Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Байтанұлы. Шал Құлекеұлы

19.08.2019 656

Асылбек Байтанұлы. Шал Құлекеұлы

Қазақ әдебиеті тарихының елеулі бір кезеңі, яғни жыраулық дәуірдің соңғы буын өкілі Шал Құлекеұлы.

Сарыарқаның қиыр солтүстігіндегі Есілдің сан тармағын таратқан, аққайыңдар аралы атанатын Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданы құнарлы топырақты, құт дарыған, құйқалы да, қайырлы мекен. Бұл өңірден ежелден дүйім қазаққа әйгілі адамдар көп шыққан. Абылай заманында ұлы ханның ақылшысы, сенімді серігі болған Құлеке мен Құлсары батырлар, қазаққа қара сөзде дес бермеген ақындар мен жазушылар Шал Құлекеұлы, Тоғжан Ендібайұлы (Соқыр Тоғжан атымен әйгілі), Герольд Бельгер, Ғалым Малдыбаев, ғылымның әр саласында жетістікке жеткен ғалымдар Евней Бөкетов, Аманжол Қошанов, Мырзатай Серғалиев т.б. еліне елеулі тұлғалардың атакүлдік мекені. Кеңестік Қазақстан тұсында Сергеев атанған ауданға Шал Құлекеұлының есімі берілгелі де жиырма жылға жуықтап қалған екен.

Шал Құлекеұлы өз заманының әйгілі тұлғасы, Хан Абылайдың алдында ұтқыр сөз, ұтымды жауабымен көзге түскен туа біткен дара өнер иесі. Шал ақынға алғаш тоқталып, туралы, оның ірі ақындық тұлғасына мән берген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Ғалым өзiнiң зерттеу еңбектерінде Шал ақынның талантын жоғары бағалап, ерекше бір құрметпен жазады. Өз мақаласында шығыс елдеріне тән дәстүрлі ақындық өнердің бірден бір атақты өкілі ретінде Шал ақынды атайды. Ақынның ата тегін жаза отырып, оны «Шал жырау» деп атайды

Шал ақынның шығармашылығы кеңес дәуіріне дейін қазақ даласының солтүстік алабындағы қалың елдің арасында аса танымал болса да, ХХ ғасырдың орта тұсында бұл үрдіс бәсеңсігені байқалады. Мұны Шал ақынның әкесі Құлекенің Абылай ханмен жақын жүргендігінен ақын өлеңдерін айтып насихаттаудың артында сұрағы болады деп қорыққандық болса керек. Екінші себеп, «Ұлы Отан соғысы дәуірі» аталған кезеңнен кейін Шал ақын шығармаларын жатқа айтатын құйма құлақтардың азайып кетуі деп білеміз. Шал ақын шығармашылығының қайта кең тыныстап, халқымен мәңгілік қайта қауышуы – көрнекті тарихшы, классик жазушы, әдебиеттаушы ғалым Мұхтар Мағауиннің жанкешті еңбегіне тікелей байланысты.

1964 жылдың күз айында Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданына ҚазМҰУ-дың аспиранты, әдебиеттанушы ғалым Мұхтар Мағауин келіп, Шал ақынның шығармашылығы жайында мәліметтерді жинайды. Ол заманда Шал ақын өлеңдерін білетін үлкендер ел арасында аз болмаған екен. Солардың арасында бірегейі Қошан Жантілеуұлы деген асқақалдан көптеген құнды дүниелерді жазып алады. Бұл турасында жазушының өзі былай деп жазады: «Шал атамызға тиiстi ақсақалдың аузынан шыққан асыл сөз, қымбат мағлұматтарды таңбаға түсiрiп, не керек, қарияны сарқа тауыспасам да, қатемдi түгел тауып, қаншама дерек, өлең жазып алып едiм.»

Мұхтар Мағауиннің түзімі бойынша Асанқайғы, Қазтуған жыраулардан басталатын жыраулар поэзиясы дәуірінің соңғы буын өкілі ретінде әдебиет тарихымен тұтасып, қайта оралды. Ғалым бұда әрі қарай Қазақ хандығы дәуірі әдебиетін зерттеп, жүйелеу барысында «Қобыз сарыны», «Қазақ хандығы дәуірі әдебиеті» т.б. осы кезеңді қамтитын академиялық еңбектерінде Шал ақын шығармашылығы орта, арнаулы орта, жоғары оқу орындарында оқытылатын оқулықтардан берік орын алды.

Қалай болғанда да, қаншама төңкерістер, зұлматты жылдар, рухани сүзгіден өткізу науқаны күшінде тұрған замандардың өзінде Шал Құлекеұлының есімі мен оның түрлі тақырыпта, түрлі көлем мен жанрдағы мұраларын шығармаларын қара орнындағы қалың жұрты, қазақ халқы ұмытпаған екен. Ақын шығармашылығының сақталып, ғылыми айналымға түсуіне Мұхтар Мағауиннен өзге, жергілікті көзі қарақты ақсақал Қошан Жантілеуов, әдебиет зерттеушілер мен журналистер Сәбит Мұқанов, Ғалым Малдыбаев, Хайролла Мұқанов, Сейтен Сауытбеков т.б. тұлғалар өз үлесін қосады.

Өлеңдері мен толғауларының тақырып ауқымы кең, мазмұны әрбір кезеңге сай, әрі қызықты болуы себепті де Шал ақын өлеңдері ұмытылмай, ел жадында сақталып келгені анық. Шал ақын өлеңдері мен толғауларынан оның ақындық биік өресін, тақырыптық кең ауқымын, жанрлық алуандық ерекшеліктерін танимыз. Бірде арғы жырау бабалары сияқты терең ойшылдыққа, психологиялық, философиялық тереңдікке бет бұрса, келесі бір өлеңдерінде шынайы өмірдің суреттерін бейнелеп, азаматтық лирика сарынын аңғартады. Ал енді бір өлеңдерінде қазақы қалжыңға, сөз қағысуға да ерік беріп, бес күндік жалғанның күлкі жәрмеңкесін қыздырады. Шал ақын өлеңдерінің тақырыбы сан алуан және әрқашан халықтың жүрегіне жақындығымен ерекше.

Әдетте, ХІХ ғасырдың басына дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармашылығы көбінесе романтикалық сипатта болып келсе, Шал ақын мұраларының сарыны әрқилы. Олар: қазақтың салт-дәстүрiне, әдет-ғұрпына, дiн тұтынуға, оқу-білімге, тұрмыстық хал-ахуалдарға, адам өмiрiнiң алуан түрлі кезеңдерiне, отбасы, ер мен әйел арасындағы түрлі жағдаяттарға және тағы басқаларға қатысты болып келеді. Суырыпсалма, төкпе ақын аталған Шал Құлекеұлы айтыс өнерінің де көрнекті өкілдері қатарына міндетті түрде жатары сөзсіз.

Шал ақынның өз заманының биік деңгейінде хат танып, білім алған сауатты адам болғандығын оның өлеңдеріндегі: «Мен өзiм талай сөздi хатпен жаздым», «Дария – сия болса, қамыс – қалам, жер жүзi қағаз болса рахаттанам» т.б. сөз қолданыстары айқын аңғартады.

«Асыл пышақ қап түбінде жатпайды» демекші, Шал ақын шығармашылығы соңғы жылдары барынша танымалдыққа ие бола бастады. Қазақ эстрадасының жұлдызы, әйгілі «МузАрт» тобының әншісі Мейрамбек Беспаевтың домбырамен орындауындағы «Шал ақынның термесі» атты қалың жұртшылыққа кеңінен тарады. Шал ақынның шығармашылығы қазіргі тілмен айтқанда трендке айналып келеді.

Қазақ хандығы дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілі Шал Құлекеұлы тұлғасының қалыптасуына оның шыққан тегі, өмір сүрген ортасының әсер-ықпалы да аз болмаса керек. Осы тұрғысында аз-кем тоқтала кетелік. Шал Құлекеұлының шыққан тегі – Орта жүз арғын тайпасының атығай руынан. Нақтылай айтқанда, он екі ата атығайдың бәйімбет табынан. Шал Құлекеұлының туған жері – қазіргі Көкшетау қаласынан солтүстікке қарай отыз шақырым қашықтықта жатқан Азат теміржол бекеті маңы делінеді. Осы жерде 1748 жылы дүние есігін ашқан баласына Құлеке батыр Тілеке деген есім береді. ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысында, яғни «Ақтабан шұбырынды» аталған, Сыбан Рабдан қонтайшының шабуылынан кейін Шу мен Сыр бойындағы қазақтар Ор мен Жайыққа, Арқаға қарай үдере көшеді. Сол көштің қатарында Құлеке, Тілеуке батырлар бастаған атығай рулары Көкшетау маңына келіп жетіп, қазіргі Көкшетаудың солтүстік бетіне, Шағалалы бойына біраз жылдар тұрақтаған екен. Тілекенің анасы үйсін Төле бидің қызы екен.

Құлеке батыр жайлы деректер Ресейдің мұрағат құжаттарында жиі кездеседі. «Құлеке жаудан жаны шайлықпас батыр да, дауда орыс, қазақты таңдантқан орақ тiлдi шешен, байыпты туған саясаткер де болып өткен дарабоз. Ол Абылай ханның жалаңтөс батыры ғана емес, ең сенiмдi елшiсi болып қызмет еткен, өз заманының сауатты да, салауатты озық туған шын мәнiндегi зор қайраткерi». Бұл – Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың сөзі. Кәкімбек Салықов 1998 жылы 25 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Елеулі есімдер ел есінде» атты мақаласында Құлеке батыр туралы былай деп нақтылап жазады: «Құлеке 1742 жылы Орта жүз атынан Россия қол астына қарау туралы ант берушiлердiң бiрi болған. Абылай хан атынан Ресей мемлекетiне елшiлiкке барғаны туралы деректер сақталған. Ресей үкiметiнiң ресми деректерiне қарағанда Орта жүз Атығай руының Бәйiмбет, Құдайбердi тайпалары Есiл бойына қоныс аударады. Бұның iшiнде Құлеке батырдың да ауылы болады. Бұлар келгенде Есiл бойы естектердiң қарауында екен. Естектермен жер үшiн болған соғыста Құлекенiң ағасы Тiлеке батыр қаза табады. Ағасының кегiн алған Құлеке Есiлден естектердi ығыстырады».

Көкшетау мен Есіл бойына мекендеген он екі ата атығай мен сегіз ата қарауыл рулары жас Әбілмансұрды Арқаға келгенде паналатып, жиырма жасында майданда ерлік көрсеткен соң өз елдерін басқаратын сұлтан қылып көтереді. «Атаңа алты қатын алып берген, атығай-қарауылдың баласымын» дейтін атығай Арыстанбайдың Кенесарыға айтатын сөзі осыны меңзейді. Абылайдың ел иесі, қайраткер тұлға болып қалыптасуына атығай мен қарауылдан шыққан Құлеке, Құлсары, Қанай, Жәпек қатарлы билері мен батырлары ерекше үлес қосып, қысылтаяң шақтарда қасынан табылғандығы жайындағы аңыздар мен тарихи деректер астасып жатады. Әкесінің беделі мен қызметі арқасында балалық, жастық шағы Абылай ханның ордасына жуық өтуі – өлең-сөзге құмар Тілеукеге үлкен сабақ болғаны анық. Тіпті Тілеукенің Шал атануы да Абылай ханмен тікелей байланысты.

Ел аузынан жеткен аңыз бойынша, Абылайдың ордасына Құлеке мен баласы Тілеуке хан мініп жүрген атын бір мініс атын өздеріне қайтарып алмақ болып келгенде, Абылай хан сырғыта жауап беріп, әлгі атты қимаса керек. Солай қонып жатқанда Абылай хан төпелеген жауында қалып қойған әлжуаз тоқтыны көтеріп алып, ықтасынға алып кіреді. Сонда жас Тілеуке бала ұрымтал сәтті пайдланып былай деп өлеңдеткен екен:

Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің,

Қойға пана болмайды тал дегенің.

Жалаң аяқ, жалаң бас қой арқалап,

Хан ата, қандай екен мал дегенің?

Сыйлайды ханымыз деп үлкен-кіші,

Біреудің хақын жемес жақсы кісі.

Тақтағы хан, таптағы биді еңкейткен,

Хан ата, қандай екен малдың күші?

Сонда сөздің төркінін түсініп, өзінің қателігін мойындаған Абылай хан Құлекенің атын қайтарып беріп: «Өзің жап-жас болсаң да, шал кісідей таңдайың тақылдаған бала екенсің. Бұдан былай сенің атың Шал болсын!» - деп ықылас білдірген екен. Осылайша, Тілеуке бала тарихта «Шал ақын» атымен қалады. (жалғасы бар)

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар