Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
"Алаштың жас тұлпары" кітапшаға айналды

23.07.2013 2364

"Алаштың жас тұлпары" кітапшаға айналды

1374479063.JPGӘзірге оған поэзияда қалам тербеп жүрген жастардың өлеңдері салынады екен. Ал келе-келе прозалық шағын әңгімелер де басылады дейді «Алаштың жас тұлпары» қосымшасының редакторы Алмат Исәділ.

Қосымшаның атқарар ісі, мақсаты, жаңалығы, онда берілетін шығарма авторлары жайлы Алмат Исәділ әңгімелеп берсін.


- Мұндай тың ойға қалай келдіңіздер?


- Тың дейтіндей емес, газет ішінде кітап шығару бұрыннан бар дүние. Бірақ кейіннен мұндай форматта кітапша жасауға әркім барып жүрген жоқ. Мұндай үрдісті көбіне балалар басылымдары сақтап қалған. «Алаш айнасы» газеті саяси-ақпараттық газет болғандықтан рухани дүниелер, мәселен өлең-әңгімелер неге берілмейді, әдебиет неге көрініс таппайды деген пікірлер бар. Бірақ көзіқарақты оқырман газеттің қосымшаларын байқайды, «Алаштың шоу-бизнесі», «Алаштың жас тұлпары», «Алаштың киноиндустриясы» секілді қосымшалар бар. Осы қосымшада қазақ ақын-жазушыларының шығармалары шығып тұрады, әдебиетке таласы бар жас қаламгердің мінбері десек те болады. Бұл жоба бас редакторымыз Серік Жанболат ағамыздың көптен бері ойлап жүрген идеясы еді. Біз енді осы орайда оқырмандарымыздан хат-хабар күтеміз. Ақын-жазушылар өлеңдерін жіберсе әбден болады. Біз мүмкіндігінше жаңа есімдерді шығаруға тырысамыз.


1374479046.JPG


- Газет бетін қырқып, кітапша жасау тәсілі қиын емес пе?


- Газетті қырқып, бүктейтін тұсынан дұрыс жинайтын болсаңыз 32 беттік кітапша жасай аласыз. Бұл дегеніңіз екі баспа табағы. Осы көлемге 18-20 ақынның өлеңі сияды. Қырқатын арнайы белгімен дайындасақ кітапшаны жасап алу өте оңай. Мұндай тәсіл тіпті балалар журналында да бар, сондықтан бала дайындай алатын оңай тәсіл ересек адамдарға аса бір қиындық тудырмауы тиіс. Тағы бір мәселе, егер мемлекеттік тапсырыспен осындай жинақ шығаратын болсақ онда екі мың ғана данамен шығару мүмкін болар еді. Ал біздің кітапшамыздың ұтар тұсы да сол, бізде 10 мың данамен шығарылады. Оған қаржылай салмақ та түскен жоқ, тіпті ешқандай да сауда-саттық механизмі жоқ.


- Ақын-жазушыларды қандай принцип негізінде таңдап шығарасыздар?


- Мұнда ешқандай да алалаушылық жоқ, әліпбидің негізінде «А» әрпінен бастап беріп отырамыз. Біз ақындардың дәрежесіне байланысты оның өлеңін жарияламаймыз. Әркімнің өз талғамы болады. Бұл оқырмандардың құзырындағы дүние болғандықтан «Алаш айнасы» мынау жақсы, мынау жаман деп белгілеп бере алмайды. Тағы бір мәселе, бұл жерде әр ақынның бір ғана өлеңі беріледі. Ақынның аты-жөні, қысқаша өмірбаяны және туындысы басылады. Ақындардың дені 35 жастан аспаған.


- Бұл сонымен қатар, интернетке қолы жетпей жатқан халық үшін жасалып отырған сияқты?


- Иә, интернетке бәрінің де қолы жете бермейді, қаншама алыс ауылдар, үлкен кісілер бар. Қалада тұрса да интернетті қолданбайтын, бірақ газет оқитын адамдар баршылық. Міне, бұл жағынан келгенде біз оқырмандарымызға осындай сый жасадық.


- Кейін қосымшаны үлкен жинақ етіп шығаруларыңыз мүмкін бе?


- Алдағы, мәселен күзгі саяси науқанда бұл қосымшаны газет бетіне шығара беруге мүмкіндік болмайды. Себебі біздің әр бетіміздің атқарар қызметі бар. Әр сала бойынша жазылатын мақалалардың бетіне түсуге де болмас. Бір жағынан апта сайын мұндай қосымшаларды бере берсек, ақпараттық ағымнан жырақ қалуымыз да мүмкін. Ал егер де бұл жобаны қолдап, кәдуілгі кітап етіп шығарамын деген баспагерлер немесе демеушілік танытамын деп жататындар болса құба-құп.


photo (1).jpg


- Ақпараттық науқан саябырсып тұрғанда, әсіресе жаз мезгілінде газеттер бет толтыру үшін түрлі қадамдарға барады. Ал сіздердің бұл жаңалықтарыңызды қалай түсінеміз?


- Егер оңай жасалатын, еңбегі аз дүние болса солай ойлай салуға да болар еді. Бірақ мына кітапшаны апта сайын жасау оңай емес. Әрқайсының өлеңін іріктеп, өмірбаянын жазып, кітапша нұсқасын (макетін) жасап жатқанымыздың басты мақсаты жас ақын-жазушыларымыздың туындыларын оқырманға саралап беру, жаңа есімдерді шығару сияқты игі іске пара-пар. Жалпы алғанда, өзін-өзі сыйлайтын газет ешқашан да бет толтырумен айналыспайды. Ал біздікі әншейінгі ақпарат беруден өзге, ізденіс болып отыр. Түптің түбінде бұл қазаққа керек жоба деп ойлаймын.

Құрметті оқырман, «Алаш айнасы» газетінің тұңғыш жинағынан Ақберен, Елгезек, Алмас Темірбай, Қалқаман Сарин, Бақытгүл Бабаш, Асылзат Арыстанбай, Тоқтарәлі Таңжарық, Ырысбек Дәбей, Ерлан Жүніс, Ерғали Бақаш, Құралай Омар, Қайсар Қауымбек, Мақпал Мыса, Азамат Тасқараұлы, Әсел Назаралы, Бауыржан Әліқожа, Динара Мәлік, Данияр Әлімқұл, Сандуғаш Әлімжанова, Жақсылық Қазымұратұлы, Олжас Қасым т.б. жас ақындардың өлеңдерін оқи аласыз.

Айтпақшы, газет жақында ғана Beibytbook қосымшасын шығарған болатын. Бұл бет фейсбук әлеуметтік желісіндегі қазақ тілінде жазатын қолданушылардың ұтымды ойларын, салмақты жазбаларын газет оқырмандарына ұсыну үшін ашылған болатын. Ал беттің жүргізушісі Бейбіт Сарыбай. 

Әңгімелескен Ардақ Құлтай

Сурет: Нұрғиса Елеубеков


Қайнар көз: www.massaget.kz  порталы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар