Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуаныш Жиенбай. Қақпақыл

03.05.2017 1385

Қуаныш Жиенбай. Қақпақыл

әңгіме

Селк ете қалды. Өзі телефон қоңырауын сарсыла күтіп отырып, ойда-жоқта жүрегінің дір ете түскеніне іштей таңданыс білдірді де қойды. Сірә, қуанған мен қорыққан бірдей-ау! Ой-хой, қызмет бабымен сыртқа кеткеннің жөні осы екен деп, барар жерлеріне аман-есен жетіп алған соң, ың-шыңсыз жатып алғандарына жол болсын! Ақылға сыя ма бұлары? Оның үстіне Мағрипаның толып жатқан ұл-қызы болса, дәп солар үшін өстіп уәйім жеп несі бар! Италиясына ма, одан әрі кете ме, о жағын өздері шешсін де аман-есен жүре берсін деп, үйреншікті тіршілігімен алаңсыз айналыса бермес пе. Бар-жоғы екі түйір, сол кездегі солақай саясат ­– бір ұл, бір қыз. Әр баланың несібесі өзімен, әрбірі дүниеге келген сайын бір түп жусан артық өседі деп туа бермегеніне енді өкінеді. Бұл өкініштің кейінгі кездері тіпті ұлттық трагедияға айналғанын жан дүниесімен толықтай сезінсе де, бұл тақырыпты тереңірек қозғағысы келмейді. Себебі, оған айыпкерді алыстан іздеудің қажеті жоқ-ты... Жә-жә, о дәурен өтті-кетті. Енді көзге көрінгенінің берекесін берсін.

Шетелге көшкен қызы үйлі-баранды, күйеуі әжептәуір беделді кісі. Оған несіне ренжиді, жұмыс ыңғайымен шапқылап, не оған, не бұған уақыт жеткізе алмай, діңкелеп жүрген адамды кінәлағаннан не өнеді. Оу, мұнда жүргенде қызының ақыл-есі бүтін еді ғой, екеуі ыңғайын тауып құрдастарша сырласатын еді ғой. Ара-тұра, әрине, сөз орайы келгенде шешесінің үстіне шық жұқтырмай бағып-қағып, үкілеп, бар жақсыны үйіп-төгіп осының аузына тосса да жалғыз ағасының әйелін де сын тезіне салып, бір түйреп өтуші еді ғой. Құдай ұрып, қызының ыңғайына жығылғандықтың әсері ме, әлде қапелімде уәж таба алмаған шалағайлығынан ба, қалай дегенде де сол сәтте: «әй, қалқам, мұның қиянат, бір келін – менің келінімдей-ақ болсын», деп бетін бірден қайтарып тастамағандығына кәдімгідей іші ашиды. Жүрегі шаншып, үсті-үстіне сұққылайды. Жүрегі әлсіз, қан айналысы нашар, екі-үш тамырға жасанды түтікше қойғызған. Дәрігерлер ананы-мынаны ойлап, жүйкеге жүк түсірмеңіз деп, екі күннің бірінде зар илейді. Үйге келіп қан қысымын өлшейді, дәрі егеді. Бірақ жанға батып бара жатқан ауру болмаған соң, дымнан-дымсыз қайтіп қарап отырады. Арғы жақтан хабар келсе, бұл кімнің шікарасы, ал туралап айтқанда Ақеділден әулие ме, ажалға қарсы тұратын амалы болса, Ақеділді алып қалмай ма. Бала-шағаның алдында осы бүгін алып кетсе де зәредей қиналмайды. Шалының жанынан топырақ бұйырса, соның өзі әжептәуір олжа. Бірақ бұл ойын тісінен шығармайды. Әлгідей айтыла-айтыла әбден ақжем болған қазақы гөй-гөйдің ұштығын сездірсе, ержетіп қалған немерелері әжелерінен ертең айырылып қалатындай-ақ, тұс-тұстан қаумалап ортаға алады. Ортаға алғанда да Мағрипаны қайтадан партаға отырғызғандай өмір жайлы, тіршілік жайлы өздерінің осы заманға лайықталған түсініктерін тықпалап, соның негізінде әжесінен де қатаң түрде «емтихан» қабылдайды. Мәселен, Мағрипа жиырма бірінші ғасырдың таңдай қақтырарлық кереметтеріне куәгер – ақылды әйел. Тісі түсіп, таяққа сүйеніп, аяқ-жолын әзер тауып жүрген кәрі кемпірге ұқсамайды. Ойлау қабілеті, дүниетанымы, жақсы-жаманды ажырата білуі кісі жаңылдырады. Жұмыстан да шетқақпай қалған емес, елмен араласады, жұрттың пікірін тыңдауға және өз пікірін де жып-жинақы етіп жеткізуге аса қабілетті. Міне, өстіп сап-сау жүрген адамның қайдағы бір өлім туралы қайғылануы ақылға сия ма. Әгәрәкім, бір тоға, бір ырғақты тірлік жалықтырса, таза ауа жұтып, орман-тоғай арасына барып серуендегісі келсе, шипажайдың кез келгеніне жолдама дайын. Бәрі дайын, тек өлім жайлы ескі ұғымды кішкентайлардың есіне қайта түсірмесе жарады.

Дұрыс, дұрыс-ақ, бірақ ұры ойдың қай жағынан жылтың етіп шыға келетіндігіне таңы бар. Шетел асқан қызының жай-жапсарын өз аузынан естімейінше қайтіп алаңсыз жүре алады. Оның бер жағында Италияның бір қаласында жер сілкінді деген суыт хабарды да мына саңырау болғыр құлағы анық естіген. Ал керек болса!.. Теледидар экраны үйінді астында қалғандарын да, кеуделерінде жаны барларын да, итпен іздеп тауып, жер бетіне шығарып жатқанын көрсетпесе екен, көрсетті ғой. Содан бері шетел хабарларын қалт жібермейді. Ана жолы бір сөйлескенде әлгі бар болғыр қызы жеңіл мәшиненің рөліне өзі отыра салып, балаларын жанына алып, күллі Еуропаңызды армансыз аралап шығуға бел будық дегенді де бір нәрсені қиратып тастағандай, ұртын томпайтып айтып салған. Араласын, аралай берсін, оған кімнің қарсылығы бар, тек соның арасында шешеміздің жүрегін ауыртпайық, аманшылығымызды білдіріп қоялық деп, қалта телефонның бес-алты тетігін басып жіберуге болады ғой!

Үзіліп қалған қоңырау біраздан соң қайта жалғанды: – Ал-ло, Италия, Италия ма?!.. Әй, қызым сендер осы, заказ бергеніме тура бір сағат... Мұндай қызметтеріңмен елдің көңілін қайтіп таппақсыңдар?! Бір үзіп, бір жалғап...

–Апай, Мағрипа апай?! – Мынадай жағымды дауысты естігенде «мені о жақта да танитындар бар ма?» деп кәдімгідей таңданыс білдірді. – Бұл Италия емес...

–Енді қай жақ?

–Өзіміз ғой, өзіміз...

–Өзіміз болғанда, мен Италиядағы қызыммен біраздан бері сөйлесе алмай жүргем...

–Сіз шынымен Мағрипа апайсыз ба? Дауысыңыз бір түрлі...

–Қобалжығандық шығар.

–Бұл – театрдан...

–Қайдан?!

–Республикалық драма театрдан

–Ал?

–Театрдың кадр бөлімінен.

–Немене, театрдың едені дұрыс жуылмады, сахнаның қоқысы шығарылмады деп біреулер арыз түсіргеннен сау ма?

–Жо-ға!..

–Жо-ға болса, таң азаннан қоңыраулататындай не бүлініп қалды?! Өлмесем түстен кейін барам ғой театрға.

–Келіңіз. Біз болған жайды алдын ала ескертейік деп.

–Ол не жағдай?

–Жағдай болғанда... сіз жасыңыз келген көзі ашық адамсыз... бәрін түсінесіз, қазір бюджеттің әрбір тиынын үнемдеу мәселесі біз түгілі үкімет алдына да қатаң қойылып жатыр...

–Иә, содан?

–Содан сол, жаңа талапқа сай, театрдың біраз қызметкерлері қысқарады.

–Соның ішінде сіз де кеттіңіз десеңші!

–Әне, бәрін түсініп тұрсыз... Өзгелермен салыстырғанда сіздің жағдайыңыз ханға сәлем бере ме?! Ұлыңыз – бизнесмен, келініңіз...

–Олардың қатысы қанша бұл араға?!

–Жо-жоқ, жәй, әншейін әңгіме ғой біздікі. Амалымыз қанша, бір-екі жас актерді де қысқартуға іліктірдік. Олардың екі-үштен кішкентайлары бар, әрі өздері жатақханада тұрады. Олармен салыстырғанда...

–Сонда немене театрға еден жуушы керек болмай қалды ма? Әлде едендеріңді робот жуып бере ме? Бұл жағдайдан директор хабардар ма?

–Әрине, әрине, Мейірхан Жолшараевичтің тапсырмасы ғой біздің сізге хабарлап тұрғанымыз...

Мағрипа телефон тұтқасын тастай салды.

* * *

Үйреніскен дағды: театрға түс ауа барады. Оған дейін асықпай-аптықпай шай-суын баптап ішеді. Сабақтан келген немерелерін тамақтандырады. Сосын, сосын сол, өзінің де құдай сүйер қылғы жоқ, басқа біреу болғанда кетсінші әрі деп қолын бір сілтер еді. Ал Мағрипаның анадағы бір білместігі үшін келіні Меңсұлудың алдында кінәлі кісідей бүгежектеп жүрген жүрісі мынау. Сондағысы бас жарылып, көз шығатындай төтенше жағдай болса жөн ғой. Сөз деген жарықтық айтылады, айтылған жерінде елеусіз қала бермей ме. Мағрипаның әлсіздігінің өзі сонда, көңілі қаламаған сөзді көпке дейін ұмыта алмайды. Бәлкім, жүрегінің жиі ауыратындығы да содан шығар. Туған қызының ығына жығылып, келіні туралы бұрқ ете қалған ғайбат сөздің бетін қайтарып тастай алмады ана жолы. Мұнан қалай ақталудың жолын және түсінбейді.

–Меңсұлумысың?– Қалта телефон деген бір рақат.

–Иә, аманшылық па?

–Аманшылық, балалардың тамағын бердім...

–Рақмет!

–Тоқтай тұр, есеп бергелі жатқаным жоқ. Осы сендерді театрға желкелеп апаруым керек пе?! Жұрт кейде аяқтарынан сарсылып, билет таппай сүрнігеді. Өзім ішінде жүрген соң алдыңғы орыннан алам ғой қалауымша. Қалай дайынбысыңдар, алдағы сенбіде қолдарың босай ма?! Жақсы спектакль.

–Баязимен ақылдасайын алдымен. Алаңдамай жұмысыңызға бара беріңіз.

Мағрипа мырс етіп миығынан күлді. Аздап өтірік айтты. Театрға билет таппай сарсылып жүргендер сирек. Бір жағынан келініне қызметін бұлдаған түрі. Ал театрға шақырғаны үшін алған жауабы әлгі. «Баязимен ақылдасайыны» оның орындалмайтын шаруа екендігін аңғартқаны. Мейлі, өздеріне ыңғайлы екен, сөйтіп жүре берсін секектеп. Қонаққа барудан жалықпайтын, ырду-дырдудан мезі болмайтын бұ неткен жүйкелері мықты халық? Өздерін аяса нетті бір жолға. Театрдың адам жанына рухани байлық сыйлайтындығын дап-дардай кісілерге ежіктеп жатуы қалай және бір-бір мекеменің дыңдай басшыларына.

Үйден шыққан соң кәдімгідей көңілі көтерілді. Театрға шақыруын шақырды, ендігісін өздері білсін. Енді Меңсұлудың алдында да жүзі жарқын. Аялдамадан театрға тура апаратын автобусқа отырды. Салондағы бейтаныс жолаушылармен бас изесіп амандасты. Үнемі осылай, жұрттың бәрі келіні мен ұлы секілді сенбі сайын алаөкпе боп, той-томалаққа шапқылай бермейтін шығар. Сондықтан театрдың болашақ көрермендерімен бірге келе жатырмын деп сезінеді. Жан-жағына жалтақ-жалқақ қарайды, үлкен театрда табан аудармай жарты ғасырға жуық қызмет атқарған Мағрипаны да танитындар аз болмас. Мейлі, еден жусын, сахна тазаласын – бәрібір театрмен тағдыр байласқан пендеңізді осал дей көрмеңіз! Мына кісілердің ішінен Мағрипамен сұқбаттасатын біреулер табылса, мұның да айызы қанып, театр төңірегінен біраз-біраз шежіре шертер еді-ау! Ой, несін айтасыз, түсінген адамға Мағрипа театрдың еден жуушысы ғана ма екен?.. Ал еден жуса несі айып, театрдың тақтай сахнасын шаң-тозаңнан тазартса несі айып?! Туған театрдың күллі тарихын жатқа соғатындар да сирексіді ғой бүгінде. Табылса ілеуде біреу. Әзекеңді көрді, Әзірбайжан Мәмбетовтың театрдағы жүріс-тұрысын сірә, кісі ұмыта алар ма. Ыдырыс Ноғайбаевтың күндей күркірегін дауысын естігендер де, естімегендер де арманда. Жантөриннің түксиген жау қабағының өзі бір театрыңа татитын жарықтық! Молдабеков, Шәрипова, Боранбаев... кеше ғана күліп-ойнап, өзіне жарасатын әзіл-қалжыңымен күллі жұртты төңірегіне топырлатып жинап жүретін Әшекең, Әшірбек Сығаев туралы тірі естелікті Мағрипадан басқа айтып беретін кімің бар?! Неге үндемейсіңдер, а?! Мағрипаның көкірегіндегі сыр-сандықты ақы-пұлсыз неге ақтарып алмайсыңдар өз пайдаларыңа?! Оны Мағрипаның да ана дүниеге өзімен бірге әкеткісі жоқ. Тастап кеткісі-ақ келеді осы орталарыңа! Ал оған қызығушылық танытатын, әбжілдік танытатын мына түрлеріңнен қарадай-қарап адам шошиды. Ылғи осы, қара жердің қыртысын аударып, діңкелеп келе жатқандай қалғып-мүлгуден басқа білетінерің бар ма? Осы қалғып-мүлгумен қайтіп мұратқа жетпексіңдер?! Мағрипа да өстіп үй мен театрдың арасын жол қылып жүре береді деймісіңдер?! Әй, қайдам, өлшеулі ғұмырдың көбі кетіп азы қалды. Әне, естідіңдер ме, театрда қысқарту... Ол тізімге өзінің алдымен ілігетін түрі бар.

–Бастық өзінде ме?– деді театр табалдырығынан аттаған бойда сәлем-сауқатсыз вахтер шалдың сүреңсіз өңіне тіксіне қарап.

–Жоқ, әзірге келе қойған жоқ, жұмыс аяғына таман бір шаң беріп қалар.

Мағрипа қысқартудың мән-жайын директордың өз аузынан естімекші-тін.

* * *

Театрға түс ауа келуінде де бір гәп бар. Еден жуу деген қолға жұғатын жұмыс па, тәйірі! Фоенің алды, үш-төрт бөлме, екінші-үшінші қабатқа көтерілетін баспалтақ. Алдымен сахнаның шаңын сүреді, сулы шүберекпен қайта жуады. Бар-жоғы бірер сағаттық шаруа-дағы түбің түскір. Есті кісі міндетінен құтылған соң, күн батпай үйіме жетіп алайын деп асығар еді. Еден жуушыға қарап қалған не бар. Көркемдік кеңеске мүше емес, есеп-қисаптың иісі мұрынға бармайды. Кәсіподақтың іш пыстыратын жиналысына қатысуға құлқы шамалы. Оның бер жағында Мағрипаны қажетсініп, жер-көктен іздеп жататындар сирек. Жазатайым басының сақинасы ұстап сырқаттанып қалса да, бары мен жоғы білінбейді. Сахнаны жалаңбұт балалардың зікір салатын жын-ойнағы деймісіз. Бірнеше күн жуылмаса да, едені айнадай жалтырап жата береді. Ол жағын бес саусақтай біле тұра, өзі жоқта театр басқа жаққа көшіп кететіндей мазасызданатындығын қайтерсің. Жүдә, күлкің келеді. Күлкің келетіні сол, ақыры төзімі таусызған Мағрипа тұмау-сүзекті қайдан жұқтырғандығына ренжіп, бұл тегі жас келіп қалғандықтың әсері ғой дегенді ауызға алмастан, күні ертең-ақ жүгіріп кететіндігіне сендіріп, «жолыңда кетейін, құлдығым, қойылымнан кейін сахнаны бір сүртіп ала қойшы» деп буфетші келіншекке өлердегі сөзін шығындап, жалынып-жалпайып жатқаны. Буфетші Мағрипаның өтінішін орындай ма, орындамай ма, үлкен кісі хабарласқан соң таңдамау тағы ыңғайсыз, «мақұл» дей салады ауыз ұшымен. «Ойбай-ау, сахнаның аты – сахна ғой, айдың-күннің аманында сахнаны кірлету күнә ғой, оның киесі бар ғой», деп өзімен өзі тоқтаусыз сөйлеп жатқаны Мағрипаның.

Әрине, буфетші келіншекке де бұл таптырмайтын тақырып: «тып-тыныш отырмай ма немерелерінің ортасында. Ауыз жарымайтын айлық үшін сонша жерден сандалып. Бастық қарсы болмаса ол кісінің жұмысын өзім-ақ қоса атқара салар ем. Артық ақша қалта тесе ме. Балалардың киім-кешегін жағаласа да...» Бірақ осылай да осылай деп, жоғары жаққа құлаққағыс жасауға ешкімнің батылы бармайды. Себебі, Мағрипаның бизнесмен ұлы ара-тұра бірер қойылымның қаражатын мойнымен көтереді-міс; гастролдік сапарларға да қол ұшын береді-міс... Сонымен ол үміттің соңына бақандай леп белгісі қойылған.

Мағрипаның күн сайынғы тіршілігі осы. Сахнаны мұқият тазалаған соң бөлмелердің есік-терезелерін жуып шығады. Ол міндетіне жатпаса да өзі барып ұрынады. Соның арасында қайта-қайта сағатына үңіледі. Сахнаның мәуіті шымылдығы оқыс дір ете түссе, Мағрипаның жүрегі алқынып, қуаныштан айқайлап жіберуге шақ қалады. Яғни, қазір кезекті спектакльге дайындық басталады. Бұл – бір таңғажайып құбылыс! Рөліне шын ниетімен кірісе алмаған жас актриса режиссерден сөгіс естиді. Кейде ол сөгістің соңы «қалқам, өзіңді де, өзгені де қинама. Базарға барып сауда жасайсың ба, түнгі бардың көрігін қыздырасың ба, жолың ашық, әйтеуір, сахнадан аулақ жүрші» дейтін өктем райдағы жаңғырықтарға жалғасады. Жаңадан оқу бітіріп келген тәжірибесіз пақыр әлгідей қатқыл дауыстан кейін көз жасына ерік бермегенде қайтеді. Сахна сыртына шығып, солқылдап жылайды. Ал сахна жарықтық атамзаманғы дәстүрлі жолынан адаспайды: ақ пен қараның, зұлымдық пен жақсылықтың, махаббат пен ғадауаттың, кісілік пен кісәпірліктің мәңгілік шайқасы тоқтаусыз жүріп жатады. Кенет сахнаның жарығы сығырайып өшеді де, бас кейіпкердің жүрегіңді суырып алардай күңіренген мұңлы монологі басталады. Аяқ астынан не күйге түскендігін Мағрипаның өзі де аңғармайды. Еріксізден-еріксіз «құдірет, құдірет!» деген сөздерді сан мәрте ішінен күбірлейді. Театр актерлерінің шама-шарқы бес саусақтай белгілі. Көпшілігі ысылған, қамшы салдырмайды. Өзіне бекітілген рөлді өлсе де, тірілсе де ойдағыдай ойнап шығады. Тіпті кейбір эпизодтарды түпнұсқаға бағынбай, өздерінше төтеннен сомдайды, тыңнан жол тауып кетеді. Режиссер үнсіз, шеберлікті мойындаудың өзі ерлік. Енді бірде о батырың арқасын жарға тірегендей, а-ха-ха-лап күледі, жоғы түгелденгендей мерейленеді: «Оу, жолың болғыр, әлгі жас акриса қайда жоғалып кеткен, есі дұрыс па өзінің?!»

«А...а, енді есіңе түсті ме?» Мағрипа жеңілтек мінезге ұрынбай, өз-өзін тежеп ұстайды. Көз алдынан сан түрлі көріністер тізбектеліп өтеді. Әйтпесе, әлгі бар болғырды жылы сөзбен жұбату неге тұрады. Бұған дейін де талайлардың маңдайынан сипаған, талайларды қисық жолдан театр сахнасына қайта оралтқан. Ұрыспайды, жекірмейді, өмір бойғы театр табалдырығымен біте қайнасқан тәжірибе, әлде сахнадағы қойылымның күллі болмыс-бітімін анық аңғаратын көреген көкірек жастарды қақпайлауға молынан жететін. Осы күнгі әртістердің біразы Мағрипаны сол үшін сыйлайды, еден жуушының алдында тікелерінен тік тұрады. Жағдайы жоқтарына үйінен қарызға ақша әкеп береді. Таныс-білістеріне сауын айтып, біреулерді солардың үйлеріне орналастырады. Махаббат сезіміне бөленіп үйленеміз, шаңырақ құрамыз дейтіндер табылса екі араға тағы да Мағрипаның шапқылап жүргені. Себебі, директорға тікелей кіріп жағдай айта алады, жас отау иелеріне материалдық көмек көрсетуге де қол ұшын бере алады.

Ал әлгі жас актрисаны жанына жетіп бармағаны, режиссердің қатаң талабына қазірден бой үйретсін дегені. Бұл – бұл ма, ұрыс-керістің көкесі әлі алда. Бар болғаны еден жуушы екендігіне қарамай, Мағрипа сахнаны таудан құлаған арналы өзенге теңейді. Өзен бір ырғақпен ағып жатқан секілді болғанымен, оның тау-тасыңды шыдатпайтын айқай-сүрен сарыны күн сайын өзгереді. Күн сайын өзгешелеу бір қаңғыр-гүңгір естіледі. Яғни, сахнада қатып қалған заңдылық жоқ, соған орай актерлер де күн сайын шеберліктерін өзгертіп тұруға міндетті. Сахнаға шыққан пенде күн сайын шәкірт, күн сайын жаңа сабақ үйренетін балаң шәкірт. Сондықтан оның алғашқы сынақтан сүрінуі де, режиссердің жер-жебіріне жетіп, әбден сілкілеп алуы да орынды. Еш оғаштығы жоқ. Әйтсе де...

–Сәл аялдашы,– деді дайындықтан соң сахнадан талтаңдап түсіп бара жатқан сақалды режиссерді жолай тоқтатып, – Сен, қалқам, сен немене, а, Асқар Тоқпановтан әулемісің?!

–Не, не дейсіз апатай, – режиссердің от ойнаған көздері үсті-үстіне жыпылықтайды,– аруағыңнан айналайын Асекеңнің не қатысы бар бұл араға?! Біз де Асекеңе шәкірт болғанбыз бір кезде...

–Болсаң болған шығарсың, бірақ ұлық тәжірибені бойға молынан сіңіре алмапсың.

–Қалай, қалайша?

–Арғы жағын өзің түсін, мен айтарымды айттым, – Мағрипа залдағы орындықтардың бірінен-біріне көшеді. Спектакльге дайындық түннің бір уағына дейін жалғаса береді.

* * *

«Сірә, біз отыратын орын тұс осы болар» деп шеткері біреуіне келеді де жүрегі алып-ұшып, жайлап келіп жайғасқандығын біледі. Одан кейінгі сыртқы дүние кілт үзіліп түседі. Түн. Бәлкім, далада ақ жауын төпелеп тұрған болар... Сол қимас суреттердің міне, осындайда ... зәулім залда жападан-жалғыз отырғанда ғайыптан тіріліп кететіндігіне қайран, жалған дүниенің кір-қоқысын ұмытып, ақ мамықтай үлбіреген кіршіксіз әлемнің ып-ыстық қойнына қойып кетіндігіне қайран. Мұнан кейін Мағрипаның қандай күйге түсетіндігін айтпаңыз! Ал сахнадағылар еден жуушының бұл тірлігін елеп жатса, кәні! Ертеңгі мың-миллион көздің тұтқынынан қалай құтылудың амалын ойлаған актерлердің ақ тер-көк терге түспесіне де лажы жоқ.

Мағрипаның әлі күнге дейін тыртыңдап театр еденін жуып жүргені, егер кішкене қолы босаса мына синтетикалық кілемнің иісін сағынғандай осы маңнан төбе көрсеткісі кеп тұратыны, тұрғыластары дастарқанға шақырса: «сендердің не айтатындарың белгілі ғой, өсек гулеткеннен басқа не білесіңдер, өсек тыңдағанша театрдың есек-терезесін жуғаным мың артық» деп әрнені сылтауратып, ондай ортаға жоламай қоятыны... өстіп-өстіп барлық құпия-сыры ашыла түседі біртіндеп. Дәл осы орындықта... бір кездегі сұлу бойжеткен – Мағрипа, кербез келіншек – Мағрипа, міне, бүгіндері құрметті демалысқа шыққан кемпір – Мағрипа отыр міз бақпай. Сүйікті жары, құдай қосқан қосағы Ақеділ осы театрдың ортаң қолдай актері болатын. Талай-талай тылсым рөлдерді дүниеге әкелді. Мемлекеттік наградаларға, ордендерге кеуде толтырмаса да, театр сахнасындағы қажырлы еңбегінің арқасында осы қаланың кәрі-жасы құрмет тұтатын қадірменді ақсақалына айналды. Дүкенге бара қалса, жұрт бір бұрышқа ысырылып, Ақеділ мен Мағрипаға жол ұсынатын, кезектің алдымен жіберетін. Жә, мұның бәрі түсінікті ғой, шынтуайтына келгенде Мағрипа үшін театрдағы тірлікке тең келетін ешнәрсе жоқ. Оны театрмен табыстырған да иманды болғыр Ақеділ еді. Екеуінің қыз-жігіт боп қол ұстасып, гүлзар бақта серуендегендері саусақпен санарлық. Одан гөрі театрдың аурасы жұмақтан артық-тын. Кеш батысымен Ақеділ сахнадағы кезекті дайындығына кіріседі. Кейде көңілді, кейде ренішті сәттер... Көрермен залындағы жалғыз сыншы да, әділқазы да Мағрипа. Жанын шүберекке түйіп, әсіресе, сүйіктісінің алдында бар өнерін паш етуге тырысқан Ақеділ шүмектеп аққан самай терін сүртіп, сахнадан түседі бір кезде.

–Қалай?

–Керемет!

–Өтірік.

–Шыным.

–Әлден жалған сөйлеуге үйренбе.

–Енді маған не дейсің, мен сахнаның майын ішкен маман сыншысы емеспін ғой?!

–Болмасаң да ұқсап бақ. Маған мақтау сөздің көк тиынға қажеті жоқ.

–Егер сен ойнаған рөл маған керемет ұнаса...

–Әне, тағы да өтірікке көштің.

–Егер сенбесең, келмей-ақ қояйын театрға.

–Бұл – жауапкершіліктен жалтару, өмірдегі менің пірім сен ғана.

–Артық... әне, сен де өтірікке көштің.

–Бойымдағы бар кемшілікті бетке айтатын жалғыз тілекшім де – сен ғана.

Сөйтіп, Жалғасбаевтардың отбасылық «көркемдік кеңесі» үйге барған соң да, түннің бір уағына дейін аяқтала қоймайтын. Солай жалғасқан өмір ғой бұл! Үйлі-баранды болғанымен, екеуі де күндіз-түні театрда. Мағрипа орта мектептің әдебиет пәнінің мұғалімі еді. Ақеділдің қалауымен театрға біржола ауысты. Еден жуушының айлығы да өлтірмес, ер-азаматының амандығын айтыңыз. Ақеділ мұнан бес-алты жыл бұрын денсаулығы сыр беріп, кенеттен қайтыс болған. Әрине, содан кейін Мағрипа театрмен түпкілікті қоштасса да болар еді. Театрға кіндігі байланып қалатындай не бар. Қызметін қимай жүр-ау деуге және аузың бармайды. Қисынсыз.

Келіні мен ұлының да соңғы кездері күбір-күбірі көбейген. Шешелерінің жасындағыларға қарасаң көңіл тояттайды, қашан көрсең де немерелерінің ортасында. Жаздай шипажайға барады, ағайын-туғанды аралайды. Жаулығы қақырайып той-томалақтың төрінде отырады. Одан қалды бес уақыт намазын қаза жібермейді. Оу...у, оның беті аулақ. Десе де... Кім біледі, жасы келген үлкен кісінің ақыл-есі сәл ауытқығаннан аман ба?..

* * *

Театр директоры қызмет орнына кештетіп келген бойда қабылдау бөлмесіндегі жас қызды дауыстап шақырды.

–Иә, не жаңалық, мен іздеп жатқандар бар ма?

–Мағрипа, Мағрипа апайдан басқа...

–Ол кісі осында ма, жұмыс уақыты әлдеқашан аяқталған жоқ па?

–Білмедім...

–Біл. Сосын мынаны есіңе сақта, мен жоқпын. Ол кісі қайта айналып соғар болса, министрлікке ме, әкімдікке ме, әйтеуір, шұғыл жиналысқа шақырып кетті дегейсің. Түсіндің бе?... Түсінсең бопты.

Емен есік тарс етіп қайта жабылды. Жабылғаны бар болсын, ешнәрсеге қолы бармады. Тұла бойын әлдебір әлсіздік биледі. Актер Ақеділ мен қарапайым ғана еден жуушы Мағрипаның жарқын бейнелерін жарты минут естен шығара алсашы! Креслоның арқалығына шалқайып, бар жоғы он-он бес минут көз шырымын алса онды болар еді-ау, түкке татымайтын тосын ойлардан құтылып миы да тынығар еді-ау! Бұл не деген сүргін, бұл не деген алаөкпе жүгіріс?! Таусылатын, саябырситын түрі байқалмайды. Бірін бітірсең, ертең екіншісінің құлағы қылтияды, одан арғы күні үшіншісі... Жә, бұл кімдерден қалмаған ит тірлік?! Бір амалы табылар! Ең сорақысы, осы театрдың отымен кіріп, күлімен шыққан; талай басшымен де «ищі-ай» деспей істес болған, театрға ол кісіні не құдіреттің байлап қойғаны белгісіз және оның құпиясын ашуға да асықпайтын, ал күллі шығармашылық ұжым «театр Терезасы» деп алдын кесіп өтпейтін қадірменді кісіге көріне алмай, бір шұқым боп бүрісіп отырған түрі мынау. Театр төңірегі арыз-шағымнан қашан арылған. Ана жылы нақақтан күйіп бара жатқан тұста Ақеділ мен осы Мағрипа апайы жан-жаққа шапқылап жүріп, әділдікті қалқан тұтқан адамдардың көмегі арқасында мұны да кір-қоқыстан суырып алған. О жақсылықты өлгенде ұмытар! Оның үстіне осы театрдың жас-кәрісі Мағрипа апайсыз өздерінің болашағын да, театр келешегін де көз алдарына елестете алмайтын секілді. Ол кісі жүрген жерде береке, мейлі еден жуса да ол кісі барда барлық қиын түйіндер өз-өзінен шешім тауып, істен шыққан мотор қайта от алғандай, есіктен төрге дейінгі театрдағы ахуал жайнап, жасарып сала береді.

Міне, сол кісінің алдында белшеден күнәға батты, өтірік айтты, алдады. Ұялмай-қызармай жалғандыққа барды. Мағрипа апайының айтқаны жүріп тұрған ұлының алдында бұл сорлының да өз ауысы анық естіле қоймады. Басын төмен тұқыртты. Екі оттың ортасында шыбын жаны шырқырады. Оның дегені орындалмаса театрмен ат құйрығын үзіседі, демеушілік, бар билетті түп орнымен сатып әкету... түске кіреді содан соң. Ал былай қарасаң, қойған талабы да адам өлетіндей аса ауыр емес-ті және бәрі дөңгеленіп, жүйе-жүйесін тауып тұр. Пенсия жасындағы кісіні қысқартуға іліктірсе несі айып?! Оның үстіне келер айдың басында ұлы анасын Италиядағы қызына аттандырмақшы. Билеті, визасы дайын. Әлемді таңғалдырған театр өнерінің Мекке-Мединасы Италияда. Шешесінің театрсыз күні жоқ екен, ендеше шетел театрларын да армансыз тамашасын. Түсінікті. Титімдей оғаштығы жоқ. Ол кісі Италиядан келгенше мұндағы театр да басқа жаққа көшіп кетпес...

«Аман-есен барып келіңіз, Мағрипа апа! Сіз ешқашан театрдағы қызметкерлер тізімінен қысқармайсыз. Әрдайым бізбен біргесіз. Өмір әлі алда ғой. Келген бойда жұмысыма кірісемін десеңіз, орыныңыз дайын!..» Осы сөздерді жүдемелетіп айтқан бойда, үлкен қызметке орналастырғалы жатқандай өзі де еріксіз күліп жіберді.

* * *

Екі ел арасындағы ұзақ ұшу сапары шаршатты ма, ауа райының құбылмалы өзгерісіне шыдай алмады ма, әлде дімкәс жүрегі сыр берді ме, Мағрипа апай Италия әуежайына табан тіреген бойда жергілікті дәрігерлердің шұғыл көмегін де қажетсінбестен қызымен, жиен немерелерімен жылы жүзді амандасып, бәріне ризашылық пейіл танытқандай кірпігін ақырығы рет бір қағып, ана дүниеге аттанып кете барыпты.

Медициналық сараптамадан соң мәйіт туған жерге қайта оралды. Мағрипа апайды соңғы сапарға аттандыру рәсімі өзі ұзақ жыл жұмыс істеген театрдың кіші залында өтті. Қарақұрым халық жиналды.

Ертеңінде еден жуушыны сонша әспеттеп, театр қабырғасынан шығарғаны үшін театр директорын қызметінен алу жөніндегі төтенше бұйрық министрдің алдында жатты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар