Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұлықбек Есдәулет. Шәкірт шақтың шыжықтары

06.08.2019 977

Ұлықбек Есдәулет. Шәкірт шақтың шыжықтары

«МЫНА ӨЛЕҢДІ КІМ ШЫҒАРДЫ?»

Мен – ҚазМУ-дің журналистика факультетін 1977 жылы тәмамдаған түлектерінің бірімін. Бізге сабақ берген ұстаздарымыздың айтуы бойынша, біздің курс қайталанбаған қызықты курс болыппыз. Бізбен бірге халық ақыны Қонысбай Әбіл, керемет әнші Жәнібек Кәрменов, ақын-жазушылар Батық Мәжитұлы, Мылтықбай Ерімбетов, Сайлаубай Тойлыбаев, Қуандық Түменбай, Серік Жанәбілов, Сейтқұл Оспанов, сыншы Жанұзақ Аязбеков, қазақ теледидарында орны бөлек Нұртілеу Иманғалиұлы, журналист зерттеушілер Төрегелді Байтасов, Ораз Қауғабаев, ғалым, дипломат Серікқали Байменшин, фантаст Жүніс Сахиев, т.б. секілді көптеген дарынды жігіттер оқыды. Сабақ кезінде де, сабақтан шыққан соң да түрлі әзіл-қалжыңдар толастамай, қызық-шыжықтар күн сайын болып жататын. Бірде Серік Жанәбілов бөлмеме келіп:

– Мен бір қызға ғашық едім, сол қыз маған қарамай жүр. Хатыма: «Жындысың, оңбағансың» деп жауап жазыпты. Соның бетін бері қарататын бір-екі шумақ өлең шығарып берші, – деп қадалып, жанымды қоймаған соң, құтылайын деп:

Хатыңа сенің үңіліп,

Өмірден кеттім түңіліп.

Бір сабақ жіптей үзілді

Үзілмей келген бір үміт.

«Жындысың » депсің сен маған,

Жан ба едім сондай оңбаған?

Тал бойым тұнған тәрбие,

Тентектік менде болмаған, –

деп бастап, әзіл-шыны аралас бірнеше шумақты экспромтпен сүйкектетіп бердім.

Ол бірер күннен кейін қуанған түрмен қайтып келіп:

– Рахмет, сенің жазып берген өлеңіңді оқыған қыздың беті бері қарады, жылы-жылы жауап келді. Сол өлең мен қыздың жауабын Оразбек досыма оқытып едім, ол: «Маған да осындай бір өлең керек еді», – деп жабыса кетті. Өйткені ол кейінгі курстағы Зада деген бір қызға ғашық екен. Сол қызға ғашықтығын тілмен айтып жеткізе алмай: «Ұлықбек маған да бірер шумақ өлең жазып берер ме екен?» – деп мені саған жіберді, – деді.

«Өзі неге келмейді?» – десем: «Барсам анекдотқа айналдырып жібере ме деп қорқам деді», – деп мені майлы ішекше айналдырды. Бірақ Серіктің сөзіне аса сеніңкіремей, қашқалақтап едім, ол қадалып, қоймай: «Өмірге кішкене жақындатып шығаршы. Оразбек оны сабаққа келе жатқанда 32-автобустың ішінен көреді екен. Жақындап сөйлесейін десе, ол қыз орысша оқиды, бұның орысшасы жоқ. Сөйтіп қол созым жерден қолы жетпей жүр екен. Сосын түнімен түсіне кіріп шығады екен. Осыны жазшы», – деді. Мен оның арғы жағында бір әжуа-әзілдің тұрғанын сездім де:

Күнде көрем 32-нің ішінде,

Түнде көрем, Зада, сені түсімде.

Менің кеудем қара қазан секілді,

Махаббатым қайнап жатыр ішімде... –

деп сол жерде айтып бере салдым. Серік қолма-қол қағазға түсіріп алып: «О-о, мынаны оқып, Ораз қуанатын болды!» – деп алды да жөнелді. Ол сол бетте ешқайда бұрылмастан Батыққа барып:

– Мына жерін Ұлықбек жазды, қалғанын сен жазып бер, – деп, қоярда-қоймай, тағы бір-екі шумақ қостырып, жалғатып, жазғызып алыпты. Одан оны өмірден ертерек өткен журналист Әуез Бейсебаев деген жазуы әдемі жігітке апарып, тасқа басқандай етіп, каллиграфиялық әріптермен ерінбей-жалықпай, ақ параққа көшіртіпті. Сол күннің ертеңіне филфакпен қосылып оқитын болдық. Ол кездері журналистикада жігіттер көп, филологияда қыздар мол. Қыздармен қосылып дәріс оқу бізге бір мейрам болатын. Өйткені журфактың көп жігіттері филфактың қыздарына қырындайтын. Екі факультеттің екі курсы қосылғанда сабақ үлкен мәжіліс залында өтетін. Сөйтіп, сол күні таңертең Серік пе, басқа біреу ме, әйтеуір әлгі өлеңді мұғалімнің дәл лекция оқитын мінбесіне апарып қоя қойыпты. Профессор Қанатбаев деген мұғалім келді де, трибунада жатқан бір парақ қағазды алып:

Күнде көрем 32-нің ішінде,

Түнде көрем, Зада, сені түсімде.

Менің кеудем қара қазан секілді,

Махаббатым қайнап жатыр ішімде.

Қаптап жүрген көп қыздардың ішінен,

Сұлуы боп сен көзіме түсіп ең.

Тимесең сен тимей-ақ қой, Задажан,

Сатып алам Дүнгенбайдың күшімен, –

деп тамам екі группаның көзінше дауыстап, мәнерлеп оқып шықты. Мұндағы Дүнгенбай – Оразбектің әкесінің аты екен. Оқып болғасын: «Мынау кімнің өлеңі? Мұнда неғып жатыр? Ұмытып кеткен бе, мә, алып, авторына беріңдерші», – деп старостаға бере салды. Сол жерде әлгі өлең қолдан-қолға өтіп, аудиторияны аралап кетті. Сабақ біткенше бәрі күлкіге қарық болып қалды.

Сабақтың жартысы бітіп, үзіліске шығып тұр едік, аяқ астынан қасымызға Ораз тебітіп жетіп келіп:

– Жаңағы өлеңді сен жазды дейді ғой, рас па? – деді. Мойындасаң болды салып жіберердей ашуы шегіне жетіп, екі иінінен дем алып, ентігіп тұр екен. Сосын мен оған саспай:

– Ореке, мен сенімен әзілдеспеймін ғой, – дедім.

– Ә, бәсе, сен емес. Оны жазған ана Батық ит болды ғой, – деді де тұра жөнелді. Сәлден кейін, сабақ өтетін мәжіліс залының ішінен даңғұр-дүңгір, салдыр-гүлдір еткен, тіпті шыңылдаған музыка аралас бір оғаш дыбыстар шығып кетті. Іштен қыздар шыңғырып қашып шықты. «Не боп қалды?» деп кіріп барсақ, екеуі сахнаның ортасында сарт-сұрт төбелесіп, аяқтары рояльға тиіп, опыр-топыр, шаң-шұң болып жатыр екен. Менен: «Сен жаздың ба?» – деп сұраған Оразбек, Батықтан тіпті сұрамапты да, акт залының сахнасындағы рояльдың жанында әлдекіммен жайбарақат әңгімелесіп тұрған оған жетіп келіп, әй-шәй жоқ, құлақ-шекеден перген ғой. Оған Батық қарап қалсын ба, қолма-қол жауап қайырған. Сөйтіп, әзілдеп екі шумақ өлең жазамыз деп біраз у-шу болғанымыз бар.

«ТҰҚЫМЫМ ҚАЛЫП ҚОЙЫПТЫ...»

Қонысбай ауырыңқырап, университеттің профилакторийіне жатып, сабаққа келіп жүрді. Бір күні әлгі профилакторий жөндеуге жабылатын болып, алдағы күндерінің асханалық есебінен деп, бір тор дорбаны толтыра печенье мен кәмпит, он шақты піскен жұмыртқа салып, қолына ұстатып жіберіпті. Сабақта отырып, ол екеуміз бір-екі кәмпитін талмап қойдық, жұмыртқаларды үзіліске шыққанда жемекші болып, отырған партаның астына дорбасымен қоя салдық.

Үзіліске шығып, келесі пәнді басқа аудиторияда оқитын болдық. Бұл сабақтың мұғалімі келмейтіні анықталып, аяқ астынан қолымыз босап қалғаны. Есімізге әлгі көп жұмыртқаның түсе кетпесі бар ма? Бірақ, іздесек... күлшелі тор дорба қолымызда жоқ... манағы оқыған аудиторияда қалып қойған болып шықты. Ала қоймақ болып жүгіріп жетіп барып, есігінен аттай алмай кері шегіндік: бөлме бос емес, филфактың қыздары оқып жатыр! Ішінде біздің дос боп араласып жүргендері де бар. Олардың көзінше дорбаны қалай аламыз? Қазіргідей пакет емес, ішінің бәрі көрініп тұратын жіптен тоқылған кәдімгі тор. Енді қайттік? Қарын болса шұрылдап барады. Печенье мен жұмыртқаны ойлаған сайын одан арман шұрылдайды. Не істерімізді білмей тұрғанда қасымызға сап етіп, курстасымыз Әбдіразақ келе қалғаны. Оған: «Әбеке, жұмыртқа жеймісің?» – деп едік, бірден: «Кәне? Тұқым бар ма? Әкел!» – деді. Ол Ташкенттің түбінде туып-өскен еді. Өзбекстандықтар жұмыртқаны тұқым дейтінін сонда білдім.

Біз оған ол жұмыртқалардың қай партаның астында қалып қойғанын тәптіштеп түсіндіріп, әбден дайындап босағаға алып келдік. Міне, ол сол сыныптың есігін қақты.

Іштен: «Кір!» деген профессор апайдың әмірлі даусы естілді.

Біз жартылай ашық есік түбінде сығалап тұрмыз.

Әбдіразақ ішке кіріп, ары аттай алмай, босағада тұрып қалды. Апай оған: «Есік көзінде неғып состиып тұрсың? Кір де отыр орныңа!» – деді. Қыздар профессор апайға мұның басқа факультеттің баласы екенін айта бастады.

Әбдіразақ: «Апай, анау партаның астында тұқымым қалып қойыпты, алуға рұқсат па?» – деді. Апай түсінбей қалып: «Не дейді?» – деп қайталап сұрады. Әбдіразақ барынша нақтап сөйлеп:

«Апай, анау партаның астында тұқымым қалып қойыпты, соны алайыншы?» – деп сызыла түсті. Апай оған:

«Кез келген партаның астына неғып тұқымыңды шашып жүрсің? Тез жинап ал!» – деді көзілдірігінің үстінен қарап. Қыздар ду күлді. Әбдіразақтың қыздармен ісі жоқ, асықпай барып, тор дорбаны алып шықты.

Үшеуміз күлкіден шашала отырып, бүкіл «тұқымды» печеньесімен қоса жеп алдық. «Әбдіразақтың тұқымын!..»

БҰЛТ ЗАУЫТЫ

Өскеменнен шыққалы шағын автобусымыздың басын ірікпей, жолдың ыңғайына қарай біресе ырғалып, біресе жырғалып, біресе қалғып-шұлғып келе жатқан біздің көзімізге түс ауа Керекудің қарасы шалынды. Қарасы дегенімнің өзі онша дәл бола қоймас, өйткені қаланың орамалындай алыстан қол бұлғаған жайылма түтіннің түсі ақшулан еді. Ә дегенше сол ақшыл түтіні ұзын мұржадан будақтай шұбала шығып, аспанның ақша бұлттарына ұласып, желсіз көкте айрандай ұйып тұрған алып зауыттың тұсына тақап қалдық.

– Анау не? – деді қасымыздағы мазаңдау кемпір, көзін сығырайтып, сақиналары саудыраған саусақтарын ақ түтінін атқылап тұрған зауыт мұржасына қарай шошайтып.

Жол бойы оның шектен тыс сөзуарлығынан құлақтары сарсылып, зәрезап болып, запы шегіп келе жатқандар еріндерін жымқырғаны болмаса, тырс етіп үндей қоймады.

Менің көзім ә дегеннен-ақ кемпірдің ірге жағында отырған аққұба қызға түсе берген, бірақ ол ұяңдық танытып, менен жанарын алып қашумен болған. Сөзге тартпақ болған әрекетімнен де түк шықпағасын пұшайман болып, қызды жайына қалдырып, алдымен әлгі кемпірдің ешкім тыңдамаса да оңды-солды сөйлей берген беталбаты сөздеріне біраз құлақ салып көріп, одан да жалыққасын, жолдың селкіліне қарамастан, сканворд шешуге кіріскен едім.

– Анау не, шырағым? – деді кемпір енді маған бұрылып. Ерігіп әрі сөзуар кемпірге қарадай қырыстанып отырған мен аяқ астынан әзілқойлығым ұстай қалып:

– Апа, ол кәдімгі бұлт шығаратын зауыт қой, – дей салдым.

– Бұлт шығаратын зауыт? Ондай да зауыт бола ма?

– Болғанда қандай! Қазір не жоқ дейсіз? Бәрі бар!

– Оның да рас-ау… Қайдам... Кәдімгі бұлтты шынымен осы жерде жасай ма?

– Көріп отырған жоқсыз ба? Дәл осы жерде жасайды! Бұрын осы бұлттар шетелден келетін еді. Қазір өзімізде өндіретін болды ғой.

– Құдай-ау, тәубе, бұған да шүкір. Естімеген елде көп деген. Бірақ бұрын осы бұлттың түрі көп болатын сияқты еді. Ақша бұлт, қара бұлт, ала бұлт, қазбауыр бұлт, шарбы бұлт дегендей. Мұнда шығарып жатқаны тек аппақ бұлттар ғана сияқты ғой.

– Апа, бұл әлі шикі, саумал бұлттар. Кейін піседі.

– Алла-ау, ә... Бұныңнан жаңбыр жауа ма? Жаумақ тұрсын күн де күркіремейтін шығар-ау…

– Өзіңіз құрт қайнатқанда алдымен аппақ болмай ма? Артынан қарая бастайды. Мына бұлттар да сондай.

– Қараяды деймісің? Апыр-ай, ә? – Кемпір таңдайын таңдана тақылдатып, микроавтобус терезесіне үңіле түсті. Әйнегін жаулығының ұшымен сүртіп-сүртіп қарайды. Біреулер күлісе бастағандай болды. «Күлсең кәріге күл» деген. Мен енді тіпті есе түстім:

– Бұлттар жасалып шыққан соң, осы жерден жан-жаққа, жер-жерге таратылады. Сұраған облыстарға жеткенше күнге сүрленіп, өзіңіз айтқандай қара бұлтқа айналады. Сол кезде күніңіз де күркірейді, жаңбырыңыз да жауады.

– Биыл біздің елге бір тамшы да тамбады ғой, жарықтық, тамбады. Қызылшаның бәрі күйіп кететін болды. Сонда осы көп бұлттан біздің облысқа неге жібермей жатыр екен?

– Бәрі блат қой, апа, блат… Бұл заманда бәріне таныс керек.

– Бұл оңбағандар Құдайдың бұлтынан да жей ме? Осы зауытта өзіңнің танысың жоқ па еді, қарағым? Болса, әкімдер ақысын жемейтін шығар, біздің елге де бөлдірсеңші.

– Бөлдіруге болады, апа. Ақысын берсе, боқысын шығарамыз. Қанша бұлт керек екен? Әкімдеріңіз өтінішін жазбаша жіберсін, әйтпесе бұлар бұлттарын сіздің ит арқасы қияндағы ауылыңызға дұрыстап жөнелте қояр деймісіз? Шетінен бюрократ, сараң.

– Сенімен сапарлас болғаным мұндай жақсы болар ма, бір аңқылдаған, иманжүзді, жақсы бала екенсің. Әдірісін жазып берсең, бара сап өтініш жаздыртуға тырысамын ғой. Хат танитын, бас көтерер азаматтар бар ғой, шүкір.

– Қиын түгі де жоқ. «Павлодар облысы, Бұлт зауытының директорына» деп жазса жетіп жатыр.

– Дегенмен, жазып бер, шырағым. Жеткенше ұмытып қалармын.

– Апа, менің қаламым жазбай отыр. Андағы қасыңыздағы қарындас жазып алсын. Адресін айтып берейін.

Кемпір қызға бұрылып:

– Жазып бере қойшы, шырағым, – деді.

Күні бойы кірпігін бір көтермей қойған аққұба қыз мойнын бұрып, мен жаққа жалт етіп бір қарады. Қап-қара көздің ұшқыны бір жарқ етіп қайта сөнгендей болды. Оған көзімді қысып, күлімсіреген болдым.

Осы кезде қала шетіне іліккен көлігіміз де жолдан бұрылып, жанармай құюға тоқтай қалды. Жұрт жапа-тармағай аяқ жазуға сыртқа шыға бастады. Мен жерге бұрынырақ түсіп, аққұба қызға қолымды ұсынып, шынтағынан демеп, тепкішектен түсуіне көмектестім. Қолы ыпыстық екен. Ол жерге түсер-түспестен:

– Рахмет! – деп даусы сыңғыр етіп, қолын тез тартып алды да, бетіме тіктеп қарады. Ұялы үлкен көздері мойылдай мөлдіреп тұр. Тұңғиығында бір тылсым от бардай. Мен оған аузымды ашып үлгергенімше қыз әлгі сыңғырлаған әсем даусымен ақырын ғана, – оңбаған екенсіз… – деп теріс айналып кетті.

Сең соққандай сілейіп қалдым. Ойыннан от шықты…

«Кәрі кемпірді алдап, қылжақтап нем бар еді?». Артық кеткенімді енді білдім.

Автобус қозғалар кезде қыз қайтып орнына отырмады. Алдыңғы қатардан орын тапты да, артқа бұрылып та қарамаған күйі Керекуге кірген бетте түсіп қалды. Көлігіміз жылжып жүре берген кезде сыртта тұрған ол мен жаққа бір қарап, қолын көтеріп, күлімсірегендей болды. Әлде маған солай көрінді ме екен?..

Ерні жыбырлаған кемпірдің көзі әлі көкте еді...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар