Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Серік Қирабаев. Алматы

01.08.2019 743

Серік Қирабаев. Алматы

Алматыға менің алғашқы келгенім мамыр айының іші еді. Қала түгелдей көкке оранып тұр екен. Маған қалаға күн түспейтін сияқты көрінді. Көшенің екі жағындағы биік ағаштар күн көзінен тасалап, көшені де, тротуарды да көлеңкелеп тұр. Әсіресе, ҚазПИ-дің алдындағы Совет (қазіргі Қазыбек би көшесі) көшесінің екі жағалаудағы биік ағаштары бастарын тиістіріп, көше бойын туннельге айналдырған. Далаға, кең жазыққа үйренген менің көзім жоғары қарасам, аспанды тұтас көре алмай, жан-жаққа қарасам, көкжиекке жете алмай, ағаштарға тіреліп қалатындай сезілетін. Көше бойы сылдырап суы ағып жатқан арық. Арық бойы, ағаш етектері бүгінгідей жалаңаш емес, үлбіреген көк шөп. Көшелері оқтай түзу. Мен сияқты сырттан келген адамдарға іздеген мекенжайыңды тауып алу тіпті оңай. Көшені тауып, жағалай берсең болғаны. Оңтүстікте Алатауы сырт көзге сұсты көрінгенмен, басындағы ала қалпағымен, бауырындағы қалың қарағайлы орманымен қалаға салтанат енгізіп тұр. Сол кезде-ақ Алматыны біз әлемнің ең ағашты, көгі мол қалаларының бірі деп еститінбіз. Кейін әбден туысып, осы қаланың тұрғыны бола жүріп, оған көзіміз жетті. Талай сұлу қалаларды көрдік, соның бірде-бірі біздің қаламызға тең келе алмайды. Мен оқу іздеп келіп, өмірімді осы қалаға табынудан, бастадым.

Қыркүйектің бірі күні аудиторияға кірдік. Осы сөзді де мен сабақ басталар алдында естідім. Мектепте оны класс дейтін. «Класқа кіріңдер» деуші еді мұғалімдер. «Аудитория» деген сөздің мағынасы одан әлдеқайда кең сияқты көрінді. Аудиториямыз – үлкен бөлме, зал. Оған институт корпусының биіктігі (ескі Верный гимназиясының үйі – кейін бұзылып, ҚазПИ-дің Қазыбек би көшесінде 8 қабат үйі салынды) де салтанат береді. Біз дәріс тыңдайтын 11-аудитория бүкіл Алматының үлкен залдарының бірі саналады екен. Онда қаладағы кездесулер, жиналыстар, Жазушылар одағының пленумдары өтеді. Институттың ішкі жиналыстарының бәрі де осы залда ұйымдастырылады.

Студенттер құрамы да біркелкі емес, ала-құла. Олардың ішінде әскери киіммен жүрген, майданнан келген солдаттар да, біз сияқты елде жұмыс істеп есейіп келгендері де, жаңа ғана мектеп бітірген сарыауыздары да бар. Бойлары да әрқилы. Майдангер Бақи Әбдіқадыров деген жігіт староста болды. Ең кішіміз және бойы да аласасы – Нұрдәулет Байсеркеев пен Рафхат Хасенов деген балалар еді. Қалғандарымыз жасымыз әрқилы болғанымен, бойымыз, дене бітіміміз біркелкі. Тек Әйтім Әбдрахманов қана бөлектеу, өзі еңгезердей, денелі болғанмен, арық. Арық, ұзын адам еңкіш көрінеді ғой. Аздап еңкейіп жүретін болғандықтан, оның ұзындығы да байқала бермейтін.

Бізде алғашқы сабақ болмады да, оның орнына факультет деканы Дәулет Әлімжанов келіп, әңгіме өткізді. Ағып тұрған сөз екен.

Біреулері артынан мақтап жатты. Бірақ мазмұнсыздау, қызылсөзге құмарлау адам сияқты көрінді. Студенттердің міндеті, сабақ режимі, тұрмысының кездесетін қиыншылықтары жайын түсіндіру орнына, отырған балалардың әрқайсысын бір тұрғызып, ақыл айтқан болып кетті. Нұрдәулетті тұрғызып, «Сенің бойың аласа екен. Мәлік Ғабдуллин де сендей болатын. Сен қайтесің? Мәліктей боласың ба?» – деп ежіктегені есімде. Оқуға жаңа түскен жас бала не айтады? Қадалып, тілмарсып сөйлейді екен, сонысы ұнамады. Екінші сабақта 11-аудиторияға жиналып, басқа факультеттердің студенттері қосылып, «Марксизм-ленинизм негіздері» деген курстан дәріс тыңдадық. Дәріскеріміз – Орал Тоқмұрзин деген кісі. Ол кісі өзі оқитын пәннің бағдарламасымен қысқаша таныстырып барып, дәрісін бастады.

Мектеп сабағын ғана білетін балаларға дәріске ілесіп жазып отыру оңай емес екен. Дегенмен, алғашқы сабақтан бастап, мен барлық пәннен дәрісті ұқыпты жазып отырдым. Өйткені оқулық жоқ. Сол дәрістерім әлі бар. Кейбіреулерін сақтап, ұстаздарымның мерейтойларында өздеріне сыйладым. Ахмеди Ысқақов оқыған «Қазіргі қазақ тілі (морфология)», Садуақас Бакшилов оқыған «Жалпы тарих» сияқты дәптерлерім осы жолмен авторларына қайтарылды. Үшінші сабаққа («Әдебиеттануға кіріспе») Қажым Жұмалиев келді. Қажекең аты бұрыннан таныс, мектепте оқулықтарын оқығанбыз. Оның үстіне Ленинградта докторлық диссертация қорғап, былтыр ашылған Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланғанын газет хабарларынан білем. Сабаққа келген бетте ол кейбір балаларды тұрғызып, қысқа ғана танысты да, дәрісін бастап кетті. Дәріс үстінде қозғалғанды, сөйлегенді ұнатпайды екен. Тым-тырыс тыңдадық. Бір кезде арт жақта отырған бір-екі баланың тыңдамай отырғанын байқап қалып, сөзін үзді де:

– Әне бір бала, атың кім? Тұршы орныңнан, – деді. Бір бала орнынан көтерілді. Атын айтты.

– Мен не айттым, қайталашы, – деді Қажекең.

Әлгі бала үндей алмады. Тыңдамаған бала не айтып, нені қайталасын.

Қажекең екінші балаға қарай бұрылды да:

– Көршісі, – деді.

Көрші бала да тұрды. Ол да ештеңе айта алмады. Осыдан кейін жұрт тым-тырыс дәріс тыңдауға кірісті. Осылай біртіндеп төселіп, институттағы сабаққа бойымыз үйрене бастады. Күн сайын жаңа сабақ, жаңа мұғалім. «Қазақ фольклоры» (Мәлік Ғабдуллин), «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (Қажым Жұмалиев), «Қазақ тілінің практикалық курсы» (Төлеубай Қордабаев), «Орыс тілі» (О.И.Ларина), «Неміс тілі» (Мырзабекова), «Психология» (А.Асылбеков), «Жаңа тарих» (С.Бакшилов), «Тіл біліміне кіріспе» (Т.Қордабаев), «КСРО тарихы» (О.Сексенбаев), тағы басқа пәндер өте бастадық. Әр мұғалім – бір-бір мектеп. Сабақты өзінше жүргізеді.

Мәлік Ғабдуллин есімі де маған белгілі еді. Соғыс кезінде батырлығымен даңқы шыққан адам әскерден келген соң кандидаттық диссертация қорғап, Ғылым академиясында істейді дегенді газеттен оқығаным бар. Ол бізге «Қазақ фольклоры» курсын оқуға келді. Бұрын бұл курсты Мұхтар Әуезов жүргізіпті. 1947 жылдың басында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ КСР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институты жұмысындағы саяси-өрескел қателер туралы» қаулысынан кейін ол кісі сынға ұшырап, ҚазПИ-ден босатылыпты. Тек университетте ғана қалыпты. Мәкең биязы, жұмсақ, қазақ ауыз әдебиетінің материалдарын жақсы білетін, арасында әзіл-қалжың айтып қойып, балаларды жалықтырмайтын жайлы кісі екен. Оның дәрісін қиналмай жаздық. Әңгімеге айналдыра сөйлейді екен.

Төлеубай Қордабаевтың да сабақ үйрету әдісі жағымды еді. Ол тіл білімінің негізгі курстарын оқыр алдында жүргізілетін қазақ тілінің практикумын өткізді. Сөз талдау, сөйлем талдау жолдарын үйреніп, грамматика категорияларын жақсы біліп шығуымызға Төкең үлкен еңбек сіңірді. Білімді, сөзі аз, ойы мен талғамы нақты ғалым болатын.

Ауылдан келген, орыс тіліне шорқақ балалардың орыс тілін үйренуіне Ольга Иванова Ларина деген ұстазымыз жанын салып бақты. Ол бізге оқу жоспары бойынша жүретін екі жылдық курсты түгелдей өзі жүргізді. Тіл үйрету, лексикалық қорымызды байыту, мәтін оқып, мазмұнын айтып беру, грамматиканы игеру бағытындағы оның жұмыстары нәтижесіз кеткен жоқ. Ренжімейтін, күліп отырып дегенін істететін тәжірибелі ұстаз еді. Жаңа үйленген күйеуі әскерге кетіп, салт қалған әдемі келіншекті жағалайтын жігіттерді де байқайтынбыз. Бірақ Ольга Иванова жұрт өсегіне ілінген емес. Кейін, көп жылдан соң, зейнетке шығар алдында тұрмысқа шықты деп естідік. Содан кейін ол көзге түспеді.

«Жалпы тарихтан» сабақ берген Садуақас Бакшиловтың да дәріскерлік әдісі үлгілі еді. Ол тарихи мәліметтерді қызықты ғып әңгімелеп, кейбір жерлерін қайталап, сөзді үстемелеп сөйлейтін («Оливер Кромвельдің өлімі буржуазияның қабырғасын қайыстырды, жүрісінен жаңылдырды, тәубасын есіне түсірді» деген сияқты). Жүзі жылы, көзі күлімдеп тұратын осы ағаммен мен кейін ұзақ жыл қызметтес болдым. Өте сыпайы, күліп жүретін, елгезек, бауырмал кісі еді. Тарих-филология факультеті болып, екі мамандық бірігіп жұмыс істеген жылдарымызда студенттердің педагогикалық практикасына бірге барып жүрдік, карта ойнадық. Отбасымыз араласып, сыйластық. Әлияның ағасы Бейсенов Сейілбекпен бірге оқыған, онымен достығын сақтаған Сәкең Әлияны өз қарындасындай көруші еді.

Сабақ оқу мен ұстаздарым жайлы алғашқы әсерім алыс ауылдан, ұзақ жылдар күтіп, білім іздеп келген менің көңіл күйімді көтеретін жағдайда еді. Алайда, институттың сыртында тұрмыс деген екінші тіршілік күтіп тұрды. Ол – соғыстан қирап шыққан шаруашылық әсерімен қалыптасқан күнкөріс қамы. Киім-кешек жоқ, үйден келген жұпыны киімдерімізбен жүреміз. Тек ойлайтынымыз – тамақ асырау. Карточкамен алатын 500 грамм нан. Басқа тағам түрлері жоқ. Сол аз нанның өзі де кезекке ұзақ тұрып алуды тілейді. Бір тәуірі – нан дүкені ҚазПИ қорасының ішінде. Сол кезде физика-математика факультеті орналасқан, қазіргі сурет-графика факультеті отырған үйдің төменгі қабатында. Сырттан адам аз келеді. Негізінен, студенттердің өздеріне ғана қызмет етеді. Ауылдан тамақ әкелудің ретін де білмейміз. Әуелде өзімізбен бірге азғана май, талқан әкелгенбіз. «Талқан шыдамды болады, май салып, соны былғап жесең, өлмейсің», – деген білетіндер. «Ет шыдамайды, оны сақтай алмайсыңдар», – деп бермеген. Институттың қорасында кішкене асхана бар, одан тамақ ішу мүмкін емес, қымбат әрі дәмсіз дайындайды. Оның үстіне институтқа жаңа корпус саламыз деп біз бірінші курсты бітіретін кезде оны да бұзып тастады. Қазіргі заң факультеті отырған корпус сол кезде жоспарланып, 4 жылдай салынды. Оны да мектеп үйі деп салып, біткен соң институтқа берді. Әйтпесе, соғыстан жүдеп шыққан елдің оқу орнын салуға мүмкіндігі де жоқ-ты.

Осындай қиын жағдайда әкемнен хат алдым. Ішіне жолаушылар карточкасын қоса салыпты. Ол кезде іссапарға шығатын адам өзінің карточкасын жолаушы карточкасына айырбастай алатын. Әкей өзінің жеп отырған 500 грамм нанының айлық карточкасын айырбастап, маған жіберіпті. Фурманов пен Мәметова көшелерінің қиылысында, қазіргі 18 мектептің қарсы қатарында осындай карточкаға тамақ беретін дүкен бар екен. Соны тауып алдым. Бір айға он шақты бөлке нан, қосымша лапша, май, тағы басқа тағамдар алдық. Нанның бәрін жеу мүмкін емес, қатып қалады, не көгеріп кетеді. Сондықтан өзімізге керегін алып қалып, қалғанын Хамит пен Құдыкен (осындай бір жетім бала Хамитпен жолдас болып, мені паналап күн көрді) базарға апарып сатады. Байыдық та қалдық. Әкей осы жақсылығын келесі айда да қайталады. Қайран, Ақкем-ай, маған деген көңілің бөлек еді-ау! Менен үлкен үміт күтетініңді сезетін едім. Еңбегіңді сатпай, жақсылығыңды осылай, айғайсыз, елеусіз жасағаныңды қалай ұмытармын!

Біздің басымызда бар хал елдің бәріне де ортақ. Таныс үйлерге бара қалсаң, бәрінің де жүдеу күйін танисың. Елдің үміті карточка тәртібін жоюда болды. 1947 жылдың аяғына таман карточка жойылады екен деген әңгіме тарады. Шынында да, желтоқсанның 16 күні карточканы жою және ақша реформасын жүргізу туралы қаулы шықты. Ақша тым көбейіп, бұрқырап кетіп еді, оны он есеге қысқартып айырбастады. Карточка жойылды. Бірақ жағдай жақсарып кете қойған жоқ. Өйткені дүкенде тамақ жоқ, түсе қалса кезегі үлкен, қолың жетпейді.

1948 жылдың көктемінде адам жей алмайтын, іші сағызданып тұратын қара нан түсті дүкендерге. Оның өзіне деген кезекте есеп жоқ еді. Менің жасымнан үйренген дағдым – ерте тұрам, сонсоң институт қорасына кіріп, дүкеннің алдынан кезек алам. Сөйтіп, кітап оқып отырып күтем. Өзіммен бірге жататын таныс балалар дүкен ашыларда ғана келіп, менің алдымнан кіреді. Тиісті нандарымызды алып тараймыз. Қосып жейтін бірдемең (май, т.б.) болмаса, нан өңешіңнен өтпейді де. Жатақханада тұратын балалар ішінде неше түрлі оқиғалар болып жатады ғой. Осындай күндердің бірінде маған бірге оқитын жігіт Әйтім Әбдрахманов келіп, отырып алып жылады. Не болғанын сұраймын. «Мен құрыдым ғой» дейді. Басқа ештеңе айта алмайды. Кәдімгідей солқылдап тұрып жылайды. Мен жұбатып әлек. Ақыры жылауын басып, әңгімесін айтты. Әйтім оқуға түскенде бір көзі жабық, соқыр болатын. Соған жазда операция жасатамын, сонда қорек болар деп сақтап жүрген бір қарын майы бар екен, өзі ақырын шетінен қасықтың ұшымен алып жеп, кілттеулі чемоданға тығып сақтапты. Әлгіндей тамақтан жүрмейтін нанды жылжыту үшін өзімен бірге жатқан балалар соны ұрлапты. Кейін ұрылар табылды. Совет көшесіндегі жатақхананың 27-бөлмесінде жататын балаларды ұйымдастырған Бердібек Соқпақбаев болып шықты. 7-8 бала жататын. Солардың үшеуін сырт қалдырып, қалғанын қосып алып, мәдениет және демалыс паркіне майды, нанды алып кетіп, күн ұзын жатып жепті. Сырт қалғандардың ішінде Әмеди Хасенов (оны қорқақ, айтып қояды деп алмапты), Мұқаш Сәрсекеев (тым ақжүрек деп), Кәрібай Шәменов (Әйтімге туыс, жаны ашиды деп) үшеуі бар. Бердібек осындай жоспарын айтқанда, балалардың бірі чемоданды бұзуға болмайды, ол – менің чемоданым деп зыр ете қалыпты. Чемодан дейтін чемодан да емес, үйеңкіден жасалған ағаш жәшік. Бердібек одан:

– Сенде кілт бар ма? – деп сұрайды.

– Бар.

– Онда чемоданды аш. Жәшіктің артындағы топсаның шегесін түзетіп қойып, қайта жабамыз. Сонсоң топсаны суырып аламыз. Жәшігің бұзылмайды, – дейді. Ақыры солай істейді.

Студенттік өмірдің қиыншылығы мен оны өзінше жеңуге тырысқан жастар арасындағы мұндай күлкілі жайлар аз кездеспейді. Талайын көрдік те. Сөйте жүріп сол ортадан қиыспас достар таптық.

Біз оқыған кездегі студенттердің ішінде әскерден келгендері, біз сияқты жұмыс істеп есейіп оқығандары, мектепті жаңа бітірген жастары да барын айттым ғой. Ол тек біздің курста ғана емес еді. Бізден бұрын оқып, 2-3-4 курстарда жүрген балалар ішінде де сондайлар көп-ті. Солардың ең үлкені – Иманбек Ұйықбаев болатын. Кейін үйленген жолдасы Фатима Мұсабекова – барлығы 4 курста оқиды. Салт кезінде жатақханада Әмеди Хасенов, Асқат Әбілқаевтармен бірге тұрды. Әмедиге барып жүріп танысып, сыйласып кеттік. Кейін үйленген кезде де, одан кейінгі өмірімізде де сыйластығымыз үзілген жоқ. Өте жақсы оқыған, Сталин атындағы шәкіртақы алған, екі тілге бірдей жүйрік, пиғылы, ниеті таза Имекең бәріміздің үлкен ағамыз сияқты еді.

Әмеди Хасеновпен мені жерлесім, тарих факультетінің студенті Мәдіхан Әбсаматов таныстырды. Бұрын Мәдіханды өзі іздеп келіп танысыпты. Негізі жаңарқалық екенін айтыпты. Мен олардың аталарын біліп шықтым. Сайдалы ішінде Мінәсіп, Тұтқыш деген бай адамдар болған. Ақтауды мекендеген. Байларды тәркілеу кезінде балалары қуғынға ұшыраған. Содан әкесі Хасен Жамбыл облысы, Мерке ауданына қоныс аударып, сонда қалып қойған. Әмеди елді көрмеген, сол жақтан оқуға келген. Жаңарқа дегенді естуімен іш тартып, Мәдіханды өзі іздеп келіпті. Аталарының жөнін мен біліп айтқаннан кейін бе, Әмеди мені тіпті жақын тартып, дос боп кеттік. Ол үшінші курста оқитын. Жас мөлшеріміз шамалас. Содан арамыз үзілген жоқ. Студент кезімізде екеуміз бірдей киініп, бірге қыдыратынбыз. Қатар үйлендік, бала-шағамыз араласты. Әмеди оқу бітірген кезде әке-шешесі елге көшті. Қазыкен деген ағасы да елге барып, сол жақта үйленіп, балалы-шағалы болды.

Студенттік достарымның бірі – Мұқаш Сәрсекеев еді. Ол да Әмедимен бірге оқыды. Онымен және Бердібекпен мен әдебиет үйірмесінде таныстым. Мұқаш та сталиндік шәкіртақы алып оқыған, үздік студенттің бірі болды. Институттан кейін аспирантурада оқыды. Әдеби сынға көп араласты. Елуінші жылдардың бас кезінде партияның идеология саласындағы режимі тұсындағы сыншылардың ішінде оның есімі бөлек тұратын. Екі тілде бірдей әпербақандау сынға едәуір үлес қосты. Ол үшін мен Мұқашты кінәламаймын. Ақжүрек, партия ісіне, сөзіне қалтқысыз сенген азамат өзінің қалай осы жолға түсіп кеткенін байқамады. Байқаған кезде кеш болды. «Шапқанда байдың ұлы, тоқтағанда еске түседінің» кері еді. Сенімін жоғалтты. Содан диссертация да қорғамады, жазуды да қойып кетті. Өмірінің бәрін журналистік қызметте өткізді. Қандай күйде жүрсе де, студенттік достыққа адал қарап өткен жан еді.

Бердібек жөнінде мен арнайы естелік жазғам. Онымен достығымды, бірге өткізген, әзіл-қалжыңға толы жастығымызды әрқашан еске алам.

Бұлардан бір жыл кейін оқыған студенттер ішінде Айқын Нұрқатовтың, Нығмет Ғабдуллиннің, Әнуар Дербісалиннің есімдері мен үшін айрықша қымбат. Бұлармен ылғи жатақханада бірге жаттым, қара нанды бөліп жедік. Осылардың әрқайсысы жөнінде жазып та жүрмін. Әсіресе, Айқын екеуіміз әдебиеттің бір жанрында (сында) бірге жұмыс істеп, институттан кейінгі қызметімізді «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында бірге бастап, алғашқы оқулықтарымызды бірге жазып, әбден туысып кетіп едік. Талантты жігіт еді. Тағдыр оған ұзақ өмір бермеді. Докторлық диссертациясын аяқтап, монографиясын басуға дайындап қойған жерінде кенет апатқа ұшырады.

Нығмет пен Әнуар да жақсы жазушы, жақсы ғалым болып шықты. Осылардың қатарында әдебиет майданындағы қызметімізді бірге бастаған Баламер Сахариев, Мыңбай Рашев сияқты жігіттер де болды.

Менің өзіммен бірге оқыған студенттер ішінен де кейін үлкен ғалымдар шықты. Әйтім Әбдрахманов, Телқожа Жанұзақов, Есет Жұбанов, Оқас Нақысбековтер қазақ тіл білімі ғылымын ілгерілетуге үлкен үлес қосқан ғылым докторлары болды.

Тарихшы, жерлес Мәдіхан Әбсаматовпен де студенттік күндерімізді, бозбалалық өмірімізді де бірге өткіздік. Әлия мен Дәлеш бірге оқыған достар еді. Солармен жарасқан жұбымыз өмірімізге азық болды. Мәдіхан оқуын менен бір жыл бұрын бітіріп, Дәлешті алып елге кеткенше, арамыз үзілген жоқ.

Жаңарқалық жерлестер ішінен Тау-кен институтында оқыған Серік Қорабаев пен Рамазан Сәлімбаевтың достық көңілдерін де зор бағалаймын. Олармен де сырлас, адал дос болдық. Ойын-тойлардағы бас қосуымыз да бірге болатын.

Тұрмыстың қиыншылықтарына қарамай, бізді алға сүйреген, рухани тіршілігімізге азық болған осы достардың ықылас-пейілі мен Алматының рухани өмірі еді. Қаламен таныса бастадық. Театрларға жиі барамыз. Мен жас кезімде театр құмар едім. Қарағанды театрының спектакльдерінен қалмайтынмын. Елден әлдеқалай қалаға келе қалсам, кешке міндетті түрде театрға баратынмын. Соның арқасында Қарағанды театрының көп артистерін таныдым. Онда соғыстың соңғы жылдары Айтуған Салықов деген жолдасым істеді. Соған да еріп баратынмын. Алматы театрының, әсіресе, драма театрының спектакльдерін түгелге жуық көрдім. Оның кейбірін Қарағанды театрында көргендеріммен салыстырам. М.Әуезовті, С.Мұқановты, Ғ.Мұстафинді опера театрында бірінші рет кездестірдім. 1947 жылы күзде жас жазушылардың республикалық бірінші кеңесі өтті. Балалар мен жасөспірімдер театрында өткен осы бір жиынға ересек студенттерге еріп барып тыңдадым. Жаңа жазып, көзге түсе бастаған біраз жастарды көрдім. ҚазМУ-да өткен Мұхтар Әуезовпен, ҚазПИ-де өткен Сәбит Мұқановпен кездесулерге қатыстым (олар жайлы бұрынғы естеліктерімде жазғам).

1948 жылы күзде КазПИ-дің ашылғанына 20 жыл толуына арналған Қазақстанның ақын-жазушыларымен үлкен кездесу өтті. Оған сол кездегі Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Сәбит Мұқанов бастаған ақын-жазушылардың үлкен тобы қатынасты. Оны ұйымдастырушылардың ішінде өзім де болдым. Шақыру билеттерін жазушылардың үйлеріне апарып таратқанбыз. ҚазПИ-де оқыған ақын-жазушылардың жинағын шығарамыз деп, олардан шығармалар алғанбыз. Бұл жинақ, бірақ, шықпай қалды. Біз, студенттер, жинап, үстінен қарап, алғы сөз жазуға Қажым Жұмалиевке бергенбіз. Сірә, сол кісінің архивінде қалған болар деп ойлаймын. Осылар мені рухтандырды, білім жолына қанаттандырды.

Студенттерді ғылым, білім жолына баулитын шаралар да институтта көп ұйымдастырылатын. Онда әдебиет, ғылым, ойын-сауық үйірмелері жұмыс істейтін. Барлығын да белгілі қайраткерлер басқарып, жастарды көптеп тартатын. Әдебиет үйірмесін Қайнекей Жармағанбетов басқарды. Ол әуелде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы, кейін Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, «Әдебиет және искусство» журналының редакторы болып істеді. Сол жылдардың барлығында да институтта сабақ беріп жүрді. Қайнекей үйірмеде әдебиетпен шұғылданатын студенттердің шығармаларын оқытып талқылаумен бірге, ақын-жазушылардың жаңа шыққан кітаптарына пікір ұйымдастыратын. Әрқайсымыз оқыған кітаптарымыз жайлы айтып, кейін үйірмеде баяндама жасайтынбыз. Тәуір баяндамалар баспасөзге ұсынылатын. Менің алғашқы мақалам 1948 жылы «Социалистік Қазақстанда» жарияланды. Ол кезде мен небәрі екінші курстың студенті едім. КазПИ-дің сол кездегі әдебиетші студентерімен танысып, араласа бастадым. Жоғары айтылған ақын-жазушылармен кездесуді де осы үйірме мүшелері ұйымдастырды.

Тіл үйірмесі де студенттерге ғылыми тақырып беріп, баяндамалар жасатты. Мен оған да қатыстым. Соның арқасында студент кезімде М.Балақаевтың «Емле сөздігі» жөнінде («Ленишіл жас»), мектеп грамматикасы оқулықтарындағы қайшылықты пікірлер туралы («Социалистік Қазақстан») мақалалар шығардым.

Ойын-сауық саласында драма, домбыра үйірмелері жемісті жұмыс істеді. Белгілі театр қайраткері, режиссер Асқар Тоқпанов бізге «Мәнерлеп оқу» деген сабақ жүргізді. Сонымен бірге ол драма үйірмесін ұйымдастырып, М.Әуезовтің «Абай» пьесасы сияқты кесек туындыны студенттер сахнасына шығарды. Домбыра үйірмесін ұйымдастырған Құрманғазы оркестрінің қызметкері Елемесов те жастарды өнердің осы түріне баулуда едәуір еңбек жасады. Осылардың бәрі студенттердің рухани өсуіне жәрдем ететін шаралар еді. Соны біз толығынан пайдалануға тырыстық. Соғыс кезінде білімнен қол үзіп қалған біздің ұрпақта «білсем», «көрсем» деген талап күшті болатын.

Менің есейіңкіреп қалғанымды медеу тұтты ма, білмеймін, факультет басшылығы мені бірден қоғамдық жұмысқа тартты. Старостамыз Бақи денсаулығы болмай, сырттай оқуға келісіп, оқуды тастап кетті. Старостылықты маған ұсынып еді, мен келіспеген соң Әйтімді қойды. Оның есесіне маған факультеттің студенттік кәсіподақ бюросын басқаруды ұсынды. Алғашқы жылым ғой, сабағыма зияны тиер деп қашқақтап едім, Әмеди: «бол, болға» салып көндірді. Оның да себебі бар екен. Студенттерге берілетін жәрдем, киім-кешекке, қосымша тамаққа берілетін карточка кәсіподақ арқылы бөлінеді екен. Әмедидің мені зорлап көндіріп жүргенінің себебі осында болып шықты. Бірақ та карточка жүйесі тарап, біз оны пайдалана алмадық.

Кәсіподақ студенттердің демалуына жолдама да береді екен. Бір-екі рет соны пайдаланудың сәті түсті . Қысқы демалыста (1948 жылдың ақпан айы) Әйтім екеуміз тәуір оқитын студенттер қатарында Қарғалы демалыс үйіне бардық. 12 күндей болдық. Карточка жүйесі жойылған кез. Дегенмен тамақ өлшеулі. Барған күннің ертеңіне Әйтім: «Серік, мен қайтам-ау деймін. Мынаның тамағына тоймай жүрмін. Одан үйде тоя жеген наным жақсы сияқты», – деді. Әйтімнің тамақ ішу салтымен мен таныспын. Ол таңертең екі литр сүт сатып алады да, оны пісіріп, ішіне бір бөлке нанды турап, тойып алады. Басқа тамақ та шамалы. Сонымен күні бойы жүреді. Мен:

– Шыда, ертең түскі тамақ кезінде қосымша тамақ сұрап көрейік, – дедім.

Өзі сұрауға ұялады. Түскі тамақ кезінде тамақ тасушы қыздан:

– Сіздерден қосымша тамақ сұрауға бола ма? – деп сұрадым.

– Болады. Екінші жоқ, біріншіні қанша ішсеңіз де еркіңізде.

– Ой, рахмет! Бізге сол да жарайды.

Осыдан кейін даяшы қыз біріншіні толтырып бөлек ыдысқа құйып әкеп қоятын болды. Әйтекең 2-3 тарелкасын соғып алады, сонсоң барып екіншісін жейді. 12 күннің ішінде 4 кг қосты. Жардай боп семірді.

– Бұл дене менің сорым ғой, тамақ талап еткенде, оны қанағаттандыра алмай қор болам, – дейтін еді жарықтық.

Демалыс үйінде біздің институттың басқа факультеттерінен, университеттен, қыздар институтынан, консерваториядан студенттер болды. Олармен таныстық.

Екінші курста мен факультеттің комсомол бюросының хатшысы болдым. Үшінші курста факультеттің партия бюросына мүше етіп сайлады (партия мүшелігіне кандидат болып, 1946 жылдың аяқ кезінде елде өтіп едім, стажым бір жылға толмай оқуға кетіп қалдым да, мүшелікке өту уақытын созып алдым. Елден кепілдемелер алдырып, 1948 жылдың басында ғана мүшелікке өткем). Мұндай белсенді қоғам жұмысынан төртінші курста ғана босадым. Соңғы курста институт бітіретін студенттерді қоғам жұмысынан босату дәстүрі бар екен. Соны ескеріп, мені факультеттің қабырға газетіне редактор етіп қана тағайындады.

Сөйтіп, қоғам жұмыстарына белсене қатысуым әрі өте жақсы оқуым, ара-арасында газет-журналдарда жариялана бастаған мақалаларым менің беделімді көтерді. Студенттер ғана емес, мұғалімдердің өзі мені тең ұстап, санасатынды шығарды. Үшінші курстың басында факультет басшылығы мені сталиндік шәкіртақыға ұсынды. Бұл кездегі деканымыз Орал Тоқмұрзин менің қоғамдық қызметімді бағалап, өзіне көмекші санайтын. Оны-мұныға ылғи мені жұмсайтын. Менің кандидатурамды талқылаған ғылыми кеңесте Оралдың ұсынысын басқа мұғалімдер де қолдапты. Тіпті тарихшы Халел Әділгереев менің жақсы оқитынымды, қоғамдық белсенділігімді, мақалаларымды оқығанын айтып сөйлепті. Маған сабақ берген кісі емес еді, басқа факультеттің мұғалімі. Мұны маған деканым айтып, «Сені, бүкіл институттың мұғалімдері біледі» деп көтермелеп қойды. Шынында да, сол кездегі институт ұстаздары ішінде факультет мұғалімдерінен басқа математик О.Жәутіков, М.Сатбаев, физик Б.Оразбаев, тарихшы Х.Әділгереев, С.Бакшилов, географ М.Өтемағанбетов, П.Д.Устименко, педагог Қ.Біржанов пен Р.Г.Лемберг, қоғамдық ғылымдардың өкілдері Ү.Балқашев, Н.Үшаяқов, С.Толыбеков сияқты үлкен тұлғалар болды. Институттың шағын кезі. Партия жиналыстарын-да солармен қатар отырып, сөз сөйлеп қалып жүретінмін. Солардың бәрі сыйлап, бауырына тартты. Кейін солардың көбімен қызметтес болдым.

Сөйтіп, үшінші курстан бастап мен арнаулы сталиндік шәкіртақы алып оқи бастадым. Шәкіртақы – 600 сом. 80 сомнан бағасының қымбаттығына қосылады. Сөйтіп, айына 680 сом ақша алам. Жай студенттің шәкіртақысы 220 сом. Тұрмыстық жағдайым онсыз да жаман емес еді, әкем көмектесіп тұрады. Оның үстіне қосылған шәкіртақы мені едәуір көтеріп тастады. Және ұсынылған уақыт пен бекіген кездің арасындағы мерзімді есептеп, 3-4 айдың шәкіртақысын бір-ақ берді. Байып қалдым. Өз достарымды жинап, оны атап өттік. Студенттер мұндай мүмкіндікті бос жібермейді. Бірден-ақ қоршап, құттықтап, ұйымдастырып жібереді. Кейін тарих ғылымының докторы болған, белгілі этнограф Халел Арғынбаев менімен қатар тарих факультетінде оқып еді. Ол да үздік оқыды. Менімен бірге сталиндік шәкіртақы алды. Бірақ осы атап өту кезінде төбелес болып, аяғы шуға айналды. Халелді шәкіртақыдан алып тастады. Келесі жылы оқу бітірерде аспирантураға қалдырмай, еліне жіберді. Халел содан біраз жылдар салып барып, Алматыға кеш оралып, аспирантураға, ғылым жолына түсті. Тарихшылардың шәкіртақы жууы Халелге осындай қиыншылыққа түскен еді. Біз одан аман өттік.

Жоғарғы курстарға өткен сайын жаңа сабақтар қосылады, жаңа ұстазбен танысасың. Екінші курстан бастап орыс әдебиеті жүре бастады. Ол кезде орыс әдебиеті бөлек-бөлек курс болып өтетін. Орыс фольклорын бізге Н.С.Смирнова, көне дәуірдегі орыс әдебиетін Митряева, ХІХ ғасыр әдебиетін М.С.Сильченко, ХХ ғасырдың бас кезін және сын тарихын Л.П.Малинковский, кеңес дәуірін М.Н.Ритман-Фетисов, шетел әдебиетінен Н.Макарова оқыды. Орыс бөлімдерінен гөрі материалды шағындап берсе де, осы ұстаздардың алдын көріп, солар түсіндірген орыс және шетел әдебиеті тарихынан едәуір мәлімет алдық. Н.С.Смирнова дәрісті түрегеп тұрып оқитын. Ойын нақты айтатын, мүмкіндігінше орыс фольклорының материалдарын қазақ фольклорымен салыстыра отырып жеткізуге тырысатын, ғылыми ой тұжырымы кең ғалым еді. М.С.Сильченко отырып алып, ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің алтын ғасыры жайлы қызықты әңгіме айтатын, түсіндіретін. Таза киініп, сыпайы жүретін (мысықтың жүрісіндей жеңіл, аяғын дыбысын білдірмей басатын) кісі әңгіме айтып отырып, костюмына жұққан қылқыбырды тазалап, жан-жағына қарап қойып сөйлейтін. Л.П.Малинковский деген өте бір білімді адам еді. Бірнеше жерде – Партия мектебінде, ҚазМУ-да, бізде дәріс оқитын. Кейде бізге шаршап келіп отырғанын байқайтын едік. Қазақ әдебиетімен таныс болды, мақалаларды көп жазды. Қырқыншы жылдардың аяқ кезінен орыс тіліне аударылып, басыла бастаған қазақ романдары жайлы талай мақалалары Алматы, Мәскеудегі қалың журналдарда басылып жүрді. Ақыры космополитизм науқаны кезінде қуғындалып, Алматыдан кетіп қалды. Кейін көп жылдардан соң Смоленскіде кездестік. Полтава пединститутында кафедра басқарады екен. Әдебиет кафедралары меңгерушілерінің бүкілодақтық семинарында мен бірден танып, қасымдағы жолдастарыма (З.Ахметов, Қарағандыдан Жұмабаева, т.б.) айттым да, үзіліс кезінде бәріміз барып амандастық. Қуанып қалды. ҚазМУ-да, ҚазПИ-де сабақ берген кездерін еске алды. М.Н.Ритман-Фетисов, ол кезде осындай тіркес фамилиямен жүретін, ол да қазіргі қазақ әдебиетінің орысша шыққан үлгілерімен таныс болатын. Жамбыл жөнінде орыс тілінде алғашқы монография жазған адам. Қазақстанда ол бұдан басқа да «Первые русские повести на казахские темы», «История казахской публицистики» деген зерттеулер жазып бастырды. Ол да космополитизммен айыпталып, Қазақстаннан Мәскеуге кетті. Онда барған соң Ритман деген қосымшасын алып тастап, Фетисов болып басылып жүрді. «Литературная связь Казахстана с Россией» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады, монография жариялады.

Жалпы институттық пәндерден Ярмұхамедова (педагогика), Қ.Біржанов (педагогика тарихы), Ә.Тұрсынбаев, Б.Аспандияров (логика), Ш.Юсупов (марксизм-ленинизм негіздері), Н.Үшаяқов, Ж.Теміралин, С.Толыбеков (саяси экономия), Ү.Балқашев, Н.Әбішев (философия), т.б. лекция оқыды. Белгілі тарихшы Әбді Тұрсынбаев бізге «логика» курсын оқуды бастаған еді. 1948 жылдан басталған Қазақстан тарихына байланысты айтыс-тартыстарда біздің директорымыз С.Толыбековпен келісе алмай, дәрісін үзіп, тастап кетті. Содан кейін Б.Аспандияров деген тарихшы оқыды. Бұл да қудалау астында көп болған, сол кезде де сыннан босамаған адам болатын. Жер қорқақ, жасқаншақ болып қалғаны әрбір сөйлеген сөзін өлшеп-пішіп, сақтанып айтатынынан байқалатын.

Осындай қорқақ адамның бірі Үміт Балқашев болатын. Философияның «тарихи материализм» бөлігін оқыған ол тек қана философиялық категорияларға сүйеніп, жаттанды терминдермен сөйлейтін. Ойын еркін түсіндіруге бармайтын. Егер өзіңше түсінгеніңді айта бастасаң, «Ғылымның қалыптасқан терминдік ұғымдары бар, одан шықсаң қателесіп кетесің» деп қайырып алып келетін. Заман көп адамды қалтыратып ұстады ғой.

Бізге капитализм экономикасын оқыған Н.Үшаяқов деген кісі жауапты партия жұмысынан ауысып келді. Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы болып істепті. Дәріскерлік шеберлігі де, білімі де терең, екі тілге бірдей жүйрік адамның бар кінәсі – арақ құмарлығы еді. Партиялық жұмыстан да сол үшін босаған. ҚазМУ-да, ҚазПИ-де, партия мектебінде – бәрінде қатар дәріс оқыды. Сонымен бірге партия тарихы институтында марксизм-ленинизм классиктерін аударуға қатысты. Жұрт екі аяқты адам дәрісті бұлай оқи алмайды, үш аяқ болған соң сондай болған деп аңыз қылатын. Егер мас болмай, аздап ішіп келсе, көңілденіп дәрісті тіпті әдемі оқитын. Марксті, «Капиталды» жақсы білетіні, оның ұзын-ұзын үзінділерін жатқа айтқаны тыңдаушыларын риза ететін. Бірақ көп кешікпей барлық жерден де жұмыстан босап қалды. Никольск базарында халыққа қарап: «Вы находитесь на рынке, а что такой рынок, не знаете?», – деп рынок тақырыбына дәріс оқығанын талай ел көрген. Біздің жатақхананың алдында ағашқа сүйеніп сөйлеп тұрғанын көрген Қайнекей Жармағанбетов бізге хабарлап, бәріміз үйіне апарып салғанымыз есімде (ҚазПИ-дың қасында, бұрынғы көпшілік кітапханасының қорасында тұрады екен). Мас адамды алакөзімен атып, сызданып қарсы алған әйеліне риза болмай кеттік.

Үшаяқов кеткен соң, қыс ортасында оның дәрісін жалғастыруға Жақсыбек Теміралин деген кісі келді. КазПИ-дің алғашқы түлектерінің бірі екен. Сол кезде Қыздар институтында директордың орынбасары болып істеді. Күліп тұратын, мінезді, жайдары адам еді. Бірақ дәрісті сылбыр, түсініксіздеу оқитын, сөзінің логикалық жүйесі әлсіздеу болатын. Сөйлемінің аяғында етістік болмайтын. Сөзінің бәрін «не етіп, не қылып» деп бітіретін. Үшаяқовтан кейін аудитория оны қабылдай қоймады. Дәріс үстінде бір бала сөзін бөліп: «Ағай, сізді бұл институттан көрген жоқ едік. Бір жақтан келдіңіз бе?», – деп сұрады.

– Мен Қыздар институтында не қылушы едім, сендерге не етейін деп келдім, – деді Жақаң.

Жұрт ду күлді. Өзі де қоса күлді. Кейін Жақаңмен мен талай кездестім. Бірге демалған кездеріміз де болды. Көпті көрген, әңгімешіл, қазақы адам еді.

Социализм экономикасын бізге С.Толыбеков оқыды. Әрі орысша оқыды. Ылғи басшы қызметте жүріп, ресми тілде сөйлеуге үйренген адам саяси экономиканың терминдерін қазақшалауға мойынұсына қоймаған болар (Бірақ Үшаяқов қазақша оқыды ғой). Қазақша лекция дайындауға уақыты да жоқ шығар деп ұқтық. Ол кезде Толыбеков директор болатын. Қызуқанды адам ғой, дәрісті жақсы оқыды. Арасында қазақша әңгіме айтып қойып, қарқылдап күліп алатын, әйтпесе жалпы түсі суық адам еді.

С.Толыбеков ҚазПИ-ге үш рет директор болып келіп, жалпы саны 20 жылдай істеді.Соңғы келгенінде (1963) мен ҚазПИ-де қызмет істейтінмін. Он жылдан астам бірге еңбек еттік. Оның тұсында мен докторлық диссертация қорғадым. Филология факультетіне декан болдым. Қажым өлген соң кафедраға меңгеруші боп сайландым. Көп жыл парткомда мүше болдым. Осының бәрінде С.Толыбеков қолдауын сезіндім. Өз ісіне берік, табиғаты адал, шындықты бетке айтатын, жағыну, жағымпаздану, көлгірсу сияқты қылықты мейлінше жек көретін және ондайларға шыдай алмай шарт сынатын мінезі бар-ды. Өзім деген, сенген адамына адал көңілмен қарайтын. Қазақтың халық әдебиетін, ел әңгімелерін көп білетін, шешен кісі болды. 1974 жылы зейнетке шыққанда дәріс оқыған ұстазым екенін айтып, өзімде сақталған сынақ кітапшамдағы өз қолымен қойған «отлично» деген баға мен қолын көрсеткенім бар. Риза болып бетімнен сүйді. Өмірге құштар, белсенді, еңбекқор адам әлі де қартайып тұрған жоқ еді, машина қағып, мезгілсіз арамыздан кетті.

Тілші Сәрсен Аманжолов пен Ахмеди Ысқақовты, әдебиетші Темірғали Нұртазинді, тілші-әдіскер Шамғали Сарыбаевты терең білімді, бізге бергені, үйреткені көп ұстаздар есебінде ерекше бағалаймын.

С.Аманжолов бізге екінші жылы «Қазақ тілінің тарихы және диалектологиясы» деген курс оқыды. Бұл – оның соның алдында ғана қорғап келген (1948) докторлық диссертациясының материалдары негізінде дайындалған курс болатын. Әрі бұл тақырыптағы тұңғыш еңбек. Сондықтан мен оны толық конспектілеп алдым. Баяу, сылбыр сөйлейтін, бірақ мазмұнды, ойлы дәрісімен Сәрсекең үлкен ғалым ретінде есімде қалды. Оның дәрісінің мен жасаған конспектісі кейін көп адамның пайдасына жарады. Оны студенттер ғана емес, аспиранттар, ізденушілер сұрап пайдаланды. Кейін Әмеди Оралдан келген бір аспирантты ертіп келіп, кандидаттық минимум тапсырған соң әкеп береді деп сұрап алды да, сол жігіт сіңіріп кетті. Сәрсекеңнің еңбегі толық күйінде өзі өлгеннен кейін (1959) басылып шықты. Бұрыннан мектеп оқулықтарынан атын білетін, институтқа келгеннен кейін «Қазақ тілінің ғылыми синтаксисі» кітабын оқыған маған Сәрсекең қазақ тіл білімінің үлкен еңбекқор қайраткері болып көрінетін еді. Мен оның басшылығымен курстық жұмыстар жаздым. Тіл мәселелері жөнінде жазған мақалаларымды көрсетіп алып жүрдім. Ондай жағдайларда көбінесе үйіне шақыратын. ҚазПИ-дің қорасында ескі екі қабат үйдің жоғарғы қабатындағы үш бөлмелі пәтерде тұрды. Мінезі жұмсақ, үнемі күліп тұратын кісі еді. Мен тілші ғалымдардың сол тұстағы айтыс-тартыстарын да тыңдаған адаммын. Сонда басқалары ашуланып, қатты сөйлеп, айғайлап жатқанда, Сәрсекең күліп тұрып жауап беретін. Мен оны ашулана білмейтін адам көретінмін. Сөйтсем, іштей күйініп, күйіп жүреді екен ғой. 1958 жылы кенет жүрек талмасынан жүріп кетті.

Ахмеди Ысқақов «Қазақ тілінің морфологиясы» деген курс оқу үшін бізге үшінші курста келді. Бірақ онымен одан бұрын таныстым. Бір күні Әмеди Хасенов Ақаң жөнінде айтып, сол кісі морфологиядан докторлық диссертация жазуды жоспарлап жүр. Соған қазақ жазушылары шығармаларынан мысалдар теріп беретін адам іздеп отыр. Басқа да көмекшілері бар сияқты. Мен оған сені ұсындым. Еңбекақыңды төлейді деді. «Қарсы болмаса, ертіп кел», – депті. Мен келісіп, Ақаң үйіне бардық. ҚазПИ-дің қасында Дәулет Әлімжанов, Қайнекей Жармағанбетов – бәрі бір үйде тұрады екен. Біз түскі тамағының үстінен түстік. Жатырқамай, үстелге шақырып, шай ішіп отырып әңгімелестік. Мен ақы дәметпейтінімді айтып, жұмысына көмектесуге уәде бердім. Бір жылдай сол уәдемді орындап, Ақаңа бірталай материал жинап бердім. Кейін сол еңбегі жарық көргенде, Ақаң жұмысын жазуға көмектескен адамдар ішінде менің де атымды атапты. Ақаң дәрісі де тың зерттеуден тұратын еді. Ол жазып жүрген докторлық еңбегінің негізінде оқыды. Сондықтан онда ескі сүрлеу емес, морфологияға деген жаңа көзқарас, тұжырым молтын. Осыны ескеріп, мен бұл дәрісті де толық жаздым. Сол дәптерімді Ақаң 80-ге келген жиналыста сөйлеп, өзіне тарту еттім. Ақаңмен де ағалы-інілі болып, сыйласып өттік.

Мінезі қызық, тәлімді ұстаздың бірі Шамғали Сарыбаев болатын. Ол кісі «Қазақ тілін оқыту әдістемесін» жүргізді. Шынында да үлкен әдіскер ұстаз еді. Материалды түсіндіру, оны есте сақтау жолдарын салыстырмалы әдістермен ұқтыратын. Сол кезде Қытай революциясы болып, Мао-цзе-дуннің аты шыға бастаған. Оның атын ұмыта беретін Шәкең «май тізеден» деген сөз арқылы ғана сақтауға болады деп үйреткен. Жиі тапсырмалар беріп, рефераттар жаздыратын. Жазғанының қателерін қызыл қарындашпен белгілеп, өзіңе көрсетіп, оны дұрыс жазудың жолын ерінбей түсіндіретін. Егер бір сөздің жазылуына күдігің болып, жазып қойғаныңды үстінен жөндесең, бәрібір оны қатеге санайтын. «Оның қалай жазылуын білмейсің, білсең басында дұрыс жазбайсың ба?» – дейтін. Кейбір жаттап алғыш студенттердің ережені жаттағанмен, оның негізін нашар түсінетінін тез ұстап алатын. Емтихан кезінде артқы партаға отырып алып, конспект ақтарып отырған бір қызға: «Қарай бер, көшіріп алсаң да, білмейтініңді бәрібір тауып алам», – деп көзілдірігінің үстінен қарағаны есімде. Жақсы оқитын балаларды іш тартып, маңына ұстауға тырысатын. Кейін институтта біріміз мұғалім, біріміз аспирант болып қалған бір тобымыздың бас қосуымызға қатысқан Шәкең: «Міне, жақсы оқитын, адам болатын балалар бірін-бірі иіскеп табады», – деп мәз болып сөйлегені де бар.

Шәкең ерте қартайды. Жас мөлшері онша үлкен емес сияқты еді, алпысқа жетер-жетпесте жүрісі ауырлап, таяққа сүйеніп, көзі де дұрыс көрмей қалды. Өзі іш тартып жүрген балалардың бірі көзіне түсіп қалса, үйіне апарып сал деп ертіп кететін. Мен де талай рет үйіне апарғам. Әуелде институттың қасында тұрды да, кейін Комсомол мен Талғар көшелерінің бұрышында, трамвай жолының бітетін жеріне таяу үйге көшті. Оған да талай апарып салып, шайын ішкенбіз. Кейде апарып салудан қашып, көзге түспей кетуге тырысатынбыз.

Институт бітіріп, басқа жақта қызмет істеп жүрген кезім болатын. Қасымда 4-5 жасар балам бар, Фурманов көшесімен келе жатыр едім, Шәкең қарсы кездесті. Амандастық.

– Балаң ба? – деді.

– Иә, балам.

Шәкең оң қолын ұсынды. Бала қолын берді. Енді сол қолын ұсынды. Бала да сол қолын берді. Екі қол қиғаштап айқасты. Бұдан кейін Шәкең баланың оң аяғын өзіне таятты да, оны тұмсығынан басып, екінші аяғын да солай етіп қиғаштап айқастырды. Сөйтті де «Көп жаса, азамат бол» деп батасын берді. Мұның не ырым екенін мен түсіне алмадым, сұрау ойыма келмепті. Содан кейін Шәкеңді көре алмадым. О кісі қайтыс болғанда мен Алматыда жоқ едім, қайтып келген соң естіп барсам, Шора қағаздарын ақтарып отыр екен. Талай студенттік дәптерлерді тауыпты (оның ішінде менің де дәптерлерім барын көрсетті). Біз оқып жүрген кезде Шәкең жатақхананың ішінде тұрды да, Шора ҚазМУ-да оқығанмен, сабақтан тыс уақытын бізбен бірге өткізетін. Оның ҚазПИ студенттерімен таныстығы, жақындығы сол кезден басталған.

Темірғали Нұртазинді мен сыншы негізінде институттан бұрын білетінмін. Мақалаларын көп оқығам. Әсіресе, соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда ол көп жазды. Бір «Әдебиет және искусство» журналының өзінде Ж.Саин, Қ.Әбіқадыров, Ә.Тәжібаев, Ғ.Сланов, тағы басқа жазушылар шығармалары жайында үлкен-үлкен мақалалары басылды. Әбділда Тәжібаевты символистік шығармалары үшін қатты сынады. Ойлы, білімді, көркем әдебиетті талдауға шебер сыншы есебінде есімде қалған. Сол Темкең ҚазПИ-де істейді екен. Ол бізге үшінші курста «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті», төртінші курста «Әдебиет теориясы» сабақтарын жүргізді. Тағы «Сын тарихынан арнаулы курс» (Сын тарихының негізгі курсын бұрын Л.П.Малинковский оқыған) оқыды. Білімділігі өз алдына, адамды ойлауға үйрететін, көркем шығарманы талдауға және оны түсінуге жетелейтін ерекше қабілеті бар ғалым еді. Оны ол кейін зерттеу еңбектерімен дәлелдеді.

1950 жылдардың бас кезіндегі ұлтшылдықты әшкерелеу науқаны Темкеңді де айналып өтпеді. Бұрын ұсталып, барып келген оның еңбектері сынға ұшырай бастады. 1951 жылы орыс тілінде шыққан «О творчестве Сабита Муканова» деген монографиясы Жазушылар одағында талқыланып, одан ұлтшылдық, саяси қателер ізделді. Оның бұрын «халық жауы» ретінде ұсталғаны бетіне басылды. Алдында ғана Темірғалидан қатты сын естіген Әбділда Тәжібаевтың сол жиналыста: «Біз әдебиетті жаулардың қолына беріп қоймауымыз керек», – деп сөйлегені есімде. Ол ҚазПИ-дегі қызметінен босады. Әдебиет – идеологиялық пән. Оны саяси сенімсіз адамдар оқымауы керек деп шешті. Алайда білімді Темірғали таза жұмыссыз отырып қалған жоқ. Орыс тілі кафедрасына ауысып, институттағы қазақ балаларына орыс тілін үйретті. 1954 жылы Жазушылар одағының П.К.Пономаренко қатысқан бір пленумында Қазақстандағы адамды жазықсыз қудалап, жұмыссыз қалдыру зардаптары жайлы Темекең ащы бір сөз сөйледі. Сонда ол: «Қазақ, орыс тілдерін жетік білетінім өз алдына, мен ағылшынша, немісше, түрікше, парсыша, тағы басқа тілдерді білем», – деп 6-7 тілді атады. Пономаренко да жалт қарады, бәріміз де көңіл аудардық.

Үшінші, төртінші курстарда кеңес әдебиетінен бізге Қайнекей Жармағанбетов сабақ бере бастады. Менің сыншылық қабілетімнің қалыптасуына, кейін ғылымға келіп, әдебиет зерттеушісі болуыма осы ұстазымның еңбегі көп сіңген еді. Менің әдебиет құмарлығым, кітапты көп оқып, соған сын көзімен қарауға тырысушылығым, екінші курстан бастап мақалаларым баспасөзде жариялана бастағаны бұрын жазылған естеліктерде (М.Иманжанов, Қ.Жармағанбетов, Б.Соқпақбаев туралы естеліктерді қараңыз) жазылған. Жас адамның ақыл-кеңес сұрар, жазғанын көрсетіп алар ұстазы болғанға не жетсін! Қайнекей маған осындай ұстаз болды. Мен бірдеңе жазсам, Қайнекейге көрсететін едім. Ол: «Кешке үйге кел», – дейтін. Үйі ҚазПИ-дің жатақханасының қасында (қазіргі Қонаев пен Қазыбек би көшелерінің қиылысында, жатақхананың бұрышында ескі еңселі үй әлі де тұр). Екі бөлмелі кең үйдің қора жағынан жалғастырып бір шағын бөлме қылып салған кабинеті бар. Мен соған кіріп, жазғанымды оқимын. Ол ерінбей тыңдап, ақылын айтады. Мен жөндеп баспаға ұсынамын. Сол жылдары ол Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы әрі «Әдебиет және искусство» журналының редакторы. Мақалаларымды кейде алып кетіп журналына бастырады. Кейде: «Сейтжанға апарып бер», – дейді. Сейтжан Омаров – редакцияның жауапты хатшысы, елгезек, бастықтың айтқанын екі етпейтін және жастарға ықыласпен қарайтын адам. Қайнекей арқылы мен Жазушылар одағына кірдім. Онда талай баяндамалар жасадым. Ол жайында Әбу Сәрсенбаев жайлы естеліктерде айтылған. Ұстаздарыма қарыздармын.

1950 жылы төртінші курста оқып жүріп үйлендім. Әлиямен 1948 жылы танысқам. Өзіміздің елдің қызы. Жаңарқа ауданының оңтүстік батыс бетінде ертеде Батыс Қазақстаннан бөлініп кеткен кіші жүз рулары (Алшын, Жағалбайлы, Тама) тұрады. Олар К.Маркс және Жеңіс совхоздарына (әуелде колхоз болған) біріккен. 1929 жылы қазіргі «Жеңіс» шаруашылығы тұрған Түгіскен деген жерде Сарысу ауданы болып құрылыпты. Жазда Арқаны жайлап, қыста Бетпақдалаға кететін көшпелі ел отырықшылыққа көнбей, ауданды киіз үйде ұйымдастырған. Содан 1932 жылы аштық кезінде бір түнде бүкіл ауданымен көшіп кеткен. Қазіргі Жамбыл облысындағы Сарысу ауданы солай келген. Азын-аулақ бөлегі Созақ жаққа бұрылып, Шолаққорғанда қалып қойған. Қазір осы екі ауданда да Әлияның туыстары бар. Әлияның үлкен әкесі Қойшыбай елге беделді, ауызы дуалы болған екен. Бірге туысқан інісі Торжан болыс болыпты. «Қойшыбай–Торжан» атанған. Туған ағасы Сәрсен Бейсенов (Бейсен Қойшыбайдан туады) жас кезінде Сәкенмен бірге Ақмолада оқыған. «Жас қазақ» ұйымына қатысқан. Сәкеннің «Бақыт жолында» пьесасын ойнаушылардың бірі. Ол жөнінде «Тар жол, тайғақ кешуде» бар. Бұрынғы болыс, би болған тұқымдарды қудалаудың болатынын ерте сезіп, Сәрсен әке-шешесін көшіріп алып кеткен. Әуелгі жылдары елден шығып, бірақ тым алысқа кете алмай, Кеңгір өзенінің Сарысуға құятын жерінде («Құйылыс» деп аталады) қыстау салып, біраз жыл тұрыпты. «Бейсен қыстауы» деген мекен атауы көп жылдарға шейін сақталыпты. Жас кезінде өлең шығарып ел аралап жүрген Иманжан ақын (Мұқан Иманжановтың әкесі) сол ауылға келіп, ойын-сауыққа қатысқан. Кейін Мұқанмен араласып жүргенде апам (Әлияның шешесі) марқұм екеуі бірін-бірі танып, жас кездерін естеріне түсіргені бар. Содан соң Сәрсен әке-шешесін Шолаққорғанға орналастырып, өзі қашқылықты-қуғылықты болып Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Талдықорған жақтарын түгел кезген. Соның арқасында қуғындаудан да, 1937 жылдың лаңынан да аман қалған. 1937 жылы Қызылордада ұстауға кісі келетінін біліп, түн ішінде қашып кетіпті. Соғыс кезінде әскерге кеткен. Соғыстан соң Талдықорғанда тұрып қайтыс болды. Үлкен ұлы Бәрімбек Әлиямен бірге әжесінің қолында тәрбиеленген. Ол да әскерге барып, қайтып келген соң, Заң институтын бітіріп, тергеу орындарында қызмет істеді. Кейін аспирантураға түсіп, кандидаттық қорғап, Қазақ университетінде проректор, Ішкі істер министрлігінің Қарағандыдағы жоғарғы мектебінде бастық болды. Сол мектепті ұйымдастырып, 16 жыл басқарды, генерал-майор шенінде зейнетке шықты. Қазір Қарағанды заң университетіне айналған мектеп генерал Бәрімбек Бейсеновтің атында.

Екінші ағасы (Сәрсеннен кіші) Сейілбек – Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын алғаш бітірушілердің бірі. Ә.Сембаев, С.Толыбековтермен бірге оқыған. Институттан кейін Семейге қызметке жіберіліп, сондағы коммунистік жоғарғы оқу орнында (Комвуз) директор болып тұрып, 1937 жылы ұсталған. 5-6 жылдай отырып келген. Көп жыл Қызылордада тұрып, сондағы пединститутта сабақ берді. Өмірінің соңғы шағында Алматыға ауысып, осында қайтыс болды.

Екі ағасынан кейінгі апасы Дәмеш те ҚазПИ-ді бітірген. Соғыс кезінде партия қызметінде Талдықорған, Алматы облыстарында істеп, партияның жолдамасымен сауда қызметіне ауысқан. Көп жыл Сауда министрінің орынбасары болып істеді. Соғыс кезінде құрылған Талдықорған облысына әскердегі Сәрсеннің отбасын алып барған да Дәмеш. Сәрсен әскерден келген соң бала-шағасын қолына тапсырып, Шолаққорғаннан шешесі мен сіңілісін (әкесі сол жақта өлген) көшіріп алған. Апам да ел адамдарын көп білетін, қонақжай, көпшіл адам еді. Жаңарқадан келгендер соны пайдаланып, бұл үйге көп келген. Ақмағамбет пен біздің әкей де 1947 жылы келгенде осы үйде қона жатыпты.

Жаңарқадан келіп оқуға түскен біздің аталас туысымыз Бәдер деген қыз туған күнін осы үйде ұйымдастырды. Сол арқылы осы үйге мен де бірінші рет бас сұқтым. Дәмеш күндіз-түні қызметте. Ол кезде түнгі қызмет бар ғой. Апам жастардың сауығына араласпай, екінші бөлмеде жатты. Осы кеште мен Әлияны тұңғыш көрдім. 12 мектептің тоғызыншы класында оқиды екен. Бір көргеннен-ақ ішіме шоқ түсіп, кейін мектептен қайтатын кезде жолын тосып, киноға шақырып, біртіндеп бой үйрете бастадым. Айырылыса алмай, түннің бір уағына шейін қыдыратынбыз. Театр, киноға барамыз. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл» демекші, іштей түсінісіп, дос болып жүрдік. Екі жылдан астам сыпайылықтың шегінен аспай, сыйластық. Бір жылдан кейін отбасы жағдайымен бе, әлде денсаулығын сылтау етті ме, білмеймін, Қызылордадағы ағасына кетіп, сондағы педучилищені бітірді. Екеуміздің бір-бірімізге үйренісіп қалғанымызды айрылысқан кезде байқадық. Оған жазысқан хаттарымыз куә. Телефонмен де жиі сөйлесетінбіз. 1950 жылдың жаңа жыл қарсаңында ол Алматыға келді. Кездестік. Жаңа жылды студенттік достарымның ортасында бірге қарсы алдық. Шығарып салғанда бұрынғы әдептің бәрін аттап, бірінші рет құшақтап сүйдім.

Жазда оқуын бітіріп келіп, ол медициналық институтқа түсті. Бірақ онда көп оқи алмады. Өлі денелердің анатомиясын зерттеу үстінде шошынып, ауырып қалды. Дәрігерлер бір жылдық академиялық демалыс алуға кеңес берді. Бір жыл бойы бос жүрем бе деп болмай, ҚазПИ-дің география факультетіне ауысты. Енді жиі көрісіп тұратын болдық. Ақыры құмар көңіл біртіндеп үгіттеп, бірінші курстың студентін, уыздай 18 жастағы қызды үйленуге көндірді.

Уәделескеннен кейін ол ендігі жұмысты ағасымен таныстырудан бастады. Уәделі жерге Бәрімбекті ертіп келді. Ол да өзімдей студент екен. Заң институтында. Үшеуміз «Алатау» мейрамханасына (Горький Красин көшелерінің қиылысында) бардық. Тамақ ішіп отырып, әңгімелестік, таныстық. Бәрімбек әкесіне (Сәрсенге) айтпақ болды. Әлия әкесі өлген соң осы кісінің қолында тәрбиеленген. Оны «папа» дейтін. Әрі шешуші сөзді де сол айтады деп шештік. Шынында, Сәрсекең қызының беті бұрылғанын білген соң шешесін де, қарындасын да көндіріп берді. Дегенмен, ер адам сияқты, өз ықтияры болмаса, оны-мұныға көне бермейтін Дәмеш біраз тулап барып басылды. Онымен сөйлесуге мен 2-3 студент жолдастарыммен (Әмеди Хасенов, Мұқаш Сәрсекеев, Нығмет Ғабдуллин) келдім. Елге хабар айтқаным жоқ. Әкей зейнеткер, ұлғайып, жүріс-тұрысы ауырлап қалған. Өзі ауру. Оларды әуре еткім келмеді.

Дәмештің мінезін білетін Бәрімбек Жаролла Сағынтаев пен Фазила Гумарова деген отбасылық достарын дайындапты. Дәмештің соғыстың алдына бірге оқып, тұрмысқа шығамын деп жүрген жігіті болған екен. Ол әскерге алыныпты. Кетерінде апасына (Фазила Гумарова): «Сол қызды тауып ал, маңыңда ұста», – деп кетіпті. Содан Фазила Дәмешті тауып алып, сіңлісіндей қамқор болған. Күйеуі Жаролла – 1944 жылы Талдықорған облыс болып құрылғанда, облыстық атқару комитетінің төрағасы болған адам. Дәмеш обкомда істеп, Талдықорғанда бәрі бірге тұрған. Әбден кірісіп, сыйласып кеткен адамдар. Алайда, дәм үстінде Дәмеш не «олай» деп, не «бұлай» деп ештеңе айтпай, кешкі жұмысқа кетті де қалды. Біз бәріміз ол қайтқанша, түнгі үшке дейін тостық. Ол келгеннен кейін Жаролла марқұм қаһарына мініп, күштеп, Дәмештің келісімін алып берді. Енді екі жағымыз да тойға дайындалдық.

Үйленетініме көзім жеткен соң мен жаңа ұйымдасқан Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасына қызметке тұрғам. Студенттік соңғы сабақтар мен мемлекеттік емтиханға уақыт қалдыра отырып, баспа ісіне үйрендім. Жаңа ашылған баспа қызметке журналистік қабілеті барларды іріктеп, әртүрлі сынақтан өткізіп жатыр екен. Баспаның директоры Ғалым Ахметов те, бас редакторы Ғали Орманов та менің мақалаларыммен таныс адамдар болып шықты. «Айналайын, Серікжан, сені білеміз ғой, қаламың жүйрік баласың» деп Ғали ағам мені бірден қызметке алды. Мен проза редакциясына редактор болып жұмысқа кірістім. Аударуға бір кітап алып (В.Кавериннің «Ерлік мектебі» деген жинағы), оған алдын ала төлейтін қаламақы алуға келістім. Жиған-тергенім бар, күнделікті шәкіртақым да әжептәуір, азын-аулақ қаражаттың басын құрадым. Қалғанын қарыз алдым. Ол кезде бүгінгідей мейрамханалатып тойлау дәстүрі жоқ, Дәмеш өз үйіне жора-жолдастарын шақырды, біз баяғы төртеуміз (Әмеди, Нығымет, Мұқаш, мен) келдік. Ертеңіне 15-линияда 15-үйде, мен алдын ала жалдап алып қойған пәтерде тойладық. Ыдыс-аяқ, киім-кешек, төсек-орын дегендерді жатақханадан алдық. Карпенко деген комендантымыз болушы еді, бір жарты әперіп қойып, айтқанымызға көндіре беретінбіз.

Той болған жерде артық-кем ішіс болады. Біреулер ерте кетеді. Келісіп, ақшасын төлеп, 2-3 таксиді байлап қойдық. Кейін қарыздарымды төлеп жүргенде, апам марқұм: «Осы балам ақылды, қарызданып қатын ал, қатының қалар жаныңда деген», – деп күлетін. Сөйтіп, 1950 жылдың 15 қазанында біздің некелік өміріміз басталды.

Сәрсекең біздің әкейді біледі екен. Жас кездерінде бір елде қатар өскен құрбылар ғой. Ол бір жағынан. Екінші жағынан, Әлияны әкесінің кенжесі деп сыйлап, өзі тәрбиелеп өсіргені тағы бар, бізге қамқор болды. Тектілік деген жақсы ғой. Бірін-бірі түсініп сыйласа білу де – сол тектіліктің белгісі. Бір жолы Сәрсекең Талдықорғаннан келіп, біздің үйде қонып жатыр еді, екі қарт адам есік қағып, менің атымды атап, кіріп келді. Таныдым. Жоғарыда айтқан, Жайма байдың тәркіленген балалары, немерелері Ақтөбе жағына жер ауып, содан тіршілік тауқыметімен сырғып, Фрунзеге келіп қоныстанғанын естігем. Студент кезімде Мүкейдің Құсайынын (Жаймадан Мүкей, Әубәкір, Қасым, Рақымжан туады) елге барып жүрген жерінен көргем. Біздің үйде болған. Сол, қасында Әубәкірдің Хамзе деген баласы бар – екеуі Алматыға келіп, содан мені іздеп соғыпты. Үстел басына отыра бергені сол еді, Хамзе төрде отырған Сәрсекеңе үңіле бір қарады да:

– Апыр-ай, сен Сәрсен емессің бе? Бар екенсің ғой, мен сені жоқ шығар деп ойлаушы ем. «Өрттен де бір түп ши аман қалады» деуші еді, – деп бас салып құшақтасып көрісті. Бұлар да солай жас кезінде бірге өскен ғой. Заман айырып жіберген. 30 жылдан асқанда бірін-бірі танып жатқаны. Үшеуі қатар төсек салдырып, түнімен әңгіме соқты.

Біз линиядағы жалдап алған бөлмеде үш айдай тұрдық. Сол тұста Дәмеш күйеуге шығып, күйеуімен бірге басқа үйге көшті. Апамның қолына біз келіп кірдік. Біздің 7 жыл тұрған, үш баламыздың, өзіміздің құтты мекеніміз болған үйіміз К.Маркс көшесіндегі 63 үй (кейін қайта нөмерлеп 75 үй болған) кейін Арасан моншасының астында қалды. Апам сол кезде алпыстың шамасында екен, бірақ қуатты. Үйге, негізінен, өзі ие болды. Жарықтық, бір өзгеше адам еді. Бізбен 36 жыл бірге тұрып, 1986 жылы 96 жасында қайтыс болды. Соңғы бірер ай ғана төсек тартып қалғаны болмаса, көп салмағын салған жоқ. Арманы да сол еді. Әлияға: «Саған бейнет болмасам, жарар еді», – деп отыратын. Сол ұзақ жылдарда өз анамдай болып кетті. Қамқорым болды. Әлиядан бұрын аузына мені алып отыратын. Араласып тұратын көрші кемпірлер бірде: «Балаң ба?» десе, – «иә», – депті. Екінші біреуі: «Әлия келінің екен ғой», – депті. Соны естіген Әлия: «Сен немене мені келінім дейсің, қызың болуға тақияңа тар келіп отырмын ба?» – деп дауласатын. Үндемей қоя салатын. 36 жыл бірге тұрғанда әйел болып ренжіген, сөйлеген, шаңқылдап даусы шыққан кезін естіген де, көрген де емеспін. Бірдеңеге ренжісе, көзін жыпылықтатып, шайын ыстық-ыстық ұрттап отыратын. «Мына кісінің көзі жыпылықтап қалыпты. Біреу бірдеңе деді ме?», – деп сұраймын. Ешкім мойындамайды. «Осы кісі ренжітетін кісі емес. Біздің тілеуқорымыз ғой, ешкім сөйлемесін», – деймін тағы да. Сөйтіп, күттік. Тәубешіл, тағдырына риза адам бойында үлкен бәйбішелік мінез басым болатын. Бізбен араласқан елдің бәрінің ол кісіге деген құрметі де бөлек еді. Өзі де көпке ана бола білді. Сәлем бергендерді бетінен, қолынан сүйіп, елгезек қабылдайтын. Көпті көрген, елге дәм берген адам ғой, Әлияны да дастархан дайындауға үйретті. Өмір бойы етті туратып бергізген емес, жас кезінде Арқада үйренген әдеті бойынша етті мүше-мүшесімен тұтастай үлкен табақпен тартатын. Осы дәстүр біздің үйде сақталып қалды. Дүкеннің етін жемейтін, мүмкіндігінше базардан болса да, тұтас алып, өзі бұзып жайғайтын. Әлияны ет бұзуға, қазы айналдыруға, ішек-қарын тазалауға үйретті. Сол кісінің ыңғайымен қыста соғым союды да ерте әдетке айналдырдық. Бізге тамаққа ие боп, үй күзетіп отырғанының өзі қуат еді, қайтқанда жетімсіреп қалдық. Үйдің қалған шаруасы Әлияның өз мойнына ілінді. Ол да бір үйдің кенже, ерке қызы болғанмен, қайратты, өмірге құштар, өз тіршілігін өзі жасауға епті адам боп шықты. Оқуынан да қалған жоқ, география мамандығын үйренетін студенттердің әрқилы тәжірибелік жұмыстарын атқаруға да үлгерді. Өте жақсы оқыды. Оқуынан келе сала, киімін ауыстырып жіберіп, үй шаруасына араласады. Біреу келіп көмектеседі деп тұрмайды, қажет болса үй де ағартады, кілем-төсеніштерін де қағады. Оларды біртіндеп жаңартуды да мойнына өзі алады. 1951 жылдың желтоқсанында үлкен ұлымыз Нұр туды. Оны да бағуға уақыт табады.

1951 жылы мен институт бітірдім. Әлия бірінші курсты аяқтады. Екеуміз елге бардық. Әкей Сарысудың жағасында киіз үйде отыр екен. Біздің барғанымызға, менің үйленіп, оның ішінде Әлияны алып келгеніме қатты қуанды. Сезімін сыртқа шығара бермейтін адам еді, соған қарамастан келген-кеткен қонақпен әңгімесінде, жалпы көңіл күйінде бір көтеріңкі сезімде болғанын байқадым. 1947 жылы барғанда үйлерінде болған. Әлия екі шалды опера театрына ертіп барыпты. Бірақ өзі шалдардан бөлек отырып, спектакль біткенде қастарына барып, үйге алып қайтыпты. Сонда қызығып кеткен әдемі, сүйкімді қыз бүгін келіні болып, үйіне түскені әкемнің көңіл күйін көтеріп жібергендей еді. Оның үстіне Әлияның ата тегін біледі, құданың белгілі тұқымнан болғаны да қазақ үшін мақтаныш қой.

Біз келген соң келімді-кетімді кісі көп болды. Смайылдың баласы келіншек әкеліпті деп даурығып келетін қазақтар да аз емес. Сондай жиынның бірінде бір ақсақал (кім екені есімде жоқ):

– Смайыл, құдаң кім? – деп сұрады.

– Қойшыбай-Торжан, – деді қысқа ғана әкей. Даусынан мақтаныш сезілді.

Қойшыбай–Торжан аты о жақта қосымша түсінік беруді қажет етпейді.

– Ой, есіктегі басың төрге шыққан екен ғой, – деді ақсақал.

Біздің аталарымыз кедейден шыққан. Бірақ кісі есігінде жүрмей, өз шаруаларын өзі күйіттеген. Әкелерім кеңес заманында ауыл, аудан көлемінде қызметтер атқарды. Шалдың тегің кедей еді, енді атақты тұқымнан қыз алдың деп нұсқап отырғаны айтпаса да түсінікті еді. Әкем үндемеді.

Біз алдымен ауданға түскенбіз. Бәкен апамыз кіші қызы Ұлбикенің қолында, Мейіржан деген күйеуі бар – ауданда тұратын. Солар бізді қарсы алған. Апатайым да Әлияны бетінен сүйіп, кетерінде үйіңе барғанда басыңа орамал салып бар, атаң бар, үлкен әжең бар деп үйретіп жіберген. Әлия сол кісінің айтуымен үйге түскенде басына орамал байлаған. Ақкем өз қолымен орамалын алып тастады да, «Орамалың не, қарағым-ау, осы үйдің қыздары қалай жүрсе, солай жүре бер», – деді. Орамал байлап келгенін ұнатып қалған әжем бірдеңе дейін деп еді, оған ұрсып тастады. Кейін Ақкем шығып кеткенде, оңаша әжем марқұм: «Әлия-ау, сырттан келген кісі өсек қып кетеді, олар келгенде орамалыңды байлап отыр, кеткен соң алып тастарсың», – деп сыбырлап қояды. Тұңғыш келіні болған соң Ақкем Әлияны еркелетіп ұстады, онымен тең сөйлесетін, шаруасы, тапсырмасы болса, маған емес, өзіне айтатын.

– Кісі үлкен келінімен тең сөйлеседі. Кейінгі балалармен олай сөйлесе алмайсың, – деп отыратын жарықтық.

Әлия да атасының алдын кесіп өтпей, еңбегін ақтады. Күзде мен аспирантураға түстім. Бірақ аспирантураның жағдайы мен келешегі күмәнді болып қалған кез еді. Қазақстанда ұлтшылдық деген айыппен қуғындау басталған. Қажым Жұмалиевті Қарағандыға жер аударып, сондағы пединститутта сабақ беруге жібергенін мен емтихан тапсыруға келгенде естідім. Кафедраны Мәлік Ғабдуллин басқарып қалыпты. Ол маған «Қазақстанның Ресейге қосылуы тұсындағы әдебиет» деген тақырып ұсынды. Саясаттан туған тақырып екенін түсіндім. Амал жоқ, келісіп, біраз материал да жинадым. Бірақ жаза қойғам жоқ. Сол кезде жинаған материалым әлі бір папка болып, архивімде жатыр. Кейін Мәлікпен келісе отырып, оны мен «Спандияр Көбеевтің әдеби қызметі» атты тақырыпқа айырбастадым. ХХ ғасырдың басындағы ағартушылық әдебиетте елеулі орны бар, алғашқы қазақ прозасын қалыптастырушылардың бірі, педагог-жазушы Спандияр шығармашылығы жайлы бұрын мектеп оқулығындағы кішкене тараудан басқа ештеңе жазылмаған екен. Мәкең ықыласпен келісті.

Аспирантураға түскен соң Қайнекеймен келісіп, баспадан «Әдебиет және искусство» журналына ауыстым. Баспаға қарағанда, журнал жұмысы жеңілдеу және ұжымы да шағын. Өзім қатарлы жастар. Бұл кезде редакцияға жауапты хатшы болып Жаппар Өмірбеков келген. Бөлім меңгерушілері: Аманжол Шәмкенов (поэзия), Айқын Нұрқатов (сын) және мен (проза). Ойнап-күліп бәріміз бірге қызмет істедік. Бұл кезде журнал өміріндегі үлкен жаңалық – Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» (журналда «Қарағанды» болып басылған) романының жарық көруі. Оның мән-жайын мен Ғабит туралы естелігімде жазғам. Оның басылуы журнал үшін абырой болып қалды. Қалғаны ағымдағы материалмен толықтырылатын.

Журналда істей жүріп мен одақпен, баспамен (бұрын істеген) байланыстарымды ұлғайттым, көп ағаларыммен, замандастарыммен таныстым.

1952 жылы Айқын марқұм екеуміз Жазушылар одағына мүшелікке өттік. Сол жылдары жазылған сын мақалаларымызбен танылып қалған бізге ықылас жақсы болды. Қолдаушылардың ішінде Мұхтар Әуезов болғанын бұрынырақ жарық көрген о кісі жөніндегі естелігімде айтқам.

Суреттер автордың кітабынан жәнен ғаламтордан алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар