Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бақытбек Бәмішұлы: «Тәңірінен жазу туралы пәрмен алған адам – жазушы»

06.08.2013 797

Бақытбек Бәмішұлы: «Тәңірінен жазу туралы пәрмен алған адам – жазушы»



Сұрақ: Сіз кітап дүкендеріне барып тұрасыз ба? Ол дүкендерден қазақтың қай ақын-жазушыларының кітабын көрдіңіз? Жаңа шығармалар бар ма екен? Егер бармайтын болсаңыз оның себебі не дер едіңіз? Сіздің кітабыңыз соңғы рет қашан шықты? Кітап дүкендеріне түсті ме? Мемлекеттік тапсырыс деген көркем әдебиетті өсіретін әрекет пе, әлде «әдебиетті қолдамай отыр» деген әңгімеден қашып жасалына салған көзбояушылық па? 

          
    Жауап: Кітап жақсысы адамды адамгершілікке, кісілікке тәрбиелейді. Кітаптың бұл қызметі жойыла қойған жоқ шығар. Бұрынғыдан қалған сөз: «ауылыңда қартың болса жазып қойған хатпен тең». ХХ ғасырдың бірінші жартысы қазақ халқына орны толмас қасырет әкелді. Қазақтың қарты мен мәртінің басын қақшып тастап, олардың орынын большевиктер хатпен (кітаппен) алмастырды. Адамгершілік, кісілігіміз күшеймесе жойылмады. Шындығында жоя алмады. «Арам қаны асқынған жаудың» арманы ақыр болмады. Қазақ тамырынан көктеді. Қаламгерлеріміз қазақ әдебиетінің «алтын ғасырын» өмірге әкелді. Қазақ жауда жүріп аршындап еді, бауда жүріп қалшылдайтын түрі бар. Қарттың да, хаттың да қадірі қашты. Көз біткен көк тиынмен шелденген бейдауа заманда адамгершілік пен кісіліктен айрылдық. Аз ақ жылда бұзды, бұзылдық. Ақшасы бары адам, пәресі жоғы харам болды. 

Осындайда жақсы Кітап сергітеді. Жазушылар Одағына, «Баспалар үйіне» (Алматыдағы) барамын. Шағын кітап дүкендеріне кіріп шығамын. Жалғызұрылық бірлі-екілі классиктердің кітаптары көрінеді. Жуықта «Кітап», «Көкжиек» дүкеніне бас сұқтым. «Кітап» дүкенінің күйіне ішім ашыды. Алматыдағы ең үлкен сауда орыны еді ғой. Жаның ашиды. Менің кітабым соңғы рет 2008 жылы өз қаражатыммен жарық көрген, дүкендерге түсіретіндей тираж емес. Шарқыңа сай шығарған тауарымды ақысыз-пұлсыз таратамын. Кітабы шығып, ол сатылып, оның жемісін жеп жатса неге қызықтырмасын. 2000 данамен ешкім байымайды. Дұрыс айтасыз, мемлекеттік тапсырыс – ауыз басыртқы. Шығармалары мүлдем жарық көрмей көміліп жатқаннан гөрі оған қолы жеткен жазушылар жазғанының жылт еткеніне дән риза болады. Мен тек жазғанына жырғап жүрген жеті жүздің бірімін. Ақын-жазушы – алтынды орда, үлкен кен. Оның байлығымен бизнесмен-кәсіпкер айналысуы керек. Бұл өнімнің (қол жазба) бір ерекшелігі – тура қолданысқа енсе тауар да, ал баспагерге өтсе, қайта өңдеп әуіре болмайтын таза шикі зат қой. Тауар ететін баспагер. Бізде баспагерлік өнер мешеу күйінде, мешел, дамымай отыр. Бар баспагерлеріміз үкіметке алақан жайып, соның берген бес-он теңгесімен бес-он адамды асырайды. Баспагерліктен емес, үкіметтік тапсырыстан тамағын табады. Тендер иесі өзінің алпыс ата, жетпіс жездесінің шикі затына тапсырыс береді. Ол тауарды баспагердің қолынан қидай сыпырып алады. Шынайы баспагер, ол тауар өндіруші. Өнімін сатып, айналымға түсіріп, содан пайда әкеледі. Өнім өтімді, баға сүюі басты шарт. Демек, баспагер сапалы өнімге сапалы шикі зат іздейді. Жазушының туындысы баспагер үшін жер бетінің жем-шөбі, орман-тоғайы сияқты шығыны аз, арзан шикі зат қой. Жазушы – табиғат. Өндіріссіз жерде шикі зат іріп-шіріп қала береді. Туысып кеткен туындылар жетеді. Ал биліктің баспагерліктің дамуын қаламайтындығы, қақтың суындай қалам ақысымен қаламгер қауымының қасқаларын уысынан шығармай ұстау тәсілі. 

Оған кінә арту, кешегі кеңестік психологиядан арыла алмағандығымыздың куәсі. Сана тазармады. Кешегі құлдықтың құрығынан шыға алмай, батпақтап қалдық. Ертең жазушының өнімін де шет елдерден біреу келіп сатып алады. Жазушы шет елдік магнатқа қызмет ететін болады. Сонда қара кебеженің түбіндегінің бәрі бетіне шығады-ау. Айраннан қағылатын тағы да қазақ байқұс болады-ау. 
 
    
 Сұрақ: Қаламақы алмаса да қазақта жазуын тоқтатпаған жазушы бар ма? 

    
Жауап: «Ешнәрсе дәметпей жанын салып еңбектеніп жүргендер» бар, қоғамның ең бір жанкештілері. Нағыздар. Тәңірінен жазу туралы пәрмен алған адам – жазушы, ол қаламақыға қарамайды, күй талғамайды, жаза береді, жаза береді. Жағдайының көркемдігіне көңіл бөлмейтін бейнетқорлар. Қоғамның құлдары, кешірсін! Дәметіп күн көргендерді білмейді екемін. Егер қаламгер еңбегін әлде кім пайдаланып жатса оған неге ақы төлемеске, төлену керек. Жалпы біздің қоғамда ақын-жазушының еңбегін ақысыз, пұлсыз игілігіне жарату қалыптасқан. Қаламгерін құл сияқты жұмсайды ғой. Әншісі қымбат, ақыны құнсыз. Қоғамның әлсіздігі. Коммунизмнен қалған қоқыс. Қазіргі аз-мұз қалам ақы көңілі жеткендерге беріледі, өнімнің сапасына еш кім мән беріп жатқан жоқ. 

Өйткені, «басы ауырмағанның құдайменен ісі жоқ», ақшаны өзі таппаған соң, құйпалап бірдеме шығарып газет не журналдың бетін, не баспа табағын толтырса болды. Ондай жерден қандай ықпал дәметеміз. 


Сұрақ: «Қазақ жазушыларының ішінде шын мәнінде патриотизм бар ма?»
      

Жауап: Қазақта бір жаман мақал бар: «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген. Сонда ол қай періште? Оң иықтағысы ма, сол иықтағысы ма? Оған қарамайды. Жасырмай айту керек. Коммунизм түрме еді. Бүкіл бүтін қоғамды абақтыда ұстаған. Осы түрмеден шыққанда адамдардың «естен танғаны» сондай, қуана да алмай қалды. Ал абақтыдан шыққан адамның алғашқы ойлайтыны не? «Шын ба Өтірік пе?!». Біздің жолдан тайып, періштенің ақ пен қарасын ажырата алмай, жалған патриотизм мен отаншылдыққа баратындығымыздың себебі осы. «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме». Қазіргі қоғам жағымпаз жазушыларды жарылқап жатыр. «Күшігінде таланып» қалған «тарлан, тақуаларда» ұлттық шынайы патриотизм болмайды. Жан жүйемізден коммунизмнің зардабы жойылмағандықтан, есесіне, парақор папалар мен жемқор жезделер ұрпаққа уын сіңіріп жатыр. Бес тиынға бәрі мәз. Ақша жүрген жерде қандай патриотизм болады. Адамнан гөрі, алаңнан гөрі ақшаның амандығын ойламай ма? Бүгінгі тірлігі жанына тікендей қадалып, тірінің тозағын тартып, азабын арқалап, абақтыда жүрген ақын, қапаста отырған қаламгер жоқтай көрінгенімен, «ойлы адамға» алаштың ақырзманы атқан таңмен жетердей, қара жердің бетіне қайтып алаш келмейтіндей өмір сүргінін көріп жатырмыз. Айдалаға ағып жатқан мұнай, атылып жатқан Ақбөкен, аһұрып жатқан Арал, сатылып жатқан Сайын дала, селдіреп қалған Сексеуіл, селдей көшкен құм, құрып-суалған өзен, көл, күрмелген тіл, ергеншексіз есік… қаламгер қайғысы, қазақ қасыреті. Бір адам емес, бүтін жұртты алаңға алып шығатын жалпы ұлттық мәселе. Қол бастау сирек құбылыс. 

Оны қоғамның алғы шарттары тудырады. Қалыптасқан жағдай батыл, батыр, күрескерін таңдайды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар». Әрі идеолог-жазушы, әрі күрескер-қаламгер болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген. Күрескер-жазушы деп Шаханов Мұхтарды айт. Ол алмас текті, алдаспан батыр еді. Қартайтты. Бірақ, ол да, Махамбет те қолбасшы болған емес. Менің Ақ періштем адал, ақша көріп ақ жолынан адаспайды деп сенемін. 
 
    
Сұрақ: Өз шығармашылығыңыз туралы сөз қозғаңызшы. Көркем әдебиет жайында сөйлесетін, пікір алысатын ортаңыз бар ма? Бүгінгі проза және поэзия туралы не айтар едіңіз?
       
  
Жауап: Мен өзімді жаратылысымнан жазушы, ақын адаммын деп есептеймін. Қаламгер үнемі ойда жүреді, ойлап жүреді… Қазақтың мәңгіліктігін ойлайды. Адамгершілік, кісілікті ойлайды… Жылқы тас қараңғы түнде жарты тарыны көреді дейді. Қаламгердің де қарасы өткір, қоғамды қырғидай шолады. Қылт еткенін сезеді. Жол жиегінде жатқан темекінің тұқылын көреді, қынжылады, жол үстіне түкіргендерден түңіледі. Демек, жазушының жанын жараламайтын жер үстінде жат нәрсе болмайды. Ұлт мәселесі ол үшін азап, қазақ тағдыры тозақ. Шығармаларын ұлтына арнап жазады. Туындысы туған халқына қызмет етіп жатса оның барлық адамзат баласына ортақ болғаны. Өз ұлтының керегіне жарамаған дүние басқаның да көсегесін көгертпейді ғой. Ақынның ақылшысы, суреткердің кеңесшісі кітап шығар, ал пікір алысатын ортасы өзінің ішкі ойлары болса керек. Мен алғашқы махаббаты Қазақстан деп ашылған жанмын. Маған бұ дүниеде Қазақстаннан қымбат еш нәрсе жоқ. Сондықтан басқаны көксемеймін. Тағдырымды туған елімнің тасына тасқып шегелеген жанмын. Мұны айтып отырған себебімнің арқы түбін аңғарған шығарсыз. Адами қарым-қатынас арасын жайлап алған арсыздық пен анайылықтың дауасын таппай, өркениеттің өрінен, енді қайта құлдауға бет бұрған, адамдары жаппай жалғыздық күнін кешкен, азиялық «эгзотикалармен» жылып көрісетін Еуропадан, Америкадан әдебиеттің де, мәдениеттің алатын үлгісі де жоқ, өнегесі жоқ. Неге біздің жемқорларымыз бен пәреқорларымыз Еуропаға, Америкаға қашады. 

Яғни, онда пәлеқорлар паналайтын апан бар. Қытайға, Жапонияға неге қашпайды? Онда қылмыскерлерді қорғайтын қауым жоқ. Қауымы қорқыныш пен үрейде өмір сүрген елдің әдебиеті де сондай болады. Біздің ата-бабаларымыздың тұқым қуатының күштілігі, гендік қасиеттерінің тектілігі сондай пасионарларын қырып тастағанына қарамай ұлттық құндылықтарымыздың не бір ғажайып үлгілерін бойына сіңірген кемел көркем әдебиет жасады. Айттым. Қазақтың қанды геноцидтерден құрып кетпей қайта түлеп, күш бермей алсындап, ажарланып, әлемдік айдынға жырқырап шығуы қандық қасиет. Осы қасиет көркем әдебиетімізде бар. Ананыкі анандай, мынаныкі мынадай екен дейтін еліктеушілік балалық. Қазақ оқымаған әлем әдебиеті жоқ. Уақыт пен кеңістіктен тең жарасым тапты. Ендігі мақсат шыққан шыңымыздан құлап кетпей осы биіктікті ұрпағыңның ұрпағына жалғастыру. Бұрын да болған, қазір де бар, көркем әдебиеттегі көп тартыс тудыра беретін бір мәселе сана ағымына байланысты туындайды. Қыран қиялдың ақық ойдың ақ пырағына айналдырған қаламгерлеріміз ой орбитасына шығып алғаннан кейін кебіреулері есіне ие бола алмай сандыраққа бой алдыру жиі ұшырасады. Сол шақтарда құпиялыққа құлаш сермеу мен сана сандырағын ажыратпай қала ма деп ойлаймын. Сонысын тықпалайды. Сонысы соны нәрсе емес қой. Бұдан еш үркудің, бұны жатсынып, жатырқамаған жөн. Ағаштың бүйіріндегі ұрысындай бұлтиып, томпайып тұра береді. Әдебиет одан шекімейді. Өнер өзіне қажеттісін таңдап, уақыт сұрыптамақ. Нұрлы сөз (өлең) қандай да тас жүректі жібітеді. 

Әдебиет уақыт елегінен өтсе – өнер, өтпесе – архив. Ал өз басым адам баласын аярлыққа, анайылыққа, хайуандық қалыпқа қарай бағыттайтын жазбалар дәріптелмесе екен деймін. Өйткені адамның тіліне аспандағы бұлт та азады дейді ғой. Адамзат баласын сақтап тұрған тепе-теңдік емес пе. Табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуы – заманақыр. Сөздің заманы кетіп, көздің заманы келіп тұр. Сөз – мұңлық, көз – сұмдық. Тым болмағанда осы тепе теңдікті сақтай алсақ адамзат баласы да Алаш баласы да біраз уақытқа дейін ғұмыр кешер. Алтын көрсе де адал қызметінен айнымас Ақ періштелерімізге аямай қара күйе жағудан абай болу қашан да, қай заманда да қаламгердің арына сын болған. Ар – ақылдың ісі. Арлы жерде арамдық жүрмейді. Сондықтанда Алаш баласының аманының Атасы да, Анасы да – Ар. Оның адамгершілік пен кісілік төл тумасы болса керек.


«Таң-шолпан», №1, 33-37 беттер, 2011 жыл.

Қайнар көз: www.minber.kz порталы

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар