Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақын Құралай Омар мен ақын Нәзира Бердалының риясыз әңгімесі

17.07.2017 6167

Ақын Құралай Омар мен ақын Нәзира Бердалының риясыз әңгімесі

Өлең деген - бір сәттік көңіл-күй ғана...

Жолымды бөгеді, білмеймін, неше ырым?

Өзіме тиді-ау қырсығым, кесірім.
Айтылмай не мұңым, не сырым,
Телефон көзімнің жасына тұншықты.
Сіздегі үнсіздік – ақталу,
Мендегі үнсіздік – кешірім.

Солай-ау шамасы...
Жазмыштың жазуы –
Маңдайға сызғанға көндігу, бағыну.
Тыныштық тағы өлді ауыр дем арқалап,
Сіздегі күрсініс – жалғыздық,
Мендегі күрсініс – сағыну.

Аязға, мұзға да бергісіз,
Жүрекке сұп-суық ерді сыз.
Толқындар жеткізген үніңіз жауратты.
Сіздегі салқындық – үмітті жылату,
Мендегі салқындық... белгісіз.

Құралай Омар 1983 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Жамбыл аулында дүниеге келген. 2000 жылы Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы гимназия-интернатын, 2004 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемдекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде, ғаламторда жиі жарияланып тұрады. "Жалын" журналының Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығына ие болған, 2007 жылы X Халықаралық Шабыт фестивалінің басжүлдесін жеңіп алды. "Ақ қар", "Мендегі үнсіздік" атты жыр жинақтарының авторы Құралай бүгінде "Қазақстан" ұлттық арнасының анонс бөлімінің шеф-редакторы қызметін атқарады.

- Құралай, өзіңді таныстырған кезде ұдайы мектепте Қанипа Бітібаеваның авторлық сыныбында оқыдым деп, ұмытпай айтып жүреді екенсің. «Ұстаздың атын шәкірт шығарады» деген осы шығар. Қанипа апай кім?

- Қанипа апай - ұлы ұстаз. Менің әдебиетке келуіме үлкен себепкер болған адам. Егер мен ол кісінің алдында білім алмағанымда, мүмкін математик болып кетер едім. Мені әдебиет деген әлемге жетелеп алып келген сол кісі. Сондықтан мен ол кісінің есімін айтпай кете алмаймын.

- Ақынжанды адам ба еді?

- Иә, ақынжанды, актриса сияқты, - сабақ түсіндірген кезде біз көзімізді жұмып, аузымызды ашып тыңдайтынбыз. Барлық білімді , тіпті университеттің білімінің барлығын мен мектепте жүргенде сол кісіден алдым. Ол кісіден Азамат Тасқара, Тоқтарбек Хамзин тәлім алған.

- Ақындарды тәрбиелеген ұстаз екен ғой...Құралай, жатқан жері жарық болғыр Фариза Оңғарсынова "Қыз баланың поэзияда жолы ауыр болады. Ер адамдарға қарағанда олардың мойындалуы да қиын. Бірақ Құралай өзінің осы табиғи қалпынан айнымайтын болса, одан жақсы ақын шығатыны күдік тудырмайды. Біз одан үміт күтеміз" деген екен. Өзің қалай ойлайсың, поэзиядағы жолың ауыр ма, жеңіл ме?

-Негізі қыз баланың қай кезде де жолы ауыр. Әсіресе өнерде жүргенде, өлеңде жүргенде. Жігіттеріміз де қыз ақындарды мойындай бермейді. Соншалықты ауыр жүк көтеріп жүргенімізді білеміз. Бірақ, өлеңді мен Құдайдан берілген қасиет деп танимын. Сол себепті, оны көтеруге, мойымауға тырысамыз.

- Ақын қыздардың қытығына тиетін "Әйелден ақын шықпайды, әнші не биші болмаса" деген Есенғали ағамыздың өлеңі ғой. Жалпы, поэзиядағы жолы ауыр дегенді ер адамдардың тарапынан мойындаудың болмауы деп түсіндіресің бе?

- Солай сияқты...

- "Тағдыр болмаса, өлең де болмайды" деген сөзің бар. Сенің тағдырың қандай?

- Кейбіреулер өлеңімді оқып, үнемі мұңайып жүретін, үнемі жылап жүретін адам деп елестетуі мүмкін. Бірақ, мен өлең жазған кезде ғана ақынмын, қалған кезде жай ғана адаммын. Мен де қуана аламын, мен де күле аламын. Өлең деген - бір сәттік көңіл-күй ғана. Ол көңіл-күй бір сағаттан соң немесе бір күннен кейін ұмытылып кетуі мүмкін. Бірақ, қағазда қалып қояды.

- Иә, мен де қаламды серік еткен жан болғандықтан, сені жақсы түсінемін. Ақынның өлеңі оның күнделігі секілді - өзінің жан сырын, мұңын қағазға түсіреді де, әрі қарай адами өмірін сүріп жүре береді. Өлең кітапта, қағазда өз бетінше өмір сүріп жатады. Ал өзің адами болмысыңмен өмір сүріп жатасың.

Оқырман сауалы:

- Сәлеметсіз бе, Құралай ханым! Бір өлеңді қанша уақыт жазасыз? Өлең туған сәтте әртүрлі эмоцияға берілесіз бе?

- Өлең жазбай кеткен кезде сылтаулар пайда болады: жұмысым ауыр, уақытым тығыз деген. Бірақ өлең жазуға ештеңе кедергі емес. Өлеңді, ішіңде пісіп жүрген дүниені қағазға түсіруге кейде он бес минут кетеді, кейде жарты сағат, әрі кетсе бір сағат. Адам толы автобуста да өз ойыммен оңаша қалып телефоныма жазған өлеңдерім болды. Әңгімелесіп отырған кезде де жазатын өлеңдер болады. Басқамен сыртым ғана сөйлесіп отыруы мүмкін, бірақ ішім өлең жазып отырады.

- Өлең ақын үшін өз жанының емі. Өлең жазуға қабілеті жоқтар психологқа барып сырласып, діни қызметкерге мұң-сырын ақтаруы мүмкін. Ал ақын ішкі сезімдерін қағазға жазып қалдырады: өзінің жанын да емдейді, дәл сондай күйде жүрген оқырманының да жанын емдейді. Сондықтан, ақын - адам жанының психологы ғой?

- Иә, өмір кейде жаралап кететін кездер болады. Сол жарамызды өзіміз өлеңмен емдеп, жазып аламыз.

- Сол өлеңдерді қайталап оқығың келе ме?

- Кейде оқимын. Бірақ кейбір кезде "мынаны не үшін жаздым екен?" деген ойлар келеді. Кейбір ескі өлеңдерімнен ұялып та кетемін, "мынаны мен жаздым ба?" деп...

- Ендеше, осы тақырыпта өлеңдерің болса, тыңдай отырайық.

- Табылмай жанымның тұрағы,

Таусылмай тағдырдың сұрағы,

Жып-жылы сәттерді қия алмай,

Көзіме ыстық жас тұнады.

Мен үнсіз күрсіндім

Көлеңкем

"Кетпе" деп жолыңа құлады.

Жата қап жылады иегі кемсеңдеп,

Мың мәрте оқталды өзіңе ерсем деп.

Аяққа жығылып, жалынды содан соң

"Қайтадан айналып келсең" деп

Көрсем деп тағы да...

Өзгерді мекенің.

Қай кезде, қай күні, қалайшы жетемін?

Кеткелі күй осы...

Сездің бе,

Құлаған көлеңкем - жылаған жүрегім екенін?

- Байқасам, көптеген өлеңдеріңде бір лирикалық кейіпкер бар. Сенің сүйіктім деп өлең арнайтын адамың ойдан шығарылған, қиялдағы бейне емес пе? Әлде өмірде бар адам ба?

- Өмірде бар адам. Бірақ, меніңше, біз қиялдан идеал жасап алғанбыз. Соған бір адамды ұқсатуымыз мүмкін. Сол идеалымызға қалыптап қоямыз. Соған арнап жазамыз. Бірақ оны қиялдағы адам десе де болады.

- Өмірдегі адам мен өлеңдегі адам бірдей болмауы мүмкін бе?

- Ұқсас болады, бірақ, бірдей болмауы мүмкін.

- Сенің өлеңіңе жазылған, Роза Әлқожа орындап жүрген "Жүрек назы" атты ән бар. Бұл әннің шығу тарихында: "...бұрынғы махаббатымды ойлап отырып жаздым. Ол адам бірақ өмірде жоқ" деген екенсің. Осы сөздерің Фариза апамыздың бір үзік сырын есіме түсірді."Қазақстан" ұлттық арнасында "Риясыз әңгіме" деген бағдарлама жүргізген кезімде осы сұрақты сол кісіге де қойған едім: "Сіздің лирикалық кейіпкеріңіз кім?" деп. Ол кісі: "Жас кезімде ғашық болдым. Бірақ, ол адам бұл өмірде жоқ" деп жауап берген еді.

- Кімге арнағанымды айтпай-ақ қояйын. Ол менің жүрегімдегі құпия десем де болады. Ал, "Жүрек назы" әнін жазған кезде Розаның қалауы бойынша кейбір сөздерді қалдырдық. Сөздерді өзгерткенімен, әннің табиғатын, негізін жеткізе алмайтын еді деп ойлап, ең маңыздыларын, тірегін қалдырдық. Екеуміз бірігіп отырып жаздық.

- Құралай, сенің өлеңдеріңнен жалғыздықты сеземіз. Бір сұхбатыңда "Жаратқанды іздеп, Жаратқанды сағынатынымнан болуы мүмкін" деген екенсің.

- Әйелдер қауымы көбіне жанында ер адамың болса, жалғыздықтан құтыламын деп ойлайды. Ер адамдар да солай. Бірақ олар бір-бірін жалғыздықтан құтқара алмайды. Адамның бәрі өмірге жалғыз болып келгеннен кейін жалғыз боп өтеді. Ал мен өз сағынышымды - Жаратқанға деген сағыныш деп түсінем. Өйткені адам Жаратқанды және өзін-өзі іздеумен болады. Өзін-өзі тапқан кезде ғана жалғыздығынан арылуы мүмкін. Біздің жалғызсырауымыздың себебі де осы.

- "Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ" деп хәкім Абай да жырлаған. Бірақ, жалғыздықтан ол да қашып құтыла алмаған... Қазақта «жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деген сөз бар. Ол адамның ішкі жалғыздығы емес, өмірдегі өзінің серігін табуы, өзінен кейін із қалдыруы, ұрпақ сүюі. Білуімше, осы тұрғыдан әлі серігіңді кездестірген жоқсың. Өзіңді, өлеңіңді бағлайтын азамат кездессе, тұрмыс құруға дайынсың ба? Әлде сүйгенің бар ма?

- Егер ондай адам болса, дайын шығармын. Әзірге ондай адам жоқ.

- Қандай талап қоясың?

-Талғамы биік болса деп ойлаймын. Өзіндік көзқарасы, пікірі бар, қоғамның жаттанды ережелерімен жүрмейтін адам болса...

- Қазіргі таңда оқырманмен тікелей байланыс орнатудың сан түрлі жолы бар - ғаламтор, әлеуметтік желі. Хабарласып тұратын тілекші оқырмандарың көп пе?

- Өте көп болмаса да, бар. Жазғанымның бекер еместігіне көзім жетіп, қуанып қаламын. Кейде өмір ақын екеніңді ұмыттырып жіберген кезде, халықтың жылы лебізі қайтадан өлең жазуға деген құлшынысыңды арттырады, шабытты оятады.

- Оқырмандарға тағы бір өлеңіңді ұсынсақ...

-Жолайырықта жолықтық

Жол екіге бөлінді.

Өзіңізсіз өмірім

Тым көңілсіз көрінді.

Кезіктіңіз неліктен

жүрегімнің сорына?

Шыға аламадым шырмалып

сезімімнің торына.

Сағынышым түндерде

жөнеледі хат болып.

Жүдетеді жанымды

кеткеніңіз жат болып.

Саусақтарым сүйеді

телефонның пернесін.

Қайда жүрсіз, қай жерде?

Енді оралып келмесім..

Армандарым алыста-

жұлдыздан да жоғары.

Белгісіздеу бақыттың

қайта айналып соғары.

Балауызын үміттің

Көз жасыммен сқндірдім.

Хат жазбауға өзімді

Әрең-әрең көндірдім...

Оқырман сауалы:

-Мұқағали атамыздың мынадай сөзі бар: "Ақынның өз мемлекеті, өз қоғамы, өз дүниесі бар. Бұл аз дүние емес. Демек, мен сол үшін өмір сүремін, сол үшін күресемін. Кіммен, немен күресемін? Өзіммен өзім бе?". Бұл кісінің өмір сүрген уақытында дін мәселесі қиын болып, Құдайды тереңірек тани алмаған. Ал сұрағым - намаз оқисыз ба? Дін туралы түсініңіз қалай? Қай елдің қызысыз?

- Шығыс Қазақстан облысының қызымын. Нұрлан Мәукенұлы, Гүлнар Салықбай сияқты үлкен ақындар шыққан Зайсан ауданының Жамбыл ауылында дүниеге келгеніме мақтанамын.

Намаз оқымаймын. Дін туралы әркімнің өз көзқарасы, түсінігі бар. Гүлнар Салықбай бір сұхбатында: "Дін деген - интимдік тақырып" дейді. Ол әркімнің жүрегінің түкпірінде болу керек - оны жария қылудың қажет жоқ. Сондықтан мен оны жариялап айтқым келмейді. Өз түсінігім өзімде қалады.

- Құралай, риясыз әңгімеңе рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: әңгіме, Құралай, Омар, Нәзира, Бердалы, Риясыз
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар