Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мақат Садық. Шер мен шындыққа толы жол

25.11.2019 607

Мақат Садық. Шер мен шындыққа толы жол

ШЕР-АҒА ТУРАЛЫ

(1- бөлім)

-Меңдеке, бұл - сенің мәселең!

ҚР Мемлекеттік Телерадио комитетінің төрағасы Шерхан Мұртаза арыстандай айбатты дауысымен гүр еткен.

– Мына қызметкеріңмен сөйлес, осымен лездеме бітті! - деп орынан тұрып кетті.

Ол кезде Қазақ радиосындамын. Әр дүйсенбі сайын Телевизия жеке, Радио жеке Төрағаның қатысуымен өтетін екі сағаттық лездемеге қатысу міндет болатын. Лездемеде аптада өткен хабарлар талқыланып, шолу жасалады. Төраға қорытынды сөзінен соң “айтарларыңыз бар ма?- деп сұрайтын. Сондағы сұрағымызға жауап осындай болған.

Әмірхан Меңдеке – Қазақ және Шалқар радиоларының Бас директоры. Шер-ағаның командасынан.

-Шер-аға аман болса, осы комитеттегілердің бәрі үйлі болады. Радиоға келгеніңізге үш жыл ғана толыпты әрі бір жыл бұрын Сағат Әшімбаев бір бөлмелі жатақхана берген екен. Мықты репортерсіз. Қызметіңізді өсіремін,- деген бастығым,Төрағаның ескертуін орындау мақсатында.

Шер-аға Телерадио басшылығына келгенде 70 пәтерлі үй бөліске түскен. Алғашында одан дәмеміз болмады. Ондаған жылдан бері кезекте тұрғандар жетерлік, әрі Шерхан ағамен ілесе келген бір топ үйсіз мықтылар бар. Соның бірі - үш бөлмелі пәтерге иелік еткен бастығым, 600 радиоқызметкердің әміршісі Әмірхан Меңдеке. Менімен сөйлескенде айғайға баспай, сыпайылықпен басу айтуы - Әмірханға тән мәдениет пен имандылық.

Рас, басқалардай жоғары жаққа арызданбадым. Оларға ілесіп, топтар шағымына қол да қоймадым. Тек намысыма тиіп, Шер-ағаға сауал тастауыма себеп, мен секілді “жас маман” арнайы жолдамасымен менен бір жыл кейін келген әріптесімнің пәтерге ие болу еді. “Неге бұлай болды?”- деп лездемеде айтқаным сол. Әрине, көкейде қыжыл бар. Төрағаның шашбауын көтеріп келгендердің дені мықтылар болғанымен, арасында барып кел, шауып келге жүретін, шамалары портфель тасуға ғана жарайтындардың да пәтерлілер тізіміне өтіп, ордерді қалтаға басқаны жанға батты.

Ол 70 пәтер де аспаннан топ етіп түсе қалмаған. 1985 жылдар шамасында Телерадио комитетінің төрағасы Камал Смайылов қарауындағы қызметкерлердің баспана тапшылығы туралы Үкіметке жазған өтінішіне сол кездегі Қазақ ССР Премьер-министрі Нұрсұлтан Назарбаев “қайыр қылсаң, бүтін қыл” деп, журналистерге арнайы 70 пәтерлі тұрғын үй салып беру туралы Үкімет Қаулысын шығарып бергенінің нәтижесі. Арада Кеңес Одағы ыдырап, жаңа Мемлекет құрдық. Берілген уәде кеш те болса орындалды.

Хош, сонымен Бас директорым Шер-ағаның тапсырмасын орындауға кірісті. “Мына қызметке барасың ба?”,- деп бір айда жалақысы көбірек үш түрлі қызмет ұсынған. “Әрине” деймін. Апта күтемін. Бұйрық басқа адамға шығады. Тағы шақырады, тағы қызмет ұсынады. Тағы келісемін. Тағы басқа адам тағайындалады. Үшінші реттен соң “Неге бұлай болды?”- деп ежелгі сұрағымды қайталағам. “Қызық екенсіз” деген Бас директорым Әмірхан Меңдеке. “Ең болмағанда, бір ағаңды тауып телефон соққызсаңшы, бұлай болмайды”. Ақыры қызмет те, пәтер де болмады.

Көп ұзамай Жамбыл облысынан сайлауға түсіп, Шер-аға Мәжіліс депутаты атанды. Телевизияда көп орын босап, мен радиодан ТВ-ға кеттім. “Ағасы бардың, жағасы бар” дегенді түсіндім. Шер-ағаны неге тек жамбылдықтар меншіктеуі керек. Ұлтымыздың майталманы. Маған да “Аға” болсын деп түйдім. Қазақша жақсы сөйлей алмайтын, қазақша эфирге шығудан қашатын дөкейлерге: “Шерхан Мұртазаның тікелей тапсырмасы бойынша сізден сұхбат алуым керек”, - деп соғатын болдым. Депутат Мұртазаның дүрілдеп, лауазымы жоғарыдағыларды дірілдетіп тұрған кезі. Көнбегендерге арасында: “Шерхан ағама айтамын!” деп қорқытып қоямын. Қазақшаға шорқақ шенділерді солай қазақша сөйлеуге көндіргенмін. Парламентте бір Шер-аға емес, бес Мұртаза “тілім, елім”деп арыстандай айбат шегіп отырса, не болар еді деп ойлаймын. Қазақшасы нашар қазақтар ғана емес, мемлекеттік қызметтегі басқа ұлт өкілдерінің де депутат Мұртазаның “Жыланда ғана екі тіл болады» деген сөзінен кейін қазақ тілін үйренуге талаптанғандарына талай рет өзім де куә болдым.

Заманымыздың заңғар тұлғасы Қаратай Тұрысов туралы телефильм түсіргенде Шер-ағадан сұхбат алып, жақсы дидарластым. Қаратай ағамен мектепте бірге оқыған. Мәскеуге бірге барып, студент болған. Сол сәтте Шер-ағаға “Ағам деп атыңызды пайдаланып, талай шендіні эфирде қазақша сайраттым ”,- деп бір күлдіргенмін.

-Қазақтың жаманына ұқсамаймыз. Ағам ғана емес, туған ағам десең де саған рұқсат,- деген.

Кейіннен депутаттықтан кетіп, Астанада тұрып жатқанда ермек қып бильярд ойнайтын. Сонда бильярд клубындағы үлесімнің есебінен vip-картамды сыйладым. Шер-ағаның талғамына сай шай құйылуын қадағаладым. Қолдан келгені сол болды.

-Ағайын мен Өкімет қадіріңді ұмытқанда, шашбауыңды көтерер жайсаң жігіттер кәні, - дейтін кейде қабағын түйіп, сәл ренжіңкіреп.

Расында да, отыз жасынан арнайы көлігі бар, қабылдау бөлмесі бар лауазымды қызметтерді атқарған Шер-ағаның қамқорлығы мен жақсылығын талайлар армансыз көрді...

Шер-ағаның Ұлтқа сіңірген еңбегі ерекше. Ақиқатында, нағыз Арыстан Тұлға!

ШЕР - АҒА ТУРАЛЫ

(2-бөлім)

-Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін!

Осылай деген Шер-аға өзіне тән мақамымен қасын керіп, мұрты жыбырлап, айналасына барлай қараған. Көздеріміз түйіскенде, жанары сұстанып; “жап-жас болып, жершілдігін қара”,- деді. Сосын алдыңдағы көп папкілерді аударып, өзіне керектісін тапқан соң, жөтеліңкіреп алып, Мемлекеттік Хатшыға бұрылған: “Бұлай тартсаңыздар, мен де өз інімді ұсынамын. Мінеки құжаттары. Жамбыл облысындағы бас газетіміздің меншікті тілшісі. Президент сыйлығына әбден лайықты. Тәрбиемізді көрген мықты журналистерімнің біразы осы сыйлықты алсам деп бақтарын сынап жатыр. Үндемей-ақ жүрміз. Мына бала болса, бесіктен белі шықпай жатып, ағасын тықпалап жатыр.

-Сабыр, Шер-аға сабыр,- деген Мемлекеттік Хатшы. – Алда уақыт бар ғой. Келер жылы сіздің ұсынысыңызды бірінші кезекте қараймыз. Енді мына жұмыс тобы біраздан бері зерделеп, лауреаттыққа лайықты деп анықтаған журналистерге дауыс берейік.

Журналистика саласы бойынша Президент сыйлығы мен гранты комиссиясының мүшелері Мемлекеттік хатшының ұсынысына бір кісідей қол көтеріп қолдадық.

Мен ішімнен бір пәлені бүлдіргенімді анық сездім. Біріншісін ертеңінде естідім. Екіншісі, бұдан кейін бұл комиссия мүшелерінің қатарына қайтып оралмастай сызылдық. Келесі күні Комиссия отырысындағы осы сәл-пәл түсінбестіктен туған дау-дамайды естіген өте жоғары шенді лауазым иесі, комиссияның шешімін шешетін жерге жетіп, тізімді тас-талқан етіп өзгерттіріп жіберді. Тіптен конкурсқа арнайы түспеген, экономикалық тақырыптарға жазатын журналист Ақас Тажутов сол жылы комиссияның шешімінсіз-ақ Президент сыйлығының лауреаты атанды...

Енді болған жайды баяндайын. Отырыс басталып, жұмыс комиссиясының жетекшісі үміткерлер арасынан өздері таңдаған бес минутсыз лауреаттардың еңбектерін мақтап тұрғанда, комиссия мүшелері байқауға түскен үміткерлердің толық тізімімен, журналистердің еңбегімен танысып үлгереді. Қолыма бірден белгілі ақын Ғалым Доскенің Ұлттық арнасындағы рухани тақырыпта хабар жүргізетін белгілі ақын, қоңыр дауысты, нағыз телерадио классигі Дүйсенбек Қанатбаевтың құжаты іліккен…

Алдын ала іріктелген лауреаттардың тізімі оқылып дауыс берер алдында Мемлекеттік Хатшы протоколға сай: «Кімде қандай ұсыныстар бар?» - деп сыпайылық стандартын сақтап сұрайды. Мен сұраған соң, айту керек деп қолымды көтердім.

- Әр хабары ұлттық рухтың ұшқынындай керемет әсерлі Дүйсенбек Қанатбаевтың қосымша болса да, бір марапатқа ие болғаны жөн деп білгенімше мақтап бергем…

Менің сөзімнен соң іле-шала Шерхан ағамның Мемлекеттік Хатшының рұқсатынсыз-ақ, арыстандай гүр етуі, есімім Мақат болған соң, дәу де болсаң, Маңғыстаудың Мақат станциясынан боларсыңды меңзегені. Мақаттың «Маңғыстаулық жерлес ағасын» қолдауы комиссия алқасының жанайқайы дегенді жеткізгені. Әйтпесе, белгілі ақын Дүйсенбек Қанатбаев Түрікменстанның Красноводск ауданында туып-өскенін, оның Мақат Садыққа ешқандай қатысы жоғын білгені хақ.

Шер-ағам, сын сағатты, дәл сәтті дөп басатын мір мінезімен, сыныққа сылтау ретінде мені сұрапыл сөзімен сойып алып, Мемлекеттік Хатшыға: «қашанғы біз, тек дайын списокқа қол көтеріп, дауыс беретін статист» боламыз деп, «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген мағынада шегелеп айттты. Комиссия төрағасына құлаққағыс ескертуі екендігін түсіндім. Кемеңгер қаламгердің қашан да профильге сыймайтын парасаттылығы, арыстандай ақырып, «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» журналистерге теңдікті талап етуі, шырылдап шындықты айтуы. Сол жолғы комиссия отырысының шешімі толық өзгергенін айттым. Сонымен қатар Шер-ағаның ескертуі ескеріліп, келесі жылдары журналистерге берілетін екі сыйлық, екі грантқа қосымша ҚР Президентінің бірнеше Алғыс хаттары қосылды...

Шер-аға журналистердің ақылшысы ғана емес, шын жанашыры бола білді. Уақыт сырғып, заман өзгерсе де, оның «журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген тәмсілі әлі құндылығын жойған жоқ. «Қоғам қандай болса, журналистика сондай» деп баға беретіндер көп. Өте өзекті мәселе. Қоғам және журналистика бір-бірімен тығыз байланысты екені рас.

Ендеше журналистика – қоғамды алға бастауы міндет. Шер-аға “Егемен Қазақстан” мен Ұлттық арнаны басқарған тұста Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан өзі сұхбат алатын. Баспасөз конференцияларынан қалмай, сұрақтар қоятын. Сонысымен қазақ журналистикасының қағидасын, ертеңгі ережесін қалап кетті. Өкініштісі, Ұстаз Ұлағаты үзіліп қалды. Қазір “Шер-ағаның шекпенінен шыққанбыз” дейтін біраз мықтылар, БАҚ басшылары бар. Ал солардың соңынан ерген мықты шәкірттері аздау секілді. Шер-аға салған эталон байқалмайды.

Көкейде жүрген біраз шындықты шырылдап айтқандай болдым, бірақ Ұлы Ұстаз Шерхан Мұртазадай «шырқыратып, шырайын келтіріп айту бір басқа».

Сондықтан да Мемлекет Басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыруындағы» екі негізгі түйінмен тоқтайын:

«Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек».

ПАТРИАРХ ШЕР-АҒА, ҚОШ БОЛЫҢЫЗ

(3-бөлім)

- Есіктен кіргізбесең, терезеден түсемін, уақытымыз келді, заман біздікі деп жалаңтөс баһадүрлер сырғанақ саясатта ұрандатып жүргенде, Менен қайда барамыз, неге жетеміз деп сұрайсыз. Қайдан білейін. Қоғам да мына бильярд тақтасы секілді. Бильярдта кий иесі қалай қарай ұрса, мына шар да сол бағытқа ұшып, торға топ етіп түседі. Сайқал саясаттың да ертеңін дәл болжау қиын ғой, - деген Шер-аға.

Сосын өзі қатарынан салған екінші шарын лузадан алып жатқан менің арқамнан қағып, жылы жымиған. Шер-ағамен анда-санда бильярд соғып жүріп, ашық сұхбат жазуға көндіргенмін. Бильярд клубына үш телекамера, қаптатып жарық қойып, уақытша кішігірім студия жасаттым. Сол күні Шер-ағамен үш сағаттай бильярд ойнадық. Қанша рет сұрағымды айналдырып қайталап қойғаныммен, “сыр сандықты аша алмадым”. Әңгіме ауаны сол кездегі Мәжіліс депутаты Шерхан Мұртаза күнделікті айтып жүрген өзекті өртер өткір тақырыптар шеңберінен шықпай қойған.

“Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!», - деп Абай атамыз айтқандай, бәлкім Шер-ағаның биігі мен тұңғиығына бойлай алмаған болармыз.

Ойын арасында шай алып отырғанда Шер-аға менің жабырқау жағдайымды сезіп:

-Бильярд – тұнып тұрған философия, Гюгоны білесің ғой,- деген кенет.

-Білемін...

Гюго туралы сәл кейінірек.

Сол күнгі үш сағаттық бильярд-сұхбатта қазақ әдебиетінің қара нары, қазыналы қария Шер-аға ғұмырнамасының бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғымына айналып кеткен «шер мен шындығы» неге ашылмады? Бұл туралы жылдар жылнамасында көргенім мен түйген ойымды, Шер-ағаның жамбасы жерге тиетін жұма күні осында жазармын...

Бильярд-сұхбат 2003 жылдың қоңыр күзінде жазылған еді. Шер- аға депутат болған Парламент Мәжілісінің өкілеттік мерзімі жарты жылдан соң аяқталып, 2004 жылғы күзге қарай сайлау болатыны жарияланған. Елімізде алғаш рет партиялық жолмен сайлау өткізу үрдісі тәжірибеден өтіп, белгіленген он орынға он партия таласатын айтулы қызу науқан...

Енді Виктор Гюго туралы. Әділдікті ту еткен француздың ұлы жазушысы. 84-ке келген жасында суық тиіп қайтыс болғанша, 40 жылдай Францияның депутат cенаторы болған. Арасында мемлекеттік төңкеріске келіспей, қарсы шығып, қуғынға ұшыраған. Заңды билік қайтып келгенде, мәңгілік мерзімге сенаторлыққа сайланып, көз жұмғанша Ұлы Франция мәртебесі мен құдіретін күшейту жолында арыстандай ақырып өткен. Гюго қайтыс болғанда ғұламамен қоштасуға Францияның жан-жағынан бір миллиондай халық Парижге қарай жаяулап, аттылы-арбалы ағылған соң, билік Гюгоның жерлеу рәсімін он күнге созған...

Шер-аға да Мемлекетшіл еді. Ұлттық мүдде мен Мемлекеттік мүддені тұтас бір ұғым деп қабылдады. Сондықтан да осы Фейсбукте жиі шығатын белгілі роликтегі:

«Араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады. Осыған қатты мән берсеңіз болар еді деп ойлаймын!», - деген сөзі соның дәлелі.

Елбасы мен ел зиялыларының сол тарихи кездесуін таспаға түсіріп, монтаждап, эфирге дайындаған шығармашылық топтың жетекшісі өзім болғандықтан айтарым, бұл – Мәжіліс депутаты Шерхан Мұртазаның Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата айтқан үлкен қолдауы, көпті көрген ағалық ниеттегі қамқорлық сөзі болатын.

Шер-аға көшті - дәуір көшті! - деп жатырмыз. Осыдан 133 жыл бұрын Гюго өмірден өткенде бір миллион француз Сена өзенінің жағасында Ұлы Патриахтарын Пантеонда жерлегенше он күн бойы тік тұрып, қаз-қатар тізіліп, ұлы жазушысын жоқтаған.

БАҚҰЛ БОЛЫҢЫЗ, ҰЛЫ ҰСТАЗ, ПАТРИАРХ ШЕР-АҒА.

ШЕР – АҒАНЫҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ

(4-бөлім)

- Заң - басқа, заман - басқа. Көрерміз, азаматтар не дер екен?..

Бильярдтағы сұхбаттан соң Шер-ағаны үйіне жеткізіп, қоштасарда “Сайлауға, Мәжіліс депутаттығына қатысасыз ба?”- дегенімде, осылайша екіұшты жауап қатқан...

Шер-аға сол 2004 жылдың қыркүйегінде өткен сайлаудан тыс қалды. Келер жылдың қақаған қысында Шер-ағаны Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында жолықтырдым.

-Жаcсың ғой, мұнда неғып жүрсің? Біз болсақ жетпістен астық. Дәрігерім анда-санда шақыртып, денсаулығымды бақылап тұрады,-деген, жаңашырылықпен қолымды қысып ұстап тұрып.

Шығармашылық адамына Астананың ауа райы қолайсыздау болса да, Шер-аға билік шахарынан көшпей тұрып жатты. Он жыл ең сыйлы, қадірлі депутаты болған Мәжіліске де кіріп-шығуы қиындаған. Депутат кезінде алыстан көргеннен жүгіріп шығып, есікті таласып айқара ашатын қапталдағы полицейлер бірде Парламентке шақыртумен барғанында, “Сізді қарсы алатын кісіңіз келгенше ішке өткізе алмаймын”,- деп кіреберісте тоқтатқан. Содан бері ол жолды ұмытқан...

2004 жылдың маусымында екінші шақырылған Мәжіліс депутаттарының Заң бойынша өкілеттік мерзімі аяқталғаны жарияланған. Үш айдан соң, яғни 19 қыркүйекке, Мәжіліске жаңадан сайлау тағайындалды. Шер-аға ешқайда бармай, Астанада өзі сенген ұлтжанды азаматтардан хабар күтіп жатты. Соңғы депутаттық өкілеттігі кезінде сол азаматтарды барынша қолдаған. Үлкен кісінің алдында да анау “араны ашылған қырандардан” гөрі, мынау “Елбасым деген қырандар” сеніміңізден шығады” деп, сол азаматтардың абыройын асқақтатып, қолынан келген көмегін аямаған. Ғұмырлық принципінен де бір сәт мүлт кетіп, солардың тақтары қыл үстінде қылпылдап тұрған сын сағатта, даулы заңға дауыс беру кезінде жүрегі қаламаса да, өзін күштеп, жанына жат нүктені көзді жұмып басып та жіберген. Сонысы алдынан сан мәрте шықты. Жаулары көзін шұқып табалады...

Сол азаматтардың айы оңынан туып, шешім шығарар ғаламат шенге ие болған. “Шер-аға, біз бұл жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймыз”, - деген еді сонда...

Атырауда жолығып, Алматыға шақырған тарлан замандас-қарындасы Фариза Оңғарсынова сағыздай созылған сол жазда сәлем бере келген. Ай бұрын депутат болған екеуінің әңгімесі – әрине, сайлау тақырыбы. Өткен бес жыл бұрынғы сайлауда өмірдің мәнісін ұқпайтын айналасындағы отыз адам “сайлауға түс, орда бұзасың” деп қолпаштағанға қағынып, “Шерхан Мұртазаның уақыты өтті, заман біздікі” деп ұрандатып, өлермен болып еді. Мандатыңды бер деп жағаға жармаспағаннан басқасын көрді. Фариза болса, екінші турда ғана жеңіске жетіп, қатарларына қосылған. Бір кем дүние.

Бұл жолғы сайлау ерекше. Он екі партия бет жыртыспақ. Төгіп жатқан ақшалары да аз емес. Ендігісі інілерді алға салып, “ал, кеттік” дейтін заман келмеске кеткен. Сондықтан да Үлкен үйдегілер не дер екен деп күткен.

... Бала кезден құлын-тайдай тебісіп өскен жанашыр досы Қаратай Тұрысовты ойлаған. Жетпіске толғанында Президент Н.Назарбаевтың қабылдауынан шыққан соң үйіне шақырып, дастарқан жайған. Жанына жақындарды жиып, бір тосты өзіне арнаған. “Үлкен кісі Шәкеңе сәлемімді жеткіз деді. Мен сенің айтып жүргеніңді тігісін жатқызып, дұрыстап айттым. Біреулер “бірнәрсе” деп сыбырлап қояды ғой. Әйтпесе, саған құрметі бөлек. “Шәкеңнің ұлт руханияты жолында жасап жүрген еңбегі бағалы”, - деді ғой деп қапсыра құшақтаған. Жарықтық, “Парламентте арыстандай ақырып жүруің керек. Аналарың үн шығармаса, өзім баратын жерге барамын, айтатын жерде айтамын. Қазаққа керексің”,- деген еді.. Марқұм жалғыз ұлдың қайғысынан біткен дерті қайтадан меңдеп, төсек тартып жатқанда көңілін сұрап барған. “Шер-аға, ішім бәрін сезіп жатыр. Жете алмай қалдым” деген, бейне бір қаймана қазақтың аманаты мойнында борыш боп қалғандай көзі жасаурап. Тұқымың көбейгір, қайран Қайреке, беделді дос.

Көп ұзамай, 2004 жылдың бірінші тамызында Қаратайынан да айырылды. Қаратай кеткен соң айналасы опырайып қалды. Қаратай Тұрысов талай жыл Мәскеуде Одақтық мекемелерді басқара жүріп, сан ұлттан жиналған марқасқаларға мықтылығын мойындатумен қатар, сол тілі мен діні басқа жұрттардың жақсы қасиеттерін санасына тоқыған ғой, шіркін! Заманалардың озық мәдениетінің өнегесіндей заңғар тұлға еді.

Күтумен ала жаз да, қоңыр күз де өтті. Шер-аға Астанадан қозғалмады. Тапжылмай, сол азаматтардан бір хабар болар деп күтті. Мүлгіген тыныштық өзгермеді. Абай айтқан ақиқаттан аспады.

Жартасқа бардым,

Күнде айқай салдым,

Одан да шықты жаңғырық.

Есітсем үнін, Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып.

Баяғы жартас – бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас.

Арасында “Шер-ағаның шекпенінен шыққанбыз” деп мақтанатындар келіп, көңіліне дем беріп кетеді. Көлдей-көлдей жазған естелік-эсселері - көз қуаныш. Осы ғұмырында кімге жақсылығы өтпеді. “Жасаған жақсылығыңның өтеуін сұрама” дейді. Оны түсінгенге айтарсыз. Түсінбегенге ше?!

“Шекпеннен шыққандар да” бұл күнде жігіт ағасы. Ақылды өзіңнен өткізіп өргізеді. Мекеме басқарып жүргендері де бар. Арасынан біреуі: “Мінеки, Шер-аға, Сіз басқаратын Қоғамдық қор, кеңсеңіз дайын, мынау көлігіңіз бен жүргізушіңіз, жағдайды реттеп тастадық” десе, осылай сарғайып отырмас та еді...

...Депутат болып жүргенінде кітабын шығарған баспагері келіп:

-Шер-аға, топан ақшаны қайтесіз. Мен, гонорарыңызды әмриканың жүздігімен әкелдім деп, алдына бірнеше пәшкі долларды қойған. Расында, разы болған.

-Тәйт. Ақшаның киесі ұрады. Топан деме! – деген әзілдей күліп.

Сол баспагерлер кейін де жазғандарын кітаптады. Пенсионерге бәрі бір дегені ғой, 1-2 мың теңгелікпен гонорарын әкеліп: “Шер-аға, білесіз ғой. Үкімет мүлдем жазушыларға қаламақы төлеуді ойламайды, өз пайдамды Сізге тіркедім”, - деген. Өтті дәуренің осылай дегені ме?! Кемеңгерді күйік күйретеді. Мұндай кезде шақырмаса да, жанынан шықпайтын әйелінің алдына сол “топан ақшаны” ысырған. Әйел де бір әпенді. Кесек ақшаны жұмсауға үйренгенімен, мына ұсақ ақшадан шатаса берген. Мияулай берген соң, ұсақ ақшаны елу мыңға шақтап бөліп, белінен буып беріп құтылған. Дүние-шіркін...

Жаны күйзеліп, шерменде жүрек атой салғанда халқының қаһарманы Бауыржан Момышұлын еске алатын. Баукең – рухани ағасы ғана емес, жақын туысқаны, ағайыны. Бір рет Баукеңді қатты ренжіткен. Данышпан ердің жанын түсінер дана әйелдер некен-саяқ. Баукең батыр ғана емес, жазушы. Жазғандарын машинкаға теретін сол жеңгей де жағаласып, жазушы болмаққа әлек салған. Сонда ғой, “мынаның кітабын жоспарға қоссаң” дегеніне қыңыр мінезімен жүре сөйлеп, батырыңқырап басып жібергені.

Баукең бір ашуланғанда, “Верама ешқайсысы жетпейді” деп налығаны бар. Сол Вера Павловнаға бірінші туындысы “Наша семьясын” арнаған. Бәрі жабылып жүріп, сол кітаптың қазақша нұсқасына Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын әпергенде, Вера Павловна Ресейдің Халық әртісі еді. Сан мәрте Мәскеуде болғанында бір жолықпағанына өкінген. Баукең өмірден өткен соң, батырдың архивіндегі Вера Павлованың хатына көзі түскен:

“Любезнейший, Бауыржан! Мое сердце всегда учащенно стучит, глаза блестят при одном только упоминании тебя.

Есть ли во мне, что я могу держать в глубокой тайне от тебя?

Пламя войны можно забыть, а вот пламя любви забыть невозможно? Забывшим тогда не гореть в этом пламени.

Дорогой, Бауыржан, к сожалению, ты далеко от меня?

Душа моя в постоянном поиске: ради тебя, я готова летать. Даже, сейчас, услышав твой голос, быть рядом с тобою - моя сокровенная мечта. Задел ты меня за живое - придал звук моей струне, дорогой. Каждый божий день, желаю тебе быть здоровым!

Иной раз сама себя обманываю: подойду к подушке на которой ты спал, обниму ее, к стулу на котором ты сидел, возьму в руки книгу, которую ты читал, ручку, которую ты так задумчиво держа в руке прикладывал к голове - этот образ возникает у меня в голове, тем самым разгоняю свою тоску по тебе. Самообман, я этот когда-нибудь преодолею.

Честь и совесть главное твое орудие, Бауыржан. Ты, мое вечное страстное желание. Такому человеку как ты, не только я признательна в любви, но и все благодарное человечество. Когда думаешь о нужде своего народа, когда в печали, ТЫ СТАНОВИШЬСЯ ЕЩЕ КРАСИВЕЕ. Я это чувствую тонкой душой , мое сердце становиться нежным, тебя люблю еще больше чем раньше»…

Баукеңнің жұмбақ жанын европеид тектес ақсүйек кербез келіншектер ғана түсінді-ау...

Арыстандай ашуына мінгенде бөлмесінің есігін тарс жауып, темекісін будақтататын. Ай бойы бөлмеден шықпай, ойларын қағазға бұрқыратып төгетін. Батырдың сол пайымдары қаншама жазушының Баукең туралы кітаптарына азық, өздеріне атақ пен ақша болды десейші. Әбден сарылып, құр сүлдері қалғанда телефонның тұтқасын көтеретін де: “Я выезжаю к вам!”,- деп такси шақыртатын. Алматыдағы СовМиннің ауруханасына жеткенде күтіп тұрған бөлім меңгерушілері: “Добро пожаловать, Наш Герой! Мы всегда рады Вам!”- деп жарқын жүзбен жанұшырып қарсы алатын. Шашы мен мұртын басып, тырнақтарын алып, системасын салып, ем-домын жасап, Батырды қатарға қосатын.

Иә, Баукең – Батырдың Батыры, Серінің Серісі.

Ешкімге жалтақтамады.

Ар-намысы, абыройына дақ түсірмей, күйіктен жаны күйзелсе, жаралы жолбарыстай үнсіз тынып, іштей ыңыранды.

Сонысы ақиқат жол болыпты.

Шер-аға да Астанада шер мен шындыққа толы “Бір кем дүниесін” еңсерген соң, жаһанға жар салмай, ағасы Баукең салған сол жолмен туған еліне аттанған...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар