Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Байтанұлы. Мәдениетке сапар. Ғалым аулында

23.10.2020 662

Асылбек Байтанұлы. Мәдениетке сапар. Ғалым аулында

Есмағамбет Ысмайылов қуғын-сүргін, қудалауды бастан кеше жүріп, қазақ әдебиетінің барлық жанрының даму кезеңдерін жүйелеуге белсене араласып, өзіндік еңбегін сіңіріп, қолтаңбасын қалдырған ғалым. Қазақ әдебиеттануының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алдыңғы толқын қуғын-сүргіннің құрбаны болса, Қажым Жұмалиев, Мұхаметжан Қаратаев т.б. қалыптастырушы буын түгелге жуық қудаланып, ел астанасынан аласталған тұста алаңсыз көңілмен ғылыммен шұғылданудың өзі де оңай болмаса керек. Ғылым бір орнында тұрмауы керек, алға ілгерілеу керек. Ізденімпаз ғалым Есмағамбет Ысмайылов – қазақ әдебиетінің арғы бастауларына ыждаһатпен үңіліп, фольклорды жіктеп, салалаумен қатар, ертегілерді, жүйелеп топтастырып, батырлар жырын топтап құрастырып, оларға теориялық талдау жасаушылардың бірі болғанын көреміз. Бұған ғалымның осы тақырыпта жазған зерттеу мақалалары мен монографиялық еңбектері куә болады. «Әдебиет жайлы ойлар» (1968 ж.), «Жамбыл және халық ақындары» (1996 ж.), «Қазақ әдебиетінің халық поэзиясымен байланысы жайында», (1960 ж.), «Ақын және революция» (Монография, зерттеулер)», (1983 ж.), «Ақындар» (1956 ж.), «Қазақ ертегілері» (1957-1964 ж.), «Жаңа белесте: Сын зерттеу мақалалар жинағы, (1962 ж.) т.б. еңбектері қашанда құнды еңбек болып қала бермек.

Есмағамбет Ысмайылов еңбектері - құнды мұра. Фотосурет ғаламтордан алынды

Есмағамбет Ысмайыловтың ғалым-зерттеушілік тұрғыдағы ең басты еңбегінің бірі деп жоғарыда көрсетілген, 1956 жылы жарық көрген «Ақындар» атты монографиясын атаған болар едік. Бұл еңбекте ғасыр жасаған Жамбыл мен оның замандас, сарындас тұстастары – халық ақындарының шығармашылығы жан-жақты зерттелген. Осы тұрғыдан алғанда, Есмағамбет Ысмайылов – жамбылтанудың негізін қалаған зерттеушілердің бірі болып саналады. Бұл еңбек – қазақ әдебиетінің аса өркенді әрі бағзыдан бері келе жатқан саласы фольклордың авторлық шығармашылықпен астасар тұсы болып саналатын халық ақындары, жыршылары мен шайыр, жыраулары туралы нақты анықтамалар беріліп терең зерттеулер жасалуымен де құнды. Жоғарыда аталған шығармашылық атауларының этимологиясы, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері, ақындық орта, ақындық мектептердің дәстүрі, оның ықпалы, дамуы туралы жан-жақты мағлұматтар беріледі. Сол замандағы талапқа сай, Жамбыл шығармашылығын төңкерісшіл, таптық тұрғыдан қарастыру сипаттары кездеседі демесек, ақынның шығармашылықпен өрілген өміріне талдау жасауды жалпылай алғанда сәтті алып шығады. Сондай-ақ Жамбыл шығармашылығын негізге ала отырып, Есмағамбет Ысмайылов Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса Байжанұлы, Естай Беркімбайұлы, Мәди Бәпиұлы, Нұрпейіс Байғанин, Шашубай Қошқарбайұлы, Иса Байзақов, Кемпірбай Бөгембайұлы т.б. әншілік-сал-серілік сипаттағы халық ақындарының да шығармашылығына да тоқталып, талдау жасап, баға береді. Ақындық өнер және оның қонуы мен жетілуі, суырып салмалық пен синкреттілік, т.б. қазақ ақындарына тән сипаттарға мән береді. Есмағамбет Ысмайылов Иса Байзақов шығармашылығына ерекше тоқтала отырып, оның ғажайып импровизациясынан мысалдар келтіріп, мазмұнды талдаулар жасайды.

Халық ақындары Нартай Бекежанов, Қалқа Жапсарбайұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, пен Қайып Айнабеков, Нұрхан Ахметбеков, Шәкен Отызбаев, Молдахмет Тырбиев тағы басқа ақындарды сөйлете отырып, олар сақтап жеткізген киелі өнер болмысына ден қояды. Белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы Әбділда Тәжібаев «Ақындар» кітабы туралы мынадай пікір айтқан екен: «Халық акындарының өнерлеріне қарай жіктеп бөлуде Әуезовпен қатар Е.Ысмайыловтың да көрсеткен тапқырлығы аз емес. Солардың бір тобын «әнші ақындар» деп атап және олардың талант табиғатын түсіндіруге Есмағамбет еңбегі ерекше қымбат». Бұл да шынайы ілтипатпен берілген зор баға екені даусыз.

Есмағамбет Ысмайыловтың әдебиеттану саласындағы еңбегінің бір парасы – Абай шығармашылығына қатысты екендігін көреміз. Абайдың толық шығармалар жинағын құрастыруға қатысып, редакциясын басқарумен қатар, Абай шығармашылығын талдауға да үлес қосқанын көреміз. Атап айтқанда жазушы Зейін Шашкинмен бірлессіп «Абайдың поэтикасы» деген еңбек жазса, әр жылдары «Абайдын ақындығы туралы», «Абайды зерттеу жөнінде», «Абай», «Абайдың ақындық мектебі», «Қазақ поэзиясының халық поэзиясымен байланысы» еңбектерінде, сондай-ақ «Ақындарда» Абайдың өлеңдері мен қарасөздері туралы өзіндік ой-пікірлерін білдіруі арқылы Абайтану ғылымын дамыту жолында еңбек еткен ғалымдардың қатарынан көрінеді.

"Ақындар" кітабы. Фотосурет ғаламтордан алынды.

Абай шығармашылығына деген кеңестік биліктің, коммунистік танымның көзқарасы өткен ғасырдың 30-50 жылдары өте құбылмалы болғаны белгілі. Қазақтың бас ақыны, ойшыл ғұламасы мүлде мансұқталуға дейін жеткен кезеңдер болыпты. Міне, осындай тұрақсыздыққа итермелейтін идеологиядан болып, Абай туындылары жайында осы дәуірде сөз етіп, талдау жасағандардың көбінің сыңаржақтыққа ұрынып жататыны белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда, Айқын Нұрқатов пен Есмағамбет Ысмайыловтардың барынша шынайы түрде баға беріп, талдау жасағанын көреміз: «Ұлы ақынның поэзиясы айқын да ашық образдарға бай. Абай өлеңдерін оқығанда аттары аталмаса да, талай-талай жандардың кескін-кейіптерін, адам бейнелерін анық көріп, танып біліп отырамыз. Оның шығармаларында жекелеген типтер емес, заманның сипатын танытатын типтер бар, ұмытылмас образдар бар», - дей отырып, Есмағамбет Ысмайылов Абайдың ақындық шеберлігі – оның формализмнен ада, шыншыл, тұнық мөлдір, айқын болуында жатыр деген ой айтады. Абай поэзиясына музыкалық үйлесім, әуезділік тән және мұның бәрі қуатты ақындық шабыттың жемісі әрі анық белгісі екендігін баса атап көрсетеді.

Сондай-ақ осы өзгермелі, алмағайып кезеңде Есмағамбет Ысмайылов Абайдың ақындық мектебі мәселесіне де жіті назар аударып, олардың ішінде тікелей шәкірттері болып саналатын ақындардың аттарын атайды. Олардың қатарында Әріп Тәңірбергенов, Нарманбет Орманбетұлы, Әрхам Ысқақов, Турағұл Абайұлы қатарлы, көптеген абайтанушылар өз тұсында айтуға жүрексініп қалған есімдер бар еді.

Есмағамбет Ысмайылов әдебиеттің аса күрделі жанры сын саласында да жемісті еңбек еткенін көреміз. «Сын болсын, сын болса шын болсын!» - дейтін қағидатқа негізделген бұл жанрда Есмағамбет Ысмайылов қызмет еткен замандағы қатерлілігі тым күрделілігі осында, шығарманың көркемдік ерекшелігі, образдар жүйесі т.б. талдаудың өзі әбден саясиланып, әрбір сөздің астарынан жат пиғылдың ұшығын шығаруға тырысқан заман болғанын сезінеміз. Қия басып, қылдан тайдың – бітті. Үкім қатты болса, өмірмен қош айтысуың немесе сәл жұмсақтау түссе, ұзақ жылдар бойы қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеден түрме кезіп кету әбден мүмкін болатын. Есмағамбет Ысмайылов осы жолды таңдай отырып, өз ұстанымдарынан айнымайды. Ақын, зерттеуші ғалымның мына бір пікірін келтірелік: «Әдебиет салаларының ішінде сын ең қиын жанр екені жұртшылыққа мәлім. Бірақ қиын болса да, қиып тастағың келмейді. Егер адам әдебиетті жан-тәнімен сүйсе, ол бұл қиын жанрдың ыстық-суығына да бірдей көнуге тиіс». Қазіргі сыншылар әлдекімнің кітабын сынар болса, өзіне қарсы әлеуметтік желі арқылы жасалатын шабуылдардан немесе кейбір ауыр есіктерден білдірілетін сестерден сескеніп, қорғалақтап жүрер болса, Есағаңдардың заманы – мылтықтың қарауылына ілінетін, немесе партбилеттен айырылып, статья бойынша ондаған жылды арқалап, аласталатын заман еді. Бірақ ардың ісін жоғары қойған азаматтың көп жағдайларда бұқпантайлап қалуға болатын жерде, олай жасай алмағанын бағамдағандаймыз. Ғалымның осы бір турашыл да, білімді тұлғасы жайында майдангер жазушы Дихан Әбілев мынадай баға беріпті: «Есмағамбет бет-беделге қарамайтын, туралықты батыл айтатын, әдебиетіміздің бір күнгі жайын емес, келешек жылдарының қамын ойлайтын ой иесі, толғанысты сыншы-ғалым еді... Ол бізге көркем әдебиет тарихының том-том энциклопедиясы болып көрінетін».

Есмағамбет Ысмайылов атындағы мектепте. Фотосурет автордыкі

Есмағамбет Ысмайылов Ұлы Отан соғысы жылдарында өндіре еңбек етті деуге болады. Көптеген қаламгерлер майданған аттанған кезде, тылда қалған бір шоғыр ақын-жазушы, журналистер мен ғалым зерттеушілерге жүктелер міндеттің ауыр болғаны сөзсіз. Майдандағы қаламгерлерден Алматыға хаттар үздіксіз келіп жататын болған. Олардың бірсыпырасы Есмағамбет Ысмайыловқа жолданып жатқан. Солардың бірі – Есмағамбет Ысмайыловтың жерлес бауыры, Кеңес Одағының батыры, майдангер ғалым Мәлік Ғабдуллин. ҚР Ұлттық мұрағатынан алынған, Мәлік Ғабдуллин музейі қорындағы деректер бойынша Есмағамбет Ысмайылов пен Мәлік Ғабдуллиннің өзара жазысқан бірсыпыра хаттары бар. Кейбір хаттар төте жазумен жазылған. Кейбір хаттары орысша. Мәлік Ғабдуллин өз хаттарын әрдайым «Есет!» - деп бастайды. 1943 жылы 7 маусымда жазған бір хатында Мәлік Ғабдуллин былай деп жазады: «Қымбатты бауырым Есет! Март айының 14-інде салған хатыңды кеше алдым. Аманшылыққа қуаныштымын. Менде аман сау бір орында жүріп жатқан ғана жай бар. Ұмытпай тұрғанда айтайыншы, осы маған тағылған ақын деген лауазымнан арылтыңдаршы. Абайдың нағашысы атты дейтін мынадай бір әңгіме бар ғой: «Өлмей, өлмей қожа-молдалардан да ұят болды», - деп. Сол сияқты кейбіреулер мені ақын деп ардақтайтын сияқты. Өтірік айтудың не керегі бар, мен ақын емеспін. Сенің бір сөзің әлі есімде: «Жас кезінде өлең жазбаған қазақ жоқ» деп. Бұл дұрыс айтылған сөз. Ерте кезде бұдан 10-13 жыл бұрын мен шатпақтап өлең жазбақ болғаным рас, бірақ олар өлең емес, Әлішердің сөзімен айтқанда қотыр-қатыр тай еді. Одан соң мен өлең жазбақ түгілі оны оқыған да жоқ емеспін. Олай болса, «баяғыда қазан түбінде қаспақ қалып еді» деп соны қыра берудің не керегі бар. Осы жайлы сен білгіштерге айтарсың. Мен жайында жазып жатқан пендеде барын естудемін. Көбіне сенімім жоқ, құр мақтау болып кеткен деп ойлаймын. Адалдық, шындық бар, болған жайды дұрыс көрсетіп бере алса жақсы ғой. Жоқтан бар етем деп фантазия жазған әрі өзіңе, әрі басқаға да ұят. Әңгіменің сол жағына бас-көз болғаның жақсы...», - деп, ішкіліктесе, жақын сырласқан досы ретінде өтініш білдіреді. Мәлік Ғабдуллиннің өз хатында мені ақын деп атаудың қажеті жоқ, тылдағы ақын-жазушылардың мен туралы жазғанда тым фантазияға беріліп кетпесін, сол жағына бас-көз бол деп жазуының өзі қарапайымдылықтың белгісі ғой. Есмағамбет Ысмайыловтың да, Мәлік Ғабдуллиннің де жас кезінде өлең жазумен шұғылданғанын білеміз. Есағаңның бұл жөніндегі позициясы белгілі. Мәлік Ғабдуллин де өлеңшілікті өзінің ақындықпен жазылған дүниелер деп санамайтыны осы хатта айқын көрініс тапқан. Есмағамбет Ысмайыловтың шағын да болса, үш бірдей өлең жинағы шықса, Мәлік Ғабдуллиннің де бірсыпыра өлеңдері бар екендігі және түрлі ресми, бейресми жиындарда, емтихан қабылдау кезінде, бос уақыт шыққанда эпиграммалар, әзіл-сықақ өлеңдер жазып қалдырып отырғаны белгілі. Расымен де бұл ірі тұлғалар өлең өлкесіне өздерін іштей жат санамағанымен, ақын ретінде танылуды көздемеген.

«Есет!» - деп басталған, 1944-жылы 18-сәуірде жазған хатында хатында Мәлік Ғабдуллин былай дейді: – Сенен хат-хабар болмағалы қашан. Көп уақыт болып барады. Өткен кезде саған арнап жолдастық әзіл жөнімен бір қалжың хат жазып жіберген едім, әлде соған өкпелеп жүрсің бе? Болмаса оқымыстылардың ұмытшақ әдетіне салып кеткенің бе? Әйтеуір үндемей жату адамды таң-тамаша етеді... Мен аман-сауын. Айта қаларлық жаңалығым жоқ. Хал қайыр, жұмыс орынша жүріп жатқан жай бар...», Мәлік Ғабдуллин соғыс жылдарында қазақ қаламгерлерінің жазып жатқан туындылары туралы ой өрбітіп, пікір білдіреді. Аталған шығармалардың көркемдік, мазмұндық ерекшеліктерін сараптайтын адам ретінде оған үлкен сенім білдіреді. Есмағамбет Ысмайыловтың еңбегі бағаланып «Құрмет белгісі» орденімен сыйлануына байланысты, Мәлік бауыры оған мынадай мазмұндағы құттықтау хат жолдаған екен: «Есет! Быйылғы жыл тамаша ғажап, ерекше ерлік жасалған, қуаныш пен шаттыққа бөленген жылымыз болды. Соғыс бітті; қас жау жеңілді, қос тізесі бүгілді, қара қаны төгілді, көтіне көсеу тығылды. Жауды қыйрата талқандап, Жеңіс туын желбірете көтердік. Жеңістің қырмызы қызыл туы күн шұғыласына бөленіп Совет халқына Жеңістің, қуаныштың нұрын шашуда. Осындай қуанышты жайда алған награда да, істелген еңбек те тарихтан ерекше орын, мән-мәртебесін алмақ. Бұл кезде, халқың үшін жасалған азды-көпті ғылыми еңбегің аса жоғары бағаланып, өкіметтен мәртебелі награда алғаныңды адал көңіл туысқандық жүректен құттықтап қайырлы болсын айтам. Мүбәрәк қолыңды қысып, төске төс тидіре құшақтап бетіңнен сүйдім. Алдағы күнде де бахытты, абырой атақты бола беруіңе шын тілектеспін. Амандықпен көріскенше қош сау бол. Туысқандық сәлеммен Мәлік. 28 маусым, 1945 ж.» (Хатты төте жазудан кириллшеге түсіру барысында, ондағы сол заманға тән тілдік қолданыс қаз-қалпында сақталған болатын).

Социалистік реализмнің ең бір шарықтау шегіне жеткен шағында, әдебиетті зерттеу мен әдебиет сынының басты бағыты – әдебиеттегі ұлтшылдықты әшкерелеп, жазалау болғанын көреміз. «Қазақ ССР Ғылым Академиясынын тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» 1947 жылғы әйгілі қаулысының нысанасына әдебиеттегі сын алынып, ондағы жіберілген «кемшіліктер» атап көрсетіліп, оған жол берген кінәлі ретінде, аталған институттың директоры, сыншы ғалым Есмағамбет Ысмайылов деп танылады. Партиядан шығарылғанымен қоймай, кейінірек тұтқынға алынады. Ұлы Отан соғысының бастапқы тұсында шығармашылығы дәріптеліп, майдан даласындағы жауынгерлердің рухын көтеруге септігін тигізеді деп есептелген Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Батабайұлы, Нарманбет Орманбетұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сияқты ақындар тап жаулары ретінде көрсетіліп, оларды мадақтағандар, еңбектеріне енгізгенде жазаланады. Тіпті Абайдың өзі «буржуазияшыл ақын» делініп, төрт жүзден астам үлкенді-кішілі эпостық жырлардан «Қара қасқа атты Қамбардан» өзге ешбірі қалдырылмай, тегіс аласталуға айналған заман еді. Бірақ мұртты көсем Иосиф Сталин дүниеден өткен соң «жылымық» әкелген Н.С.Хрущев заманында қаһарлы жылдардың еріксіз қалтыратқан ызғарлы лебі біртіндеп болса да бәсеңдей бастайды. 1963 жылы күзде Есмағамбет Ысмайылов «Ақын және революция» атты еңбегін жазады. Мұнда таяу жылдарда ақталған қаламгерлердің бірі Сәкен Сейфуллиннің туындыларына мазмұндық, формалық тұрғыда баға беріледі. Ғалымның қаламынан туған барлық еңбек бірдей құндылыққа ие болуы, әрине, мүмкін емес те болар. Дәуірдің көлеңкесі түскен, белгілі бір ықпал-қысыммен жазылған дүниелер болуын да ешкім жоққа шығармас. «... Еңбек өлмейді, соны өзінін өмір өзегіне айналдырған, талай белеңді белестерден іркілмей өтіп, әр кырка мен жотаға өзінің ен-таңбасын айнытпай сокқан Е.Ысмайыловтың қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаушылардың бірі болып, рухани жасай беруі әбден заңды», - деп ғалым Т.Әбдірахманова атап көрсеткеніндей, ел үшін, сол елдің ғылымы үшін жасалған еңбек өлмейтіндігі анық.

Есмағамбет Ысмайыловтың «Ақын және революция» атты монографиялық еңбегі Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығына арналған зерттеу еңбектерінің ішіндегі сүбелісі екендігін Сәкен шығармашылығына зер салып жүрген кейінгі зертетушілер лайықты апат өтеді. Жалпы алғанда, сегіз қырлы шығармашыл тұлға Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, қалың оқырманға танытуда белгілі әдебиеттанушы ғалымдар Тұрсынбек Кәкішұлы, Серік Қирабаевтардың еңбегі зор екенін білеміз. Есмағамбет Ысмайыловтың аталған туындысы да сәкентанудағы үлкен белестің бірі екені даусыз.

Бүгіндері сирек кітаптардың қатарындағы, 1958 жылы жарық көрген, көлемді академиялық жинақ – «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі». Осы бір ұжымдық еңбекті мектепте оқып жүргенде әдебиет пәні бойынша баяндамалар, мақалалар жазуға пайдаланатынбыз. Қазақ совет әдебиетінің негізін салған ақындар мен жазушылардың суреті қоса берілген бұл қалың кітаптағы әр қаламгердің шығармашылығына талдау жасаған авторлар берілген. Мұнда Есмағамбет Ысмайыловтың аты-жөні аз кездеспейтіндігіне қарап, аталған еңбекті құрастыруға осы бір жанкешті ғалымның қаншалықты тер төккенін болжау қиын емес.

Есмағамбет Самұратұлы Ысмайыловтың қазақ әдебиеті мен тарихына сіңірген еңбегін бір мақаланың ауқымында түгелдей тізіп айту мүмкін де емес, әрі біз де ол мақсатты алға қойған жоқпыз. Ғалымның туған елінде болып, көзін көрген адамдармен әңгімелесіп, кітаптарын, жазбаларын көріп, жан жары Шәйза ана екеуі тұтынған заттарды тамашалау арқылы туындаған, «ғылымның еңбекторысы» деп академик Мұхтар Әуезов осы бір тұлғаның өмірі мен шығармашылылығын оқырман санасында жаңғыртып өтуді мақсат еттік. Ақын Әбділда Тәжібаевтың мына бір айтқан сөзі Есағаң тұлғасын анық танытып тұрғаны сөзсіз. «Елін сүймей, ер-азаматын сүймей, ол елдің өнерін, өнерпаздарын сүю оңай емес. Ондай адам жасы үлкен жақсыға айнымас іні, жасы кіші жақсыға айнымас аға, солардың бәріне қамқор, бәріне пана. Есмағамбет дәл сондай еді».

Көрнекті ғалым, елін сүйген еңбекқор азамат Есмағамбет Самұратұлы Ысмайылов 1966 жылдың 29 қарашасында дүниеден озыпты. 2021 жылы Есағаңның дүниеге келгеніне 110, өмірден өткеніне 55 жыл толады екен. Қазақ тілі, сол тілде сөйлейтін халықтың әдебиеті, сол әдебиеттің теориясы мен сыны, тарихын оқыту, зерттеу үдерісі барда, осы тіл мен әдебиеттің, ғылымның дамуына үлес қосқан ғалым, қайраткер Есмағамбет Ысмайылов есімі де халқымен бірге жасай берері сөзсіз. Мәдениеттен батысқа қарай, тау айналып, Күміскөлді жиектей күнбатысқа тартсаңыз Хан Абылайдың Қызылағашына, Уәли хан жерленген Қарақалпақ бауының етегіне жетесіз. Одан әрі қол созымда облыс орталығы – Көкшетау. Ауылдың түстігіне бағыт алсаңыз «Үш жүзді әуелетіп әнмен қырған» Біржан сал басында тұрып ән салған Көкшоқыға шығып, баурында мөлдірей толқыған Жөкей көлінің сұлу айдынына көз саласыз. «Бурабай – Арқа аралы, жер еркесі, Ертеде қоныс болған Абылайға», - деп Мағжанның жырын іштей күбірлейсіз. Ойыңызға Сәкеннің «Көкшетау» поэмасындағы: «Іс қылған адамының денесі ірік, Жігерлі, ер көңілді, еті тірік. Ақын да, палуан да, әнші де көп, Дей алмас көрген адам мұны өтірік», - дейтін жыр жолдары оралады. Иә, Көкшетаудың баурында өскен жұрттан ақын да, палуан да, әнші де көп шыққан. Қазір де жоқ емес, ғылым, білім, өнер, руханиятқа олжа салар азаматтар жетерлік. Есмағамбет Ысмайыловтай еңбекқор тұлға өмірге келген ғажап өлкеден қазақ ғылымының туын биік ұстар әлі де талай аймаңдай ұл-қыздар туып шығары сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар