Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Халық ақыны Молдахмет Тырбиев

14.01.2021 1370

Халық ақыны Молдахмет Тырбиев

Есіл-Көкше атырабы – дүйім қазаққа аты мәлім көптеген талантты тұлғалар туып шыққан өнері өрісті, келбеті келісті өлке. Қазақтың бағзыдан бері келе жатқан сал-серілік дәстүрін ХІХ ғасырда барынша айқын бояуымен түрлендіре жалғастырған Сегіз сері, Нияз сері, Шәкей сал, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ т.б. әнші ақындар осынау жасыл жазира аймақта дүниеге келіп, шығармашылық ғұмыр сүрген өнер иелері. Қазақ музыкасы мен әдебиетінде, жалпы эстетикалық дүниетанымында үлкен орны бар сал-серілердің көбісі-ақ өзі өмір сүрген дәуірде қалың жұртшылықтың шынайы қошеметіне бөленумен қатар, соңынан өнерге талабы бар шәкірттерін ертіп, оларға рухани мұрасын аманаттап қалдырып отырды. Өз кезегінде шәкірттері де Арқаның ән шырқау дәстүрін заманға сай түрлендіріп, жаңғыртып жалғастырып, кәсіби музыкалық дәуірге жеткізді. Сондықтан да қиын-қыстау кезеңде өмір сүрген осы бір аралық буын өкілдерінің еңбегі ескерусіз қалмауы тиіс деп білеміз.

Қиын-қыстау деген себебіміз: ХХ ғасырдың басынан басталған жаһандық соғыстар, төңкерістер, қым-қуыт саяси қуғын-сүргіндер, аштық пен зұлматтар ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан руханият әлемін аяусыз тонап, жұтаңдандырып үлгергені белгілі. Ұлттық өнер мен мәдениеттің қаншама төлтума түрлері мен туындылары жойылып кетті, оны қазір есептеу қиын. Ұлттық руханият үлгілерін ғасырдан ғасырға аманаттап жеткізуші бірегей әулеттер мен жеке тұлғалардың жалғаспай қалан ғұмырымен бірге кеткен дүниелер қаншама. Әрине, бүгінгі күн үшін – барға қанағат, жоққа салауат.

Сал-серілердің шығармашылық дәстүрін сақтай отырып, кеңестік дәуірге жеткізушілер – ұлттық әдебиеттану тарихында «халық ақындары» деп аталды. Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғаниндер бастаған халық ақындары шоғырында Қалия Жұбандықұлы, Әміре Сұлтанмұратұлы, Шәкен Отызбаев, Игібай Әлібаев, Молдахмет Тырбиев қатарлы Есіл-Көкше өңірінен туып шыққан сал-серілердің мұрагерлері де бар.

Біздің мақаламызға халық ақындары тобына жататын сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі Молдахмет Тырбиевтің өмір жолы мен шығармашылығы арқау болып отыр. Молдахмет Тырбиев – суырыпсалма айтыскер ақын, арқалы әнші, Арқа сал-серілерінің, әсіресе, Үкілі Ыбырайдың шығармашылық мұраларын сақтап, жеткізуші. Халық ақыны Молдахмет Тырбиев 1881 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданы аумағындағы Тулақ ауылында дүниеге келеді. Бұл ауыл кеңестік дәуірде «Қызылту» кеңшары, «Еңбек» ауылы деп аталған екен. Молдахмет Тырбиев – арғын қарауыл руының есенбай қожым тармағынан тарайды. Молдахмет ақын – әйгілі әнші-ақын Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының туған жиені, әрі шәкірті. Сонымен қатар ол – қазақтың көрнекті ақыны Кәкімбек Салықовтың әкесімен немере туысқан, әрі Кәкімбек ақынды жастайынан шығармашылық жолына баулып, өнерге бағыттаушы ұстазы. Молдахмет Тырбиев жөнінде Уикипедияда мынадай мәліметтер жазылған: «...Молдахмет Тырбиевтің шәкірті – Кәкімбек Салықов, ол да Солтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Сергеев ауданы Еңбек ауылының тумасы. Ақын ретінде танылуына өнердегі ұстазы, ақын Молдахмет Тырбиев көп еңбек сіңірген. Үкілі Ыбырайдың шәкірті болған Молдахмет атасының жанында жүріп, ән-күйге сусындап өскен Кәкімбек Салықов домбыра тартуды да сол кісіден үйренген екен».

Иә, бұл арада расымен де арыдан келе жатқан тамаша дәстүр жалғастығын көреміз. Осы орайда айта кетерлігі, Молдахмет Тырбиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы деректерді ақпарат әлеміне қалдырудағы негізгі еңбектің иесі Кәкімбек Салықов былай деп жазады: «Молдекең молда да, болыс та болған әйгілі ақын, суырып салма айтыскер һәм үздік әнші, тамаша домбырашы. Өлең үйретудегі тәсілі: әу дегеннен бәрімізге өлеңнің сөзін жаздырады, содан соң өзі әдемілеп тұрып үш рет айтып береді. Ал, әрі қарай кәдуілгі конкурс өткізетін профессор сияқты бәрімізді тыңдайтын, ең жақсы айтқанымызды алып қалып, оңаша үйрететін.» Демек, кешегі өнер адамдарына қатысты «әншілік мектеп», «күйшілік мектеп» деп айтылып жататындығы бекер емес.

Молдахмет ақынның өмір тарихына қатысты бір ескерерлігі әкесі Тырбидың әу бастағы азан шақырып қойған есімі Төребек екен. Бірде Сырымбет пен Жалғызтау өңірін ен жайлаған Шыңғыс төре Уәли хан баласы шөп шауып жатқан Төребекті ұшыратып қалады. Не болғанын кім білсін, төре: «Тырбиып шөп шауып тұрған саған төрелердің бегі – Төребек болу қайда! Сенің атың бұдан былай Төребек емес, Тырби болсын!» - деп Төребекке астам мінез көрсеткен екен. Міне, осыдан кейін Төребектің әуелгі есімі ұмытылып, Тырбиға айналыпты. Қазақ арасында адамның есіміне қатысты ат қойып айдар тағу үрдісі ХІХ ғасыр тарихында біршама баршылық қой.

Шаруақор Төребек-Тырбидың жеткіншегі Молдахмет жастайынан-ақ өнерге бейім болып, нағашысы Үкілі Ыбырайдың жанына ереді. Нағашысының аузынан шыққан әр сөзді қалт жібермей, өлеңдерін ойына тоқиды. Шырқаған әндерін құйма құлақ, сергек зердемен көкейіне түйіп, нақышымен орындап өседі. Осы ретте Молдахмет ақынның ұстазы Үкілі Ыбырайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты аз-кем тоқталып өту дұрыс болар.

Құс салып айдын көлде дабыл қақтым,

Ән салып талай жердің дәмін таттым.

Айта алмай «Гәккуімді» ешбір пенде,

«Гәккуді» қайтқан қаздай мамырлаттым, -

деп асқақтата шырқаған тамаша әндері Арқадан шалқи, сонау Алтайдың арғы бетіне дейін жетіп жатқан Үкілі Ыбырай Сандыбайұлын Көкше өңіріндегі ат мәшһүр сал-серілердің ішінде пешенесіне кеңес дәуіріне дейін ғұмыр сүру бұйырған соңғы тұяғы десек те болады. Сәкен Сейфуллин 1927 жылы Көкшетауға келген сапарында Үкілі Ыбыраймен Бурабайда арнайы кездесіп, әнін тыңдағанда: «Япырай, мұндай да биік, көркем дауыс болады екен! - деп таңданып, құшақтап бетінен сүйген екен. Сол сапардың әсер-нәтижесінде жазылған әйгілі «Көкшетау» поэмасында Сәкен ақын сал-серілер өнеріне берген ризашылық бағасын мына шумаққа сыйғызыпты:

Туса егер өнерлі елдің бақтарында,

Білім алып жүрсе де баптарында,

Біржан сал, Ақан сері, Ыбырайлар,

Алмас ед Шаляпинді қапталына.

Иә, әнші-ақындардың өнері соншалықты талғам биігінде болмаса, халық күні бүгінге дейін ұмытпай қастерлеп келе жатпған болар еді. Біржан, Ақандардың дәстүрін жалғастырған Үкілі Ыбырай Патшалық Ресейден кейінгі Кеңес дәуірін көрді. Қызыл билік үстемдік құрған заманның бір мүшелден артық уақытын елімен бірге көрген Үкілі Ыбырайдың да өзге кейбір әнші-жыршылар сияқты жаңа дәуірдің жырын нұсқаған жолдан таймай жырлап, мадақ-марапатқа меймілдеп өтуіне мүмкіндігі болған шығар. Ақындар мен әншілердің қазақ қоғамындағы ықпал-әсерін қалт еткізбей қапысыз сезіне білген коммунистер оларды өз идеологиясын насихаттауға мәжбүрлі, мәжбүрсіз пайдаланғаны, турасын айтқанда жеккені белгілі. Бұл жағдай – көптеген халық ақындарының Қазан төңкерісінен кейінгі шығармашылық мұрасынан ап-анық аңғарылады. Үкілі Ыбырай шығармашылығында да «Советке», «Ленинге», «Ленин бабам» қатарлы біраз өлеңнің болуы – сөзіміздің дәлелі. Өлеңдерінің мазмұны мен идеясына ой жүгірткенде Ыбырай Сандыбайұлының да кеңес үкіметіне алғашында зор сенім артқаны байқалады. Дегенмен ел ішінде жүргізген таптық сипаттағы саяси науқандар, оларды атқарушы шолақ белсенділердің жойдасыз әрекеттері жыл өткен сайын асқына түседі. Әділетсүйгіш, турашыл ақынның қызыл үкімет саясатына байланысты іс-әрекеттерді сынаған ащы мысқыл өлеңдері ГПУ-дің құлағына жетеді.

Айналайын советім,

Өлімге тартты тәбетің.

«Аша тұяқ қалдырмай»,

Асқынды масыл ғадетің.

Зобалаң келді тонаған,

Сыпырдың малды қорадан.

Сол үшін «мақтап» өзіңді,

Өлеңім қардай бораған...

Әрине, бұл «мақтау» қызыл үкіметке қайдан жақсын. Дабысы жеткен жердің қазағы Үкілі деп әспеттеген, жасы жетпістен асқан қарт ақын қоғамға қатерлі халық жауы ретінде ұсталып, көз көрмес, құлақ естімеске мәңгілік айдалып кете барады. Арқаның ардагері Үкілі Ыбырай осылайша қартайған шағында ұсталып арманда кеткенімен, оның шығармашылығына ие Молдахмет Тырбиев бастаған мұрагерлері қалды. Расымен де Үкілі Ыбырай шығармашылығын бар бояу-нәрімен сақтап, болашаққа аманаттап жеткізушілердің бірегейі – Молдахмет Тырбиев екендігі басы ашық ақиқат. Бұл жөнінде ҚР Халық жазушысы Кәкімбек Салықов былай деп жазады: «...Молдекеңді елдің жас-кәрісі «Бота» дейтін. Міне, Ыбырайтану әлеміне бізге сабақ болған осы Молдекең деп білемін. Ол кісі есік пен терезені жапқызып тастап, қасындағы шәкірттері Мұса Асайынов, Тұрсынбай Кәкімов, Кеңес Қожахметовтерге және өз баласы Сүният пен маған Үкілі Ыбырай жайлы толық мағлұматты айтып, өлеңдерін үйрететін. Бұл жылдар Ыбекеңнің есімі аталмайтын қатал жылдар еді ғой». Молдекеңдей сақтаушысы, жоқтаушысы болмаса, Үкілі Ыбырай шығармашылығы кейінгі буынға толықтай жетер-жетпесі неғайбыл да еді. Кәкімбек Салықовтың құрастыруымен 2005 жылы «Фолиант» баспасында жарық көрген «Гәкку» атты жинақта Үкілі Ыбырайдың «Гәкку», «Қараторғай», «Аңшының әні», «Желдірме», «Шалқыма», «Толқын», «Ақан серіге» қатарлы негізгі әндері мен біршама өлеңдері Молдахмет Тырбиевтің айтып жаздыруында жеткені туралы мәлімет бар. Демек, Молдекеңнің ең басты еңбегі – Үкілі Ыбырай туындыларын халқымен мәңгілік қауыштыруы деп білеміз.

Молдахмет Тырбиев – Үкілі Ыбырай әндерін орындаушы әншілігімен қатар, өзі жанынан өлеңдер мен әндер шығарған талант иесі болған. Молдахмет Тырбиевтің «Жеңіс», «Терме» әндері кезінде халық арасына кең тараған. Молдахмет ақынның «Бақытқа халқым кенелген», «Абай», «Аманат» қатарлы өлеңдерінен ақынның екпінді суырыпсалмалылық қарымы, жыршы-термешілік әлеуеті сезіледі. Сонымен қатар ақынның шығармашылық жолына қатысты айтылған шумақтар да бар. Мысалы, «Аманат» атты өлеңінде:

Ән салсам тыңдап тұрған барлық халқым,

Жақсы сөз келтірмей ме сөздің парқын.

Алпыс бесте ән салып, еңбек еттім,

Молдахмет елге аян – ақын қартың.

Шығарған бұл өлеңді кім десеңіз:

Тырбиев Молдахмет – менің атым, -

дейді. Молдахмет ақынның қолда бар өлеңдері кәдімгі қара өлең үлгісінде немесе дидактикалық төкпе толғау түрінде екендігін көреміз. «Абай» атты өлеңінде қазақтың бас ақынын былайша жырлайды:

Қазақтың күміс келер дариясы,

Жыр сөзің – алтын, ақық, гауһар тасы.

Данышпан, ой иесі, жыр бұлағы,

Туар-ақ сендей болып ел данасы.

Молдахмет ақынның «Бақытқа халқым кенелген» атты көлемдірек толғау жыры жоғарыда атап өткеніміздей, төкпе ақылмандық сарында шығарылған екен:

Домбыра тисе қолыма,

Тасыған көңіл – көл болар.

Аузымнан шыққан сөз бейне –

Тасқындаған сел болар.

Толғау десем ағылып,

Қызыл тілім жорғалар.

Ақынның толғау өлеңінде құйылып түскен қазақы бояулы сәтті теңеулер, көңілге қанық суреттелген қызу динамика бар.

Бұлтыңдашы қызыл тіл,

Дауылда соққан құйындай.

Қалаулы бол халқыңа,

Ерлік істеп, сұйылмай.

Ойнақ салшы он саусақ,

Байланбаған құлындай.

Бүлкілдесін көмекей,

Есілдің ерке суындай...

Молдахмет Тырбиев өнерінің бір саласы – айтыс. Есіл-Көкшенің айналасындағы Қалия, Шәкен ақындармен қатар, республикалық деңгейдегі айтыстарға да қатысып жүрген екен. Ол замандағы айтыс ақындарының ең жасы елуді еңсерген, көбісі-ақ алпыс-жетпісте болғанын ескерсек, мұны өнердің жаспен өлшенбейтіндігінің белгісі десек болар. Молдахмет Тырбиев бірде «Торғайдың топжарғаны» Нұрхан Ахметбековпен айтысқан екен. Бір қайырымда Молдахмет ақын былай деп жырлайды:

Сарыарқадай белің бар ма?

Ақандайын серің бар ма?

Құлагердей керің бар ма?

Көкшетаудай жерің бар ма?

Сонда Нұрқан ақын кезек ала отырып, қарсыласын ықтыру үшін тойтарма шабуылға шығады. Сол тұстағы Көкшетаудың егін жинаудағы кемшілігін бетке баса, Молдахмет ақынға қатата былай деп жырлаған екен:

Көтерсем, қос айғаймен Қостанайды,

Қандай жан рас сөзімді қостамайды.

Әдеті Қостанайдың сіздер емес,

Егінін қарға былғап тастамайды.

Қарсыласының бұл ықтыруынан айылын жия қоймаған Молдахмет ақын да қарсы шабуылға шығып, Қостанай өңірінің өзінде көзге түсіп қалған кемшілікті алдыға тартады:

Нұрханым, мақтан етпе құмдарыңды,

Құс қонбас құба жонды шыңдарыңды.

Екі етек егініңнен бидай алмай,

Жібердің желге ұшырып қырманыңды.

Ол заманда кеңшар мен кеңшар, аудан мен аудан, облыс пен облыс өзара еңбек бәсекесіне түсумен қатар, сол атқарған жұмыстарының нәтижесі мен кемшіліктері болса, оларды да қалың жұртшылықтың алдындағы ақындар айтысында тілге тиек ететін болған. Және мұның әсер, ықпалы да өз тұсында қазіргі әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелер тәрізді зор болып, уақытында тиісті шаралар қолданылып отырған.

Молдахмет Тырбиев өлеңдеріндегі сөз қолданыстардың шымырлығына қатысты мына бір ойды өрбітуге болады. «Молдекең тіл ұстартудың майталман маманы еді. Алыс жолда арбамен келе жатқанда әрқайсымызға тапсырма береді, сонда айтқан тақырыбында не өлеңмен, не қара сөзбен есеп беретінбіз. Ол кісі қазақ тілінің синонимдеріне жүйріктігін ерекше танытты. Бірде сұлудың ажары, келбеті, кескіні, әлпеті, көркі, шырайы, реңі, әдемілігі – деп шұбыртып бергенімізде Кеңес, Сүнитя және маған: «Болдыңдар ма?» - деді. «Болдық», - дегенімізде: «Сұлу қыздың әспетін айтсаңдар, сымбаты қайда, жамалы ше?» - деді. «Жамалы» деген сөздің көрікпен тең екенін сонау бала күнде осылай білдік», - деп еске алған екен шәкірті Кәкімбек Салықов. Бұдан біз кешегі әнші-ақындардың қазақ сөзінің қадіріне қаншалықты жеткеніне куә болғандаймыз. Молдекеңнің тіл ұстартуға қатысты тағы бір ойын ақын шәкіртінің жеткізуінде берелік: «Молдекең: Ыбекеңнен тіл үйреніңдер, ол кісі Ақан ағамызға еріп жүріп, қазақ тілін жетік меңгерген кісі. Мысалға «Үлпікер сүт бетінде балдай қаймақ», - дегеніндегі «үлпікерді» қай ақыннан оқыдыңдар!» - дейтін». Иә, осындайда қазіргі күні сол әнші-ақындардың әндерін айтушы кейбір орындаушылардың жоқ жерден жаңсақтыққа ұрынып, көрер көз, тыңдар құлаққа ерсі болып жататыны ойға оралады.

Қазақтың сөз өнері, ән өнері ХХІ ғасырда өзіндік қолданыстық жиілігімен, аудиториясымен, жаңа дәуірдің техникалық мүмкіндіктері арқылы өңделіп сақталуымен тарих көшіне ілесіп келеді. Солай бола беруге де тиіс. Ұлттық бет-бейнеміздің, жан дүниеміздің, арман-аңсарымыздың айнасы болушы құнды қазынаны бүгінгі күнге жеткізуге өлшеусіз үлес қосушы буынның бірегей өкілі Молдахмет Тырбиев шығармашылығына шолу іспетті жазбамыздың реті осы болды. 1957 жылы туған өлкесінде өмірден өткен Молдахмет ақынның туғанына 140 жыл толып отыр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар