Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақсұңқар Ақынбаба: Бізді де есіркер бір бақыт...

19.04.2017 3039

Ақсұңқар Ақынбаба: Бізді де есіркер бір бақыт...

I

Өзгертем деп ем,

Өзімдей етіп қоғамды,

Жылдағы азап жылда өніп.

Жаратқан Алла аямаса өзі адамды,

Жұбатар дейсің кім келіп?

b8880d6491b3887685e91473249e7070.jpg

Ақсұңқар еді –

Құстардың текті төресі,

Қолдашы Қазақ даласы?

Таулар бар биік:

Өзеннен терең өресі,

Жағаңда тұрмын қарашы?

Әділет сенің сергелдең құшып сертіңнен,

Адасып жүрген өмірі өксік өскінмін,

Қолымды босат?

Кетейін енді еркіммен,

Кешіргін мені,

Кеш, Құным?

II

Қайғым мен зарым

Ғасырдың болды өлшемі,

Көз жасымды төгілген

Көремісің Алла?

Жауыздық пенен

Сатқындық басқан еңсені,

Көтеріп,

Көңіл бөлемісің Алла?

Әкемдей дархан

Даламның даусы бар еді,

Бармысың қайран сахара?

Шырмаған басты Әдіреңбайлардың әлегі,

Көз жасым ойран ата ма?

Қанымды ағызған

Азынабайлардың қамшысы,

Сарқылғанша ағам, сой тағы,

Арызқойлардың асығы түсіп алшысы,

Жеңгенін күліп айтады!

2011 жыл.

***

Халық менен Рухын оятатын,

Жыр күтеді...

Мен күтем кімнен медет?

Күллі әлемнен ақыры, саяқ қаппын,

Өлең болып өмірді сүремін деп...

Өзгешелеу болуы тиіс менің жырым,

Тағдырымның өзі де өзгеше еді.

Құрсын бірақ, дәл мұндай өмірлінің,

Жазған шері немесе көрген шері...

Жүзжылдан соң кіммін мен?

Кімсінемін?..

Ақтала ма жан терім төккен күллі?

Білгендіктен шалады, түсінемін,

Азат ұшсам аспандап кетерімді...

2015 жыл.

***

Нартәуекел!

Тырысайын, көрейін,

Біле тұра

Не берерін, не дерін,

Белім буып

Шыққан сенің жолыңда-

Не тіріліп,

Не өлейін.

Ашындырып

Маза бермей айтағы,

Алды-артымнан шыға берді сойқаны,

Енді аянар қалмағандай ештеңе,

Енді ойланар қалмағандай ешне де.

Бел будым ғой бәріне де о,бастан,

Шыдап ем ғой бәріне де о,бастан,

Кешірдім ғой небір түрін зәбірдің,

Қорлықтарын қолдасқан.

Нартәуекел!

Тағы шыдап көрейін,

Қара тастан қайыс қамшы өрейін,

Шыдамымның жеткенінше,

Қайысып,

Сойқанына

Қасарысып көнейін.

...Мені жөптеп біткенінше,

Үккенше,

Кенет жетер

Ғайып құсын күткенше,

Мен шыдайын,

Сен де шыда,

Шыдайық,

Шыдай алмай,

Тас талқан боп –өздері,

Күл боп жанып

Біткенше!..

...Нартәуекел!

***

Өзінен адам безеді екен өзгедей,

Сезінеді екен өзгені және сезгендей.

Құран айтатын шындыққа мынау қараңыз,

Бәріміз бір-ақ адамбыз!

Бір адам болып жаралғанбыз біз, адаспа,

Тайпалар ойдан жаралған дейді бертінде.

Адамға адам өш болып туған о баста,

Қабыл мен Абыл кейпінде.

Дүниені мынау бөлісе алмаудың ақыры,

Дүниені егес өзгерткен.

Бөлінбей-ақ та, сүретін сана, ақылы,

Бір адам едік келетін кезек-кезекпен.

Мәңгілік сана жетегіндеміз, теңбіз біз,

Басынбаңдаршы ұлттарды!

«Мәңгілік!» атты Елміз Біз,

Төзімпаз халық ұтады.

Шығыстың қызы болғаным үшін,

Халықтан

Кішімін, дәйім,

Азия саған Иемін,

Аристотель мен Платондармен толыққан,

Ақылгөйсіген Еуропаны да сүйемін!

Алланың жері... бәріне ортақ білемін,

Өткен мен бүгін қосылып тынар жолдамыз.

Өткен мен бүгін,

Болашақ бірге болса егер,

Бәріңмен мен де біргемін!

2014 жыл

***

Адам қалай өзгереді бір демде,

Кенет келген бақ пен сордың күшінен,

Қала алмайсың

Қалғың келген күндерде,

Жұлқып алып кетсе оятып түсіңнен.

Көреміз ғой басқа салса,көнеміз,

Ешкім қалап алмайды өз өмірін,

Ит пен құстан қалып қанша көңілің,

Түнек кешіп жүрсек-тағы сенеміз.

Бір күндері мен де оңармын, білемін.

Қара бұлтын ашар бәлкім, түнегің,

Бәрі де өтер,

Естен кетер...

Тек қана,

Бұл жүрекпен

Қалай өмір сүремін?!

Жүрегі жоқ адам ғана жыламас,

Талпынбайтын адам ғана құламас,

Батпағандар тереңдерге-

Тұншыққан,

Жанның халін сұрамас...

Кім біліпті қорлықтарды мен кешкен?

Кім жүріпті қыраттармен белдескен?

Қалай жылап, күлгенімді сен сонда,

Қайдан біліп алдың екен көрмесең?

..Рахмет! Тауқымет!

2015 жыл.

***

Куә боп күнәға,

Күрсініп түн бала,

Күнаға бір шығып, бір батып,

Түн бала жылама,

Жетеді улама,

Бізді де есіркер бір бақыт.

Жанымды балталап,

Наламды арқалап,

Көш кетіп барады ауырлап,

Біресе ит талап,

Біресе бит талап,

Мен кетіп барамын қауым қап.

Сойқанын соққының,

Тойтарған оттының,

Көрдің бе сөнгенін,

Көнгенін?

...Бәрібір оттымын,

Бәрібір жоқ құным,

Осылай кеткенім жөн менің!

2002 жыл.

***

Адасты екен деп бір рет,

Арымды асқақ жер қылма,

Өзінен өзгені сүймейтін,

Мен бе едім өлердей сүйгенің?

Күлгенім сен үшін күндейін,

Жыласам панаңа ап түндейін,

Жүруші ең жолыма гүл төсеп,

Әлемнің жеткізіп нұр демін.

Кешпеген ауырын тағдырдың,

Мен онда қыз едім, гүл едім,

Амал не, жазира жаныңның,

Қадірін ол кезде білмедім...

2010 жыл.

***

Аппақ қар...

Қалбақтаған қара қарға,

«Әнін шырқап» ұшып жүр.

Дауа бар ма?

Осылай тімсіңдейтін, тың тыңдайтын,

Адамның қарғалары қараларда.

Сұңқар жоқ,

Жапалақ бар арман бар ма?

Шырқап қал, достарың көп,

Алаң бар ма,

Тау жаққа кеткім келіп тұрғанын ай,

Мына қарға қалмайды амал бар ма?

Тау жаққа

Тартып кеткім келді бүгін,

Қапа мұңнан құтылып келді күлгім,

Кетіп қалғым келеді біржолата,

Сонда ғана өмірлі, көңілдімін.

Таудай мұңмен, тау күшпен сілкілеген,

Алысар қасқырымен, түлкілермен,

Қарғасыз, бөденесіз, сауысқансыз,

Тауларға кеткім кеп тұр күркіреген.

...Ақ қарда қалбақтама қара қарға,

Ақ әлемді жетеді жаралама.

2002 жыл

***

Қимасындай кірпік ілмей, бағатын,

Нақағына құшырланып жағатын,

Шексіз алғыс жала менен өсекке,

Қай қуыста жүрсең де іздеп табатын.

Тімтін, өсек,

Түгімді де қалдырмай,

Ауыздыға,

Аяқтыға шалдырмай,

Маған сенше еңбек еткен ешкім жоқ,

Жауларымның ала алмаған өші боп.

Құйқылжыдың

Құлақ шөлін қандырып,

Бар пәлені маған ғана жаудырып,

Онан қалса,

Тау-тас қаңғып,

Айғайлап,

Дүниені кездің қанша,

Дау қылып.

Айтқанына өзі бірақ, сенбейтін,

Өзі ұқпайтын және оның бірісін,

Сен болмасаң сөндірсең де сөнбейтін,

Сен болмасаң «қадірімді» кім білсін!

Қарама һәм обалыма, қарама,

Мен аппақпын,

Күйелей түс, қарала,

Аққа қара тез жұғады себебі,

Бірақ, бір сәт тыныс тауып жалаңнан,

Сенсіз өмір сүре тұрсам бола ма?

Жана алмаймыз,

Біз бәрібір бір өртте,

Адам-адам,

Хайуан ол жануар,

Ақиқаттың Уы- У да,

Балы-Бал,

Қан қатқандай қатып қалған жүректе

Тас па?

От па?

Тағдырымнан танып ал!

2011 жыл.

***

Ғұмырым саған таңсық па?

Қазақ па, қаның ырғыз ба?

Еркек біткені ғашық па?

Мен сіңіп кеткенмін жұлдызға.

Қарлықты даусым замандас,

Естимісіңдер аптапта?

Тереңнен тартып шығара алмас,

Батып кеттіңдер ме, батпаққа?

Бұйдаға көнбес түйені,

Несіне бекер сүйредің,

Алтыннан сарай соқса да,

Қайырыла алмас күйдемін.

2003 жыл.

***

Келе жаттым жалғыз өзім-өзіммен,

Жым-жырт түні,

Күллі әлем көз ілген,

Көлеңкелер,

Биік үйлер,

Тым-тырыс,

Шаруасы жоқ

Мендегі бұл сезімнен.

Такси де жоқ,

Тоқтататын торапта,

Қызыл жарық жанып тұрды жолақта.

Апаруға ешкім іздеп келмеді,

Сенбі кеші, бүгін бәрі қонақта.

Әдемі екен, амал қанша, түн бүгін,

Сен қыздармен, мен өзіммен қыдырдым,

Нөміріңді теріп едім,бәрібір,

Жетпей қалды бірлігім.

Тұрды алдымда ескі кафе,

Мұңлы әнін,

Әуеніне қосып жалт-жұлт шырағын,

Жалғыз кіріп,

Ащы иісінен сыраның,

Бір жұбаныш сұрадым.

... Біраздан соң көк түтіннің ішінде,

Билеп жаттым, жеткенінше шыдамым.

2009 жыл.

***

Құзырыңа құлдық-құлдық Төре мұң,

Шашбауыңды көтеремін, өремін.

Қарсы келу бірден өлу білемін,

Мен өзіңді иттен жақсы көремін.

Бағынам ғой,

Бағынбасқа амал жоқ,

Айызыңды қандыра түс, қарман дос.

Ақиқатты сүйей алар ешкім жоқ,

Бұ дүниеде кімде, бірақ, арман жоқ.

Кешір, бірақ,

Ұққан сайын күшіңді,

Енді түкке татымасың түсіндім.

2003 жыл.

***

Мен дегенде:бәрі қисық, қым-қиғаш,

Мен дегенде бақыт асау, мұң жуас,

Мен дегенде –

Бұ Дүниенің Азабы,

Қағидасы қатал заңдай бұлжымас.

Айналшақтап ұша берді-ау мұң құсым,

Айналшақтап қарай бердім.Түн ішім.

Аяйсыңдар.

Қарамаңдар түріме,

Аямаған мені ешқашан бұл үшін!

Аямаған мені Құдай о,бастан!

Мен дегенде оның көзін қан басқан!

Аяуға лайық емес едім өзім де,

Аямаңдар жауларым мен жолдастар.

Мен дегенде көздер соқыр,қас әлем,

Қолдар шолақ, құлақтары таскерең.

Мен дегенде кері ағып өзендер,

Мені ғана құтқармады Ащы Өлең!

Мен дегенде ойларды түн басады,

Екілене соғысып жын жасағы,

Сәл-пәл шаттық бір жалт етсе ғайыптан,

Ол да мені көре сала қашады.

Жалғыз басым шамам жетпей бәріне,

Ей, Тәңірім, зарлай берем қашанғы?!

Менікі емес мына көздер мендегі,

Менікі емес мына жүрек өлмелі,

Мен емеспін лағнат артқан мына мен,

Мен емеспін –тірі өлік көрдегі.

Зауалыңа,

Ажалыңа ағылған,

Тірі өлікпін,

Кезек-кезек шомылған.

Ей, Тәңірім,

Керең болсаң сен егер,

Басқа қандай Құдайыңа шағынам?

2016 жыл

***

Астаң-кестең дүрліктіріп әлемді,

Ақырында ұмытылған ғасырдай,

Енді ұмыт бола салғым келеді,

Құпиядай қалған сыры ашылмай.

Соқыр, мылқау аспан сені көргім жоқ,

Естігім жоқ қара жердің ойбайын,

Өзін-өзі жарналаған өлді деп,

Соңғы ақымақ ақын мен-ақ болайын.

Ұмытыңдар,

Мен болғам жоқ жалғанда,

Тек шындықпен бірге болған өмір ем.

Шындық үшін құрбан болған өмір ем.

Шындық үшін шырқыраған өмір ем.

Сол шындықтың қазу үшін көрін кең,

Жағаласты жаналғыштар менімен.

Жер бетінен орын таппай, шырылдап,

Мен шындықпен бірге талай көмілгем.

Ұлт намысын құтқарғым кеп дүреден,

Жауап күттім шенділерден шіренген.

Һәм сондықтан жандайшаптар жалаңдап,

Жастығымды жарға апарып тіреген.

Солай менің өтті есіл жастығым,

Жанып тұрып кетті есіл жастығым.

Заманынан қолдау көрмей қор болған,

Қоғамды да,

Мені де

Кеш, жастығым!

2011 ж.

***

Ашыл тұман?

Құшағыңды жай ғалам,

Аптабыңа қайнап-қайнап сарқылғам,

Өмірім бар өзіне-өзі алданған,

Дау мен жауым бар қалмайтын артымнан,

Дау боп кеткен азды-көпті даңқым бар.

Басыл тұман!

Аласұрған, ақырған,

Маған біткен қайғымдайсың,

Тартынбан,

Жан-жағымнан таласа үріп, атылған,

Көре алмайтын сансыз жауды көп иттей,

Ешкімімнің жоқтығына қарамай,

Шабуылға шақырып ап, ал,сосын,

Қан-қан болып көк иттей боп таланып,

Жалғыз қалып аһ ұрғам.

Басыл енді,

Дауыл өрттің не теңі,

Өз бораным,

Өз тұманым жетеді.

Ақын жүрек

Байыз таппай, осылай,

Ұлы арманның

Жетегінде кетеді.

2015 жыл.

***

Бүгін шығар күліп таңым атқаны,

Түннің түсі түңілдірмей батқаны,

Сордан міне, тыныс тауып біржола,

Есігімді бақыт келіп қаққаны.

Қандай ғажап есікті ашу бақ кірген,

Ашылмайтын күндер артта қалатын...

Оянғаның жаныңдағы тәтті үннен,

Оянбай да жүріп кетсең болатын.

Баянды бол,

Бастан бағым көшпе енді!

Күн нұрыңды ақ жүзіме тосшы енді,

Қарашы, аспан?

Көздеріме –Арайға,

Жылатпашы, енді мені,

Жарай ма?

2002 жыл.

***

Сөйлемеші,

Жо-жоқ!

Енді үндеме,

Екеумізге жетеді ғой бір дене.

Мен де бекер келгенім жоқ өмірге,

Мен де әйелмін...мен де жанам түндерде.

Жырды мұңға батыра алам, толқыма,

Орап алып шығам сені Отыма,

Махаббатсыз өтті қанша өмірім,

Сүюге де, күюге де хақым бар...

***

Алаң болған күндерім артта қалып,

Өксімеші жүрегім, баққа налып,

Көктемгі қар ішінен жарып шыққан,

Бәйшешекті сақтайық, таптамалық.

Жазмыш жалған құтылсын қасіреттен,

Дос болудан қорқады ел қасы көппен.

Қарайыншы шүкір деп, асуларға,

Әз жолыма қар мен мұз басып өткен.

Жақсылық пен жақсылық жалғаса гөр,

Арман өзі адассын, алдаса егер.

Адастырған тағдыр деп біз жүргенде,

Тағдыр бізден адасып қалмаса егер...

***

Қаншама Сөз...

Қаншама Көз...

Анталап,

Тынды ақыры жоқ қылып!

Кете барды ол сол сөздерді арқалап,

Жіберді оны кекті ғып...

Есіктерді әділетсіз жабылған,

Қаға алмады ол қайта кеп,

Ол тау еді—

Көк аспанға бағынған,

Жанартауша кенеттен,

Жай түскен күн жарылған...

Тер төксе де сый көруге лайық,

Қудалауға ұрынды ерте жасынан,

Оның неге жылағанын сұрайық,

Сұрамайық жауларынан басынған...

Сіңірмеп ед бір тамшы да еңбегін,

Тапталуға мұншама,

Біз ұқпаймыз оның неден өлгенін,

Жүз рет ол туса да...

Алтын басын допша тепкен өсектер,

Көреалмаған көп дұшпанның өші ғой,

Тасалардан лақтырылған кесектер,

Қазақпенен келе жатқан бір жасап,

Арыздардың Көші ғой...

2015 жыл

***

Сөне жаздап қайта жанған отпын мен,

Өлім сенің санатыңда жоқпын мен.

Бірге үрсе көп боп көзге көрінер,

Көп ит сенен көппін мен.

Алыстырған бір аңсау бар жабысқан,

Бір арман бар қатар шапқан қалыспай,

Қол созамын құздар саған жете алмай,

Естімейсің,

Өксимін тек алыстан.

Сені мен Біз –

Тең емес ек о,бастан,

Күн мен Түнбіз,

Екі әлемдей алмасқан,

Біз бөтенбіз,

Бөтен болып қаламыз,

Көк пен Жердей

Мәңгі алыстан қарасқан...

***

Қайғы зарым сіңген Өлең,

Сен арала, мен емес,

Мен боп ғұмыр кешкен Өлең,

Сен өмір сүр, мен емес.

От ішінде көл ғып жасын,

Дүниеден өтермін,

Жастығымды –

Жеңдің Ғасыр,

Обалымды көтердің.

.

...Қайда барсаң, алдарыңда,

Асқақ бейнем тұрады,

Тұрады ылғи жолдарыңда,

Өмірімнің сұрағы...???

2015 жыл.

***


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар