Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«БАҚЫТ КІЛТІ» қайда, кімнің қолында?! (премьера туралы ой-пікір)

10.02.2017 5158

«БАҚЫТ КІЛТІ» қайда, кімнің қолында?! (премьера туралы ой-пікір)

Қаңтардың 27-28-і күндері Алматыдағы М.О. Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрында премьерасы өткен «Бақыт кілті» драмасы туралы түйген ойымызды ортаға салмақпыз.

Театр – антикалық дәуірден бермен қарай келе жатқан өнер екендігі белгілі. Атам заманғы Эсхил, Эврипид, Софокл негізін қалаған драматургия жанры өзінің өміршеңдігін әлі жоғалтқан жоқ. Драматургия, режиссура, актерлық шеберлік– міне, осы үшеуі театрдың үш қазығы. Бұрыннан солай. Қазір де.

Алайда, өзгермейтін ештеме жоқ. Дүние бір қалыпта тұрмайды. Уақытқа сай заман өзгереді. Пәлсапаның тілімен айтқанда ол – диалектиканың заңдылығы. Дәуірлер жаңа құндылықтар мен эстетикалық талғамдарды ұсынады. Көркемдік-идеялық өзгерістер өнерімізге батыл ене бастайды. Қоғамдық сананың жаңғыруына байланысты құндылықтардың да орны ауысады, өнерге деген көзқарастар да өзгереді, өнердің өзі де жаңаша мазмұн мен форма іздейді, соған сай шығармашылық талаптың да жүгі ауырлайды. Не қылғанмен де өмір де, өнер де қозғалыста, әсіресе дәл қазіргі кезде: тынымсыз уақыттың жетегіндегі біздің қам-қарекеттеріміз, ой-санамыздың толассыз ағыны бір орнында байыз таппай мақсатты һәм мақсатсыз ұмтылыстармен теңіздің асау толқынындай жағаны ұрады, кейде кең, енді бірде қуықтай тарылып қалатын кеңістіктің бір шалағайында тарыдай шашырап қалып, енді бірде талқандай уатылып кететін адами болмысымыздың рухын іздеуші ретінде өршеленеміз, биікке талпынамыз, тереңге сүңгімиіз, жан беріп, жан алысқан адамзат қоғамының мейірімсіз, қатыгез, тасжүрек тастанды баласындай болып безереміз, шырылдап жылаймыз, шындықты іздейміз; ақиқаттың ақ жолына апарар жолды таңдап аласұрамыз, ашынамыз, айқайлаймыз, қорғасындай қара бұлттың ар жағынан әзер түсіп тұрған жетім сәуледей болған үміт пен ізгіліктің шуағына асығамыз, қара тастай шөгіп жатып алған қорқаулық пен қараулықтың, аш көзділік пен аяусыздықтың аждаһа аранына жұтылып кетпеу үшін де жанталасамыз... Қысқасы айналамызда һәм өзіміздің жан дүниемізде өмір тайталасып жатыр. Дәл қазір солай!

Жан айқайдың жаңғырығы естіледі. Жарғақ құлағыңа жетеді. Алыстан. Мүмкін жеті қат жердің астынан. Жер бетінде де қиюы қашқан ретсіздік. Кұштінің зорлығы. Айлалының әрекеті. Абайша айтқанда, «шайтан өрмек құрған» замана. «Адал бол, мал тап» дейтін қағиданың өзі көзден бұлбұл ұшып бара жатқандай.

Жас кәсіпкер Бауыржан Қанатұлының арманы, мақсаты көп еді. Міне жол апатына ұшырап, мезгілісіз қаза тапты. Беймәлім апат. Жұмбақ өлім. Барлық телеарналар осы бір қайғылы жағдай жайлы жарыса жариялап жатыр. Біреудің қазасы, жазасы енді біреулерге таптырмас ақпарат болған заман. Шымылдық ашыла салысымен көрермен осындай оқыс, қайғылы оқиғадан хабардар болады. Сахна ызы-шу. Арпалыс. Жедел жәрдемнің мен МАИ-дің ащы дабылы. Суық хабарды естіген Бауыржанның отбасы. Анасы Марусяның аңырауы. Жары Жанардың жан дауысы!.. Төбе құйқаң шымырлайды. Былай қарасаң осы қалада күнделікті көріп жүрген оқиға.

b3d483068feb5032c234c2df140b8c64.jpg


Бірақ сахнадағы қозғалыс, дауыс, жарық, музыка тіптен басқаша. Автор шығарманың тақырыбын бүгінгі өмірден таңдап алған. Танымал кәсіпкер Бауыржан Қанатовичтың өлімінің қоғамдық-әлеуметтік астары бар екен. Сюжеттік уақыт кейін шегеріліп беріледі. Көрермен Бауыржанның кім болғанымен енді танысады. Спектаклдің зкспозициясындағы «суық хабар»– психолигиялық мотировка. Әкесі Қанат, анасы Марусямен ақылдаса келіп елімізде жабылып қалған кен орнын сатып алған. Қазақтан шыққан кәсіпкер. «Алтын кеніш» енді Бауыржанның иелігінде. Қармағында жүздеген жұмысшысы бар. Нар тәуекелге бел байлаған кәсіпкерліктің жолы даңғыл емес екен. «Қазақты жалқау деп кім айтты?! Қазақтың қолынан бәрі келеді. Мен соны дәлелдеймін!» - деген Бауыржанның алдынан шыққан кедергілер жоқ емес. «Алтын кеніштің» жұмысшылары айлық жалақысын ала алмаған. Жұмысшылардың арасында әлеуметтік толқу бар. Оны бас пайдасына пайдаланып жүрген арандатушылар да табылып қалады. Қолтықтан су бүрку. Кеу-кеулеу. Отқа май құю. Қалай болғанда да, Бауыржанды тығырыққа тіреу.

Спектакльдегі осы бір тартыс біздің қоғамның бір көрінісі екендігі даусыз. Ауызы күйген үрлеп ішеді. Жұмысшыларда сенім аз. Бірақ оған да жол тапты. Сендірді. Уәдесін берді. Қазылып алынған алтынның алғашқы қорпасы қашан сатылады, сонда жұмысшылардың жалақысын түгел бермек. «Алтын кеніштегі» алапыран мұнымен бітпейді екен. Айналасында мысық тілеулі адамдар бар екен. Үрмей келіп қапқысы келеді. Ен байлықты қимайды екен. Мұнда оның да үлесі бар екен. Ал анау жоғарыда соны бақылап, реттеп отырған әлеуетті күш бар. Барлығы соның тапсырмасымен. Баспалап, көлеңке болып келген «ҚАРА КҮШ» енді ашық айқасқа шықты. Бауыржанға екі таңдау. Бірі – үлесті теңдей бөлу, екіншісі – оған көнбесе басынан, барынан түгел айырылу. Мафияның құрығы ұзын. Қақпаны аяусыз. Онымен ауыз жаласып отырған «ҮКІМЕТТІҢ АДАМЫ» бар. Кәсіпкер Бауыржан үш қыспақтың арасында қалды. МАФИЯ мен ҮКІМЕТ АДАМЫ зорлығын жасап отыр. Адалға жол жоқ. Арам боламын десең ауыз жаласасың, адал боламын десең құрисың. Жұмысшылардың жалақысынан құтылғанымен мафияның құрсауынан құтылу оңай болмады. Талаптар қойды. Дегендері болмағасын ұрлап әкетті. Кепілге ұстады. Әкесі Қанат Шайхановичтен қыруар қаржы талап етті. Осылардың ортасында Бауыржанның сенген кісісі, оның орынбасары Ермек. Жақыннан шапқан жау жаман.

Қым-қуыт сюжеттік оқиғаның желісінде қасақана кеніште жарылыс жасалады. Адам шығыны бар. Мұны атқарған әлгі МАФИЯ. Бұрыннан алтын кенішінде заңсыз алтын қазатын топтың серкесі. Сахнада адамдардың айқасы, көзқарастар мен идеяның тартысы. Ақ пен қара. Ізгілік пен жауыздық. Мәңгілік тақырып. Әредік сахнаға шығатын Қара киімді қаныпезезердің «Сенің өлуің керек!», -деп Бауыржанға нұсқай айтатыны Сергей Есениннің «Черный человек» шығармасын еске түсіреді. Ажалдың кейпі секілді.

Бірақ спектакльде адалдық жеңді, ізгілік салтанат құрды. Бауыржан өзін де, «Алтын кенішті» де аяғынан тік тұрғызды. Финалдағы «Мафия! Жемқорлар, сатқындар, пайдакүнемдер, сендер аттыңдар, ұрладыңдар, ит қорлықпен қорладыңдар, бірақ өлтіре алмадыңдар. Себебі, мен тәуелсіз елдің шындығымын! Шындыққа оқ өтпейді!» - деген Бауыржанның жалынды сөзі көрермендердің рухын көтерді. Овация! Афофеоз! Режиссерлық шешімге иланасыз. Сенім жеңді! Онсызда сенімсіздік аз ба мына қоғамда. Қойылымда тәуелсіздіктің рухы бар. Ұлттық мінез бар!

Көрермен осы бір афофеоздың инерсиясында отырып спектакльдің прологіндегі «суық хабарды» жеңіл ғана ұмытып кетеді. Бірақ, пьесаның өн бойындағы қым-қиғаш тартыстардың себебі мен салдарын ұмыта алмайды. Сіз бен біз көріп, сезініп жүрген өмір суреті. Қоғам бейнесі. Ашындырады. Ызаландырады. Төменгілердің ЖОҒАРҒЫЛАРҒА деген ащу-ызасы. Әлеуметтік наразылығы. Іште қайнап жатқан запыран. У мен дерт.

c4f769f584e18163d5c6030a850fd47f.jpg


Билікке ұмтылғандардың, ақшаға құныққандардың имансыз әрекеті. Қанды қасап сойқаны. Осы орайда Мәскеудегі Е.Вахтангов театрының көркемдік жетекшісі Римас Туминастың мына бір сөзі еріксіз еске түседі; «Вот отсюда все беды и в государстве. Кто прикасается к власти – тому беда. Человек себя преувеличивает, и сразу он со смертью не согласен. Смерть как бы не для него: другие умирают – не я. Это человеческое заблуждение, которое ведет к трагедии».

Спектакльдің декорациясы да драманың тақырыптық-идеялық негізіне сай таңдалған. Өмірдің өзі шахта секілді ғой. Күңгірт. Алабажақ. Әр бір мизансценадағы жарық пен музыканың қиылысуы да өзгеше бедер беріп тұрды. Әлемдік театр өнерінің соңғы жаңалықтарының бірі есебінде саналып жүрген иммерсивті қойылымдағы перфоманстың элементтері де бар. Ол қандай элемент? Ол – бір уақытта, бір кеңістікте театрдың, музыканың хореграфияның, коммуникативтік, интерактивтік ақпараттың тоғысуы, яғни синтезделінуі. Заманауи театрдың үлгісін көрсетуде Польшаның, Ресейдің, Германияның театрлары көп алға кеткенін мойындау керек. Шынын айтқанда қазіргі театр өнері үлкен бәсекелестіктің үстінде. Қазақ театрларына да батыл эксперименттер, байыпты өзгерістер керек.

8239f0a09a4cdc70cecf0ab474ffabe0.jpg


Сахнадғы аса көп сапырылыстардың әсерінен де болар кейбір актерлардың декламациясы айқын болмай жатты. Орысша айтқанда, «поток звука и крика». Спектакльдің басында және ортасында жылт еткен лирикалық шегіністер, Бауыржан мен Жанардың арасындағы диалогтар жанға жылылық сыйлайды. Романтикалық өмірдің бояуын береді. Нәзік иірім. Сәтті қолданылған деталдар бар. Мысалы, «басы жұлынған қуыршақ». Ишарат. Меңзеу. Актерлардың аплуасы жақсы таңдалған. Не қылғанмен тарлан режиссердың қолтаңбасы көрініп тұр. Драматургияда , режиссурада жаңалық бар. Жаңа бір көркемдік-идеялық ізденістен туған дүние екенін көресіз. Сезінесіз. Қоғамның осындай шындығын театрдан таба алсаңыз онда сіз өкінбейсіз. Соны көрсете алса, бере алса, онда ол – драматургтің, режиссердің һәм актердің шығармашылық бақыты! Біздікі – Ой. Пікір. Көзқарас.

P.S «Бақыт кілті» драмасы туралы осындай ой түйдік. Авторы– талапты жас драматург Қолғанат Мұрат. Режиссеры – танымал өнер тарланы, талантты режиссер Есмұқан Обаев.

«Бақыт кілті» қайда, кімнің қолында?! Өзіңізше жауап іздеңіз.

«Бақыт кілті» драмасы – тәуелсіз жас драматургияның алғашқы қарлығашы!

Театр – бекзада өнер. Сол өнердің жақсы жанашыры, сауатты көрермені болайық, достар! Театрға келіңіздер!

Ерболат Баят,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

                                                                                                                         5c558bc801c9be533cf9a9e2b671961c.jpg




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар