Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Айгүл Ісімақова. Қазіргі заманның сал-серісі

17.09.2019 1501

Айгүл Ісімақова. Қазіргі заманның сал-серісі

Осыдан он жыл бұрын «Хабар» телеарнасына «Тіл» бағдарламасының аяғынан тік тұруына тікелей ықпал еткен Бейбіт Құсанбек шақырғанда бас тартпай, уақыт тауып қатысып тұрушы едім. Себебі ол бағдарламаның танымдық деңгейі жоғары болатын. Сондай бір бас қосуда Сәкен Жүнісов пен Қажытай Ілиясұлымен де бірнеше рет бірге қазылық еттім. Екі жазушының қазақтың тіліне, әр сөзіне деген жауапкершіліктері, ықыластары ерекше еді. «Дүр» деген сөзге балама таба алмай қалғанда Қажытай аға Тұрмағамбет Ізтілеуұлының өлеңдерінен әдемі, ұзақ мысалдар келтіріп бізді таңғалдырып еді.

Соңынан салыстырсам, Қажытай ақынның тілі сол баяғы А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлыларының тіліне ұқсас екен. ХХ ғасырдың басында шет елдерге жер аударылған қазақтар ұлттық тілдің нәрін сақтап қалған екен. Кейін Қажытай Ілиясұлы біздің институтта қолжазба бөлімінде қызмет істеді. Ғылыми кеңестегі пікірталастарға қатысып ерекше пікір білдіріп отыратын азамат еді. Соңғы жылдары екі томдық кітабын арнайы сыйлап, пікір де сұраған еді, бірақ мына асығыс заманда қолымыз тимей кете береді екенбіз.

Қолымдағы 2 томдықты оқып шығып Қ.Ілиясұлының совет заманына бой бермей қазақ поэзиясына өзіне ғана тән әдемі мәтіндер қалдырғанына көзім жетті. Академик З.Ахметов айтқандай, Қ.Ілиясұлының «қайсы өлеңің оқысаңыз да жүзіктің көзінен өткендей, мүлтік жоқ». Ақын поэзиясының жанрлары өзі атап бергендей: «толғау мен сатиралық өлеңдер, қазіргі заманның мысалдары, бата, мақал-мәтел, пародия, тентек термелер, айтыстар». Маңайындағы тіршіліктің қасіретін көріп, жүрегінен шыққан сатиралық өлеңдері заманның қайталанбас хаты іспеттес.

Мұстафа Өзтүрікті жоқтап жазған толғауы бүкіл қазақ халқының атынан шығарылған қазіргі жоқтау жанрының үлгісі деп санауға болады.

«Беташар» (1989) өлеңінде Қ.Ілиясұлы ақындық ұстанымын былай деп айқындап алады:

Қызысың ба, осы елдің ұлысың ба?

Шешіліп, шер төгейін уысыңда.

Күзетіп кісіліктің шекарасын,

Тағдырым тұрды үнемі қыл ұшында

Жүргем жоқ дүбірлетпей, тым аяңдап,

Бірақ жалқы дауыстан кім оянбақ?!

Қарулы қанат бітіп қаршадайдан,

Іштестім естілермен Құдай оңдап.

Бағымды бақас байлап, көсе күндеп,

Күншілден қайтты есепсіз меселім көп.

Топтанған тосқауылға шырматылып,

Қолыңа тиді жырым кешеуілдеп.

Жан жасып, көргенсізден көз қарықты,

Бағымды дүниеден өзған ұқты

Көңілін көншітпеген солардың да,

«Ештен кеш жақсы» деген сөз қалыпты.

Сұм бар да, суайт да, жала бар да,

Көрмеген ит қорлықты дана бар ма?

Бітсе екен біздің тұспен, қауқылдасып,

Бұлбұлдың жемін жейтін ала қарға!..

Яғни басты мақсат «Күзетіп кісіліктің шекарасын», себебі әр заманда «Сұм бар да, суайт бар да, жала бар да, Көрмеген ит қорлықты дана бар ма?!» Ақынның келесі өлеңі қазіргі өмірдің негізгі келбетін бергендей:

Арман айнасы

Әр қаланың шулатып, қарғаларын,

Жандауыспен шырқадым арман әнін.

Білдірдім бірақ қазақ екенімді.

Еңсемнен исі аңқып сардаланың.

Сардаланың бояуы қармағаным,

Көп тыңдадым мұңдының зарлағанын.

Кінәсіздің көз жасын сүртсем болды,

Қаскүнемнің қайтемін қарғағанын?!

Қарғағанын, қайтемін арбағанын?!

Бұздым талай тасырдың тар қамалын.

Ақкөңіл, албырттықпен аңғармаппын,

Ақсұңқардың орнында қарға барын.

Қарға барын, білсем де, қарманамын.

Жаңылмай, айтсам-ау, деп арман әнін!

Ата-баба мәнезін білмейтұғын,

Қарғаң маған жөн айтса, бар ма амалым?!

Қ.Ілиясұлының өлең тілі қазіргі тілден бөлектеу. Ақындық тілінде Алаш арыстары сияқты ұлттық концепт басым. Біз балалық шақ десек, ақын: «Япырау, қайда қалған тұлымды шақ?» дейді. Совет кезіндегі біздерге тұлым деген түсінік ұмыт болған еді:

Япыр-ау, қайда қалған тұлымды шақ,

Бұлдырап шабатұғын құланға ұқсап?..

Ұлттық контент домбыра туралы жазбаған қазақ ақыны аз шығар. Ақын үшін домбыра үні – Әсет пен Мәди, Жаяу Мұса мен Әбікен Хасенов күйлері. 1966 жылы жазылған «Домбыра» өлеңінде былай дейді:

Күйдірме, күйдің нарқын елемесең,

Мейлі сен кім болсаң да төбелесем.

Жанымды сейілтетін сергітетін,

Күйшінің көкірегі ол неге десең?

Домбыра тәрізді ғой дарқан адам,

Пәниде шер-құмары тарқамаған.

Әсет пен қашқын Мәди қанжығалап,

Мұсасы жаяу жүріп арқалаған.

Ұлының ұқтырған ғой ұлылығын,

Оны ұқпай, неге керек тірілігім?!

Ана жылғы естіген ойлы «Қоңыр»,

Кетпейді құлағымнан күні-бүгін.

Үнінен қатуланса, батыр Адай,

Жыр қашап, әнін қосқан ақын Абай.

Шанақтан қыран-топан күй бораса,

Қазақтың шыдаушы еді дәті қалай?!

Сері Қажытай үшін гитараның да жөні ерекше:

Ал кейде сияқты ғой сырласымдай,

Құштарлық, не қылайын, жүр басылмай?!

Жетеді-ау, адам тілі жетпегенге,

Бір шертсем, жас жасаймын бір ғасырдай!...

Әбікеннің «Қоңырын» естігенде (1969) атты өлеңінде ақын қазақтың классикалық «Қоңыр» күйі туралы толғанып, оны асыл сөзбен бейнелеп бергендей:

Қағасың күңірентіп, майда ғана,

Кім білген, қадіріңді қайран аға?!

«Қоңырыңды» естісем, егілем де,

Қаңғып кеткім келеді айдалаға!..

Қаңғысам, таяқ ұстап айдалаға,

Дем бар ма күннен көмес, айдан ада?!

Естіні іскектеген есіріктер,

Қанжарын қадамаған қай данаға?!

Бір тістем, қолы жетпей, шайнамаға,

Кебінсіз сүйсек толса, бай далаңа.

Тіл шешпеген түйінді, күйің шешіп,

Қабырғаң қайысыпты-ау, қайран аға!..

Борандай боздатуың жай ғана ма?

Көкірегің қайғылы майдан аға!...

Тәтті мұң мұхитына сүңгітпесең,

Жүрегім жүрегіңе байлана ма?!

Төртінші тармақтардағы ойдың түйіні күйдің лейтмотивін береді. Заманның басты қоғамдық, саяси оқиғаларына өз көзқарасын білдірмеген ақын ақын бола ма? Ақындық өз халқының мұңы мен қуанышына ортақ ой айта білуінде екенін Қ.Ілиясұлының «Ой, бауырым!» өлеңі дәлелдеп бергендей:

Ой, бауырым!

Ботам-ай, бұтағым-ай, боздағым-ай!

Қайғымды қай-қайдағы қозғауың-ай!

Тозғандар, тоналғандар жылынатын,

Шоқ едің шоқат-шоқат қоздағыдай.

Ойлым-ай, опалым, ұланым-ай!

Ауызы көріпкелдей дуалым-ай!

Ажалға аттай мініп қаншама жыл,

Әуе ашық, жер жазықта құлауың-ай!

Қайырма:

Аңсарым-ай!

Қайтейін, қапы кеттің-ау,

Қайсарым-ай!

Бағым-ай, базарым-ай, бауырым-ай!

Қазаңның жер көтермес ауырын-ай!

Әр елде жүгі жанып, күлі қалып,

Жұлдыздай шашыраған ауылың-ай!

Қыран ең еркін өскен қорғаламай,

Тұңғиық түсті екенсің торға қалай?!

Құсбегі аз, тауықшысы көп заманда,

Қазақтың қайта-қайта сорлағаны-ай!

Қайырма:

Арлым-ау, әдептім-ау, ибалым-ау!

Жанымды жай түскендей қинадың-ау!

Ұлтыңның абыройын асырып ең,

Тайқы-тар маңдайына сыймадың-ау!

Құтым-ай, қуатым-ай, құралым-ай!

Боздамай қалай шыдап тұрамын-ай!

Тамсанған алты құрлық арысым-ай,

Алты алаш атап айтар ұраным-ай!

Қайырма.

Сәнім-ай, саңлағым-ай, сабазым-ай!

Мың жылда бір туатын қазағым-ай!

Жанымда жазылмайтын жара бар ғой,

Қағынса, қайтіп қана жазамын-ай!

Ел шерлі, досың мұңды, үйің нарау,

Ошағың аяқ жетпес қиырда анау!

Еңіреп елім-айлап жетсең-дағы,

Топырақ атажұрттан бұйырмады-ау!

Қайырма.

Қош енді, қош-қош енді мақтаным-ай!

Жатағың жаннат болсын бақтағыдай!

Тыныштық тірісіне береке бер,

Азамат атаулымды сақта, Құдай!

Қайырма.

«Боздағым-ай, ұланым-ай, бауырым-ай, ибалым-ай, құралым-ай, сабазым-ай, мақтаным-ай» деген сөздердің қолдануы ақынның басқа мәтіндерінде кездеспейді. Осы ретте ақын заманға былай деп баға берген екен:

«Құсбегі аз, тауықшысы көп заманда,

Қазақтың қайта-қайта сорлағаны-ай!».

Жүрегі езіліп қазақтың асыл ерін жоқтаған толғауында Қ.Ілиясұлы ағалық бата береді: «Жатағың жаннат болсын бақтағыдай, Тыныштық тірісіне береке бер, Азамат атаулымды сақта, Құдай!» Сөз бен әуенін біртұтас етіп қазақтың ән жазу дәстүрін Қ.Ілиясұлы дамыта түскен. Ақынның жоғарыда келтірілген өлеңі сонау Ақылбай, Әсет, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұсалардан келе жатқан қазақтың сал-серілік поэзиясына қосылған сүбелі үлес екенін мойындау керек. Жер жаннаты Жетісудің төріндегі Алматы қаласы туралы жазылған өлеңдері де аз емес. Ақынның Алматысы ерекше:

Алматы

Тұғырың құтты,

Ғұмырың мықты,

Әлемге аян арғы атың!..

Аямай барын,

Тартқан нәрін,

Қаратқан бәрін,

Абыздай асқақ, Алматым,

Жәннатым!

Дәм айдап келіп,

Ән ойлап келіп,

Затыңды ұққан тұлғаны,

Құлыңдай көрмей,

Құлындай көрдің,

Ұлыңдай көрдің,

Құшағың мамық құндағы,

Гүлбағы!

Ерен ердің де,

Төл өнердің де

Өзіңде жүйрік, жорғасы!

Бала ниеттің

Мәдениеттің,

Әдебиеттің,

Ғылымның, ойдың ордасы,

Сөз басы!

Тұрағы бірге,

Ұраны бірге,

Ұрпағы үлгі бастаған.

Аруақ қолдап,

Шаңырақ оңдап,

Киелі таудай,

Биіктей берші басқадан,

Асқақ ән!

«Заман-ай!» атты өлең де тек Қ.Ілиясұлының жүрегінен шығуы да заңдылық. Ата жұртты аңсап, Отанның қадірін біліп, сағынып келген қазақ қана асыл ерлердің бейбітшілік заманда оққа атылуын жүрегімен сезіп, атам қазақ атынан жоқтау жазады. Қазақтың нар ерлерін мойындап, оларға жоқтау жазу ақынның азаматтығы екені айқын. Қапыда қалған асыл ерлерді де жоқтау үшін асыл жүрек керек қой. Ақын үшін «Жұртымды қалай 87 жұбатам?Арысын аңсап, зарлаған?» деген ойы ерекше. Ақын қара басының қамын ғана емес, қарайған елдің мұңын осылай өзі көтеріп алғандай.

Нағыз ақын ғана өзінен кейінгілерге Мұқағали Мақатаев сияқты ақ бата бере алады. «Жолықтырма» (1981) өлеңінде ақын былай деп ағынан жарылған:

Жолықтырма!

Жақсы жар, елге тәлім, ерге қанат,

Келіппін кендірді де

зерге балап.

Сан рет сағым сынды дос алдында,

Өрге қарар шағымда жерге қарап.

Бұлақты бөгегендей кең арналы,

Жылжытпады, жетекке ере алмады.

Не жетер құтырғаннан құтылғанға,

Тірі жүрсем, орнына келер бәрі!

Жаны бар аспап едім, киелі үнді,

Жоғалтты-ау, бітеу пенде тиегімді!

Екі дүние бейнетін

бірдей тартып,

Қарсақ қажап жатқандай сүйегімді.

Азапты тірі көрер, өлген көрмей,

Өз үйім суық тартты

төнген көрдей.

Өмірді қайтіп, қалай күн кешемін,

Үнемі өлген итті өңгергендей?!

Тәуекел, бастағы асыл миды алғанша,

Садақа, тірліктегі

Жиғанды алса!

Кещені күнде көріп қиналғанша,

Кетейін гитара ұстап сығандарша.

Түсінен дүниенің торықтым да,

Жыр төктім жапа-жалғыз қонып қырға.

Құдай-ау, хас өнердің ғашықтарын,

Мен көрген қасіретке жолықтырма

Ақынның «Құлаққағыс» (2000) өлеңі қазіргі қазақтың шынайы жағдайын сөз еткендей:

Аңсаттырып келіп ем қырдың дәмі,

Төрт түлік жоқ, даланың тұлдыр бәрі.

Тепсе, темір үзетін жігіттердің.

Жанын әрең бағып жүр тырбыңғаны.

Жақсы ырым емес шығар талма түсте,

Қасқыр жесе, итіңді шынжырдағы?..

Сәні қайда, ауылдың малы қайда?

Қазақ болсаң, қазақтың қамын ойла!

Бұрынғы айтушы еді, расында,

Жетіскен қыз төркінін танымай ма?..

Биліктілер пейілін өлшеу керек,

Төрт мәрте тұтқындалған Абылайға.

Мұсылман аяушы еді мұсылманды,

Қылмысты топ ұсталып, құшыр қанды.

Әйткенмен, пагоны бар бауырлардың.

Ұмытып кеткені жөн кісі ұрғанды

Қап сүйреп, қарақоңыр келіншектер,

Онсыз да жеті жылдай қысыр қалды.

Байлықты қолы жеткен бөліп алып,

Шалқып жүр білмейтіндей оны халық.

Кезінде бәрін елден жимадық па,

Астынан ат, үстінен тонын алып?!

Енді ақынын ертерек тауып алсын,

Өлмейтінге жолықса өлі балық!..

Ақшаға ғана табынып бара жатқан қазаққа ақын осылай құлаққағыс айтқандай. Бұл ескерту ғана емес, бұл заманның қасіретін көрсету.

Ақынның өзіне жаны жақын алдындағы ағаларына хат алысқандай жазған өлеңдерінің жөні ерекше. «Жамбыл мүсініне», «Баукеңнің ашуы» (1996), «Момышұлы» (2000), «Ғабеңнің қалпы» (2002), «Абаймен әңгіме» (1978), «Бір ауыз сөз» (Ғ.Мүсірепов рухына) (2002), «Ақын аруағына» (2001), М.Базарбаевқа арналған «Ағаға арнау» (1981), «Бір түйір қан» (Сәкен Жүнісовке) (2004) атты өлеңдері мәрттік пен ірілікті аңсау.

Академик Зәки Ахметов ағамызға арналған «Жұмбақ өлім» (Зәки Ахметов асында) (2003) бәріміздің жүрегіміздегіні дөп басып бергендей:

Соқырға айналасы қараңғы жар,

Жұтады айтылмаса, адамды зар,

Жаныңды жалықтырған жасандыға,

Батырдай қарсы шаптың қамал бұзар.

Адамзат өнер тілін ұғынғалы,

Ерекше бір сәуле едің ғылымдағы.

Даңқың бар, даңғылың бар сайрап жатқан,

Естіге айдан анық мұның бәрі.

Егіліп, ыстық жаспен жуған өңін,

Күрсініп қала берді туған елің.

Шешпейтін жұмбағы жоқ кемеңгер ең,

Шешілмей тұр тек осы «жұмбақ» өлім

«Абаймен әңгіме» өлеңі соңында ақын былай деген:

Ақыңды демеп, батырды елеп жатсақ та,

Босадым ойлап перзенттеріңнің тағдырын

Елағасына көріскім келді, сондықтан,

Перзенттеріме тұмар ғып, күллі жарлығын!..

Қазақтың салт-дәстүрі, сұлу тіршілігі, қазақтың әдемі сөздері Қажытай Ілиясұлы өлеңдерінде салтанат құрғандай. Қазақтың қазір көп қолданбайтын қаншама сөздері бар.

Өткенде бір жиналыста қазіргі аты дардай бір ғалым қазіргі жаратылыстану пәні оқулығында сиырды бұзаудың анасы деп жазыпты. Ал Қ.Ілиясұлы біздің ата-баба тілін қорлап жүргенімізді баяғыда көріп, өзінің қолынан келгенше жадымызда қалатын мәтіндер қалдырыпты. Қазіргі қала қазағы біле бермейтін мағлұматтар ақын өлеңдерінде ұшан-теңіз. Мысалы «Түйе мөңірейді» (1983) сатиралық өлеңінде әр жануардың үнін қазақ баяғыда-ақ ажыратып бергенін бізге шегелеп бергендей былай депті:

– Папа, біздің түйе

Кеше босанды:

Сосын апам

Еслам мен Досанды

Шақырып, бешбармақ жасады.

Тағы адамдар келіп,

Ойбай-ай, майды асады.

Ал ботасы маленький

Еще шаба алмады.

Апам емізейін деп,

Подрушкаласа да,

Мамасын таба алмайды, –

Деп Шолтаңның шардағы,

Ауылдан бір көргенін

Әкесіне сарнада.

– Түйе босана ма екен,

Туды десеңші!

Ботақанды ауылдағыларға

Жуды десеңші!

Сосын қайтті?

– Помощьқа бір кісі барды.

Ботақанчик сүтті

Соскамен ішіп алды.

Бірақ түйе мөңір-е-ейді,

Мөңір-е-ейді.

– Мәссаған.

Безгелдек!

Түйе мөңіремейді,

Боздайды.

«М-ө-ө» деп қоя салатын сиыр,

Даусын түйедей созбайды.

Әр малдың шақыруы бөлекше.

Мысалы, қой маңырайды.

Ат қайтеді, өлексе?

– Ат маңырайды.

– Вот ақымақ.

Ат кісінейді, –

Деді Шолтаң

Екі көзі ешкінікіндей шатынап.

Қажытай Ілиясұлы шығармаларының жанрын өзі айқындап берген: «әзіл-оспақ, сын-сықақ, мысал, мысал-баллада, мысал-дастан, пайдалы баталар, мақал-мәтелдер, достық әзілдер, пародия, тентек термелер мен астарлы айтыстар». Бұл жанр мен стильдік ерекшеліктер келешекте арнайы теориялық зерттеуді қажет ететін аса құнды көркем мәтіндер болып табылады.

Өкінішке орай осы сөздерді ақын ағаның көз тірісінде айта алмағаным... Сан рет пікір алысқанда ол кісі өлеңдері туралы сұрайтын. Аға, сіз қолданатын қазақ тілі Ахмет Байтұрсынұлынікіндей деуші едім. Бірақ нақты дәлелдеп беруге уақыт шіркін бұйырмады. Ақынның келешекке кеңесі тура Мұқағалиша бізге жазылған аманат екенін есте сақтауымыз қажет-ақ:

«Келешекке кеңес» (1990)

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Абай

Келешек, мені түсінерсің,

Жалғыздың топқа қайтып, күші келсін?!

Жұлдызым жүйткімеді ит біледі

Өнердің өкше ізіне түсіп ем шын!..

Күндейтін көріктіні көргенсізге,

Көрсетпей, күмісіңді пісірерсің!..

Тойтыңдап, топ жинайды, тұзақ құрып

Көбік мас, көкірегі – ісіген сұм!..

Тобырдың тұрлауы жоқ тұғырына,

Менсініп, қай көңілдің құсы қонсын?!

Таққұмар тақуа көп талдаңдаған,

Қай дарын қайбірінің түсіне енсін?!

Мен көрген мұз жүректі көрмей-ақ қой,

Көзінің ызғарынан үсінерсің?..

Күншілдік қаусарға да құм құйғызған,

Кәусарды жаны кәусар кісі көрсін!

Күйімді құйқылжытсаң, әнімді айтып,

Арбамай, аспаннан құс түсірерсің.

Тұлпардың тұқымынан тусаң анық,

Көргенде-ақ тұяғымды кісінерсің!..

Жұрт бекер мақтайды.

Бұлбұл мен қырғи деген лағнетті,

Ал ұзақ олардан әлдеқайда қабілетті.

Дүз дегенмен өзіміз ғой,

Ымдасақ, ылп еткізкді өтірік мәліметті.

Мен со жағын бағалайым,

Ал мамамның руы ала қарға,

Ұзаққа үш атадан жамағайын,

Бүркітке осы нағашым жайлы,

Алты рет жалындым,

Байғұстың басқа ұядан бағы ашылмайды.

– Иә, сен ұзақты бұрыннан көздеп жүгенсің.

Әй, қауқары мәлім ғой,

Жат-жалаға сөз боп жүрмесін, –

Деп анау тартынды.

Бірақ, сауысқанның саудасы бәрінен артылды.

Субүркіттің көзі жетпей

Тұрғанда, көппшағымға,

Ұзақты мақтаған мәнездемеге,

Тоғысайдың тұяғын төндірді.

Қаршығаның жоқ шағында,

Күшігенді көндірді.

Қысқасы, бұлбұл ұщқан бұтаққа,

Көкмойын ұзақты қондырды.

Сосын субүркітке барып,

Қыран құсты қолдайтындай,

Бірталай іске көңілі толмайтындай,

Сайқал ғана шықылықтады.

Қысылған рай танытып,

Көзі шылғи өтірік жыпылықтады

Осыншама қазақтың асыл сөзін жүрегімен сезініп, орынды жерге қолданып, заман шындығын толғанып жазған шыншыл ақынға Алланың Рақымы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шапағаты болғай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар