Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Байтанұлы. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығына шолу

12.03.2019 229

Асылбек Байтанұлы. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығына шолу

Қазақ халқынан шыққан данышпан да талантты тұлғаның бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ол – әйгілі ақын, фольклортанушы ғалым, шежіреші, ойшыл ғұлама, діни қайраткер, елге беделді де ықпалды тұлға.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 1858 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы жерінде дүниеге келген. Ауыл молласынан алғаш сауат ашқан жас Жүсіптің алғырлығы ерте байқалады. Ол он жасынан өлең шығара бастайды.

Он төрт жасынан бастап төрт жыл бойы Бұқара қаласындағы Көкілташ медресесінде білім алған Жүсіп Көпеев Орта Азиядағы араб, парсы тіліне жетік бболып шығады.

Баянауыл өңірінен шыққан қадірлі жандардың бірі Мұса Шорманов – ақын, фольклор жинаушы, ел басқарған көзі ашық кісі болыпты. Мұса Шорманов бірде ел ішінде аты естіле бастаған Жүсіпті шақырып алып, оның өнерін сынайды. Жас Жүсіп ел ағасы Мұса мырзаның алдында өлең оқып, жыр толғап, сұрақтарына жауап беріп, сыннан сүрінбей өтеді. Осыдан кейін ол рухани, қаржылық қолдауға ие болып, игі-жақсылардың санатына қосылады. Жүсіп те Мұса Шорманов бастаған ел-жұрттың сенімін ақтауға бар күш-жігерін салып, білімін, өнерін жетілдіре бастайды.

ҰҚСАС МАҚАЛА: Мәшһүр Жүсіп шығармашылығы жайлы ой-пікірлер

Кейінірек, 1887 жылы 29 жасында Орта Азиядағы ислам әлемінің рухани орталықтары Бұқара, Ташкент, Түркістан қалаларына сапарға шығады. Бұқара қаласында бір жыл бойы оқып, білімін жетілдіреді. Араб, парсы, шағатай, түрки тілдерін тереңдетіп үйренеді. Көптеген ғылыми еңбектерді оқиды. Сол өңірдегі жергілікті өзбек, тәжік халықтарының тілі мен салт-дәстүрін зерттейді. Бұдан соң Түркістан өңірін, Сыр бойын аралап, әр өңірдегі белгілі тұлғалармен пікірлесіп, өнер адамдарымен жолығады. Мәшһүр Жүсіп бұдан кейін де 37, 49 жасында осындай сапарларға шығып, таным көкжиегін кеңейтіп отырған. Бір басындағы телегей теңіз білімі мен өнеріне орай оның есіміне «мәшһүр» деген айқындауыш қосылады. «Мәшһүр» сөзінің мағынасы – араб тілінен аударғанда көпке белгілі, даңқты, аты мәлім, танымал деген ұғымдарды береді. Осыдан соң оны ел-жұрт: «Көп Жүсіптің арасындағы Мәшһүр Жүсіп», - деп ерекшелеп: атын да тура атамай: «Мәшеке», - деп атай бастайды.

Жасымда қойылған ат адам Жүсіп,

Жұрт кеткен сүйгенінен Мәшһүр Жүсіп!

Қолыма қағаз, қалам алған шақта,

Кетемін қара сөзге желдей есіп, -

дегені осыдан болса керек. Мәшһүр Жүсіп осылай, өз ортасынан ақыл-парасаты мен білімі жағынан озық азамат болып қалыптасады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты туындылары 1907 жылы Татарстанның астанасы Қазан қаласындағы ағайынды Құсайыновтардың баспаханасында жарық көреді. Алдыңғы екі кітабы – өлең, жырлар, поэмалар жинағы. Барлығы 16 өлең, 5 поэма, кейінгі кітабы – ұзақ екі мақала. Осы еңбектері елдің назарын аударып, ілтипатына бөленгенімен, патша үкіметінің қырына ілініп, цензуралық сотқа тартылады. Себебі, Мәшһүр өз шығармаларында халықтың саяси сана-сезімін оятуға күш салады. Қазақтың бойындағы жаман мінездерін, қазақ арасындағы феодализмнің керітартпалығын, парақор би-болыстарды, патша үкіметінің астамшыл шенеуніктерін сынайды. Сөйтіп, халықты оянуға шақырады:

Жатқандай тәтті ұйқыда қазақ халқы,

Айырылмай жақсы менен жаман фарқы, -

дегендей өлең жолдары үкімет адамдарының шамына тиеді. Мәшһүрді үкімет билігіне жат элемент ретінде тіркеуге алады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының фольклор жинаушылық еңбегі ересен. Ол ел арасынан «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Ер Көкше», «Нәрік ұлы Шора батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» т.б. батырлық, лиро-эпостық жырларды, көптеген ертегілер, мақал-мәтелдер, ақындар айтысы үлгілерін, өлеңдер мен қиссаларды, дастандарды, шешендік сөздерді, жалпылай айтқанда қазақ ауыз әдебиетінің барлық жанрлары үлгілерін жинайды. Мәшһүрдің келесі бір үлкен еңбегі – Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармашылығын талмай жинап, толықтырып, кейінгі ұрпаққа аманаттап кетуі. Мәшһүр Жүсіп сондай-ақ Ресей империясының ішкі өлкелеріне де сапарлап, ол жақтың да тұрмыс-тіршілігімен танысады. Осы мақсатпен Еділ жағасындағы Төменгі Кама (Нижний Новгород), Қазан қалаларында болады, өлең жазады, ауыз әдебиет нұсқаларын жинайды. Ол жерлер туралы хабар, мақала жазады.

1888 жылдан бастап Мәшһүр Жүсіптің өлеңдері мен ел ішінен жинаған ауыз әдебиетінің үлгілері Омбы қаласының «Дала уәлаяты» газетінде жарық көріп тұрған.

Ұлы Абайдың өзі Мәшһүр Жүсіппен бірнеше рет дидарласып, әрқилы жағдайда, тұтқиылдан берген сұрақтарына сауатты ұрымтал жауап берген білімділігіне риза болғаны туралы деректер айтылады. Сонау 1889 жылдың өзінде Мәшекең Абай шығармашылығына талдау жасаған екен. Яғни, 1889 жылы «Дала уәлаятының газетінде» «Баянтаудан хабар. Абай творчествосы туралы мәлімет» деген мақаласында Абай шығармашылығы туралы өз ойларын білдіреді. «Бұл біздің соңғы пайғамбарымыз» деп Абайға жоғары баға береді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – жұмбағы тылсым құдірет, қасиет иесі. Ол – көріпкел, әулие. Мәшһүрдің мұндай қасиеті туралы көптеген аңызға бергісіз оқиғалар айтылады.

Мәшһүр 1930 жылы көзінің тірісінде өзінің бақилық мекенін салдырады. Екі бөлмелі бейіттінің құрылысын өзі қадағалап, өзі өмірден өткен соң мүрдесін арулап төргі бөлмеге қоюын аманаттайды. Қырық жылға дейін денесі бұзылмайтындығын, тек ақ дәкесін ауыстырып отыру керектігін айтады. Кіреберіс бөлмеге құранын, кітаптарын, ыдыс-аяқтар, ер-тоқым, ат әбзелдері т.б. заттарды қойып қоюын тапсырады. Бұлар – ары-бері өткен жолаушылар пайдаланып кәдесіне жаратып отыратын затттар еді. «1931 жылға дейін балталасаң да өлмеймін, одан соң үлде мен бүлдеге орап қойсаң да қалмаймын. Келесі жылында кісі жерлемек түгілі, өздерің қайда қалар заман туады» деген екен. Айтқанындай, Мәшекең 1931 жылы дүниеден өтіп, келесі жылында қасіретті аштық жылдары басталады.

1952 жылы қызыл биліктің зұлымдық әрекеті кесірінен Мәшһүр Жүсіптің қабірі, үйі қопарылып тасталады. Мәшһүр Жүсіптің шығармашылығы реакцияшыл деп танылып, кеңестік кезеңде толықтай жинақталып, жарық көре қойған жоқ. Тәуелсіздік дәуірінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығын зерттеу, жариялау барынша кең құлаш жайды. Бүгіндері Мәшһүр Жүсіп шығармашылығының 20 томдығы жарық көрді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – қазақ ақыл-ойының бір биігі ретінде туған халқымен бірге жасай бермек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Мәшһүр Жүсіп, оқушылар парағы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар