Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақылбек Шаяхмет. Сары күз келіп, сарғайдым

26.10.2019 632

Ақылбек Шаяхмет. Сары күз келіп, сарғайдым

Бір сөз – бір сөйлем

(Игорь Аглицкийдің ізімен)

Көктем. Жаз. Күз. Қыс.

Кеш. Түн. Таң. Түс.

Бұршақ. Дауыл.Жауын.

Суық. Жылу. Ыс.

Бесік.Нәсіп.Есік.

Ашамай. Доп.Асық.

Күрес. Бәйге. Көкпар.

Оқу. Өнер. Кәсіп.

Ұтыс. Жеміс. Жеңіс.

Жайлау.Ырыс. Өріс.

Қыстау. Қаңтар. Аяз.

Ыза. Реніш. Керіс.

Сарай. Күрке. Қора.

Көне. Ескі. Жаңа.

Өзен. Орман. Дала.

Ауыл. Аймақ. Қала.

Айран. Қымыз. Сарсу.

Жала. Өсек. Қаңқу.

Тамақ. Сусын. Дәрі.

Сырқат. Жара. Шаншу.

Өмір. Сайран. Ғажап.

Қорлық. Тайғақ.Азап.

Күнә. Сабыр.Тәуба.

Өлім. Жұмақ.Тозақ...

Қос сөздерден құралған жыр

Опыр-топыр сарқыды күшімді,

Апыл-құпыл жасадым ісімді.

Дұшпан-мыстандар күбір-сыбырмен

Мүңкір-Нәңкірдей көрсетті қысымды.

Абыр-сабыр басымды қатырды,

Тақыл-тұқыл басты мысымды.

Қатын-қалаштың айтқан өсегі

Кемпір-сампырдың зәресін ұшырды.

Тақыр-тықыр қалғанда ғана

Шақыр-шұқыр қайрадым тісімді.

Талап-талантым, қадір-құрметім

Жолымда жатқан тасты да ысырды.

Қиын-қыстауда түсіп сабама,

Қазан-ошақсыз тамақ пісірдім.

Ебіл-себілде ағыл-тегіл боп,

Өмір-өткелден өтіп ысылдым.

Жігіт-желеңнің жолдас-жораға

Көбі жарамсыз, соны түсіндім...

* * *

Мені тебірентеді:

Бабалардың қан төккен тұғыр-қамалы,

Қираған қала тұрғындарының су түбіндегі құмыралары,

Мешіттердің заңғар көкке асқақтаған мұнаралары.

Мені күнірентеді:

Жерді улап жатқан зымырандардың ұшар алаңы,

Өрісте жүрген жылқыны тұсағандары,

Жазармандардың шала піскен шығармалары.

Мені күйзелтеді:

Жағымпаздардың құлдық ұрып жасағандары,

Қомағайлардың қазақтың асын асағандары,

Өсер ұлдың өгейге еліктеп, ұқсағандары.

Мені егілтеді:

Қымыз бен шұбат ішіне қосылған дәрі,

Жетім мен жесір естілген тасадан зары,

Келетін ұрпақ ұшатын басынан бағы.

Алдымда не күтеді?

Сауық пен сайран –

Барлығы кетеді ойдан,

Төбеге қара бұлт келіп қанатын жайған,

Көкіректе шер-шемен, құса қалады...

Сарғайған жапырақ

Сап-сары қабірдің жанында

Қап-қара бір уыс топырақ...

Өмірге құлшынып,

Жас шыбық тұр шығып.

Бұтақта қалтырап жапырақ.

Жаз – жасыл, күз – сары, қыста әппақ,

Түр-түсін өзгерткіш жапырақ ақымақ.

Бұтақта мәңгілік тұрмайды салбырап,

Суықта түседі саудырлап,

Өткенін аңсайды

Сұп-суық қара жер қойнында жатып ап.

Сауықты, сайранды күндері ойлаған

Басымнан ешқашан кетпес деп осы бақ.

Қарасаң үңіліп,

Үстіне қап-қара топырақ шашырап,

Жатыр ғой үгіліп

Бір кезде жап-жасыл,

Ал енді сап-сары, шіріген жапырақ.

* * *

Сарғайды қалың орман да,

Түсіндей болып сары майдың.

Жап-жасыл болған сол маңға

Сары күз келіп, сарғайдым.

Алыстан көзге шалынды

Сары киім киген жолшылар.

Сап-сары бояу малынып,

Сағынған жазды бар шығар.

Тартқандай кейде денем сыз,

Жазсам деп едім мән-жайды.

Тартпамда жатқан елеусіз

Қағаздың өзі сарғайды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар