Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арман Шеризат. Өміштің «Құдайы»

13.09.2019 331

Арман Шеризат. Өміштің «Құдайы»

«... Әлдебіреу ауыр күрсінгендей болды...». Әңгіме осылай басталады. Бірден ойыңызға әңгіменің аты оралады. «Құдай». Шошып кетесіз. Енді өзінен-өзі кімнің күрсінгені де түсінікті. Ары қарай не болар екен дегендей құныға түсесіз. Жаңағы күрсіністен үдей соққан жел, жапырақтарды ұшырып барады. Және ол жазушының көзіне тегі мен тамырынан ажыраған адамдай бағытсыз жөңкіледі. Шынында да тегі мен тамырынан ажырап қалған адамды мұнан артық неге теңеуге болады? Бәрінен мақұрым қалып, қаңбақтай қаңғыған бейбаққа Құдайдың қаһарынан басқа не бұйырсын?

Ояна сап, үйінен ақтарып-төңкеріп ақша іздеген еркек диванның астынан шаң басқан елу теңгелік тауып алады. Тиындағы елтаңбаға көзі түсіп: «О, мемлекетім менің! Халқыңды сонша зарықтырғаның қалай а?!». Бүйрек беті қозғалып, көз қиығы әжімдене зорлана жымиды» - дейді. Құдды қалтасы бүтінделмей қайыршылықтан қақырап отырған халықтың, билікке айтқан арызындай.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Өміржан Әбдіхалықұлы: «Құдай»

Енді жазушы ақ теректің ұшар басымен сол бес қабатты үйдің төртінші қабатына көтеріледі. Мұнда қабырғадағы қос қарияның суретіне арқасын беріп, жазу үтеліне басын салып жалғыз жылап отырған мұңлы әйел бар. Қабырғадағы тоқтап қалған сағат зәреңізді ұшырады. Үстелдің оң жағында тұрған кішкентай крест әйілдің ұлты мен дінін аңдатса керек. Умаждалған қағаз бен ретсіз жатқан кітаптар оның шығармашылық адамы екенін айтады.

Бір уақта ауызы жыбырлап, шоқына бастайды. Крест тағылған алқаны қолына алып, енді сүймекке жақындатып ерініне тиер-тимес қалғанда тоқтап жылап жібереді. Жалғыз ауыз сөз: «- Сүйе алмаймын оны, Құдай-ау». Оның сеніміне селкеу түсіріп, жанын жылатқан қандай күш екен деп ойлайсың. Бір кезде қолына кресті бар алқасын қысып жеделдете тысқа беттейді. Баспалдақтың темір жақтауына ілініп, үзіліп түсіп қалған кресті аңдамай да қалады.

«595» алтыннан жасалған кресті, елу теңгесін қалтасына салып ап көшеге шығып келе жатқан еркек тауып алады. «Құдай берді деген – осы» - деп, табуын тапса да басында қуанғанымен «Құдайды» белден төмен шалбардың қалтасына салғаным зор күнә болды ғой - деп өзін шын күнәһар сезіне бастайды. Осылайша жазушы «Құдайды» қалтаңа салып жібереді. Қырсыққанда қалтаңдағы «Құдайдың» алтын болып шыққанын айтсаңшы. Алтынның буы ұрған пенденің көңілі алай-дүлей. Осы әңгімені оқып отырып тұңғыш рет Құдайдың алтын болмағанына қуандым. Әйтпесе, «Алтын Құдай» қайыршының қалтасына қайдан сыйсын.

«- Ой, Алла-ай... Даусы шығып кеткенін байқамай қалды. Кенет, мұсылман екені есіне түсіп, жүзіне күнәдан арылған құлдың қуаныш реңі кіріп, болар-болмас жымиды».

Міне, жазушы оған шығар жол да тауып берді. Осы жерде адамның өзіне шаң жуытпайтын ақталу психологиясы жатыр. Жазушының кенеттен Алла-ай дегізгенін қарасаңшы. Бағанадан Құдай еді ғой. Әп-сәтте мұсылманыңыз әпенді боп шыға келді. Және адамның ойына түсе бермейтін сылтаулармен қалай ақтайды өзін:

«Алланың берген несібесі ғой, неде болса. «Құдайларының» адам аяғының астында жатқанына мен кінәлімін бе? «Құдайға» құрметтері ме осы ма, баспалдақта шашылып жатыр. «595». Алтыннан құйған. Демек, «Құдайды» сатып алады. Сатып алған «Құдайды» тауып алса несі бар екен?! Тіпті қайта сатып жіберсе де болатын шығар».

Жағаңды ұстайсың. Адамның әділ Ар сотынан қарағанда, нәпсілік адвокаты мықты-ау, осы. Жалғанда өзі «судан ақ, сүттен таза» адамнан шошу керек шығар. Мынау бықсық пен былғы көп, пенделік патшалық құрған жерден таза адамды қайдан іздеп табасың? Ол бір қол жетпес биіктей көрінеді. Сонда да өзімізден жақсы, өзмізден таза, өзімізден асқан адам жоқтай көрінеді жер бетінде. Ең сорлылығымыз да сол. Осы бір ит мінезімізді бетімізге басып отырған жазушы мұнымен де тоқтай қоймайды. Әлгінің алдынан жарқырап «Хан Ломбард» шықсын. Біз алтын ғана емес, адамдық құндылығымызды да, адалдық сенімімізді де ламбордқа қоса өткізіп жібергендейміз. Енді не қалды?

ТЫҢДАЙ ОТЫРЫҢЫЗ: Өміржан Әбдіхалықұлы - ҚҰДАЙ (аудионұсқа)

Жаңағы «мұсылман» «Құдайды» ломбардқа өткізіп, екі дорба тамағын алып үйге келді. Бар құны сол ғана. «Құдайын» жоғалтқан әйел дәлізге хат қалдырыпты. Әңгіменің бар түйіні де осында жатыр. Төбеңнен Құдай сөйлеп тұрғандай әсерге бөлейді. Жазушының шеберлігіне таңданғаннан басқа шараң жоқ. Бір беттік әңгімемен бүкіл ғұмырдың түйінен қоя салған. Міне, қаламның, қаламгердің құдіреті.

Сол хатта, өзінің Құдайды сатпағанын, тек сенімін сатқанын. Сенімнің қай заманда да өтімді тауар екені, тіпті, өмірдің өзін сол – сенім саудасына теңеген. Адамдардың бір-біріне сенім артуының өзі сол сауданың басы болмақ. «Бір Құдайға сендік» дейміз. Сенім адамның өзі үшін ғана керек, Құдай адамның сеніміне зәру еместігі, адамның Құдайға сенімін саудалауы барып тұрған антұрғандық екені жазылған. Тіпті, Ғашық жарға қолыңыздың жеткені – сеніміңіздің өткені болмақ. Қызметке тұру дегеніңіз де сол сенім саудасы. Сайлауға барасың тағы да сол сеніміңді сатасың. Бар әлем сенім саудасының базары екенін жазған. Ары қара былай дейді:

«Мен де сенімімді саттым. Өтпеді – сүйе алмадым.

Сеніміңіз өз құнын өтеді ме?..» - деп сауал тастаған. Сіз не дейсіз?

Әңгіменің соңында «... Әлдебіреу күлімсірегендей болды...» - дейді. Ия, сол ғой...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар