Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арман Шеризат. Жүрек ешқашан алдамайды

07.06.2019 897

Арман Шеризат. Жүрек ешқашан алдамайды

Сын дегенді әркім әрқилы түсінеді. Сындыру үшін де сын жазып жүргендер аз емес. Сондай сәттерде сын көтермейтін шығармаға емес, cын жазып отырған адамның ең құрығанда автордың бір тәуір дүниесін көзге ілмей қара таңба басып қоя беретін менменшілдігі мен көрсоқырлығына қайран қаласың. Егер мүлдем іске алғысыз шығарма болса оны сынаймын деп қолыңа қалам алудың өзі ақымақтық емес пе?

Сыншы болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өсіретін сын бар, өшіретін сын бар. Осындайда Құлагерді жазбай таныған Күреңбай сыншы еске түседі.

Сыншының келіп көрді отыз-қырқы,
Күреңбай көріп деді: «Жаман сұрқы,
Алдынан ұмтылғанда аң құтылмас,
Артынан жөнелгенде жетпес жылқы!»

Сөзіне Күреңбайдың жұрт таңғалды,
He сыншы, не сұңғыла ортаға алды.
Жылқының қырағысы, шежіресі –
Күреңбай көзін сүзіп тұрып қалды –
міне нағыз сыншыға тән қасиет. Күреңбайдай шын жүйрікті таны, елге таныт. Болмаса, соңғы келетін атты танудың несі өнер? Осының өзі адамды үлкен ойға жетелейді.

Осындайда Абайды жасынан таныған Құнанбай, Ыбырайдың көз нұрына қарап үміт еткен атасы Балғожа би, түйесін бағып жүрген Абылайдың хан боларын таныған Төле би еріксіз ойға оралады. Айта берсек мысал көп. Міне сынның құдіреті. Сондықтан қолына қалам алған әр қазақтың сенері Тәңір, сүйенері шындық болуға тиісті.

***

Біз бүгін Арқаның алтын тәжі саналатын Қасым туған қасиетті Қарқаралыда туып, отты жырларымен көпке ой салып жүрген ақын Жанат Жаңқашұлының өлеңдеріне үңілмекпіз. Оның «Тәңір таңбасы» атты алғашқы жинағын оқырман қауым жылы қабылдады. Бүгінде Қазақ еліне белгілі Қарағандыдағы әдеби ортаның ең көрнекті өкілі. Өлеңдерінде асқақ рух, тірі сурет бар. Жан-жақты эксперименттерге барып үндемі ізеніс үстінде келе жатқан ақын. Оның өлеңдерінен ұстазы Серік Ақсұңқарұлына тән кесіп айтатын өткір мінез, Есенғали Раушановқа тән қазақы бояуы қанық динамикаларды байқаймыз. Бәлкім бұл сүйіп оқитын ақындарының өлеңдерінен туған әсер болар. Қалай десек те оның ешкімге ұқсамайтын өзіндік үні бар.

Бүгін айдың нешесі?
Айта алам ба?
Бәрі бір күн секілді қайталанған.
Айна алдында нұр шашып сен отырсың,
Сол баяғы ұзақ түн Ай таранған.

Сәуле ойнаған бір арай келбетіңнен,
Пері қызы түскендей жерге түннен.
Терезенің алдында тал билейді,
Көлеңкең ғой ол сенің тербетілген
– міне, Жанаттың қолтаңбасы.

Жалғанға жарық төгіп, махаббатты өзінше суреттейді. Ақынның ғашықтығының өзі бір құбылыс. Күллі дүниені өзімен бірге ынтық етеді. Әрбір суретшінің сүйікті бояуы болатыны сияқты, ақынның да шығармашылығына тән әсем бояуы болады. Өлең дегеннің өзі де сөзбен салынған сурет іспетті. Кейде суреттің де тілі жетпейтін өлеңнің терең иірімдері бар. Ал мына бір шумақтарға келгенде өлең тіптен шарықтап кетекенін байқаймыз:

Бәрі сенсің,
Сыңғырлап күлген де сен,
Гүлдеп сала береді жүрген көшең.
Күн де батпай, Ай тумай қалатындай,
Айна алдына сен келіп түрленбесең.

Көңіліңе өшпестей суреті көшкен ару, енді бірден көз алдыңа келеді. Өзіңнің де ғашық болып қалғаныңды байқайсың. Өйткені тірі сөз, тірі өлең. Сөзбен соғылған мүсін. Мұңға орап ғашық қылған ару, енді мәңгілік музасына айналғандай.

Сезімтал ақын жанын не тербеді, жүрегін не түртті соны өлең етеді. Сұлулыққа сұқтанады, зұлымдыққа ашынады. Себебі барлығын да жүрек сүзгісінен өткізеді. Өлең өргенде ақындық шеберлігі бірден байқалады. Аз жазса да саз жазатын ақын шеберлік машыққа сеніп алудан қорқады. Себебі, ол таланттың өзін-өзі өлтіруімен тең.

Көшпенділедің тотемі болған көк бөрі ақын жырларында да жиі кездеседі. Рух пен өрліктің симфолы болған бөрі ақынның далалық болмысы, даралық феномені іспетті. Көкке қарап ұлыған көк бөрідей, өлеңмен тәңірге мұңын шағады. Жарасын жалап жазып, өлсе де өзгеге басын имей, жанын аз күнгі аманат деп біледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР: ТӘҢІР ТАҢБАСЫ

АЛЖИР - жантүршігерлік сөз. Сол замандағы «Отанына опасыздық жасағандар» - деп жалған айып тағылып атылғандардың әйелдері жазықсыз жапа шеккен орын. Адам төзгісіз лагерь аяусыз азап көрген аналардың көз жасына толды. Кеудемізге тас болып қатып қалған қап-қара қасіреттің ізі ақын жанына аласапыран күй кештіріп, өксігі өлең болып төгілді:

АЛЖИР-дың төбесінде қалың қарға,
Тергетіп қояды екен жаныңды арға.
Ғасырлық ғұмыры бар қарғаларым,
Қарайлап жүрді ме екен ханымдарға.

Бұлдыратып жас ақты жанар ұшын,
Енді ескерткіш қоймаңдар талап үшін.
Қарғалар –
Қазалы үй тігіп қойған,
Қаралы ту секілді қара мүсін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР: Сұраған Рахметұлы. Топырақтан жұққан кие

Ақынның көңілі жауар бұлттай бұлқынады. Ахметтің қазаққа мысал еткен құрғақ жерге тамбаған «Қара бұлтындай» емес, жаңбырын шөлге құюға асығады. Кеберсіген елінің таңдайын жібітіп, жырға шөлдеген жұрттың мауқын бассам деген арманы менмұндалайды. Жырауларша көсіледі, бар аңсарын көңілге көшіреді.

Мен -
Кеудесін жасын қыжылдатқан,
Зіл батпан,
Жауар бұлт.

Түнеріп кеп, түмен-түмен түркідей,
Көз жасымды көл үстіне бүркімей,
Шөлге құйсам деп едім,
Шөбі шөккен кірпідей.

Мен – жауар бұлт,
Жаумай бір кетпен шөлге кеп,
Кеудесін жалап кермек от,
Буырқанған бурадай,
Былш еткізіп бұршақ түкірсем,
Жын жайлаған жерге кеп.

Ақын жүрекке жүгінгенде ғана ақын. Жүрек ешқашан алдамайды. Сондықтан хәкім Абай «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан-шын асыл тастай көрме» - деп жүректің түбінде жатқан асылды іздеуге, тануға шақырады. Дүниеге ой көзімен қарайтын Жанатта бір сәт өз жүрегін ақтарып, жайып салады:

Мен жүрегімді,
Қайыршының қалтасындай қақтым кеп,
Ең құрымаса бір мейірім тапқым кеп.
Ең құрымаса...
Бір сорлыға сенімімді сатқым кеп.
Ең құрымаса бір адамға жаққым кеп.

Ең құрымаса...
Махаббаттың бір үзімін ұсынып,
Өлсем өлдім махаббаттан ұшынып --
Төрт қалтасын тінтіп тұрмын жүректің,
Көздің шамын түсіріп.

Сұрамай-ақ, ештеңенің себебін,
Ең құрымаса,
Жек көрейін,
Кектенейін деп едім.
Түк таппадым,
Түкпірінде жүректің,
Жалғыз ғана жылап отыр өлеңім...

Жақсы өлеңге үнемі жанашыр болып жүретін Жанат жақында әлеуметтік желі арқылы «Мен жақсы көретін екі өлең» атты поэзия эстафетасын бастап, барлық аға-бауырлары қостап өлеңсүйер қауымды үлкен қуанышқа бөледі. Міне, бұл да болса ақынның азаматтығын, өлеңге деген құрметін танытса керек. Бүгінде жақсы өлеңдерімен есімі елге танылып қалған Жанаттың шығармашылығына тек қана табыс тілейміз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар