Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әлібек Байбол. Жеті ойыншықтың жеңісі

28.09.2019 515

Әлібек Байбол. Жеті ойыншықтың жеңісі

КЕЙІПКЕРЛЕР:

Сиқыршы.

Жылқыхан.

Теміртағы.

Барысбай.

Алтын адам.

Бөрібек.

Алмагүл.

Қызғалдақ.

Құлтемір.

БІРІНШІ КӨРІНІС

Сиқыршы. Ехе-хей, ассалаумағалейкүм ағайын! Сәлеметсіңдер ме балалар?! Қалдарың қалай? Көңіл-күйлерің ше? Естілмей тұр, қаттырақ! Керемет! Сендерге бір сыйлығым бар. Қандай дейсіңдер ғой?! Абрака-дабра, ахалай-махалай, уф-суф. Опля! (Ол сиқырлы таяғын Көкке көтергенде шымылдық ашылады) Мен кіммін? Қане, қане, қайсысың айтасыңдар?! Әп, бәрекелді! Дәл таптыңдар, мен – Сиқыршымын! Дэвид Копперфильд сияқты. Аса қадірлі ханшайымдар мен ханзадалар, бүгінгі таңғажайып қойылымға қош келдіңдер! Бұл өздерің көріп тұрғандай, А қаласының Орталық ойыншықтар дүкені. Мен де – осындағы сатылымға қойылған көп ойыншықтың бірімін! Неге екені белгісіз, ешкім алмайды! Мен жаққа бұрылып та қарамайды! Балақай, айтшы... соншалықты өңсізбін ба, а-а-а? (Айна алдында тұрғандай ары-бері қаранып) Иә, иә, сен! Әлде, Андерсеннің ана бір ертегісіндегі ұсқынсыз үйрекке ұқсаймын ба?! Қалай, қалай?! Жоқ? Хе, рақ-мет! (Масаттанып) Ал, саған қандай ойыншық ұнайды? Саған ше? Түсінікті! Маған ба? Маған, маған... Доп! Қызыл, жасыл, сары, қоңыр, көк, түрлі-түсті доптармен ойнағанды жақсы көремін. Біз – ойыншықтар кеш батқанда тірілеміз, бойымызға жан бітеді! Өйткені, оған шейін адамдар дүкен ішін аралап, арлы-берлі жүреді. (Қолындағы сиқырлы таяқты қатып тұрған ойыншықтарға тигізгенде, жаңағылар қозғала бастайды) Ояныңдар, ойыншықтар! (Музыка. Олар қалың ұйқыдан оянғандай есінеп, одан кейін билей бастайды)

Темірғазы. Оһ! Бір орында тұра беріп, бел ауырып кетті ғой.

Қызғалдақ. Май жағу керек шығар, аға.

Темірғазы. Не-ге?

Қызғалдақ. (Әжуалап) Себебі, сен қозғалғанда шиқ-шиқ деген дыбыс естіледі.

Темірғазы. Ей, менен аулақ жүр. Әйтпесе, төбеңнен төмпештеп, миыңды аузыңа түсіремін.

Жылқыхан. (Мырс етіп) Хм, онда ми бар деп кім айтты, саған?!

Темірғазы. (Аңғалдықпен) А-а-а!

Қызғалдақ. (Жылқыханға жақтырмай қарап) Сүй-кім-сіз!

Сиқыршы. Біз жарысты бастаймыз! Құрметті көрермен! Бүгінгі сайысқа сайдың тасындай іріктелген 7 ойыншық қатысады. Соларды таныстыруға рұқсат етіңіздер! Бірінші үміткер – Жылқыхан!

Жылқыхан. Сәлеметсіздер ме, и-и-ихо?!

Сиқыршы. Екінші үміткер – темірдей қатты Темірғазы!

Темірғазы. Ассалаумағалейкүм, Алаш жұрты! Сүйіншілеріңді дайындай беріңдер, өйткені, жеңіс – менікі!

Сиқыршы. Үшінші үміткер – Барысбай!

Барысбай. Армысыңдар-бармысыңдар тәп-тәтті балапандар, мя-у-у-у!

Сиқыршы. Төртінші үміткер – Алтын адам!

Алтын адам. Уа, патшакөңілді көрермен! Мен сендерге сенемін!

Сиқыршы. Бесінші үміткер – Бөрібек!

Бөрібек. Қалдарың қалай? Үміттеріңді ақтаймын, ау-у-у!

Сиқыршы. Алтыншы үміткер – Алмагүл!

Алмагүл. Маған дауыс беріңдер, өкінбейсіңдер!

Сиқыршы. 7-ші үміткеріміз – Қыз-ғал-дақ! Қошеметтеп қояйық!

Қызғалдақ. 7 деген киелі сан, сол себепті мен жеңімпаз боламын!

Сиқыршы. Сендерді жинауымның себебін айтайын. Осы дүкеннің бастығы маған: «Ең білімді, ең өнерлі, яғни ең үздік ойыншықты анықта!..» – деген тапсырма берді. Мұраты – жаһандану жағдайындағы дүкенаралық бәсекелестікті күшейту, саннан гөрі, сапаға көшу екен.

Барысбай. Жақсы бастама... қолдаймын!

Сиқыршы. Жүлдегер Багам аралдарындағы Орталық ойыншықтар универмагына 7 күнге жолдама алып, бір жағынан демалып, екінші жағынан тәжірибе алмасады!

Алмагүл. Алақай!

Темірғазы. Багам аралдары деген не?

Бөрібек. Мен қайдан білемін?!

Сиқыршы. Багам аралдары дегеніміз Атлант мұхитында орналасқан, 700-ден аса аралдардан құралған архипелаг. Оның ішінде әлі адам аяғы баспаған, ешкім тұрмайтын елсіз, сондай-ақ Үлкен Багама, Парадайз секілді туристер демалатын аралдар да бар екен. Енді, түсінікті болды ма?

Темірғазы. Иә!

Қызғалдақ. Мен қалайда бірінші орын аламын. Онда маған киім-кешек, аяқ-киім, шетел төлқұжатын, фотоаппарат, сөмке, көзілдірік, косметика, Күн сәулесінен қорғайтын крем... (Саусақпен санап) дайындау керек.

Алмагүл. Пысығын қарай гөр, мұның. Алдын-ала тон пішпе, ұқтың ба?!

Қызғалдақ. Өзім білемін.

Сиқыршы. Ойыншықтар Пірі – Ойын-Ата кімді қолдайтынын және Сәттілік-Фортуна кімге серік болатынын ешкім білмейді. Еш-кім!

Жылқыхан. Мен жеңемін. Себебі, жүйрікпін.

Темірғазы. Жоқ, мен жеңемін. Өйткені, мықтымын.

Бөрібек. Жо-жоқ, мен жеңемін, мен. Себебі... себебі...

Алмагүл. Туй, тыныш, тыныш!

Қызғалдақ. Айта беріңізші, Сиқыршы аға!

Сиқыршы. Дүкен бастығы мұнымен шектелген жоқ. Жолдамадан бө-лек... (Қызықтырып)

7-і. Жолдамадан бө-лек...

Сиқыршы. Жеңімпазға ақшалай сыйлық, ойыншық Камаз, алтын алқа мен мадақтама беріледі.

Қызғалдақ. Уф, жан-ай, мына сөзден соң ауа жетпей кетті ғой, тегі.

Барысбай. Біз 7-міз. Арамыздан біреуі оқ бойы озып шығады. Қалғаны қайтпек, сонда?

Сиқыршы. Алтауы ахалай-махалай болады.

Алмагүл. Ол қалай?

Сиқыршы. Дүкеннен кетеді, нақтырақ айтқанда, фшт (сықырып), ұшады.

Алмагүл. Ой, ондай да бар ма?

Сиқыршы. Тәртіп – бәріне ортақ! Егер, бағынбаймыз десеңдер...

7-і. Жо-жоқ, о не дегеніңіз!

Сиқыршы. Дүкен бастығы доданы әділ де адал өткізу мақсатында Қазылар алқасын алып тастады. Есесіне, барлық ұпайды Құлтемір, кәдімгі Робот қойып отырады.

7-і. Ро-бот?

Сиқыршы. Иә, Робот!

Бөрібек. Онда сезім де, жүйке де, жүрек те жоқ қой.

Сиқыршы. Жоқ екені рас. Алайда, Бізден артықшылығы көп. Бұл – Жапониядан арнайы алдырылған құрылғы, жаңа заман талабына сәйкес жасалынған «Жасанды сана». Ол қимыл-қозғалыс, мимика, пластика, қылаяғы сөйлеу мәнеріне шейін мән береді. Құлтеміріміз билей алады. Абрака-дабрака, ахалай-махалай, уф-суф! (Сиқыршы сиқырлы таяғын Роботқа тигізгенде, ол билей бастайды. Музыка. Би)

Алмагүл. Керемет!

Құлтемір. Менің атым – Робот, қазақ мені Құлтемір дейді. Сенің атың кім?

Жылқыхан. Жы-Жы-Жылқыхан!

Құлтемір. Әдемі есім екен. Жы-Жы-Жылқыхан!

Алмагүл. Ол сөйлей алады екен...

Сиқыршы. Айттым ғой.

Құлтемір. Сөйлей аламын, әрине. (Күліп)

Алмагүл. Қараңдар, күліп жатыр.

Құлтемір. Сенің атың кім?

Алмагүл. Алмагүл!

Құлтемір. Танысқаныма қуаныштымын, Алмагүл! Алма мен гүл сөздерінен туындаған есім емес пе?

Алмагүл. Мәссаған, ақылдысын қарай гөр.

Құлтемір. Мен тамақ ішпеймін, ұйықтамаймын, пара алмаймын.

Қызғалдақ. Қап!

Құлтемір. Не дедіңіз?

Қызғалдақ. А, жай әншейін.

Сиқыршы. Төрлет Құлтемір!

Құлтемір. Рақ-мет!

Сиқыршы. Көрдің ғой Бөрібек! Есіңде болсын, санау үшін сезімнің қажеті шамалы. Математика қажет, математика!

Жылқыхан. (Темірғазыға сыбырлап) Ей, Темір-терсек! Математика деген не?

Темірғазы. Білмеймін.

Сиқыршы. Жарыс үш кезеңнен тұрады. Біріншісі білім, екіншісі өнер, үшіншісі ұлттық ойындар сайысы. Бәріңе сәттілік тілеймін!

Құлтемір. Сезім жоқ дейді ғой? Неге жоқ? Бар! Көресіңдер, әлі! Ех-х-х, әлсіз жаратылыссыңдар ғой. Бірде көл, бірде шөл. Тез ренжисіңдер, ашушаңсыңдар. Денсаулық сыр беріп, сырқаттансаңдар көздерің шүңірейіп, беттерің үңірейе қалады. Бүгін айтқанды ертең естеріңе түсіре алмай әлек боласыңдар. Ха-ха-ха! Жадыларың нашар, жандарың нәзік. Күн демей, түн демей жұмыс істеуге қабілетсізсіңдер. Е-е-е-е, айтып, айтпай не керек, кем-кетік көп, сендерде. Мен мықтымын, бәрінен тәуелсізбін. Білімнен де, өнерден де, ойыннан да 5-пін. 6 деуге де болады. Мен бұлардан өткен білімдармын әрі сезімталмын. Мыналар өздерінше сайыс өткізбекші екен. Желкесі үзілгір 7 ақымақтың әуселесін көрейік. Хе-хе-хе...

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Сиқыршы. Ойыншықтар! Бірінші кезеңнің шартымен таныстырып өтейін. Сендерге 7 сұрақ қойылады. Әр дұрыс жауапқа – бір ұпай, ал ойлануға 7 секунд уақыт беріледі! Және «Көрермен көмегі» деген жеңілдік бар. Түсінікті ма?

7-і. Иә!

Сиқыршы. Онда бастайық! Абрака-дабра, ахалай-махалай, уф-суф! (Сиқырлы таяғын Көкке көтереді. Гонг) Францияның астанасы?

Темірғазы. Оны бәрі біледі ғой.

Сиқыршы. Сен ше?

Темірғазы. Білмеймін!

Сиқыршы. Жауап бар ма?

Жылқыхан. Павлодар!

Сиқыршы. Дұрыс емес, Париж!

Жылқыхан. Ай-ай-ай, сәл ғана жетпей қалды.

Сиқыршы. 5 жердегі 5-ім – 25, 6 жердегі 6-м – 36, ал 7 жердегі 7-м қанша болады екен?

Қызғалдақ. Ой, қиын ғой. Нұсқалары бар ма?

Сиқыршы. Жоқ.

Қызғалдақ. Онда, 19!

Сиқыршы. Жоқ!

Жылқыхан. 29!

Сиқыршы. Дұрыс емес.

Темірғазы. 39!

Сиқыршы. Қате!

Барысбай. 59!

Сиқыршы. Мүлт кеттің!

Алтын адам. 79!

Сиқыршы. Ойлан!

Бөрібек. 99! (Даусы қатты шығып)

Сиқыршы. Өзің – 99. Ешкім таппады. 7-ге 7-ні көбейтсе, 49 болады!

Жылқыхан. Бір сан ғана жетпеді.

Алмагүл. Сиқыршы мырза! Сұрақтарыңыз өте қиын екен. Жеміс-жидек, көкөніс туралы қойыңызшы, өтініш. Әсіресе, алма...

Темірғазы. Темір...

Жылқыхан. Жылқы жөнінде...

Сиқыршы. Олай болмайды, ойыншықтар! Жалғастырамыз! Сиырдың төлін қалай атаймыз? Уақыт өтті.

7-і. Мен айтайыншы, мен айтайыншы.

Сиқыршы. Баста Барысбай.

Барысбай. Қозы.

Сиқыршы. Таппадың.

Алмагүл. Қозы ол қойдікі ғой. Бота.

Темірғазы. Жоқ, ол түйенің төлі.

Алмагүл. Қойдікі.

Темірғазы. Түйенікі деймін.

Сиқыршы. Ойыншықтар таппай жатыр. Қане, кім айтады балалар? Сиыр төлін қалай атаймыз?

Жылқыхан. Баласы ма?

Сиқыршы. Иә.

Бөрібек. Оп-оңай емес пе?! Құлын.

Жылқыхан. Құлын менің інім ғой.

Сиқыршы. Сен не дейсің Алтын адам? Білетін сияқтысың.

Алтын адам. Меніңше, Бұзау!

Сиқыршы. Дөп тидің! 1 ұпай.

Жылқыхан. (Кекетіп) А, солай ма?

Алтын адам. Иә, солай екен!

Сиқыршы. Мұқият тыңдаңдар! Әліппедегі ең бірінші әріп қандай?

Барысбай. Сұрақ деп осыны айт.

Алмагүл. Бірінші әріп, бірінші әріп... Ғ!

Сиқыршы. Дұрыс емес.

Темірғазы. Ң.

Сиқыршы. Жоқ.

Алтын адам. Я шығар.

Бөрібек. Иә, саған. Қаһарман дегендегі Һ.

Сиқыршы. Таппадыңдар. Сонымен?

Қызғалдақ. «Көрермен көмегін» аламыз.

Сиқыршы. Онда, сұрақты қайталап оқиын. Әліппедегі ең бірінші әріп қандай? Дұрыс! А! Ал, а әрпінен басталатын қандай сөз білесіңдер ойыншықтар?

Алмагүл. Алма!

Барысбай. Ас.

Бөрібек. Ата.

Темірғазы. Айфон.

Алтын адам. Алтын.

Қызғалдақ. Ақша.

Жылқыхан. Африка.

Сиқыршы. Сендер ше балалар? Жарайсыңдар, жалғастырамыз. Бір жылда қанша ай бар? 7 секунд өтті.

Бөрібек. 17.

Темірғазы. 27.

Жылқыхан. 10.

Алмагүл. 8!

Сиқыршы. Кім айтады? Ойланып көр Қызғалдақ. Сен білесің деп ойлаймын.

Қызғалдақ. 12!

Сиқыршы. Мәләдес, бүгін саған баға бес! 1 ұпай.

Алмагүл. Тоқтатыңыз, сайысты.

Сиқыршы. Не боп қалды?

Алмагүл. Мен ары қарай ойнамаймын.

Қызғалдақ. Хм, тіптен жақсы.

Алмагүл. Сіз Қызғалдақ пен Алтын адамға көмектестіңіз. Бәрін көріп тұрмын. Сіз мұны әдейі істеп отырсыз.

Сиқыршы. Олай емес, шын айтамын.

Алмагүл. Жоқ дедім ба, жоқ.

Сиқыршы. Тоқта!

Қызғалдақ. Кетсе, кетсін.

Сиқыршы. Қызық екен, өздері.

Жылқыхан. Ол сондай, мән бермеңіз!

Темірғазы. Жалғастырайық!

Сиқыршы. Бұл қалай болғаны?! Таңқалып тұрмын.

Алтын адам. Біз – ойыншықтар ақкөңілміз, кекшіл емеспіз. Тез ренжіп, тез қайтамыз. «Жақсының ашуы шайы орамал кепкенше!» – деуші еді ойыншық-әжем. (Алмагүл, Барысбай және Бөрібек қайта келеді) Көрдіңіз бе? Айттым ғой.

Алмагүл. Нені айттың?

Алтын адам. Жай әншейін.

Алмагүл. Ойнайтын боп шештім!

Қызғалдақ. Сол кеткеннен келмей-ақ қоймадың ба?!

Алмагүл. Өзім білемін, үйретпе.

Жылқыхан. Мына жалғанда бақ-дәулеттен бас тартқанды әлі көрмеппін. (Алмагүл тілін шығарады)

Сиқыршы. Жалғастырайық! Бірақ, мұндай қылықты екінші рет қайталама.

Алмагүл. Кешіріңіз.

Сиқыршы. Қазақ халқы «Ұлыстың Ұлы күні» деп қай күнді атайды? Және осы күні күн мен түн теңесіп, елдер бір-бірін қонаққа шақырып, көже ішеді. Ойлануға берілген уақыт өтті.

Алмагүл. Әз-Наурыз!

Сиқыршы. Дұрыс! Маған ренжіп едің Алмагүл, әне сен де 1 ұпай еншіледің.

Алмагүл. Рақмет.

Сиқыршы. Соңғы 7-ші сұрақ. Ат әбзелдерін атаңдар?

Барысбай. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» деген.

Сиқыршы. Рас, рас. Белсендірек, ойыншықтар! Олай болса, балалардан сұрап көрелік. Қандай ат әбзелдерін білесіңдер? Қане, қане. Айта ғой. Керемет!

Жылқыхан. Жауап берейінші.

Сиқыршы. Әрине.

Жылқыхан. Ертоқым, тебінгі, үзеңгі, жүген, құйысқан, өмілдірік...

Сиқыршы. Жетеді, жетеді. Бәрекелді. 1 ұпай.

Жылқыхан. Мұны маған Қамбар-Атам айтқан.

Сиқыршы. Тағы не үйретті?

Жылқыхан. Сиырдың пірі – Зеңгі баба, Түйенің пірі – Ойсыл қара, Қойдың пірі – Шопан ата, Ешкінің пірі – Сексек ата.

Сиқыршы. Жарайсың Жылқыхан! Білімді екенсің.

Жылқыхан. Білемін!

Сиқыршы. Құлтемірге қарайық. Сөйтіп, 1-ші кезең қорытындысы бойынша Қызғалдақ, Алмагүл, Алтын адам мен Жылқыханда бір-бір ұпайдан. Кім жеңімпаз атанатыны белгісіз. Сондықтан бүкіл қызық әлі алда деп білеміз. 7 минөттық үзіліс жариялаймын. Одан соң жарысты жалғастырамыз.

Қызғалдақ. (Сыбырлап) Ей, Робот! Робот!

Құлтемір. Құлтемір де.

Қызғалдақ. Құлтемір!

Құлтемір. Тыңдап тұрмын.

Қызғалдақ. Көмектесші.

Құлтемір. Қалайша?

Қызғалдақ. Маған жоғары ұпай қойып отыршы. Өйткені...

Құлтемір. Мен арақ ішпеймін, арам емеспін, темекі шекпеймін, қыдырмаймын, пара алмаймын.

Қызғалдақ. Сөзді бөле бермей, тыңдашы, енді.

Құлтемір. Маған бұйырып сөйлеме!

Қызғалдақ. Не істеп аласың?

Құлтемір. Ашуыма тисең қырсығып қаламын да баллыңды төмендетіп тастаймын. Сөйтіп, ең соңынан санағанда бірінші боласың.

Қызғалдақ. Кешірші, кешірші, Құлтемірім! Мен өмірімде сендей ақылды, сендей жақсы Роботты әлі кездестірмедім. Шын айтамын. Дос болайықшы!

Құлтемір. Өтірік мақтама. Менде дос жоқ.

Қызғалдақ. Туф, Құдай-ай!

Құлтемір. Күрсінбе.

Қызғалдақ. Қалай күрсінбейсің?! Мұндай мүмкіндік күнде берілмейді, түсінші.

Құлтемір. Мен арақ ішпеймін, арам емеспін, темекі шекпеймін, қыдырмаймын, пара алмаймын.

Қызғалдақ. Онда былай істейік. Сен маған бірінші орынды алуыма көмектессең, жүлдені теңдей бөлеміз.

Құлтемір. Мен арақ ішпеймін, арам емеспін, темекі шекпеймін, қыдырмаймын, пара алмаймын.

Қызғалдақ. Қайтсем екен, а?! Бопты, ойыншық Камазды аласың және қалғанын теңдей бөлеміз.

Құлтемір. Келістік! (Қолын созады)

Қызғалдақ. Келістік! (Екеуі қол алысады)

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Сиқыршы. Қалай, дайынсыңдар ма?

7-і. Иә!

Сиқыршы. Сендер ше балалар? Бәрекелді! Онда 2-ші кезеңді бастаймыз. Абрака-дабра, ахалай-махалай, уф-суф! (Сиқыршы сиқырлы таяғын Көкке көтереді. Гонг) «Өнерлінің өзегі талмас» дегендей, мұнда ойыншықтар өз өнерін жұртшылыққа паш етеді. 7 минөт уақыт беріледі. Сол аралықта ойыншықтар ұлттық аспаптарда ойнап, би билеп, әннен шашу шашады. Солай ма?

7-і. Иә.

Қызғалдақ. Темірғазы!

Темірғазы. Не?

Қызғалдақ. Жаныңа жақын салаңды айтшы.

Темірғазы. Металлургия!

Қызғалдақ. А-а-а, металлургия! (Саусағын шошайтып күледі)

Темірғазы. Күлме, ұқтың ба?! Онда бар ғой... Ух-х-х!

Қызғалдақ. Ой! (Қаша жөнеледі)

Темірғазы. Ал, Барысбайдың сүйікті үй жануары қандай екенін білесіңдер ме, ойыншықтар?!

Алмагүл. Қандай?

Жылқыхан. Қандай?

Темірғазы. Мысық!

Алмагүл. Мы-сық?!

Темірғазы. Иә, мысық! (Екеуі қосылып күледі)

Алмагүл. Мысық, көзі қысық! Мысық, көзі қысық!

Барысбай. Саған сыр айту бекер екен, Темірғазы.

Темірғазы. Кешірші, бауырым. Әтиі емес. Мен саған құпия сақтай алмаймын деп ем ғо. Бәрін айтқым келіп тұрады.

Барысбай. Сендейлерді ашық ауыз дейді.

Сиқыршы. Кім бастайды, ойыншықтар?!

Қызғалдақ. «Қыздың жолы – жіңішке» дегендей, мен бастайыншы. Атым – Қызғалдақ, затым – гүл болғандықтан, бала кезден-ақ по-о-оэзияға құштар боп өстім.

Сиқыршы. Тамаша.

Темірғазы. Поэзия деген не?

Қызғалдақ. Ол қарапайым тілмен айтқанда өлең! «Қол өнері – кілемде, сөз өнері – өлеңде!» – деуші еді ғой ойыншық-атамыз, естеріңде ме?

Темірғазы. А-а-а, иә, иә!

Сиқыршы. «Қолында өнері бардың, аузында өлеңі бар!» – депті ғой, баяғыда бір ойыншық-кісі. Ал, тыңдап көрелік!

Қызғалдақ. (Музыка. Асықпай оқып)

Аю отыр партада,

Екі қолы қалтада.

«А!» – дейді, «б!» – дейді,

«Р»-ға тілі келмейді!

деген өлең ұнамайды (Музыка бірден тоқтайды). Бұған бәрі әуес. Сондықтан, таңдаңдар! Қазақ ақынының өлеңін оқиын ба, әлде шетелмен шектелейін бе?

Бөрібек. Маған шетел қызық емес, қазақтан оқы.

Қызғалдақ. Бөрібек, ана жердегі ойыншықты көрдің ғой?

Бөрібек. Көрдік, ал, не бопты?

Қызғалдақ. «Монстр Хай» қай елдікі?

Бөрібек. Америка шығар.

Қызғалдақ. Ал анау ше?

Бөрібек. «Маша мен Аю» ма?

Қызғалдақ. Иә, ол Ресейдікі.

Бөрібек. Анау?

Қызғалдақ. Бұл – «Кубик Рубик». Венгрия.

Бөрібек. Мынау?

Қызғалдақ. Ол – Лего! Дания! Демек, Біз мәдени, эко-о-омикалық интеграцияға енген ойыншықтармыз. Сондықтан, басқалармен де бәсеке түсеміз.

Бөрібек. (Басын арлы-берлі шайқап) Тр-р-ру! Түсінікті тілде сөйлеші Қызғалдақ! Эк... эк... эк... тфуй! «Бәсеке» дегенді ғана ұқтым.

Алмагүл. Байқасам, Қызғалдақ өзі мақтаншақ екен.

Бөрібек пен Алмагүл. Қызғалдақ – мақтаншақ, Қызғалдақ – мақтаншақ, Қызғалдақ – мақтаншақ!

Сиқыршы. Ойыншықтар! Ойыншықтар! Абай атамыз айтқандай: «Әдептен озбайық!». Жалғастыра ғой, Қызғалдақ!

Қызғалдақ. Рақмет, Сізге! Хм! (Бөрібек пен Алмагүлге менсінбей қарап) Фет, Кэрролл, Перро, Родари... немесе Алтынсарин, Әлімбаев, Бегалин, Мақатаев, қайсысы?

Барысбай. Қазақ!

Алтын адам. Шетел!

Алмагүл. Бір қазақ, бір шетел! Оқышы тез.

Қызғалдақ. Әу бастан сөйтіп ойлағанмын. Қандай тақырыптағы өлеңді оқиын?

Алмагүл. Кез келген.

Қызғалдақ. «Кез келген» деген болмайды. Отан, туған жер, табиғат, білім, бірлік, бейбітшілік?

Алмагүл. Бейбітшілік.

Қызғалдақ. Өкінішке қарай, ол туралы жаттамадым.

Темірғазы. Әйтпесе, бірлік!

Қызғалдақ. Оны да!

Бөрібек. Ру-х-х-х!

Қызғалдақ. Ол да жоқ.

Алмагүл. Кішкентай кезінен көп сөйлеуші еді, әлі сондай!

Қызғалдақ. Сендерден сұрағаннан пайда жоқ. Оданда патшакөңілді көрермен айтсын. Қандай өлең оқиын, балалар? Біреу: «Отан!» – деді. Жалпы, мен өмірімде екі-ақ өлеңді жадыма тоқып өсіппін. Біріншісі – Отан, ал екіншісі де – Отан туралы. Ал, бір, екі, үш...

Алмагүл. Болшы, енді, тез-тез!

Қызғалдақ. Егер асығыс болсаң, есік әне! Біле-білсең, сөзді бөлу – мәдениетсіздіктің белгісі! Дұрыс па балалар? Бір, екі, үш...

Алмагүл. Бір, екі, үш демей-ақ, бастай берші.

Қызғалдақ. Менің жаным нәзік. Жылап қалуым мүмкін.

Жылқыхан. Өтірік айтады. Қарындасымды бес саусағымдай білемін ғой.

Алмагүл. Актриса! Сиқыршы мырза, Қызғалдақ уақытты созып жатыр.

Қызғалдақ. Олай емес.

Алмагүл. Солай!

Қызғалдақ. Олай емес. (Жылайды) Әне, жылаттыңдар, мені!

Жылқыхан. Көзінен жас та шыққан жоқ, қараңдаршы.

Бөрібек. Бәрі саған қарап тұр, Қызғалдақ. Жолды бөгеме! Жылаңқылар бұл сайысқа қатыспайды.

Қызғалдақ. (Жасын сүртіп) Мен жылаңқы емеспін. Өлең оқимын дедім ба, оқимын! Ұқтыңдар ма?

Бөрібек. Оқымайсың!

Қызғалдақ. Оқығанда қандай!

Бөрібек. Оқымайсың, себебі оқи алмайсың, білдің бе?!

Қызғалдақ. Тыңда, онда! (Бөрібек құлағын жабады) Бір, екі, үш...

Жылқыхан. Бойға жина күш! Ихо-хо!

Қызғалдақ. Неге бөлесің, Жылқыхан?

Жылқыхан. Дұрыс қой, енді, бір, екі, үш, бойға жина күш!

Қызғалдақ. Ұмытып қалдым, ал. Мұраттарың – сүріндіру еді. Құттықтаймын!

Алмагүл. Рақмет, рақмет!

Жылқыхан. Сиқыршы ағай! Қызғалдаққа берілген уақыт бітті. Санап отырдым.

Сиқыршы. Онда келесі үміткер шықсын.

Қызғалдақ. Мен ше?

Сиқыршы. Регламентты қатаң сақтайық, үміткерлер.

6-ы. Иә, дұрыс айтасыз, қатаң сақтайық.

Құлтемір. Ойыншықтар! Қызғалдақтың сөзін бөлмеңдер! Тынышталыңдар. Келістік пе?

Жылқыхан. Өзі ғой.

Сиқыршы. Төрешінің сөзі – заң.

Қызғалдақ. Қалай еді?! А, енді есіме түсті. Бір, екі, үш... Мұқағали Мақатаев. «Отан». (Музыка)

Отан!

Сен болмасаң, не етер ем?

Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,

Өмірден бұл өксуменен кетер ем.

Құс ұясыз,

Жыртқыш інсіз болмайды.

Отансыз жан өмірінде оңбайды.

Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.

Тірі адамға – сол қайғы!

Күн көреді,

Әкесіз де, анасыз,

Өмір сүрер.

Әйелсіз де, баласыз,

Ал Отансыз –

Нағыз сорлы панасыз?

Білесің бе,

Отанның сен не екенін?

(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім)

Екі Отан жоқ.

Жалғыз Отан – мекенің!

Бөрібек. Жаман емес!

Алмагүл. Жоқтан жоғары.

Қызғалдақ. Жұп болсын! Афанасий Фет. «Из дебрей туманы несмело»:

Из дебрей туманы несмело

Родное закрыли село;

Но солнышком вешним согрело

И ветром их вдаль разнесло.

Знать, долго скитаться наскуча

Над ширью земель и морей,

На родину тянется туча,

Чтоб только поплакать над ней.

Мен ағылшынша да өлең білемін. Роберт Бернс. «My heart is in the Hiqhlands»:

My heart's in the Hiqhlands, my heart is not here,

My heart's in the Hiqhlands a-chasing the deer –

A-chasing the wild...

Сиқыршы. Осы да жетер.

Темірғазы. Уф, бітті ма, әйтеуір!

Жылқыхан. Өлең күшті, бірақ орындалу жағы осал.

Алтын адам. Келіспеймін, жақсы шықты, браво!

Темірғазы. Түк түсінбедім!

Сиқыршы. Бәрекелді! 2 кезеңде Құлтемір 1-ден 10-ға шейін баға қояды. Назар аударайық! Сонымен, Қызғалдақта 10 ұпай!

Қызғалдақ. YES!

Алмагүл. Қалай сонда, Сиқыршы мырза? Қызғалдақ регламентты сақтамады. Оған қоса, өлеңді нашар оқыды.

Жылқыхан. Оның даусы құлаққа жағымсыз естіледі.

Сиқыршы. Егер Жапониядан арнайы алдырылған ақылды Құлтемір жоғары балл қойса, онда үміткер соған лайық деген сөз.

Құлтемір. Иә! Егер, біреуге жарыстың өту барысы, төрешінің шешімі ұнамаса, онда қатыспай-ақ қойсын.

Алмагүл. Бұл – әділетсіздік.

Құлтемір. Қызғалдақ сенен дарынды.

Алмагүл. Оны қайдан білесіз?

Құлтемір. Сеземін.

Бөрібек. Сеземін дейді. (Темірғазыға) Сезімі жоқ дегенің қайда?

Темірғазы. Қайдан білейін. Бар шығар.

Алмагүл. Мен әлі өнер көрсеткен жоқпын ғой.

Құлтемір. «Алуан түрлі жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген, шама-шарқың белгілі боп тұр.

Алмагүл. Қателесесіз.

Сиқыршы. Сайыстың шартына сәйкес қазыға қарсы шығуға болмайды.

Алмагүл. Анау болмайды, мынау болмайды...

Сиқыршы. Келісіп алайықшы, ойыншықтар. Ортаға шығып, өнер көрсеткен соң, үндемей орындарыңа тұра қаласыңдар. Келесі кім?

Жылқыхан. Екінші боп мен шығайыншы. «Қаражорға» биі. Маэстро, музыку! (Билейді)

5-і. Жыл-қы-хан! Жыл-қы-хан! Жыл-қы-хан! (Қызғалдақтан басқасы)

Сиқыршы. Құлтемірге назар аударайық. 10! Жарайсың, Жылқыхан!

Бөрібек. Мен дәстүрлі ән айтсам.

Сиқыршы. Құптаймыз. Авторы?

Бөрібек. Жаяу Мұсаның «Ақсисасы». (Ән айтады)

Сиқыршы. 9 ұпай!

Барысбай. Мен күй тартамын.

Сиқыршы. Қандай?

Барысбай. Күй атасы – Құрманғазының «Сарыарқасы».

Сиқыршы. Іске сәт! (Барысбай күй тартады) Керемет! Құлтемірге қараңдар! 10 ұпай! Ғажап!

Темірғазы. Мен ойыншық-бала кезден-ақ қобызға жақын ем. Сондықтан, сол аспапта ойнап берейін.

Сиқыршы. Қобыз дегенде ойға бірден Қорқыт атамыз оралады.

Темірғазы. Рас, рас.

Сиқыршы. (Темірғазы қобызда ойнайды) Бәрекелді! Ал... 9 ұпай! 2-ші кезең ойыншықтар үшін олжалы болды. Келесі үміткеріміз – Алтын адамды ортаға шақырайық.

Алтын адам. Маған әкем: «Жаудан қорғану аса қажет болады!» – деп қылыштасу өнерінің қыр-сырын үйреткен еді.

Сиқыршы. Олай болса, баста. (Алтын адам қылышпен түрлі қимылдар жасайды)

Бәрі. Ал-тын адам! Ал-тын адам! Ал-тын адам!

Сиқыршы. 9 ұпай. Жақсы нәтиже. Соңғы үміткеріміз – Алмагүл. Қарсы алыңдар.

Алмагүл. Жылқыхан секілді мен де би билеймін.

Сиқыршы. Мархабат!

Алмагүл. Қазақтың ұлттық биі – «Қамажай». (Билейді. Билеп жатқанда Қызғалдақ музыканы өшіріп тастайды) Не боп қалды? Музыканы қосыңыздаршы. (Музыка қосылады. Бірақ Қызғалдақ оны қайтадан өшіріп тастайды) Туй, кім өшіре береді?

Бәрі. Білмейміз.

Алмагүл. Бәрін құрттыңдар, әне.

Сиқыршы. Өзім қадағалап тұрамын, Алмагүл, биле. (Алмагүл билеп болады) Ғажап би. Сонымен... сонымен... Құлтемір ойланып отыр. Күте тұрайық. 9 ұпай! Құттықтаймыз!

Алмагүл. Неге 9? 10 ұпай алуға лайықтымын ғой.

Құлтемір. Әлі 3-ші кезең бар, Алмагүл.

Сиқыршы. Қадірлі көрермен, өздеріңіз куә болғандай, ойыншықтардың бәрі шетінен өнерлі екен. 2-ші кезең қорытындысы бойынша үміткерлеріміздің жинаған жалпы ұпай саны төмендегідей: Қызғалдақ – 11, Жылқыхан – 11, Алмагүл – 10, Бөрібек – 9, Барысбай – 10, Темірғазы – 9, Алтын адам – 10. Қызғалдақ пен Жылқыхан алға озды. Қарап отырсақ, сайыс барған сайын қыза түсуде. Кім жеңіске жеткені соңғы кезеңде белгілі болмақ. Аз ғана үзілістен соң қайта ораламыз. Бізден алыстамаңыздар.

Қызғалдақ. Жарайсың, Құлтемір! Рақмет, саған. Соңғы кезең қалды. Содан аман-есен алып шық. Айнып кетпе.

Құлтемір. Мен арақ ішпеймін, арам емеспін, темекі шекпеймін, қыдырмаймын, пара алмаймын.

Қызғалдақ. Иә, иә, білемін. Келіскендей ғой. Камаз – сенікі. Қалғанын қақ бөлеміз.

Құлтемір. Бірақ, бұл пара емес, бұл – нәсіп.

Қызғалдақ. Иә, нәсіп, нәсіп. (Сыбырлап) Қуын қарай гөр.

Құлтемір. Не дедің?

Қызғалдақ. Жай, ештеңе. Мен кеттім, онда.

Алмагүл. Ей, Жылқыхан!

Жылқыхан. Не болды?

Алмагүл. Қарашы, Қызғалдақ Құлтемірдің жанында жүр.

Жылқыхан. Не бопты?

Алмагүл. Жоқ, жоқ, екеуі сөйлесіп, ақылдасуда. Соған қарағанда ым-жымы бір-ау!

Жылқыхан. Білмеймін ғой.

Алмагүл. Бағана Құлтемір Қызғалдаққа жақтасқанда жүрегім бір нәрсені сезіп еді.

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Сиқыршы. Жалғастырайық. 3-ші кезең «Ұлттық ойындар» сайысы деп аталады. Абрака-дабра, ахалай-махалай, уф-суф! (Сиқырлы таяғын Көкке көтереді. Гонг) Ойын шартын түсіндіріп өтейін! Сендерді екі топқа бөлемін. Сайыскерлер саны тең емес екендігін ескере отыра, үш мықты – Барысбай, Темірғазы және Жылқыхан бір жұп, Қызғалдақ, Алмагүл, Алтын адам мен Бөрібек екінші жұп болмақ. Қазақтың ұлттық ойындары ептілік, батылдық, тапқырлық, адами қасиеттерге баулуға бағыттап, жылдамдық пен күш-қуатты қажет етеді. Бес ойын ойнаймыз. Құлтемір жеңген топтың ішіндегі ең белсенді ойыншыққа 10 ұпай қояды. Біріншісі «Арқан тартыс». Бойларыңа қарай рет-ретімен тұрыңдар. Мына ортадағы сызықтан асып кеткен топ жеңіледі. Дайынбыз ба?

7-і. Иә!

Алмагүл. Кешіріңіз, Сиқыршы мырза. «Арқан тартысқа» қыздар да қатыса ма?

Сиқыршы. Негізі, ерлер ғана. Бірақ, айналдырған 7-ің ғана болғандықтан амал нешік?!

Алмагүл. Түсінікті.

Сиқыршы. Іске сәт! Онда, кеттік!

Темірғазы. Қайда?

Сиқыршы. Басталды!

Темірғазы. А-а-а!

Сиқыршы. (Ойыншықтар арқан тартады) Бірінші топ жеңді.

Қызғалдақ. Білім ем.

Алтын адам. Енді, олар мықты ғой.

Сиқыршы. Ұнжұрғаларың түспесін, әлі де мүмкіндік бар. Есеп 1-0.

1-ші топ (Барысбай, Темірғазы, Жылқыхан). Ура!

Сиқыршы. Жалғастырамыз. Екінші ойын «Теңге алу», бұл – қазақтың атпен ойнайтын ұлттық ойыны. Мұнда ердің атқа мықтылығы мен ат үстіндегі самдағайлығы сыналады. Ол үшін әр топтан екі-екі ойыншықтан ортаға шығып, арғы жақтан атпен шауып келіп, ақ шүберекке түйілген тиынды іліп алуы керек.

Темірғазы. Бізден Барысбай мен Жылқыхан шықсын.

Қызғалдақ. Ал, бізден Бөрібек пен Алтын адам қатысады.

Сиқыршы. Кезек-кезек атпен шауып барамыз. Дайынбыз ба?

7-і. Иә!

Сиқыршы. Бірінші желмен жарысқан жүйрік – Жылқыхан бағын сынап көрсін. Ай-ай-ай. Өкінішті-ақ! Екінші боп додаға Алтын адам араласты. Болмады. Ендігі, кезек Барысбайда. Қап! Соңғы үміт – Бөрібекте. Сонымен... Жарайсың, Бөрібек. (2-ші топ ойыншықтары қуанады. Қызғалдақ, Алмагүл, Бөрібек және Алтын адам) 1-1, есеп теңесті! «Не бел кетеді, не белбеу кетеді» дегендей, ойыншықтар оңайшылықпен берісер емес. Келесі ойын «Қыз қуу». Ертеде оны «Қыз қашар», «Қыз қуалар» деп те атаған екен. Сол заманда жігіт жарыста жеңілген жағдайда, қызбен некелесу құқынан айырылған. Ал, егер қыз жеңілсе, ол жігітке қалыңмалсыз-ақ тұрмысқа шыққан.

Темірғазы. Қызғалдақ менің қарындасым ғой.

Қызғалдақ. Туй, Темірғазы, бұл ойын ғой.

Темірғазы. А-а-а, қайдан білейін.

Сиқыршы. Әгәрәки, жігіт қуып жетіп, қыздың бетінен сүймесе, қыз оны қамшының астына алады.

Темірғазы. Онда ойнамаймын.

Қызғалдақ. Қорқақ, қорқақ.

Сиқыршы. Еркек деген атың бар ғой. Намысқа тырыс!

Темірғазы. Жа-рай-ды!

Сиқыршы. Ара-қашықтықты сақтайық.

Темірғазы. Қанша?

Сиқыршы. 10-15 метр. Жарысқа қатысушыға бір-бірінің атын тоқтатуға, алдын бөгеуге рұқсат жоқ. Бір айналып шығасыңдар. Мәреге кім бірінші боп жетсе, сол жеңеді. Келістік қой?

Екеуі. Келістік.

Сиқыршы. Дайындалыңдар! Басталды. Қызғалдақ жеңді.

Темірғазы. Шаршадың ба?

Қызғалдақ. Иә!

Темірғазы. Мен де... шаршадым! Сабамашы, мені.

Сиқыршы. Бірақ, ырымын жасап қой. (Қызғалдақ оның арқасынан бірді тартады) Есеп 2-1. 2-ші топ алға озды. Ендігі кезекте «Ұшты-ұшты» ойыны. Бұл – сайыскерлердің зеректігін, ой ұшқырлығын дамытатын ойын түрі. Мен ұшатын және ұшпайтындарды араластырып айтамын. Дұрыс-бұрыстығына қарай қолдарыңды көтересіңдер. Қай топ ойыншықтары көп жаңылысса, сол ұтылады. Бәрі түсінікті ма?

7-і. Иә!

Сиқыршы. Онда бастадық! Ұшты, ұшты сұңқар ұшты. (Бәрі қолын көтереді) Ұшты, ұшты тұлпар ұшты. (Темірғазы қолын көтереді)

Жылқыхан. Бәрін құрттың, Темірғазы.

Темірғазы. Тұлпар ұшпай ма, не?

Жылқыхан. Әрине, ұшпайды.

Темірғазы. Қанатты тұлпар ше?

Жылқыхан. Кәдімгі, Пырақ па?

Темірғазы. Иә!

Жылқыхан. Өй, қияли. Ол аңыз ғой.

Темірғазы. А-а-а, қайдан білейін.

Сиқыршы. Жалғастырайық. Ұшты, ұшты, қарға ұшты. (Бәрі қолын көтереді) Ұшты, ұшты, арба ұшты. (Бөрібек қолын көтереді)

Алмагүл. Бөрібек!

Бөрібек. Арбаның ұшқанын өз көзіммен көргенмін, шын айтамын.

Алтын адам. (Күліп) Ертегіні көп оқыған бала ғой, бұл.

Бөрібек. Сенбейді, енді, өстіп.

Сиқыршы. Ұшты, ұшты, ұшақ ұшты. (Бәрі қолын көтереді) Ұшты, ұшты, тұзақ ұшты. (Барысбай қолын көтереді)

Жылқыхан. Ту-у-у-уй, Барысбай! Тұзақтың ұшқанын қашан көрдің?

Барысбай. Түсімде.

Сиқыршы. Ұшты, ұшты, тарғақ ұшты! (Бәрі қолын көтереді) Ұшты, ұшты, жарғақ ұшты. (Қызғалдақ қолын көтереді)

Қызғалдақ. Ой, кешіріңдерші, байқамай қалдым.

Сиқыршы. Ұшты, ұшты, тырна ұшты. (Бәрі қолын көтереді) Ұшты, ұшты, тырма ұшты. (Бөрібек қолын көтереді)

Алмагүл. Тырманың ұшқанын қашан көрдің?

Бөрібек. Басыма тигенде.

Сиқыршы. Сонымен, есеп 2-2 болды. 1-ші топ есепті теңестірді. Себебі, ондағылар екі рет, ал 2-ші топтағылар үш рет қателесті. Соңғы ойын. «Соқыртеке». Әр топтан бір-бір ойыншыдан таңдап алып, кезек-кезегімен ортаға шығарып, көзін байлаймыз. Қалғандары шеңбер бойымен тұрады. Ал, ол өз кезегінде соны ұстап алып, атын айтуға тиіс. Кім шығады?

Барысбай. Біздің топтан Жылқыхан шықсын.

Темірғазы. Иә, Жылқыхан інім жылдам ғой.

Сиқыршы. Онда сен ортаға кел. (Айналдырып-айналдырып)

Жылқыхан:

Қараңғыда көзім жоқ,

Тиіп кетсе сөзім жоқ.

Қайда кеттің қалқа жан,

Жетектейтін өзің жоқ.

Қолға түскен құтылмас,

Қала бермек көзім боп.

6-ы:

Соқыр – соқырақ,

Оң көзіңе топырақ.

Топырағын алайын,

Тотияйын салайын,

Саған бір ем табайын.

(Оны айналып қашады) А-а-а, қолыма түстің бе пәлем?!

Сиқыршы. Ол кім болды екен?

Жылқыхан. Қазір, қазір. Денесі мығым. Екі құлағы бар. Бөрібек, сен бе-ей?

Сиқыршы. Таппадың! Бұл – Барысбай.

Жылқыхан. Әттеген-ай!

Сиқыршы. 2-ші топтан кім шығады?

Алтын адам. Мен.

Сиқыршы. Бері кел. (Айналдырып-айналдырып)

6-ы:

Бұзау, бота, құлыншақ,

Тоқты, серке, торпақ,

Тана, тай, тайлақ,

Құнан, дөнен, бесті бар.

Малдың жасын айыра біл.

Естіп ал!

Бұқа, айғыр, қошқар, теке бар.

Сүзегенсің, тентек теке, жеке қал,

Көзін байла, теке-теке бақ-бақ,

Соқыр теке қайдан бізді таппақ.

Алтын адам. Қазір табамын.

6-ы. Мықты болсаң тауып көр.

Алтын адам. (Темірғазы түшкіреді) Сау бол... дәу бол!

Темірғазы. Рақмет!

Алтын адам. Кім бұл?

Темірғазы. Мен ғой Темірғазы. Ой, Жылқыхан, жоқ Барысбаймын.

Алтын адам. Ұстадым! Кім бұл?

Жылқыхан. Алмагүл ғой.

Алтын адам. (Ұстап көріп) Денесі сұп-суық. Өзі қара тастай қатты. Бұл... Бұл – Темірғазы.

Сиқыршы. Дұрыс, дәл таптың! Есеп. 3-2. 2-ші топ жеңді. 3 кезеңнен құралған сайысымыз да аяқталды. Бөрібекте 9 ұпай. Темірдей мықты Темірғазыда 9 ұпай. Жылқыханда 9 ұпай. Алтын адамда 8 ұпай. Барысбайда 7 ұпай. Алмагүлде 9 ұпай. Қызғалдақта 10 ұпай. Аса құрметті көрермен! Жауапты сәт! Бұл бәйгеде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан ойыншық, бұл – Қызғалдақ! Құттықтаймыз!

Бөрібек. Мен ше?!

Жылқыхан. Мен ше?!

Алмагүл. Қалай сонда?

Темірғазы. Сонда қалай?

Қызғалдақ. Солай!

Сиқыршы. Жеңіс жеңіл келмейтіні белгілі. Құтты болсын, Қызғалдақ! Көрермендерге айтар тілек бар ма?

Қызғалдақ. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Жасасын өнер, жасасын білім, жасасын күш-қайрат! Қатты толқып тұрмын.

Сиқыршы. Түсінемін!

Алмагүл. Сен бірінші орынға лайық емессің, қу түлкі.

Қызғалдақ. Лайық болайын, болмайын, ұттым ғой, әйтеуір. Солай ма балалар? Көрдің ғой!

Алмагүл. Ашуыма тиме.

Қызғалдақ. Қорқып кеттім ғой.

Алмагүл. Міне, саған.

Қызғалдақ. Ах, солай ма?

Алмагүл. Иә, солай!

Қызғалдақ. Міне, саған да...

Алмагүл мен Қызғалдақ соғысады.

Темірғазы. Ұр, аяма.

Барысбай. Оған сол керек.

Бөрібек. Бастан, бастан.

Алтын адам. Қаттырақ ұр, қаттырақ.

Жылқыхан. Мойнынан қысып ал да, жібермей қой.

Алмагүл. Ұтылдың, ұтылдың, ұтылдың!

Қызғалдақ. Иә, саған, ұтылған жоқпын.

Алмагүл. Барлық жарыс-сайыс сатылады, білемін. Себебі, онда пысықтар ғана жеңеді!

Қызғалдақ. Осы сөзің үшін жауап бересің. Сен де, сен де, сен де. Иә, Құлтемір менің достым. Не істеп аласыңдар, а?

Бөрібек. Жарыс әділ әрі адал өтеді дегеніңіз қайда, Сиқыршы ағай?

Сиқыршы. Не айтарымды да білмей тұрмын.

Алмагүл. А, бәсе, бәсе. Бағана екеуіңнің тығылып сөйлесіп тұрғандарыңды көріп едік қой, иә, Жылқыхан?

Жылқыхан. Иә!

Қызғалдақ. Солай ма?

Жылқыхан. Иә, солай.

Қызғалдақ. Құлтемірмен кім күш сынасады, а?! Қорқақтар.

Темірғазы. Кім қорқақ?

Қызғалдақ. Бәрің. Көлеңкесінен қорққан көжектер. Ха-ха-ха. Қане, Құлтемірім мыналарды қамырша илеші.

Құлтемір. Ей, ақымақтар! Келіңдерші, бермен. Қазір алтауыңды алты жаққа лақтырмасам Робот болмай кетейін.

Бөрібек. Не дейді?!

Жылқыхан. Қорқып тұрғанымды қарашы.

Құлтемір. Е-е-е, ойыншықтар, мен сендерді саусақпен шертіп-ақ ұшырамын ғой. Ха-ха-ха.

Темірғазы. Не бел кетеді, не белбеу кетеді. Алға, ойыншықтар!

6-ы. Алға!

Құлтемір. (Бір-бірден лақтырады. Музыка. Соғыс сахнасы) Ха-ха-ха! Айттым ғой, маған күштерің жетпейді. Өйткені, мықтымын.

Алмагүл. Сиқыршы мырза көмектесіңізші.

Сиқыршы. Қалай?

Алмагүл. Ең басында сиқырлы таяғыңызды оған тигізгенде, Құлтемірге жан бітіп еді ғой. Енді, тағы бір амалын табыңызшы. Онда бұл шыдатар емес.

Бөрібек. Иә, көмектесіңізші.

Құлтемір. Келіңдер! Тағы қайсысың бар, а? Сиқыршыны да ұшықпай жіберейін.

Сиқыршы. Абрака-дабра, ахалай-махалай, уф-суф! (Сиқырлы таяғын Көкке көтергенде Құлтемір күйіп кетеді) 7, 6, 5, 4, 3, 2, 1... 6, 3, 10, 8, 5...

Бәрі. Біз жеңдік! Біз жеңдік!

Сиқыршы. Ойыншықтар, барлығың да 1 орынға лайықсыңдар! Мықтысыңдар. Балалар! Бұлардың бәрі бірінші орынға лайық па? Естілмейді, қаттырақ! Бәрекелді!

Бәрі. Алақай!

БЕСІНШІ КӨРІНІС

Барысбай. Мұнда жылап отырған кім-ей?

Қызғалдақ. Мен ғой...

Барысбай. Мені кім, тағы?

Қызғалдақ. Қызғалдақ!

Барысбай. Ех-х-х, Қызғалдағым-ай!

Қызғалдақ. Кешіріңізші аға. Қатты қателестім. Қарап отырсам, бәрі алдамшы екен. Қызылды-жасылды дүние. Бір сәтке алданып, арбалып қалдым. Соған қатты қапаланып отырмын. Алмагүлді ренжітіп, оған ауыр-ауыр сөздер айттым.

Барысбай. Ештеңе етпейді. Бір-біріңнен кешірім сұраңдар.

Қызғалдақ. Ол мені кешіреді деп ойлайсыз ба?

Барысбай. Әрине, өз сіңілің ғой, кешірмегенде қайда барады?!

Қызғалдақ. Алмагүл! (Алмагүл теріс қарап тұрады) Алмагүл!

Алмагүл. Не? Сенімен ойнағым келмейді, қойшы!

Қызғалдақ. Сені ренжітіп қойдым. Кешірші! Соған жаман боп тұрмын.

Алмагүл. (Бұрылып) Шын ба?

Қызғалдақ. Шын!

Қызғалдақ. Ағалар, інілер, Сиқыршы мырза, бәріңнен кешірім сұраймын.

Сиқыршы. Қызғалдақты кешіреміз бе балалар?

Алмагүл. Енді, бір-бірімізді ренжітпейікші, сіңілім!

Қызғалдақ. Келістік!

Темірғазы. Екеуіне қарап көңілімнің босап тұрғанын-ай!

Жылқыхан. Ой, сенде!

Сиқыршы. Ойыншықтар! Шынымды айтсам осының бәрін ұйымдастырған мына – мен.

Бәрі. Не дейді?!

Жылқыхан. Оп-пана!

Темірғазы. Сонда сен бізді алдап соқтың ба, Сиқыршы?!

Сиқыршы. Жоқ, тыңдаңдаршы.

Темірғазы. Қолыңдағы сиқырлы таяғыңмен өзіңді ұшықтайын ба?

Жылқыхан. Жоқ, оны тышқанға немесе жәндікке айналдырып жіберу керек.

Алмагүл. Өтірікші.

Қызғалдақ. Оңбаған!

Сиқыршы. Ойыншықтар, ойыншықтар!

Барысбай. Бұндайларды соттау керек, мяу-у-у-у.

Қызғалдақ. Барысбай ағам дұрыс айтады, соттау керек.

Жылқыхан. Бір теуіп ұшырып жіберсем бе екен, а?!

Бөрібек. Әлде талап тастайын ба, а-у-у-у-у?!

Сиқыршы. Сонда менікі дұрыс емес пе балалар?! Айтыңдаршы, а?! Дұрыс емес пе?! Айыптымын, келісемін!

Бөрібек. Бос әңгіме!

Алмагүл. Сенбейміз!

Алтын адам. Сен сенімнен шықтың, Сиқыршы!

Қызғалдақ. Иә, сенімнен шықтың!

Бәрі. Өтірікші, өтірікші, өтірікші!

Сиқыршы. Тыңдаңдаршы!

Алмагүл. Жоқ, жоқ! (Бәрі құлағын жауып алады. Сиқыршы киімін шешеді)

Қызғалдақ. Әке!

Алмагүл. Әке!

Барысбай. Әке!

Ойыншықтардың әкесі. Балаларым, балапандарым, менің!

Бөрібек. Қайда жүрдіңіз әке?

Ойыншықтардың әкесі. Мені осы дүкен басшысы басқа жаққа ауыстырып жіберген. Бірақ, ол жерден қашып шықтым. Өйткені, сендерді сағынып кеттім. Мұны ұйымдастыруымның себебі – бәріңді татуластыру еді. А қаласының Орталық ойыншықтар дүкені – біздің ортақ үйіміз, кіндік кесіп, кір жуған атамекеніміз. Бәрің – менің баламсыңдар. Алдында бір-бірлеріңмен араздасып жүргендеріңді «ұзынқұлақтан» естіп, соған қатты алаңдап, түнімен ұйықтай алмай шықтым. Бірің – іні, бірің – аға, бірің – қарындас, енді бірің – сіңлісіңдер. Сол себепті, Ойыншықтар дүкені аспанының астында тату-тәтті тұрыңдар, бауырмашыл болыңдар. Жарыс-сайыс уақытша нәрсе, өтеді де кетеді. Ал, бауыр, бекере-бірлік деген мәңгілік. Шынымды айтсам, қатты уайымдадым. Не істесем, қалай татуластырсам екен деп басым қатты. Сөйтіп, осы сайысты өткізген ем.

Алтын адам. Керемет бастама әкетай!

Темірғазы. Рақ-мет, Сізге!

Жылқыхан. Ең ақылды, и-и-и-ихо.

Бөрібек. Ең өнерлі, а-у-у-у.

Қызғалдақ. Ең күшті...

Алмагүл. Және...

Бәрі. Ең үздік ойыншық – сенсің, әке!

Ойыншықтардың әкесі. Рас па?

Бәрі. Рас!

Ойыншықтардың әкесі. «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді», – дейтін бұрынғылар. Ырыс-ынтымақ болсын деген ниетпен батамды берейін, боталарым менің, құлындарым менің! Қолдарыңды жайыңдар!

Әумин десең маған,

Құдай берсін саған.

Алтыннан – жағаң,

Күмістен – тағаң.

Оң жағыңнан кетпесін

Күрпілдек қара сабаң.

Жортсаң жолың болсын,

Жолдасың Қыдыр болсын.

Тілеуің қабыл,

Мұратың асыл болсын.

Ішкенің қымыз,

Жегенің сырбаз,

Кигенің түлкі болсын,

Жүрген жерің ойын-күлкі болсын!

Әумин!

Бәрі. Әмин! (Бетін сипайды)

Ойыншықтардың әкесі. Бәріміз бірге ән айтайық, би билейік! Солай ма балалар?! Онда...

Бәрі. Біз бастаймыз!!!

ШЫМЫЛДЫҚ

Алматы қаласы, 2019 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар