Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арай Талғатқызы: «Абай музейінде қызмет ету зор мәртебе»

13.08.2020 708

Арай Талғатқызы: «Абай музейінде қызмет ету зор мәртебе»

- «Абай күні» құтты болсын! Абай музейі бұл күнді қалай тойлауда?

- Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен, үкімет қаулысымен 10-тамыз «Абай күні» деп белгіленіп, мерекелер тізбесіне енуі еліміз үшін зор қуаныш болды. Қасиетті қарашаңырақ хәкім музейінде отырған бұл күннің біз үшін маңызы тіптен ерек.

Абай музейі бұл күнді әлеуметтік желі арқылы құттықтаумен бастап, «Хакім Абай және 21 ғасыр: Болашақпен сұхбат» атты халықаралық конференция ұйымдастырып, «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы тікелей байланысқа шығып, республикалық бірқатар конфернциялар мен онлайн кездесулерге де қатысты. Және бұл күні Қазақстанның әр өңірінің мәдениет және өнер саласының көрнекті тұлғаларының оқуында Хакім Абайдың өлеңдерінен тарту да жасалды.

- Хәкім Абайдың 175 жылдығы қарсаңында музейдегі жаңартылу жұмыстары қай бағытта жүруде?

- Биыл араға 25 жыл уақыт салып, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында музей экспозициясы қазіргі заман талабына сай өзгеріске ие болып отыр. Әр жылдарда жаңартылып отырса да, заманауи техника дамыған уақытта бұл өзгеріс өте қажет екені анық.

Абайдың жыл мезгілдеріне арнап жазылған өлеңдері негізінде жасалған «Абай. Жыл мезгілдері» залында Шыңғыстаудың тамаша табиғат суреттері фотоматериалдар арқылы сандық форматта көрермен назарына ұсынылатын болады. «Дала әуені» залында музей қорындағы екі ішекті домбыра, үш ішекті домбыра, қыл қобыз, сыбызғы, дауылпаз сияқты музыкалық аспаптар қойылып, әр аспаптың жанына жақындаған сәтте әуен естілетін болады. Артынша, «Ақынның балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Абай шығармашылығы залы», «Абайдың ақындық мектебі», «Абайдың отбасы», «Қара сөздер», «Абай мұрасы» және қазіргі заманға сай мультимедиялық қондырғылармен жабдықталған «Мультимедиялық залда» Абайдың музыкалық шығармаларын еліміздің белгілі әншілерінің орындауында тыңдауға мүмкіндік болады.

Сонымен қатар, балалар залы ашылып, ата-анасы музей тамашалаған сәтте, бүлдіршіндер балалар бөлмесінде Хакім Абай сүйіп ойнаған тоғыз құмалақ, асық т.б. ойындарын ойнап, үйренетін болады.

Жаңғырту жұмыстарымен қатар музей қызметкерлері де бірқатар тапсырмалар алып, зерттеу жүргізіп жатыр. Оның ішінде бірі Құнанбай әулеті жайында, екіншісі музейде жылдар бойы еңбек еткен қызметкерлер жайында көлемді материалдар құрастыруда. Ал биылғы жылғы Ахат Шәкәрімұлының 120 жылдығына орай өлеңдері, әр жылдары жазылған 5 поэмасы, Абай және Құнанбай туралы естеліктері жинақталып бір кітап дайындалса, менің өзім «Музей тынысы» деген атпен жыл басынан музейде атқарылған іс-шараларды жинақтап бір көлемді кітап құрастырудамын.

- Сіз қызмет атқаратын бөлім қандай жұмыстармен айналысуда?

- Өзіміз қызмет атқарып отырған музейдің ғылыми-зерттеу және қор бөлімі Абай Құнанбайұлының мұрасын, оның туыстық және ақындық-өнер айналасын, М.Әуезовтің және Алаш арыстарының өмірі мен шығармашылығын, қоғамдық қызметін және қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттаумен айналысады. Сонымен қатар, музей қоры жәдігерлердің есебін жүргізіп, оларды бақылау, сақталу шараларымен қамтамасыз етеді. Музей жұмысына қажетті жәдігерлерді, деректерді де дайындайтын – қор бөлімі.

Экспозицияларды жабдықтау, реэкспозициялық жұмыстарды жүргізу, жылжымалы көрмелер дайындаумен айналысатын бөлім биылғы жылы жыл басынан Нұр-сұлтан, Алматы, Павлодар, Отырар, Ақтөбе, Атбасар, Қызылорда қалаларына жылжымалы көрмелермен барып, ақынның өмірі мен шығармашылығы, сирек кітаптар көрмелерімен таныстырды.

Сондай-ақ бөлім қызметкерлері карантин уақытында бірқатар халықаралық, республикалық онлайн-конференцияларға қатысты.

- Бұл еліміздегі ашылған ең тұңғыш музей ғой?

- Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі.

Музей 1940-44 жылдары Бекбай Байісовтің үйінде орналасты. Бұл үй – Абай Семейге келгенде түсіп жүретін үйлердің бірі. Музей экспозициясының бас кеңесшісі Әбіш Жиреншин болды, тақырыптық жоспарды жасауға және ұйымдастыруға сол кездегі Абай музейінің аға ғылыми қызметкері Қайым Мұхамедханов, облыстық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Борис Аккерман ат салысты.

1944 жылы музей Әнияр Молдабаевтың үйіне көшірілді. Ә.Молдабаев (1849-1934) – Абайдың замандасы, жерлесі, әрі шәкірті. Бұл үйді Әниярға Абай балаларымен сатып алып берген.

Экспозиция Әнияр Молдабаев үйінің екінші қабатында бес бөлмеге орналасты.1947-1951 жылдары музейді абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедханов басқарды.

1967 жылы 13 мамырда Абай музейі қаланың орталығында орналасқан ақын заманындағы көпес Роман Ершовтың үйіне қоныс аударды.

80 жылдан астам тарихы бар музейде Қайым Мұхамедханов, Борис Аккерман, Әрхам Ысқақов, Ысрайыл Ақылбайұлы, Шәкір Әбенұлы, Ахат Шәкәрімұлы сияқты бірнеше ұрпақ өкілдері қызмет атқарды.

- Әңгімеміз музей айналасында болғаннан кейін жәдігерлерге тоқталмай өтуге болмас. Жәдігерлердің жиналу тарихы жайлы айта отырсаңыз?

- Жәдігерлерге келер болсақ, жәдігерлерді жинау жұмысы 1940 жылы Семейде Абай музейін ашу туралы қаулы қабылданғаннан бері басталған еді. Абайдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов музейге қызметке алынып, Абай туыстарының, ұрпақтарының, замандастарының қолдарында сақталған ұлы ақынға қатысы бар заттар жинала бастады. Заттық жәдігерлермен қатар Абайды көзі көрген адамдардың естеліктері, ақын шығармалары қағазға түсіріліп, музей қорына қабылдау жұмыстары қолға алынды.

Алғашқы жылдары музей қорына түскен заттардың ішінде Абайдың Н.И.Долгополов арқылы 1885 жылы өлкетану мұражайына өткізген заттары, ақынның 100 жылдық мерейтойына қатысқан Абайдың ұрпақтары, туыстарының мұражайға тарту еткен заттары, М.Әуезовтің сыйға тартқан Абайдың 1896 жылы Семей қаласында балаларымен түскен суреті, Абайдың досы П.Д.Лобановскийдің 1887 жылы Статистика комитетінің арнайы тапсырысы бойынша Сібір-Орал өндіріс көрмесіне қарындашпен салған Абай портреті де бар еді.

1941-1950 жылдар арасында Абай музейінің қорына ақынның жарияланбаған 15 өлеңі, оны көрген адамдардың естеліктері, Абайдың орыс достары туралы архив құжаттары қосылды. Мағауия, Ақылбай ақындардың өлеңдері, поэмалары, С.Дөнентаевтың қолжазбалары жинақталды. Семейдің белгілі өлке зерттеушісі, әдебиетшісі, суретші ағайынды Белослюдовтардың қолжазбалары, фосуреттерін Н.Белослюдовтың әйелі 1950 жылы музейге әкеліп тапсырған. Сол жылдары мұражай қоры араб, парсы, шағатай, түрік тілдеріндегі Абай оқыған Ахмет Риза медресесінің кітаптарымен толығады.

Мұражай қорындағы баға жетпес жәдігерлердің ішінде ұлы ақынның көзі тірісінде тапсырған тұрмыстық заттар, Мәскеу, Ленинград, Омбы, Том, Қазан, Қазақстан мұрағаттарынан табылған Өскенбай, Құнанбай, Абай, Халиолла, Әбдірахман, Майбасар, Тінібай, Шыңғыс және тағы басқа тарихи адамдарға қатысты архив деректері, Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің жеке архиві, Абайдың ақын шәкірттеріне қатысты деректерді атап өтуге болады.

Сонымен қатар музей қорындағы ерекше атап өтетін жәдігерлердің қатарында Абайдың өзінің көзі тірісінде қолданған ері, Абайдың жары Әйгерімнің күмістелген ертоқымы, ақынның мылтығын айтуға болады. Абайдың аңшылықпен, құспен саятқа шығуды жақсы көргендігі жайлы естеліктерде айтылып жатады. Соның ішінде өз баласы Турағұлдың естелігінде де: «...Бір ғадаты жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді, өзі де 2-3 жыл салтанатын келістіріп, құсбегілерін, мергендерін сайлап құс салыпты.» деп жазылған. Турағұлдың естелігінде Абайдың Барон Таубеден сыйға алған қосауыз мылтығы туралы да жазған.

- Музей саласында қызмет ету қаншалықты қиын болса, соншалықты қызықты да болар?

- Музей – еліміздің рухани қазыналарын, көненің көзін жинақтап, өткен мен бүгінді жалғап отырған ғылыми-мәдени, рухани мекемелердің бірі. Музей жәдігерлері – халық тарихы мен өнерін қамтитын талай замандардың куәлары. Музейлік заттар белгілі бір оқиғалар мен тұлғалар жөнінде ақпарат беретін дереккөз ретінде ерекше әсер етеді.

Семейдегі қасиетті қарашаңырақ Абай музейінде қызмет атқаруым мен үшін үлкен мәртебе. Себебі, оқу орны беретін тәрбиенің жалғастырушысы, заттай көрнекіліктермен толықтырушы мәдени-ғылыми ошақтардың бірі осы музей. Музей экспонаттары көмегімен тарихи кезеңдерді зерттеп, заттай деректермен көрсетіп, экспонаттарды сөйлету арқылы тарихқа саяхат жасағандай боламыз.

- Абай әлеміне бойлатқан әңгімеңізге рахмет!

- Сізге де үлкен рахмет! Арнайы «Абай күнінде» сұхбатқа шақырған «Әдебиет порталына» зор алғыс айтамыз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар