор, мен айтқанын орындадым», – дейді.

Ал 1960 жылы Жазушылар одағының басында тұрған Ә.Тәжібаев ақынды ақтатқызбай қойғанын айттық.

Арыстардың аруағы ақшаның көзі боп тұр

– «Мағжан бертінге дейін тірі болған» дейтіндерге айтарыңыз бар ма? Біреулер Магаданнан көріпті деген әңгімелер болды ғой?

– Өтірік сөз. Осы мәселені маған студенттер де жиі қояды. Ол өтірік сөз. Мағжандарды үкім шықпастан үш күн бұрын атып тастап отырған екен. Алдымен атып тастайды, сосын үкім шығарады. Мұның жай-жапсарын КГБ-ның өз адамдары іздеп, анықтапты. КГБ-ның ішінде де ұлтжанды азаматтар болған. 1960 жылы Мағжан ақтала алмай жатқан кезде Ташкенттен Алматыға ауысып келген жерлестері документтің бәрін көтерткен. Солар бұрыннан КГБ-да істейтін бір орыс шалды табады. «Мағжандарды атып жатқанда мен 17 жастағы жігіт едім. Отырып қағаздарды толтырам. Үкім шықпастан атылып жатқандардың ішінде Мағжан да болған. Бір түнде 37 адам атылды» деп куәлік еткен. Сонда Мағжан Алматының аяқ жағындағы Ынтымақта жатыр деген сөз. Осы туралы мен «Алаш айнасына» сұхбат бергенде айттым. «Мағжанның сүйегін тапқыларың келсе, Ынтымақты қопарыңдар» – дедім. Ол жерде көп адам жатыр.

– Сонда мұндай жалған қауесет тарату кімге пайдалы?

– Өткенде ғана Ынтымақ жақта біреулер бассүйек тауып алыпты. Әлгі баспен бірге шыққан көзілдірік Ілияс Жансүгіровтікіне келеді екен. Бұлар неге Мағжандар тірі болған деп халықты алдайды? Оның түбінде ақша жатыр. Тірі болған деп дақпырт таратады да, іздеуге ақша бөлдіреді. Ол ақша кейін бөліске түседі.

«Сәкен тірі қапты, Ахметті ана жерден көрдік, Бейімбетті мына жерден көрдік, Мағжан Магаданда бопты» деген әңгімелер көп. Соның бәрінің түбінде ақша жатыр.

Екінші себебі де бар. Ұлтқа қатысты қылмыстың бәрінде қауіпсіздік қызметінің аты аталады. Сол түскен беделді сақтау үшін де осындай ақпарат таратады. «Біз оларды өлімге қимай, қоя бергенбіз» деген тұспал жатыр ар жағында. Сол кезде Алаш арыстарын атқан КГБ жендеттерінің өздерін де аман қалдырмаған. Бәрі атылып кетті. Өйткені олар шындықты білетін. Кейін шығаруы мүмкін еді. Кейінгі КГБ мұрагерлері неден қорқатынын түсінбеймін. Олардың арлары таза ғой. Керісінше шындықты ашпай ма? Ол шындық ерте ме, кеш пе, бәрібір шығады. Ақиқаттың ашылуына көмектессе, қауіпсіздік өкілдерін халық та сыйлап, сенетін болады.

– Магаданға арнайы комиссия барды деп естіп едік…

– Қалижан Жұмабаев дейтін Мағжанның інісі бар. Соның қызы Райхан Жұмабаева Магаданға барып келді. Бармас бұрын маған хабарласты.

«Ресейде біреу Мағжан дейтін қазақтың ақынымен бірге отырғанмын деп жүр екен. Тісі түсіп қалғанын, еңбектеп әрең жүргенін айтыпты. Сол кісінің бейітін көрсетіп бере алам депті. Сіз де барсаңыз», – деген өтініш айтты. Мен сонда: «Райхан апай, сіз босқа шаршамаңыз. Бармай-ақ қойыңыз. Ол бейіттен маскүнем біреудің сүйегі шығады», – дедім.

Мағжан өте тәкаппар адам болған. Басын имеген. «Білгеніңді істей бер, өлімменен ойнадым» деп тұрған кісі қайдан бас иеді? Сондай биік тұлғаның тым болмаса аруағын бір еңбектетіп қалайық деген арам ой шығар. Ол еңбектемеген. Тісі де түспеген. Алматыдағы КГБ-ның астында атылып кеткен.

Айтқаныңыз рас боп шықты ма?

– Райхан апай бір айдай жүріп келді сол жақта. Келген соң телефон соқты. «Бақыткамал, қалқам, сенің айтқаның шын болды. Қазып алған көр маскүнем орыстың мүрдесі екен» деді. Сонда да көрген-білгенін толық айтқызып, газетке жазатын болып келістік. Жеті күннен кейін қоңырау шалуға уәде берген болатын. Уәделі күні хабарлассам, Райхан апай қайтыс болыпты. Сөйтіп ол кісі 73 жасында Магаданнан келгеннен кейін жеті күнде қайтыс болды.

Ол кісі Магадандағы басқа да абақтыларға сұрау тастап кеткен екен. Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінен «Мағжан Жұмабаев деген адамның біздің жерге түскені туралы ешқандай құжат та, дерек те жоқ» деген ресми жауап келді. Қазір ол қағаз менің қолымда.

– Арыстарымызды «тығылып ғұмыр кешіпті» дегендей сөз таратқандарға неге шара қолданбасқа? Заңмен тыюға әрекеттеніп көрмедіңіздер ме?

– Оны сіз бен біз бірлесіп істеуіміз қажет. Бұған тыйым салмай болмайды. Коммунистердің арыстарымызды атқаны рас. Бұлайша өтірік ақпар таратудың қажеті жоқ. Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят ағамен кездестім. Жасы 83-те екен. Әкем тірі деген ақпаратқа үміттеніп шарламаған жерім жоқ дейді ол кісі. Сонша ақшамды шығындадым дейді. Отбасының аузынан жырып, бар тапқанын соған құртқан ғой. Әкесін өлтіргені аздай, енді ұрпағын өтірікпен сандалтып қойған. Бұл да әділетсіздік. Шындықты бардай айтуымыз керек қой. «Сол кезде сондай заман болып еді. Ат деді – аттық, өлтір деді – өлтірдік. Өлігін іздейміз десеңдер, жатқан жері әне десін. Мен талай айттым, алаштың рухын іздегіштер қолдарына бір-бір күрек алып Ынтымақты ақтарсыншы, талай сүйек табылады. Немесе ана Боралдайда қанды сай бар. Үстін топырақпен тегістей салған. Одан талай асылдың мүрдесін табуға болады.

Мағжанды Шығыс «қақпайды»

– Қазіргі оқулықтарға Мағжан ақынның шығармалары қаншалықты деңгейде беріліп келеді? Қадағалап жүрсіздер ме?

– Көкейіңді түсіндім. Оқулық түгіл, мектептегі портреті алына бастапты. Осы Шығыс Қазақстанның бір мектебінде арыстар арасында Мағжан жоқ болып шықты. Неге жоқ деп сұрадым. Бес арыстың суретін табу қиын ба қазір? Ана жерде Сәкен, мына жерде Сәбит тұр. Заман олардікі емес қой. Сонда мұғалім: «Апай, Мағжанның өлеңдері тоғызыншы сыныпта ғана беріледі ғой», – деп қарап тұр. Алматыға барған соң бүкіл әдебиет оқулықтарын қопарып, жақсылап бір мақала жазайын деп шештім.

Мағжанның насихатталуына әлі де кедергі көп. Бір Шығыс Қазақстанның өзінде екіұдай түсінік бар. Орыстың құқайын көп көрген аудандардың халқы Мағжанды жақсы көреді. Анау Ақсуатта болдым. Ақжардағы Абай, Әуезов мектептеріне, Ақсуаттың өзіндегі мектептерде Мағжан туралы сабақ өткізбекшімін ғой. Директорлар қуана қарсы алған. Уағдалы сағатта келсем, оқу бөлімінің басшысы тыйым салып қойыпты.

Аудандық оқу бөлімінің басшысы «Біз Мағжанды қақпаймыз» деген жауап айтты. «Қақпаймыз деген не?» деп едім, «Біз Мағжанды түсінбейміз. Бізде Абай бар ғой» деді. Қалқам-ау, Абай сендердікі емес, Абай бүкіл қазақтікі. «Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны» деген сөз бар ғой.

«Ендеше маған жоғарыдан рұқсат қағаз әкеліңіз. Онсыз мен сізді сыныптарға кіргізбеймін» дейді. Немесе не айтатыныңызды конспектілеп көрсетіңіз деген талап қойды. Мағжанды Шығыс шынымен де, «қақпайды» екен.

– Кешірерсіз, бірақ биыл тұңғыш рет облыстық Мағжан оқулары өтті ғой бізде. Барлық ауданнан оқушылар келді.

– Тұңғыш рет өтіп жатса жақсы екен. Бірақ бөліну бар. «Абай, Шәкәрім, Мұхтар үшеуі біздікі, Мағжаның аулақ» деген түсінік бар. Көрдіңіз бе, түсінік қандай? Аты ақталғанмен, насихатталуында кедергі бар. Өскеменде университет өткізген кездесуді Ақсуаттың мектебінде өткізуге болмайды екен. Мұны басқаша қалай деп түсінеміз?

Мағжан екеуіміздің көрген құқайымыз бір бұл емес. Менің кандидаттық алуымның өзі бір жыр. Өзгелер дипломын үш айда алғанда, мен бір жыл дегенде бірақ алдым. Оның өзінде басшымыз ауысып барып, Амангелді Құсайынов деген кісі әділдік орнатты. Одан кейін де отбасыма, өз басыма қауіп төнген кездер болды. Одан құтылу үшін мағжантану туралы үлкен сұхбат беру керек еді. Газеттерге басқыза алмай әуре болдым. Журналистер уағдаласып кетеді де, кейін жағдайды түсіндіріп қайта хабарласады. Ең ақырында Серік Жанболат «Алаш айнасына» сұхбатымды шығарып берді. Содан кейін барып көзім ашылды.

– Сонда сұхбатыңызда сізге кедергі келтіріп жүрген адамдардың атын атадыңыз ба?

– Жоқ. Нобайлап қана айттым. Соның өзі жеткілікті болды.

Зылиха мен Мағжанды Әлихан қосқан

– Мағжанның қанша өлеңі бар сонда?

– Соны мен санамаппын. Өлең, поэмаларын былай қойғанда, «Сауатты бол» еңбегінің өзі үш кітапқа жүк болады. Біреуін таба алмадық, қалған екеуі дайын тұр. Үшіншісі Мәскеуде дейді. Сұрау салғанбыз, жоқ деген жауап келді. Өзім барып іздемесем, болмайтын сияқты.

– Президент Ұлы даланың жеті қырын атады. Сондағы «Архив-25» бағдарламасы бойынша Мағжанға қатысты ұсынар жобаңыз бар ма? Мәскеуге бару керек деп отырсыз…

– Ондай жоба ойламаппын.

Мағжан шығармаларының шығу тарихы жайлы не айта аласыз?

– «Түркістан» поэмасын білесіздер. Бір ғана мысал ретінде соның шығу тарихын айтып берейін. Бұл өзі өте тағдырлы туынды. Мағжан өмірінде екі рет үйленген. Бірінші жары Зейнеп Шоқанның інісінің жиені болған. Ол баладан жастай қайтыс болған. Ал екінші әйелі Зылихаға аттың жалы, түйенің қомында жүріп қосылады. Ұланғайыр Қазақ даласынан үлесімізге төрт-ақ облыс қалған кездер болған. Сол төрт облыс Түркістан Республикасына қарап тұрды. Астанасы Ташкент болды. Өзіміздің Өскемен, Қарағанды, Орал, Ақтөбе, Көкшетаудың бәрі орыстың уысында қалып қойды. 1920 жылдың кезі еді бұл. Орыстар өзара соғысып, билік басында болғандар шетелге қашып жатқан. Сол тұста Мағжанның қолында көп ақша болған екен. Зылиханың күйеуі башқұрттың миллионері болған адам. Қайтыс болғанда үлкен сандық қалады артында. Іші толған алтын мен күміс болыпты. Сонда Әлихан Бөкейханов Мағжанға бойдақ жүргенін айтып, Зылихаға үйленуге кеңес береді. «Ол маған жиен ғой. Одан туған бала не болады?» депті Мағжан. «Зылиха саған ұрпақ сыйлай ма, жоқ па, оны өзің білесің. Бірақ ана алтынды алуымыз керек. Сол алтынмен қазақтың тарылған керегесін қайта кеңейтеміз» дейді. Әлгі байлықты өздеріндегі қормен біріктіріп, шетел асып жатқан орыс генералдары мен сенаторларына қолдан шығып кеткен облыстардың бәрін қайтаратын құжат жазғызып алып қалған. Бұл ерлік күні бүгінге дейін жасырын ұсталуда. Әйтпесе Қарағанды мен Семей Омбыға, Орал Сібірге қарап кетер еді. Кейін Солженицынның қазақ жері төрт облыстың ғана жері деп жүргені сол. «Түркістан» сондай аласапыран кезде шыққан. Бұл бір ғана мысал.

Мағжанның «Шын ертек» деген поэмасы бар. Сыздық Кенесарин туралы. Орыстар оны Садық деген. Хан Кене ұсталғанда, ұлы Сыздық 11 жаста болған. Қоқан хандығында тәрбиеленіп, кейін Шығыс Түркістанның басын біріктірген. 10 жыл орыстармен соғысып, ең аяғында ауыр жарақатпен генерал Гаупманның қолына түседі. Сонда Романов патша өлтірмеуге нұсқау берген екен. Егер Сыздық өлсе, түркі халықтары бірақ көтеріледі деп қорыққан. Сыздық қысқа мерзімде Қытайдағы Шығыс Түркістан мен ұсақ түркі ұлыстарының басын қосып үлгерген ғой.

Ол кісі Түркістанда 73 жасқа дейін өмір сүрген. Атақты Жамбыл сол Сыздық төренің атқосшысы болған екен. «Сыздық төреге» деген өлеңдері бар. Сыздықтың ерлігі Мағжан Жұмабаевқа «Шын ертек» поэмасын жазғызған. Сонда айтады:

Сыздық. Өлді.

Құм. Көмді.

Тым-тырыс, – дейді. Байқайсыз ба, әрбір сөзден кейін нүкте қойылған. 1991 жылы кеңестік жүйе құлаған соң, Манаш Қозыбаев Сыздық төренің деректерін Ташкенттен алдырды. Оның ерлігі мен өмірі тарихта өз бағасын әлі алған жоқ. Егер Мағжанның «Шын ертегі» болмаса, ол да жабулы күйінде қалар еді. Мағжан болмағанда, біз батыр Баянды да білмес едік. Ал «Өтірік ертегі» деген поэмасының сюжеті көне Иранда болған екен.

Мағжантанушылардың өлімі де құпия

– Қазір «танушылар» көбейіп кетті ғой. Жалпы, бұл дұрыс үрдіс пе? «Мағжантанушы» деген атқа «таласушылар» көп пе?

– Мен бұған дейін мағжантанушы ретінде өзімді жарнамалап, жарыққа шығуға ұмтылмадым. Ғылыми орта ғана білді. Себебі, ерте шақырған әтештің басын кеседі. Бірден алаулатып әкетсем, осы күнге жетпес едім. Ғылыми жолдан ығыстырып тастаушы еді. Өйткені Мағжанмен айналысқан Батырхан Дәрімбетов мәшине апатынан кетті. Мағжанды зерттеп жүрген Ерік Асқаров ақынның 110 жылдық тойынан келе жатқан жолда көлік апатынан кетті. Тағы бір шымкенттік ғалым әйел болды, аты есіме түспей тұр. Ол да көлік апатынан көз жұмды. «Мағжан поэзиясындағы философия» тақырыбына қалам тербеп жүретін. Әйтеуір артында еңбегі қалды. Ондай қастандықтың неше түрін маған да жасады. Ойпыл-тойпыл, былай. Әзірге аманмын. Оның өзі бір жыр. Кейін айтам.

Қазір айтуға болмай ма?

– Кейін өзім, асықпай отырып жазғым келеді. Олардың маған не істегенін, қалай істегенін.

– Сонда үшеуінің де апаттан қайтыс болуы жай ғана сәйкестік емес дейсіз ғой?

– Енді ол дәлелсіз дүние болғанмен, ішің құрғыр сезеді ғой. Бірде марқұм Батырхан Дәрімбетов есік қағып кірді. Жалғыз отырғам. Мағжанның ертегілері мен мысалдарын алып кепті. «Мынаны алшы, болашақта саған іске жарайды», – деді беріп тұрып. «Батырхан, сіз өзіңіз де мағжантанушы емессіз бе?» дедім. «Әй осы мен мағжантануға жете алмайтын секілдімін» деді кейіп. Ол Мағжанның лирикасынан докторлық диссертацияға дайындалып жүрген. Түрік пен қазақ әлемінің байланысын ең бірінші Батырхан жазған. Мағжан поэзиясында түркі тақырыбы бар екенін қозғап, Түркияға барып, түріктерді бізге ертіп әкелген сол Дәрімбетов еді.

Мағжантанушылар көп болғанымен, «Мағжантану орталығы» керек. 125 жылдық тойында Петропавлдағы университет ректорына сондай ұсыныс айттым. Келіп-кетіп жүріп-ақ көмек берер едім, ашылса.

– Мағжанды зерттегеніңіз үшін құқайды көп көрдім деп отырсыз. Оның артында нақты кімдер тұр. Ол ұйым ба? Нақты адам ба? Болмаса өзге бір мемлекет пе? Мысалы, Шәкәрімді айтсақ, ар жағынан Қарасартовтар шығады. Ал Мағжанның артында кімдер тұр?

– Бәрінің үлесі бар. Аталарының аты шықпауын қалайтындар көп Мағжанның ісінде. Олар әдемі-әдемі қызметте отыр. О баста Мағжан мен Абайды таластырып қойған – Сәбит Мұқанов. Бір кездері қазақ әдебиетінің басында Ахмет тұру керек дегендер болды. Міржақып ол биікте Абай тұр деп жазған. Осы кезде Сәбит тұрып, Абайдың орнына Мағжанды қою керек деген әңгіме шығарған. Сол арқылы ол Шығыс пен Петропавлды бір-біріне айдап салған. Осы тайталас Мағжанды қаралаған мақалалар мен көрсеткен хаттардың туындауына түрткі болды. Қазір қопарсақ, соның бәрі шығайын деп тұр.

– Мағжанның зерттелуі осынша машақатпен жүріп жатса, төл туындыларының халі нешік сонда?

– Мағжанның 1912 жылы жазылған «От», «Пайғамбар», «Күншығыс» деген өлеңдері бар. «Пайғамбарда» «Ентелеген кәдімгі Иван есалаң» деген сөз бар. 2009 жылы «Арыс» баспасынан шыққан шығармалар жинағынан сол жолдар алынып қалыпты. Құрастырушылардан сұрасам, орысқа тілі тиіп тұр ғой дегенді айтады. «От» та қидаланған. «Орал тауынан» 12 жол кесіп тастапты. Кейін осы мәселені Алматыда ғалымдардың алдына, бір конференцияда көтердім. «100 жыл бұрын атылып кеткен Мағжанды қайтадан атуға сіздерге кім право берді?» дедім. Сол сөзі үшін Мағжан атылған еді. Ол туралы мен еңбектерімде жаздым. Біздің басты трагедиямыз, ғалымдар бір-бірімізді оқымаймыз. Оқыса, «Ентелеген кәдімгі Иван есалаң» деген сол сөз қысқармаушы еді. 1932 жылы Сәбит Мұқанов «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген кітап жазады. Сонда әлгі жолды қатты сынайды, «есалаң Иван» деп отырғаны коммунистер деп көрсетеді. «Пайғамбар» жазылғанда Романовтар әулеті билік етіп тұрған кез. Қайдағы большевик? «Ана тілі» газетіндегі мақаламда соның бәрін дәлелдеп жаздым.

Мағжаннан ұрпақ қалды ма?

– Жоқ. 1917 жылы Зейнепке үйленеді. 1919 жылы Мағжан ұлды болады. Бірақ Зейнеп баладан көз жұмған. Ол кезде азамат соғысы жүріп жатқан кез. Мағжан ұлына Граждан деп ат қойған. Сол Граждан алты айдан кейін көз тиіп, шетінейді. Мағжан Омбыда жүрген кезі. Зейнептің де, Гражданның да топырағына қатыса алмаған. Ал Зылиха жиені болғанын айттық. Одан да бала болмады. Зылиха 1990 жылы тоқсанға келіп қайтыс болды. Өлгенше Мағжанның отын өшірмей өтті.

Есімжан Нақтыбайұлы

AltayNews


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #мағжанжұмабаев
(0)

Пікірлер

асқар

20.01.2019 21:05
әрбір сөз -ауыр. сондықтан әрқайсының дәлелі болуы керек. Әбділда ақынның 60-жылдары жазған хаттың күні, айы неге көрсетілмейді? Қайда жазған? Ал, Сәбеңнің 1919 жылы Мағжанның әкесінің жылқысын тарантасқа жегіп бала ойн.атып жүргені тіпті нанымсыз. 1919 жылы Сәбең жетім бала емес, жасы 20 -ға жеткен жігіт емес пе? Жалпы шығармасын сынаса болды, "осыны сол ұстатып жіберген" дейтін долбарды доғару керек.Сосын Зылиха анамыздың аруағы кешірсін, Мағжанның бір қарындасы ертеректе телеарнадан сөйлеген сөзінде ол Мағжанның басын дуалап тиіп алған, Мағжан той-томалаққа үнемі жалғыз өзі барған, Зылиханы ертпеген деп айтқан болатын. Телеарналардың архивінде жатқан болар.

Yersin

19.12.2018 13:16
Мақала күшті жазылған. Әжеміз айтып отырушы еді Сәбит көп адамның обалына қалды деп. Кім білсін? Өткен күннің ақтаңдақтары ашық айтылатын кезі келді.
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар