Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Абыл Кекілбаев. Атам мен әжем

05.07.2020 1700

Абыл Кекілбаев. Атам мен әжем

«Ұлы әжем Айсәуленің соңғы баққан шөбересі менмін. Сол себепті де біз әжемді кейде апа, кейде Клара деп баттитып айта береміз, - дейді Абыл, - Апамның атамнан басқа шаруасы жоқ еді. Бала-шағаны Айсәуле әжеміз бақты. Осы күнде кейде апама қалжыңдаймыз, бұрын бізді ысырып қойып, атамның ғана жағдайын күйттеуші едің. Ол кезде түсінер едік. Енді неге бізді ойламайсың деп».

Бұл естелікті ана бір жылы Әбіш аға Кекілбаевтің тұңғыш немересі Абыл Кекілбаевтің аузынан жазып алған едік. Әжесіне қолғабыс қылып, Әбіштей атасының артында қалған мол мұрасы бүгінгі оқырманға, кейінгі ұрпаққа шашаусыз жету жағдайын реттестіріп шақпылап жүргенін айтқан. Ел алдындағы абыз Әбіш емес, үйдегі қарапайым ата Әбіш туралы, әжесі Клара Жұмабайқызы жайлы да біршама естелікті әм есті әңгіменің тиегін ағытқан-ды. (Мақаланың толық нұсқасы мына жерде).

Әбіш аға мен Клара апай бір класта оқыған... Бұ кісілер – бала махаббаты өмірлік сүйіспеншілікке ұласқан жандар. Клара апай Ақтөбедегі медицина институтын таңдайды. Әбіш ағамыз болса-болмаса Алматыда. Екі араны ғашықтар хаты жалғап тұрды. Сондай бір хат қанаты талғанша ұшып, Алатаудың баурайына асығып, шұғыл жетсе керек. Хат иесі оқуының аяқталғанын, комсомолдың жолдамасымен Балқашқа жүргелі отырғанын айта келіп: «Сен енді не етпексің?» - деп түйіндейді ғой. Әбіш аға салып-ұрып ұстазы Зейнолла Қабдоловтың алдына барады: «Маған Ақтөбеге баруға бір билет, қайтуға – екі билет керек», - деп. Қабдолов аға-дос Әбдіжәміл Нұрпейісовпен жалғасады. Сөйтіп ағалардың қамқорлығымен шұғыл «Балқаш операциясының» алдын ораған Әбіш аға мен Клара апай Ақтөбеде некелесіп, Алматыға ерлі-зайыпты Кекілбаевтар болып оралады. Сөйтіп... шәй деспей 51 жыл 8 ай бірге ғұмыр кешіпті. Ұл сүйді, қыз өсірді, немере мен шөберенің де жұпар исіне мейірлері қандырды.

Әбіш ағаның көзі кеткенмен, сөзі алашымен бірге жасарын ұққан Клара Жұмабайқызы бірден қара шалдың шырақшысына айналған-ды. Сондағы қыруар іске дәлел болған талай шаруаның бір ғана мысалын міне бір мысалдан-ақ аңғарарсыз-ау.

Сөйткен Клара апайымыздың да тынысы тоқтапты. Тірісінде Әбіштей жақсыға адал серік, дос-шарға жұғымды бәйбіше, ұл-қызға мейірімді ана, немере мен шөбереге әз әже бола алған Клара Жұмабайқызының рухы пейіште шалқысын. Артында қалған бала-шағасына, туыс-туғандарына қайғырып көңіл айтамыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар