Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әділбек Ыбырайымұлы. Орысияға шабуыл

25.05.2022 577

Әділбек Ыбырайымұлы. Орысияға шабуыл

Кенесары хан туралы «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияның екінші «Серт» кітабынан үзінді.

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ

Отарлауға қарсы күресте жау зеңбірегінің алапаты мен мылтық үнінен тайсалмаған Кенесары қолы осы шеруін одан әрі жалғастыра берді. Бұдан соң жау шебінің іргесіне барып, азуды казак-орыстың бекеттеріне салды. «Наследница», «Атаман» станицаларын еш қиындықсыз талқандап, тауықтарды күркесінен қуып шыққандай казак-орыстарды тым-тырақай бездіріп жіберді. Содан кейін ол қасақана орыстың үрейін ұшыру үшін «Орынбор мен Троицкіге шабуыл жасаймын» деп жар салып, қазақ ауылдарының бәрін өзіне қосылуға үндеді. Біреулер Кенесарының күшіне сеніп, біреулер қаһарынан тайынып, «кәріне ұшырап жүрерміз» деп, қорыққанынан оның жасағынан табылды. Тамыздың орта кезінде ол жоспарын кілт өзгертіп, тосыннан «Екатерина» станицасына ат қойды. Күтпеген жерден болған шабуылға тіпті «іштесер» мылтығы бар станица солдаттары қарсыласа да алмай қалды. Кенеттен үстемелей тарсылдай жөнелген отқарудың үні үрейлерін ұшырып, дегбірлерін алды. Казактардың осы бір апалақтаған тұсында серт пен сенімге берік сыпайлар аузы түктілерді баудай түсірді. Мұны көріп, төбесіне үйірілген тажалдан сескенген қайсыбір солдаттар қаруын тастап, еріктерімен тұтқынға берілді. Көп ұзатпай бекіністі ықпалдарына көшірді. Тұтқындарды желкелеп жүріп қоймаларын тауып, астық толы қамбаға ұшырасты. Екі мың пұттай астықты түйеге, жау қорасынан алынған аттарға арттырып, әлгі керуенді баратын жағына жөнелтіп жіберді.

Ең қажетті бұйымдарды сыпырып алып, әбден өшіккен түз тарландары Ресей патшайымы екінші Екатеринаның атындағы станицаны отқа орап, күлін көкке ұшырды. Қазаққа қатер төндірген бекіністің форштатын қиратып, жермен жексен етті. Сосын қолдарына түскен 87 есірейді айдатып, оған қоса жиырма шақты мылтықты олжалап, тағы да кең даланың қойнына еніп жоғалды.

Иықтарына ілген найзаларының шашақтары әуеде тербеліп, лек-лек боп шұбырған жауынгерлер солтүстік батысты бетке алды. Күн еңкейген тұс, айнала үздік-создық шұбалған орман. Сарбаздың бірі:

– Ой, тәңірім-ай, кәпірлерді үйірімен самсатып-ек, соңымызға түскен бәлені қараңдаршы! – деді. Бәрі арттарына мойын бұрды. Қайран қалдырып, іздеріне ілескен бітімі зор қара қабанды аңдады.

– Мына қабанға кім шабады? – деді Наурызбай Ақауыздың тізгінін тежеп.

Қапелімде жігіттерде үн жоқ, ешқайсысы беттеп бара алмай тұр. Науан өзі хайуанға қарай оқтала берген. Сол тұста Кенесары:

– «Ырыссыз елдің ері апанға шабады» деген, бір жерлерің мерт болып, сүйектеріңде таңба қалар, – деді онша хош көрмей. Содан қол тағы да алған бағытымен ілгерлеп кетті. Бірақ, бір қайраны – қара қабан ымырт жабылғанша соңдарынан қалмады. Бұл Наурызбайдың қитығына әбден тиді.

– Ажал іздеп жүрген кәпірдің киесі ме, көрейінші әуселесін!

Науан Ақауыз аттың басын кері бұрды да, доңызға қарай тура салды. Жеті-сегіз төлеңгіті де әлде қайтеді деп соңынан ере жөңкілді. Сұлтан со құйғытқан қалпы қарсы ұмтылған қабанның қапталынан жанай өтіп кетті. Ал қабан қарайып көрінген бойы қозғалмай тұрып қалды. Мына тосын жайтқа жігіттер қайран. «Не болды?» деп жыртқышқа абайлап таянса, Наурызбай найзамен шаншып, шоқпармен қара тұмсықтан ұрып, қылышпен шауып, қанжармен жарып, мылтықпен атып, бес қарудың бесеуін де жұмсап кеткен екен. Доңыз құламаған күйі орнында сілейе қатыпты. Жігіттер Науанның жүректілігі мен шеберлігіне сүйіне кері оралды.

Ат ауыздықпен су ішіп, ер толарсақтан қан кешкен осы шайқастардан кейін Кенесары жасақтары Ембі бойына барып бекінді. Патша отрядының дала дүлейлеріне қарсы жорықтарының бәрі дерлік сәтсіздікке ұшырады. Казак-орыс әскерінің саны мен сапасы басым, жарақтануы жақсы болғанымен, ашық айқаста түз тағыларына соққы беріп, қазақ қолын жойып жіберуге дәрмендері жетпеді.

Бұл Кенесарының соңына түскен генерал-майор Жемчужниковтің атына үлкен сын болды. Горчаков Омбыдан шабарман жіберіп, «Қайткен күнде де Қасымовтың ауылдарын қуып жетіп, құрту керек!» деп зіркілдеді. Бірақ патша үкіметі сахара сарбаздарының соңына салған офицерлеріне қанша бұйырғанмен, іс оңға баспады. Осы шараға жауапты генерал-майор Жемчужниковтің өзі ханның әскері түгіл, ауылдарының қайда көшіп жүргенінен мақұрым. Өйткені ұшы-қиыры жоқ сағым қашқан сары далада оңы мен солын танымай, оқиғаның ауанымен ары лықсыды, бері лықсыды. Қыр қазағы да өзіне беймәлім үлкен шаһарға барса дәл солай батысы қайсы, шығысы қайсы – білмей, жол таба алмай аңырған хал кешер еді. Жемчужников тура сондай күйге ұшырады.

Олардың бей-берекетсіздік жүрісін аңдаған орталық, Сібір мен Орынбор әскеріне «Торғай өзенінің бойына, Ырғызға қарай баруға» бұйрық берді. Тек тамыз айының аяқ кезінде Жемчужников тыңшылары арқылы Кенесары ауылдарының оңтүстікке – Мұғалжар тауына қарай көшкенін естіді. Мыңғырған әскермен ереуілшілердің соңынан қуудың қиын екенін түсінген генерал-майор тау-тастың арасында ұрысуға ыңғайлы шағын әскери топ жасақтауды ұйғарды. Ол Орынбор губерниясына қарайтын әскери құрамадан екі жүз сексен казак-орысты, Сібірге жататын әскерден жүз жетпіс солдатты іріктеп алды. Бұл жасаққа екі зеңбірек бөлдірді. Кенесары тағы да ту сырттарынан шығып шабуыл жасап жүрмесін деп, полковой Дидиковскийге өзге қалған әскермен Шет-Ырғыз бойына барып бекінуді бұйырды.

Генерал-майор Жемчужников әлгі арнаулы жасақтарымен тамыздың жиырма екісі күні Мұғалжар тауының етегіне ілікті. Бірақ Кенесары жұртының орынын сипап қалды. Оның елінің дені Ембі өзенінің жоғарғы жағына қоныс аударғанын, ал қалған азын-аулағы мына таудың арасына мықтап бекініп алғанын білді. Бұдан кейін генерал-майор енді Кенесарыны қуудың пайдасыз екенін ұғып, лажсыз кейін қайтуға шешім қабылдады. Осы кезде күн райы бұзылып, күздің хабары сіркірей жауған суық жаңбырдан аңғарылды.

Қыркүйектің ортасына қарай Сібір жасағы Ұлытауға, Орынбор жасағы Ор бекінісіне шегінді. Сөйтіп, патша үкіметінің Кенесарыға қарсы бір мың сегіз жүз қырық төртінші жылғы генерал-майор Жемчужников басқарған аттанысы да ешбір нәтижесіз аяқталды.

Кенесары отаршылыққа қарсы майданында Арыстан, Ахмет Жантөриндерді ғана жазалап қойған жоқ, қазақты біріктіру мақсатындағы жолда бұра тартқандарды аямады – қылышын қанға суарды. «Маған бағынбаған ел – менің жауым» деген өктем мінез танытты. Әрине, ұлттық мұратқа қарсы шыққан сұлтандардың кесірінен жазықты топтармен бірге бейбіт тұрмыстағы ауылдардың тоналуы, бейкүнә жандардың текке өлім құшуы, малдарының бай-манаптардың малдарымен олжаланып бірге талан-таражға ұшырауы – ханды қынжылтатын. Соғыс болған соң істің ақ-қарасын айырып жатуға мұрша кәне? Жантөре ұлдары Ахметтің, Арыстанның, сол сияқты Алтыбай сұлтандардың жанына жапсарлас отырғаннан кейін көтерілген қайқы қылыштың ұшы жазықсыз жанды да, қарашы жұртты да осып кететіні бар. Амал қанша...

***

Дидиковскийдің жасағы сіркіреп жауған жауынның астында сүметіліп Орынборға оралғаннан соң, полковниктің өзін дереу әскери губернияның әкімшілігіне шақырды. Қабағы қатулы, маңдайы тырысқан Обручев бүгежектей табалдырықтан аттаған қолбасыға бірден дүрсе қоя берді.

– При тупом командовании только так и могло быть – завалить дорогу трупами. – Жылан көздері жеп жіберердей қадалып, тарамыс бетінің білеуі шодырайып алыпты. Жұқалтаң жақ еті одан сайын суалып, ашуын сыртқа салып айқайға басты. – Командование тупое, а подчинённые бестолковые. Ну, что тут поделаешь... – Айтарға сөзі жоқ діңкесі құрып, болмашы бөгелді де, – завалили весь план! – деп жекіріп, үстелді тоқпақтап жөнелді.

– Виноват, госпадин генерал. – Полковник мұрнының астынан міңгірлеп, мойыны салбырап тұрып қалды.

Осы кезде Орынбар шекара комиссиясының төрағасы генерал Ладыженский кабинетке енді. Ашулы губернатор назарын енді соған аударып, зілді үнмен кесете сөйледі:

– Срочно созывайте комиссию и рассмотрите дальнейшие действия военной губернии. Мне кажется, нужно разрабатывать новую стратегию по отношению Кенесары!

– Понял, Владимир Афанасьевич, будет сделано!

– На это все недельный срок, по итогам доложите! – Сөзінің соңында Дидиковскийге көзінің қиығымен қарап, – Вам замечание, полковник, идите! – деді жеки.

Осы бір пәрменнен кейін шыжбық болған байталдай Ладыженскийде маза болмады. Қайта-қайта аға құрамдағы офицерлерді жинап алып, әлдебір істің тетігін таба алмай дабырласып жатады. Өйткені Кенесарыға қарсы соғыстың бұлайша ұзаққа созылуы патша үкіметінің қазынасына әжептәуір салмақ салып, қаржыгерлердің сараптауы бойынша тиімсіз науқандық әскери шаралардың бірі ретінде қаралған. Жоғары жақтың мұндай бағасы – бір демде түз тағыларын ұйпап тастайтындай Петербордан желпініп жеткен Обручевтің абыройына нұқсан келтірді. Өңірді басқарған екі жылда Ресей империясының қазақ даласы мен Орта Азияны отарлау саясатын ілгерлетудегі жұмысы нәтижесіз. Жалпы, Орынбор әскери губерния қолбасшыларының қадірі империя әміршілерінің алдында қаша бастаған. Осыны жақсы білгендіктен Обручев үшін бүгінгі басты мәселе – қайткенде де Қасымовтың қолын күйрету. Бірақ, зеңбірек сүйреткен казак-орыс әскері оған қарсы екі жылда түк бітіре алмады. Осыны ескеріп, стратегияны өзгертіп, басқа шараға көшудің жолын іздестіруде. Бір кезде өздері келемеждеген Перовскийдің тактикасының дұрыстығына енді көздері жете бастады.

Ойлана келе шекара бастығы Ладыженский келесі жылы қарулы науқанды тоқтатып, астарлы айлаларға көшуді мақұл деп тапты. Оның орнына экспедициялық барлау жұмыстарын қолға алған тиімді көрінді. Олар Кенесары әскерінің қай жерлерге орналасқанын, қанша мөлшерде екенін біліп, нақты мәлімет береді. Екіншіден, қайда көшіп, қайда қонатынын картаға түсіріп, алдын-ала белгілеп алады. Жалпы, Ұлытау, Торғай, Ырғыз, Ембі аймақтарындағы рулардың қоныстарын, аумағын және өзен-көлдерін, бұлақтарын көрсете отырып, қағаздағы кескіндемесін жасайды. Келесі жолы әскер жібергендей болса, былтырғыдай, биылғыдай ұшы-қиыры жоқ сахарада тым құрмаса, адаспайтын халге жетеді. Үшіншіден, экспедиция Ырғыз бен Торғай өзендерінің бойында қай тұсқа бекініс салған тиімді екенін анықтап, нақты ұсыныспен келеді. Бейтарап жатқан далада казак-орыс бекіністері бой көтерсе, солар арқылы көтерілістің орталық аймақтарына толық бақылау орнатылады. Бақылау күшейген сайын, орыстың ықпалы соғұрлым арта түспек. Ол, әрі отарлау саясатын нәтижелі де қарқынды жүргізуге жол ашады.

Кезінде генерал Горчаковқа «Кенесарының ең жақын адамдарының бірін тұтқынға түсірсек, Қасымов сұлтан айтқанымызға көніп, бұрынғыдай батыл қарсылыққа бармайтын болады» деп, өзі ұсыныс енгізген еді. Сол ұйғарым бойынша Күнімжан ханшайымды екі ұлымен тұтқындап, әуелі Орға, сосын Орынборға әкелткен. Бірақ, қатал сұлтан бұлар ойлағандай «қатын-балам тұтқында, оларға бір қысым көрсетілер-ау» деп, тайынып, алған бетінен қайтқан жоқ. Қайта бұрынғыдан да бетер қатігез әрекеттерге барып, өзіне қас туыстарын ғана емес, станицадағы казактарды да бықпырт тигендей талқандап, ешкідей бақыртып бауыздап, жазалады. «Енді, амалды өзгертіп, әйелі мен балаларын оның қолындағы тұтқында отырған казак-орыс офицерлеріне айырбастасақ, бәлкім, иі жібір» деген ойға келді. Сосын ақырындап келіссөз жүргізіп, сұлтанға патша өкіметінің талабын біртін-біртін орындатуға мәжбүрлемек.

Міне, шекара комиссиясының бастығы бір жұмадан бері осы мәселелердің жайын қарастырып, оны іске асыратын жұмыс кестесін даярлап, генерал-губернатордың мақұлдауын алып шықты. Оның келісімімен бірге өз мойнына тапсырма да жүктеп алды, сол тапсырмаларды орындау үшін бұған мақсатты түрде әзірлікке кіріседі. Келесі жылдың басынан осы жұмыс нақты шаралармен басталып, діттеген межеге апаратын қадамдар мысықтабандап, біртін-біртін жасалынбақ.

ЖАЛҒАСЫ

«Бітімгерлік ойыны»

ДЕГЕН АТАУМЕН БЕРІЛЕДІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар