Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Cафина Ақтай. Үйге қайтамын. Шаршадым

12.08.2019 792

Cафина Ақтай. Үйге қайтамын. Шаршадым

Негізі оның жады тым нашар еді. Узайдың. Оның есімі - Узай. Жаңа ғана танысқан адамының атын ұмытып қалатын, тіпті еске сақтауға тырыспайтын да.

- Есіміңіз кім?

- Ғарыш

- Қуаныштымын.

- Мен де.

Екі күн өткеннен кейін Ғарыш үлкен үмітпен Узайға хабарласатын еді. Узай онымен қайда, қашан, тіпті не үшін танысқанын білетін. Алайда есімін ұмытқан еді. Сондықтан есіміңіз кім еді деп қайыра сұрайтын. Тек Ғарыштан ғана емес, бәрінен. Әлдекімдердің бұған өкпе артқанын көрсеңдер ғой. Шынымен адамдар есімін есте сақтамағаны үшін ренжиді екен. Узай онысына еш қымсынбайтын. Қайта ұмытып, қайта сұрайтын. Әлдекімдер оны тәкәппәр деп ойлайтын. Адамдарды әдейі ұмытады дейтін. Негізі оның жады тым нашар еді...

***

Сағат 23:02. Ұйықтаңдар. Әңгіме осымен тәмам...

Узай осылай дегісі келді. Алайда онсыз да ренжіп жүрген әлдекімдердің бұдан одан әрмен көңілі қалар еді. Сондықтан әңгіме жалғасын табады. Күні бойы шапқылап жүгіргеннен болар талықсып ұйықтап кетіпті. Түсінде бүгін таңертең жол бойында жолықтырған Үміт мырзаны көрді. Өзі де Үміт мырзаның шаштаразына бас сұқпақ болып жүр еді. Бүгін өзі жолықты. Екі жылда таудай денесі шағылып кеткен, еңкіш тартыпты. Баппен бастырылған мұрты аппақ, ал көздері тым шаршаңқы еді. Шынымен дәл өңінде көрген бейнесі түсінде де сол қалпында жаңғырып тұр. Үміт мырза Узайға емеурін білдіріп, аузын аша беріп еді кенет көзінен жас аға бастады. Құдды жас емес теңіз іспетті, тоқтамай ағып жатыр. Ол жас емес, қан екен. Узайдың ақ плащы әбден қанға малшынып кетіпті. Узай қалтасынан бет орамал алып Үміт мырзаның көзінен аққан қан-жастарды сүртпек болып ұмсынса да, денесіне қолы тимейді, құдды ашық шыныда тұрған жандай ұстатар емес. Сөйтсе, Үміт мырзаны Узай айнадан көрген екен. Айнаның бетін ұстапты, бетін ұстаған соң оның денесіне қолы қайдан тисін. Айнаға қарап тұрған Узай одан Үміт мырзаны көрді. Кенет айна қан жылай бастады, айнаның бетінен аққан қанды жас Үміт мырзанікі екен. Жоқ, айнада Үміт мырза жоқ, шынымен дәл алдында тұр екен. Енді қол соза бергенде әлгі аққан қан жылғадан жүгірген судай ұстатпай зуылдап кете барады. Бар жерді шарлап көкке қарай асау мұхиттай аласұрып, кенет қызарған ай болып туыпты. Узай өмірінде ондай қан қызыл түсті ай көрмеп еді. Айға қарай қадамдай бергені мұң еді, ай жалынға айналып мұны шарпып алыпты. Ақ плащын жалын шарпи бастады. Ол өртене бастаған екен. Узай айқайлайын десе, үні шықпайды. Денесі дір ете түсті де көзін ашты. Қан қызыл түсті ай мен жалын ғана есінде. Қалғанының бәрін ұмытыпты. Негізі оның жады тым нашар еді.

***

Желмен жалбалақтап ұшқан ақ пакет артынан біреу қуғандай зулайды. Әлдекім қоқысқа тастауға ерінген бе, әлде расымен бастырылмай көше шарлап кетті ме, белгісіз тарихы бар ақ пакет желігіп барып Узай кіргелі келе жатқан шаштараздың көшенің тұсына трапеция іспеттес қылып орнатқан ағаш жақтауына барып жабыса қалды. Саябырсыды. Узай шаштараздың есігін ашып қарап қалса, өзін көрді. Шашы желден әбден ұйысып қалыпты, айна соны дәл көрсетті. Сопақ есіктен әрі өте беріп еді алдынан Үміт мырза шыға келді. Бұл Үміт мырзаның жеке шаштаразы болатын. Неше жыл қатарынан осында шаш қияды, әрі өзі қожайын.

- Қош келдің, Узайжан. Қалың қалай? Бері қарай өте ғой. Бір стақан шай құйып жіберейін жаңа ғана демдеген едім.

- Қалыңыз қалай? Жағдай жаман емес, негізі. Узай тренчын шешкен күйі сөйлеп, табалдырықтан аттады.

Үміт мырза бір стақан ыстық шайды қоюлап тұрып құйып, Узайға ұсынды. Қолы дірілдейді екен. Узай оны кеше ғана көрсе де тағы да аппақ қудай сақал-мұртына көзін алмай қарады. Кенет көздеріне назар салды. Тым шаршаңқы көрінді. Жымиып отырса да ар жағында бір ауыр мұң жасырын тұр. Ол негізі байқалатын. Үміт мырза қолын шаюға тұрып кеткенде Узай шаштараздың бір бөлмесінде құдды мұражай іспеттес шағын бұрыштың барын байқады. Бір-екі рет келіп, шаш қидырып жүргенде байқамаған еді. Алтын түсті жылқының мүсіні, дәл кеше түсінде көрген қан қызыл түсті айы бар картина, тіпті ескі радио.

- Мен оны жақсы көрем.

Дауыс жақыннан шықты. Үміт мырза қолын сүлгіге сүрткен күйі Узайдың радионы ұстап тұрған қолдарына бір, радиоға бір көз тастады.

- Ол менің бала кезімнің куәгері һәм не деуші еді – естелік. Отанды сағынғанда осы бұрышқа жиі келіп тұрамын. Алыс емес қой, дәл жұмыстың жанында (Үміт мырза әзіл айтқандай езу тартты). Бізде мұны «қасірет» дейді Узай ханым, сағыныш...

- Отанға деген сағыныш па?

- Отанға. Үш жылдан бері табаным тимеген Отанға, үш жылдан бері көзім көрмеген бауыр, ата-анаға және бір уыс топыраққа.

Узай Үміт мырзаның алдындағы орындыққа жайғасты. Үміт мырза қолына су сепкіші мен қайшысын алып, әңгімесін жалғай түсті. Узай оның бейнесін айнадан барлап қарап отыр.

- Сол адамның өзегін өртеген маусымдағы түннен кейін туған жерге аяқ баса алмаймын деп кім ойлаған. Саясат бізді ойыншыққа айналдырады деп еш уақытта ойламаппын.

- Саясат – нашар.

- Ойыншы саясаткерлер тым ақылды еді, сол себептен олар бақытсыз болды. Бақытсыз адам өзгенің бақытын тартып алуға құштар бола ма сонда? Тіпті ең ұлысын. Төңкеріс деп бағаланғаннан кейін ол шекараға жақындап бара да алмадық. Барсақ, абақтыға тоғытып, я өлтірер еді. Біз үшін жалған әрі хақсыз саналатын айыптың тырнағына еш іліккім келмейді. Үміт мырза көзін бір нүктеге қадап, қайтадан қолындағы қайшысымен Узайдың шашының ұшын қылшықтап қия бастады.

- Үміт бар ғой?

- Үміт өлмейді ғой. Бірақ бәрінен де Отанға деген сағыныш жерлеп барады. Бұны тәлкек дейміз бе әлде қалай? Мен сияқты тағдырға тап болғандардың бәрі Отанын сатты деген жалған айыпқа жығылды. Сол бізді өртеп барады. Олар бізді қуғындай түсіп, жаныштағылары келсе де, Отанымыз өзектен тебе ме?

- Сонда әлдекімдердің ызбарлы қаһарынан туған жерге табан тіреу мұңға айналды ма?

- Айналғалы қай заман. Ана жақта тыныштық жоқ. Үміт мырза оң қолымен жүрегінің тұсын қағып қойды.

- Мұнда сізді ешкім де өзектен теппейді ғой.

- Отан деген адамда біреу ғана, Узайжан. Оның үш-төртеу болуы мүмкін емес.

- ...

Кейде адам түсінде тым бақытты болып кетеді. Кейде керісінше. Сосын оның түс екеніне қатты қуанады. Ал кейде керісінше өкінеді. Узай жиі түс көретін. Мүмкін жиі ойланғаннан болар. Ал кейде керісінше ештеңе ойламайтын. Оның жазуы да айқыш-ұйқыш еді. Тек өзі ғана түсінетін. Негізі жазудың жаман болуы, әрі адамның тез жазуы оның интеллектуалдық деңгейінің жоғарылығын білдіреді деп жатады кейбіреулер. Мүмкін шынымен солай шығар. Бір күні ол өліп қалыпты. Мына жаһаннан ізім-ғайым жоғалыпты. Оны еш пенде іздемейді екен. Адамдар еш қамсыз тірлік етіп жүре береді екен. Олар тіпті өлетіндерін де ойламайды екен. Дәл қазіргі сәттің рахатын сез деген қағидатты ұстанған болса керек, дәл қазіргі сәттің рахатымен талай пендешіліктің лимитін құртып тыныпты. Узай оларға көктен барлап тұрды. Кенет аспанды қара бұлт торлап, көкте қан қызыл түсті ай туды. Узай ол айдан қатты қорқатын, өйткені ол ай емес жалын екен. Дөңгелене лапылдап жанған жалын. Узай оны біресе тозақ оты десе, біресе жәй ғана жанып тұрған от деп көрді. Тағы да плащымды жалын шарпыр деп Узай айдан қашқақтай тырмыса берді, тырмыса берді. Жалын оны қуып келе жатса да қаша алмайды екен. Орнынан қозғалар емес. Айқайлағысы келді. Көзін ашса, алдында ақ қабырға ғана тұр. Оның ойында қалғаны жалын ғана. Себебі оның жады тым нашар еді.

***

Ол апельсинді жақсы көретін, мандаринді де. Әсіресе қабығын аршып, айнаның алдына қоятын, сонда иісі бөлмені алатын. Сол үшін жақсы көретін. Үміт мырза ғой.

- Мандарин мен апельсиннен бересіз бе? Бір-бір келі.

Узай бүгін тым көңілді. Жаңа жыл келген сайын көтеріңкі бір көңіл күй адамды баурап алатын сыңайлы. Бірақ бұл факт емес, әркімде әрқалай. Узай қолына екі дорба ұстаған күйі шаштараздың есігін әрең ашты. Есікте 2019 деген шыршаның бейнесі бар әдемі сурет тұр екен. Басқасы орнында. Узайдың алдынан шыққан Үміт мырза да тым көңілді.

- Қош келдің, - деп ерекше нығырлай әрі әндете сөйледі.

- Мынау сізге.

- Маған? Ооо апельсин, мандарин. Жақсы көрем. Рахмет, Узайжан.

Узай ішкі бөлмеге өте бергенде Үміт мырза әдетінше шай құя бастады. Стақан шайды Узайға берді. Қолы дірілдейді екен. Кенет қолын қалтасына сұғып жіберіп көк құжат суырып шықты да Узайға ұсына берді. Кәдімгі жеке куәлік. Үміт мырзаның аты жөні, туған күні, айы, жылы. Узай түсінді. Үміт мырза азаматтық алыпты. Қуана күлімсіреп құжатты Үміт мырзаның өзіне берген Узай бұлай болады деп күтпеген еді. Үміт мырза құдды жансыз адамдай құжатты ұстаған күйі көзінен жасы мөлтілдеп тама берді. Ол жылап отыр екен. Құжаттың бетіне жылт етіп тамып, сосын үстелге қарай ағып кете берген бір тамшы жас.

- Мен оны тәрк еткем жоқ. Мен одан аяқ алып қашпадым. Мен Отаннан безінбедім. Қалай безінем? Мен сонда оны саттым ба? Үміт мырза қолындағы көк қағазға қайта-қайта қараған күйі «Мен оны саттым ба... амалсыздан... Ол менің анам ғой, Отаным менің анам. Анасы баласын өзектен тебе ме?» дегенді қайталай берді.

***

Антарктидада Жер атты үйге кіретін есік бар. Ағаштан жасалған, сықырлап ашылады. Ал Солтүстік Америка мен шығысындағы Тынық мұхиты сол үйдің терезелері. Картада бар қалған мемлекеттер сол үйдің бөлмелері. Үйдің мұржасы Солтүстік мұзды мұхитында орналасапты. Онда жылу бар, себебі түтін шығып тұрады. Узай мен Үміт мырза сол Жер атты үйдің Антарктидада орналасқан есігінен шығып кетті. Жерден тысқа шықса, көгілдір бір кеңістік бар екен. Мұнда уақыт деген түсінік жоқ екен. Мұнда бәрі Жер атты үйде болған қуаныш пен қайғыны білмейді екен, ешкім ешкімді танымайды. Жер атты үйде үстемдік құрып жүргендер мұнда қап-қара қоңыз іспетті екен. Уақыт оларды өзгелер танымайтындай етіпті. Себебі уақыттың жады тым нашар еді. Ана жақтан дәл Жер іспетті дөңгелек үйлер көрінді.

- Ана үйлерде қанша адам тұрады екен?

- Барғың келіп тұрса, сол жаққа қарай баралық.

Үміт мырза мен Узай Жерден алыстап, оның маңында бар дөңгелек үйлерге таяды. Есіктерін қақса, ешкім де ашпайды екен. Үміт мырза денесін сезбейді, қалықтап ұшып жүр. Өмірінде өзгеше еркіндікпен қауышқандай болды. Қалықтап ұшып жүріп, өзінің Жер атты үйінің тас төбесінен төне қарады. Анау жатын бөлмесі ғой, қонақ бөлмесі Еуразия материгінде орналасқандықтан болар үлкен екен. Ал ана тұста қан қызыл түсті ай көрінді. Үміт мырзаның жүрегі шым етті. Туған мекенге көктен көз тастады, бірақ ештеңе сезбеді. Қуаныш та, өрекпу де жоқ. Ол ондағы тас жүрек жандарды қатты аяп кетті. Себебі олар енді еркіндікпен дәл Үміт мырзадай қауыша алмайды. Олар еркіндігін қатыгездікке сатып жіберген еді. Қатыгездік еркіндікті енді еш уақытта қайтармайды. Ал ондағы қан қызыл түсті ай мұны шақыратындай. Шынымен шақырып тұр екен.

- Үміт, Үміт. Шақырып тұрған Узай екен.

- Есік қақсам ешкім ашпайды. Шамасы қонақ күткілері келмейтін сияқты.

- Жоқ, мүмкін олардың жағдайы жақсы шығар, олар бәлкім біртұтас бақытты отбасы болар. Сондықтан да бөтен жанды жолатпайтын шығар.

- Олар тіпті біз сияқты тысқа да шықпайды ғой.

- Тыныштық пен береке болса, тысқа не үшін шығады? Оларға өз үйінен жайлы жер жоқ.

- Ал біз тыста жүрміз ғой?

- Үйге қайтамын. Мен шаршадым...

- Бұл үйлер бізге есік ашпады. Жерге, өз үйімізга қайтайық онда.

- Ал егер өз үйіміз өзімізге есік ашпаса ше?

Узайдың да, Үміт мырзаның да жүрегі шым ете қалды. Есік ашпай қойса....

Жердің есігін екеулеп қақты. Тұтқасын жұлқи тартты. Айналаны мұхиттай меңіреу тыныштық басты. Алыстан мұнартып бұларға қан қызыл түсті ай қарап тұр екен. Ай жымиды. Бұлар да. Бұлардың ойына Жерге қайта оралмайтындары кіріп те шықпайтын сыңайлы. Мәз болып күлді. Ай да бұлармен бірге билей бастады. Меңіреу тыныштықты әдемі музыка бұзды. Еуразия материгінде, қонақ бөлмеде жатқандар әдемі музыка естіді. Әр кеш сайын әдемі музыка ойнап тұратын болды. Бір күні кенеттен музыка тоқтап қалды. Мүлдем.

Сурет ғаламтордан алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар