Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арман Шеризат. Тағдырын қаламға табыстаған ақын

20.09.2019 885

Арман Шеризат. Тағдырын қаламға табыстаған ақын

Ақынның қадірі қаламында. Бәлкім тағдыры да... Қаламнан басқа сырлас досы жоқ (Мағжан). Талабы зор, талғамы биік оқырман ғана оның қаламмен қашаған ғаусар ғаламына бойлай алмақ.

Бүгінде тәуелсіздікпен бірге ешкімнің қабағына жалтақтамай, ой мен сезімін ашық айтатын жаңа буын өсіп келеді. Сол жас буынның іздеп жүріп оқитын бір қаламгері Ықылас Ожайұлы. Арқаланса ақын, мұңданса ойшыл, әуелесе әнші, жан-жақты талант иесінің ұстаздығы бір төбе. Білмегенімізді айтып, білгенімізді толықтырып бере қоятын аңқылдақтығы тағы бар. Қазақы тәрбиенің қайнарына қанып өскен ақын, құнарлы тіліміздің қаймағын қалқып сөйлейді. Әсілі ой кемелденгенде қаламгер нені жазса да жеріне жеткізе, ет-сүйегіңнен өткізе жазады. «Не жазып кетсе, жайы сол, Жек көрсеңдер, өзің біл» - дейтін хәкім Абайдың ұстанымын бек ұстанған. Рухани ұстаз Абайды танудағы көзқарасы тағы да ерекше. Кейде өзі де Абай боп күңіреніп кететіндей... У-дай ащы өлеңдерін, тұздай жараңа сеуіп қуырып та алады. Кешегі елінің азаттығы жолында басын тіккен Алаштықтарды тануда да жаңаша көзқарас, терең пайымдаулар жасай білді. Алысқа барғымыз келсе Алаш ұстанған алты бағыттан ажырамауымыз керек деп баспасөзде дабыл қақты. Еститін құлақ, сезетін жүрек үшін әрбір бағытына жіті тоқталып келіп, былайша түйіндейді: «Ар мен азаттықты бәрінен жоғары қою. Алаш феноменінің біздің санамызға сыймаған бір құпиясының сыры осы. Алаш арыстары мәңгілік елдің мемлекеттік концепциясын осылай көрсетіп кетті...».

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР: Ықылас Ожайұлы: Ғашықтың тілі - тілсіз тіл...

Ал ақынның өлеңдеріне келсек, сұлу сөз, сылдыр судан аулақ. Ұйқас қуып ойды құрбан еткен жері жоқ. Керісінше кең көсіліп, кесек сөйлейді. Тосын ойлармен, тыңнан түрен салатын жері көп.

Тағдыр деген дүниенің шешімін таппай біреу тылсымға кетсе, біреу дінге, біреу ғылымға тартады. Ал ойшыл-ақын Ықаң:

Тәңірдің тағдыр деген несібесі,

Адамның ниетімен жазылады – деп ағынан жарылады.

Көкейге қонымды, көңілге жылы тиеді. Жақсылықты да, жамандықты да өзімнен көрем деп өткен Сұлтанмахмұттың ойын жаңаша түрлентеді. Алланың бұйрығы емес, адамның ниетімен жазылатыны қандай әділетті! Және ең дұрысы да осы болса керек. Хәкім Абай да 28-қара сөзінде де осы байламға келмей ме?! Бұл жерде де Рухани ұстазбен ұлы үндестік жатқандай.

Бір көкемнің тойымсыз жанарынан,

Мың момынның дауысы шыңғырады.

Жүрегің дір ете қалады. Сол тойымсыз жанарды өзің де көріп жүргендейсің. Мың момынның шыңғырған дауысы көкірегіңді тесіп өтердей. Сірә, кісі ақысын жеп, имансыздықпен адамдығын ұмытып азып-тозған пендені бұдан артық қалай айтуға болар. Ақынның құдіреті де осында. Жеріне жеткізіп айта білуінде.

Қаңтар қақап тұрғанмен қабағымда,

Тамыз түлеп тұрады жанарымда.

Бәлкім, менің арманым бүр атып тұр,

Ақпандағы ақ гүлдің сабағында.

Қабағында қаңтар қақап тұрса да, жанарында тамыз түлеп тұратын ақынның жанына еріксіз үңілесің. Сондай жігерлі жандар ғана ұлттың сөзін айтып, ұрпақтың қамын жейді.

Ақын – сөзбен жанды сурет салады. Тілсізге тіл бітіреді. Табиғатты жансыз дүние жоқ. Барлық құбылыс қозғалып, өлең тілімен сөйлеп кетеді.

Кешкілік қызыл күрең күн астынан,

Көлеңкелер келеді бүршік атып.

Осы жолдар арқылы ақынның суреткерлік шеберлігінің қандай екенін тамыршыдай тап басып тани аласыз. Оның басқаға еліктеп-солықтамай өзінің өнердегі дара жолын қалыптастырғанын бағамдайсыз.

Төсімнің тұнығына құс шомылып,

Қаз үні тамырымда қаңқылдаған.

Ақынның ішкі жан дүниесі, шабыты мен сезім сергектігі, ерекше сезгіштігі қосылып оқырманға үлкен ой айтады, философиялық иірімдерге жетелейді. Ақынның дүниетанымын терең танып, оның өлеңдері мен философиялық ой-толғамдарын көтеріп тұрған ғарыштық сана шеңберіндегі ойды тылсым түйсік арқылы ашқанда ғана таза болмысын тани алмақпыз.

Біз деген тамшы сынды тағдырмыз ғой,

Жалғанның жас боп аққан кірпігінен.

Көркем де, терең толғам. Ақын өлеңдері осынау тау суындай таза да табиғи қасиетімен көңіл баурайды. Ұлтының тарихына бойлап кетсе, кешегі бодандықтың қамытын киген жұрты көз алдына келеді. Сол құлдық санадан арыла алмай келе жатқан жандарды көріп ашынады.

Кеше...

Кеңестік бодандық

Менің күп-күрең қаныма суарып,

Қып-қызыл ту ілген

Кермек жасымды

Кекете сімірген.

Мен содан...

Алаш боп үзіліп

Азат боп қайтадан тірілгем,

Тірілгем...

Жусанның бұрқырап бүрінен...

Алаш боп қайта оянған рухты ақынның ақ жүрегінен шыққан ағыл жыр. Қаламына Тәңір қуат бергей!

Ықылас Ожайұлы - Бейнепоэзия


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар