Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Амангелді Кеңшілікұлы. Фолкнердің патшалығы

28.07.2017 1988

Амангелді Кеңшілікұлы. Фолкнердің патшалығы

Уильям Фолкнер артына мол мұра – 19 роман, жетпістен астам әңгіме қалдырған суреткер. Қаламгер қаламынан туған көркем туындылардың басым бөлігі 15 роман мен көптеген хикаяларында жазушылық қиялының ұлы жемісі болып табылатын Йокнапатофа мекені тұрғындарының өмірі мен тыныс-тіршілігі баяндалады. Шығармашылыққа жан-тәнімен берілген сезімтал суреткердің кейде бәрін ұмытып, нағыз өмірді санасында сағымданған қиялымен шатастырып алған кездері де болған-ау, шамасы. Әйтпесе, Фолькнердің көркем шығармаларында сипатталатын аймағында 6298 ақ және 9313 қара нәсілді адамның өмір сүріп жатқанын айдай әлемге жариялап, Йокнапатофа өлкесінің картасына шейін сызып тастап, астына «Уильям Фолкнер-осы патшалықтың жалғыз иесі, һәм қожайыны» деп жазып қойған әпенделігін қалай түсінеміз. Шындығында да дені сау адам түсіне бермейтін қызық жағдай бұл. Әлем мойындаған суреткердің шығармашылық шабыты туғызған, ал нағыз өмірде аты да, заты да жоқ патшалықты бәзбіреулердің иеленіп кететінінен расында да сескенгені ме, сонда?..

Орыстың танымал әдебиеттанушысы, Йокнапатофа қожайынының творчествосын егжей-тегжейлі зерттеп, монографиялық еңбек жазған Николай Анастасьевтің айтуына қарағанда Фолькнер мінезі түсініксіз, өте қызық адам болған. Дүниеден өткеннен кейін де ұзақ жылдар бойы ол жайында түрлі әңгімелер туып, олардың қайсысы шындық, қайсысы өтірік екенін ажырата алмай жұрттың басы қатып, дау-дамайлар туып жатты. Шаруа қожалығында қара терге түсіп жұмыс істеп, егін жинау науқанының қайнаған ортасында жүріп көп адам ұқпай қойған кітаптарын жазып, тілшілермен сөйлесуден де, көзге түсуден де қашып жүретін тақуа туралы туған аңыздар көп. Бір қызығы, жазушыны қалың оқырманға аса сүйкімді етіп көрсете қоймайтын, осындай аңыздардың ел арасында кеңінен тарауына Фолькнердің өзінің де тікелей қатысы болғаны таң қалдырады. Ол ылғи да өзінің аса көрнекті жазушы емес, бар-жоғы қарапайым ғана ауыл тұрғыны, ешқандай да идеясының жоқ екенін т.с.с. айтуға әуес болды. Біз болсақ (қазақтарды айтамын) шыққан тегіміздің мықты екенімен мақтанудан алдымызға жан салмаймыз-ау, жан салмаймыз. Фолкнер болса аталары туралы әңгіме сұрап, қыр соңынан қалмаған беделі зор басылым тілшісіне, 1826 жылы құлдықта жүрген негр әйелден туғанын айтып, бетін қайтарып тастайды. Расында да сенің бабаларыңның кім болғанында тұрған не бар, соншама? Ұлылардың белінен туған перзенттері бәрі де шетінен ғұлама болып шықпайды ғой. Данышпан әкесінің шығармасына баға бермек түгіл, не жазғанын да түсінбейтін, тіпті, өлгеннен кейін аруағына бағыштап құран оқуға да жарамайтын мәңгүрттер қазақ топырағында да толып жатқан жоқ па? Мәселе саған өмір сыйлаған әкеде емес, ең әуелі өзіңнің қандай азамат болып жаратылғаныңда ғой. Ал, ақиқатында Фолкнердің аталарымен мақтануға толық қақысы бар-тын. Атақты қаламгердің арғы атасы Уильям Кларк Фолкнер (1826—1889) Оңтүстік пен Солтүстіктің соғысы кезінде оңтүстіктегілердің әскерінде қызмет еткен майдангер, әрі «Мемфистің ақ раушаны» атты әйгілі роман жазып қалың елге танылған қаламгер болатын.

Уильям әлі бала кезде отбасы солтүстік штаттағы Оксфорд шаһарына көшіп кетіп, жазушының саналы ғұмырының бәрі осы қалада өтті. Өте ұялшақ, тұйық болып өскен бала 13 жасында Эстелл Олдхэм есімді қызға өлердей ғашық болып қалып, жаны шаттыққа бөленіп, жүрегінен жыр маржаны төгілді. Бірақ ол жан-тәнімен сүйген ғашығына үйлене алмады. 1918 жылдың сәуірінде Эстелл басқа біреуге тұрмысқа шығып, Фолкнер қатты күйзеліп, өмір сүргісі келмей кетті. Тезірек ажалына жолығудың жолын іздеп, әскерге баруға бел буғанымен, бойы тым аласа болғандықтан алмай қойды. Содан кейін ол Йельский университетіндегі досына келіп, Канададағы әскери-әуе күштеріне жазылып, шілдеде Торонтодағы әскери мектепке түседі. Бірнеше айдан соң бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталып болашақ жазушы Оксфордқа қайтып оралып, Миссисипи университетіндегі сабақтарға қатыса бастайды. 1919 жылы сөз өнеріндегі алғашқы қадамын поэзиядан бастаған Фолкнердің «Нью рипаблик» журналында алғашқы өлеңі жарық көрді. 1920 жылы дипломын ала алмаған ол романист және театр сыншысы Старк Янгтың шақыруымен Нью-Йоркқа келіп, кітап дүкенінде сатушы болып жұмысқа орналасады. Біраз уақыттан кейін Оксфордына қайтып оралып, университетте қызмет табылғанымен, тәртіп бұзып, бірнеше айдан соң жұмысынан айырылады. 1925 жылы Жаңа Орлеанға келген ол белгілі жазушы Шервуд Андерсонмен танысады. Фолкнердің тырнақалды туындыларын оқып шыққан әйгілі жазушы оған поэзиядан гөрі, прозаға қаттырақ ден қоюға кеңес береді.

Ең бірінші жыр жинағының сәтсіз болып шығуы Андерсонның айтқан әулиелігін расқа шығарып, поэзиядан көңілі қалған Фолкнер «Солдат марапаты» деген алғашқы романын жазуды қолға алады. Дегенмен, Фолкнер прозасының негізгі принципі болып табылатын өмірдегі оқиғаларды екі көзқарас тұрғысынан бағалайтын ең әйгілі романы «Айғай мен ашу» жарық көргеннен кейін ғана шығармашылық ортада оның таланты мойындала бастады. Сыншылардың бәрі де романды Еврипидті еске салатын «ұлы кітап» ретінде бағалағанымен, қарапайым оқырман оны қабылдай алмады. Фолкнердің оқиғаны баяндаудағы жаңа техникасын түсіну оқырманға ауыр болды.

Ұлы жазушы алғашқы махаббаты Эстелл Олдхэмді ұмыта алмай, құпия жағдайда онымен кездесіп тұрып, ақыры ол күйеуімен ажырасып, 1927 жылы Фолкнерге тұрмысқа шықты. Ұзақ жылдардан кейін ғана сүйіп қосылған махаббатынан әйгілі қаламгер екі қыз сүйді.

Жазушылық қиялында туған Йокнапатофаны әңгімеге арқау еткен қаламгер өз отаны – американың Оңтүстігі, Миссисипи штатында өмір сүріп жатқан туған елінің тұрмысын суреттеп, тілі шұрайлы, ойы құнарлы шығармаларын туғызды. Әйтсе де Шервуд Андерсен болмағанда Йокнапатофа тақырыбы Фолкнер қаламының ұшына ілікпес пе еді. Кім білсін? Фолкнердің тырнақалды туындыларының бірі «Сарторис» жарық көрген соң ол шығармашылық қадамының тұсауы кесіліп жатқан талапкерге «Сіз Фолкнер – ауылдың жігітісіз. Сіздің бар көргеніңіз өзіңіз туып-өскен Миссисипідегі кішкентай аймақтың тыныс-тіршілігі ғана. Әйтсе де осының өзі де көп дүние туғызуға жетіп жатыр» деген ақыл-кеңес береді.

Андерсеннің ақыл-кеңесі Фолкнердің дүниетанымына қатты әсер етті. Содан бастап жазушы жер картасында бір кішкентай нүкте болып қана табылатын кіндігі кесілген жұртының тыныс-тіршілігін зерттеп, осы тақырыпты жеріне жеткізе жырлауды өмірлік мұратына айналдырды.

«Айғай мен ашудан» кейінгі «Өлім аузында» романын Фолкнер электр станциясында түнгі кезекте жұмыс істеп жүріп, 1930 жылы бар-жоғы алты аптада жазып шықты. Елу тоғыз ішкі монологтан тұратын туындыда миссис Бандреннің сүйегін зиратқа әкеле жатқан оңтүстіктегі кедей отбасынан шыққан Бандрендердің өмір жолы туралы баяндалады. Америка жазушысы Конрад Эйкен романға өте жоғары баға бергенімен, жазушының бұрынғы шығармаларындай бұл кітап та өте нашар сатылды. Қаржылық қиындықтан құтылудың жолын іздеген Фолкнер жаңа туындысын жазуға кірісіп, үш аптаның ішінде «Ғибадатхана» романы дүниеге келді. Бұл шығармада қарақшылар зорлап кеткен жас әйелдің тағдыр тәлкегімен Мемфистегі жезөкшелер үйінен қалай тұрақ тапқаны суреттеледі. Роман өз заманының нағыз бестселлері болды. Әйгілі сыншы Андре Мальро «Ғибадатхана – детективтік сюжеті бар нағыз грек трагедиясы» деген жақсы пікір білдірді. Роман зор сұранысқа ие болғанымен жазушының қаржылық қиындықтан туындаған мәселесін толық шешіп бере алмады. Ұлы дағдарыс жылдарында кітапқа деген елдің сұранысы азайып, оның үстіне Фолкнердің романдары жұрттың талғамын қанағаттандыра алмайтын, ойлы оқырманға арналған туындылар болатын. Жазушылыққа қарағанда табысы бар жұмыс табуды көздеген Фолкнер 1932 жылы Голивудқа аттанып, киносценарий жазу ісімен шұғылданады. Қолы қалт еткен кезде «Пилон», «Авессалом, Авессалом!», «Жабайы пальмалар», «Ауыл», «Аю» сияқты таңғажайып туындыларын жазады. Қаламгердің «Аю» әңгімесін өз басым әлем әдебиетіндегі ең ұлы әңгімелердің қатарына жатқызамын. Уақыт өте келе Фолкнердің біраз кітаптары француз тіліне тәржімаланып, еуропалық жазушылар мен сыншылардың сүйіспеншілігін туғызды. Америка сыншысы Малколму Каулиге жазған хатында әлемге әйгілі жазушы Жан Поль Сартр «Фолкнер – прозаның құдайы» дегенді айтты. Әйтсе де Каулидің дәл байқағанындай «Фолкнердің шығармалары өз Отанында дәл Еуропадағыдай резонанс туғыза алған жоқ.

Талантты жазушыны қалың оқырманға жақынырақ таныстыру мақсатында Каули 1946 жылы Фолкнердің таңдамалы прозалық туындыларын жарыққа шығарды. Таңдамалының шығуы табысты болып, оқырмандардың жазушы шығармашылығына деген зор қызығушылығын туғызды. Жинаққа жазған алғысөзінде Каули американдық аңыз тұрғысынан Йокнапатофа сагасын зерттеп, Фолкнердің романдарын «қол жеткізе алмайтын шығармашылық ерлікке» теңеді. Міне, осылайша қаламгердің даңқы күннен-күнге арта түсіп, 1950 жылы Уильям Фолкнерге бүгінгі заманғы американдық романды дамытуға қосқан зор үлесі үшін Нобель сыйлығы берілді.

Әдебиет саласындағы ең жоғарғы марапат Фолкнерге шығармашылық дағдарыс кезеңін басынан өткеріп жатқан шағында бұйырды. Голливудқа жасаған кезекті сапарынан кейін ол Оксфордқа оралып, «Монах әйелге арналған реквием» романын аяқтап, бірінші дүниежүзілік соғыс туралы туындысын жазып шығуға тырысты. Екі туынды да қатты сынға ұшырады.

Ішкілікке салынған Фолкнердің денсаулығы шатқаяқтай бастағанымен 1954 жылы ол мемлекеттік департаменттің шақыруын қабыл алып Бразилияда өткен Халықаралық жазушылар конференциясына қатысады. Келесі жылы әлемге әйгілі қаламгер американдық үкіметтің ресми өкілі ретінде жер шарын аралап, саяхат жасап шығады.

«Қала» және «Жекежай» туындалырымен жазушы Сноупстар отбасыларының тарихы туралы 1940 жылы «Ауыл» романынан бастау алған триллогиясының нүктесін қойды. 1957 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ол Виргиния штатындағы университетте сабақ беріп, стипендия алып тұрды. Венесуэладағы ең танымал американдық жазушы болып танылған Фолкнер 1961 жылы осы елдің 150 жылдық мерейтойын мерекелеуге қатысты. Келесі жылы атақты қаламгер ең соңғы «Ұрылар» кітабын жазуды қолға алды. 1962 жылдың 17 маусымында аттан құлап, бір аптадан кейін дүние салды.

Фолкнердің жазушылық даңқы қайтыс болғаннан кейін де өсе берді. Әдебиет сыншысы, әрі жазушы Джон Олридж ұлы қаламгердің шығармашылығын жоғары бағалап, былай деген болатын: «Миссисипидің шегі жоқ мәдени шөлінде жалғыз жұмыс істей жүріп Фолкнер өзінің ақылы үшін алқап пен шығармашылығы үшін бау-бақша жасай білді. Жазушы ұзақ жылдар бойы мәпелеп өсірген алқап пен бау-бақшаның әсемдігі күні бүгінге дейін өркениетті әлемдегі барлық мәдениетті адамдардың қызығушылығын туғызып келеді».

Жиырмасыншы ғасырдың басында жаңашылдықты аңсаған Америка әдебиетінің жас өкілдері Батыс әлемін дүр сілкіндірген модернистік ағымның пайғамбарлары Джойс пен Гертруда Стайнға еліктеп жатқанда жалғыз Фолкнердің ғана ұлттық топырықтан тамыры ажырамады. Осы тұрғыдан алғанда ол тамырын тереңге жіберген Американың - нағыз ұлттық жазушысы. Ұлттық бастаудың мөлдір бұлағынан қанып ішкен қаламгердің Америка әдебиетінің екі көрнекті өкілі - Марк Твен мен Уолт Уитменнің таланттарына басын иіп, құрметпен қарауы да сондықтан. Фолкнердің айтуынша Марк Твен мен Уолт Уитменнің шығармашылығы Америка ұлттық әдебиетінің алтын бастауы болып табылады. Әйтсе де ұлттық топырақтан өніп-өсіп шығып, әлем әдебиетінің алып бәйтерегі болып жайқалған жазушылардың барлығы да оның жан дүниесіне жақын болғандықтан Бальзакка тән байқампаздық, Толстойға тән шынайылық, Достоевскийге тән тереңдік пен Флоберге тән стиль ұштау мен форма жасау шеберлігінің бәрін де Фолкнер шығармашылығының табиғатынан таба аласың. Міне сондықтан да ұлттық топырақа кіндігі байланған жазушының қаламынан туған кейіпкерлері әлемнің әр түкпірінде тұратын миллиондаған оқырмандардың сезімін адам табиғатының жанды нүктелерін таба білген байқампаздығымен, жүрегінің шыңырауында жатқан шерін қозғаған тереңдігімен, баяндаған оқиғасының шындығына қалтқысыз сендіре білген шынайылығымен, еліктіріп, қызықтырып әкететін формасының жаңашылдығымен жаулап алды.

Қазақ әдебиетінде жазушылық мінезі, ешкімге ұқсамайтын шығармашылық табиғаты, ойының тереңдігі, прозаға әкелген формасының жаңалығымен Фолкнерге рухани тұрғыдан жақын жазушы – Асқар Сүлейменов. Екі үлкен суреткердің өмірі мен тағдырларында да ұқсастықтар көп. Фолкнер дүниеге келген Американың Оңтүстігінен Аллен Тейт, Джон Кроуи Рэнсом, Кэтрин Энн Портер, Роберт Пенн Уоррен сынды жазушылар шоғыры шықты. Қазақстанның оңтүстігіндегі Асқар Сүлейменовтің кіндік қаны тамған Созақ та Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Төлеген Тоқбергенов сияқты сөз өнеріміздің асылдарын өмірге әкелді. Асекеңнің «Ақ кемпір», «Қара шал», «Адасқақ», «Ситуация», «Бесатар» шығармаларына Фолкнер туындыларының қатты ықпалы болғаны байқалады.

Сарторис

Фолкнердің әдебиеттегі қолтаңбасын айқындап берген алғашқы туындыларының бірі осылай аталады. Дей тұрсақ та одан бұрын да қаламгер қаламынан - «Солдаттың марапаты» мен «Москита» деп аталатын екі шығарма туған болатын. Алайда бұл екі хикаясының көркемдік деңгейіне көңілі толмаған қаламгер ол дүниелерді қаламын төселдіру үшін ғана жазғанын айтады. Ендеше Фолкнердің әдебиет әлемін жаулап алу үшін ашқан алғашқы майданы мен Йокнапатофа аймағының шежіресін жазуға ден қоюы дәл осы «Сарторис» романынан басталады десек қателесе қоймаспыз.

Бұл роман Фолкнердің шығармашылық әлемінде ерекше орын алады. Олай дейтін себебіміз осы шығарманы жазу барысында Джефферсон қаласы, Йокнапатофа өлкесі мен онда тұратын кейіпкерлердің сұлбасы қаламгердің көңіл қиялында тербеле бастады. Ең бастысы «Сарторис» романын жазу барысында ол алдағы уақытта қозғайтын әлеуметтік және ізгілікті мәселелердің алтын діңгегін анықтап алды.

Ең бірінші рет роман қысқартылған күйде «Шаңдағы жалаулар» деген атпен жарық көріп, оқырман сұранысына ие бола қоймады. Көптеген баспалар романды басып шығарудан қашқалақтады.

«Сарторис» романында бірінші дүниежүзілік соғыстан соңғы оқиғалар баяндалып, полковник Джон Сартористің қаза тапқанына елу жылдан асса да аңызға айналған бейнесінің көңілден кетпей оның отбасындағыларға, тіпті осы аймақтағылардың бәріне үстемдігін жүргізіп жатқанын көреміз. Жазушы шығармада теңдесі жоқ образдар жасады.

Полковник Сартористің ұлы алпыс жастағы Баярд Сарторис мінезі қатал, құлағы аздап мүкістеу, қолынан үнемі трубкасын тастамайтын, сөзге сараң адам. Ол бар жан-тәнімен туған жерін жақсы көреді, әкесінің есімі мен оның Отаны үшін жасаған ісін есте сақтап қалуды перзенттік парызы санайды. Ол ғасырлар бойы осы аймақта үстемдік құрған ескі дәстүрдің қирай бастағанын көргенімен, байқамауға тырысады. Өркениеттің дауылы бұл аймақта орнаған тыныштықты бұзып, жаңа әлем орнатпақшы.

Баярд Сартористің немересі ұшқыш кіші Баярд өзінің егізі, ағасынан соғыста айырылып, қатты күйзеліске ұшырайды. Өзінің бір кішкентай бөлігі болып табылатын әлемін жоғалтқан ол жалған дүниеге сыймай, өмірдің мұндай әділетсіздігімен келісе алмай, қатты қамығады. Ағасы жайлы естеліктер оның жанын кеміріп, ешкімді көргісі келмей, ақыр соңында апатқа ұшырайды... Романдағы кіші Баярд ұнатып қалатын Нарцисса Бенбоу мен Сартористер әулетінің қызметшісі Саймонның және тағы да басқа кейіпкерлердің образдары соншалықты нанымды, әрі шынайы суреттелген.

Фолкнердің алғашқы туындыларының бірі «Сарторис» романында адамның өзгеріс, қиындық пен қасірет алдындағы әрекетіне байланысты өте маңызды мәселелер көтерілген. Жазушының стилі ауыр емес, оқиғалар өте байсалды баяндалады. Әйтсе де шығармаға оқырманды баяндалған оқиғалардың ішіне енгізіп жіберетін сезім тасқыны жетіспейді.

«Айғай мен ашу»

1949 жылы Нобель сыйлығын табыс ету рәсімінде Фолкнердің сөйлеген сөзі әлемге әйгілі қаламгердің шығармашылық құпиясын ашудың кілті болып табылады. «Мен адамның бәріне төзетініне ғана емес, түбінде бәрін жеңіп шығатынына кәміл сенемін. Ол ерекше жаратылған тіршілік иесі болғандықтан ғана емес, рақымшылық жасап, құрбандыққа бара алатын, төзе білетін жаны болғандықтан мәңгі өмір сүреді». Кейіннен ұлы жазушының оқырмандары «Айғай мен ашу» романында сіз осы ойды айтқыңыз келді ме?» деген сауал қойғанда ол «Ия бұл менің барлық кітаптарымда айтқым келгенмен, жеткізе алмай жүрген ойым», - деп жауап берген болатын.

Cуреткер Фолкнердің қолтаңбасы «Сарторис» романында айқындалып, «Айғай мен ашуда» шыңдала түсті. Бір ғана, оның өзінде тек жазушы қиялында өмір сүріп жатқан аймақты әңгіме арқауына өзек ете отырып ол бұрын-соңды ешбір қаламгердің назарына шалынбаған мәселелерді көтеріп, адамзат баласын толғандырып тастады. Өмірінің соңында жүріп өткен жазушылық жолын қорытындылаған Фолкнер «Мен қаламгерлік қиялымда туған дүниелер – әлемдік кеңістіктің іргетасы болып табылады, ол тас қаншалықты кішкентай болса да, оны алып тастасаң әлемнің тас-талқаны шығады деп ойлайтынмын» деп толғаныпты.

«Айғай мен ашу» шын мәнісінде «Сарторис» романының заңды жалғасы іспеттес туынды, бұл шығармада патриархалдық дәстүрдің баянсыздығы, қоғамдық қарым-қатынастардың күйреуі мен азғындауы тақырыбы одан әрі дамытыла түседі. Әйтсе де шығармада романтикалық сарын жоқ. Салқын сезіммен жазылған. Фолкнер әлемнің күйреуін адамның құлдықты мойындай бастауымен байланыстырады. Өте күрделі стильмен жазылған туындының төңірегінде басталған дау әлі күнге дейін толастамай келеді. Өйткені Фолкнердің романы бұрын-соңды әлем әдебиетінде жазылған туындылардың ешқайсысына ұқсамайды және қайталамайды.

Міне сондықтан да Фолкнердің ең негізгі шығармасы болып табылатын «Айғай мен ашу» романы жарық көре салысымен бірден мойындалған жоқ. Ұзақ жылдар бойы оған ешкім назар аудармай «Ғибадатхана» романы жарық көргеннен кейін ғана ол көпшіліктің көзіне түсті. Абсурдтық әдебиеттің жарқын үлгісі болып табылатын романды сыншылар жазу техникасының сонылығы үшін жоғары бағалады. «Айғай мен ашуда» Фолкнер, ішкі түйсікпен орыс жазушысы Достоевский көтерген әлемнің күйреуі, келешектің баянсыздығы тақырыбын одан әрі қазып, «адамдық қадыр-қасиеті тапталған» бейшара жандардың жанына үңіледі.

Сыншылар ұзақ уақыт Фолкнер шығармашылығын танудың кілтін таба алмады. Расында да ол оңай емес – жазушы шығармашылығы күрделі, онда әр түрлі стиль араласып кеткен, баяндау мәнерінің ағысы біресе қатты екпіндеп, енді бірде Йокнапатофа аймағы тұрғындарының өмірінің дерегін тәпіштеп тоқтап қалғандай әсер қалдырады.

«Айғай мен ашудағы» сана ағысы екпінінің құдіреті мен күштілігі миыңды жарып жібере жаздайды. Шығарманы оқи отырып басқа бір адамның миына кіріп кетіп, көзсіз құмарлықтың сырын түсінгендей әсер аласың.

Төрт бөлімнен тұратын романды оқу барысында төрт түрлі сананың ағысымен өмір сүресің. Төрт түрлі сана ағысының ортасынан бір ақсүйектік әулеттің күйреуін көресің. Қатыгездік, зұлымдық, іштарлық.. Зұлымдық жасау үшін аса көп ақылдың қажеті жоқ.

Түрлі адамдар, Түрлі тағдырлар. Быт-шыты шығып күйреген отбасы. Түсінбеушілік пен қиындық, Көңілсіз сүгірет. Адам эгоизмі апаратын жолдың сүрлеуі осы. Фолкнер жүрек қалауы туғызған шығармасы арқылы адамды сүюге шақырады.....


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Фолкнер, Уильям
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар