Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Байтанұлы. Ердің ерінің ғана қолынан келетін қажырлы іс

20.03.2020 888

Асылбек Байтанұлы. Ердің ерінің ғана қолынан келетін қажырлы іс

Әлем картасында Қазақстан атты тәуелсіз мемлекеттің пайда болғанына келесі жылы 30 жыл толмақ. Құрылу тарихы сан ондаған, жүздеген жылдарға кететін ірілі-ұсақты мемлекеттермен салыстырғанда, әрине – отыз жыл көп те мерзім емес. Бірақ отызға жуық жылдың ішінде еліміз толыққанды мемлекет болу жолында көптеген биіктерді бағындырғаны анық. Бұл мерзімде Қазақстанның даму бағыты айқындалып, шекарасы шегенделді, төл валютасы теңге өмірге келіп, ел тәуелсіздігінің бір нышаны ретінде қызмет етіп келе жатыр. Барша жасампаз істерді бір мақала көлемінде айтып тауысу мүмкін емес, әрине. 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен жалпыхалықтық сайлауда Қазақ ССР-інің Президенті атанған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан он бес күн өткеннен кейін Қазақстан Республикасының Президенті ретінде тәуелсіз мемлекеттің көшін бастаған еді. Міне, осы бір тарихи күннен бастап Қазақстан атты жас мемлекеттің екі мыңжылдық тоғысындағы екі тізгін бір шылбырын тұңғыш президент нық ұстады. Иә, жерінің асты-үсті толған байлық, халқының ұлттық құрамы ала-құла, мемлекет құрушы ұлт қазақтардың сандық үлес салмағы елу пайызға да жетпейтін, тәуелсіз мемлекетті құрайтын көптеген институттардың нышаны да жоқ жас республиканың алғашқы қалыптасу кезеңі үшін билік бір қолға шоғырланған президенттік басқару анағұрлым тиімді болғаны анық және Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бес реткі ҚР Президенті сайлауы нәтижесі бойынша басым нәтижемен өз билігін сақтап қалған болатын. Соңғы, яғни 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен ҚР Президенті сайлауында бесінші рет жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолғы ресми өкілеттілігі 2020 жылдың сәуір айына дейін жалғасуы тиіс болатын.

Бірақ өткен жылы, нақтылап айтқанда 2019 жылдың 19 наурызы күні Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы мәлімдеме жасаған болатын. 1991 жылдан бергі кезеңдегі табыстар мен жетістіктерге тоқтала отырып, бүгінгі күннен бастап Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілдігін тоқтататындығы туралы барша қазақстандықтарға мәлімдеген еді. Билік транзитінің қазақстандық үлгісі ретінде қарастырылған бұл маңызды шешімді жариялау кезінде Нұрсұлтан Назарбаев былай деген болатын: «Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өз өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес».

Отыз жылға жуық уақыттың жемісі ретінде Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқарған мерзімде Қазақстанның гүлденіп дамығанын сан-цифрлар арқылы дәлелдей отырып, ел экономикасы он бес есе, халықтың табысы тоғыз есе өскенін, ал кедейшіліктің он есеге азайғанын айтқан болатын.

Иә, билік дегеннің өзі қатты мен жұмсақтың ортасындағы сынаптай сырғыған бір қалып-күй ғой. Мұны теңдей меңгеріп ұстау – ердің ерінің ғана қолынан келетін қажырлы іс.

Дүние жүзіндегі 252 мемлекеттің қатарында қара үзіп алға шықпаса да, қарайып артта қалмаған, келешегінен зор үмітті Қазақстан атты тәуелсіз жас мемлекеттің алар асуы биік, бірлігі бекем, болашағы жарқын болуы үшін басқарушы биліктің мықты негізі қаланған болуы шарт екендігі сөзсіз. Әйгілі биліктанушы Маккиавелли: «Билеуші қандай әдістер арқылы мемлекетті басқара алмақ және билікті ұстап тұрады?» - деген сұраққа былай деп жауап берген екен: «Биліктің мықты негізін қалау арқылы қол жеткізуге болады». Демек, Тәуелсіз Қазақстанның билік тағаны әр кез нықтаулы, ел билігін ұстаған тұлғаның бойынан әл-Фараби бабамыз айтқан он екі қасиет тегіс табылатын кемел де мақтаулы болғай дейміз.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар