Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ағайынды Гриммдер. Адал Иоганнес

31.01.2022 937

Ағайынды Гриммдер. Адал Иоганнес

Ерте-ертеде бір кәрі король болыпты. Ол бір күні сырқаттанып қалыпты. Сол кезде ол: «Мен енді төсек тартып жатып қалатын шығармын. Осы жатқаным жатқан шығар», - деп ойлапты. Сөйтеді де ол қызметшілеріне:

- Маған адал Иоганнесті шақырып келіңдер! – деп бұйырады.

Адал Иоганнес оның ең сүйікті қызметшілерінің бірі еді. Оны осылай атайтын себебі: Иоганнес әміршісіне өмір бойы адал қызмет атқарған екен. Ол корольдің төсегінің жанына таяп келеді. Сонда король оған былай дейді:

- Менің адал Иоганнесім! Өз ажалымның таяп қалғанын сезіп жатырмын. Менің жалғыз уайымым бар – ол жалғыз ұлым. Ол әлі жас қой, сондықтан қай кезде қандай шешім шығару керектігін білмеуі де мүмкін. Егер сен оған әкесінің орнына қамқор болып, нені қай тұста қалай шешу керектігіне жолбасшы боламын деп уәде берсең, мен о дүниеге уайымсыз аттанған болар едім.

Сонда адал Иоганнес:

- Мен оны ешқашан қамқорлықсыз қалдырмаймын, әміршім. Мен тіпті өмірімді қиятын қандай бір жағдай туындаса да оған адал қызмет ететін боламын, - дейді.

Сонда кәрі король:

- міне, енді мен алаңсыз өмірден өтетін болдым ғой, - дейді де сөзін жалғастырады: - Мен дүниеден өткен соң сен оған қамалдың түкпір-түкпірін, күллі залдарды, жерасты қоймаларын, оларда жасырылған барлық қазыналарды көрсет. Тек ұзын дәліздегі ең соңғы бөлмені оған көрсетпегейсің. Онда Алтын Шатырлық ханшайымның портреті жасырылған. Егер ұлым ол қыздың портретін көрсе, оған деген махаббат сезімі оянып, көңіл-күйі күйзелетін болады. Бұл қылығы оған үлкен қатер әкеледі. Сен осыған сақ болғайысың! - деп тапсырады.

Сөйтіп адал Иоганнес кәрі корольге өзіне тапсырылған аманаттың бәрін айтқанындай қылып орындайтындығы туралы уәде береді. Корольдің көңілі жайланып, жастыққа басын сала бере, жан тапсырады.

Кәрі корольді жерлеген соң Иоганнес жас ханзадаға әкесінің өлер алдында уәде еткен сөздерін жеткізе отырып былай дейді:

- Мен өз уәдемді айтқандай қылып орындаймын және әкеңе қалай адал болып өтсем, саған да солай боламын. Тіпті өмірімді қияр жағдайлар туындаса да, саған адалдықтан таймайтын боламын.

Аза тұту мерзімі өткен соң адал Иоганнес ханзадаға келіп былай дейді:

- Әкеңнен өзіңе қалған мұрамен танысатын сәт жетті. Мен саған әкеңнің қамалын таныстырып көрсетсем бе деп едім.

Ол ханзаданы қамалда жоғары-төмен бастап жүріп барлығын: қазыналар мен салтанатты бөлмелерді көрсетті. Тек қатерлі портрет орналасқан бір бөлмені ғана оған көрсеткен жоқ. Оның ішіндегі портрет егер кірген адам есікті ашатын болса, тура көзге шалынатындай етіп қарама-қарсы орналастырып қойылған екен. Және портрет бұл өмірде одан сұлу, одан нәзік жан жоқ дерліктей аса шеберлікпен, бейне тірі адам алдыңда тұрғандай салынған екен. Жас ханзада адал Иоганнестің бұл есіктің жанынан үнемі өтіп кетуге тырысатынын аңғарып, былай деп сұрайды:

- Осы есікті сенің ешқашанда ашқың келмейтінін білсем деп едім.

- Онда бір жаман зат бар, - деп жауап береді адал Иоганнес, - сенің қорық қалуың мүмкін.

Бірақ бұл жауапқа қанағанттанбаған жас король оған былай деп жауап береді:

- Мен күллі қамалдың ішін аралап таныстым ғой. Және осы бөлмеде не жасырылғанын білгім келеді. Білуге тиіспін!

Сөйтеді де ол бөлменің есігіне келіп, оны күшпен жұлқып, ашуға тырысады. Сонда адал Иоганнес ханзаданы тоқтатып, былай дейді:

- Мен сенің әкең өлер алдында бұл бөлмеде не барын саған көрсетпеуге уәде берген едім. Олай жасасақ, бұл сен үшін де мен үшін де бұл қадамымыз үлкен қатермен аяқталмақ.

- Ал, ендеше, - деп жауап қатады жас король, - егер мен онда кірмейтін болсам, маған расымен де ажал жетпек қой. Бұл бөлмені көз көзіммен көргенімше менің бір сағат та, бір күн де тағат таппайтыным анық. Сен мұны маған ашып көрсетпейінше, бұл арадан ешқайда кетпеймін.

Адал Иоганнес енді ешқайда бұрыла алмайтынын анық сезінді. Ол жүрегі қан жылай, ауыр күрсініп алып, үлкен саңылауда жатқан кілтті тауып алды. Иоганнес есікті өзі ашып, алдымен кірді. Ондағы ойы: өзінің арт жағындағы король портретті бірден көрмесе екен деген амалы еді. Бірақ бұл ойы іске аспады, король аяғының ұшымен көтеріліп, Иоганнестің иығы үстінен портретті бірден көзі шалды.

Ол алтын мен қымбат тастарға малынып, жарқыраған сұлу бойжеткеннің бейнесін көре сала, сол жерде есінен танып, еденге құлап түсті. Корольді сүйеп көтеріп алған адал Иоганнес төсегіне апарып жатқызды да, ары қарай не болатынына қорқынышпен ой жүгіртті: «Бақытсыздыққа тап болдық-ау. Құдайым-ай, енді не болар екен?» - деп зәресі ұшты. Ол жас корольге есін жинау үшін шарап ұсынды. Ол ақырындап ес жинап, өз-өзіне келді. Корольдің ес жия сала алғашқы сұрағы:

- Пай-пай, мынау ғажайып портретте бейнегенген кім? – болды.

- Бұл Алтын Шатырлық ханшайым, - деп жауап береді, адал Иоганнес.

Сонда король оған:

- Менің бұл қызға деген махаббатымның күштілігі сондай, ағаштағы күллі жапырақтар оны сипаттағысы келсе де тілдері жетпес еді. Оны тауып алып, жүрегін жаулап, өзіме бұру үшін, тіпті жанымды беруге де әзірмін. Сен, Иоганнес, менің ең қызметшілерімнің ішіндегі ең адалысың. Және сондықтан да сен маған көмектесуге тиіссің.

Адал Иоганнес ұзақ ойланды. Қалай амалын тапсын, корольдің алдынан қарсы келудің өзі мүлде қиын еді. Ақыры ол бір амал ойлады да корольге:

- Ханшайымның сарайында тұрған заттардың бәрі: орындықтар, үстелдер, ыдыс-аяқтар, кубоктар мен табақтар, үйге керек-жарақтардың бәрі таза алтыннан жасалған. Сенің қоймаңда да бес тонна алтын жатыр. Алтын зергерлеріне соның бір тоннасынан түрлі ыдыстар, сан алуан құстар, жабайы және сиқырлы аңдардың мүсінін жасауға әмір бер. Біз ханшайымға сыйлықпен баралық, бұл заттар оған ұнаса, бағымызды сынап көрелік.

Король елдегі барлық алтын зергерлерін жинауды бұйырады. Сөйтіп олар ең әсем бұйымдарды әзірлеп біткенше күні-түні жұмыс істеулеріне тура келіпті. Бұл алтын бұйымдардың барлығы да кемеге артылыпты. Адал Иоганнес саудагер көпестің кейпіне еніп киінеді. Король де дәл солай киінгендіктен, оларды ешкім танымайтын еді. Бұлар кешікпей жолға шығып, теңіздің арғы шетіне қарай Алтын Шатырлық ханшайым тұратын қалаға келіп жеткенше ұзақ уаықт бойы тынбай жүзіпті.

Жағаға жеткенде адал Иоганнес корольге кемеде қалып осында өзін күтуін бұйырады.

- Мүмкін, мен ханшайымды өзіммен бірге ертіп әкеліп қалармын. Ал сіз бәрі ойдағыдай болуына мән беріңіз. Алтын ыдыстарды орналастыруды және кемені безендіріп сәндеуді бұйырыңыз, - дейді.

Иоганнес өзінің қапшығына әр түрлі алтын бұйымдарды толтыра салып алып, жағалауға шығады да, тура ханшайымның қамалына тартады. Ол ханшайымның сарайына келгенде, дәл осы сәтте құдықтың жанында бір сұлу қыз тұр екен. Қыз қолына екі алтын шелек ұстаған екен, сонымен су алып жатты. Қыз мұздай суық суды шелектеріне толтырып алып кері қайтпақ болып тұрып, кенет кері айналып бейтаныс адамды көрді де, одан кімсің деп жөн сұрады. Адал Иоганнес:

- Мен алтын сатушы көпеспін, - деді де, өзінің қапшығының аузын шешіп, қыздан онда не бар екенін қызықтап көруін өтінді.

- Түу, қандай әдемі алтын бұйымдар еді! - деп айқайлап жіберген қыз шелегін жерге қоя салып, заттардың бірінен кейін бірін қарап, көре бастады. Содан соң ол:

- Мұны ханшайымға көрсету керек екен. Ол алтын заттарды сондай жақсы көреді. Мүмкін, ол сізден мұның бәрін сатып алып қалатын шығар, - деді.

Қыз мұны қолынан жетелеп алып, жоғарыға, қамалға ертіп апарды. Бұл қыз ханшайымның қызметшісі екен. Ханшайым алтын тауарларды көріп, оларды қатты ұнатып қалды. Сөйтіп ол:

- Бұл бұйымдар соншалықты шебер жасалған екен. Мен сіздің бұйымдарыңыздың бәрін сатып аламын, - дейді.

Сонда адал Иоганнес ханшайымға былай дейді:

- Әрине, бірақ мен тек бай көпестің қызметшісі ғанамын. Менің мына алып жүргендерім – кемеде менің қожайыныммен бірге қалған бұйымдармен салыстырғанда түкке тұрғысыз. Ондағы заттар – алтыннан жасалатын бұйымдардың ішіндегі аса көркемі, әрі ең қымбаттары.

Ханшайым сол айтылған бұймдардың барлығын өзінің қамалына алдырғысы келді. Бірақ адал Иоганнес сонда оған былай деп жауап қатты:

- Олай істеу үшін көп күндер қажет болар еді. Және оларды орналастыру үшін көптеген залдар керек. Ал олардың бәрін орналастыруға сіздің қамалыңыз тар болады.

Ханшайымның көрмекке құмарлығы бұрынғыдан да арта түскендігі соншама, ақыры ол былай деді:

- Мені кемеңе ертіп апар. Мен өзім барып, сенің қожайыныңның қазынасын өз көзіммен көргім келеді.

Адал Иоганнес ханшайымды кемеге ертіп әкеле жатқанына қатты қуанышта еді. Ал король ханшайымды көрген кезде оның портреттегіден әлдеқайда сұлу екендігін сезінгенде, жүрегі кеудесінен атқақтап шығып кете жаздады.

Сөйтіп ханшайым кемеге келіп кірді. Король оны трюмге бастап жүрді. Ал адал Иоганнес басқару құрылғысының жанында қалған еді. Ол кемені жағадан тез итеріп, жылдам теңізге шығуды бұйырды.

- Желкендердің бәрін көтеріңдер, кеме бейне құстай ұшып зулайтын болсын! - деді.

Бұл кезде король ханшайымға алтын бұйымдарды: табақтар мен кубоктарды, ыдыстар мен жабайы құстардың және басқа да ғажайып аңдардың мүсіндерін асықпай көрсетумен жүрген еді. Ханшайым мұның бәрін аралап көріп шыққанша бірнеше сағат уақыт өтіп кетті. Қуанышқа орай, ол кеменің алға қарай зулай жүзіп бара жатқанын әлі аңғармаған еді. Ол соңғы затты көріп болып, көпеске рақметін айтып, үйіне қайтпақшы болды. Сол кезде ғана ол борттың шетінде тұрып, кеме жағалаудан тым алыстап кеткенін, барлық желкенін жайған қалып ашық теңізде зулап келе жатқанын көрді.

- Қап! – деп шошына айқай салды ол. – Мені алдап ертіп әкелген екен ғой. Әлдебір көпестің қолына түскен екенмі ғой. Ендеше, бүйткенше өлгенім артық!

Осы кезде король оның қолынан ұстап, оған былай дейді:

- Мен көпес емеспін, корольмін. Сенің дәрежеңнен ешбір төмен емеспін. Саған деген шексіз махаббатым үшін өзіңді айла жасап ұрлауға тура келді. Мен сенің портретіңді алғаш көргенде, есімнен танып еденге құлап түскенмін.

Алтын Шатырлық ханшайым мұны естіген соң сабасына түсті. Король біртіндеп қыздың жүрегін жаулады. Ханшайым оның жары болуы сақтана отырып келісті.

Сөйтіп олар ашық теңізде жүзіп келе жатқанда адал Иоганнес кеменің тұмсығында отырып, лютня тартып отырған еді. Кенет ол аспанда өзара сөйлесіп ұшып келе жатқан үш қарғаны байқады. Ол аспапта ойнауын тыя қойып, қарғалар өзара не деп келе жатқанына құлақ түрді. Ол бұлардың тілін өте жақсы түсінуші еді. Сонда қарғалардың бірі былай деп тіл қатты:

- А, бұл Алтын Шатырлық ханшайымды өзінің үйіне алып бара жатқан король екен ғой.

- Иә, - деп жауап береді екінші қарға, - бірақ ол бұған әлі мешікті емес.

Ал үшінші қарға сондай былай дейді:

- Иә, десе, ханшайым қалай болғанда да корольдің кемесінде кетіп бара жатқан жоқ па?

Сонда бірінші қарға қарқ етіп былай деп айқайлайды:

- Иә, әкетіп бара жатқанынан қандай пайда бар? Олар жағалауға аяқ басқан кезде, олардың алдынан бір жирен ат шығады. Король сонда бұл атқа мінгісі келеді. Ол атқа міне бере, көкке көтеріліп құйғытып береді. Король бұдан былай өзінің қалыңдығын ешқашан көрмейтін болады.

Сонда екінші қарға айтады:

- Ешқандай құтқару мүмкіндігі жоқ па?

-Әрине, құтқару мүмкіндігі бар! Егер өзге кімде-кім осы атқа алдымен жетіп, оның ноқтасында жасырылған отқаруды жұлып алып, атты өлтіретін болса, король құтқарылады. Бірақ былай жасау керек екенін кім біліп жатыр! Ал осы туралы корольге кімде-кім жеткізетін болса, тізесінен өкшесінен дейін тас болып қатып қалады.

Сонда екінші қарға үн қатады:

- Ал мен бәрінен көп білемін. Егер а тат өлтірілген жағдайда да, король өзінің жас қалыңдығына қол жеткізе алмайды. Олар қорғанға бірге кірген кезде табақтың ішінде той жейдесі жатады. Ол алтын мен күмістен тоқылған сияқты болып көрінеді. Шын мәнінде ол шайыр мен күкірттен жасалған. Жас король мұны кие бергенде-ақ лап етіп, түгі қалмай жанып кететін болады.

Сонда үшінші қарға аналардан сұрайды.

- Ал мұнан да құтылудың шыныменен ешбір жолы жоқ па?

- Иә, құтылудың жолы бар! – деп жауап береді екінші қарға. – Егер бұл жейдені кімде-кім қолғабымен ұстап отқа лақтыратын болса, жейде жанып кетеді, ал жас король аман қалады. Бірақ одан қандай келіп кетер бар? Мұны оған айтқан адам тізесінен жүрегіне дейін тас болып қатып қалмақ.

Осы кезде үшінші қарға сөйлейді:

- Ал мен екеуіңнен де көп білемін. Сол той көйлегі күйіп кетсе де, жас король аман қалмайды. Үйлену рәсімінен кейін бәрі биге кіріскен кезде жас патшайым да билейді. Ол кенет түсі қуарып, өлген адам тәрізді жерге құлап түседі. Және осы кезде оны көтеріп алып оң жақ омырауынан үш тамшы қанды сорып алып, бетіне түкірмесе, онда патшайым өледі. Бірақ мұны біліп, басқа адамға айтқан адам басынан бақайына дейін тас болып қатып қалатын болады.

Осыны айтысып, қарғалар ары қарай ұшып кете барады. Адал Иоганнес мұның бәрін есіне жақсы сақтап алып, осыдан кейін үн-түнсіз әрі қайғылы күйге түсті. Егер өзінің не естігендігі туралы патша ағзамына айтпайтын болса, ол бақытсыздыққа тап болмақ, ал оған айтатын болса, өзінің өмірімен құн төлеуге тура келмек. Ақыры ол өзіне өзі іштей үн қатты: «Мен бұл үшін өзімнің өлетінімді біле тұрсам да, патша ағзамды құтқаруға тиіспін.»

Сөйтіп олар жағалауға келіп жеткен кезде, сол қарға күні бұрын болжағанындай оқиға болды: бұлардың жанына бір әдемі жирен ат шауып жетіп келді.

- Мінеки, тамаша ат, - деді король, - бұл мені қамалға дейін құйындатып шауып жеткізетін болады, - деп оған мінбек болды. Осы кезде адал Иоганнес алға шықты да, атқа жылдам жетіп барып, оның ноқтасының астынан қаруды тез жұлып ала сала, атты атып жіберді. Сонда корольдің адал Иоганнесті ұнатпайтын қзыметшілері айқай салып шулап кетті:

- Осындай әдемі атты өлтіру ұят емес пе! Бұл ат корольді қорғанға жеткізетін еді ғой.

Сонда король айтты:

- Ауыздарыңды жабыңдар! Оған тимеңдер, бұл мені адал Иоганнесім ғой. Бұл оның жақсылыққа бастайтын іс екенін біледі.

Сөйтіп олар қорғанға кірді. Залда табақ тұр екен. Онда таза алтын мен күмістен тоқылған тәрізді дайын той көйлегі жатыр екен. Жас король жетіп келіп оны алғалы жатқанда, адал Иоганнес корольді иеріп жіберіп, жейдені қолғаппен шымшып ұстады да, жылдам отқа тастап жіберді, көйлек түгі қалмай өртеніп кетті.

Қызметшілер тағы да өзара күңкілдеп, былай десті:

- Қараңдаршы, енді ол тіпті корольдің той жейдесін өртеп жіберді.

Бірақ жас король оларға былай деді:

- кім білсін, бұл жақсылыққа бастар іс шығар. Оған тимеңдер, бұл менің адал Иоганнесім ғой.

Сөйтіп бәрі үйлену тойын тойлауға кірісті. Би басталды. Қалыңдық та сол кезде билеуге шықты. Адал Иоганнес болса, оның бет-әлпетіне сақтықпен қарап жүрген еді. Кенет оның беті өлген адамдыкі тәрізді аппақ болып қуарып кетті де, жерге құлап түсті. Ол көзді ашып жұмғанша жетіп келіп, ханшайымды келесі бөлмеге кіргізіп жатқызды да, тізерлеп отырып оның оң жақ омырауынан үш тамшы қанды сорып алды да, бетіне түкірді. Сол кезде ол бірден тыныс алып, көзін ашты.

Жас король мұның бәрін көрріп тұрған еді. Бірақ адал Иоганнестің мұны не үшін істегенін түсінбей, ашуға булығып, айқай салды:

- Мұны бірден зынданған тастаңдар!

Келесі күні таңертең адал Иоганнесті жазаға тартуға дар ағашының алдына алып келді. Ол өзін дарға асуға тиісті тұғырға әкеліп шығарған кезде былай деді:

- Әрбір жазаланушы өлім алдында өзінің соңғы сөзін айтып қалуға құқығы бар. Мен де осыны жасай аламын ғой?

- Иә, - деп жауап береді король, - саған бұл мүмкіндік беріледі.

Сонда адал Иоганнес былай дейді:

- Мен әділесіз жазаға тартылып тұрмын. Мен саған әрқашан адал болдым, - дей келе ол теңізде келе жатып қарғалардың өзара әңгімесін өзінің қалай тыңдағанынын және өз патша ағзамын құтқару үшін қалай, не істегенін түгел баяндап береді.

Сол кезде король айқай салады:

- Қап, мені адал Иоганнесім, мен сені кешірдім! Оны тұғырдан түсіріңдер!

Бірақ адал Иоганнес соңғы сөзін айтып бола бергенде, ол жерге өлген адамдай құлап түсіп, тасқа айналды.

Король мен патшайым бұған қатты қайғырады. Король сонда:

- Қап, әттегене-ай, мен сенің осындай ұлы адалдығыңа жамандықпен алғыс айтқан екенмін-ау! – деп Иоганнестің тасқа айналған денесін көтеріп алып, өзінің ұйықтайтын бөлмесіне, төсегінің жанына апарып қоюды бұйырады. Ол тірі болғандай сезініп, король жылап отырып былай дейді:

- Әттең, сені тағы да тірілтіп алсам, ғой, менің адал Иоганнесім!

Біраз уақыт өткенде, патшайым егіз бала табады. Егіз ұл бұлардың көз қуанышы болып өсіп келе жатты. Бір күні патшайым ғибадатханға кеткен кезде, балалар әкесімен бірге қалып, ойнап отырған еді. Король тас мүсінге қарап, терең күрсініп, айқайлап жіберді:

- Әттең, сені тірілте алсам ғой, менің адал Иоганнесім!

Сол кезде тас мүмінге кенет тіл бітіп былай деді:

- Иә, егер сен мені тірілткің келсе, бұл өмірдегі ең қымбат нәрсеңді беруге келіссең, ол ойың орындалатын болады.

Сонда король қуанғаннан айқайлап жібереді:

- Мен сені тірілтіп алу үшін өзімнің бұл өмірде өзіме қымбаттың бәрін беруге даярмын.

Сонда тас былай деп күңгірледі:

- Егер өз қолыңмен балаларыңның басын кесіп алып, олардың қанын маған жағатын болсаң, мен тірілемін.

Король өзінің сүйікті балаларын өлтіруге иіс екендігін естігенде шошып кетті. Бірақ адал Иоганнес өзі үшін өлген ұлы адалдықты есіне алған кезде ол семсерін ала салып, сүйікті балаларының басын өз қолымен шауып тастады. Осыдан кейін оллардың қанын тасқа жаққан кезде, кенет тасқа жан бітіп, адал Иоганнес тірі әрі аман-есен алдында тұр еді.

Сонда ол корольге былай деді:

- Сенің адалдығыңның сыйы төленетін болады. Солай деді де ол балаларының басын алып оларды денесіне қойып, жарақатына өз қанын жаққан кезде, олар көзді-ашып жұмғанша тіріліп, ештеңе болмағандай, ойнап жүгіріп кетті.

Король қатты қуанды. Патшайым қайтып келе жатқанын көрген ол адал Иоганнес пен балаларын үлкен шкафқа жасырып қойды. Патшайым кіріп келген кезде король одан:

- Сен ғибадатханада сыйындың ба? -деп сұрайды.

- Иә, - деп жауап береді ол, - бірақ мен біз үшін осындай бақытсыздыққа тап болан байғұс адал Иоганнес туралы ойлап отырған едім.

Сонда король оған айтады:

- Сүйікті менің жарым, біз оған өмірін қайтара аламыз. Бірақ ол үшін біз екі ұлымызбен бірдей қоштасуымызға тура келеді. Ол үшін соларды құрбан етуіміз керек.

Патшайым түсі қуарып, жүрегі дүрсілдеп кетті. Біраздан соң ол былай деді:

- Біз оның шексіз адалдығы үшін оған қарызбыз ғой!

Жарының да адал Иоганнеске қатысты дәл өзімен бірдей ой-пікірде болғанына король қуанып кетті. Ол шкафқа келіп ашып жіберіп, ішінен балалары мен адал Иоганнесті шығарып алды. Сөйтіп былай деді:

- Құдайға шүкір, ол құтқарылды. Біздің балаларымыз да өзімізбен бірге.

Сөйтіп ол бұл жағдайдың қалай болғанын патшайымға айтып берді. Осыдан кейін барлығы бірге өмір бойы тату-тәтті өмір сүріпті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар