Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Алапат аштық деректері

29.05.2020 1252

Алапат аштық деректері

19 жастағы Татьяна Невадовская Қазақстанға жер аударылған профессор әкесімен еріп келсе керек. Оқымысты әкенің ақылды қызы отызыншы жылдары қазақ халқын жалмаған аштық көріністерін тізіп, күнделік жүргізген.

«1933 жылдың ерте көктемі болатын. Мен мамандардың бірімен шүйіркелесіп келе жаттым, қолымда фотоаппаратым бар еді. Жолда әбден әлі құрып, қалжыраған бір қазақ отыр екен. Аштан бұратылып алқаптағы жұмыстан әрең келе жатқан беті болса керек, жыламсырай ыңырсып, су мен жейтін бірдеңе сұрады. Мен қолымдағы фотоаппаратты қасымдағы кісіге ұстата салып, жүгіріп суға кеттім. Қазақ суды қомағайлана жұтты. Мен жанымдағы жолдасым бізді суретке түсіргенін аңғармаппын. Мен мына аш адамға енді бір тілім нан мен қант әкеліп берейін деп тағы да үйге жүгіре жөнелдім. Сөйтіп қайтып келсем, ол ана дүниеге аттанып кетіпті».

Татьяна НЕВАДОВСКАЯ

Арада 50 жыл өткенде Татьяна Невадовская Алматыдағы Қазақстан орталық мемлекеттік архивіне барып, өзінде бар жеке архивін, өлеңдер жинағын, сызған суреттері мен өзі «Үрейлі, аштық жайлаған 1932-1933 жылдар» деп атаған күнделігін табыстайды. Айтпақшы, жаңағы аш қазақпен бірге түскен фото да осылардың арасында болатын.

Хош. Татьянаның сол кездегі «Ленинская смена» газетіне басылған аштық туралы әйгілі өлеңі: «Көз алдымда... мұз құрсанған өліктер, Сұлық қалды, шырылдаған сәбилер, Суып қалған омырауды тырмалап...» деп басталып, «Білмейді олар, Мәскеу жақта той тойлап, Мәз-мейрам боп астық жинап жатқанын...» деп жалғасып кете барар еді. Совет заманында ашаршылықты сөз ету міне, осынау шумақтардан басталса керек.

1988 жылы қараша айында Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бүкілодақтық конференция өткізеді. «Қазақстан мен Орта Азиядағы ұжымдастырудың тарихы мен тағылымы» тақырыбында. Сол жолы қазақ даласындағы ашаршылықты зерттеу мәселесі талқыланады. 1991 жылы белгілі тарихшы, сол кездегі халық депутаты Манаш Қозыбаев Жоғарғы кеңесте сөз алып, ашаршылық мәселесін күн тәртібіне қояды. Сөйтіп, тоқсан бірінші жылы 11 қарашада арнайы үкіметтік комиссия құрылған.

Комиссия төрағасы Манаш Қозыбаев комиссия мүшелігіне әдейі сол кездегі министрліктер мен ведмоство басшыларын енгізеді. Ең бірінші кезекте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ішкі істер министрі, Бас прокурор, Жоғарғы соттың төрағасы. Себебі сол мекемелердің архивтік құжаттарын қарау керек болды.

Татьяна Невадовская мемлекеттік архивке өткізген сурет.

Атаулы ведомстволардың архивіне түрен салған зерттеуші-ғалымдардың алдынан, ашаршылықтың ащы шындығы айқара ашыла берген. Зауал ел жадында қалып, ауыздан ауызға сыбырмен ғана көшкен қаралы суреттерден де жүз есе жойқын екен. Алғашқы сүргінді қазақ 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін-ақ қарсы алыпты.

Қырсық бір айналдырғанда шыр айналдырып, қазан төңкерісінен кейін азамат соғысы басталады. Қазақ даласы сол соғыстың табанына түседі. Ел ішін сүзек жайлап, оңтүстік өңірлерде егін шықпай қалады. Оның үстіне 1918 жылдың 13 мамырынан большевиктер үкіметінің азық-түлікті тәркілеу саясаты күш алады. Диханшылығы мәз емес, күні төрт түлікке қарап отырған қазақтың малы талауға түседі. Сөйтіп, он жетінші жылы Түркістан өлкесін жайлаған аштық, жиырма бірінші жылға қарай Қазақстанды да жалмай түскен.

1921 жылы үш-төрт жылға созылған аштық шырқау шегіне жеткен кезде «ашыққан халыққа көмектесу керек пе, жоқ па» деген мәселе көтеріледі. Алайда «Қазақтар марксистік тұрғыдан әлжуаз, онсыз да өліп бітуі тиіс. Сондықтан аштықпен күресіп, қаражат шашудың қажеті жоқ. Одан да революция үшін, майданды қолдау маңызды», - деген қорытындыға келеді. Түркістандағы төңкеріс жетекшілерінің бірі Иван Тоболин Түркістан Орталық комитетінің мәжілісінде дәл осылай деген болатын. Ал Алаш азаматтары зауал кешкен жұртын ажал шеңгелінен құтқарудың қамына көшеді. Міржақып Дулатов «Абай» журналында: “…Аш, жалаңаш қазақ-қырғыз бауырларға жұрттан жеткiлiктi жылу жинап, рулы елiмiздi өлiмнен сақтап қалу мақсатымен Семей облысының Алаш қаласында қазақ комитетi һәм жастардың “Жанар” атты ұйымы басшылық етiп, қауым жасады» деп жария қылады.

1921 жылдың аяғында қазақ зиялылары, оның ішінде кешегі Алаш Орданың мүшесі болған азаматтар комиссия құрып, Қазақстанның барлық облыстарында халық санағын өздерінше жүргізді. Сол комисяның қорытындысын 1921 жылы Мұхтар Әуезов Ташкентте өткен қазақ құрылтайында жариялады. Бақсақ, 1 млн. 700 мың қазақ қырылыпты. Оның 1 миллионы ересек адам, 700 мыңы жас балалар екен.

Бұл кезде ұйым бастығы – Әлихан Бөкейханов, көмекшісі – Мұқаш Поштайұлы, комитет төрағасы – Мыржақып Дулатов, орынбасары – Жүсіпбек Аймауытов, хатшысы Мұхтар Әуезов болып, 7000 сом қаражат жиған. Ахмет Байтұрсыновтың бастамасымен Қазақстан мен Түркістан деңгейінде «Аштарға көмек» комитеті жасақталған. Әлихан Шыңғыстауды, Міржақып Семей уезін, Мұхтар Ертіс бойын, Жүсіпбек Баянауылды екі-үш ай адақтап, 15 мың ірі қара жинаған. Оны Торғай, Ырғыз, Қостанай уездеріндегі, Орал губерниясының біраз бөлігіндегі ашыққан елге таратып берген. Өкінішке қарай, осыншама тырбанғанның өзінде 1 миллион 700 мың адамынан айрылған қазақтың, қазан төңкерісінен бергі бес жылы Ілияс Жансүгіров айтпақшы «өз баласын өзі үйтіп, сирағын жеп, көр азабын тірідей...» көрумен өтті.

1917 жылғы Қазан революциясынан кейін АҚШ, Британия, Франция сынды елдер Ресейге экономикалық блокада жасады.

Британия дипломатиялық байланысты шорт кесіп, 1929 жылдары тіпті Ресеймен соғыс жағдайына дейін аңдасады. АҚШ отыз үшінші жылға дейін тым-тырыс жатып алады. Осылайша батыс алпауыттарынан қарыз алып, артта қалған аграрлық Ресейді алдыңғы қатарлы индустриялы елге айналдырам деген Сталиннің есек дәмесі күл-талқан болады. Көзі қарауытқан коммунистер, ендігі қайырды ауыл шаруашылығынан күткен. Ал шаруа жайымен қарашекпендерді қара шегірткеше қаптатсаң да шеті кетілмейтін байтақ қоныс қазақта ғана бар еді. Патша заманында басталған столыпиндік отарлау реформасының, большевиктер тұсындағы сталиндік жалғасы осылай қолға алынады.

1927 жылы Мәскеуге келген ағылшын шахтерлары кәсіподағы делегациясының алдында И.В.Сталин: «Бізде социализм күннен күнге нығаюда. Бірақ біз биыл астық науқанын орындай алмадық. Оған кесірін тигізген кулактар», - деп мәлімдейді. Мұртты көсемнің осынау бір ауыз емеуріні Қазақ атқару комитетінің 1928 жылы 27 тамыз күнгі «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» декретіне айналып шыға келеді.

1928 жылы күзде үлкен тәркілеу өтті. Оған қарсыласады-ау, қарсы пікір айтады-ау дегеннің бәрін істі қыла бастады. «Алашша ойлайтындар», «тәркілеуге қарсылық көрсеткендер» деген желеумен 28-дің күзінен Алаш қайраткерлерін тұтқындай бастайды.

Алматыдағы аштық құрбандарына қойылған ескерткіш.

Қазақстанда 700-ге жуық ірі шаруашылықтың, сталиндік статистиктердің құйтырқы көрсеткіші бойынша ірі қараға шаққанда 150 мың бас, немесе 1,5 миллион ұсақ малы талауға түсіп, қазақтың мыңды айдаған байлары тұқым-тұяғымен жер аударылған. Онымен қоймай, 1927 жылғы коммунистік партияның XV съезінде мақұлдап, 1932 жылдың көктеміне дейін елдің ауыл шаруашылығы жеке қожалықтан ұжымдық шаруашылыққа айналып үлгеруі тиіс деген желеумен, ұжымдастыру науқаны басталып кеткен болатын. Ал басты кәсібі – малшылық, бар тіршілігі төрт түлікке қараған қазақтың, ендігі жерде аттан салмасқа шарасы жоқ еді.

Сөйтіп 1929 жылы күзде Батыс Қазақстанның Жаңақала деген жерінде басталған көтеріліс Шығыс Қазақстанның Бұқтырма, Зайсан өңіріне дейін қамтыған. 80 мыңнан астам адам қатысқан.

Күштеп ұжымдастыруға қарсы Созақ, Адай, Абыралы т.б. көтерілістер 15 ауданда совет үкіметін құлатқан. ...Осындай кепке ұшырап жатырмыз деп 1932 жылы 9 қыркүйекте Голощекин Сатилинге хат жазады. Бірақ орталық үшін осылай деп қаралы фактілермен басталатын хат, ары қарай көңілді ноталарға ұласар еді. Өйткені, Қазақстанды басқаруға келген күні-ақ қазаққа деген қара ниетін анық аңғартқан Ф.И.Голощекин, социализм құрылысына қарсы тұрғысы келгеннің бәрі жер жастанғанын мақтана баяндайды. Қужақтың мәлімдеуінше, ұжымдастыру науқанын теріс көрген 165 мың қазақтың тап жауы ретінде көзі жойылған.

Голощекиннің Ақпан төңкерісіне дейінгі өмірі қуғын-сүргінмен өткен. Алты жылда жеті рет абақты көрген, зұлымдығы зіл батпан адам еді. Қазақ оны «қужақ» атандырғанда-ақ, өзіне төнген ажал сұлбасын анық таныса керек. 1918 жылы ІІ Николай патшаны жанұясымен бірге құрту арқылы партияластарының сеніміне кірген ол, 1925 жылы күзде Қазақстанның тізгінін қолға алады.

Келе «Қазан революциясы қазақ ауылдарын айналып өтіпті», - деп байбалам салып, Сталинге өзінің алдағы саяси бағытын нұсқап хат жазып, батасын алып, «Кіші қазан» топалаңын бастап кеп жібереді.

«Бизон болмаса, үндіс те болмайды», - дейтін америкалық тәсілдің сталиндік нұсқасымен әуелі қазақтың ірі байлары мен орта шаруаларын ту-талақай қылды. Одан соң ұжымдастыру дүрбелеңімен жарлы-жақыбайдың көтерем торпағына дейін қидай сыпырып, колхоз меншігіне өткізді. Бар астық қоймаға құйылып, әркімнің өзі егіп, өзі орған бидайы енді өзіне мөлшерлеп қана берілетін болды. Бір-бірінен күншілік жерде отырған ауылдарды қыс ішінде күштеп көшіре бастады. Қарсыласар дәрмен жоқ еді. Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Голюдовтың «Колхоздасуды жылдамдату үшін, теріс пиғылды 15-20 адамды атып тастауға болады», - дейтін сөзі газетке басылып, бұрынғыдан бетер еркінсіген шолақ белсенділер бас көтергенді қанға бөктіретін болды. Қазақ даласында алапат жұт басталған.

Алыс ауылдарда қазақтың қырылып жатқаны, тіпті адам етін жеуге дейін барған сорақылық туралы ешбір жергілікті қызметкер тиісті жерге баяндаған жоқ. Тек «пәлен деген ауылда азық-түлік тапшылығы байқалады» деген сықылды сылап-сипап қана ақпарат жөнелтетін.

«Заман Қазақстан» деген газетте істеп жүргенде Жұмабай Шаштай деген бас редактор бір күні Дидар Амантай деген жазушы екеумізге: «Сендер мемлекеттік архивке барып, сонда отыз екінші жылғы «Социалды Қазақстан» деген газеттердің тігінділерін алып, материялдарды қарап, мақала жазып алып келіңдер», - деді. Сонда қайран қалғаным, мен жағамды ұстадым. Дидар да астапыралда, мынаны қарашы деп маған көрсетеді. Сонда халық миллиондап қырылып жатыр, ал ана газетте социализмнің жеңіске жетіп жатқаны туралы жеңімпаз репортаждар. Аштық туралы бір ауыз сөз жоқ».

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ,

жазушы-драматург

Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Келер жылы сүйектерің қайда шашылып қалғанын білмессіңдер» – деп, өлерінен жыл бұрын өзіне ас беріпті. Айтқандай-ақ, келер жылы кісі бойындай қар жауып, боран қасқырша ұлып, 1931-дің қанды азу мешін жұты күллі қазақ даласын албастыдай басып жатты.

«Шешем мені мен емізулі қарындасымды алып төркініне қарай кетіп бара жатты. Мақсаты – бізді сақтап қалу. Кешқұрым еді. Үйірлі қасқыр алдымызды орап, о жағымызға бір шығып, бұ жағымызға бір шығып, айналсоқтай берді. Шешем айғайға басып, таяғын шолтаңдатқанмен, қасқыр бәрібір әлсіз екенімізді аңдаған еді. Шешем қасқырды алдаңқырап қалдыру үшін, құндақтаулы қызын жерге қойып, аштан бұратылып әзер келе жатқан мені арқалап алып жөнеп берді. Сөйтіп елге жетіп, улап-шулап қайта келгенде, там-тұм болып шүберек қана қалған екен».

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,

әдебиеттанушы, ғалым

Аштық алаш баласының буынына түскенде, большевик көсемдерінің қазаққа деген қысас саясаты да барынша күшіне енген. 1931 жылдың жаманатты хабарын Кремльден Қазақстанға Анастас Микоян жеткізеді. Орыс жұртының өзі Владимир Лениннің кезінде қызметке келіп, Леонид Врежневтің тұсына дейін партияның портфелін ұстаған, бір Иличьтен екінші Иличьке дейін жүрек талмасынсыз, дін аман жеткен сұм адам дейтін Микоян, отызыншы жылдары үкімет төрағасының орынбасары, КСРО жабдықтау-сауда министрі болатын.

Алматыда Қазақ өлкелік бюросының мәжілісін өткізген ол Қазақстан алдағы қаңтар-ақпан екі ай ішінде мемлекетке тапсыратын мал басының 70 пайызын орындау туралы мәселе көтереді.

Іздегенге сұраған. Голащекин елді шектен тыс ет салығына жүгіндіреді. Ондағы шешім бойынша қолда бар малдың 50 пайызы етке өткізіліп, қалғаны колхоздың өзінде қалуы тиіс болатын. Және қай ұжымның қанша бас мал өткізері жыл бұрын жиналып алынған есеп бойынша жүргізілген еді. Ал жыл бұрын социализм ұранына еліккен шолақ белсенділер, өз иелігіндегі мал басын бар мөлшерінен асырып көрсеткен. Аулынай біткен атқа қонып, қара халықтың үстінен қамшы үйіруді үдетіп әкетеді. Ал салықтан жиналған мал етке өткізіліп, Ресейдің орталық қалалары мен Сібір, Қиыр Шығысқа жөнелтіліп жатты.

«Голощекин немесе Сталин қазақтың әрбір аулына, оның қорасына барған жоқ. Жергілікті жерде іске асырған тікелей өзіміздің қазақтың басшы қызметкерлері мен аулынайлары. Қарқаралы ауданында 1931 жылы аудандық атқару комитетінің төрағасы Түйебаев деген кісі, мал жинап алып кел деген тапсырманы орындамағаны үшін бір адамды арбаның дөңгелегіне байлап қойып сабаған».

Қайдар АЛДАЖҰМАНОВ,

тарихшы

Жарты жылда Қазақстандағы барлық малдың 80 пайызы етке өткізілген. Қазаққа қырғын таптыру ісіне білек сыбана кіріскен Голощекин, 1931 жылы 9 желтоқсан күні «Жолдастар, отанымызға жүн керек. Қысқа мерзімде 100 тонна жүн өткізіңіздер!» - деп жарлық шашады. Мүмкін емес еді. Өйткені, мұншама мөлшерде жүн беретін аша тұяқ жоқ. Болса да, қазақ қыста қой қырықпайтын. Алайда қара басының амандығы үшін ағайын-туғанды құрбандыққа шалған аупартком хатшылары мен шаруашылық меңгерушілері, әр қазақтың желкесінде тұрып, қорасындағы бірді-екілі қараның жүнін сыпырып алады. Қырқылған арық қой суықтан қырылып жатты. Жұттың бұдан арғы суреті тіптен сұрқай еді.

«Бізді Ырғыздағы панасыздар үйіне орналастырды. Қыстың ұзақ түнінде таң алдында түзге шықтым. Дәретхана деп ойлап, оның қасындағы тақтай қойманың есігін ашып қалғанымда, отынға дайындаған сексеуіл сияқты төбеге дейін тіреп, жиып қойған өзім құралпы балалардың өлі денесін көрдім. Сол жерде құлап қалыппын. Жазғытұрым ауруханадан шықтым. Киім беріп жатқан орта жастағы қазақ әйелі еңіреп жылады. Мен: «Неге жылайсыз?» - дедім. Сонда әлгі кісі көз жасын сүртіп: «Осында келген 50 баладан әне бір-екеуің ғана тірі кетіп барасың. Өмірің ұзақ болады екен», - деді».

Өтебай ҚАНАХИН,

жазушы

Ұлы жұт Қазақстанның сегіз қиыр, төрт тарабын бірдей шарпыды. 1930 жылдың өзінде 313 мыңның үстінде, келер 1931 жылы 755 мың қазақ аштан өлген. Бұдан ары қарайлайтын ештеңе жоқ еді. Ел қонысын тастап, беті ауған жаққа босып кете барды.

Сол жылдары Қазақстаннан совет одағының өзге өңірлеріне босып кеткендер саны 600 мыңның айналасы. Ал Қытай мен Ауғанстан асқан қазақтардың саны 100 мыңға жетіп жығылады.

Өкінішке қарай, атамекеннен ауып, жат жерді паналай барған қазақтың, о жақтағы тағдыры да қыл үстінде еді. Бір үзім нан, бір күндік жарықтың өтеуі, олардың адами-рухани келбетін жалаңаштады.

«Со кезде сұмдықтар болған. Бала сатқан. Балаларын сатқан ғой. Астыққа сатқан балаларын. Сөйтіп біздің қаракөз кішкентай бүлдіршіндеріміз кім көрінгеннің қолында кеткен ғой. Кішкентай-кішкентай баллар. Ұл балалар енді құл боп егін егеді, әйтед-бүйтед, шаруа жайында жүреді. Қыз баллар есейіп, ер жеткеннен кейін со сарттың біреуінің қатыны боп кетеді, мысалға айтайық. Осылай-осылай ел моральдық, рухани шығынға ұшыраған».

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ,

жазушы-драматург

Сталиндік зұлматтың отын маздатып отырған жендеттер енді, қазаққа мүйіз салығы мен шүберек салығын салған. Жинап алып, түк қоймай өртеп отырған. Үрерге иті қалмаған қазақтың мүйіз салығынан құтыла алмасы анық еді. Ал ескі-құсқы киімдерін, алаша, сырмақтан тартып, қыл аяғы қыл-арқанға дейін сыпырып алған шүберек салығынан кейін, қазақ біржола аш қалған.

«Кемел Ақышев деген кісі бар, алтын адамды тапқан. Осы кісі отыз екінші жылы аштықтан өліп жатырмын дейді. Пештің түбіне жығылып қалған екем, жартылай өртеніп кетіппін дейді. Біреу кеп басымды көтерді дейді. Қарасам, нағашым Қаныш Сәтбаев екен дейді. Со кезде Қаныш Сәтбаев Жезқазған қаласында тұрады, Баянауылдағы аулына «Пикап» деген машинамен келді дейді. Ауыл қырылып қалған. Содан сегіз баланы жұрттан тауып алған, соның біреуі менмін дейді. Сол сегізімізді машинаның үстіне жатқызып тірідей Жезқазғанға алып келді дейді. О кезде о кісінің үйі орыс кісі еді дейді. Жиркеніп бізден, қап-қара кірміз. Айғайлап отырып бәрімізді әлгі кісіге жудырды дейді. Бәрімізді оқуға түсірді дейді. Сол жеті баланың алтауы академик болды».

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

публицист

Ресейдің 1931 жылдан жарық көріп келе жатқан «Знамя» журналы өзінің 89-шы нөмірінде Совет үкіметі 1928 жылдан бері қай елге, қанша пұт астық сатқанын жариялайды. Бақсақ, жиырма сегізінші жылы шетелге 1 миллион пұт астық сатылған. Жиырма тоғызыншы жылы 13 миллион, отызыншы жылы 48,3 миллион пұт астық шетел асқан. Ұлы жұт қазақ даласын жайпап бара жатқан 1931 жылы 51,8 миллион, келер жылы 18 миллион пұт астық Совет үкіметінен сатылымға шығарылыпты.

«1932 жылы командировкамен Кент қаласына бардым. Машинадан түстім, айналада тірі пенде көрінбейді. Ештеңе жоқ, ұзыннан салынған қора ғана тұр. Есігін ашсам, ішінде өліктер жатыр. Үлкен қораның іші қатар-қатар жиналған мәйіттерге толы. Кейбір адамдардың көздері ашық жатыр, бірақ әне-міне өлетіні көрініп тұр. Міне, сол кезден бастап мен халық жауларының жауы болдым».

Мансұр ҒАТАУЛИН,

Алаш қайраткері

Жұт 1932 жылға ауғанда қазақтың 6 миллион 509 мың мүйізді ірі қарасы, 18 миллион 566 мың қойы, 3 миллион 516 мың жылқысы етке өткізіліп, Ресей асқан. Есесіне Қазақстанның солтүстік өңірінде 385 мынан аса адам, батысында 395 мыңның үстінде, оңтүстікте 618 мың, орталық Қазақстанда 30 мың қазақ аштан өлген еді.

Бұдан ары қол қусырып, қарап отыруға болмайтын. Бірақ, қолдан келер қайран да жоқ. Күллі қазаққа сауын айтып, жылу жиып, жиырма бірінші жылғы аштықтан жұртын сүйреп шыққан Алаш азаматтары бұл кезде атылғаны атылып, аман қалғаны итжеккенде ит тірлік кешіп жүрген. Ал елдің ішіне іріткі салып, сырттай қызықтаған большевизмнің айтағына еріп, ел жақсыларын өз қолдарымен матап берген қазақ коммунистерінің бар қайраны – орталыққа аштықтың барысын айтып, есеп беру ғана еді.

1932 жылы 4 шілдеде Өлкепарткомның бірінші хатшысы Ф.И. Голощекинге Ғабит Мүсірепов бастап, Қазмембаспа меңгерушісі Мансұр Ғатулин, Комвуздың проректоры Емберген Алтынбеков, орынбасары Мұташ Дәулетғалиев, Госплан энергетика секторының меңгерушісі Қадыр Қуанышевтер қол қойған «бесеудің хаты» түседі. Хатта қазақты жайлаған аштықтың ащы шындығынан деректер келтіріліп, бар кілтипан социализм саясатындағы асыра сілтеулерде жатқаны баяндалған. Алайда «бесеудің хаты» 15 шілдеде өткен Қазақ өлкелік бюросы мен Өлкелік бақылау комиссиясының біріккен мәжілісінде ұлтшылдықтың анық көрінісі, «Қазақстандағы социалистік қайта құру ісінде қол жеткізілген күллі жетістіктерді толығымен бүркемелеп, тек теріс сәттерді бадырайтып көрсету, Өлкекомның жүргізіп отырған барша бағытын сынау»деп танылады. Хат иелері жөнге салады.

«Ол кезде ҚазПИ-дің студенттері едік. Институт залының президумында Голощекин бастаған республика басшылары: «Бес жылдықтың жоспары ойдағыдай орындалды. Ура, жолдастар! Жасасын комунистік партия!» деп ұрандатып, қол шапалақтап жатты. Күн ыстық болғандықтан, залдың есігі ашық тұрған. Жиналысқа қатысып отырған студенттер, ашық тұрған есіктің ар жағында, жолда аштан бұралып, құлап жатқан қазақтарды көріп: «Мыналар неткен көрсоқыр, қаныпезерлер еді?!» - деп жылап отырдық»

Молдабай ӘБДІРОВ

1932 жылы Голощекин Сталинге Қазақ өлкесіндегі ашаршылық жайын баяндағанда, мұртты көсем миығынан күліп: «Ол сары пәлекеттерден тек солай ғана құтылуға болады» депті.

1929 жылғы қаңтардағы мәлімет бойынша Қазақстанда 47 млн. бас мал болса, 1934 жылдың январінде содан 4,5 млн. ғана қалған.

Алайда, мал түгендерлік сиқы жоқ еді қазақтың. 1897 жылы Ресей империясында алғаш рет халық санағы жүргізілген. Онда қырғыздың саны 201 мың, тәжік 350, түркімен 281, өзбек 726 мың екен. Қазақ 4 миллион 84 мың адам деп көрсетіліпті. Күллі Орта Азия халықы қазақтың жартысына да жетпеген. 1911 жылғы санақта қазақтың саны 8 миллионның үстінде еді. Арада жиырма сегіз жыл өтіп, 1939 жылғы санақта түркімен 760 мыңға, қырғыз 750, тәжік 900 мыңға шығып, өзбектің саны 3 миллион 900 мыңға жеткен. Ал қазақ небары 2 миллион 300 мың ғана болыпты. Қазақ содан қайтіп 1929 жылғы санына 1970 жылы әрең ілінген.

Хош. 1921 жылғы аштықтың шығыны – 1 миллион 700 мың адам. 1932-33 жылғы адам шығыны – 2 миллион 300 мың. Екеуін қоссаңыз, қарапайым арифметика – 4 миллион қазақтан айырылғанбыз.

«1929-1930 жылдары қазақтардың 40%-ы қырылды. Біздің аталарымыз, менің әкелерім бұл қалай болғанын айтатын. Егер ашарлышық болмағанда қазір 45-50 миллион болар едік...»

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының

телеарнаға берген сұхбатынан

Бұл бүгінгі жұрттың әттең-айы. Ал ол замандағы ахуал мүлдем кереғар еді. 4 миллион қазақтың сүйегінің үстіне социализм орнатып берген Голощекин, 1933 жылы қаңтарда табанды коммунист деп мадақталып, Бүкілодақтық лауазымды қызмет – Жоғарғы Төрелік Сотты басқаруға аттанады. Қазақтың қолдан ұйымдастырылған қос аштықта жер бетінен көшкен 4 миллион қандасты айтып, аза тұтуына әлі ұзақ – 58 жыл бар болатын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар