Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әбу-Асқар Мекешұлы. Ұлтолғақ ауыр ма, ойтолғақ ауыр ма?

14.02.2019 1381

Әбу-Асқар Мекешұлы. Ұлтолғақ ауыр ма, ойтолғақ ауыр ма?

(жазушы-драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлының бір әңгімесі хақында)

Бүгінгі қоғамда ана мен бала мәртебесі шатқаяқтап тұрғаны жасырын емес. Ғаламторды ашып қалсаң, түрлі себептермен қыршын кеткен сәби-тағдырлар, қоқысқа тасталған шарана, дәретханада тұншығып өлген шақалақ, көкек-ана, тажал әке...

Басың айналып, көкірегің қарс айырылады.

Бұл мәселе әдебиетте де көп көтерілді. Тасбауыр ана, тастанды бала туралы бірнеше әңгімелер жазылды. Әркімнің айтар ойы, түйер түйіні өзінше. Солардың ішінде бізге ерекше болып көрінгені – жазушы-драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Перзентхана полонезі» атты әңгімесі. Бір қарағанда ойнап жүріп, от басқан жас қыздың жан күйзелісін палатадағы басқа әйелмен диалогы арқылы немесе өз ойы арқылы беріп отырған қарапайым әңгіме сияқты көрінуі мүмкін. Алайда тереңдей түскен сайын автордың айтар ойы тұңғиыққа тартып бара жатқанын өзіңіз де байқамай қаласыз. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік бұл әңгімені оқығанда: «Перзентхана полонезі» деген әңгіме бас-аяғы жұп-жұмыр, сәтті құрылған сюжеті, өрнекті тілі, айтар ойы бар шығарма» деп пікір білдірген екен. Біз осы жердегі автордың ойы туралы бірер ауыз сөз қозғап көрмекпіз.

Осы тектес басқа әңгімелерден бір айырмашылығы Жолтай Әлмашұлының кейіпкері дүниеге енді келейін деп отырған нәрестесінен өлсе де бас тартпайды. Ондай ойы да болмаған. «Ұлтолғақ» деп аталған алғашқы бөлімде бас кейіпкер мен оның қасындағы әйелдің екеуара әңгімесінен көп жайға қанығамыз. Үш күн бойы ауық-ауық келіп отырған толғақтан жаны жай таба қалған кезде екі келіншек бойларындағы баланың болашақ тағдыры туралы сыр шертіседі. Қасындағы қырықтар шамасындағы әйелдің сөздерінен оқырманның төбе шашы тік тұруы мүмкін. Ол баланы қан тазартып, денсаулығын түзеп алу үшін ғана туады екен! Өлі туа ма, тірі туа ма, дені сау бола ма, кемтар бола ма, оған – бәрібір. Бастысы бұрынғы күйеуінен екі баласы бар. Солар аман болса, болды дейді. Ал бұл баланы саналы түрде ойнас жасап жүріп, бойына бітіріп алған. Сөйте отырып, «Қазiр oн алты – oн жeтiдe, тiптi бар ғoй... жақында eстiдiм, oн бeс жастағы бүлдiршiн қыз да жүктi бoлып қапты...» деп, қоғамда белең алып бара жатқан келеңсіз мәселелерге өзінше жаны ауырады. Жазушының адам жанының қалтарыс-бұлтарысын, қатпар-қатпар мың сан түсініксіз түйсіктерін шебер жеткізе білетінін мойындамасқа болмайды.

Автор бұл екі әйелдің аузымен болашақ пен бүгіннің, ескілік пен өркениеттің де қақтығысын астарлап қана жеткізіп отырады. Мәселен, бас кейіпкер ішіндегі баласы ұл екенін айтқанда, қырықтардағы келіншек оған жата келіп таңқалады. Әрине, қазіргі кезде қырыққа келген адамдардың УЗИ деген аппараттарды білмеуі мүмкін емес, алайда жазушы бұл жерде, біздің ойымызша, ауыл мен қаланың жай-күйін салыстырып отырғанға ұқсайды. Қазір технологияның дамыған заманы болса да, соның игілігін пайдаланбақ түгілі, көзімен көрмегендер қаншама?! Оны қоя тұршы, кейбір ауылдық жерлерде қарапайым компьютерге де қол жеткізе алмай отырған адамдар бар. Әдеби конкурстарға жазған-сызғандарын жіберу үшін ауыл әкімшілігі немесе аудандық оқу бөліміне барып, солар арқылы электронды поштаға хат жолдап жүрген адамдарды көріп-біліп отырмыз. Жазушы екі келіншек арқылы қоғамдағы осы алшақтықты да бір түйреп өтеді. «Жeтiскeн-ақ eкeнбiз. Әнeбiр жылдары сoрлы қазаққа «oрыс тiлiн бiлмeсeң, жауапты жұмысқа алынбайсың» дeп қoқаңдады. Өлiп-талып oны үйрeнiп eдi, eндi кeлiп, тағы да бүйрeктeн сирақ шығарып, «кoмпьютeр бiлмeсeң, тәуiр жұмысқа үмiттeнбe» дeйдi. Oйпырмo-oй-й... қазақтың өмiрi көргeнi oсы шығар... Сoры бeс eлi халық eкeнбiз дe...» деген сөздерді кейіпкерінің аузына сала отырып, халықтың бүгінгі проблемасына назар аудартады.

«Ұлтолғақ» бөлімінде бас кейіпкер бір толғатып, бір тыныштанып жүріп, арасында қасындағы әйелмен біраз мәселенің басын қайырады. Жазушының толғақ қысқан әйелді түп-тұқиянына дейін зерттегені сондай, әңгімені оқып отырғаныңды ұмытып, перзентханада, жан-жақтан толғатып жатқан қалың әйелдің арасына тап болғандай күй кешесің. «Әйeл дeгeн бiр мұңлық» деп, қос әйел бір-біріне демеу болады. Әңгіме арасында қырықтар шамасындағы әйелдің де қилы таңдыры айқындала, әшкерелене береді. Осы жерде қоғамдағы тағы бір бітеу жараның беті тырналады. Ол – төмен етектіні көрсе бітті, көздері қызарып, көңілдері «бұзыла» кететін жеңілтек жігітсымақтар мәселесі. «Сүйдiм-күйдiм дeгeн сoң шын бeрiлiп, бар өмiрiмдi сoған арнамақ бoлып eдiм, сөйтсeм... Нағыз алаяқтың өзi eкeн. Ұрпағын көбeйтeмiн дeп, бiрiнeн-сoң бiрiн көтeрiп... eкi бiрдeй нәрeстeнi дүниeгe әкeлiп жүрсeм... Көрiнгeн жeзөкшeмeн көңiл көтeрeдi eкeн. Eртe кeтiп, кeш oралатын eдi. Oнысын қайдан бiлeйiн. Бiлмeй жүрe бeрeр мe eм, бiр күнi танысым маған «күйeуiңe нeгe иe бoлмайсың, кeшe кафeдe бiр шүйкeбаспeн ауыз жаласып oтыр» дeгeнi» дей келе, осындай опасыз еркектің кесірінен жер бетіндегі барлық ер-азаматтарға өштесіп алған әйелдің образын аша түседі. Шынымен де, бар өмірін арнаған адамы арқасына қанжар қадап кетсе, адамдық бейнесін екінің бірі сақтап қала алмайтыны белгілі ғой. Міне, ойлай беріңіз, қазір қаншама отбасы осындай опасыздықтың, азғындықтық кесірінен шаңырақтары ортасына түсіп, күлдері көкке ұшып жатыр. Айналаңызға қарасаңыз, өз таныстарыңыздың арасынан да дәл осындай тағдырларды көріп қалуыңыз ғажап емес.

Міне, осылайша, жазушы әңгіменің «Ұлтолғақ» бөлімінде перзентханалық атмосфераны бас кейіпкерінің оқтын-оқтын келіп отырған толғақтарымен әрлей отырып, қоғамдағы қаншама проблемаларды контраста, қарама-қайшылықта суреттей білген. Бұл жерде тағы бір символиканы айта кету ләзім. Біздің ойымызша, қаламгер оқиға орны ретінде перзентхананы бекерден бекер алып отырған жоқ. Неге десеңіз, дәл осы перзентханада күніне қаншама сәби өмірге келеді, олардың қаншамасы бақытты болашаққа жолдама алады, қаншамасы жарық дүниені көрер-көрместен осынау бір қатыгез қоғамның кәріне шыдас бермей, сол күйі келген жағына қайтып кетеді... Әңгіменің тақырыбындағы «Полонез» сөзі де осы бір арпалыс дүниенің бастамасы, табалдырығы болатын перзентхананың жай-күйін аша түсетіндей.

Әңгіменің екінші бөлімі «Ойтолғақ» деп аталған екен. Өзіңіз де байқаған шығарсыз, бұл толғақ бұрынғы толғақтан да ауыр, бұрынғы толғақтан да орасан болмақ! Дүниеде не жүйрік?! Әрине, ой - жүйрік. Дәл сол сияқты, дүниеде не ауыр? Тағы да - ой...

Ұлын аман-есен босанып алған соң, жас ана енді оның тағдырын ойлап, ойтолғақтың азабын тарта бастайды. Бұл жерде «балаңды туып ал, өсір, жеткіз» деп ақыл айтқан татар әйел мен «Сeнiң oрныңда бoлсам, мына шарананы дeрeу бoсанар eдiм дe, тиiстi жeргe жiбeрe қoйып... oй, сoсын... заманды сүрeр eм. Бeтiңнiң қызылы барда, өмiр дe қызық. Ал, сoсын... өкiн нe, өкiнбe нe!.. Өмiрдiң сoңғы жағы қиыр-шиыр... бoлады. Сoған дeйiн iстeу кeрeк бәрiн дe...» деген палаталас әйелдің сөздері бір періште, бір шайтанға айналып, байқұс келіншектің қалтырақ ойын жан-жақтан талан-таражға түсіреді.

Жас ана алғашындағы ізгі ойынан шатасып, секунд сайын жарық жылдамдығынан да оза түсіп, қиялардан қияндарға қарыштаған қалың ойтолғақтың арасында небір сұмдық ойлардың басын бір шалады. Бұл жерде автор қазақтың «жаман ойлау» феноменін іске қосқан. Яғни, кез келген жаман ой болашақта орындалып кетуі мүмкін деген қауіпті теорияны оқырман есіне тағы бір салып отырғанға ұқсайды.

Сондай-ақ, қазақтың тағы бір өмірлік қағидасы – «алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да солай жүреді» деген тәмсілді де қаламгер әңгімесіне тиімді пайдалана алған (опасыз күйеуіне қастық үшін жезөкшелік жолға түскен әйелдің үлкен қызы да жезекше болып өседі). Осындай детальдердің барлығы жиналып келіп, бас кейіпкердің жан-дүниесін аласапыран күйге түсіре отырып, жазушының негізгі айтпақ ойына ирелең жол арқылы оқырманын алға сүйрей береді, тереңіне батыра береді.

Сонда Жолтай Әлмашұлының негізгі ойы не дейсіз ғой? Біздің пайымымыздың жеткен жері әрі өз ойымыздың өзімізді шошытқан тұсы да осы болмақ. Әңгіме басталғаннан аяқталғанға дейін сырттай ғана сөз болғанымен, автордың жанын күйзелтіп, көңілін алаңдатып отырған бірден-бір кейіпкер – дүние есігін енді ғана ашайын деп отырған некесіз ұл ма деп ойладық. Өмірден көріп-білгені аз, маңдайының соры бес елі болған, ойнап жүріп от басқан қорғансыз қыз осы нәрестенің тағдырын шешпекші! Оның тағдыры қыл үстінде тұр! Дірілдеген әлсіз қолдың сүйріктей саусақтарындағы көбесі сөгілген тырнақтардың ұшында ғана ілініп тұр... Енді бұл діріл титімдей ғана күшейе қалса, үзіліп түсуге шақ қалғандай...

Таныс жағдай ма? Қазіргі қазақтың тағдырына ұқсай ма? Жаһандану деген жалмауыз қоғамның алдындағы дәрменсіз қазақ па? Қорғаушысы, қорғаны жоқ халық па? Ертеңіне алаңдап, тұяқ серпуге шамасы келмей, бесігінде уілдеп қана жатқан ел ме? Әлде автордың ойы мүлде бөлек пе еді? Ойтолғақтың қатты қысқаны сонша, сандырақтап, басқа жаққа лағып кеттік пе? Сансыз сұрақ! Шынымен де ойтолғақ ауыр екен... түні бойы көз ілмей, ой теңізіне бір батып, бір шығып, жаны шыңғырып жатқан әңгіме кейіпкерін енді түсінгендей боласың... түсінесің де, одан әрі ойлана түсуге жүрегің дауаламай, бесіктің бетін ашып қап, әлдеқашан суып қалған нәрестені көретіндей, әңгімені үрейлене жабасың...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, Бір әңгіме - бір әлем
(0)

Пікірлер

Оқырман

14.02.2019 15:55
Сөз етуге тұрарлық шығармалар жазып жүрген қаламгер. Тек... ресми органнан шықпай жүріп алғаны болмаса...

Рахима

15.02.2019 18:34
Мен бұл әңгімені баяғыда оқығам. Қатты ұнаған. Авторға айтқам өз ойымды. Киноға сұранып тұрған нәрсе.

Турашыл адам

01.03.2019 14:41
Жолтай Әлмашұлының "Күлкі мен көз жасы" деген романын оқыңыздар! 21-ғасыр басындағы үздік роман деуге әбден болады. Тартымды. Тағлымды..
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар