Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әлібек Байбол. Жақсылық туралы

13.09.2020 431

Әлібек Байбол. Жақсылық туралы

(Екі бөлімді ертек)

Кейіпкерлер:

Бала (Батыр).

Қарға.

Қоян.

Ертекші.

Жаз.

Көктем.

Күз.

Қыс.

Бірінші бөлім

Бірінші көрініс

Ертекші. Сәлеметсіңдер ме, балалар! Қалдарың қалай? Көңіл-күйлерің ше? Жақсы ма? Жақсы болсын, жақсы болсын! Сендерге сыйлығым бар, қараңдар. Ухит-сухит, уф-суф, тарс-тұрс, қаш-аш-шаш... (Шымылдық ашылып, декорация көрінеді). Мені сыйқыршы екен деп отырған боларсыңдар. Таппадыңдар. Қараңдар. Ухит-сухит, уф-суф, тарс-тұрс, қаш-аш-шаш... (Көкке көтерілген қолына штанга қона кетеді). Мен сыйқыршы емес. Мен – ертекшімін. Біздің ертек басталды, балалар. Тыңдаңдар. Ерте-ерте ертеде бір бала болыпты. Кіп-кішкентай... құртақандай. Мынандай, міне. (Сол кезде бала пайда бола кетеді). О бала Ертөстік секілді тезірек өсіп, батыр болғысы келді.

Бала. Ертекші аға, Ертекші аға, мен қашан өсемін?

Ертекші. Өсесің, міндетті түрде өсесің.

Бала. Тезірек өсуді үйретіңізші аға.

Ертекші. Үйретейін. Мынаны ұста. (Штанганы береді)

Бала. Бұл не?

Ертекші. Штангы. Күнде-күнде шынықсаң шымыр боласың-дағыны, тезірек өсесің.

Бала. Ура! Бірақ қалай шынығатынын білмеймін ғой.

Ертекші Мен істеген қимылдарды айна-қатесіз қайтала. (Екеуі керіліп-созылып, дайындалады да штангыны көтереді)

Бала. Қалай, өсіп жатырмын ба аға?

Ертекші. Өскенде қандай...

Бала. (Ағаштың жанына барып бойын өлшейді) Түкте өспегенмін ғой, аға. Бағана ғана өлшенгенмін. Мына бір жерін белгілеп қойғанмын. Әлі сол жерде тұрмын.

Ертекші. Асықпа бала. Шыныға бер, шыныға бер, сонда нәтижеде шығады.

Бала. Шыныға бер, шыныға бер... мен тез өскім келеді. Штангы болмайды екен. Тезірек өсудің басқа түрі бар?

Ертекші. Бар.

Бала. Қандай?

Ертекші. Айталық, турник.

Бала. О, турник!

Ертекші. Қазір, күте тұр. (Кетеді)

Қарға. (Келеді) Қалың қалай балақай? Мені білуші ме ең?

Бала. Жоқ, білмеймін. Сен кімсің?

Қарға. Қарғамын! Құстардың ішіндегі ең ақылдысымын. Естуімше, тезірек өсіп, батыр болғың келеді екен...

Бала. Иә.

Қарға. Менен сыр жасыру қиын. Мен бәрін естіп-біліп отырамын.

Бала. Бәрін біледі екенсің, тезірек өсуді үйретші, онда.

Қарға. Сол да сөз боп па, түге?! Оп-оңай ғой! Сыйқырлы су бар. Соны ішсең минут сайын емес, секунд сайын өсесің.

Бала. О су қайда?

Қарға. Ана бір құдықта. Жүр, көрсетемін. (Кішкене жүреді де құдықтың жанына барып, бетін ашады) Ал, міне – шөміш, міне – су, іше ғой. (Бала суды ішеді де өсіп, батырға айналады).

Батыр. Ғажапты, қара! Сиқырлы суды ішіп ем, өсіп кеттім. Қандай үлкенмін. Рақмет саған, Қарға.

Қарға. Оқасы жоқ, көмектесуге әркез дайынмын. Өзгелер сияқты ішім тар емес.

Ертекші.(Келеді. Қолында – турникке арналған ұзын темір) Қазір қолдан турник жасаймыз, бала.

Батыр. Қажеті жоқ.

Ертекші. Қарай гөр, бұны. Теректей боп өсіп кеткенін қара. Бұны саған кім үйретті.

Батыр. Өзім үйрендім.

Ертекші. Қызық екен.

Батыр. Енді, мен батыр болдым.

Ертекші. Батыр ғана болып қою аздық етеді. Батыр деген елін, жерін, Отанын қорғауы керек. Білемісің, оны?

Батыр. Білемін және халқым үшін жақсылық жасауға дайынмын. Жамандық атаулысын жоямын.

Ертекші. «Батыр – аңғал!..» деген. Өстің, енді қайтпексің?

Батыр. Айттым ғой, жамандық атаулысын жоямын деп.

Ертекші. Тағы?

Батыр. Жалғызкөзді өлтіремін!

Ертекші. Жоқ, бұның жарамас. Біздің ертекте бір ғана Жалғызкөз бар. Оның өзі орманда, өзімен-өзі, саяқ жүр. Біздің ертек зұлымдық туралы емес, жақсылық туралы.

Батыр. Әлде, Жалмауыз кемпірдің жанын жаһаннамға жіберсем бе екен, а?

Ертекші. Бұл ертекте Жалмауыз кемпір атауымен жоқ. қайталап айтамын, батырым, ертек зұлымдық туралы емес, жақсылық, ізгілік, қайырымдылық туралы.

Батыр. Енді, не істесем екен?

Ертекші. Жақсылық істе.

Батыр. Мәселен?

Ертекші. Оңаша ойың жоқ екен, несіне батыр болдың, айтшы? Мектепті бітірген соң, Спорт және туризм академиясына тапсырар ең ғой, батырым-ау.

Батыр. Мектеп дегенді айта көрме. Мынандай күш иесі бола тұра партада отыру, оқу басқа-басқа, маған қиянат, енді. Ертектің ішіне ене түсемін де жақсылық жасаймын, адамдарға көмектесемін...

Ертекші. Көмектесемін?

Батыр. Иә, көмектесемін.

Ертекші. Адамдарға?

Батыр. Иә, адамдарға.

Ертекші. Өстіп жүріп бір нәрсе бүлдіретін сияқтысың, сен.

Батыр. Қателесесің.

Ертекші. (Сағатына қарап) Маған кету керек боп тұр. Келесі бір ертекте Керқұла атты Кендебайға көмегім керек. Сені қайтсем екен, а? А! Таптым! (Балаларға қарап) Балалар, сендерге бір өтінішім бар. Мына Батырға көз қырларыңды сала жүріңдерші. Мына аңғал бала сендерге аманат. Келістік пе? Келістік! (Батырға) Осы жерден кетпе, жарай ма? Бұл ертекке әлі бір соғып кетемін. Күт! (Сағатына қарайды). Ал, мен кеттім. Кездескенше. Қош-сау бол! (Кетеді)

Батыр. (Шөлкенің үстіне отырады) Так-к-к-к... Жалғызкөзді тиісуге болмайды, ал Жалмауыз кемпір бұнда жоқ... Түсінікті. Онда менің қажетім де шамалы ғой, онда. Әлде, Ертекші ұқсап басқа бір ертекке өтіп кетейін бе, а?.. Көмекке зәру адамның болмауы мүмкін емес. Іздеу қажет. Біреу болмаса, біреу табылар. Кімнен сұрасам екен?..

Қарға. (Келеді). Кімнені несі? Менен сұра, Қарғадан. Не керек еді?

Батыр. О, Қарға, келгенің қандай жақсы болды.

Қарға. Ақылды құс бола тұра сенен білгенімді аясам оңбай кетейін. Менің көргенім де, білгенім де көп. Орман-тоғай, тау-тас, өзен-көл, дала-түз... ұшпайтын жерім жоқ.

Батыр. Түсінікті. Ал, Қарға, сен ұшып-қонбаған жер қалмапты. Көмек сұрағандарды көруің бар шығар?..

Қарға. О, ондайлар көп қой.

Батыр. Іздегенім сол еді ғой, менің... Адамға ізгілік істеу.

Қарға. Ана бір жерде жылаған бір дауысты естігенім бар еді.

Батыр. Қайда?

Қарға. Ана бір тұста.

Батыр. Сол жаққа алып баршы, мені.

Қарға. Кеттік.

Екінші көрініс

Батыр. Жылап отырған кім-ей?

Қоян. Мен ғой...

Батыр. Мені кім?

Қоян. Қоянмын ғой.

Батыр. Не боп қалды? Не үшін қайғырып отырсың?

Қоян. Жағдайым қиын...

Батыр. Кім ренжітті, айт, қане. Қасқыр көжектеріңді жеп қойды ма?

Қоян. Жоқ, Қасқыр маған қастық қылмайды, досым ғой, ол. Қайта ол басқалардан қорғап жүреді, бізді.

Қарға. Оны қу Құзғын ренжіткен шығар, а? Жақында ғана маған шетелден, Швейцариядан сапасы өте жоғары ірімшік жіберген. Бірақ о бәлеқор орта жолдан ірімшіктің жартысын опырып, алып кетіпті.

Қоян. Дұрыс істепті. Жалғыз жемей, бөлісу керек еді. Жоқ, Құзғын қу емес, ол да жақсы. Маған жақсылықтан өзгені ойламайды. Көмектесіп тұрады. Тамақты балапандарының аузынан жырып, бізге алып келіп тұрады.

Батыр. Енді, неге жылап отырсың?

Қоян. Айтсам өміріме қауіп төнеді.

Батыр. Айт.

Қоян. Болмайды.

Батыр. (Құлағынан көтеріп алады). Айт дедім. Мен батырмын, мен ешкімнен қорықпаймын.

Қарға. Басынан бір қойсаң бәрін жайып салады.

Қоян. Ұрма, ұрма.

Батыр. Айт, онда.

Қоян. Қорқамын.

Батыр. Кімнен?

Қоян. Құлағым, құлағым. Жіберші.

Батыр. Айтпағаныңша жібермеймін.

Қарға. Екі құлағын екі жаққа кер, кере түс.

Қоян. Жоқ, жоқ...

Батыр. Мен саған көмектескім келеді. Түсінемісің, оны?..

Қоян. Жіберші, мені, жібере қойшы. Егер айтып қойсам... Қыс...

Батыр. Қыс?

Қоян. Ой!..

Батыр. Қазір жаз мезгілі ғой.

Қоян. Жаз артынан күз, күзден кейін қыс келеді. Шөп қардың астында қалып, үш ай бойына тіршілік тоқтайды. Соны ойлап... жылаймын да. (Жылайды).

Батыр. Бәрі түсінікті болды.

Қоян. Біз Қояндар өте әлсізбіз. Бізге бәрі қарсы. Қара суық та, қара тас та, қара түн де... бәрі, бәрі... (Жылайды).

Батыр. Болды мұңайма. Бір мәнісі болар. Мен батыр боп тұрып саған көмектеспесем, атыма сын. Бірақ қалай істесек екен?.. (Басын қасиды)

Қарға. Қыс кезінде құстар жылы жаққа ұшады.

Батыр. Содан?

Қарға. Ол да ұшып кетсін.

Батыр. Расында да...

Қоян. Мен ұша алмаймын ғой.

Батыр. Талпынып көр.

Қоян. Ұша... ал-май-мын! Құс емеспін, Қоянмын.

Қарға. Жаның қысылса, бәріне барасың.

Батыр. Ешқандай қиындығы жоқ. Бір, екі, үш... бір, екі, үш...

Қарға. Жасанды қанат жасап беру керек шығар, оған.

Қоян. Қажеті жоқ.

Батыр. Өзің біл, онда.

Қоян. Сендер маған көмектесе алмайсыңдар. Ал, қыс келгенде мені қыса түседі... қыса түседі, қыса түседі. (Жылайды).

Батыр. Болды, көтер басты. Қазір, қазір, не істесек екен, не істесек екен? А!.. Қыс мезгілі келмейтіндей етсек қалай болады?

Қарға. Мынау керемет ой ғой!

Қоян. Қолыңнан келе ме?

Батыр. Иә, мен батыр емеспін бе?! О жағынан күмәнің болмасын. Қарға сен құстардың ішіндегі ең ақылдысы ең ғой. Мына бір сұраққа жауап берші. Қыс қалай келеді? Неден болады?

Қарға. Дұрыс айтасың, мен ең ақылды, мен ең ойшыл, мен ең данамын. Рахмет, саған. Біріншіден, бұл табиғат заңы. Екіншідін, бұл реттілікке байланысты. Яғни, күз түседі, күзден кейін қыс келеді.

Батыр. Күз неліктен түседі?

Қарға. Бұл ең оңай сұрақ. Өйткені, жаз аяқталады.

Батыр. Жарайсың! Онда былай істеу керек. Егер мәңгілік жаз орнаса, бәрімізге қолайлы болады.

Қарға. Сөзіңе қосыламын.

Батыр. Көз жасыңды көл қылма, Қояным. Бұл іс те қолдан келеді.

Қоян. Рас па?

Батыр. Рас. Қыс екінші рет келмейтіндей етемін. Өзіңнің жымыңа кір. Айтқаным айтқан. Айттым ба, істеймін.

Қоян. Рақмет, Батыр. Бұл өзі ғажап нәрсе болды ғой. Барып барлық қояндардан сүйінші сұрайын. (Кетеді).

Батыр. Айтуын айттып қойдым. Бірақ бұны қалай жүзеге асырамын? Қарға қыс, күз айлары қайдан келеді?

Қарға. Мен бәрін білемін, өйткені мен ақылдымын. Мен ең ақылды құспын. Алты қыр асқан соң, жетінші қырға жетпей жазық дала бар. Төрт мезгілді сол жақтан табасың.

Батыр. Қалай қарай жүреміз?

Қарға. Батысқа қарай...

Батыр. Батысымыз қайда?

Қарға. Оңтүстік, солтүстік, шығыс... шығыс... батыс! Былай!

Батыр. Төрт мезгілді көріп пе ең?

Қарға. Иә. Олар мықты ғой. Жаз жап-жас, қылшылдаған жас жігіт. Өзі сондай биязы, сыпайы...

Батыр. Қалғандары ше?

Қарға. Күз суықтау, біртоға, Қыс қатал, айтқанынан қатпайтын бірбеткей. Ал, Көктем нәзіктеу, мінезі жұмсақ...

Батыр. Ондай болса, кеттік Қарға... әлгі жерге барайық. Баста!

Мен тудым кең далада, еркін өстім,

Кеудемді желге тостым, күнге тостым.

Жаз бойы таң атқанша жұлдыз санап,

Ақ бұлтпен жел айдаған бірге көштім.

Қарға.

Жаз бойы таң атқанша жұлдыз санап,

Ақ бұлтпен жел айдаған бірге көштім.

Батыр.

Көкшіл аспан, анау көшкен ақ бұлттар,

Менің ғана үлесіме тигендей.

Дүниедегі асыл арман, шаттық бар,

Мені ғана құшағына ап сүйгендей.

Қарға.

Дүниедегі асыл арман, шаттық бар,

Мені ғана құшағына ап сүйгендей.

Т.Молдағалиев.

Жаздың даусы. Көмектесіңдер, көмектесіңдер.

Батыр. Кім бұл?

Жаздың даусы. Көмектесіңдерші.

Батыр. Қазір барамыз.

Жаз. (Үлкен ағаш басып қалыпты). Мен мұндамын, қараңдаршы.

Батыр. Шыдай тұр. Қазір мен бұл ағашты көтерейін. Бір, екі, үш, оп!..

Жаз. Жо-жо-жоқ, көтермеңіз.

Батыр. Неге?

Жаз. Ағаштың анау бір бұтағында не тұр, қараңызшы?

Батыр. Ал, қарадым.

Жаз. Ағаш басына құстар ұя салыпты. Ағаш құлап келе жатқанын көріп, мен астына құладым. Сөйтіп, балапандарын аман алып қалдым.

Батыр. Бізден не көмек?

Қарға. Иә, не көмек?

Жаз. Балапандарды қауіпсіз жерге алып қойыңызшы. Көмегіңіз сол болсын.

Қарға. Оған уақыт жоқ.

Батыр. Иә, біз асығыспыз. Қоян досымыздың өтінішін орындауға кетіп барамыз. Жаз мезгілін іздеп жүрміз. Біз барғанша ол кетіп қалуы мүмкін.

Жаз. Ол ешқайда кетпейді. Өйткені, сендер іздеп жүрген Жаз, мына мен.

Қарға. Шынында да... тура өзі.

Батыр. Негізі, үйге қашан қайтуың керек?

Жаз. Уақыт таяп қалды. Не істеу керек еді?

Батыр. Сен ешқайда кетпе, осында бол. Күз түсіп, қыс келмеуі керек.

Жаз. Олай болмайды ғой.

Батыр. Неге?

Жаз. Бәрі өз уақытымен болғаны дұрыс.

Қарға. Мұнымен келіспеймін.

Жаз. Әр мезгіл өз уақытымен келуі керек. Онда Табиғат заңы бұзылады.

Қарға. Қоянға үсіп өл дейсің бе?!

Жаз. Заң солай.

Қарға. Заңшылын, өзінің. Сен осында қал. Келістік пе?

Жаз. Жоқ деймін, болмайды.

Батыр. Қоянға көмектескің келмейді екен ғой. Олай болса, өзің біл. (Қарғаға). Кеттік!

Жаз. Тоқтаңдаршы. Бұтақты жіберсем балапандар жерге құлайды.

Қарға. Құламаса одан ары.

Жаз. Тоқтаңдаршы.

Батыр. Сен осында жата бергін. Біз Күзге барып, оны тоқтатайық.

Жаз. Олай болмайды.

Батыр. Болады.

Жаз. Болмайды. Тоқтаңдар, тоқта, тоқт-а-а-а...

Батыр.

Мен мұңайсам, далам үшін мұңайдым,

Мен тыңайсам, тауым үшін тыңайдым.

Мен қуансам, ғалам үшін қуандым,

Көкірегім – шалқар теңіз, ұлы айдын.

Қарға.

Мен қуансам, ғалам үшін қуандым,

Көкірегім – шалқар теңіз, ұлы айдын.

Екінші бөлім

Үшінші көрініс

Ертекші. Аз ғана уақытқа келдім. Батыр қайда? Ештеңе бүлдірген жоқ па, ол? Біз ертекшілер асығып-үсігіп жүретін халықпыз. Барлық жерге үлгеруіміз керек. Осы бір жерде үлкен сағат ілініп тұрған. А, міне. (Сағатты айналдырады). Күз, шық бермен. Сенің уақытың келді.

Күз. Уақыт деген қалай, а, зыр ете қалды.

Ертекші. Өз қызметіңе кіріс.

Күз. Мен дайынмын ғой, бірақ Жаз қайда?

Ертекші. Қазір келіп қалар. (Қарға ұшып келеді). Ей, Қарға бұнда не істеп жүрсің?

Қарға. Қыдырып, ел-жер аралап. Неге сұрадың?

Ертекші. Бұл жерден сені алғаш көріп, таң қалып тұрмын да.

Қарға. Келіп қалдық.

Ертекші. (Күзге). Дайындала бер, қазір Жаз келсе, бірден қызметіңе кіріс.

Күз. Жақсы.

Ертекші. Асығып тұрғанымды қарашы. (Сағатына қарап). Мен кеттім, онда.

Қарға. Ей, Батыр, бері кел.

Батыр. Ал, не көрдің, не біліп келдің, бәрін айт!

Қарға. Мен ең ақылды, ең дана құспын.

Батыр. Иә, иә, айта қойшы енді.

Қарға. Көктем пен Қыс ұйықтап жатыр. Ал, Күз өз кезегін күтуде. Тек Жаздың келуін тосып отыр. Бірақ ол... (Күледі). Келе алмайтынын қайдан білсін...

Батыр. Қазір мен үйлерінің есігін құлыптайын. Шыға алмай қиналсын.

Қарға. Төртеуінің төрт үйі бар. Мәселен, мына сары Күздікі, ақ Қыстікі...

Батыр. Бірақ есіктерін қалай жабамыз. Құлып деген атауымен жоқ.

Қарға. Енді қайттік?

Батыр. Мына бір дау таспен есіктерін тірейік.

Қарға. Дұрыс айтасың.

Батыр. (Күшеніп) Піссіміллә! Иә, Құдай, аруақ жар бол. (Домалатады да Қыс үйінің есігін жабады).

Қарға. Жарайсың Батырым!

Күз. Кім бұл? Жаз сенбісің?

Қарға. Тезірек бол, онда қазір Күз қашып шығып кетеді.

Батыр. Бір, екі, үш... (Екінші қара тасты алып, Күздің есігінің аузын бекітеді).

Қарға. Күш атасын танымас деген осы. Қоян бауырым қуанып қалатын болды.

Батыр. Айтылған сөз атылған оқпен тең. Айттым, істедім.

Көктем. (Үйінен атып шығады). Кім бұл? Жер сілкінді ме, не боп кетті, өзі?

Батыр. Біз жақсылық жасап жатырмыз.

Көктем. Сен бе мына есіктерді таспен бекітіп тастаған?

Батыр. Иә, мен.

Қарға. Мен жанында тұрдым.

Батыр. Иә, ол жанымда тұрды.

Көктем. Сен кімсің?

Батыр. Көрмей тұрсың ба, Батырмын.

Көктем. Түсінбедім.

Қарға. Түсінбейтін несі бар? Бұл – Батыр. Біз ел-жерді аралап, жақсылық жасап жүрміз.

Батыр. Ал, сен Көктемсің ғой деймін, шамасы.

Көктем. Иә.

Қарға. Қыс пен Күзді қамап қойдық. Енді, ешкім мұздап, тоңбайды. Әлемде тек мәңгілік жаз болмақ.

Батыр. Олар қатал, суық, қу.

Көктем. Жоқ, олай емес. Олар менің бауырларым.

Қарға. Біз Қоянға көмектестік.

Көктем. Қайдағы қоян?.. Мына тастарды алып тастаңдар. Әйтпесе, оңдырмаймын.

Батыр. Ха-ха-ха. Қорқытып қояды, өзінше.

Көктем. Оларды қинамаңдаршы.

Батыр. Жалпы, сен жаман мезгіл емессің, мінезің жұмсақ. Қоян байқұс қатып, мұздаймын, Қыс келсе, қыса түседі деп жылап жүр. Сонда оған жаның ашымай ма?

Көктем. Қайдағы қоян? Білмеймін, оны.

Батыр. Әрине, туысқандығың ұстап тұр. Өйткені, ол сенің бауырларың. Ал, Қоян байқұсты кім ойлайды?..

Қарға. Рас, кім ойлайды, оны?

Көктем. Әйтеуір, бәрің бір-біріңнің сөзін сөйлеп тұрсыңдар ғой. Жаз болса анау, сенің айтып тұрғаның мынау...

Көктем. (Ашқысы келеді, бірақ күші жетер емес). Оп-п-п.

Батыр. Күшенбей-ақ қой.

Көктем. Жаз! Жаз, қайдасың? Ехе-хей. Қайдасың?

Қарға. Мына Көктемді де қамап кетейік.

Батыр. Бұнымыз қалай болар екен, а?

Қарға. Бауырларына бүйрек бұрып тұрғанын қарамайсың ба.

Батыр. Ойлану керек.

Қараға. Ойланатын түгі жоқ. Егер Көктемді қамап кетпесек, ол Жазға барып көмектеседі. Содан кейін арғы жағын өзің шамалай бер.

Батыр. Жазы да, басқасы да келсін, жиналсын. Көрейік, әуселелерін.

Қарға. Төртеуі де саған жабылса жеңе алмас, бірақ екіортада Қоян қиналып қалады ғой.

Көктем. Жаз, бауырым, қайдасың? Жаз! Жаз! (Іздеуге кетіп барады).

Қарға. Тезірек бол. Онда мынау қашып кетеді.

Батыр. Так, так... жарайды. (Артынан қуып жетіп, ұстап алады да қамайды).

Көктем. Осы үшін әлі жауап бересіңдер.

Батыр. Тағы бір жақсы іс істедік.

Қарға. Біз жеңдік.

Батыр. Біз дұрыс істедік пе, өзі? Көктемге қиянат жасап қойған жоқпыз ба?..

Қарға. Қарабастың қамы емес, Қоян үшін, көжектері үшін ғой. Енді, мәңгілік жаз орнайды. Барлық жан-жануар бізге рахмет айтатын болады.

Батыр. Оған да шүкір. Шаршадым мен Қарға.

Қарға. Біраз жұмыс атқарылды.

Батыр. Ұйықтай тұрайын. Сен мыналарға қарап отыр. Қашып кетіп жүрмесін.

Қарға. О жағынан қам жеме. (Батыр кетеді. Қорылдаған дауыс естіледі. Қарға есінейді). Ұйқы келді.

Дауыстар: Көмектесіңдер, көмектесіңдер.

Қарға. Өшіріңдер үндеріңді. Ұйқы беріңдер. Онда бар ғой... (Ұйықтайды).

Төртінші көрініс

Жаз. Қолым талып кетті. Көмектесетін бір тірі жан бар мен екен, мына әлемде. Т-с-с-с... біреу келе жатыр...

Қоян. (Жылайды). Жағдайым қиын, жайым мүшкіл...

Жаз. Қоян. Бері кел. Неге жылап тұрсың?

Қоян. Жағдайым қиын, сұрама.

Жаз. Айтсаңшы енді.

Қоян. Сұрама, сұрама.

Жаз. Жәрдемім тиіп қалар.

Қоян. Дүниеде не боп жатқанынан хабарсыз сияқтысың ғой?

Жаз. Не болды?

Қоян. Сәбіз піспей жатыр.

Жаз. А! Бұл Күз түспеген соң ғой.

Қоян. Содан, содан. Жағдайым қиын, жайым мүшкіл. Дала дегенің ыстық, жаңбыр жаумай жатыр. Жаңбыр жауса шөп өсіп, өнім болар еді.

Жаз. Солай де. Оған кім кінәлі?

Қоян. Мен ғой мен.

Жаз. Неге?

Қоян. Мен Батырға Қысты қамап тастасын дедім. Қыс келмесе, Күз де түспейді.

Жаз. Өкінішті жағдай екен.

Қоян. Бүлдірдім, бүлдірдім.

Жаз. Ештеңе жоқ, бәрін орнына келтіруге болады. Алдымен маған көмектес. Мен бұтақты ұстап тұрмын. Сен құстың ұясын алып қауіпсіз жерге қой.

Қоян. Қазір...

Жаз. Менің кім екенімді білесің бе?

Қоян. Иә, сен Жазсың.

Жаз. Балапандарды абайла.

Қоян. Бойым жетпей жатыр.

Жаз. Қап. Қалай қылсақ екен, а?

Ертекші. Ее-е-е, Батырым-ай, бәрін бүлдіріпті ғой. Бұларды жалғыз қалдырып көр, осыдан кейін. Сен қайда қарап жүрсің, Жаз-ау?!

Жаз. Көріп тұрғаныңыздай.

Ертекші. Балапандарды ойлаймын деп, басты нәрсені назардан шығарып алдың. Ертегіміз басы аяғына келді ғой, қарашы.

Қоян. Айтпаңыз Ертекші аға.

Ертекші. Сен қайда қарадың Қоян?

Қоян. Мен...

Ертекші. Ой, сен де... енді бәрін құтқаруымыз керек. (Ұяны алып жерге қояды). Уақыт жоғалтпайық, кеттік.

Бесінші көрініс

Қоян. Мыналар не бүлдірген? Есіктің бәрін қымтап кетіпті ғой.

Қарға ұша жөнеледі.

Жаз. Қайда кетіп барасың? Қолға түстің бе, бәлем.

Қарға. Мен ешбір кінәм жоқ. Бәріне кінәлі Батыр. Мен тек жанында жүрдім.

Жаз. Қайда ол?

Қарға. Ана жерде.

Жаз. (Қоянға). Оят, оны.

Батыр. Бұл сенбісің, Қоян? Алғыс айтуға келдің бе, қажеті жоқ, қажеті жоқ.

Қоян. Жоқ, сен тыңдшы...

Батыр. Рахметіңнің керегі жоқ, бәрін шын көңілмен істедім.

Қоян. Тыңдашы...

Батыр. Менің орнымда басқа біреу болса да тура осылай жақсылық істер еді деп ойлаймын.

Қоян. Сен...

Батыр. Қолдан келсе ешнәрсе аямаймын.

Қоян. Сен алдымен тыңдап алшы.

Батыр. Ал, құлағым сенде...

Қоян. Қандай жақсылық туралы айтып тұрсың?!

Батыр. Не болды?

Қоян. Сен Қарға екеуің бәрін бүлдіргенсіңдер ғой.

Батыр. Бүлінген түгі жоқ. Қыс келмесін дедің, айтқаныңды істедім.

Қоян. Бекер айтқан екенмін, бекер.

Батыр. Рахметің осы ма, сонда?

Қарға. (Жазға). Мені жібере салыңдаршы, бұнда менің ешбір кінәм жоқ. Жай әншейін жанында жүрдім. Бар болғаны сол.

Жаз. Сенің бұл жақсылығың біреулерге жамандық болды. Сенің кесіріңнен уақыт тоқтап қалды.

Батыр. Жаз сен де осындамысың?

Жаз. Сен менің бауырларымды қамап қойыпсың. Содан Күз түспей, Қоянның сәбізі піспей, көжектері аш отыр.

Батыр. Бұл жерде менің еш кінәм жоқ. Біз жай ғана Қоянға көмектескіміз келді. Солай емес пе?

Қоян. Негізі... бірақ...

Батыр. Жіберіңдер, Қарғаны. Оның менің қасымда жүргенінен басқа кінәсі жоқ.

Қарға. Қоян мен Жаз екеуі бір-бірімен келісіп алған сияқты. Бұлары бекер емес. Сен батырсың ғой, қақ бастарынан ұршы келіп...

Батыр. Қоян не дейді екен, тыңдайықшы.

Қоян. Сәбізім піспей жатыр...

Батыр. Неге?

Қоян. Өйткені, сен Күзді үйіне қамап қойдың.

Батыр. Бүкіл әлем жылынып, мәңгі жаз болсын деп ойладым ғой. Бұған сәбіздің не қатысы бар?

Жаз. Күз түспеген соң, сәбіз піспей тұр.

Батыр. Бұл қалай болғаны?

Қарға. Өтірік, бәрі. Келісіп алған.

Жаз. Жан-жағыңа қара, сенбесең.

Батыр. Жоқ, олар шынын айтып тұр. Бірақ мен ешкімге жамандық ойлаған жоқпын, тек жақсылық болса дедім.

Қоян. Бұл жерде бәріне кінәлі менмін. Мен.

Ертекші. (Келеді). (Жазға). Бауырларын босаттың ба?

Жаз. Қазір. (Тастарды итере бастайды).

Батыр. Бұлай боларын білген жоқпын.

Қоян. Ол кінәлі емес.

Ертекші. Ей, сен де бір... (Жазға). Тасты өзі жылжытсын.

Батыр. Ал, былайырақ тұра тұр.

Үйінен Күз шығады.

Қоян. Жарайсың.

Күз. (Жазға). Мен кеттім, күтіп қалды. Ал мыналардың сазайын беріңдер.

Үйінен Қыс шығады. Бәрі бір-бірін құшақтайды.

Қарға. (Ертекшіге). Менің ешқандай қатысым жоқ. Арым таза.

Көктем. Үйге күштеп кіргізген кім, сонда?

Қарға. О қылығым есімде жоқ.

Қоян. Достар, достар, бәріне кінәлі менмін, мына мен. Батыр мен Қарғаның еш кінәсі жоқ. Қыстың келмегенін қаладым.

Қыс. Неге?

Қоян. Сол.

Қыс. Қармен ойнағанды ұнатасың ба?

Қоян. Иә.

Қыс. Сырғанағанды ше?

Қоян. Иә.

Қыс. Енді неге менің келгенімді қаламадың?

Қарға. Ұмытып қалды.

Көктем. Сен ең ақымақ құссың қарға, сондықтан жайыңа тұр.

Қарға. Батыр Қоянның құлағынан тартты, тағы. Иә, Қоян?

Қыс. Тұрған жеріңде қатырмай тұрғанымда ұшып кет.

Қарға. Ашуыңды бас.

Ертекші. Е, қу қарға, бәріне кінәлі сен екенсің ғой.

Қарға. Мен емес... мен... емес-с-с-с...

Жаз. Дұрыс болды.

Ертекші. (Батырға). Не айтасың?

Батыр. Мен тек жақсылық жасағым келді. Одан басқа бөтен ойым жоқ... Бұлай боларын білген жоқпын. Білсем, істемес ем.

Қоян. Кешіріңдерші, оны.

Қыс. Мектепте бір нәрсе істемес бұрын ойлану керек дегенді үйретпеді ме?

Батыр. Мен онда оқыған жоқпын. Тезірек өскім келді. Сөйтіп, Ертекшінің көмегімен минут сайын емес, секунд сайын өстім.

Қыс. Бұл қалай болғаны?..

Көктем. Бар кінәрат оқуда болып тұр екен ғой. егер оқысаң, онда бұндай олқылық болмас еді.

Батыр. Енді не істейін?

Қыс. «Оқы, оқы және оқы».

Батыр. Мектепте маған арналған парта жоқ болса керек. Оған сыймаймын ғой.

Қоян. Ол сыймайды.

Ертекші. Қазір. Ухит-сухит, уф-суф, тарс-тұрс, қаш-аш-шаш...

Батыр қайтадан балаға айналады.

Ертекші. Енді сыйасың.

Бала. Бәріңізге рақмет!..

Шымылдық

Көрнекісурет: еркін интернет көзінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар