Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Аяқталмаған шығарманың соңғы нүктесі

18.07.2019 939

Аяқталмаған шығарманың соңғы нүктесі

Әлем әдебиетінде талай классиктің түрлі себеппен жазылмай қалған, авторы аяқтай алмай өмірден өткен, аяқталса да қолжазба күйінде тартпада қалған шығармалары бар. Сол дүниелердің соңы немен аяқталды екен деген сұраққа аңсарымыз ауған еді. Жауаптың бір сыпырасы, міне, назарларыңызда.

Роберт Музильдің «Қасиетсіз пенде» атты романының соңғы тарауы “Дүниеде зіл-зала болмайынша, ешкім оянар емес” деп аталады. Не айтпақшы болғанын енді аңғара бастағанымызда роман: «Ульрих енді ғана сезгендей, Агата онсыз да мекен-тұрағын тастап кеткен, себебі Ульрих оның шешімін өзгертуі мүмкін», - деген жерден шорт үзіледі. (Енді: Сонда ол қандай шешім? Өзіне қол салу? Күйеуін өлтіру? Ағасымен бірге жалғасты сапар шегу ме дейтін заңды сұрақтар туындайды.)

Уақсыз-уақ: Гитлер билікке келгеннен кейін Музиль тұтқынға түсіп, жер аударылады, соңында Женевада қайтыс болды. Ол өмір бойы әдеби ортадан алшақ жүріп, неміс әдебиетінде бұрын соңды болмаған шығармашылық стиль арқылы ұнжырғасы түсіп бара жатқан австриялықтардың еңсесін бір-ақ романымен көтергісі келді. «Қасиетсіз пенде» аяқталмай қалғанымен, параллельдік тұрғыдан жұрт оның не айтпақ болғанын түсінген еді... Бұл Музильдің тұлғалық образына тиіттей де нұқсан келтірген жоқ. Өйткені, жүрегіне әлемді сыйдырған авторды қаламгер қауым кінәламайды да.

Франц Кафканың «Құлып» романының соңы болса: "Қожайын K-ға: «Менікі бар болғаны әп-әдемі болып киініп алу, сен есалаң болмасаң, есі кірмеген бала шығарсың, тіпті бұзақының өзі шығарсың, не десек те іштарлығың басым екен. Қой болды, кеттік». Қас-қағым сәтте K-де табалдырыққа жетіп келді, Гестапо оның жеңінен тағы да ұстай алып еді, қожайын оның артында тұрып: «Ертең мен бір жаңа киім алам, мүмкін саған да алып берермін?» - деді. Роман міне осымен соңына шығады да, K құлыпқа кіре алмай қалады.

Kafkaesque: Кафка 1922 жылдың қаңтарынан «Құлыпты» жазуға отырады, сол жылы қыркүйек айында жазуын еріксіз тоқтатады, 1924 жылы қайтыс болғанға дейін жалғастыруға мүмкіндігі де болмаған. Сөйтіп, «Құлып» та оның өзге романдары сияқты аяқталмай қалды. Бұл – Кафканың ең соңғы әрі ең ұзақ романы еді. Кафканың досы Макс Брод 1926 жылы «Құлыпты» реттеп баспадан шығарады. Осылайша Кафканың өртелуі тиіс қолжазбасына “қиянат” жасалады. Шығарманың аяқталмауы – оның ең жақсы түйіні болса керек, Kafkaesque (Кафкиандық деп тәспірледік) дейтін осы ағылшын әріпі сияқты, өмірде де Кафка шығармасындағыдай абсурдтық феномен аз емес.

Оноре де Бальзактың «Адамзат комедиясы»: 1848 жылы «Адамзат комедиясының жалпы мазмұны» деген тұжырымдамамен “Дәстүр туралы зерттеулер”, “Философиялық зерттеулер” және “Аналитикалық зерттеу” атты үш тарау бойынша басылып шықты. Ондағы “Дәстүр туралы зерттеулер” тағы да – “Жеке өмір сахнасы”, “Сыртқы өмір сахнасы”, “Париж өмірі сахнасы”, “Саяси өмірлік сахна”, “Әскери-тұрмыстық сахна”, “Ауыл өмірі сахнасы” деген бөлімдерден тұрды. Ал “Жеке өмір сахнасы” атты тарау 32 бөлімнен құралып, оның ішінде төрт бөлімнің тақырыбы ғана жазылған. «Киелі қарт» сияқты 28 бөлімі толық аяқталған; “Сыртқы өмір сахнасы” – 17 бөлімнен құралып «Оэн Гранд» сынды 11 бөлімі соңыра шықты; “Париж өмірі сахнасы” – 20 бөлімге жоспарланып, 14 бөлімі жазылып бітті; “Саяси өмірлік сахна” – 8 бөлімге жоспарланғанымен 4 бөлімі ғана жазылды; “Әскери-тұрмыстық сахна” – 32 бөлімге жоспарланғанымен оның 2 бөлімі ғана аяқталды; “Ауыл өмірі сахнасы” – 5 бөлімге жоспарланып 3 бөлімі жазылды; 27 бөлімнен тұратын “Философиялық зерттеулер” тарауының 22 бөлімі жазылып бітті; “Аналитикалық зерттеу” тарауы – 5 бөлімге жоспарланғанымен 1 бөлімінің ғана соңғы нүктесі қойылған.

Зорығып өлген Бальзак: 1829 жылдан 1848 жылға дейін Бальзак тек ғана жазумен айналысып, күніне он сағаттан артық жұмыс істеген ол 91 роман жазды. Ұзақ уақыт қалыптан тыс еңбектенгендіктен денсаулығы нашарлап, 50 жасында ауыр науқасқа шалдықты. Ол өмірден өткенде, әдебиеттің ұстазы Гюго Францияның Париж қаласында аза тұтқан неше мыңдаған адамның алдында: «Ұлы адамдар қатарындағы Бальзак олардың көшін бастап тұр, үздіктер қатарында оның алдына шыққан ешкім жоқ», - деп тебірене сөз сөйлеген.

Альберт Камюдың «Бірінші адам» повесінің соңы: «Ия, өмір сүру ниеті, өмір сүруге деген құлшынысы, мынау әлемде өзінің бар екенін сезінген cәтте, оның санасындағы қол жеткізбекші болғанын анасы да бере алмайтындай. Ол күткен жылулық – Брайон есімді күшігінің бойында сияқты. Ол ит жүнінің күнге қызған иісін иіскегенде, өмірдің жылуы тек ғана соның бойында сияқты сезілді, тіпті иіскеп тұра бергісі келді... Ол пышақ жүзіндей жалаңдағанымен, өмір сүруге деген ынтызарлықтың өзі өлімге итермелейтінін, өмірі, жастық шағы, қоршаған ортасы оны қақпайлап жүргендей, соқыр үміттің жетегінде бәріне дәрменсіз екенін сезеді. Ол енді қанша жасайтынын кім білсін, ит жүніндегі өмірдің иісі өзіне мәңгілік серік болса екен дейді», – деп аяқталады.

Күлкі күні болған апат: 1960 жылы 1 сәуірде Камю досының жеңіл автокөлігімен Прованстан Парижге барар жолда апатқа ұшырап, нақ майданда көз жұмады. Сол кезде оның қол сөмкесінен «Бірінші адам» повесінің қолжазбасы шығады. Камю онда: «Ол өмірдің нағыз қожасы, тәнті боларлық таланты, биік арман-мұраты, тасқындаған жігері бар...», - деп жазған. Повесть – мынау қатыгез тағдырдың тұрпайылығы мен жасыл түсті жасын ойнаған сағымның түйіліскен сәтінде ең соңғы нүктесі қойылмаған күйінше кетті. 47 жылдық ғұмырында ол кәріліктің де дәмін сезбестен тіршілікпен қоштасты. Ол көз жұмар сәтінде тыныштыққа шома алды ма, жоқ па, оны ешкім де білмейді.

Байронның «Дон Жуаны» мен Шеллидің «Өмір триумфының» соңы:

«Шайтанды көрген жақсы ма әлде көрмеген жақсы ма?

Мұны айту өте қиын.

Десе де Дон Жуанның түрі шайтанмен шағылысқандай.

Терезеден түскен сағымның өзі одан жиіркенеді;

Герцогиняның түрі де бозғылт, түнімен ұйқы көрмеген немесе көп түс көрген адамдай мүлгулі», - деп аяқталады.

Байрон мен Шелли: 1816 жылы Байрон Швейцарияның Женева қаласында тағы бір тентек ақын Шеллимен танысады, британдық үстемдікке деген өшпенділік пен поэзияға деген ортақ көзқарас ол екуін айырылмас дос қылады. Грек ұлт-азаттық қозғалысы үшін жанын пида еткен Гете: «Дон Жуан» – нағыз таланттының шығармасы, ашындырғаны – цинизмнің ең жоғарғы шегіне жетсе, рахаттандырғаны – сезіміңнің әр талшығын шымырлатады», - деп бағалайды. «Дон Жуанның» 16 тарауы жазылып біткен соң, Байрон Грек ұлт-азаттық қозғалысына белсене араласады. Бұл ақынның ең соңғы әрі ең өрелі шығармасы болды. 1824 жылы ол соғысқа қызу дайындық барысында, жаңбырлы күні суық тиіп, сол жатқаннан тұрмаған күйінде 19 сәуір күні дүниеден өтеді. Оның қазасы гректерді қатты күйзелтіп, 21 күн аза тұтады.

Хемингуэйдің «Эдем бақшасы»: - (The Garden of Eden) – «Дэвид таң нұрының алтын сәулесі терезеден түскен шақта оянды. Дала тағы мұнартып тұр, күнде оянғанда көзіне түсетін қарағай діңі бүгін өзгеше, теңізден тіпті алыстап кеткендей. Ол бір қырындап, білегін жастанып жатса керек, оң қолы ұйып қалыпты. Ұйқысы әбден ашылғанда, өзінің басқа төсекте жатқанын аңғарды, қасында Марита жатыр. Ол түнде не болғанын есіне алып, Маритаға елжірей қарап, оның ашық қалған бөксесіне көрпе жауып жатып бетінен бір сүйіп алды. Таңғы шық мөлтілдеген бақшаға жеңіл киіммен шыққан ол, Маританың ұйқыдағы бейнесін елестетіп өз бөлмесіне қайта оралды. Суық су құйынып алған соң сақал-мұртын қырып, жейдесі мен шолақ шалбарын киіп, ұйқыда жатқан Маритаға тағы бір қарады да жұмыс бөлмесіне кіріп кетті. Ол жап-жаңа дәптері мен ұштап қойған бес қарындашын алып, әкесі және Maji Maji көтерілісі (Неміс тілінде - Maji Maji-Aufstand. Соғыс 1905 жылдан 1907 жылға дейін созылды, 250 000-300 000-дай адам қаза болды, олардың көпшілігі аштықтан өлген бейбіт тұрғындар). кезіндегі қақтығыс туралы роман жазбаққа кірісті... Дэвид әрбір әріпті, әрбір сөйлемді оқиға желісі бойынша жаза түсті, ол есіне түскен эпизодтың барлығын да бір әрібін өзгертпей қағазға түсірді...

Мен біреудің қолынан өлетін шығармын, бірақ одан жеңілмеймін: 1961 жылы 2 шілде күні Хемингуэй қосауыз аңшы мылтықтың ұңғысын ауызына тығып тұрып шүріппені басып, өз өмірімен өте аянышты түрде қоштасты. «Эдем бақшасын» ол 1946 жылы қолға алып, бірде жазып, бірде тоқтап жүріп, ақыры соңында аяқтай алмады. Жазушы көз жұмған соң 25 жылдан кейін, 1986 жылы «Эдем бақшасының» бірінші бөлімі жарық көріп, екінші бөлімі жазылып бітпегендіктен күні бүгінге дейін басылып шықпады.

Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтары»: «Карамазов, - деді Коля, - Діни наным бойынша адамдар өлгеннен кейін де өмір сүреді, бір-бірін көреді, адам біткен Илюшамен кездеседі дейді, осы рас па?”

Алеша әрі қуанышты әрі тебіренген күйде: “Біз міндетті түрде қайтадан тіршілік иесіне айналамыз, біз бір-бірімізбен өте қуанышты жағдайда жүздесіп, өткен оқиғаларды сағына еске аламыз”.

“Онда өте жақсы болды! ”, - деді Коля.

“Біз енді әңгімені доғарып оны аза тұту кешіне барайық. Сендер құймақ жегендеріңе бола ашуланбаңдар. Бұл ата-бабамыздан қалған ескі салт, оның өзіндік мәні бар, - деп күле сөйледі Алеша, - Біз қазір ол жерге қолдасып бірге барамыз”.

“Дәл осылай қолдасып мәңгі жүреміз, ура, Карамазов!” Коля тағы да шаттана айқайлады, балалардың бәрі оған қосыла кетті», - деген жолдармен аяқталады.

Құпия өлім: Қазіргі «Ағайынды Карамазовтар» да толық аяқталмаған шығарма. 1881 жылы 9 ақпан күні Достоевский осы шығарманың екінші бөлімін жазуды бастай бергенде, оның қаламы байқаусызда шкафтың астына түсіп кетеді. Ол қаламды алу үшін ауыр шкафты көтерем деп қантамырлары жарылып кетіп, сол күні қаза табады. Достоевскийдің естеліктеріне қарағанда, екінші бөлімнің басты мазмұны негізінен Алеша мен Лизаның неке тойынан кейін, басқа әйелдердің арбауымен Алеша Лизаны тастап кетіп, қасыретті тұрмыс кешуі, кейіндеп ол Монастырьда жападан-жалғыз өмірден өтуі баяндалмақ екен.

Гогольдің «Өлі жандарының» соңы: «Герцогтің жүзі суық. Оның жүзінде не өкініштің, не қайғының табы жоқ. ...Біз жемқорлыққа, көтеріліс болған кездегідей қарсы тұруымыз керек, біздің дәл қазіргі жағдайымыз ештемені шешіп бере алмайды. Ресейдің азаматы ретінде, сендердің бауырластарың ретінде бас көтерулеріңді сұраймын. Мен орталарыңдағы зиялы қауымды бірігуге шақырамын. Мен әрқайсың айналып өтуге болмайтын міндеттің бар екенін айтқым келеді. Міндеттеріңе зер сала қарауларыңды өтінемін, өйткені біздің таным өте бұлдыр. Біз жаңа ғана...» - деп түйінделеді.

Обсессивті-компульсиялық бұзылыс сырқатының қозуы (ОСD): Роман алыпсатар Кильчковтың тізімде аты өшірілмеген малайларды қарызға сатып алуы, өлі жандарды саудалауы (Орыс шонжарлары осы малайларды “өлі жандар” деп атайтын), Кильчков арқылы әр жердегі манераға бару процесінде ол Ресейдің басқа провинцияларындағы жер иелерінің портреттік галереясын ашып көрсетеді. Үш бөлімге жоспарланған шығарма жазу қарқынының баяулауы мен идеологиялық шектеуге ұшырағандықтан, науқастанып жүрген Гоголь 1852 жылы екінші бөлімін өртеуге мәжбүр болады, ал үшінші бөліміне қалам ұшы да тимейген. Толық аяқтап, бізге жеткені тек бірінші бөлімі ғана. Кейін табылған екінші бөлімнің алдынғы бес тарауы да аяқталмай қалған.

Нацумэ Сосэкидің «Жарық және түнегі»: «Екеуі қатар ойнаған спектакльдер көз алдарынан бір-бірлеп өтіп жатты. Сондағы Цинзи бір кездері осы Цудаға сенуші еді. Ол Цудаға қарап бой түзейтін, өзіне нағайбыл кей сұрақтардың жауабын осы Цудадан алатын, қысқасы бұлыңғыр болашағын Цудаға сеніп тапсырған. Оның сабырлылығы көзінен де байқалады. Қандай мәселеге тап болса да жанарында сенімділік мен мейірімділіктің нұры ойнайды, дәл осындай мойыл көз тек ғана Цудаға жарасатындай. Ол тірі болса, махаббат біткен көзден оқылар еді...

“Үрейімді ұшырдың ғой”, - деп атып тұрды Цуда. Ол әсілі “ханым” деп атамақшы еді, бірақ оны ыңғайсыз сезініп, “Цинзи” деп шақырды.

“Сен мұнда қашаннан бері тұрасың?”

“Ешқандай жоспарым жоқ, үй жақтан телеграмма келсе болды қайтамын, бүгін келсе де қайтып кетуге әзірмін”.

Цуда: “Аа, солай де”, - деді сәл таңдана.

“Мұнда айтарлықтай ештеме жоқ”, - деп жымиды Цинзи. Цуда оның жымиысының астарын оңашада талдамақ болып бөлмесіне кіріп кетті», - деген сөйлемдер ақыр соңына шығады.

“Түнектің” жартысы жазылды “Жарықтың” жартысы қалды: «Жарық және түнек» Нацумэ Сосэкидің ақыл-ой психологиясын талдау тұрғысынан жазылған ең танымал романы, әрі қазіргі жапон әдебиетінің батыс әдеби стилінде жазған ең озық үлгісі. Шығарма тұңғыш рет «Асахи Симбун» арнасында серияланып, 188-ші эпизоды жазылып жатқан кезде автор қайтыс болды.

Цао Сюэциннің «Қызыл сарайдағы түсі»: «Жан жараңа тұз себер тұсын айтсам, таңғалудың өзі аянышты. Қайталана беретін түстерді ақымақ әлем де күлкі етпек», - деген тәмсілмен тәмамдалады.

Қытай басылымдарының цензурасы: Иә, Цао Сюэциннің «Қызыл сарайдағы түсі» өз миссиясын орындап, толықтай жазылып бітті, мұны Жи Янжайдың пікірлерінен білуге болады. Ол соңғы қырық сюжетке сілтеме жасайды. Ал осы соңғы қырық сюжеттік қолжазба феодалдық жүйенің талаптарына қайшы болғандықтан, Гао Цзянь оны қайта жазады.

Қытай тілінен аударған: Нұрбек КЕҢЕСБАЙҰЛЫ.

1. «Қасиетсіз пенде», Австрия - Роберт Музиль

2. «Құлып», Австрия - Франц Кафка

3. «Адамзат комедиясы», Франция - Оноре де Бальзак

4. «Бірінші адам» повесі, Франция - Альберт Камю

5. «Дон Жуан», Англия – Байрон және Шеллидің «Өмір триумфы»

6. «Эдем бақшасы», (The Garden of Eden) Америка - Хемингуэй

7. «Ағайынды Карамазовтар», Ресей - Достоевский

8. «Өлі жандар» , Ресей - Гоголь

9. «Жарық және түнек», Жапон - Нацумэ Сосэки

10. «Қызыл сарайдағы түс», Қытай - Цао Сюэцин

Көрнекі сурет: www.pinterest.com


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар