Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ай болмаса тұнжырайды түн неге?!

16.01.2020 525

Ай болмаса тұнжырайды түн неге?!

МАХАББАТ САЗДАРЫ...

О, раушан гүлі!
Сенен көктемгі түн мен
алғашқы махаббаттың хош иісіндей аңқиды өмір.
Алғашқы көз жасым сағағыңа
тамғанын,
Ұмытпа.
Маңдайымнан еркелетіп атар таң
сүйгенін,
Сонда ақ раушанға айналғанын
арманым,
Ұмытпа.
Аспанға суретімді көктемнің
жаңбыры салғанын,
Менің жаным сол көктемде
адасқанын,
Ұмытпа.
Ақ жаңбырдың астында жан нұрым қалғанын,
Жанарымның жасы мен
Ай сәулесі таласқанын,
Ұмытпа.
Сәуір түні.
Жауапсыз махаббаттың
шапалақ үнін,
Жасты көзіммен жұлдыздарға
қарағанымды да,
Ұмытпа.
Айдың да жанары боталағанын,
Жусанның күрсінісін естіп,
батқанын далада мұңға,
Ұмытпа.
Оның ту-у алыстан қимай тұрғанын,
Жанының жапырағы сырғып түскенін түн төсінен...
Ұмытпа.
Ай бетіне алқызыл раушанмен
жазылған ақ өлең сыймай тұрғанын,
Жас тамшылағанын ақ раушан
гүлінің күлтесінен,
Ұмытпа.
О, раушан гүлі!

Менің гауһар жүректі жастығым,
жапыраққа айналды дірілі басым,
Бақтағы көлеңкелер гүлдеді,
Ғұмырымның іңірі басым.
Өмірдің жанарындағы жасқа
айналды күндерім,
Тамып кетпесін,
Қаңтарда гүл жарып кетпесін.
Мен қаңтарда Айдың нұрымен
некелескен гүлдің бақытын тіледім,
Раушан гүлдері безендірді
уақыттың жүрегін.
Түн де болдырып кепті,
Алыс-алыс жол жүріп кепті.
Қызыл көйлек киген періштелер,
Жасыл жұлдыздарды өшірді,
Жырларымды гүлдің сағағына
көшірді.
Қаңтардың сұсы басқан
гүлдердің күрсінісін-ай,
Құмырадағы,
Сағағына тамшылап
ғұмыр азабы.
Түн сұрап тұр бір шыны шәй...
Теңізде жоғалған желді,
Сағыныш іздеп кетті.
Сені сағынған күндерімді,
Кірпігім тізбектеп тұр...
Сенің жанарыңнан Ай жүзіп
өтті,
Өмірімнің күзі кеп тұр.
Күн адасқан жасыл жағалауға
кел,
Мені іздесең,
Болмаса мен жалаң аяқ
теңіз кешем...
Құшағын жайып ғалам,
Сағыныштан айықпаған,
Сен теңіз бол,
Мен қайық болам...

***

Тағдыр Ай сияқты,
Тағдыр Ай сияқты.
Көрмеген күндерімнің лебін
сезіндім,
Ай бетінен бейнемді көрдім
өзімнің.
Көзімді жұмдым,
Өрнегін көрдім Мұңның.
Көзімді аштым.
Айнаға қарадым,
Жұмбақ әлемге жұтылып
барамын.
Саған жазған өлеңімнің
парағын,
Жел алып кетті.
Күллі әлем жүрегі дүрсілдеп
демалып кетті...
Жүрегімнің ішінен дауыл кешкен
жалғыз кептерді көрдім,
Біз жүгірген жасыл бөктерді
көрдім,
Сары гүлмен,
Жерде өспейтін көгілдір
шөптерді көрдім...
Енді жаңа туған Жұлдыздың
ізімен жүріп барамын,
Сен күліп қарадың...
Тағдыр Ай сияқты,
Тағдыр Ай сияқты.
Тылсымы басым,
Сағындым Күн шұғыласын...
Қысқы жол да кептеліс
екен,
Жол теп-тегіс екен.


***

О, Қараңғы Түн!
Махаббатымның кеткен ізін
көрсет, көрсет тағы да.
Жоғалмапты махаббаттың
бағына.
Жоқ!
Көрсетпе!
Ей,жел!
Махаббатыма айтқан жылы
сөзімді қайтар маған,
Айға айтамын,
Ай жеткізер сөзімді айта алмаған.
Жоқ!
Тоқта!
Ей, Күн!
Махаббатыма сыйлаған күлкімді
сен ал,
Күлкім жарық шығарсын,
Сен демал,
Сен жарықсың ғой,
Мені жарыққа алып шығарсың...
Ей,жұлдыздар, жұлдыздар,
Махаббатыма арнаған өлеңіме
ән шығаршы,
Тым болмаса аспан төрінде
махаббатымнан тамшы қалсын...
О, Аспан!
Жасынның ұшқынымен,
Құс тілімен,
Сөйлет мені,
Сусылдап көйлектері,
Ақ періштелер,
Ақ қарды ақ раушандарға
айналдырсын!
Сарғайған айнам күлсін!
Қанатымен жебелеп келген,
Қауышайын бейкүнә көбелектермен...
Ей, Ауа!
Сағынышымды Айға жасырғам,
Сырларым көп шашымнан...

***

Аты жоқ әсерді іздеп,
Жаңа жолға шығып барамын.
Күз кеп,
Сап-сары шашымды тарады.
Сырғасы ғып тақтым мұңымды
Айдың,
Мен енді ескі жолға бұрылмаймын...
Мен қараңғылықтан Айды іздедім,
Жұлдыздардың шолып өттім
жәй жүздерін.
Айналамның бәрі бөтен,
Иә,қараңғылықты жарып өтем.
Жаңбырдың бір тамшысындағы
жанымды іздедім,
Жасынның жанарындағы
әнімді іздедім.
Мен алыстан бір дауысты естідім,
Кешкілік.
Біреу менің атымды атап шақырды,
Қызыл жолбарыс кеудеме қарай
атылды...
Бірақ ол маған бата алмады,
Мен бір адам бейнесіндегі
диуанамын,
Қара түннің жаңадан жол іздеген
қаһарманы.
-Абайла!-деген бір дауыс естілді,
Күн де кешкірді.
Мезі болған қаладан,
Ақ қар жамылған даладан,
Қашып барамын.
Алыстан бір ескі қорған көрінді,
Жағалай жасыл орман көрінді,
Шерімді Тәңір сары гүлге
айналдырды,
Сары түсті жек көретінімді
Тәңір қайдан білсін?!
Сарыағаштардан алқызыл
раушандар төгілді,
Аспан егілді.
Мына мені қоршаған әлем
не білді...
Жоқ!
Әлем өзгерді,
Жаңадан өмір бастайтын
кез келді.
Жол.

Толқындардың әңгімесін тыңдашы,
Сағынады олар да ылғи жағаны.
Жаға, толқын жатады ылғи
мұңдасып,
Толқын толқып кері қарай ағады,
Ал толқынның ажарына Күн ғашық!
Ал шағала көкке мұңын шағады,
Ару Күннің сәулесімен ымдасып.
-Қайтып кел,-деп сыбырлайды
толқынға,
Жағалау,
алтын құмы сағыныштан сарғайып.
-Қайтып келем,-деп жылайды
солқылдап,
Толқын да,
Ал толқында бар ма айып?!
Түнгі аспанда күрсінеді жұлдыздар,
-Қайтып келші, қайтып кел,-деп
толқынға,
Айып па?!
Тоңазытып тоңдырған соң түнгі
ызғар,
-Қайтып кел,-деп жалынады
толқынға,
Қайықтар.
Ал толқындар тулап, толқып,
тасынып,
Жағалауға аңсап жетер асығып.
Сен жағалау, мен толқынмын,
жарығым,
-Қайтып кел,-деп шақырасың,
Неғылайын жасырып.
Өмір деген алып мұхит айдында,
Жұлдыз тамып, батқан кезде
Ай мұңға,
Саған келдім толқып-толқып
басылып,
Ақ толқынға айналып мен
қанатымды жайдым да...
СЕН және МЕН.

ҚЫСҚЫ КЕШ...

Жаным,көрмейсің бе,
Көзіңді аш,сенбей түнге!
Гүлдеп тұр көзілдірігіңнің
жиектері,
Пері ме,ғашықтық па,
Кім сені иектеді?!
Сен тәуелсізсің!
Өзің шеш!
Сорды да,бақты да
өзің кеш...
Сен тірісің бе,
Бұл өмір ме,
Адаспа қапелімде!
Жылама,
сүрт көзіңді,
Мұңаюың қате мүлде!
Сен өмірсің,
Қызған темірсің.
Болмаса шоқтай қарыған,
қып-қызыл оттегін жұт,
Жаныңның көктемін күт.
Сенің күдігіңе бастан себеп,
Өз еркіңді өзің тас-талқан ет!
Тыныштықты шошыт,
кеш жамырасын!
Жұлдызсыз аспан қақсын
дағырасын!
Сен махаббатсыз күн кеше
алмайсың!
Үмітсіз шайтан!
Өзінді өзің неше алдайсың?!
Өзіңе бағынба,
Айнал сен сағымға!
Қарсылас!
Көктем бол тасқында,
Арқаңды төсе тас-құмға,
Мұхит боп дөңбекші,
Тек сөнбеші!
Махаббат!
Кешкі ымырт,
Кешкіріп,
Жұлдыздар тірілді ес кіріп,
Айдың да бетінде әжім бар,
Сезіммен жазылған...
Қысқы кеш.
Ауаны ысытқын.
Болмаса жүректі жаулайды
аспаннан түсіп Түн.
Ит үріп аулақта,
Перілер мәз бүгін
қызыл от лаулатқан.
ҚЫСҚЫ КЕШ...

Кейде осы сөзге де сүрінесің...
Күлімдеп тұрар сонда күліп есім.
Жаным-ау,сөйлемейсің,бір ғажабы,
Томпаңдап жас баладай жүгіресің.
Отырам өмірімді шашып алып,
Жүрекке салмақ салып,
басыма жүк.
Жанымда сен отырсың бір қызығы,
Алып бір дариядай тасып ағып.
Әр сөзің маған айтқан пір сөзіндей,
Жылытып жанарыңмен Күн көзіндей.
Менің бір күліп айтқан әр сөзімді,
Көресің саған деген Гүл сезімдей.
Апыр-ай,айлар,жылдар,күн кетті
өтіп,
Жанымды,жүрегімді дірдектетіп.
Ал енді көңілімді көтереді,
Айналам сен сыйлаған Гүл боп
кетіп.
Жанымның өлең, өлең жиі есімі,
Тоқтай тұр,қателестім,жыр есімі!
Әр сәтім,әр минутым,көп ойландым,
Өзіме және саған тиесілі...
Шашымның жусан түсті шөптігінен,
Басымның ой-өресі отты кілең.
Дәуірді жалғыз құшып, келем
ұшып,
Жарығым, шуылдақ сұлу сөздің
көптігінен...
СЕН және МЕН.

Неге сонша қиындатқам өмірді?!
Енді бүгін бәрі-бәрі көңілді.
Түске айналып ғұмырым,
Сен келгенде бір-ақ білем өңімді...
Жымияды арқа-жарқа жылжып
Күн,
Сығалайды қиюынан түңліктің.
Күлімсіреп Күнге үнсіз қараймын,
Неге сонша қайғы кешіп,Мұң жұттым...
Жұмсақ екен қарап тұрсам
Күн тәні,
Ойлап жүр ғой,тым қатты деп
жұрт әлі.
Саған жазған жырларымды
уақыт,
Жел өтінде аямастан жыртады...
Мұң бар екен мен тұрғай сол
Күнде де,
Ай болмаса тұнжырайды түн неге?!
Өмір деген ойын екен білмеппін,
Ауш боппын,үндемеші,үндеме.
Келу,кету,мәңгілік пе,бәрі үстем,
Байланыстар...
Тәңірімен,ғарышпен.
Жаратушы құшағына қысқанша,
Жылытады неге осы алыс дем?!
Ол махаббат!
Тәңірінің демі ұшқын!
Сол жалынды мен де іштім,
сен іштің.
Мен отыңды жағайын ба,
шам жағып,
Келістім.
Келісе де алмайсың ғой сен
бірақ,
Қызыл іңір,түн де ұзақ,
таң жырақ.
Шайыр әйел,шашы жұлдыз,
жыр жазып,
Төсегіне құлайды ол қалжырап...
Жырға беріп құштарлығын
әуелгі,
Жыр жігітке болады ол тәуелді.
Ал күй табақ қайталайды ұзақ
түн,
Сен тыңдамас тылсым жұмбақ
әуенді...
СЕН және МЕН.

Заида ЕЛҒОНДИНОВА,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты,

«Құрмет» орденінің иегері


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар