Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әбіш Кекілбаев. Жайсаң

13.11.2018 1416

Әбіш Кекілбаев. Жайсаң

Алматының Бас поштасының жанындағы үлкен ғимаратқа университет көшіп келген жылдар. Бұрын республика басшылығы мәжіліс өткізетін отырысхана оқу залына айналған. Кіреберісінде тапсырысыңызды беріп, кітап алып, қайта өткізетін бөлме бар. Соған күні бойы ақтарған бір қолтық журналдарды құшақтап тапсыруға келе жатыр ем, қарсы есіктен үстіне алабажақ сұрғылт пиджак киген сұңғақ бойлы ақ құба жігіт кірді. Бірден кітапханашының алдындағы тақтай бөгесіннің жанына барып, тұра қалды.

– Сәламатсыз ба, жеңеше! Сыртта күн қайнап тұр. Мұнда салқын әрі қаракөлеңке екен. Қаралай ішті пыстырады ғой. Сізге бір серпілетін ермек тауып берейін. Қайда еді әлгі? – деп, сыртқы қалтасын сипалады, сосын қойын қалтасына қол салды.

– Е, міне, бәсе! – деп, сақылдап күліп жіберді.

Келіншектің имек қасы одан сайын керіле түсті. Жігіт қалтасынан кішкене конверт суырды. Келіншектің көзі атыздай болды...

– Асықпаңыз, қазір түсіндірем, – дейді жігіт, кере қарыс маңдайынан қошқар мүйізіндей ширатыла көтерілген мөлт қара бұйра шашын сәндене бұлғақтатып.

Келіншектің көзі жігіттің қолында. Сумаң етіп конвертке кіріп кеткен бас бармақ пен сұқ қол жылт еткізіп тілімдей ақ қағаз алып шықты.

– Осы қазір Пушкин кітапханасынан келем. Ондағылар барлық даналары жұрттың қолында деп іздеген кітабымды бермеді. Дұрыстап іздесең, университет кітапханасынан да табылады деп, сіздерге жұмсады.

Қыр мұрынының ұшынан күлкі жылт етті. Тісін ақситып, ыржия күліп, қолындағы қағазды кітапханашыға ұстатты. Манадан бері бейтаныс жігіттен көзін айырмай, состия қарап тұрған сұсты келіншек:

– Осынша уақыт бүкіл кітапхананы басыңызға көтеріп даудырлап, қойны-қоншыңызды түгел тінтіп жүргендегі тапқаныңыздың бар болғаны осы болды ма?! – деді, езуін еріне жиырып.

– Алақай, жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады деген осы. Күлкіңіз қандай әдемі еді?! Даудырлағаныммен, шамасы: «Басының сақинасы ұстап тұрған неме емес пе? Езуін жиырмайды ғой. Жел жағынан шығып жүрмесем, жарар еді», деп қатты қысылып тұр едім, – дейді жігіт алақанын шапалақтап.

Келіншек одан әрмен жадырай түсті.

– Өзіңіз циркте істемейсіз бе? Қалта тінткеніңіз әлгі көзалдаушылардан аумайды екен. Қойныңызға қол сұққаныңызда, басын салақтатып шұбар ала жылан суырып алар ма екен деп, қорқып тұр ем. Әйтеуір, абырой болғанда қағаз екен.

– Несі бар, жеңеше?! Кім екенімді білгіңіз келсе, мінекей! – деп, екінші қалтасына қол сұқты. Жылт еткізіп, бір қатырма суырды, сыртындағы жазуын көрсетпей, алақанымен қалқалап, кітапханашының көз алдына апарып тосты.

Келіншек мәз болды.

– Туу, зәремді ұшырдыңыз ғой. Үш әріптен келген біреу ме деп қалып ем. Өз адамымыз екенсіз. Жарайды, қазір барып іздестірем.

Келіншек маған бұрылды.

– Тапсырасыз ба?

Басымды изедім. Журналдарды алып, суырмада беті ашық жатқан кітапшамды жаппаған күйі алдыма тастай салды.

Көзі түсіп кетті білем, бұйра шашты жігіт:

– Мәс-саған! – деп, білегімнен ұстай алды.

Сосын келіншекке:

– Әлгі кітаптарымды іздеп тапқанша, бұзау емізім болмағанымен, лақ емізім уақыт керек шығар. Оған дейін мына бауырыммен сөйлесіп келейін деп, мені ту сыртымнан құшақтап дәлізге қарай жетеледі...

Біз сонау алпысыншы жылдар басында алғаш рет солай танысқанбыз. Меңдекеш онда университетте сырттай оқитын. Жылда емтихан тапсыруға Алматыға келетін. Келген сайын мені іздеп тауып алатын. Ол кезде Алматыға келетін адам оқып жатқан ауылдастарын тауып алып, жүздесіп кетуді бір парыз деп санайтын.

«Түлкі құрсақ жүрген шығар, бір тойғызып кетейін», – деп ресторанға не асханаға сүйрейтін. Болмаса: «Ауылдан келдім ғой, тамағың ісіп қалар», – деп буыншақ-түйіншек құшақтай келетін. Оның реті табылмаса, кетерінде қалтаңа не торы ала, не көк ала жылтыр қағаз қыстыратын. Ол кездегі ақшаның торы аласы – жиырма бестік, көк аласы – жүздік не елулік.

Сырттан оқыса да, өзі студент Меңдекештің «торы ала», «көк аласы» болмағанмен, «сары аласы» болатын. Онысы – қатырлаған сары ала қағазға орап буған балық не қара уылдырық. Бірде ол екеуін бірдей алып келіп, маған ұстатты.

– Мынаны біздің үйдегі жеңешең жіберді. Биыл Жайық тасып, бекіре, шоқыр, сазан, шортан дегендерің табалдырықтарымыздан шоршып-қарғып өздері кіріп келіп, балыққа кенеліп қалдық. Сен де ауыз тисін дедік.

Мен Меңдекешке:

– Осының біреуін апарып, бүгін бір досыңа, екіншісін апарып ертең тағы бір досыңа кіріп шықсақ қайтеді? – дедім.

– Бір өзің жегенде, күпті болып қалармын деп қорықсаң, сөйтсек, сөйтейік, – деп күлді Меңдекеш.

Екеуміз қара уылдырықты қолтыққа қысып, Жұмекенге бардық. Қазіргі Әуезов көшесінде тұратын. Көбіне-көп өзі алдымызға түсіп, жол көрсетіп бастап алып барушы еді. Троллейбус аялдамасынан түскен бойда бір көк шарбақты үйдің қасынан алып өтетін. «Мынаны біздің үй екен деп қалмаңдар!» – дейтін. Жалт бұрылып, маңдайшасына қарайтынбыз. Баптистер тәуіпханасы болып шығатын. Жұмекен бір мырс ететін де, әрі қарай бұрыштан айнала беретін. Көп ұзамай, басқа аулаға кіретінбіз. Кіреберісте қожайындарының үйі. Ар жағындағы қоржын баспанада – үй жалдайтындар тұратын.

Меңдекеш екеуміз әлгі үйге кіріп барып, қолтығымыздағы бумамызды үстелдің үстіне қойдық. Жұмекеннің өзі ме, жоқ әйелі Нәсіп пе, – қайсысы екені анық есімде жоқ, – әйтеуір біреуі оны алып, ыдыс-аяқ салған шкафқа ытқытты. Екеуі дастарқан жайды. Қаңылтыр сауыт, шыны сауыттардың бәрін ақтарып, төңкеріп, үстелдің үстін тақ толтырды. Шай іштік. Онда әлгі біз апарған бума ашылмады. Артынан ет асылып, табақ әкелінді. Әлгі бума – қозғалмаған қалпы. Қоштасып, шығып бара жатып та, артыма бір қарадым, көздің сұғын алған сары ала қағаз бума сол буылған күйінде қала берді.

Ертеңіне кептірілген қаракөз шабақтар оралған екінші буманы қолтыққа қыстырып, Қадыр Мырзалиевтың үйіне тарттық. Ол Тастақта тұратын. Аттаған сайын сыра сататын дүңгіршек кездесетін, әр оралым сайын: «Тастақ барсаң – тастап бар; Тастақ барсаң ішіп бар; ішкеніңе қанбасаң – он сегізден түсіп қал», – деп әндетіп, жас ақындар пәтер жалдап тұратын әйгілі мекен. Ең түбіне таманғы «он сегізінші линия» деп аталатын көшесінде біз де трамвайдан түстік. Бір кездегі казак әскер қосыны тұрған үйлер. Әрқайсысының сояудай-сояудай тікен бұталарды қатарластыра егіп, шыр айнала қоршаған шарбағы бар. Еңселі үйлерінде сол баяғы казактардың сарқыншақтары тұрады. Оларға жапсарлас не бөлек салынған қосалқы лашықтарда ертең мүйізі қарағайдай классик болатындарына әбден сенетін өңшең дәукес, өңшең әупірім жас қазақ жазушылары не ғалымдары тұрады.

«Трудовая қырық бес» пе, әлде «Рахманинова сексен төрт» пе – әйтеуір Қадырдан қалған көп «орданың» біреуін тауып алдық. Сампылдап сөйлеп, саңқылдап күлетін Салтанаттың қою шайы мен көзінің айналасына өрмекшінің торындай шимай-шимай әжім жүгіртіп, ернін шүйіре сөйлейтін, былайғы жұртты ішектері үзілгенше қыран-топан қылып күлкіге жығатын Қадырдың қиқар қалжыңдарына қарық болып, ол үйден де аттандық. «Жүріңдер, мен сендерді трамвайға дейін шығарып салайын», – дегенде, Қадыр әлгі біз апарған қара көз шабақтардың бір-екеуін қолтығына қыстыра кетіп, бізді аялдамадағы дүңгіршектен сыраға қандыратын шығар деп ойлап едік, ол екі қолын көкірек тұсына айқастырып салып, Қожанасыр мен Буадамның сайқымазақ сөздерін шекілдеуікше шағып, жайбарақат келеді. Қаралай пұшайман болып, трамвайымызға отырдық.

Екі-үш күннен кейін көшеде Меңдекешке тағы да жолықтым. Бұл жолы жасыра алмай, анау күнгі екі досымыздың ауылдан келген балық пен уылдырықтан ең болмаса дәм татырмай, иманды ауызымыз сылп етпей, құр қайтқанымызға тамағым ісіп жүргенін айттым. Меңдекеш танауын оқыс қорс еткізіп, тісін ақситты.

– Оның таңғалатын несі бар? Ол екеуін ауылдан мен әкелгенімді біліп тұр. Өз әкелгенін өзіне жегізсек, ауылдағы біздің қатын қыз тауып жүрер деп қорықты. Ондай ырым бар екенін білмейсің бе? Одан да: «Әнеукүнгіден бізге сарқыт қалды ма?» – деп өзің бар! – деді.

«Міне, табылған ақыл деп!» – алақанымды ысқылап, айтқанды қылайын. Барсам – Салтанат шарбақтың ішінде самауыр қойып жүр. Үйінің есігін шалқайтып ашып тастаған. Шақырайған күннің астында тұра берем бе?» – деп, сонда беттеп ем: «Әй, барма!.. Барма деймін... Бері кел... Барсаң, тұншығып өлесің. Иісін сезбей тұрсың ба?» – деп, Салтанат баж-баж етеді.

Расында да, бір күңірсік иіс мұрын жарып барады.

– Бұл қайдан шығып жатыр?

– Үйден... жаңа пешке от жағып, таба қыздырып, анадағы сендер әкелген балықты қуыра бастап едім, исін құдай көрсетпесін. Арам өлген есекті үйіткенде де ондай болмас. Қолқам бітеліп қалды. Қайдағы пәлені қайдан әкеліп жүрсіңдер?!

– Ау, оны қуырмайды ғой. Тұздап, қақталған қаракөзден қуырдақ жасағанды қайдан көрдің? Жон арқасын тілім-тілім сыдырып, басытқы қылып, тіске басып, сыздықтатып отырып сыра ішеді ғой. Қадыр айтпады ма?

- Ол мана жұмысына кеткен. Жұмыстан қайтқанда бір қуантайын деп, алдынан балық қуырып қояйын десем, ол сұмырайларыңның әлгіндей пәлесі бар екен. Сендердің суда жүзетін қай кесірткені асып жеп, қай кесірткені қуыратындарыңды кім білген?

«Салтанат – Жетісудың қызы ғой. Балықтың қалай дайындалатынын білмесе де, әйтеуір тамақтан өтетін ас екенін білгеніне де Құдайға шүкір», – деп, іштей иманымды үйіріп, Жұмекеңдікіне тарттым.

Досым үйінде екен. Дастарқанға енді отыра бергендерінде сүмпиіп жетіп барған маған мырс етіп бір күліп, ауызын қолымен басып, біраз сылқылдап алды да: «Иә, Кекілбаев, жүрісің әлей болсын! Шөлдеп келдің бе, жоқ қарының ашып келді ме? Отарәлиев екеуің өзектерің суырғанда болмаса, бұлай қарай аяқ баспайсыңдар ғой», – деп мәз болып жатыр.

Нәсіп тағы да үйде бардың бәрін дастарқанға әкеліп, үйіп төкті. Бірақ, уылдырық көрінбейді. Таныс шкафқа үңілсем, әнеу күнгі бұлтиған бума қағаз жым-жылас. Шыдай алмадым.

– Ау, әнеукүнгі уылдырық қайда? Ең болмаса, бір қасығын нанға жағып жейік, алып келіңдер, түге!

Сылқ-сылқ күліп отырған Жұмекен жым болды. Екі алақанын екі жаққа жайып: «Әй, мынау не дейді-ай?» – дегендей әйеліне қарайды. Нәсіп: «Мә, солай ма еді?» – деп, ду қызарып, күйеуіне қарайды. Екеулері бір-бірлерін ғұмырларында бірінші рет көріп тұрғандай. Мен одан сайын тұлдандым. «Өйтіп өп-өтірік аңқаусымаңдар... Меңдекеш Атыраудан уылдырық әкелмей, сендерге арбаның доңғалағына жағатын қи майын әкеліп жүр деп пе едіңдер?»

Жұмекен әлі аң-таң қалпы. Нәсіп күліп жіберді: «Әй бәсе, қожайын орысымыз бұның бағасы қанша сом болады?» – деп қайта-қайта кіріп еді-ау. «Жоқ игіліктеріңе болсын, тегін бердік», – дегенімізде, «мынаның есі дұрыс па?» – дегендей, бетіме біраз аңырып қарап тұрып, басын шайқап шығып кетіп еді. Сөйтсем, бұларың жейтін нәрсе екен ғой. Уылдырық деп өліп-өшетіндері сол екен ғой», – десін.

Енді, менің тілім байланып қалды. «Бұл екеуін Атырау мен Қиғашты қоса қабат жайлаған теңіз бойының тұрғындары деп жүрсем, Азғыр мен Қошалақтың қоян тобығын қазып, құмаршағын теріп, кесіртке санап жүрген жайпақ табан жайдақ қойшылары болып шықты ғой». Сөйтсем, біз барып кеткен күннің ертеңіне Жұмекен жұмысқа кеткенде, Нәсіп қағаз буманы ашып көріпті. Кірпіштей болып қаланып қалған жып-жылмағай қап-қара бірдеңе.

«Апырай, бұлары не болды екен?» – деп, аңтарылып тұрса, сусылдап көрші әйел кіріп келіпті. Тұз ба, сіріңке ме, бір нәрсе іздеп келген екен. Әлгі қап-қара нәрсені көріп: «Бұның бағасы қанша?» – деп сұрапты. Қуанып кеткен Нәсіп: «Керек болса, ала ғой! Ештеңе сұрамаймын, тегін беремін», – деп, қарсы болғанына қарамастан, әлгі буманы қолтығына қыстырыпты. Әйеліне сенбесе керек, көп ұзамай көрші орыстың өзі кіріпті. Оның Нәсіптен естігені әлгіндей. Басын әрі шайқап, бері шайқап ол да жөніне кетіпті.

Ал, менің өйтіп бас шайқауға да дәрменім жетпей қалды. «Ендігәрі ондай нәрсе келсе, бірден бас салыңдар. Меңдекеш екеуміз сендерге өлетін нәрсе әкелмейміз ғой», – деп, дастарқандағы нан-шайға қол создым.

Меңдекеш Жұмекен мен Нәсіпті уылдырық жеуге алғаш рет солай үйреткен-ді. Ол жүрген жердің бәрі осылай өз-өзінен ойын-сауыққа айналып жүре беретін. Әзіл-қалжыңсыз ауыз ашпайтын. Кейін мен де анамды көшіріп әкеліп, пәтер алдым. Үйленіп балалы-шағалы болдық. Сонда кейде түн ортасында аяқастынан телефон шылдыр ете қалатын. Көтерсең – Меңдекеш. «Ә, саламат па?.. Бұл... «Мұнайстан» мейманханасының директоры Кекілбаев жолдас па екен?» – деп сұрайтын. «Иә!» – десең; «Ендеше біз келіп қалдық», – дейтін. «Жақсы болыпты, күтеміз», – дейтінбіз.

Ол кезде де Атырау мен Ақтаудың ұшақтары мезгілсіз кезде келіп, кететін. Түн ортасында қонып, сары ала таңнан ұшады. Түн ортасында мейманхана іздеп жүргісі келмейтін таныс дос-жаран салып ұрып үйге телефон соғады. Біреу келіп, біреу кетіп, абыр-сабыр боламыз да жатамыз. Соны білетін Меңдекеш біздің үйді «Мұнайстан» мейманханасы» – деп қалжыңдайтын. Бірақ, өзі ешқайда бас бұрмастан бізге тартатын. Ол келмесе, сағынып отырамыз. Ол келсе, шырт ұйқыда жатқан сәбилеріміз де атып тұрып, «Меңдекеш аға!» – деп, мойынына асылатын. Балажан Меңдекеш әрқайсысын кезек-кезек құшақтап, мұрынынан иіскейтін. Ұлымызға: «Айналайын, айтшы неше бөлме үй саласың? Оның қаншасын маған бересің?» – деп, қызымызға: «Сенің қалыңмалыңа қанша «Волга» аламыз, оның қаншасы маған тиеді?» – деп сұрап қояды. Олар, әрине, бәрімізді қарқ қылып тастайды. Оған Меңдекеш түн ортасында үйді басына көтеріп, мәз болып күледі.

Ол Алматыда да ауылындағыдай емін-еркін. Ал ауылында, Атырауда да, тап осы Алматыдағысындай емен-жарқын. Әуежайына бара қалсаң, алдымен Меңдекештің елтіріден тігілген бұйра бөркін көресің. Кейін «горбачевка» атанып кеткен осы бір бөрікті Кубаннан шыққан бас хатшы Есентукиге көп баратын біздің Меңдекештен көшіріп алғандай. «Еһ-һе, батыреке! Аман жеттіңдер ме?!» – деп, айқайлап кеп, айқара құшақтайтын. Қасындағы жолдас-жораңның ешқайсысын шашау шығартпай, бәрін таксиге отырғызып, үйіне алып баратын.

Үйі әуежайдан тура тартатын, Боевая немесе Московская, әйтеуір бір кезде Мұхит әнге қосқан екен дейтін «тар көшесінің» Жайыққа тіреле бере көлденең кезігетін көшеге келіп қиылысқан жерінен көп алыс емес еді. Ұзын дәліздің бір бетінде Меңдекештер, қарсы бетінде басқа кісілер тұратын. Бірінен біріне өтетін аядай екі бөлме. Екі сәбилері бар. Атырауда оқитын Меңдекештің іні-қарындастары мен келіншегі Рузияның сіңлілері де сол үйде. Ол аз болғандай, сонау Қиғаш бойындағы, Нарын тарабындағы Рузия төркіндері, анау Жем бойындағы Жылойдан Меңдекештің ағайындары ертелі-кеш шұбырады да жатады.

Солармен араласып, «астана меймандары» – біз де қаптап жүреміз. Құдды вокзал сияқты. Біреуіміз ұшаққа, біреуіміз пойызға, біреуіміз кемеге, біреуіміз автобусқа асығып, қапыламыз да жатамыз. Меңдекеш те бірімізден соң бірімізді шығарып салып, қарсы алып, аяғынан тозып, сабылып бағады. Соның бәрінде тісі ақсиып, сақылдай күліп мәз-мәйрам боп жүреді. Қабағын жиыру дегенді білмейді. Сыртынан «біздің бәйбіше» деп ұлықтап, көзінше «біздің қатынекең» деп еркелететін келіншегіне «қатынеке, келіп қалдық, қарсы ал!», «қатынеке, кетіп бара жатырмыз, шығарып сал», – деп, тізе бүктірмейді. Өзі күні бойы ауруханада істеп, қызметтен шаршап оралатын Рузия да езуін жимай, ақсия күліп тұрғаны.

Осындай сапырылысып жататын қалың нөпірдің арасында тек Алматыдан не аудандардан келгендер емес, тіпті мәскеуліктер де, сонау қалмақ даласы мен Қап тауынан немесе түрікмен мен қарақалпақтан келген ағайындар да жүреді. Тіпті тұсында жұртшылыққа кеңінен танымал болған «Максимка» фильміндегі кішкентай негр баласын ойнаған, аты-жөні есімде жоқ, кейін әйгілі киноактер болған артис те Атырауға келгенде пәлен күн бойы Меңдекештің қасында жүргені бар.

Ал, алматылық ақын-жазушыларға келсек, олар Атырауға бара жатқанда: «Жер түбінен барғанымызда не Берқайыр Аманшин, не Берік Қорқытов ауылда болса, жарар еді», – деп қос Бекеңді сағалап, қобалжып барады да, Меңдекешке жолығып, ондағы әдебиет сүйер жас талапкерлермен түгел танысып, өлең десе, өнер десе, ішкен астарын жерге қойып өре түрегелер сауыққұмар «гурьевтіктермен» түгел достасып қайтады. Бәрі де: «Айналайын Меңдекеш-ай, өзі бір өзегін үзіп бергелі тұрған, керемет кеңпейіл жан екен» – деп, таңғалып, тамсанып келеді. Марқұм Мұқағали Мақатаевтың барып қайтқан сапарын өзі де, өзгелер де ауыздарынан тастамай, көпке дейін айтып жүрісті.

Әсіресе, марқұмдар Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергеновтің Атырау, Маңғыстау барған сапарлары қазақ мәдениеті төңірегіндегілердің ұрпақтан ұрпаққа айтып жүретін тарихи оқиғасы болды. Екі жайсаңның сол сапарда бірігіп туғызған тамаша шығармалары әліге дейін жұртшылық ауызында. Дәл сол жемісті кездесулер мен айта қаларлық оқиғалардың қақ ортасында жүріп, негізгі ұйытқысы болған да Меңдекеш Сатыбалдиев еді.

Оған дейін облыстық радио мен газет арқылы облыс жұртшылығына танылып, оқта-текте ғана республика оқырмандарына көрініп жүрген талантты журналист енді біржолата өлеңге ойыса бастады. Бұрын көкірегінде сыймай жүрген мөлдір қайнардың көзін Алматыдан келген сұрапыл ақын Төлеген Айбергенов ашып бергендей болды. Оның тебіренген теңіздей жойқын буырқанысы, ыңыранып алыстан жеткен сарындай сағынышты сазы, соған лайық мың оралып, мың бүктеліп жататын білем-білем ырғақтары мен арқардың мүйізіндей мың бұралған бунақ-бунақ күрделі ұйқастары атыраулық жас ақынға көптен ауаланып жүрген таңсық кеңістігіне жол сілтегендей болды. «Көбіміз кейде көтере алмаған өлеңнің жүгін үстеген; сең күркірегенде найзағайлардан да үстем-ең! Тебіренген сені көргендей болам мен әлі, теңізді көрсем деңгейден төмен түспеген. Маңғыстау жаққа омырауыңды ашып келмесең, маған да арман бітер ме еді, арындылығыңды көрмесем?! Қайқы қылыштай қайқиып шыға келдің-ау, мінажат қылып Махамбет жатқан жерге сен!» – деп толғанды кейін бұл жайында Меңдекеш.

Төлеген барып кеткеннен кейін қалың қарлы қыстан соң қатпарлы жоннан шапшып атқан бұлақтай ақтарылып қоя берген Меңдекештің ақ бұрқақ жырлары Жайық бойындағы талақтарында биті бар қалған жастарды да жабыла дүрліктіргендей. Бір барсам, Меңдекештің аядай екі бөлмесінің біреуі баяғысынша келген-кеткен меймандардың жүк қоймасына, ал екіншісі салиқалы әдебиет салонына айналыпты. Оған Алматыдан ат құрғатпайтын жолаушы ақын-жазушылармен қоса, жергілікті талапкерлер де ертелі- кеш ағылады да жатады екен. Нұралы, Аманқос, Күзенбай, Қаржаубай, Нариман, Қадыр, Жүсіп, Қырықбай сынды қаулап өсіп келе жатқан жас қаламгерлермен сол Меңдекештің дастарқанындағы Рузия құйған күрең шайдың үстінде танысқанмын. Ол төрде Берік Қорқытов, Қабиболла Сыдиықов, Теңдік Жауыров, Берқайыр Аманшиндей ардақты ағаларымыз бен Хисмет Табылдиев, Фариза Оңғарсынова сынды қатарларымыз да сан-санат мәжіліс құрған-ды.

Түннің бір уағына дейін өлеңдер оқылып, не қилы айтыс-тартыс қызатын. Түн ауғаннан кейін де тек бір қатарымыз ғана үйді-үйге қайтып, көпшілігіміз еденге қатар-қатар төсек салдырып,сол үйге қонып қалатынбыз. Күні бойғы мәжілісіміз аз болғандай, көрпенің астынан да бастарымызды суырып ап, қауқылдасып әңгіме соғатынбыз. Неткен таусылмайтын таластар десеңізші! Бәрі де ауыздан шыққысы келіп, тісті жарып барады. Бұл, шамасы, сол кездегі әлеуметтің көкейін тесіп бара жатқан көл-көсір толғау болса керек. Енді қызғалы тұрған рухани майданның нөсер алдындағы дауылдай буырқанысы секілді. Меңдекеш сол сұрапыл дауыл алдындағы теңіз төріне шаңқылдай көтерілген көп шағаланың біреуі емес, оларды төңірегіне иіріп, шырқ айналдыра алға бастап жүрген дауылпазы тәрізді еді.

Ол жылдары қазақ даласын тұтас қаулай бастаған рухани тың серпілістің Атыраудағы прорабы Меңдекеш Сатыбалдиевтің қадірін бірте-бірте күллі қазақ әдеби қауымы бағалай бастады. Оны Алматыға шақырушылар көбейді. Өзі де өнер шалқарының бір пұшпағындағы ықтасында қалып қойғысы келмей, шайқасы мол, шарпуы жиі, толқынды айдынның қан майдан төріне қарай талпынды.

Сөйтіп, астанаға келді. Бірақ, мұндағы үй ішінен үй тігіп, бірінің сыртынан бірі сыпсыңдасып жүрмесе, бастары ауыратын көп сығырдың үйреншікті желіктеріне түсіп кетпеді. Әдебиетке құмартқанмен, әдебиет төңірегіндегі із аңдысқан ішмерез тоғышарлыққа құмартпады. Атырау айдынының ақ жарма самалындай ақкөңілділігі мен аңқылдаған ақпейілділігін мұнда да сақтай алды. Соның арқасында әдеби ортаға тез сіңісті. Саяси баспаның бастан асып жататын тау-тау шарасынан тайсалмай, белсене араласып, еңбекқорлығымен көзге түсті.

Көп ұзамай оны басқа қызметтерге де шақыра бастады. Қаршадайынан репортерлік магнитофонын асынып, халық арасында жүріп қалған тілшілік машығы ағымдағы баспасөзге қайта оралтып, «Мәдениет және тұрмыс» журналына жауапты хатшылыққа қызметке барды. Азғантай уақыт ішінде бұл беделді басылымның бетінде де ол өз бедерін байқатып үлгірді.

Ол жылдар Меңдекеш үшін ең бір шабытты шырқау кезең болды. Зиялы қауымның үлкен-кішісімен тегіс араласып, бәрінің де көргісі келетін, көрмей қалса: «Меңдекеш қайда?» – деп, іздеп отыратын қалаулы адамына айналды. Қай жиын, қай думанда да маңдайы жарқырап, бірден көзге түсті. Талантты шығармашылығымен қоса асқар таудай биік адамгершілігімен танылды.

Оның асқан ақжарқындығы ауызға ілікті. Қай дастарқанның басында да кешігіп кірген адам отырғандардың ең «қызып қалғаны» Меңдекеш шығар деп ойлар еді. Есіп сөйлеп, саңқылдай күліп, қалжың үстіне қалжыңды қарша боратып ағынан жарылып ақтарылып отыратын Меңдекеш ауызына арақ, шарап түгілі сыра алмайтын. Бірақ, алқалы жиын көрсе, арқаланып, үлкен-кішінің бабын тауып, сүйкімді мінезімен, тапқыр әзілімен бәрінің жанын балбыратып, қай отырыстың да қошын келтіретін жібек мінез, желең көңіл, жайдары жан еді. Есіңді кетірердей ерекше үйірімді еді. Бірақ, ешкімге қылдай қиянаты жоқ, айтып жеткізе алмастай адал еді. Сөзінен, көзінен, өзінен әлдебір теңдесі жоқ оптимизмнің, өмір сүйгіштіктің лебі есіп тұратын. «Бұндай ерен мінез, ерекше сүйкім оған қайдан дарып жүр?» – деген сауалға талай бас қатырдым. Ойланған сайын таңғала түсемін. Түп бабасы Алдасай – аңызға айналған адам. Бірақ, өзі айтқаны болмаса, ешкімнің айтқанына қайырылмай, тау-тасты кезіп, арқар қуып, кісікиікке айналып, алапат қайсарлығымен көзге түскен саяқ батыр. Өз бабасы Жем бойындағы елге өзеннен, құдықтан су тартып әперетін шығыр жасап беретін аса шебер, бірақ ел-жұртпен елпілдесе-желпілдесе қоймайтын біртоға жан болыпты. Әкесі мен шешесі бұның шиеттей жас кезінде ерте өліпті.

Өзі, сөйтіп, көзін ашпай жатып жетім қалып, кісі қолында, тағдыр талқысын көрудей-ақ көріп өсіпті. Бұғанасы қатпай жатып, ауыр жұмыстар істеп, қар төсеніп, мұз жастанып, ауыр дертке ұшырапты. Талай рет оташының қолына түсіп, қабырғасын сөктіріп, бір жақ бұғанасынан түгел айырылып, өкпесін кестіріп, үштен бірі арқылы тіршілік кешті. Одан басқа адамның қаралай опырылып, опат табатын-ақ қасіреттері. Ал, ол болса, бұйра-бұйра әдемі шашын олимпиада туындай асқақ көтеріп, қайнаған фестивальдың қақ ортасында жүргендей шалқақтай басып, шабыттанып сөйлеп, шаттана күлетін. Арғымақтың құлынындай сұлу, ақсүйектің баласындай бекзат, ақсұңқардың түлегіндей тапқан-таянғанын төгіп-шашып жүретін асқан жомарт еді.

Басын шалқайтып, күрек тісін қасқайтып, күмбірей кісінеген керік мойын, кереге жал тұлпардай лақылдата төгіп, рахаттанып тұрып, ағыл-тегіл күлетін Меңдекештің тұла бойы тұнған молшылық еді. Осынша жоқшылықтың ортасында осынша бейнет арқалап өсіп, мұншама дарқандықты қайдан тауып жүр?! Ал, таңғалмай көр! Адам ретінде де, азамат ретінде де ол айтып түсіндіре алмастай айрықша құбылыс, елден ерек жан, қазіргіше айтқанда, нағыз сирек кездесетін феномен еді.

Тумай жатып тауқымет қыспағында қалған Меңдекештің көзі жеткен басты ақиқат – адам өмірдің желеуінде кетпей, дегеніне көнбей, егесіп жүріп адам болады екен. Қиқулап жүріп емес, қиқарлана жүріп шыңдалады екен. Оның өмірінің өзегі – оптимизм. Үмітке еріп, пышаққа түсіп, өлімді жеңді. Тәуекелге сеніп, еңбек етіп, бейнет кешіп жүріп, оқып, өнер қуып жетімдікті жеңді. Ел мүсіркейтін халден ел таңғалатын күйге бір-ақ самғап жетті. Өмірде де, өнерде де өжеттіктен танбады. Бірақ, өжеттікті өжеңдеген өлермендік емес, жадыраңқы жайсаңдық деп ұқты. Оңың өміріндегі қолы жеткен әрбір ісі табандылықпен келген жеңіс еді. Тірі қалуынан бастап, тірілердің есінде қаларлықтай боп, қадірін өткізе өмір кешуі – нағыз ерен ерлік еді. Сонысынан ба, соңғы жылдары бір істен соң бір іс бастап, ылғи таудай талаптың соңында жүрді. Қиырдан келіп, астаналық болды. Ешкім білмейтін қарапайым кісіден аз уақыт ішінде бүкіл әлеумет білетін танымал азаматқа айналды. Бір кезде оңаша үйдің қалтарыс бұрышындағы көне домбыраның шыңылындай емескі естіліп келе жатқан Меңдекеш жырлары кенет самала сахнасының төріндегі дәулескер күйшінің қолындағы күмбір домбыраның күйіндей тыңдаушының құлағын кесетіндей тегеурінді пәрменге ие бола бастады.

Бойындағы бұла күш оған кеудесін кергізіп: «Шаңырағы шалқақ, керегесі кең түбек, қаншама ойлар кештірдің маған сен түлеп, бабаның сенен қиямет-қайым күнде де – түсінен неге кетпегендігіне тентіреп; ойда да қырда көргеніменен мол қанау, оның да, сірә, қимайтындары болған-ау, біз соны жеңдік, ақ түйем қарны жарылды, дариға-ай бұл да кешегі күннің толғағы-ау... шалқисың бүгін – мұнайлым, мыстым, темірлім, әмәнда мынау бақыты жанған өмірлім! Қызғаныштан көзі қанталай ма екен кім білсін – мұхиттың сонау арғы бетіндегі жебірдің?! Келешек күндер сенде де, менде көп көркем, аптапты өлкем, отты өлкем сенде де, менде шексіз-ау бақыт ертең де – әр бұта, әр тас түбінде – қанатын жайып жетсе өркен! Сен шықсаң екен – заманның талаптарынан, аумастан алға маңғаздау санаттарынан, көрінсең екен көріп-ақ көкке шырқайтын – барша қиялдың қанаттарынан», – деп кербез сөйлетті.

Туған жеріне осылай тебіренген орасан шабыт тіршіліктің кез келген сәтін: «Астында мынау көк заңғар аспан-шатырдың, қызғалдақ өңдес қиырға күнді батырдым; көк орай белге көк мақпал төсеп, түн – сұлу, көңілімді тағы қылымсып қайда шақырдың?! Жап-жасыл желек жұлдыз боп жанған бақтардан, қызғыш құстардай кеудеде қасиет қақты арман; Ертегідей дүние! Сұлулармен самалдап жүрген секілді мен түгіл, тіпті патшалар түсіп тақтардан. Бәлкім, әсте – тіректі тіліп тас кеуде, сауықтап жатқан күндізгі ел ме, басқа ел ме? Сері самалға омырауын ашып бұрылып, тұр мұңлық талдар төгілтіп шашын аш белге. Бір сәуле қашса – уәдесін жұтқан сылқымдай, бір сәуле менің қойныма кірді бұлқынбай! Рахатқа мынау торғайдай көңілім тұр тоймай, ашаршылықтан кейін ашылып кеткен құлқындай! Тынымсыздықтарға кереғар келген медет бір, сарайды сырбаз санарсың-ау түнгі өмір! Ұйықтауды қойшы, ояну қымбат емес пе, тыңдаумен сені тыныштық дейтін тілде жыр?!» – дегізетін асқақ гимнге айналдырып жүре береді. Қас сұлудың төңкере қараған жанарындай неткен кербез, тайпалған жорғаның көсілте тастаған қадамдарындай неткен паң аяқ алыс еді.

Тағдырға бас иіп көрмеген қайран талант қасіреттің өзін асқан тәкәппарлықпен сөз етеді: «Тағдырдың тылсым тас емшек бауырын игізіп, аспандап барып беткейді күнге сүйгіздім; бұл күнде ізгі жақсылар төрден кетпейтін, дуадақ қонған боз төбе тектес үй біздің; түк те жоқ жатқан қысқа жіп құсап күрметпей, береке дарып, шалқиды күнде дүрмек той; базарлы мынау балабақшаны билейтін – адуын, асау бір кемпір ғана тұр жетпей; Қарашта қалған қапсағай шалдың да, ойсырап қалған киелі орыны бар мұнда; қара шаңырақты қара дауылға ұшыратпай, көтеріп киген мен сірә... қара нармын ба? О, нарлық қайда, жүдеген кезім көп менің, қаршадай шақтан арам шөп емес еккенім; соғыста кеше қанды су тасып жатқанда шырқырап кештім шырғалаң өмір өткелін; шарқ ұрып ұшқан жүрегім-шаңқан шағала; тірлікте ылғи талпындым арғы жағаға. Қиястау тартқан көшімді жөнге бастайын, кезікті-ау маған көреген, көсем аға да! Беу, аға, маған көкжиек сенсің – көсілсем, өрімталдарымды өксітпей бұла өсірсем, кіші басымды үлкейте алмай жүргенде, үлкен басыңды кішірейткенімді кешір сен!..» дейтін сыр шертеді сырбаз ақын ардақты ағасына.

Оның өмірі өлеңдерінің, ал өлеңдері өмірінің комментарийіндей. Қайсысына ден қойсаң да, май ішкендей жүрегіңе шық ете қалып бірден барлап алады. Өмірі де өлеңіндей соншалықты тебіреністі, соншалықты шынайы еді. Ақырғы айлары әлі көз алдымда. Жетім бұрыштан құтылып пәтер алды. Ол пәтер де Атыраудағы пәтеріндей шағын болғанымен, күні-түні қонақтан арылмады. Ақ сақал, қара сақалдың бәрін шақырып, дәм татырып бата алды. Сан топта сан қилы гәпті сөз етіп, сан құбылып жүретін замандастары да оның үйіне іркілместен баратын. Қиқуласқан көп мейманнан соң үстеліне отыра қап, бұрқыратып жыр жазатын. Қара сөзден де бағын сынап көру талабы бар еді. Арасында сонау Жем бойындағы бір төбенің үстінде елеусіз қалып бара жатқан ата-бабасының басын көтеріп қайтты. Сосын Алатау етегінен жер алып, саяжай тұрғызуға кірісті. Қос құлыны Ерболат пен Расулдың маңдайларынан бір сипап қойып: «мына екі тентектің көздерін көршінің бауына қызықтырып қоям ба? Өз бағымды егіп, өз миуамды үздірем», – деп қауқылдайтын. Бірақ, тағдыр ол күнге жеткізбеді.

Бір жексенбіде үйімде жазу үстелінде отыр едім. Кенет дәлізден анамның: «Ойбай, қарағым не болды?» – деген оқыс дауысы шықты. Қасыма әйелім келіп, иығымды сипады. «Әбіш, дәлізге шығып кетші», – деді. Әлдекімнің қыстығып жылаған өксігін естіп, орнымнан ұшып тұрдым. Кірген есігінің тұтқасынан айырылмай, бүктетіле еңкейіп, қыстығып жылап тұрған Рузияны көрдім. Әлдене деп ерінін қимылдатады. Дауысы қарлығып қалған. Демалыс күні салынып жатқан саяжайына асыққан Меңдекеш тайып кетіп құлаған. Бұғанасы алынған жағынан жығылып, ішегіне зақым келген. Ауруханаға жеткізіліпті. Қолдан дем алдырып, тамырына дәрі құйып жатыр екен. Меңдекештің ақ жастықтың үстіндегі ақ қағаздай жүзі әліге дейін көз алдымда.

Тайлы-таяғымыз қалмай, әрі шапқылап, бері шапқылап, араша түсер амал таба алмадық. Ол жойқын талантының тегеуріні мықтап танылып, енді-енді көзге шындап түсе бастаған шағында дүниеден озды. Талай мақсатына жете алмай кетті. Бұл сол кездегі қазақ әдебиеті қауымында Төлеген Айбергеновтің Қарақалпақстанда іссапарында жүріп қайтыс болғанындай қиын, баршаны қапы қалдырған қаза болды. Жазушылар үйіндегі марқұммен қоштасуға әдебиет пен өнер қауымы ағылып келді. Бұл – Меңдекештің аз жылдар ішінде кеңінен танымалдыққа жете алғандығының көрінісі еді. Көктөбедегі зират басына да жұрт көп жиылды. Азалы топтың алдында ақиық ақын Ғафу Қайырбеков сай-сүйегіңді сырқырататындай ақын інісін жоқтап, сөз сөйледі. Үлкен-кіші көзіне жас алып, егіліп тұрды. Сөйтсем, мезгілсіз мерт болған Меңдекештің қадір-қасиетін, қазақ оқырман қауымы қапысыз таныпты. Арамыздағы айрықша ақындық талант пен мейлінше абзал кісілікке ие арысымыз тым ерте дүние салыпты. «Кім білген асау өлең, дүлдүл өлең аударып кететінін қай күні ерден?!» – деп өзі айтқандай, бұлай болады деп, ол да ойламапты, ел де ойламапты.

Алайда, оған біткен әлдебір сәуегей түйсік бәрін алдын ала сездіріп, алдын ала аманат жаздырып кеткендей. Артында қалған қолжазбаларын ақтарып отырып: «Бетіме ызғар беттей ме, тұрғанда өрттей тұтап мен; айқасқа шықсам жетпей ме жалғыз-ақ палуан кітаппен! Күшіне көптің сынаған, көптіктен қашқам жоқ, шырақ. Өмірдің заңы қиын Заң, аз-аздап алу, көп сұрап. Одан мен сірә қорқам ба, өкінтпек нұрлы төңірек. Азырақ болып ортаңда, көңіліңде тұрсам көбірек», – деген жолдардың үстінен шықтық. Жағамызды ұстадық. Айтқаны қаз-қалпында дөп келді. Ауылдағы, астанадағы қаршадайынан бірге өскен, көзін көріп, қадірін қастерлеген достары зиратының басына гранит ескерткіш қойдық. Оны Алматыдағы панфиловшылар паркіндегі әйгілі мемориалды жасаған Виктор Андрющенконың тобы атқарды. Сонда оның бетіне әлгі өлеңнің соңғы екі жолын: «Азырақ болып ортаңда, көңіліңде тұрсам көбірек», – деп, қашап тұрып жазғыздық.

Иә, ол аз жасап, көңілден өшпес сәуле төгіп, жан-жағына нұр шашып өткен жайсаң азамат еді.

Өзі де арманда кетті. Біз де арманда қалдық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: әбіш кекілбаев, меңдекеш сатыбалдиев
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар