Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арман Шеризат. Қазақ мақал-мәтелдеріндегі ерлер бейнесі.

18.04.2019 720

Арман Шеризат. Қазақ мақал-мәтелдеріндегі ерлер бейнесі.

Ғасырлар бойы халқымыздың көкейінде жатталып, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» айналған мақал-мәтелдердің әдебиетіміздегі алар орны айрықша. Мақал-мәтелдер - халықтың ұғым-түсінігінің айнасы. Елдің тұрмыс-тіршілігінен бастау алып, уақыт сынынан өткен маржан сөздер.

Біздің бүгінгі сөзіміз қазақ мақал-мәтелдеріндегі ерлер бейнесі жайында болмақ. Әуелден қазақ ұғымында ер адамның бағасы жоғары, мәртебесі биік. Ат үстінде күн кешкен жауынгер халықтың ер адамды қадірлеп-қастерлеуі заңдылық та. Ерлер елдің қорғаны, елі қалың орманы болған. Ежелгі Түркіден жеткен «ер» сөзі - батырық, жауынгерлік, қайсарлық, қас асылдық, мәрттік секілді қасиеттерді тоғыстырған үлкен мағынаға ие.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ұлықбек Есдәулет. Мен көрген Мұқағали

Тұран елінің әмірі, даңқты қолбасшы Алып Ер Тоңғаны «Ер» деп бағалауынан-ақ аңғарамыз. «Ер» сөзі белгілі бір дәрежеде адамға берілген мәртебені де білдіреді. Қазақ ертегі, жыр-дастандарына үңілсек: Ер Төстік, Ер Тарған, Ер Қосай, Ер Көкше, Ер Жәнібек болып кете береді. Жиембет жырау: «Еңсегей бойлы Ер Есім» - деп толғайды. Осыдан-ақ «ер» сөзінің салмағын парықтасақ болғандай.

Ел - ерімен еңселі,

Ежелден ер тілегі - ел тілегі,

Адал ұл ер боп туса - ел тірегі.

Ел үшін туған ерлердің есімі ешқашан елеусіз қалмайтыны белгілі, халық осындай батыр ұлдарын жыр-аңызға айналдырып, өшпес ерліктерін ауыздарынан тастамай, жүректерінде сақтайды. Тұтас бір елдің қасиетін өз бойына дарытқан, туған жерін шексіз сүйіп, терең қадір тұтқан халқымыздың оларға деген құрметі қашан да биік.

Ақ сұңқар ұшар жем үшін,

Ер жігіт туар ел үшін.

Халқымыздың өткеніне көз жіберсек, сонау Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктен бастап бабалар жолы ел, жер, тіл, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Туа сала бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрі түркі халқына тән негізгі ырымдар.

Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер,

Ер басына күн туса, етігімен су кешер.

Ер туған жеріне,

Ит тойған жеріне.

Дулығалы батыр бабаларымыз кең жазирасын, асқар тауын, арқырап аққан асау өзенін қорғап, ұрпағына аманат еткен. Кіндік қаны тамып, туып-өскен мекенін, табаны тиген топырақты бәрінен артық көрген. Олар үшін туған жердің түйір тасы өзгенің алтынынан қымбат. Солардан жеткен отаншылдық асқақ рух бізді болашаққа бастап келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Арман Шеризат. Жәнібектің жазушылығы

"Ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде" - осы мақал ХХ ғасырда пайда болса керек. Себебі ХХ ғасырға дейін қазақ даласында түрме болған жоқ. ХХ ғасырдың басына келіп жаппай отырықшылана, отарлана бастаған қазақта түрме пайда бола бастады. Ұлт бетіндегі қаймақтарын қалқып алып, түрмеге жапты, қырды, атты. Міне, осыдан барып "ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде" - деп айтылған сияқты.

Ер қанаты – ат,

Ерге лайық ат бітеді,

Қызға лайық сән бітеді.

Түркі халықтарында жылқы тек мініс пен еңбек күші ғана емес, бүкіл көшпенділік өмірдің тауқыметі мен жүгін бірге көтеретін жан серігі, жолдасы. Батыр мен жылқы арасындағы жақындастық, эпостарда айшықты бейнеленген. Мысалы, Ақтанберді жыраудың «Күлдір де күлдір кісінетіп» толғауында өз атын жырға қосып, аттың образы арқылы халықты ерлікке, елдікке үндеуін анық байқаймыз.

Ер қаруы – бес қару.

Ерді кебенек ішінде таны.

Кебенек кебін емес, тірі болса оралар деген мәнді аңдатады. Ерді ісіне қарай бағалау керек. Кісілікті байлығы мен билігіне қарай өлшемей, діліне, рухани тазалық пен биік санасына қарата бағалайды. Ежелгі түркілердің ділі мен дүниетанымы бойынша адалдық, өрлік, кісілік басты қасиеттер болып саналып, алтыннан адамды, қисапсыз байлықтан азаматтықты жоғары қойғанын ескерсек бұл сөздің мағынасы тіптен ашыла түскендей.

Қорыта келгенде, қазақ ұғымында, мақал-мәтелдеріндегі «ер» ұғымы батырлық пен ерліктің белгісіндей. Ел қорғаны, ел намысы. Еріксіз ел үшін еңіреп туған ерлер бейнесі көз алдымызға келеді. Ендеше, ердің құнын түсірмей ертеңіне аяқ басқан қоғам ғана өз елдігін сақтап қалмақ. Ер мінезінен айнымас, кесек сөйлер, кең жүрек азаматтар елінің тірегі. Ердің сөзі – өзі, өзі – сөзі болуға тиісті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар