Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Байтанұлы. Түнгі жортуыл (әңгіме)

20.07.2018 4563

Асылбек Байтанұлы. Түнгі жортуыл (әңгіме)

Деректі оқиғаға құрылған бұл әңгімені Шүй елінің ардақты ақсақалы Пионер Солтанұлы Мұхтасыровқа арнаймын

Жазотырдың арнасын кенерелей өрлеген салт атты асықпай аяңдатып Шаңбақкөлдің қабағына жете тізгін тартты. Батар күннің сәулесімен діріл қаға жарқыраған алып айнадан ескен салқын леп Алтайдың биылғы жаз дәурені аяқталғанынан хабар бергендей. Тыныштықты бұзған бейсауат жолаушыны ұнатпады ма, көлдегі қаңқылдаған сарыала қаз, шаңқылдаған шағалаға айнала бөктердегі суырлар аңқиттай үн қосып, тау іші азан-қазан болды да кетті. Салт атты бұған мән берген жоқ. Майда толқындар жағалауды шылп-шылп соққан көлдің шетіне келіп аттан түсті. Қарагердің ауыздығын алып, тізгінін түріп асықпай суарды. Бөктерген қос бас қоржынды, ердің қасындағы қара шоқпар мен жанторсығын алып жерге қойды. Атын шылбыр ұшымен жайылта отырып ауқаттануға кірісті. «Қақпыш пен борша болмаса, бәйбішенің бабымен піскен сүрісінің ауылы енді екі жұма алыс қалды», - деп өз-өзіне мырс етті, сары қазыны қиялай кертіп отырып.

Шай қайнатым уақыт өткенде, тау асып батқан күннің қызыл жалқын табы сөніп барып, іңір қараңғылығына ұласты. Дереу жиылып-терілген салт атты күншығысты бетке алып бүлкектете жөнелді. Жалғыз аяқ көне сүрлеудің екі айырылар тұсына келгенде астындағы ақылды жануар сәл қипақтап кідіргендей болды. Сөйтті де иесінің бағыт таңдауын тақым қысу мен тізгін ұшынан сезінген қарагер Ақсайдың аңғарына бұрылатын жолға түсе берді. Жаңағы жолайырықта оң жаққа бұрылса Орта сайдың басына өтер еді. Ол бағытпен жүрген болса Тоғыз көлді құлдай, Жалпақтың басымен Ойғыр суын кесіп өтіп, Құлжаның кезеңінен Аққолға асатынын ойша бағамдап өтті. «Бұл төте жол – келер бағытым болсын, барарда із тастап, әрі қалың елдің өріс-қонысын бажайлай, Усай, Қаражаматыны құлдап, Көкмойнақ, Соғақ арқылы жүргенім дұрыс», - деп ойлады.

***

Алтайдың төрт пұшпағын өмір бойы Арқаның даласына, Құбының құмына қосып жортқан әккі жортуылшы Қобда беттің қоңыр жон, кер жазығымен тынбай күн-түн қатып, бесінші күн дегенде Қу Ертіс, Қайыртының ортасындағы қалың елдің шетіне ілінді.

***

Қайырты бойында күзеп отырған Таубайдың бес-алты үйлі ауылын оңай тауып, екінті ауа жазыққа қарай ұмсына ұласып жатқан қара тұмсықтың шетіндегі шоқ қарағайға бекінді. Төңіректі бақылап дүрбі тартты. Ауылдың үсті абыр-сабыр қара шобыр адам. Ауылдан аттанған еркектер мен ақжаулықты әйелдер тұс-тұсқа тарап кетіп жатыр. «Дәу де болса, бұл ауылда бүгін той-тілеу болған шығар?», - деп ойлады. Ауылды алақандағыдай көрсетіп тіміскіген дүрбінің көзі Таубай үйінің кермесінде тұрған баран жылқыға тірелгенде жортуылшының басына қан лыпып, жүрегі дүрсілдеп барып басылды. Шошақ тымақтысы, шұлауыштысы аралас бір топ адам тура осылай беттеп келе жатыр. Әу дем жердегі дөңестегі зиратқа келіп түсіп, құран бағыштады. Тұмсықты жиектей аяңдаған аттардың тұяғынан шыққан сылбыр дүңкіл мен адамдардың сараң жауаптасқан сөздері биікте отырған жолаушыға ап-анық естілді. Емен-жарқын самбырсыз, әлдебір бұйығы күйге бөккен аттылар тауды жиектеп кезеңге көтеріліп барады.

Кешікпей күн ұясына батып, қас қарая бастады. Сиырларын сауып, бұзауларын байлап, қойларын қоралап, орынға отырған Таубай ауылы көз алдында түнгі тыныштықтың тұңғиығына батты. Тек жерошақтардың оты әлі де болса өлеусірей жылтырап көрінеді. Қоржынынан киіз тұяққап алып шығып, атының төрт аяғына кигізіп, бауын бекітті. Қас қарая орманнан шығып, ауылдың бер жағындағы зиратқа беттеді.

***

Ескілі-жаңалы көп бейіттің ішінен көз барда өзі межелеген биік шым қорғанды жанасалай келіп атынан түсті. Алқаракөк аспанның орта тұсында жартыкеш ай бұлттар арасынан сығалап қойып зымырап барады. Ай сәулесі лап еткенде айнала сүттей жарық болып кетеді. Арқан бойы жердегі жас қабірді анық аңғарды. Ай жарығы түскенде жас қабірдің қап-қара топырағы күнсіп қуқылдаған ескі қабірлерден ерекше көзге ұрады. «Бағанағы қара шобыр халықтың мәнісі осы екен ғой», - деп іштей түйіп, ауыл жаққа көз тастап еді, үйлердің түндігінен жылтылдаған жарық та, сырттағы жерошақтың оты да түгел сөнген екен. Анда-санда еріншек маңқ еткен иттердің даусы ғана мамыражай түннің тыныштығын әлсіз дір еткізіп, ауыл түн құшағына шым батқан.

***

«Иә, сәт, қанды басың бері тарт», - деп күбірлей орнынан тұрған жортуылшы сыралғы серігінің тізгінін қаңтарды. Қорған түбіндегі қазандай тасқа аттың шылбырын қазықбаулап тастай берген еді, қарагер оқыс елең етіп, ықыстай осқырынды. Есті жануар жақын маңнан бір бөгде қимылды сезгені анық. «Бұл не болды екен? Не құдірет болса да көріп алайын, нартәуекел», - деген ойға бекініп жан-жағын шола көз тікті. Сөйткенше болған жоқ, жас қабірдің маңында қараң-құраң еткен бірдеңенің сұлбасы аңғарылды. Осы мезетте ай бұлт арасынан тағы жарқ етті. Жортуылшы дене тұрқы сиырдай әлдебір мақұлықты анық көрді. Алтайдың зират қазып дәніккен қоңыр аюы екенін бұл бірденбіле қойды.

Дәл осы кезде бұлт сәл сейіліп, ай жарығы зират аумағына аппақ сүттей саулап, уыздай ұйи қалды. Әй-шайға қарамай бос топырақты бұрқырата көсіп жатқан аюдың қимылы анық көрінді. «Аш аю ғой, мынау! Қазір жас мәйітті көз алдымда суырып шығып паршаламақ па! Жоқ, болмайды! Бұл дағы Алланың алдыма әкеліп тұрған бір сынағы шығар! Көз алдымда суыртып жегізіп қоя алмаспын! Алтайдың аюына бірінші рет тап келіп тұрған жоқпын?! Нартәуекел!», - деген ойлар санасында жылдам жүгіріп өтті. Қайың шоқпарын оң қолына сығымдай ұстап, қоншындағы ұзын сапысының сабын сипады да: «Я, Алла, өзің жар бол!» - деп қайратын бойына жия, жітірмелей басып қабірге қарай ұмтыла берді. Осы кезде бір-біріне дүңкілдей соғылған ағаштың дыбысы естілді. «Бетағашқа жетті, шашты!», - деп ойлады жолаушы жүгіріп келе жатып.

О, құдірет, құлағына кенет: «Уһ, жаным-ай!», - деген ащы дауыс естілгендей болды. Аю да осы мезетте селт етіп басын көтеріп, сәл аңырып қалғандай болды. Осы сәт ту сыртына келіп қалған жолаушы аюды қара тұмсықтан қапысыз соғып-соғып жіберді. Не болғанын бірден аңғармай қалған мақұлық жанды жерінен тиген соққыдан талықсып кеткендей, төрт аяғы серектеп шалқалай берді. Әбжіл, әккі қимылмен тұмсықтан, құлақ шекеден қапысыз жітірмелете соқты да, сапысын тақыр қолтықтан бойлата сұғып-сұғып жіберді. Талмауыр тұстан төпелеп ұрып ес жиғызбады. Дегенмен жан бермек оңай ма, дәу мақұлықтың қорқыраған үні төңіректі дүр сілкіндіргендей болды. Ауыл жақтан иттердің шуылдай үргені, «айт-айт» деп озандатқан дауыс естілді. Аю қансырай жан тапсырып, қимылсыз қалды. «Иә сәт, сәт Алла!», - деп сапысын аюдың қалың қылшығына сипай сүртіп бойын тіктей берген жортуылшының құлағына ыңырсып-уһлеген адам даусы тағы да естілгендей болды. Демін ішіне алып тыңдап еді, адамның дыбысы жартылай үңірейген көрден шығып жатқанын анық аңдады.

Қанша дегенмен, ет жүректі пенде емес пе, аюдан қорықпаған басы, мына дауыстан сәл қобалжығандай болды. Ержеткелі Алтайдың төрт құбыласын бір-біріне сапырып күн-түн жортқалы талайды бастан кешсе де, мұндайға бірінші тап болуы. Арқасын суық тер жауып, жүрегі шіміркенгендей болды. «Жын-пері ме, бұл не болып кетті өзі? Кімнің дыбысы?» Сөйтті де жүрегін орнықтырып:

- Кім бар мұнда? – деді.

- Мен, мен! Су-су, беріңдерші! - деген әлсіз дауыс шықты көр ішінен.

«Көрдің ішінде тірі адам бар екен», - деп ойлады. Сөйтті де апыл-ғұпыл бетағаштың қалған бөлігін бағанағы аю тәрізді топырағымен қоса аршып үңги бастады. Лақаттың аузын түгел тазартқанда, көр түбінен кебіні бозамықтанып мәйіт көрінді. «Бісіміллә! Ауп!», - деп «сөйлейтін мәйітті» екі білегіне салып көтерген қалпы, көрдің жиегіне шығарды. Кебіннің бас жағынан буған шүберек шешілген екен. Өрімдей жас жігіттің бет әлпеті көрінді. Жалма-жан белі мен аяғындағы байлауды шешіп, мақталы жеңіл шапанын үстіне жапты. «Уһ, Аллам-ай! Шөлдедім! Үйдегілер қайда? Мен қайда жатырмын? Сіз кімсіз?», - деген жас жігіт дауысы дірілдеп үрейлене үн қатты.

- Қорықпа, балам! Сен әлдеқалай иен далада жатып қалған екенсің. Мен келе жатып тауып алған жағдайым бар. Үрейленбе, жүрегіңді бас.

- Сіз кімсіз? Біз қайдамыз?

- Мен бір кездейсоқ жолаушымын. Сенің аулыңның маңында сияқтымыз.

- Тілім аузыма сыймай тұрғаны-ай. Су-су бар ма? - деді жас жігіт. Жортуылшы жігітті көтерген қалпы атының жанына әкеліп, қорғанға сүйеп отырғызды да, жанторсығының тығынын ашып ұсынды. Қақалып-шашала күлкілдете сіміріп шөлін басқан жігіт енді ғана өз-өзіне келіп, түнгі самалды қомағайлана жұтып серги түсті. Дегенмен, әңкі-тәңкі күймен айналаға үрейлене қарайды. Ай жарығы молынан түскенде өзіне таныс маңды бағамдап алды ма, кім білсін:

- Біз зиратта отырмыз ба? О, Аллам-ай, бұл не болып кетті өзі? – деп жанында отырған алпамсадай кісіге үдірейе жаутаңдады.

"Жас жігітті ақырындап сөзге тартып, көрге тірідей көмілуінің мәнісін сұрап алу керек", - деген ойға бекіген жортуылшы оған суыртпақтап сұрақ қоя бастады.

- Жүрегіңді бас, бауырым. Мен сені осы зиратта көрге көмілген жеріңнен тауып алдым. Бір жаңылыс жағдай болғаны анық. Атың кім? Кімнің баласысың? Қай туғансың? - деді жаймашуақтай, жұмсақ үнмен.

- Атым Қареке. Таубайдың баласымын. Сүйегім молқының машаны.

- Ардакүреңнің иесі Таубайдың баласысың ғой?

Жігіт Ардакүреңнің аты аталғанда бейтаныс жолаушының бетіне жалт қарап, даусы қарлыға тамағын кенеді:

- Дәл түстіңіз. Бұл өлкеде Ардакүрең жүйрікті білмейтін адам жоқ қой. Алғаш өзім бастықтырып бәйгеге шапқанмын.

- Иә, солай ма? Дұрыс екен. Ардакүреңнің дақпыртына мен де қанықпын. Енді бір-екі күн бұрын басыңнан қандай оқиға өткенін есіңе түсіріп көрші.

- Жарайды. Алдыңғы күні... Жоқ, кешегі күні... Иә-иә, ауыл жігіттері Көкшынтақта шөп шауып жатқанбыз. Күн шыжыған ыстық болатын. Түскі шайдың алдында суға түсуге барғанбыз. Тағы не болып еді... Иә-иә, өзеннің ортасындағы аралға жүзіп барып, кері қайтқанбыз. Санымның сіңірі тартылып, жағаға жете алмай, жанұшыра малтып келе жатқанмын. Одан арғысы есімде жоқ...

- Демек, солай де. Ендеше тыңда, балам. Екеуіміздің мұнда тоқайласуымыздың мәнісін былай деп жорамалдап отырмын: Сен сол суға түсіп жүргенде тереңге батып немесе ағыспен алысқа ағып кеткен боларсың. Жұрт сені судан шығарып алғанымен, су жұтып естен танған қимылсыз қалпыңды өлдіге жорыған болуы керек. Сөйтіп таңертең осы зиратқа әкеліп жерлеген болар. Жалғаннан көрер жарығың үшін құдіреті күшті құдай мені мұнда айдап әкелсе керек. Анау қабірдің жанында дөңкиіп жатқан нәрсені көріп отырсың ба?

- Иә көріп отырмын. Ол не?

- Ол аю. Ажал айдап, сор түрткен бұл хайуан түн жамылып сені қазып жеуге келген ғой. Аю көрді қазып жатқанда мен келіп оны өлтірдім. Сол кезде көр ішінен шыққан дауысыңды естіп, сені алып шықтым. Мұнда отырысымыздың ұзын-ырғасы осылай, балам. Мынау өмірде ер жігіттің басынан не өтпейді дейсің! Су ішкілігің бар екен, балам. Бәрі де Алланың жазғаны.

- Ағатай-ай, шыныменен мен көрге тірідей көміліп шықтым ба? Бәсе, мұның бәрі өңім бе, әлде түсім бе деп әлі ештеңенің байыбына бара алмай әңкі-тәңкі отыр едім.

Жас жігіт үңірейген қабір жаққа үрейлене көз салды да, дәті шыдамай теріс қарап отырды. Бейтаныстың айтқандарын әлі де болса миына толық сыйғыза алмай отырған болуы керек. Жолаушы қосбас қоржынның аузын шешіп, сүрі борша түйілген дорбаны жігітке ұсынды.

***

Күздің таңы себезгілей құланиектеп атып келеді. Аюдың терісін етінен шығарып үлгерген екеу зираттың аяқ жағындағы терең өзекте ат шалдырып, беті-қолдарын жуып, күннің көтерілуін күтіп отырды. Жолаушының шапанын жалаңаш етке қаусырынған Қареке күзгі таңның қыраулы ызғырығына жеңіл дірілдейді. Алтайдың еріншек күні биік жотаның ар жағынан жылтия сығалап алып, көкке баяу көтеріле бергенде киіз үйлердің де түңлігі түріліп, көкшулан түтін созалаңдай бастады. Әдепкі жайбырақат таңғы тірлігіне кіріскен кешегі қаралы ауыл адамдары бүгінгі күн қандай зор қуаныш сыйлағалы тұрғанын әлі білген жоқ.

***

Сәлдебоздың сыртынан тірсекжең мешпет киген қапсағай жолаушы бұзау тіс дойыр қамшысын қыса бүктеген қалпы ауылға қарай алшаңдай басып келеді. Ауылдың топты иті жалғыз жаяуды анадайдан көре сала, шәуілдей тұра ұмтылды. Екпіндері қатты-ақ. Арсылдай андыздап келе жатқан иттерден жолаушы зәредей бой тартып кідіргектеген жоқ. Әне-міне дегенше ең алдымен жетіп, сойдақ тісін ақсита арпылдай атылған тайыншадай көк төбетті қамшының баурын жаза, шынтағын сәл көтере берді де, қара тұмсықтан тартып жіберді. Талмауырдан тиген соққы ауыр шықты: көк төбет әлсіз қаңқ етті де, екпінімен домалап барып сылқ етіп, төрт аяғы дірілдей серейіп қалды. Жалғыз жаяудың қажыр-қайратын лезде-ақ қапысыз сезген өзге иттер жолаушы қамшысын сілтей ақырып қалғанда сесінен демде айырылып, құйрықтарын сымпитып алып безіп кетті.

Ауыл адамдары да самаладай болып состиып үйді-үйінің алдына аңырып тұрған еді. Сөйткенше жолаушы Таубайдың үйінің алдына да келіп қалды. Өзіне қарай беттеп келе жатқан жұртқа назарын салған жоқ, Таубайдың үйінің сықырлауығын серпе ашып ішке кірді. Табалдырықтан аттай бере: «Ассалаумағалейкум!», - деп сәлем беріп, босағада бойын тіктеді. Қаралы үйдің ішіндегілер үдірейісе үрпиіп түгел орындарынан атып тұрды. Отағасы Таубай бейтаныстың сәлемін алып:

- Уағалейкумассалам, сәлемші болсаң, төрге шық. – деді. Бөгде жанның бұл жүрісі тегін емес екенін анық аңғарған ауыл адамдары да апыр-топыр ентелей кіріп жатыр.

- Кімсің? Елмісің, жаумысың? Таң атпай неғып жүрген адамсың? – деді Таубай.

Жолаушы қамшысын оң жақта жатқан ер-тұрманның бас жағына тастай берді де:

- Елмін! Алыстан жүрген жолаушымын – деді.

- Жолаушы екеніңді көріп тұрмыз. Кімсің? Қайдан жүрсің? Не үшін келдің, мұнда?

- Сүйегім – найманның қаратайы. Әкемнің аты – Қырқымбай. Өз атым – Садақбай. «Садақбай» дегенде үйдегілер гу ете түсіп, жолаушының бетіне тегіс назар салып, бажайлай қарады.

- Садақбай!

- Әлгі атышулы барымташы Садақбай ма?

- Әлгі аю алған мықты, жортуылшы қамшыгер дейтін еді ғой. Сол Садақбай рас сенсің бе? – деп біреулері жітірмелете сұрақ жаудырып, енді біреулері өзара күмән білдірісіп, үйдегілер араның ұясындай дуылдасып кетті. «Сонау орыс жеріндегі жортуылшы Садақбай мынау Қайыртының жағасында жаяу-жалпы, жейде-мешпетшең неғып жүрсін. Қой, бекер шығар», - деген күдік-күмән көбінің-ақ жүзінде ойнап тұр. Осы кезде сырттан кіріп келген Қондыбай ежелгі танысы Садақбайды бірден тани кетті. Қондыбай да осы ауылдың түн жастанып түз кәсіп қуып, көп жортқан сартақым жортуылшысы еді. Аман-сәлемнен кейін:

- Иә, Садақбай, қасқырдың соқпасындай біздің ауылды, әйтеуір бір төңіректеп келеріңді іштей сезіп, қауіп айтушы едік. Керме қиып, кісен бұзу үшін түн жамылып келе ме десек, ел ақтаған жалаң аяқ диуанаша таң атпай ауыл кезіп, ит қамшылауға көшкенсің бе? – деп кәсіптес жортуылшыны қыжырта сөйледі. Жаңағы тырапай асқан көк төбет осыныкі болса керек.

- Жаяу-жалпы ит ұрып жүрсек – ол дағы бір құдайдың жазғаны болар, бәрі де қайырымен болсын, - деді Садақбай сабырлы қалыппен. Жұрт тағы гулей жөнелді.

Атақты жортуылшының бұл сөдегей келісінің әсте бекер емесін сезген Таубай жұртқа: «Тыныш, сабыр» дегендей қолын сәл көтерді де, Садақбайға қарап:

- Жә, болды, ағайын. Сенің Садақбай екеніңе сендік. Сонда мына жаяу-жалпы жүрісіңнің мәнісі не? Соны айтшы?

- Пенде шіркін – қашан да құмарлығының құлы ғой! Айшылық алыс жерде, пәлен деген елде аузымен құс тістеген, алдына қара салдырмаған өрен жүйрік бар дегенді естісем, сол ел мақтаған жануарды бір көрмей тынбайтын, көрген соң егер ойға алсам айламды асырып жетекке алмайынша ішкен асым бойға тарқамайтын әдетім бар жан едім. Осы құмарлық еді, Ардакүреңнің даңқ-дақпырты еді, мұнда айдап әкелген. Мына Қондыбай айтқандай, осы өткен түні керме қиып, кісен бұзып Ардакүреңді жетегіме алып, еліме қарай жосытып кетпек едім ғой.

Үй ішіндегілер тағы гулесіп, кіжініп-қызынып кетті.

- Ойдөйт деген! Қалай-қалай сөйлейді мына найманның баукеспесі!

- «Жосытып кетпек едім ғой», - деп еркінсиді ғой мынауың, тап бір осы үшін жаратып баптап отырғандай!

- Ендігі жетпегені ел-жұрт болып маңдайға басқан жалғыз жүйрікті ұрының тақымына беру еді.

- «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, өзіміз қайғыдан қан жұтып жылап отырсақ, қарашы-ей мұның қылығын! – деді Таубай ашуға булығып, қалшылдап кетті.

Мына жұрттың енді қаны қызып, әне-міне дегенше тап беріп түтіп жеуге бекінгенін анық сезді. Қарекенің жайын айтатын орай енді келді деп бағамдаған Садақбай енді ойын жинап, бойын тіктей, үйдегілерге қарата қатты зекіді:

- Жә, болды, керейлерім! - деп сәл кідірді де, даусын кілт жұмсарта: - Қан жұтып отырсаңдар, қан орнына май жұтқызып, шүйіншімді алып кетейін деп келіп отырмын! Шүйінші! Шүйінші ағайын! – деді жүзіне күлкі үйіріліп. Отырғандар тағы да гулесіп кетті.

- Мынаның есі дұрыс па өзі! Зират жақтан келуі әлей еді, расымен де жарымес диуананың қылығы ғой сөзі! – деді Қондыбай. Өрепкіген жұрттың дүлігісін басқан Таубайдың бәйбішесінің сөзі болды:

- Құдай-ау, «май ішкізгенің» не, «шүйіншің» не? Май ішкізуге татырлық сөзің болса, бердік, шүйіншіңді! Жұмбақшыламай жөніңді айтшы тез! – деді. Не де болса, бір гәптің барын сезген жұрт Садақбайдың аузын бағып тым-тырыс бола қалды:

- Суға кеткен балаларыңыз Қареке тірі! Алланың құдіретімен Қарекенің бір ажалдан аман қалуына себепші болған жағдайым бар, халайық! - деді Садақбай нық сенімді үнмен.

Мұны естігенде отырғандар тегіс демдерін ішке тартып тым-тырыс болып, үй ішінде бір сәт өлі тыныштық орнай қалды. Садақбайдың аузынан шыққан сөзді миларына сыйдыра алмай, тегіс абдырап қалды. Тіпті кейбірінің зәре-құты қашып буыны құрып, дәрменсіз күй кеше қылғынып отыр.

- Сен өзі не оттап отырсың? Суға кеткен Қарекенің сүйегін шүңгімеден алып шығып, кеше ғана өз қолымызбен арулап, жер қойнына тапсырған жоқпыз ба? Бұл не мазағың сенің! – деді Қондыбай түтігіп тап берді. Садақбай да жалма-жан атып тұрып Қондыбайға қарап оқталып тұрып:

- Адамды тірідей көрге көму салттарың ба еді! Айтып тұрған жоқпын ба, Қареке тірі деп. Сенбесеңдер зираттың аяқ жағындағы өзекке барыңдар. Менің атымды ұстап, шапанымды жамылып отырған Қарекені көресіңдер. Баланы үркітіп-қорқытып алмай, еппен барыңдар, жылдам! Үстіне киетін киімдерін ұмтыпаңдар! – деді әмірлі, нық дауыспен.

Өз құлағына өзі сенбеген Таубай орнынан ұмтылып тұра беріп, буынын игере алмай мәңгіріп отырып қалды. «Құлыным-ау! Не дайді, құдай ау! Бір жақсылықты сезіп ем бәсе», - деген бәйбішенің ащы даусы шықты да, талықсып кетті. Үйдің іші ұлар-шу болды да кетті.

Сәлден кейін ес жиған ауылдың еркектері Қарекенің киім-кешегін көтеріп, Сарқыт молданың бастауында өзекке беттеп бара жатты.

***

Таң бозымен Жазотырдың арнасын кенерелей құлдаған қосар атты жолаушы асықпай аяңдатып Шаңбақкөлден біраз ұзаған соң тізгін тартты. Жетегіндегі күрең тұлпар күншығысқа бұрылып, арқырай ұзақ кісінеді... «Бәйбішенің бабымен піскен сүрі қазысының ауылы бұйырса, алыс емес», - деп Садақбай өз-өзіне аса бір разы қалыппен мырс етті.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(1)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар