Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Астана – өнердің бастау бұлағы

30.11.2018 720

Астана – өнердің бастау бұлағы

Бүгінгі Астана – өнердің бастау бұлағы, бүкіл әлемге қазақтың қасиетті күйлерін паш етуге құдірет сыйлаған қала. Бүгінгі Астана – республиканың киелі құндылығы. Қазіргі уақытта Астана ең алдымен бүкіл қазақ халқының дәстүрлі музыка өнерін әлемге ұлықтау үстінде.

Халқымызда «Өмір – қысқа, өнер – мәң­гі» деген қанатты сөз бар. Халық өзінің қуанышы мен қайғысын әсем әнге, тәтті күй­ге айналдырып, ұрпақтан-ұрпаққа қал­дырып отырған. Жүректен шыққан сұлу саз ғана жүректі қозғайды, адамды түрлі күйге бөлейді. 1000 жыл бұрын ғұмыр кешкен Қорқыт күйлері, алты ғасыр асса да ескір­мейтін Асан қайғы толғауы мен кешегі Құр­манғазы күйлері, Ақан, Біржандардың ән­дері әлі де халықпен бірге жасап келеді. Өнерді «мәңгі» дейтініміз де сондықтан.

Біз өрісі кең әлемдік өркениетке дербес ел ретінде қолымызды создық. Осы орайда біз әлем жұртшылы­ғына өз үнімізбен сыйлы, өзіндік мәдениетімізбен құнды, төл өнерімізбен құрметті екенімізді сезіне бастадық. Ұлт иденти­фикация сол халықтың тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен өнері арқылы жүзеге асаты­нын анық аңғартады. Бүгінгі таңда мемле­кет мүддесін білекпен қорғайтын заман артта қалып, елдің ертеңіне деген сенімін терең біліммен, биік мәдениетпен қамта­масыз ететін кезеңге тап болып отырмыз. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жы­ғады» деген көне мақал бүгінгі таңда тура мағынасында өмірдің шындығына айнал­ды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің қайнар бұлағы», - деп атап өткендей, рухани жаңғырудың негізі еліміздің өнері мен мәдениетінің қайнар көзі қазақ халқының фольклорлық дастан-жырлары, күйлері.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мәдениетіміздің жаңғыруына кең жол ашты. Қазақтың классикалық музыкалық мұрасы ноталық нұсқасымен жарық көрді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұстаздары «Назқоңыр» жинағында біздің заманымызға жеткізген орындаушылардың әр жылдары жазылған үнтаспаларынан, мұрағаттан, Қазақ радиосының «Алтын қорынан» алынып, түпнұсқалық үлгілері жетті. Мұның өзі елім деген жас тәлімгерлер үшін таптырмас рухани қазына болып отыр. Менің жеке зерттеу шығармашылығымды қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші-композиторы Кенен Әзірбаевқа арнаған ғалым ретінде рухани-мәдени мұраларымызды жеткізу ұлыларымызға мың мәрте тағзым сыйлап, есімдерін ел есінде жаңғырту басты парызым деп ойлаймын.

Міне, биылғы жылы – Астананың мерейлі жылында елдің елдігін дәлелдейтін, кемелдігін толықтыра түсетін рухани жәдігерлеріміз ұлықталды. Елбасы халық жыраулары туралы: «Халық өмірінде Кенен Әзірбаев үн қоспаған, өзінің жарқын талантымен шуағын төкпеген бірде-бір айтулы оқиға болған жоқ. Оның тамаша, өшпес туындылары бүгін де осы жауапты, құрметті сапта тұр» деп атап өтті. Мен үшін қазақ халқының абзал тұлғаларының мол қазынасы Астана қаласының мерейтойы аясында әлемдік деңгейде насихатталуы көңілге қуаныш ұялатады.

Шолпан Даржанова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Астана, Астана – өнердің бастау бұлағы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар